Жаз ел жайлауда отырған өте бір көңілді кез болады. Бұдан көп жылдары бұрын Арқадан ақын Шөже келіп көп үлгілі жырлар айтып, өзіне жаңа жол көрсеткендей болып, үлкен өзекті жыр, ұтымды сөзді аңсаған Жамбыл үйінде отырғанда, Үйсін Манақ ақын келеді. Бұл — Жамбыл жасы кіші болғанымен, көп кездесіп, әріптес болған ақын.
Жамбылға сәлем бере келіп, Шапыраштының қалың жайлауында айтып жүрген өлеңін айтып отырып, ол жаңалық айтады.
— Баяғы Шөже ақын келетін Көкшетаудан тағы бір ақын келді. Сүйегі біздің Үйсін екен, өзі адам сырттаны, әрі балуан, әрі әншіл, Сары үйсін Қали ауылын да жатыр, — дейді.
Манақ ақынның айтып келген ақыны, әншісі Қараөткелден келген Балуан шолақ болады. Ел аузына сол кездің өзінде-ақ балуанның мықтылығы тарала бастайды. Біреулер жолбарыс соғыпты, біреулер жандаралды өлтіріп қашыпты. Біреулер абақтыны қиратып, көптеген солдатты қиратып кетіпті деген әр түрлі лақап тарап қалған кез болады.
Жамбыл Манақтан балуанның түрін, күшің сұрайды. Манақ: «Мен өзге күшін қайдан білейін, өзім көргенде ондай тұлғасы бар адам көргенім жоқ. Және Сары Үйсін Қалиды екі қолының ұшымен балаша көтергенін көзім көрді», — дейді. Бір ішкенде бір саба іркіт ішетін, арбаға мінгенде жеке аты тарта алмайтын Қалиды балаша көтерді деген мақтау Жамбылға қатты әсер етеді.
Қалидың өзі жасында ірі балуан болған. Үйіне келген кісіні, әсіресе бір кісілік күші бар кісіні көргенде, екі қолының ұшымен қақбақыл тасша біресе ол жағына, біресе бұл жағына қойып ойнатып отыратын. Қалиды олайша көтеру кімнің қолынан келеді. Ол ерекше ердің ғана қолынан келеді. Әрі әнін, ақындығын естіп қызыққан әрі балуандығына қызыққан Жамбыл Балуан шолақты көтеруге атқа мінеді. Жамбылдың қасына әрі сайыскер, әрі балуан Мақыш ақын, Сәдібек ақындар ереді. Топар бойындағы Сары Үйсінге келгенде, Балуан шолаққа кездеседі.
Көптен бері өлеңін де тоқтатып, жатып қалған қарт ақынның ойы тағы елес алғандай болады. Әсіресе Шолақтың Fалияны сағынып айтқан әні мен өлеңі:
«Айым да сен, Ғалия, күнім де сен
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Келмейді деп, Ғалия, қапаланба,
Амал қанша бір минөт кідірмес ем.
Аппақ қардай етіңнен Ғалияжан, бетіңнен», —
дегенді естігенде, Жамбылдың да:
«Айрылдым қапияда, қайран Бұрым,
Айдай eд толықсыған аппақ түрің.
Алдандым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын», —
деп жырлаған, ертедегі қапыда айрылған ғашық жары есіне түседі. «Сірә, осы Балуан шолақтың Ғалиясы қара қатын ғой деймін. «Аппақ қардай тамағың, күлімдейді қабағың», — дейді. Мен Бұрымды Құтырғанның суынан алдыма алып өткенде, ай жарық еді. Аяқ киім су болады деп, кебіс-мәсіні шешіп екеуіміз де балақты түріп алдық. Сонда Бұрымның балтырының ақтығы сондай, айға шағылысып еді», — деп күледі екен. Ел аузындағы сөзден Жамбыл Балуан шолақпен біраз бірге болып, әніне қанып, күшін де көреді. Өз көзімен қырғыз, қазақтың сан батыр балуанын көрген, Кенесарының Сыздығын көрген Жамбылға Балуан шолақ олардан гөрі көбірек ой, ерекше көрнек қалдырады.
Әсіресе Балуан шолақтың өз басынан кешкен әңгімелері ерекше ерлік болып әсер етеді.
«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге — Кенен,
Сегіз айғақ шықпай ма бір денеңнен.
Сандалтып Ұлы жүзді әнімен айдап,
Сонымен де күн көріп жүр Кенен деген», —
деп, Кененді әнге бағыстаған Жамбыл кейіннен Балуан шолақ әнін Кененнен тыңдап, қайта-қайта айтқызатын болады.
Сол кездің өзінде ұлғайып, көп ақынға аға болып қалған Жамбыл. Олар: Үйсін Манақ ақын, Шағатай Шарғын ақын, Шапыраштының Төлеміс руынан Ізбасар ақын, Сары Үйсін Байбурыл ақын, Төлеміс, Жалымбек ақын, Дулат ішінде Қоралас руынан шыққан Қожантай ақын, Ысты руынан шыққан Бегалы, Бектұрсын деген екі ағайынды ақын, Көкірек (Дулат) Қарақбай ақын, Жаныс руынан Сәдібек ақын, Сәмбет руынан Бармақ ақын. Және сол рудан шыққан Құрма ақын. Шапыраштының өз ішінен Арғынбай, Қарабек (осы күнде бар), Байсалмақ Қосай руынан Сүлеймен ақын, Сәмбет руынан Қуандық ақын. Міне, осы ақынның бәрі — Жамбылдан жастары кіші, заманы бір ақындар. Бұлардың қайсы бірімен Жамбыл айтысып та қалған, бірақ олардың көбі сақталмаған.
Жамбыл бұлардың бірсыпырасын ақындық өрісі аз, сөздері өткір емес деп мінеп отырады екен. Жамбылдың өз тұсында өзі қатты елеген ақындары Дулат Сарбас ақын, Сәмбет Қуандық ақын, Тілеуқабыл ішінен шыққан Әрім ақын, Кенен — Қасқарау руынан, Үмбетәлі — Айқым руынан. Өзгелерін ұсақ деп, келетін сөзді нөсерлете жақсы үнмен айтқанды жақсы көрген.
Жамбыл әсіресе ақындарға өз елінің ата-тегін, соның шежіресін біліп, елінің шешен, би, шежіре ақынын жақсылап іліп алуды үлгі етіп айтады екен. Бұл турасында Жамбылдың өзі де сәлем бере келген Үйсіннің бір ақынына өлеңін айтқызып тыңдап, сонан соң ата-тегін сұрайды, әлгі ақын білмей қалғанда, оған ұрсып, сенің атаң жөнінде ел аузында мынадай әңгіме бар деп, өзі ұзақ әңгіме айтты, сонан соң оған: «Бұдан былай осыларды анықтап біліп алмай, өлең айтам деме деп ақын айтты», — дейді білушілер.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі