Өлең, жыр, ақындар

Замана белестер

роман

БІРІНШІ ТАРАУ

I

Ел үйреншікті көш жолын сағалай күзекке келді. Шиі қалың, қыры бетегелі, жусаны тұнып тұрған Қотанбұлақ, Жамбасқұдық, Күзеуқұдықтарына бытырай қонып үйлерін тікті. Елдің ендігі әрекеті қыстың қамы. Азды-көпті болсын иішен шауып, мінер ат, марқа қозы, лаққа деген шөп қорын жасау. Күзекке келіп орнығысымен әкем мені ертіп Дегелең тауының бауырындағы қыстауға жол тартты.

Біз келгенде өлке бойы дуылдаған пішеншілер екен. Біздің үйдің пішендігі «Жалпақ шілік» деген талдың аралы еді. Күндіз тауда пішенде болып, кешкілікте Қарабұлақ бойында отырған жатақ ауылдарға келіп қонамыз. Менің білгім келіп жүргені сонау Сүлейменнің көк құнанын мініп бауырына кеткен Мұқанбетқали хабары.

Біз тауда шабылған пішенді жинап жүргенде Шота кезеңнен асып келе жатқан Тілеу келіп сәлем беріп амандасты. Тілеуден Жаманащыдағы ауылдың жай-жапсарын сұрай отырып әкем Тәтең үйінің жайын да сұрады. «Әлгі Сүлеймен үйіндегі баласы қашып кетіп еді, үйіне аман барып па?» деп айрықша анықтады.

— Ә, Мұқанбетқали ма? Ол осындағы жатаққа келіп, содам қалашыға ілесіп Уақтағы үйіне барған. Естуім Тәтең Мұқанбетқалиды алып ішкі жаққа жылдағы кәсібіне кетіпті. Сүлейменнің құнанын Уақтағы құдасының қолына беріп кетіпті. Шамасы қатынасқан адам болса осы жатаққа жеткіз деген болса керек, — деп Тілеу естіген хабарын айтты.

Жаздай көріспеген ағайын адамдардың сағыныса сөйлесіп, өткен-кеткенді әңгіме ететіні қандай. Әкем тағы біразда Тілеуден:

— Осы Тәтеңнің атының ұрысы кім болды? — деп сол бір ел арасына үлкен сергелдең болған жайды сұрады.

— Исеке, сіз ел арасының сөзіне кіріспейтін кәсіп адамысыз. Мына Кешу атаңның тентегі жалына қол тигізбей тұр ғой. Анада екі жақтың сөзін ұстаған Смайыл би басында соншалық, әділдік айтатын ата баласы болып кіріскен еді. Артынан сөзді сиыр құймышақтатып аяғын жерге тигізбеді. Естуім, сол біз сөз байлап қайтқаннан кейін Смайылды Әбен болыс шақырып алып ұрсыпты. «Сен немене, Тәтем тазға жоқшы болып қиғаштай сөйледің. Жақсыбай ұры болғанда біз кім боламыз. Олар тек Жақсыбайды ұры деп отырған жоқ. Біздің қосты да ұрлық, ұясы деді емес пе. Егер сол Сәрсембай, Қоңқабай айтқан сонау екі жылқы біздің қостағы жылқыға қосылып, онан Тобықтыға өткізілген болса, сонда ұрының үлкені мына біздің қос болады екен. Осыны неге ойламайсың? Тағы да ескертіп қояйын, ана ағаң Исмықтың Көкі Кекібайы қанжығасынан қан аққан ұры. Өткен күздегі аулыңа келген Ырғақты Төлегеннің үш биесін ұрлағаны мойнына қойылып, масқара болғаны есінде ме? Сонда «елге-жұртқа масқара қылма, жең ұшынан жалғастырып жібер» деп мөймілдеген сен емес пе едің» деп күш те көрсетіпті. Сонымен Смайыл мысы құрып көріне алмай қалды ғой. Уәделі мерзімінде барып жөнін сұрағанымызда, Смайыл: «Батыр айғақ шөңгел куәларыңыз жоқ қой. Әлі де қарастырып анықтаңыздар. Ат үстінде тұрып Жақсыбай бір ауыз сөз айтты деп тұра бассалып шариғат ұстау ағайын арасына жараспай тұр. Ана бір-екі жылқы жөнінде де дәлелдеріңіз ұзын құлақхабар. Кім әкелді, қайдан келді, кім әкетті? Дәлелі жоқ қой» деп, сөз бұйдаға салып ұстатпады. Сонымен сөзге қолымыз жетпей қайтқамыз. Тәтең құрымын сүйретіп Уаққа көшіп кеткен, — деп Тәтең жайын баяндап шықты.

— Немене, Тәтең сол Уақ жақта қыстамақ па? — деп әкем Тілеуден тағы Тәтең үйінің жайын сұрады.

— Исеке, өзіңіз білесіз, Тәтен кіді кісі ғой, былтырғы атын сұрап барғандағы тұщы денесіне тиген ащы таяқ етінен өтіп сүйегіне жеткен ғой. Сонан ел ішінде отыруға намыстанып барып отыр ғой.

— Қайтсін, жоқтық отырғыза ма? — деп әкем Тәтеңнің халіне күйіне сөйледі.

Менің ойым Мұқаметқалиды қайда баратынын, қай жерде жүретінін білгім келіп, Тілеу ағайдан ақырындап сұрап қалдым.

— Тілеу аға, Мұқаметқали әкесімен кәсіпке барғанда қай жаққа барады? Қай жермен жүреді? — дедім. Тілеу сөзуар, әзілшіл, ақжарқын адам еді. Мені баласынбады.

— Мына Сапарғалидың сұрауы қызық, құрбысы-ау, Мұқаметқалидың қайда, қай жермен жүргенін білгісі келеді, нем күліп, — Ол әкесімен еріп ана Ертістің ар-жағындағы Белағаш жаққа кетті. Семей барып Ертістен өтіп барады, — деді.

Сонда менің көз алдыма осыдан үш жыл бұрын Хауа тәтемді ұзатып Ертістің аржағына барғаным, Семейде болып пароммен өткенім есіме түсті. Адам бала күнінде өзі ерекше жаңалық деп таңданған көріністі ұмытпайды ғой. Бәрі көз алдыма келді. Менің сол жолғы жүрісім, тұңғыш алыс жолға барып қайтқан қызықты жолаушылығым еді.

II

Ол 1905 жылы болатын. Жалпы есімде қалғаны — ауылда үлкендер әңгімелескенде Жапон мен орыс патшалығы арасында болған соғысты айтып, үрейлі хабарлар сөйлейтін.

Сол жылдың қысында мен араб тіліндегі кішкене кітаптарды оқи бастаған, хат танып сауаттанып қалған кезім еді. Қисса кітаптарды оқып, құмартып жүрдім. Менің өз әкемнің үлкен ағасы Оспан деген кісінің, ол кісіні біз «Үлкен ата» деуші едік, Хауа дейтін жалғыз қызы болатын. Сол Хауа тәтемізге сонау Ертіс өзенінің ар-жағында тұратын әйелі өлген Дауыт деген кісі айттыра келді. Ол құдалықта менің не шаруам бар, маған ауылға қонақ келіп, мәжіліс болса болғаны.

Өзіміздің елде Рақымбек деген аса бір өнерлі жігіт болатын. Сол Рақымбекті Дауыт өзіне басшы етіп ертіп келді. Әрі әнші, сері, мінезі сондай сүйкімді, өзі сондай келісті сұлу Рақымбекті мен сондай жақсы көрем. Ол мені, өзінің ойындарын (асық ойыны, тағы бірнеше ұлт ойындарын) үйретті, өнерге баулыды.

Күйеу алыс жерден келгендіктен ұзақ жатып, күн жылынып, жаз шыға ұзатып алып қайтты. Күйеу біздің ауылда болғанда Рақымбек те бірге болды. Оның аулы біздің ауылдан онша алыс емес еді. Сондықтан ол, бір күн, жарым күн ауылға барып келеді де, өзі бастап келген Дауыттың қасында болады.

Ең алғаш Абайдың атын да, оның «Айттым сәлем Қаламқас» дейтін әнін де мен Рақымбектен естідім. Жоғарыда атаған Хауа тотемнің қол ұстатар ырымын жасағанда жап-жақсы той болды. Осы тойда Рақымбек Абайдың әнін айтқанда үлкендер «қайран Абай-ай, қара жер оны да жұтты-ау» дескені әлі құлағымда. Онда Абайдың қайтыс болғанына бір жыл болыпты. Сол тойда өзіміздің елдің атақты ақыны Кішкіл Қойшыбаев отырған жұртқа арнап заман жәйлі өлең айтты. Мен алғаш рет ойынан өлеңді ауызекі ағыта сайрайтын ақынды көргенім сол, о да маған ерекше жаңалық болды.

Әр алуан қисса оқып, ойым жаңа қанаттанып келе жатқан маған, Рақымбек сияқты асқан әнші, Кішкіл сияқты төкпе ақынды көріп, елмен бірге отырып сүйсіне тыңдағаным ойымда өшпестей терең із қалдырды.

Осындай өз өмірімнің алғашқы тілашары сияқты өнер жаңалықтарын көріп эсер алуымның үстіне, тәтемді ұзатып апаруға іліккенім жаңалықтан жаңалыққа шұйгітті. Біздің ауылдың қонысы Дегелең тауының бауырында, ал, Хауа тәтейді айттырып алған Дауыт жездейдің қонысы Ертіс өзенінің арғы жағында қазақ-орыспен аралас отыратын жерде екен. Оған барғанда Семей шәрі арқылы Ертістен өтіп барады екен. Ол кезде Семей мен біздің ауылдың арасы сондай шалғай алыс жол.

Ауыл адамдары бұл екі араның жүріс-тұрысын әлденеше қонақтық жол деп есептейтін еді. Шақырым есебін ат айдаған кісілер ғана айтатын еді.

Біз екі күн өтіп үшінші күні бір шағын шәрге келдік. Шатырлаған үш-төрт ағаш үй. Айналасында жапырағы желбірей ағаш өсіп тұр. Олардан да маған ерекше тамаша болғаны — сол үйлердің айналасында үй құстары өріп жүр. Әсіресе үй қоймаларына қонып алып шақырған, басында түрлі-түсті айдары, ұзын құйрық құстың дауысы болды. Мен ондай әдемі құсты бұрын көрген жоқпын. Тек қиссалардан тауыс деген тамаша сұлу құстың түрін оқығаным бар-ды. Сол шығар деп ойладым. Біздің атымыздың басын ұстаған Мұқаш деген ағайым қалада болған, аздап орысша тіл білетін, шала-шарпы шәрше киінетін жігіт еді. Мен сонан сұрадым.

— Мұқаш аға, мынау қандай құс? — деп.

— Бұл тауық деген үй құсы. Оның ана шақырып тұрған еркегін қораз дейді. Жұмыртқа табатын, ұя басатындарын мекиен дейді.

— Оның иесі бола ма? — дедім.

— Иесі болмаса, қайдан мұнда жүрсін. Олардың иесі мына үйлерде тұратын орыстар. Олар тауықтың жұмыртқасын алып жейді. Өзін қыста соғым етеді — деп күлді.

— Олар мұнда қайдан келген? Неге бұл жерде үй салып отыр? — дедім.

— Олар, анау аппақ шаңытқан көлді көресің бе, ол түз көлі. Сол тұзды Семейдің байы қалаға тарттырып сатады. Оны осы жердің қазақтары көлігін жалдап тасиды. Мына үйдің орыстары сол тұзды шығарып Семейдегі байдың қорасына жіберіп тұратын адамдары, — деп түсіндіреді.

Мен үшін шатырлы ағаш үй, анау тауық қоразы ғажайып жана дүние болды. Ертелі-кеш жол бойында осы тамаша көз алдымнан кетпей қойды. Біз енді ара қонып Семей шәріне жақындадық. Семейге түстік жер қалғанда, Ертіс өзенінің бойы болса керек, қарауытқан белдеу көрінді. Сол белдеудің бір белесінен аңдаған ақ мұнаралар саңдақтанды. Біз Семейге таяна бергенде күн еңкейіп батысына жақындаған кез еді. Кешкі батар күннің шұғыласы сонау андаған ақ мұнаралардың басына шағылысып әлде не жарқылдап тұрды. Мен ол жарқылдақтың не екенін ажырата алмай, тағы да өзім білімпаз көретін Мұқашқа жармастым.

— Мұқаш аға, ана саңдақтаған ақ мойнақтар немене? Неге оның басындағы бір нәрсе күнге шағылысады? дедім.

— Әлі қалаға жеткенде көресің. Семей қаласында әлденеше мешіт бар, шіркеулер бар. Солардың анау сорайған аспан зәулім мұнаралары. Ал ана күнге шағылысқан басындағы айшықтары мен крестері. Оларды алтыннан жасаған, — дейді, Мұқаш барлық ғажайыптың тілін білетін кісі болып.

Мен енді қалаға жетіп сол ғажайып мешіттерді, шіркеулерді көруге асығып келемін. Әлден уақытта Семей шәрінің «Заречная слабодқа» аталатын бергі қыр жағы бөліміне келдік. Біздің пұл қалада түсетін үйіміз арғы жақта, яғни үлкен Семейде екен. Оған бару үшін Ертістен өту керек екен. Біздің алдымызда үнемі жол бастап жүріп отыратын Дауыт жездей. Оның атқосшы серігі Құлмағамбет орта жастағы, өзі бір қулықшылдау кісі болатын. Сол келіп Ертістің «Қайық аузы» дейтін жеріне тоқтады. Қайық аузы» толып тұрған арбалы, атты кісілер, үнемі арбада ішім пысып келе жатқан еді, әлгі жерге тоқтасымен жүгіріп Құлмағамбеттің қасына келдім.

— Құлеке, мынау қандай үлкен су? Бұдан біз қалай өтеміз? – дедім.

— Мынау Ертіс өзені. Бұған алдымен бірінші келген кісіні тоғытып алады. Қазір сені тоғытамыз. Сол ырымын жасамаса, өзен тасып тулайды, — деп Дауытқа көзін қысып қойды. — Мен алғашында шын көріп қорқыңқырап та қалдым.

— Қой, Құлмағамбет, баланы қорқытпа, — деп Дауыт жездей:

— Анау кісілер мініп бара жатқан үлкен қайықты көрдің бе? Ол үстіндегі кісілерді арғы жаққа өткізеді де, қайтып осында келеді. Соған мініп өтеміз.

— Ат-арбаны қайтеміз? — дедім.

— Ат-арбаны ана кісілер сияқты біз де паромға саламыз, — деді. — Мен паром деген сөзді бірінші рет естідім.

Қойшы, әлден уақытта паром қайтып келді. Ол жақтан да көптеген ат, арба, кісі тиеп алып келді. Сонан бір мезгілде таласа-тармаса паромға ат-арбаны салуға жүргізгенде қырдың қайыққа түсіп көрмеген аттары аяғын баспай дірілдеп тұрып алды. Қайықшы жігіттер жабылып қайыққа (паромға) түсірді-ау. Сонан мен де арбаға мініп алғамын. Жүзіп отырған арғы қабаққа келдік. Қайықтан шыққанда алдымызда зәулім ақ үй, оның төбесінде аспан бойлаған бірнеше мұнара. Мұнараның басында, бағанағы күнге шағылысқан алтын айшықтар тұр. Олар біреу емес, әлденешеу екен. Бірінен-бірі өтеді.

Міне, мен Ертістен де құстай ұшып қайықпен өттім. Сонан бір көк шатырлы үйге келдік. Ол Дауыт жездейдің танысының үйі екен. Маған көк бояумен боялған қақпасынан бастап, ашпалы терезесіне дейін бір тамаша дүние болды.

Ертеңіне енді Ертістің арғы қабағына жағалай жездейдің ауылына тарттық. Семей қаласының күнбатыс жақ шетінен шыға бере тоғайлы алқаппен жолға түсіп жүре бергеннен-ақ арбаның доңғалағы құмға күпшегіне дейін кіріп, аттар әрең-әрең арбаны жылжытады. Сол ауырлықтың бәрі менен болып тұрғандай-ақ, арбадан түсе қалып жаяу еремін. Құм аяғымды күйдіріп қыздырады.

Менің олай арбадан түсе қалып жаяулауымның бір себебі де болды. Біз Семейден біраз шығып осы құм жолға жеткенде, үстеріне жеңдері ұзын қара көйлек киген, бастарына ақ тұмылдырық киген, мойындарында асып алған қоржындары, оған байланыстырған су құйған шишалары бар адамдар кездесіп отырды. Олардың бір тобы қарсы жолығады, ал бір тобы, бізбен қатарласа жаяу шұбырады. Осыларды әуестеп те жүргім келеді. Мен бір әредікте Мұқаштан жаяу шұбырған адамдардың кім екендерін сұрадым, ол да жөнді білмейді екен. Дауыт жездейден сұрады. Дауыт жездей күліп:

— Бұлар орыстардың сопылары. Үстіне қара көйлек киген, басында ақ тұмылдырығы барлары әйел монахтары. Бұлар мына алдымызда «Әулие бұлақ» деген бір бастау бар. Соған түнеп, содан су алып қайтады. Ол жерде өздерінің ерте кезде өлген бір әулиесінің зираты бар, — деп бізге бәрінің мекенжайын айтып түсіндірді.

Сонан қойшы, жолда бір кішкене қалашықтың қасына келіп от сулап дем алдық. Ертіске құятын бір шағын бұлақтың бойы екен. Осы жерде бірнеше шатырлаған үйлер. Олардың айналасы былқылдаған көгал, су. Осы көгалда толып жүрген үйір-үйір құстар. Қаз, үйректер балапандарын өргізіп мамырлап жүр. Менің бұл жерде көрген ғажайыбым — бір топ тамаша құс. Бастары сопақ, тұмсықтары сәл имектеу, жіңішке сирақтары ұзын үйрек, қазға мүлде үйлеспейді. Әсіресе ішінде имектеу ұзын тұмсықтарының астында желбіреген қызыл бұғағы бар, өздерін бастап жүретін біреуі бар. Қасына кісі таянса құйрығын көтеріп, дөңгелете қояды.

Мен осы құсты көріп таңданып тағы да Мұқаштан сұрадым. Мұқаш күліп: бұл күркетауық деген құс. Оны «күркенің ... қызыл» деп қасына баршы, сені ана қоразы қуады, — деді. Мен қорқып барғаным жоқ.

Қойшы, тәтемді ұзатып алыс Арқадан Ертіс белдеуіне апарып, құтты қонысына қондырып, екі жұма жүріп қайттық. Менің ең алғаш алыс жолға шыққан сапарым осылай аяқталды.

III

Әкеміз үш ағайынды кісі болатын. Өздері сондай ұйымшыл, аз ғана шаруаларын ортақ ұстап, біріне-бірі үнемі жалғасып отыратын еді. Сондықтан өз малдарын өздері бағып, біріне-бірі үлкен, кішілік етпейтін. Мал түлігі болғаннан бастап, жазда аз ғана (айғыр үйірі) жылқыны бағу, қыста түйе, сиыр сияқты ірі қараны өріске шығарып, кешке қораға жинау міндетіме айналды. 1911 жылы ауыл қыстауға келісімен әкемнің нағашыларының аулына бардым. Өйткені ауыл арасы қыста қанаттас болғанымен, жазда бөлек жайлап, қысқа қарсы сағыныса қатынасатынбыз. Мен келсем ол ауылда ерекше бір жаңалық басталыпты. Әкемнің нағашы ағасы малды, әрі атқамінер кісілікті ауылдан болатын. Солар Семейден бір ноғай жігітін жалдап әкеліп, балаларын орысша оқыта бастапты. Олардың балалары да мен құралыптас болатын. Маған өздерінше орысша сөйлесіп «білімділік» көрсете бастады. «Көрмегенге көсеу таң» дегендей, маған олар орысшаға жетілген адамдар болып көрінді. Ауылға қайтып келісімен әкеме азап салдым, мені сол ноғайдан орысша оқыт деп. Әкем білім алам деген талабыма қарсылық еткен жоқ. Алдымен өзі барып ноғай жігітпен, нағашыларыммен сөйлесіп келісіп қайтты. Күні бүгін есімде, мені өзі ертіп келіп, ноғай оқытушының отырған үйіне кіргізіп, алатын ақысына келісті. Мен әкемнің нағашы ағасы Құрмаш Балабек ұлының үйінде тұрып қалдым. Иә, сөйтіп орысша оқи бастадым. Маған тап сол кезде, сол Құсайын деген ноғай жігіттен орысшаны кеп білетін кісі жоқ сияқтанды. Бұрын оңнан солға қарай жазып үйренген қолдың, солдан онға қарай әріп жазуы да оңайға түскен жоқ.

Біз сол татар мұғалімнен үш айдай оқыдық. Әріп таныдық, бірлі-жарым амандасу, мал аттары, киім-кешек, ыдыс-аяқ аттарын жаттап, өзімізше өзара орысша сөз жарыстырған болып жүрдік. Бірақ, бұл оқу ұзаққа созылмады. Қыс ортасына жетпей-ақ атақты доңыз жұты басталып, оқу жайына қалды.

Қар қалың жауып, оның үстіне жаңбыр жауып шөпті мұздақ басты. Артынан үздіксіз ақ боран сұрапыл соғып жұт елдің есін шығара бастады. Оқу тоқталды. Мен ауылға қайттым. Қар қалың, бұрқыраған боран, көлік қайдан болсын, жаяу күн бата үйге әрең жеттім. Келсем үйдегі малдың азығы жоқ. Ауылдың барлық бас көтерер жаны мал артында.

Сай-сайдан күрек аршып ықтасынға аз ғана қойды шығарып күйістік алдырады. Қолдағы бірлі-жарым ат, сиыр қараған басын шалып күн санап сүреңі кетіп азып барады. Қай ауылды көрсең де жұртың әбігері. Біздің қыстауымыз Дегелең тауының бауырындағы шағын адырдың ішінде еді. Мұндайда таулы жердің көде, бұтасы тышқан қорық азықтығы болатынын мен сонда көрдім. Өзіммен немере, бір жасы үлкен Қадыр дейтін ағаймен екеуміз сол Дегелеңнің тауынан көде жұлып, күнгейінен арқар жусан алып, малға жаяу арқалап тасып, күйістік беріп отырдық.

Сол жылы күзде әкемнің немере қарындасының күйеуі, екі ағайынды Әкіш балалары дейтін ауқатты адамдар. Олар өз алдыңда жылқышы салып, басқа ағайындарымен қосылып қос көтеріп, отарға жылқы шығаратын еді. Солардың жылқысына қосқан он шақты жылқы болатын. Февраль ішіндегі бір соққында жылқы қосымен ығып, сорға түсіп қырылып, тек біраз ғана жылқы сордан қиыс өтіп аман қалыпты. Оның өзін жылқышылар әрең дегенде елсізден тауыпты деген хабар келді. Аз да болса сол қостағы жылқыдан хабар күттік. Біраз күнде біздің үйдің бір бие, екі тай, сордан аман, басқа ыққан жылқыдан табылыпты. Соны енді өз қолдарына алсын, жүдеу, деген хабар келді.

Мінуге жарар ат жоқ. Қолды-аяқтай менің баруыма тура келді. Әкемнің айтып берген жобасымен жаяу жүріп кеттім. Ертіс белдеуіне таяу «Шалқар» деген жердегі Әкіш аулына торт күн дегенде жеттім. Жылқысы сорға түскен, қойы қора ығында бүрісіп күйістік ала алмай заманасы бір уыс ауылда рең бола ма. Күйзеу адамдардан жауап сұрау да қиын екен. Қойшы, бір кезде апайым отырып:

— Мынау Сапарғали сонау ит өлген жерден жаяу әрең жетіп отыр. Ана қалған жылқының ішінде бір-екі тұяқтары қалыпты деп жүр едіңдер ғой, соны осы араға әкеліп алдыңа салып беріңдер. Ілбітіп аулына жеткізіп алсын, — деді күйеуіне батылдау сөйлеп. Жездеміз аз сөйлейтін зілді кісі еді, сөз қайырған жоқ. Мен не істерімді білмей, мазасызданып сыртқа шықтым. Мен далаға шыққанымда, жездем жылқышы жігітін өзінің жалғыз күйлі күрең атына аттандырып:

— Жылқының қалғаны Майсор қабағында деп еді ғой. Егер жүруге жараса мына Сапарғалидың биесі мен тайларын қағып әкеліп бер, — деді. Мен күзді күні өзім айдасып әкеліп, қосып қайтқан құландай ойнаған тайлағым, жарма сауыр бием келіп қолыма тиетіндей қуандым. Күн кешкіріп қалды. Мен күткен жылқышы жоқ. Сол күні көптен бергі боран тыныстап аязсынған ашық күн бола қалған-ды. Көптен ашылмаған аспан әлемі бұлты сиреп, күн көзі күшін ішіне тартқандай ашық ызғар төгіп тұрды. Күн кешкіре онан сайын суыта түсті. Әсіресе солтүстіктен ескен ызғырық сондай өтімді. Қар тебуге «Шақар» бұйратының қойнауына шығарған қойлары да қораға келді. Бірлі-жарым қараған басын шалып кеткен түйелерін жездей қайырып алып келді. Көз байлана үйге кіріп жайлана бергенде жылқышы жігіт келді. Аяз сорып ашығып келген жылқышы жуырда ашылып сөйлей қоймады.

— Немене шырағым, кешіктің ғой? — деген жездейдің сұрағына:

— Ұйтқысы қашқан малдың басы бірікпейді екен ғой. Мен Күшелек жалынан қарап жүрсем, арғы Қараойда үштеген, төрттеген жылқы қарасы көрінеді. Соларды біріне-бірін қосып, әрең дегенде Күшелек адырына жеткізіп басын қостым. Қар омбы, тек, жануар мына күрең аттың тізесімен жинастырдым. Мына баланың биесі мен тайларын және осы үйдің бір-екі арық биесін Шақар биігінің ана бір ықтасын бетіне әкеліп салдым. Соларға қар тептіріп біраз тұрақтаған соң жеткенім осы, — деп кешіккен жайын айтты.

Ертеңіне тәтемнің пісіріп берген еті мен бауырсағын қойныма салып, екі тай мен құла биені қағып ауылға қайттым. Күзді күнгі құлағымен ойнаған тай, жалы көзіне түсіп, қол-аяғы бүрісіп, аяғын әрең сүйреткен үш арықты қағып жолда торт қонып бесінші күні үйге жеттім. Жездемнің айтып берген жобасымен әрбір ауылдың түсына келіп, ықтасынға қағып шалдырып жылжып аман жеттім. Бірақ үйде де ол арықтарға жайлы орын, жарытымды азық жоқ. Баяғы еңбекке тағы кірістім. Бір күн жусан алып, соны үйге қойып дегдітіп арықтарға бөліп салам. Бір күн қозы қош жердегі тауға барып көде, бұта жұлып соны арқалап әкеліп мал азықтандырғам. Әкемнің міндеті бұл қыста бәрімізден де ауыр болды. Ол кісі қала, далаға жүруден босамады. Өйткені бір-екі түйені айдап Семейге барып астық, керек-жарақ әкелу, мына сияқты жұткершілікте қандай қиын. Семей қаласы біздің ауылдан жүз алпыс шақырым десіп жүретін. Ол жол бірнеше күндік жер яки қалашы көшіне елсіз далада қос тігіп түнеп отырады. Біздің ауылдар түгілі сол атыраптағы елде егін салу дегенді білмейді. Астықты сол Семейден тасып ішеміз. Мынадай жұткершілікте қалаға барып санап беріп астық ала қоятын ақша да жоқ. Жұттан өлген ірі қараның, соғымның терісі сияқты қолға түскен жабдығын базарлап астық, шай, қант табу сол кісінің мойнында. Жалғыз өзіміздің үш үй ғана емес, сүйек-шатыс ағайындардың көбі осы кісінің қолына қарайды. Қолдарындағы жүн-жұрқа, тері-терсегін беріп жолын күтеді.

Осындай ауыр жұттан апрель айының орта шенінде ғана бой сергіді. Сергігеніміз мал күту бейнетінен құтылдық. Мал жағы ақ сүйек болып жұтады. Сонау Ертіс белдеуінен таяу елсізден қағып әкелген үш жылқының біреуі ғана яки құла тай тірі қалды. Ана екеуі өліп қалды. Әкемнің арық құла аты қыршаңқы болып, көтеремге шалдығып сол қалды. Он шақты саулық қалды. Екі түйе шала көтерем болып қыстан шықты. Сөйтіп күздігүні әжептеуір күн көргіші бар үй едік, таза тақыр кедей болып шыға келдік.

Менің ойым қыста бастаған орысша сандырағымды оқысам деймін. Жалғыз біз емес, ол доңыз жұты бүкіл қазақ даласын ақ сүйек еткен атақты жұт. Қайда барсаң жүген ұстап қалған, көгенін жинап алған, қосы жығылған ауыл. Жұт жеті ағайынды дегендей, жұттан қалған қой-қозы ақсыз, төлін жарытпайды, ашаршылық. Малдан айрылған ауыл азаматтары пайда, кәсіп іздеуге Семей қаласына шұбыра бастады. Әкемде үн жоқ. Пайда табуға бар деуге бойым өсіп, бұғанам қатпаған мені қимайды, оқу ізде деуге қолында пұлы жоқ. Қолдағы бірлі-жарым сиыр, аз ғана саулықтың ағына аузымызды ашып, менен кейінгі үш бала бар жүдеушілікпіз. Әкемнің бар тапқан ылажы, сонау жылқысы сорға түсіп қырылған жездеміздің жылқысының терісін алысуға барып, соны сойысып, кептіріп қалаға жеткізу болды. Теріні ақшалап астық, шай, киім-кешек әкелуі керек. Бірақ әкемнің ол әрекеті де сәтті болмады, теріні артып әкелем деп мініп барған екі түйенің біреуі миға түсіп үйелеп өліп қалды. Кедейшілік емін-еркін-ақ баурап алды. Бірақ, әкемнің қажыған әлі бір ауыз сөзін естігенім жоқ. Шешем Зағипа да кең пейілді адам еді.

Сол жылы жұт артынан пішен қалың шығып, шөп шұйгін болып аз ғана мал аса күйлі. Таудағы пішендіктен әкеме ілесіп шөп шабыстым. Егін болса-болмаса да жоқ. Шөпті қораға тасып үйіп, аз ғана қойдың күземін алған соң, әкем қалаға қамданды. Мен оқуға барсам деп қыңқылдадым. «Мына аз ғана малды кім қарайды» деген әкемнің сөзіне, ағалары: «Баланы талабынан тоқтатпа. Ауылмыз ғой, қарасармыз. Есебін тапсаң оқуға бер» десті. Сол кісілердің сөзі қамшы болып әкем Семейге алып жүрді.

Семейге келгенде қай бір оқу жолын білетін кісіміз дайын. Құр қала, школ бар деп аңсап келгеніміз болмаса, түктің де жөнін білмейміз. Әкемнің білетіні өзіміздің елден кәсіп іздеп қалаға барып, ат айдап күн көріп жүрген жәй ғана кәсіп адамдары. Олар қай оқу жөнін біледі. Орыс школының қай жерде екенін де білмейді. Бірақ, сұрастырсаң табасың дегендей бір кісінің айтқан ойы ұнамды болды. Ол кісі бізге жақын ағайын, бір атпен бержебай айдайтын Еңсебай Төленді баласы дейтін кісі еді. Әкеміз екеуміз Семей қаласындағы сол кісінің үйіне қонуға келдік. Ағайын ғой, сыйлап, шамасынша қонақасы беріп отырып, ауыл жайын, менің оқуымды сұрады. Сұрағанда «молда болдың ба?» деп күлді. Сонан сөз басталып, әкем менің орысша оқығым келетінін айтты. Қала жайын білмейтінін, Жана Семей жақта тұратын бір-екі байдың балаларынан оқуға қалай түсуді сұрағанын, одан еш нәрсенің жөнін біле алмағанын айтты.

Еңсебай ағай сөзге олақтау, жасынан жетім болып, кәсіп қуып қалада өскен бір сөзділеу кісі екен.

— Исеке, — деді әкеме, Сапарғали биыл оқуға кешігіп қалған шығар. Школдарда оқу бірінші сентябрьден басталады. Қазір октябрь айының ортасы болып қалды. Талабы жақсы екен, егер намыс етпесеңіз мен ертең бір кісіге сөйлесіп көрейін, — дегені. Мен қуанып кеттім. Еңсебайдың «егер намыстанбасаңыз» дегенін мен елегенім жоқ. Әкеміз:

— Намыстанатыным қалай, баламды оқуға бергенге ме? — деді.

— Жоқ Исеке, оның бір мәні бар. Менің сөйлесейін дегенім осы қаладағы бір учитель қазақ. Ол кісі анау қазақ-орыс бөлімі жақтағы сары ала школда сабақ береді. Өзінің бір аты бар, соны күтетін қолына бала ұстап бір жағынан оқытып жүргенін білуші едім. Егер қолында ұстап отырған кісісі болмаса, Сапарғалиды сол кісіге орналастырсақ. Әрі оқиды, әрі ана кісінің атын күтіп қол бала болады. Мүмкін ол кісі школға да түсіріп жіберер, — деді. Әкем маған қарап аз ойланып қалды. Байқаймын мені кісі үйіне атшы етіп беруге қимай отыр. Мен оқытады дегенге қызығып:

— Еңсе аға, сөйлесіңіз, өзі қазақ болса, оқытса, уақасы жоқ атын күтем, — дедім.

— Ат жегуді, кешеде делбені ұстай білесің бе? — деді Еңсебай.

— Ағай, үйренем ғой, — деп ерлендім. Ертеңіне Еңсебай ағай барып жолығып, ол кісімен келісіп келді. «Баланы алып кел, көрейік» депті. Кешкілікте Еңсебай арбасына мінгізіп әкем екеумізді алып барды. Бұрын еш жерде көрмеген үш қатарлы биік сары ала үйдің албарына кірдік. Арбадан түсіп Еңсебай өзі бастап жүрді. Албардың ішіндегі екі қабат қызыл үйдің үстіңгісіне шығып есік қақты. Орысша киінген, ұзын бойлы, толық денелі, бетінде сепкілі бар қара торы кісі өзі есік ашып бізбен де амандасты.

— Нәке, сізге бағанағы айтқан бала мына жігіт деп мені көрсетті. Мен ана кісінің түрінен, киімінен именіп төмен қарап тұрмын. Осы кезде, көзінде пенсне көзілдірігі бар аққұба қазақ әйелі орысша киінген, жалаң бас, шашын төбесіне түйреуіштеп тастаған арғы үйден о да келді. Ол кісі жатығырақ сөйлесіп әкеме:

— Ағай, балаңыз ауылда қазақша оқыған ғой? — деп сұрады.

— Қазақша оқыған, — деп әкем ажарлана айтты. — Енді орысша оқимын деп талаптанып еді, соның есебін таба алмай мына жігіт сіздерді тауып ертіп келіп тұр, — деп өзінің тілегін, ойын да айтты.

— Бұл жігіттің оқимын дегені жақсы талап қой. Онда ертерек неге келмедіңіз? — деп Нұрғали әдеттегі сөзге сараң қалпында тоқталып қалды.

— Оқудың қашан басталатын тәртібін біле алмаған ғой, — деп Еңсебай бізді қорғай сөйледі.

— Ал, онда ағай, егер біздің атты қарап, қолғанат болам десе, біз оқуына көмектеселік. Әрине школдағыдай бола алмас, бірақ, өзі ыждиһат етсе оқуға бөгет жоқ қой. Үйде де, школда да оқуға болады, — деп Некеңнің әйелі сондай ықыласты сөйледі. Ауылда да мал қарап, әсіресе жылқы бағып күтіп үйренген маған ат күту қиын болып көрінген жоқ. Бірақ, мен әкемнен бұрын сөйлеп ізетсіздік көрсетпедім.

— Жарайды, шырақтарым. Өздерің қазақ азаматтары екенсіңдер. Амандық болса ертең әкеліп қолдарыңызға берейін, — деп әкем ықтияр болды. Мен қуанып та, үйренбеген жерге жүрексініп те тұрмын. Ертеңіне әкем кешегі көрген үйіне алып келді. Біз келіп есік қаққанда кешегі орысша киінген әйел есік ашып, қазақшалап кішілік етіп әкемді қарсы алды. Ол кісі жатық, сөзуар адам екен. Әкемнен шаруа жайын, үй жайын сұрастырып, менің аты-жөнімді сұрады. Менің атымды бір қағазға жазып, әкемнің өз атын да сұрап жазып алды. Сонан кейін әкем де ол кісілердің аты-жөнін сұрады.

— Менің атым Назипа, фамилиям Құлжанова. Ал жолдасымның аты Нұрғали Құлжанов. Ол кісі школда сабақ береді. Бұл школды оқытушылар дайындайтын Учительская Семинария дейді. Мен өзім денсаулығым аз, қызмет істемеймін. Және кішкене баламыз бар, — деп арғы үйде Назипаның шешесі көтеріп жүрген кішкене баласын көрсетті. Сонымен әкемнің танысуы аяқталды.

Ал, Назипа қызым, мен енді мына баланы өздеріне тапсырдым. Ақыл беріп, оқуына бас-көз болыңдар, — деп әкем менімен де, Назипамен де қош айтысты.

Мен сол күннен бастап Нұрғали Құлжанов пен Назипа Құлжанованың қолбала атшысы болып қалдым. Кешкілікте бір-екі сағат Назипаның өзі, кейде Нүкеңнің өзі сабақ үйретіп, жазу жаздырып, есеп көрсетіп оқытады. Күндіз Нұрғалиды Ертіс жағасындағы Городской школына алып барып салып, алып қайтам.

Бір күні гимназияға алып баратын оқушыларды әкеліп түсірдім де, енді атымның басын бұра бергенімде, үйдей қызыл бурыл арғымаққа жеккен коробкалы трашпенкені екпіндете менің бұрылар жеріме келіп бір көшір тұра қалды. Осынша екпіндетпей жүріске тандана жалт қарасам, ат делбесін ұстаған Мұқаметқали.

— Әй, Мұқаметқалимысың? Аман ба?

Маған ол да жалпылдай амандасып, арғымағының делбесін шерттіре тартып алып екі қызды күймесінен түсірді. Қыздар гимназиясының формасын киген жасөспірім екі қыз сыпайы ізетпен школға жөнелді. Көптен ккө жазған Мұқаметқалимен амандықтан басқа сөз сөйлесе алғаным жоқ. Тек, мына делбесін ұстағаны кімнің аты, мына қыздар кімдікі екенін сұрадым.

— Мына арғымақ Ложкин деген байдың арғымағы, әлгі қыздар соның қыздары. Мен сонда былтырдан бері атшымын. Бір жағынан байдың складыңда да жұмыс істеймін, — деп қысқаша осыны айтты да асыра жүріп кетті. Менде гимназияға балаларды әкеліп, енді Нұрғали ағайды Городской школға алып баруға асыра үйге қайттым.

Бірнеше жылдан бері көріспегенін және сонау қашып кеткенін кейінгі қайда болғаны өзіме жұмбақ болған Мұқаметқалидың жай-күйін білуге асығамын. Ложкиннің үйі гимназияға ұрымтал екен. Мұқаметқали көбінесе менен бұрын әкеліп тастап кетіп қалады.

Ложкин деген байдың осы күні Семей қаласындағы Ленин паркінің қасында үлкен қызыл тасболат магазині бар-ды. Әлде үйі де сонда болар деп Мұқаметқалиға жолығып сөйлескім келеді. Баруға батылым бармайды.

Күн жексенбі. Нұрғали үйінде тұратын гимназия оқушылары Ертістің қара суына барып коньки тебеді. Олар сонда кетті. Мұқаметқалиды күтіп семинарияның үлкен қорғанынын қақпасы алдыңда болдым. Әлден уақытта Мұқаметқали келді. Кешегі буырыл арғымақтың делбесін ұстаған басында ноғай бөркі бар, қолында былғары биялайы бар, шолақ тонды Мұқаметқали емес сияқты, шолақ тужурке бешпент бар, басына көнелеу фуражке яки орыс картузын киіпті. Қайсар сұрғылт ккөі күлімдеп күліп амандық айтып, екеуміз семинарияның үлкен қорғанына кіріп, қалаулы тұрған қарағай отындарға астымызды қойып отырдық. Көктемге салымның бір жадыраңқы күні еді.

Әңгімені Мұқаметқали бастады:

— Сен мұнда қашан келдің? — деген сұрауына, бастан-аяқ болған жайды айтып түсінік бердім.

— Иә, тәтем анада келіп, менің айлығымды алып қайтқан. Сонда айтып еді, елдің жұтап мүлде кедейленіп қалғанын. Немене, айлық аласың ба? — деп сұрады. Мен айлық деген сөзді намыс көріп:

— Мен айлық алмаймын, оқу оқимын.

— Кімнен?

— Мен атының басын ұстап жүрген кісім учитель. Ол кісіні кешкілікті оқытады. Ол оқытқанына ақы алмайды, мен ол кісінің атын күтіп, бала оқытатын школына балаларды, өзін апарып салып, алып келгенге ақы алмаймын. Сол кісінің үйінде тұрам.

Ол одан әрі сұрақ қойған жоқ.

— Ал Мұқаметқали, сен сонау жайлаудан көк құнанды мініп кеткеннен бері қайда болдың? — деп сұрауды енді мен бастадым. Мұқаметқалидың бір әдеті өзі жайынан әңгіме айтарда сұрғылт көзі ойнақшып, бір әсер пайда болатын. Оған өзінің сонау жайлаудан қашып Белағаштан шыққан жолы ғажап бір жорық тәрізді болып көрінсе керек.

— Иә, мен сол өзің ұстап берген көк құнанды текпілей мойынға қағып жатаққа аман жеткенде бір асқар асудан асқандай болдым. Өйткені сол Босаға адыры мен Дегелен арасында жалбаңдап ұшқан жапалақтан басқа қыбырлаған жан жоқ екен. Елсіз дала, арық құнан, әй зәрем ұшты-ау. Басында ерленіп қашып шықсам да, қашан жатаққа жеткенше жаным мұрнымның ұшында болды, — деп бір қойып, әңгімесін қайта бастап кетті.

— Жатақтың жайын білесің, еркектері ішкі жаққа кәсіпке кеткен, үйде қалғандар кемпір-шалдар мен балалар. Олар менен қайта-қайта жайлаудағы елдің жайын сұрайды. Мен қой бағып, жер өртегенімді айттым. Бір-екі күндей әр үйде болып тынығып, Дегелен, бауырындағы жолмен жүретін пайдашы қалашыларға ілесіп Уақтағы үйіме тарттым. Қалашы жүрісі белгілі, өгіз аяң жылжып отырады. Ара қонып Жайланқақтың тұсына келіп, сол жерден жатақтағы Кенжебай атамның, айтып берген жобасымен Уақтың жатағына тарттым. Тура таптым. Апам жылап көрісті.

— Балам, сен Қажының құнанын мініп келдің. Қажы ағаңа сенен де құнаны қайғы болып отырған шығар. Оның құнанын елге қатынасатын бір сенімді адамнан беріп жіберелік. Ал, жылдағы жегіп алып желгіп кететін сұр саңлақ жоқ. Үйде омалып отыра береміз бе, мен ана Қарымбаймен сөйлесіп соның қарагер атын жалдап алатын болдым. Байғали Белағаштағы былтырғы байға барып жұмысқа кіріпті. Сол жаққа барған Уақтың бір адамынан сәлем айтыпты. «Егін жақсы. Тәтем келсін, орақ кезінде астық жинап алмаса болмас» депті. Онысы ақыл ғой. Қыстың көзі қырау. Жылдағы Белағаш жаққа бармасақ болмас», — деп ойын айтты. Апам да, мен де оған қуанып қалдық. «Сонау сұр аттың сүргінінен бері жол жүрем деп аузын ашпайтын еді. Атқа мінсе, ел араласа, үйреншікті емсектігін істесе бойы сейілер еді» деп апам жүруге асықтырды.

Сонан, қойшы, Қарынбайдың қарагер атын алып, оған тарелейке арба жегіп жолға шықтық. Алдымен осы Семейге келдік. Қайық аузындағы өзіміздің ағайындардың үйінде бір-екі күн болып, Белағашқа жүруге қамдандық. Көппен бірге тарелейкені шиқылдатып паромнан өттік. Семей қаласына бөгелер мүмкіндік жоқ. Аяндап Белағашқа қарай жүретін жолдың құмы арбаның күпшегінен келеді. Арық қарагер өзі де құмнан аяғын әрең көтереді. Әкем арба үстінде, мен жаяу. Күн бата бір қазандық үйіне келдік. Бұрыннан түсіп жүрсе керек, әкемді танып қондырды. Тәтемнің тамыршы екенін біледі екен, тамырын ұстатып, басының бұлтты күні ауыратыны, сақинасы бар екен, қан алдырып, келесі күні де сонда болып ат күйледік. Ертеңіне орыс деревнясына келдік. Өткен жылы келіп, егін орысып таныс болған Потапов деген Бәйкемнің жүрген бай мұжығы бізді жатырқамай үйіне қондырды. Сол күні байдың үйінде болып, ертеңіне Потаповтың егінінің басындағы балағанға бардық. Бәйкем де сонда екен. Біз келген соң Бәйкем қуанып қалды.

Мен ат бағып, масақ жинаймын. Тәтем Бәйкеме қосылып десетиналап егін орысып, біраз астық алдық. Байдың егін орағы аяқталған кезде тәтем жылдағы емсектік кәсібін істеп Белағаштың поселкесін аралады. Мен ат бағамын. Тағы біраз астық жинап алып, елге қайтуға бел алды. Елдің қыстауға баратын күні болып қалды. Үйіміз болса Уақта, әкем мен Бәйкем ақылдасып тез қайтуға кірісті. Потапов әкем мен Бәйкеме сөйлесіп, мені малын күтіп бағуға сұрады. Үйге барғанда да масайрап отырар жағдай жоқ. Келісіп мені Потаповқа беріп кетті. Мен Потаповтың қолында үш жылдай малшы бала болып тұрдым. Жылда егін орағы кезінде тәтем келеді. араласып қыстық астығын жинап алып кетеді. Бәйкем қайын сағалап, Семей таудағы үйреншікті байға жалданып тұз таситын көлігін айдап ол да кісі есігінде болды.

Потапов өзі сол бір деревняның беделді байы, Семейге жиі қатынасып отырады. Екі жылдай жеңіл трашпенке арбаға жегетін атының басын ұстатып, маған ат жегу, делбені ұстау, қалаға келгенде көшеде қалай жүруді үйретті. Әрі атын жақсы күтем. Өйткені Потаповтың «Рижко» деген қан жирен аты бар. Өзі бір желаяқ. Сонау Белағаштан қыста шанамен шыққанда Семейге бір жарым сағатта келеміз. Сонда ауыздығымен алысады. Жазды күні атты далаға баққанда Рижконы жайдақ мініп алып мұжықтардың балаларымен жарыс салам. Алдыңа жылы салмайды. Сол жирен атты сондай жақсы көріп күтем. Сондықтан да бай мені жақсы көріп, жирен атының делбесін менен басқаға ұстатпайтын болды.

Потапов бір ғана егін салып қоймайды. Сол деревняда кішкене дүкен ұстайды. Көбінесе қалаға қатынасқанда сол сауда дүкеніне кездеме, қант, шай, сабын, жіп сияқты деревняға керекті заттарды алады, сонда ылғи осы Ложкин байдан келіп, соның дүкенінен, қоймасынан алады. Сонда келіп жүргенде кешегі өзің көрген қызыл буырыл арғымақтың делбесін ұстаған қартаң орыс құйқылжыта божыны қаққанда, — «шіркін, осы арғымақтың басын ұстар ма еді, осы Ложкин сияқты байда атшы болып мына қалада тұрсам» деп ойлаймын. Сонан алдыңғы жылы күзде байды алып қалаға келдім. Потапов үйреншікті Ложкин байдың дүкеніне келді. Дүкеніне керек деген заттарын алды. Сонан бір кезде мені Потаповтың өзі қасына ертіп байдың дүкенінің төріндегі бір үйге алып кірді. Үйге жүрексіне кірдім. Онда танымаймын ғой. Көзінде үлкен алтын көзілдірігі бар тамаша киінген, сақалын қырған, қияқты ұзын мұртты ақсары кісі отыр екен. Мен именіңкіреп тұрдым білем, әлгі орындықта отырған бай:

— Жігітім, именбе. Мен Потапов мырзадан сені маған бер деп сұрап отырмын. Менің неше жылдай атымның басын ұстаған көшірім бар еді. Сол кісі сырқат болып жатып қалды. Енді ол ат делбесін ұстауға жарамас. Сондықтан маған қолбала болып атымның басын ұстайтын жас жігіт керек еді. Потапов мырза сені мақтап, маған берем дейді, оған қалай қарайсың? Ана буырыл арғымақтың басына ие бола аласың ба? — дегені. Ол бай сөзін орысша айтты. Әрине сөзінің бәрін ұққаным жоқ. Тек маған көшір боласың ба дегенін ұқтым. Өйткені екі-үш жылдай Потапов үйінде орыс тілінен түсінік алып қалғанмын. Потапов маған қарап жымия:

— Михайл, — деді (мені ол үй ішімен Михайл дейтін), қалай қарайсың, мына байға сені мақтап берейін дедім. Қалада боласың, арғымақ басын ұстайсың, — деп сайқалданып күлді. Аз ойланып тұрдым да:

— Бай сенсе қалайын, — дедім. Соны айтуым мұң екен, Ложкин бай:

— Жарайсың жігіт. Бүгіннен бастап атқа ие боласың, – деді.

Мен сөйтіп былтырдан бері Ложкин байдың қызыл буырыл арғымағының делбесін ұстаған көшірімін. Сонымен бірге қоймасында жүк тасысып қызмет істеймін. Оған үстеме айына екі сом алам, — деп Мұқаметқали мақтанып қойды. Мұқаметқалидың сөзінде ара-тұра айлық табыс деген сөз араласып отырды. Өйткені сол бір кез «табыссыз жігіт — намыссыз жігіт» деген нақылдың өріс алған, қыр қазағы жұтқа ұшырап кедейленген кездегі бар тірек қала, өндіріс жағалап пайда кәсіп іздеп табыс табу салт болған кез еді. Мен Мұқаметқалиға бір әредікте:

— Сен байдың қоймасында жұмыс істегенде цифр танисың ба, орысша әріп білесің бе? — деп сұрадым.

— Иә, цифр тануға, орысша әріп тануға құмармын, бірақ мені кім оқытады. Мен Ложкин байдың жұмысшылары тұратын қорасындағы кішкене жатақ үйінде, бір топчанкеде жатамын. Сол үйде қойманың күзетшісі ноғай шалы тұрады. Ол аздап орысша әріп таниды. Сол маған цифр, әріп үйретеді. Бірақ оның өзі де жөнді білмейді — деп қойды.

Біз сол күні ұзақ әңгімелесіп, Назипа жеңгейдің рұқсатымен Мұқаметқалиды өзіммен бірге тамақтандырдым. Әрқашан ат үстінде, яки гимназия маңында кездесіп жүрдік.

Жаз да шықты. Қала мектептерінің оқуы аяқталатын уақыт та болып қалды. Бір күні Нұрғали ағай семинарияның өзінде беретін сабағын өткеріп келді де, маған:

— Сапарғали, «кершені» жек. Екеуміз мына қайық аузына барып қайтамыз, — деді.

Мен атты жегіп дайын еттім. Мені қасына отырғызып, делбені өзі ұстап, кершені томпылдата желдіріп тура қайық аузына келдік. Сол жерде паромға түсіп, қарасу мен үлкен Ертістің аралығындағы құрғаққа шығып, содан тура пристань жағындағы аралға шықтық. Аралды атпен жүріп аралап, сонда тұратын күзетші татарға сөйлесті. «Алдымыздағы жексембіде мен осы аралға бір қонақ шақырсам, сіз қалай қарайсыз, біреу-міреу бөгет істемей ме?» деп еді, «мин сізді білмәйім, әгәрки тәртип бұзмасаңыз, ешкім мұнда болмайды» деп татар қарты осы арал билігін өзі ала сөйледі.

Аралдың ішін тағы аралап, алдағы мәжіліс жасар жерін белгілеп Нұрекең арал тоғайының балуан терек, бұралаң қайындарын көріп, «мына жерге отырамыз, мына жерге қазан асылады» деп мөлшерлеп, қайтадан татар қартына келіп:

— Сіздің үйден ет асатын қазан, отын жабдықтары табыла ма? — деп сұрап еді, — «ии, сіз нешік білмейсіз, татар үйі шөңкәсіз бола ма. Минің қаршығым аш пішірәргә шибәр. Тек, хақын бирсәңіз булғаны» деді. Оған Нүкең, «хақыңызды берем, онда келістік» деді.

Сол аралдан қайтқан бетінде Нүкең, қаланың орта жерінде тұратын Байқадам қымызшының үйіне келді. Өзі аттан түсіп, қымызшының шатырлы үйі бар екен, кіріп сөйлесті. Жексенбі күні бір бөшке қымыз алатын болды. Былай шыққан соң маған:

— Сапарғали, ұмытпа. Осы үйден бір бөшке қымызды сен келіп аласың, — деді.

Арада бір-екі күн өткен, ертең жексенбі деген күні, менің қолыма үш жерге адресі жазылған қағаз қалтаға салынған хат берді де, осыларға апарып тапсыр, деді. Олардың үйіне Назкенді, Нүкенді бірнеше апарғам. Жақсы білетінмін. Хаттарын апарып бердім.

Аралдағы татардың үйіне Назипа жеңгей өзі барып танысып, соятын қойын, басқа жабдықтарын күні бұрын апарып қойды. Семинарияда оқитын бірнеше жас жігіттер сол күні қызмет істеуге дайын болды. Заречный слабодкеден Мұстақым әйелімен, Дүйсебаев Кәрім деген орыс тілінен оқытушы әйелімен келетін болды.

Біраздан соң шақырылған қонақтар келе бастады. Біреулер бержабай атпен келді, біреулер пароммен шығып аяңдап сейілдей жүріп жаяу келді. Сол күнгі мәжіліске ерекше бір әсем өнермен келген Әнияр Молдабаевтың баласы, менімен аттас яки Сапарғали Молдабаев. Ол өзінің келіншегі Кәкітайдың қызы Қабыш сұлуды ертіп, балдызы сол үйде тұрып оқитын Кәкітайдың кенже баласы Данияр Ысқақовты ертіп және содан бір күн бұрын қырдан келе қалған Абайдың әншісі Әлмағамбетті ертіп Қарасудың бойымен желқайыққа мініп, гармондатып, ән салып, масайраған май күнінің арал алқабына төгілген нұрына ән сазын құйып келіп түсті. Сапарғалидың бойындағы ерекше өнері гармонды жақсы ойнайды екен. Оның үзілте, сызылта, құйқылжыта тартқан гармонының үніне Әлмағамбет сызылта шырқап әнін қосады. Аздаған абыр-гүбір амандық айналасында сөйленіп отырған от басындық әңгімені ән иіні, гармонь үні киіп алып, бір түрлі шаттыққа бөледі. Ара-тұра татар әні де еркелене ырғақты нәзік үнін сызылтты.

Мәжіліс қызды. Абай шығармаларын ерекше құрмет тұтатын Назипа жеңгей сол күнгі аралдың әсем жаратылысынан, Ертістің ағып жатқан айдынынан сөз қозғап Абайдың:

«Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі,
Адамзат, жан-жануар анталаса
Ата-анадай елжірер күннің көзі» —

деген өлеңін айтып, Абай өнерін ерекше мадақтай келіп, Абайдың қолында болып, Абайдың әндерін барлық әсем ырғағынан айнытпай айтатын Әлмағамбеттен Абай әндерін айтуды өтінді. Әлмағамбеттің қаңылтақ жұқа өңінде ән саларда жиырыла-жазылып отыратын қабақ пен еріндеріндегі ерекше қозғалыстарында Абай әні ұялап тұрғандай болады екен. Сапарғали Молдабаев гармоньмен Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Қор болды жаным», «Желсіз түнде жарық ай», «Татьяна», «Сегіз аяқ» әндерін нақыштай ойнады. Әлмағамбет ғажап бір ықыласпен айтты. Менің Абай әндерін тұңғыш рет естуім еді. Мынау қалқиған аласа тотан қара кісі Абай алдыңда ән салды-ау, деп ғажаптанам.

Бұл мәжілістегі менің олжам, Абайдың әншісі Әлмағамбетті көріп, Абай әнін өз аузынан естуім.

Иә, ол менің Абай әнін тұңғыш естуім еді. Данышпан Абайдың бұрын өлеңдерін оқып:

«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар, қалан!», —

деген насихатын көкірегіме тоқып, алдыма нысана тұтатын едім. Енді сол дананың ішкі толғаныс сезімін ән сазымен, халықтың құлағына сіңіріп кеткенін естіп елжірей ұйып, ден қойдым.

Осы мәжілістің артынан Нұрғали ағай, Назипа жеңгей, жазғы демалысқа алысқа Қарқаралыға жүретін болды. Қарқаралыдан танысы жіберген күймелі тарантасқа жегілген үш атымен кісісі де келді. Оларды шығарып салып мен де өз бетімен ауылға қайттым. Қыс бойы көрмеген ата-ана, ауыл ортасында біраз болып қалаға қайта оралдым.

V

Нұрғали ағай, Назипа жеңгей екеуін сонау май айында Қарқаралыға шығарып салғаннан бері хабар жоқ. Одан оралмақ мерзімдері күзгі оқу басталар кез. Сол кісілердің уәдесі бойынша хабарын білуге, амандасуға келдім. Сонау Арқа жайлауының сары қымыз, бағлан етіне жүзіп дем алып қайтқан аға-жеңге сондай көңілді екен, жарқын жатық қабақпен қарсы алды. Нұрғали ағайдың мінезі қызық кісі еді, бір нәрсеге көңілденсе қауқылдап ағыл-тегіл сөйлеп, бала демей, шаға демей ойындағысын ақтара айтатын. Бір нәрседен көңілсізденсе қабағы түйіліп, селдірлеу мұртын қайырып қойып иегін сипай беретін. Осы екі түрлі мінезінің қайсысына кездесем деп келгенде мені сондай көңілді қарсы алды.

— Ә, Сапарғали келдің бе? Біз сені келмей қалды ма, деп отыр ек, аман-саумысың? Жазда елде болдың ба, жоқ қалада ма едің? деп алдымен менің жай-күйімді сұрады. Өткен қыста бірге болған, Әбілхамит пен Зуфнунда амандасып мәз болып қалдық. Біраз да Нұрғали ағай:

— Біз Қарқаралыдан тағы бір ат алып келдік. Ол керше емес, әлі арбаға жаттықпаған, көшеге үркек, мен саған аттарды көрсетейін, — деп орнынан тұрды. Мен Нұрекеңмен ілесіп үйреншікті ат қораға келдім. Өзім қыстай жегіп үйір болған керше торсия семіріпті. Баяғы момақан, тырсиып тұратын мінезі. Оның қасында екі құлағы тас төбесінде, сида серке сан, жал-құйрығы жеңіл, балағын түрген кісідей жұтынып тұрған қара атты көрсетіп:

— Мына атты Қарқаралыдағы досымыз Назипаға сыйлады. Өзі Алтай Азна деген жылқылы байдың атақты саңлақтарының тұқымы дейді. Мына кершенің қасында арғымақтай ойнап тұр. Осыны ауылда жегіп, арбаға бойын үйретіп едік, енді көшеге жегіп жаттықтыру керек. Осыны екеуміз жегіп, қазақ-орыстар жақтағы аланға азырақ жүріп қайталық, — деді. Мені өзімсіне, қызықтап алып келген атының жайымен таныстырып бірге жүруге шақырғаны аса жылы тиді. Екеуміз қара атты жегіп семинарияның қорғанын ойнақтата сыртқа тарттық. Аттың делбесін Нұрекең өзі ұстады. Қара ат Нұрекең айтса айтқандай аяқ астынан секем алып үркіп, осқырына елендей жортады екен. Көшеден қазақ-орыс алаңына жеткенше үркектей жортып отырды. Алаңға шыққан соң Нұрекең аттың делебесін маған берді:

— Кәні, мына жазықта біраз жүргізіп көр. Өзі біраз желген соң ауыздықты тістеп ала қашуға тайынбайтын тәрізді. Қызыл май болар деп жолда арбаға жеткізбей, тек жегілген аттың жетегіне тіркеп отырып едім, — деп атының жайын тағы сөз етті. Нұрекеңнің қара аттың мақтауын бабын қайталап жеткізуін тыңдап:

— Нұреке, мына атыңыз көшеге жегуге жайлы болмас. Өйткені, бұған аттың құлағында ойнайтын мықты кісі керек қой, — деп едім.

— Өзің ұстамайсың ба? — деп жымиды. Менің ойымды айтқызбай-ақ түсініп:

— Иә, сен бір мектепке түсіп оқысам деп аңсайсың, білем. Сені ана «Жаңа қаладағы» орыс мектебіне түсірем. Оқу басталғанша үйде бол. Екеуміз осы қара атты біраз жаттықтырайық, — деді.

Мен сондай қуанып кеттім:

— Нұреке, сіз не айтасыз, сол болады, — дедім. Сол күні қара атты ерсілі-қарсылы желдіріп терлетіп, ерігіп тұрған желігін басып алып келіп доғардық. Баяғы тойған қозыдай томпиып тұрған керше ернін дірілдете ішінен оқыранып серігін қарсы алды.

Мен ертеңіне Нұрекең үйіне келдім. Назипа жеңгей кішкене Әулешті алып қорған ішінде жүр екен. Қуана амандасып:

— Мына Әулежан жігіт болып келеді. Далаға жүргенді жақсы көреді. Егер шаршап тұрмасаң, кершемен Ертіс жағасына барып жүріп қайталықшы, — деп атпен серуен еткісі келген ойын айтты. Мен не дер екен дегендей.

— Қара атты жексем қайтеді, жүрдек, сұлу аттың қызығын көрмейсіз бе? — деп едім:

— Нұржан қара атпен жүруге әлі де қорқады. Әулешті кершемен алып жүруге де қауіптенеді, — деп зарығып көрген Әулет деген баласына екеуінің де шыбын жаны пида болып тұратынын айтты. Оны өзім де білетінмін.

— Ол рас жеңгей, мына қара атты ұстау оңай болмас өзі, бір ойнап тұрған саңлақ көрінеді, — деп қара атты мадақтап қойдым. Ішімнен: «шіркін қара атты ойнақтата салт мініп сайрандап ел арасында жүрсе ғой» деп те ойлап қоям.

Мен кершені жегіп, Назипа жеңгеймен Әулетті алып Ертіс бойына барып қайта келгенде, Нұрекең де үйге келген екен. Алдымыздан шығып Әулешін қолына алып:

— Өзі атты жақсы көреді. Батыр болады, — деп баласын қызықтай, — Қара атты неге жекпедің? — деп маған күлімдей қарады.

— Қара атты жегейін деп едім, жеңгей, сіз ұрсады деп жектірмеді — дедім.

— Қара аттан қорыққан ғой. Ол дұрыс. Ол әлі қала ішіне үйренбеген. Әулештің мінуіне ерте, — деп қойды,

Гимназияға барып кластарына көрініп тіркеліп қайтқан гимназия оқушылары да осы кезде үйге келді. Түскі тамақ та дайындалған екен. Ac ішіп болған соң Нүкең мені шақырып алып:

— Сен қағазды алып Жаңа қала жақ шетте тұрған Қызыл школға бар. Онда школдың бастығы Овсянников деген учитель бар, соған хатты бер. Не дегенін айтып кел. Қалай болатынын сонан соң ақылдасамыз, — деп қолыма хатты ұстатты. Қуаныш қойныма сыймай тұра жөнелдім. Школда оқиды деген атаққа қолым жетсе, дүниеден барлық білімді өзім біліп алғандаймын. Онда бұл күндегідей трамбай, троллейбус зырлап тұрған заман ба, Семейдің құм басқан көшелерін кешіп, қызыл школға келіп, сыртынан сүйсіне де түйсіне де қарап біраз тұрдым. Сырттағы оқушылар класқа кіретін есіктен ішке кіре бергенімде, көзілдірігі бар орта бойлы орыс әйелі қарсы шыға келді. Ә, дегенде біраз бөгеліп қалып, «саламатсыз ба?» деп едім, әйел сәлемді алып:

— Кімге келдің? — деп жылы қабақпен сұрады. Мен қолымдағы Нүкеңнің қағаз қалтаға салған хатын көрсеттім.

— Ә, Яков Игнатьевичке ме? — деп мені ертіп мектепке қайта кірді. Екі қабат үйдің үстіңгі қатарына көтеріліп, бір есікті ашып рұқсат сұрады. Орта бойлы, мейірімді сұрғылт көзі күлімдей қарайтын ақсары кісіге әйел мені көрсетті:

— Мына баланы Нұрғали Құлжанович сізге жіберіпті, — деп хатты берді. Қағаз қалтаны ашып хатты оқып:

— Жарайды, бұл бала бізде оқыр, сіз қайта беріңіз, — деп әйелді қайтарып, маған, — кәні, бері отыр, — деп бір орындыққа отырғызып, қазақша сөйлесті. Жәй-күйдің бәрін сұрастырып: — Енді екі күннен кейін біздің школда оқу басталады. Таңертең ерте кел. Алдымен өзіме кел, қай класта, қайда отыратыныңды түсіндірем, — деп мені шығарып салды. Бағанағы Нүкең хат бергендегіден де бетер қуана-қуана Нүкеннің үйіне барлық жайды айттым.

— Ал, Сапарғали, оқуға түсетін болдың, жақсы оқып, білімді бол. Мына түскен школыңды бітірсең, аржағын өзің таба бересің ғой. Енді біздің үйде тұрып школдан оқуын қиын болады. Біз кісі тауып алармыз енді. Тұратын үйді қайтесің? — деп Назипа жеңгей сөзді Нүкеңнен бұрын бастады. Мен бірден ашып айтпасам да, ішімде жазда әкеммен де ақылдасып келісіп қойған үйім болатын, соны тірек ете:

— Сіздер рұқсат етсеңіздер тұратын үйім бар, — дедім.

— Онда жарады. Ертеңнен бастап сол үйге бар. Оқуға керек кітап, жабдығыңды тауып ал, — деп Нүкең рұқсатын айтты.

Сонымен мен Нүкен үйінен, яки семинария қорғанының төріндегі екі қатар қызыл үйден кішкене ағаш жәшігімді алып жөнелетін болдым. Бір жылдан астам үйір болып қалған үйден аттанбақпын. Әсіресе маған ерекше ой салған сол қорада яки семинария қорғанының ішінде тұратын екі адамның тағдыры. Оның бірі — отын жарып, қора сыпыратын Илья деген шоқыншы қалмақ, екіншісі — семинарияда тұратын үйлерге бөшкемен су әкелетіп беріп тұратын Борис деген шоқыншы қазақ. Бұлардың маған ой салып толғандыратын жайы, тіршілік үшін өздерінің туып-өскен халқынан безіп мойындарына крест тағып шоқыншы болуы. Екінші олардың өз ұлтынан безгендегі тапқаны мына сияқты құлшылық өмір. Ал, осы екі адамға сол семинарияда тұратын орыс адамдары жиіркене қарайды, ит орнында көреді. Ішімнен «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» дейтін қазақ мақалын есіме алам.

Отбасынан озбайтын осындай оймен семинарияға, Нұрекең үйіне қош айтып, ана өзім оқуға түсетін школдың қасында тұратын жиендердің үйіне келдім. Шандақбай, Тарбақбай дейтін екі жиеніміз яки менің әкемнің үлкен апасынан туған, бір атпен бержабай айдап кәсіп етеді, солардың қолына келіп тұрдым. Осы кезде күзгі қалаға шығу әдетімен де, әрі менің жайымды біле әкем де қалаға келді. Қалада әкемнің түсетін үйі де сол жиендердің үйі еді. Менің школға түскеніме сондай қуанып, сол үйде тұруға жиендеріммен келісіп үйге қайтты.

Тәртіпті мектепке орналасу — менің тұңғыш ел қатарындағы жастар тобына тіркелуім тәрізді болып көрінді. Өйткені өзімізді білетін ағайын-туған болсын, басқа болсын «школда оқиды» деп дәрежелейді. Қандай жылы лебіз. Есейіп те қалғандығым болар, ауылда ескіше де болса бірсыпыра шығыс кітаптарын оқыған, оның үстіне сол кездегі жаңа шыққан кітап, журнал, газетін оқығандығым болар, сабақты жаман оқығаным жоқ. Өзіммен класта бірге оқитын қазақ, орыс балаларынан ересектеумін, бойшаң да сияқтымын.

Менің осы мақтана айтып отырғанымның ерекше бір нәрі — Нұрекең мен Назипа жеңгейдің үйінде тұрған бір жылдық өмірім еді. Өйткені, ол үйде Нұрекең мен Назипа жеңгейдің адамгершілік ерекше қасиеттерін өзіме өнеге етсем, оның үстіне сол үйде тұрғанда жаңа заман сәулесіне ана тілімді құрметтей оқитын газет, журнал болды.

ЕКІНШІ ТАРАУ

I

Жаңа жыл демалысында ауылға барып қайттым. Ол баруым — өзім үшін де, өз үй ішім үшін де бір қуанышты жүріс еді.

Сол ауылдан келісімен сәлемдесе, амандық білісе Нұрғали ағай мен Назипа жеңгейдің үйіне келдім. Ықыласты қарсы алып, туыс адамдарша шұйіркелесе сөйлесіп біраз отырып мен қайтатын болдым. Назипа жеңгей әдеттегі сөзді қадағалай сөйлейтін әдетімен:

— Сапарғали, біз бір қиындау да, қызықтау нәрсеге талап етіп жүрміз. Соның сәті болар деп күтіп отырмыз. Сен арасын көп ұзатпай қатынасып отыршы. Мына Нұрғали Құлжанович екеуміз қазақтың ұлт ойынының кешін ұйымдастырамыз, — деп губернаторға өтініш жазып едік. Соған рұқсат болады деген хабар алып қуаныштамыз. Егер ондай рұқсат бола қалса, соған қолғанат бол, — деп тоқтады.

Мен сондай қуанып кеттім. Әрине бұл жерде мен оның мазмұнын да, қандай жобада жүретінін де білгенім жоқ. Бірақ газет, журналдарда қазақтың өнері сахна төріне көтерілмегенін арман етіп жазған мақалаларды оқығаным бар. Алдағы жексенбіде тағы келіп едім, Назипа жеңгей қуана қарсы алды.

— Жақсы келдің. Анадағы айтқан сауық кеште бізге рұқсат берді. Соған дайындық жүргізіп жатырмыз. Бүгін осында біраз адамдар келеді. Сауық кешінің тәртібін жасаймыз. Ішінде бол. Сен өзің де сол кешке қатынасасың, — деп күлімдей тоқтады. Ықтияр болып, бас шұлғып, үйдегі анадай-мынадай дайындыққа болысып кісілерін күттік. Бір мезгілде екі жас жігіт семинария формасын киген солар келді. Ол екеуін өткен күзде осы үйде бір көргенім бар-ды. Бірі ашаң, ұзын бойлы жасөспірім, сәл ұяңдау. Біреуі домбыра тартып, ән салатын, аласа шымыр денелі, семинарист. Оларды ықыласпен қарсы алған Нұрғали да, Назипа жеңгей де:

— О, Біржан, қалай дайындық бар ма? — деп іле сұрай бастады. Анау шымыр денелі маңдайлы, сары-сұр семинарист:

— Шамамызша Қаныш екеуміз дайындық істеп жатырмыз, — деп салмақпен жауап берді. Мен аңғармаппын, бұл екі жігіт ауыздағы киім шешетін бөлмеге бір домбыра, бір мандалин әкеліп сүйеп қойыпты.

Біразда күйеуін ертіп Тұрар келді. Назипа жеңгей Тұрарды аса жылы дидармен қарсы алып, өзінің бөлмесіне алып кетті.

Енді біразда Есенбай Атамбаев, оның келіншегі күлкіші Рақия келді. Кәкітайдың қызы Қабышты ертіп және Абайдың әншісі Әлмағамбетті ертіп Әниярдың Сапашы келді. Заречный слабодкеден Ақымның баласы Ғабдиді ертіп Мұстақым келді. Осы адамдар келіп, бас қосып алдағы ұлт ойыны кешінің тәртібі сөз болды. Ойын тәртібі жөнінде алдымен Назипа жеңгей өзінің көптен қорытып жүрген ойын ортаға салды.

— Тек ән айтқызып, өлең оқытып қана қойсақ мәжілісіміз сұйық болғалы тұр. Менің ойымша Біржан мен Сараның айтысын көрсетсек. Оған қосымша, Жанақ пен Сабырбай айтысынан бір-екі ауыз қағысқан жерін берсек, тағы соған қоса ән айтқызып, Абай, Ыбырайлардың өлеңін оқытып қоюлатсақ деймін. Нәзекең осыны айтып тоқтап, басқалардың лебізін күтті. Өзінің аңқылдап отыратын әдетімен Мұстақым:

— Нәзеке, жобаңыз көлемді көрінеді. Өлең оқу, ән салу жағы қиын бола қоймас. Ана айтыс жағына — Біржан болатын, Сара болатын ақын қыз, ақын жігітіміз кімдер? — деп тоқтады. Отырған жұрт біріне-бірі қарасып сәл кідіріп қалды. Назекең әдеттегі пенсне алтын көзілдірігін нәзік әдемі саусағымен түзете киіп алып:

— Ой, тәңір-ай, мына Тұрар сияқты келіншек, мыналар сияқты әнші сері жігіттер тұрғанда Біржан-Сара табылмаушы ма еді. Өздерің әу деуді білмеген соң бәрін қиын көресіңдер, — деп Нүкеңе, Мұстақымға әзілін арнай айтқандай болды.

— Е, онда Біржан, Сараң саңқылдап тұрса, біз қарсы болмалық, — деп ол екеуі Нәзекеңе күлімдей қарасты.

— Онда сіздің екі ақыныңызды кішкене шайқастырып тыңдасақ қайтер еді, — деп Рақила жеңгей саңқылдай күлді.

— Байқаса несі бар, мына Тұрар сол Сараның өзінен кем емес. Сен ғой деймісің, сыңқылдап күлгеннен басқа қазақ өнерінен мақрұм қалған, — деп Назекең Рақиланы біраз шенеп алды. Сөйтті де Тұрарды ертіп өзінің бөлмесіне кетті. Біразда басындағы кәмшат бөріктің үкісін бұлғақтата, үстінде шәйі шапан, қолында домбыра, шашы аш беліне түскен Тұрарды ертіп Нәзекең шыға келді. Нәзекең өзі қазақ келіншектерінің ашық кимешегін киіп, шаршы салынып, алтын сырғасын үзілте тағып, ұзын желбіршекті көйлек киіп алыпты. Ілездің арасында қаланың сол күндегі сәнді киімдерін киіп отырған екі келіншек елдің алдыңа ауыл қыз-келіншегінің киіміне бөленіп шыға келді. Осы сәтте үнсіз отырған екі семинарист тұра сап, екеуі ауыз бөлмеге шығып қолдарына домбыра, мандалиндерін алып әндетіп шыға келді.

«Осы үйде Сара бар ма, шықсын бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері.
Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,
Ауылында Тұрысбектің өлер жері» —

арналы ән иінін көтере шырқап, Сараға қарсы жүрді. Аңырап қалған елдің көзі Тұрар мен Нәзекеңе ауғанда, Тұрардың әнтек қисықтау құралай көзі күлімдей:

«Сал Біржан кімге дәрі амандығың,
Сөз білсең бу да, сенің жамандығың,
Қисасул әнбиедан естімеп пе ең?
Белгілі мәлім болды надандығың»

деп толқынып, именбеген ажарлы үнмен жауап қайтарғанда, отырғандар:

— Назекең өзі тіпті бәрін дайындап қойыпты ғой. Мына семинаристер әнге де өлеңге де жаттығып жүрген өнерлі ауыл жігіттері ғой. Бізге мына Тұрардың жүрексінбей шырқағаны ұнады. Қанша айтқанмен Базаралы батырдың ұрпағы ғой, — деп Әлмағамбет қаймақтай жұқа ерінімен тамсанып қойды. Осымен бұл күнгі байқау аяқталып, ойын күніне дейін осы үйде бірнеше рет байқау, жаттығу тәртібін жүргізетін болды. Ойынның программасын және билетін бастыруды Қабдиға тапсырды. Көп ұзамай ойынның болатын күні, тәртібі басылып әзір болды. Ойынды қалалық мекемелермен келісіп, приказщиктер клубына қоюға келісілді. Ән салуға шақырылатын адамдарды қарастырғанда Әміре қалада жоқ болды. Гармоньмен айтатын әншілерді қазақ ойын кешінде көрсетуге лайықты көрмей, сол кезде домбырамен ән салып жүрген Заречная слабодкенің бір саудагерінің баласы Қали Бекбергеновті лайықтады. Оған қоса, жаңа қалада жүк таситын ат-арбамен кәсіп етіп жүрген бізге көрші Майықбай деген жас әншіні Ғұмар Жұмысов екеуміз тауып әкеліп Нәзекеңе көрсетіп, ән салғыздық. Қайықбай жасы жиырмаға жете қоймаған жас жігіт, әкесі жоқ, шешесінің үйретуімен домбыраға қосылып ән салатын еді. Оның әні Нәзекеңе ұнап, программаға аты кіріп, ол да айтатын болды. Бұларға қоса қазақ халқының ерекше бір музыкалық аспабы қобыздың үні ғой. Аспап қазір жоғалып барады. Соны білетін кісіні тауып осы кеште көрсетсе жақсы болар еді. Қазақ өнерінің тұңғыш кеші сахнада көрсету, — десіп Қабди мен Мұстақым ой салды.

— Бұл өте дұрыс болар еді. Бірақ сол қобызды ойнай білетін адам бізге осы қала маңынан табыла ма? — деген Нәзекеңнің ойлана айтқан жауабына Қабди:

— Мен Нұрланнан сұрайыншы. Анада маған ана Бейсекенің Нұрланы: «Осында қобызды тамаша тартатын Бершібайдың баласы келіп жүр, көрсетейін бе?» дегенде, мен оған: «Немене, бақсы ойнататын жыннан аманмын» деп күлдім. Мүмкін сол табар. Оны мен іздетейін, — деді. Нәзекең қуанып кетті:

— Онда, сен тапсаң ертіп кел. Көрелік, — деп Назипа жеңгей Қабдиге тапсырды. Көптен үндемей отырған Әниярдың Сапашы:

— Осы қалада Абайдың скрипачы болып көп жыл қолында болған Мұқа да жүр. О да шақырылса қайтеді. Ол қазақ күйлерін скрипкеге тамаша ойнайды, — деді.

— Ол да шақырылсын, оны сен тап, — деп Нәзекең Сапашқа тапсырды. Бұл күнгі дайындық мәжілісі осымен аяқталып, тапсырма алғандар оларды тапса Нәзекеңе ертіп келетін болды. Айтқан қобызшыны, скрипачты тауып әкеліп, олар да программаға кірді. Ойын тәртібі қоюлана түсті. Аз күнде билет те дайын болды. Үлкен Семей, Заречная слабодке, Жана қала атанатын Семейдің солтүстік бөліміндегі қазақ жатақтарына жаяу жұрт билет тараттық. Қазақтың ән-күйін, ұлт ойынын аңсаған халық билетті қуана, құштарлана алды. Ойын февральдың, орта кезінде қойылды. Қырдан қала шыға келген, қысқы қала қызығына келген дала адамдары түскен үйде кездескен адамдар арқылы естіп, олар да тұңғыш ойынға көп келді. Тіпті билет жетпей, приказщиктер клубы лық толып кетті.

Ойын шымылдығы ашылар алдыңда Нәзекең қазақ ұлт ойынының осы кешінің ерекше мазмұнын және мақсатын түсіндіре, сонымен қатар қазақ халқының асқақ ән, күңіренген күйінін сахнаға шығып, өзіміздің туысқан елдеріміздің өнері, әдебиеті қатарында бұған да жол ашатын уақыт жеткенін айтып өтті. Сонан ойын шымылдығы ашылып, алдымен сәнді киінген сал жігіттер, қолдарында домбыра, олар шықты. Енді сахнаның бір бүйірінен бұрала басып қасына қыз, келіншектерді ертіп Сара тұлғасындағы Тұрар шықты. Олар екі жағына дайындалған кемерлі тақталарға отырмастан айтысты бастай жөнелді. Бұл ұлт ойыны кешінде маған тиген қызмет суфлердің міндеті. Бұрын сахнаға шығып жаттықпаған қазақ жастарына, жаудырап отырған қалың қауымның алдыңда сайрай жөнелу оңайға түскен жоқ. Мен де қабақ қақтырмай сәл мүдірген жерін құлағына құйып отырмын. Біржан болып ойнаған жігіт салмақты кербез үнмен ә дегеннен-ақ елді үйіріп алды. Қасындағы көтермеші сал жігіттерді бастаған Қаныш, Қалилар қоздыра айқайлап ду көтеріп отыр.

Қолына ұстаған домбырасын әнге келтіре шертпегенмен, құлақ, күйін тартқан болып Тұрар да құйқылжыта жөнелді. Ел аузындағы аңыз-айтыс дастаны болып келген Біржан-Сара айтысы тұңғыш сайланып сахнаға шықты. Кейде шаһар халқының дәстүрімен өзімен қатар отырған татар адамдарының үлгісімен қол соғып, кейбір қызба табан қазақ жігіттері «Соқтырт! Серілер!» — деп айқайлап та жібереді. «Мына Сара болып сайрап отырған қайдағы ақын қыз?» деп дабырлаған сөздер де естіледі.

Ойынның бірінші бөлімі Біржан-Сара айтысымен аяқталып, демалыс жасалды. Бірін-бірі кимелеп, бірінен-бірі жамыраса сұрағандары халықтың — «Біржан болған кім? Сара болған кім? Олар қайдан келген?» деп өндіршектейді.

Ойынның екінші бөлімінде Жанақ пен Сабырбай айтысының шағын елесі берілді. Жанақ болған Әлмағамбет қолында қобызы бар жарбиған шағын бойымен қаңылтақ жұқа әлпетін жарына:

— Мен-ақ, кедей болайын, сен-ақ бай бол,
Сен өзің төре қара бұлғақтай бер,
Сөзіңнің анау-мынау керегі жоқ
Былтырғы берем деген жамбымды бер, —

деп әлі де азғындамаған үнін күңгірлете тоқтады. Сабырбай бейнесін орындауға дайындалған Әбілхамит Шойынқұлақ қолына домбыра ал ып Жанаққа сұрғылт көзімен тесірейе қарап, Сабырбайдың жауабын іркілмей айтып жіберді. Ел аузындағы аңызда Сабырбай Жанақты бір ауыз өлеңмен тоқтатты деген дақпырт болатын. Сол аңыз ізімен Жанақ қобызын тастап жантая кетті. Сахнада отырған әлгі думан нөкерлері «Жанақ жеңілді» деп айқайлап жіберді. Бұл көрініс осымен аяқталып, программа бойынша Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін, Ыбырай Алтынсариннің «Насихат» деген өлеңін Назекең мәнерлендіре оқыды. Бұдан кейін жеке әншілерге кезек тиіп, Бекбергеннің Қалиы, екі ән айтты. Дауысы шырылдап шығатын, әнді айтқанда ұшып-қонып тыпыршып айтатын Қалидың әні жеңілдеу болып орындалды. Онан кейінгі кезек Қайықбай балаға берілді. Қазақтың жұпыны ғана киінген жас баласы домбырамен:

«Қайықбай менің атым қалықтаған,
Айт, дейсің қандай өлең, халық, маған?
Қатпаған қауырсыным мен балапан
Ұшам деп желге қарсы шарықтаған», —

деп бір әсем әнді орындағанда, халық өнерпазының жас үні көпке сондай ұнады. Бұлардан кейін Берікбайдың баласы күңірентіп қобыз тартты. Ол бақсының сарыны емес. Насын абыздың үнін сарнатты. Онан кейін Қорқыт күйінің бір бөлімін ойнады. Ойынның ақырында Абайдың скрипкашысы Мұқа Абайдың екі әнін скрипкамен ойнап, Ақылбайдың бір әнін ойнады. Халық сондай разы болып, осы ойынға қатынасқан татар зиялылары Рахметолла Елкібаевтар Нәзекеңе айрықша үлкен рахмет айтысты. Еңбектері жанғандай, әскери губернатор Тройницкийдің есігінде екі ай бойы телміріп рұқсат алған сауық кеші жақсы өтіп. Нұрғали ағай мен Нәзекең сондай қуанысты.

Ойынды аяқтап, қазақ ұлт әдебиеті — ойын кешінің тұңғыш шымылдығын ашқан саналы зайыптар Семей жұртшылығына бұрынғыдан да абыройлы көріне бастады. Бұрын от басында, затон астындағы госпитальдің фельдшерінің ғана келіншегі Тұрар Семей жұртшылығына сахна көркі болып танылды. Ойынның артынан сол кешке жиналған 918 сом ақша қазақтың мұқтаж оқушыларына таратылды. Мысалы, Петербургта оқитын, Томда, Омбыда, Қазанда, тары басқа жерде оқитын мұқтаж оқушылардың тізімі жасалып, соларға жіберілді. Осы ойынның қаржысын басқарған баспаға уәкіл болған Ақымның Қабдиы сол ақшаны тарату қызметін атқарып, үлкен алғыс алды.

Түнек заманның түнерген бұлтынан жылт еткен сәуледей Семей оқытушылар дайындайтын мектептің оқытушысы Нұрғали Құлжанов, оның жары қазақтың сол кездегі аса мәдениетті оқыған қызы Назипа Құлжанова осындай бір игілікті істі бастап еді.

***

Школға түсіп, қаланың шет жағында тұра бастағаннан кейін Мұқаметқалимен қоп кездесе алмадым. Мен сол школға түсіп оқып жүрген жылдарда Семейден Сібірге қарай теміржол салу жұмысы басталды. Жолдың Семейден басталған жері осы күнгі Семей станциясы тұрған жер, мен тұратын үйге жақын еді. Көктемде күн ұзақ, оқу ерте бітеді. Оқудан қайтқаннан кейін жоғарыда айтылған газет-журнал оқуға бармайтын күні сол жұмыс істеп жатқандарға барам. Ондағы ойым өзіміздің елдің адамдарын кездестірсем деп, елге, ауылға сағына қараймын. Кейде ол ойым орындалып бірлі-жарым таныс адамдар кездеседі, олардан ел жайын, ел арасында қандай әңгіме бар, сұрап сүйсіне тыңдаймын.

Осындай бір таныстарды іздеп келгенімде Мұқаметқалиға кездесе кеттім. Ол ағасы Байғалимен және өзімен бірге Ложкин байда жұмыс істейтінін бір жігітпен бірігіп осы жол жұмысына түсіпті. Қуаныса амандасып, хал-жай сұрасып, жалпылдап қалдық. Сөзді Мұқаметқали өзі бастап:

— Жаңа салынатын жолдың жұмысындағылардың табысы көп, соған қырдан келген жұмысшылар топталып жүріп жатыр деп естіп, ана жолдасым екеуміз осы жол жұмысын басқаратын конторға келіп сөйлесіп едік, бізді сондай қызықтырды. Оның үстіне қырдан Бәйкем де, осы жұмысты естіп бір ат жалдап алып келе қалғаны. Сонан байдан есеп алып, осы жұмысқа түстім. Бәйкем атпен жолдың төсегіне топырақ тасиды. Жолдасым екеуміз сол тәшкеге қазылған топырақты толтырып тұрамыз. Табысымыз жаман емес. Алғашқы есеп алғанда жарты айға кісі басын он сомнан алдық, — деп Мұқаметқали жана жұмысқа түскен, еңбектің өнімді жағын іздеген қабырғалы жігіт болып алыпты.

Жол жұмысы Белағаш жазығына қарай созылып қаладан алыстай берді. Мен Мұқаметқалимен қайтадан кездеспедім. Школдың оқуы аяқталып жазғы демалыста аз уақытқа ауылға қайттым. Қаланың тар көшесі тапшы да, жанталасты қыспақты тіршілігі ішті пысырған. Кең далалы алқам-салқам өмірге құштарлана ауылға келіп аз дем алдым. Доңыз жұтынан кейін біздің ауыл жайлауға көше алмады. Дегелең тауының бауырындағы қара бұлақ бойы, сол маңдағы кедей жатақ ауылдардың жаздағы қонысы. Оңтүстігі өзінше аспан кимелеген Дегелен тауы. Әсіресе, Ұялы шыңы көгілдір мұнарға бөленіп өзіне заман сырын жиғандай желін аңыратады. Шығысынан шөккен буыршынның молтақ өркешіңдей екі шоқысын ерейтіп Қосшоқы адыры жатыр. Осы Қосшоқы адырының солтүстігінде Қарабұлақ арнасы болып тұрған Көкек деген шағын адыр жатыр. Сол адырдың қойнауында бірнеше жерде төбе беткейінен қазылған құдықтар бар. Оны ел Кенқазған дейді. Осы құдықтарды әдейі барып көргенімде, құдық су шығаруға қазған емес, өзін ағашпен қиған. Шұңқырдан шыққан тастар көкпеңбек татқа боялған. Мұны ел алтын кенінің тасы дейді. Сұрастырып көрсем өткен ғасырдың орта кезінде ағылшын кеншісі келіп алтын іздеп қазған көрінеді. Бірақ қалайша қала салып кенін түбейлей қазбай кеткен себебін ешкім ашып айта алмайды. Шіркін сол Көкек сол Көкек кені үлкен өндіріс болып орнаса, мәдениет іргесі де орын тепкен болмас па еді деп ойлайсың. Осы сияқты асыл кеннің бүйірі табылған алқапқа көз тастап, сарғайған үнсіз далаға ой жүгіртесің. Шіркін, мынау ұйқылы-ояу дала қашан өнер-білімге бөленеді дейсің... Дегелең тауы онша көлбеп жатқан көлемді тау емес. Бірақ айналасындағы ұсақ адырлы жазық алқапта бой көтерген тау, оның оңтүстік шығысындағы Ұзынбұлақ өлкесі, солтүстік бауырындағы Қалыбай бұлағы. Бұл салалар балқашты, шабындылы өлкелер. Тал мен қайын аралас өскен сай-салаларындағы тоғайлары да жазда ну болып өседі. Бұл екеуіне жетпегенмен, оңтүстік батыстағы Байтілес, Тоқта, Күшік бұлақтары, солтүстік баурайындағы Алдаберген, Тоғыз тарау бұлақтары, күншығыс қара тұмсықтағы Ботабұлағы, сондай бір әсем де қызықты қоныстар. Не керек осы сияқты сан салалы, балбыраған өлке, мөлдір бұлақты жерде бір де бір мектеп жоқ. Анау далаға құйылып жатқан суды тоғандап егінге, басқа өндіріске пайдаланып отырған қауым жоқ. Бірі мен бірі таяқ тастам жерге таласып-қырқысып жүрген бейбастақ, берекесіз қауым. Осындай ойларға малтығып ауылда біраз тұрып әкеммен бірге Қояндыға аттандым.

II

Қоянды жәрмеңкесі

Қояндыға айдаған малымыз жоқ Әкемнің ескіше хат біліп, шаһар тіліне жатықтығы — біздің базарға апарар байлығымыз да сол. Өйткені, әкем немере тәтемнің күйеуінің малын базарлап бермек. Ол сауатсыз, базар тіліне орашолақ. Мыңға тарта қойы бар, соның біразын сатып, жылқы алмақ. Және керек-жарақ алмақ. Осыған ұстар қаражатын да, сататын малын да әкемнің қолына бермек. Ал, әкемнің онан алар табысы — өзіне қажетінше ақша ұстап кәсіп етпек.

Сонымен сол апа, жездеміздің ауылы Қоянды маңын жайлайды. Солармен ілесе жүріп, жәрмеңкенің ашылар кезінде басында болдық. Алдымен бір кішіректеу киіз үйді жалдап алып, оны жәрмеңкенің күншығыс жақ алабындағы өзеншенің томарына тігіп орналастық. Біраз ашылысымен жездемнің базарға сататын қойларын айдатып әкеліп соны базарлады. Жүзге тарта еркек қой, бойдақ қойлары біраз ақша болды. Жездей өзі апайым мен кішкене баласын алып келген-ді. Өздеріне қажет керек-жарағын алды. Және жылқы яки бірнеше бие де алды. Сонымен оң кісі бір-екі күн болды да ауылына қайтты. Әкемнің қолында біраз ақша қалды. Сол ақшамен мал алып сатып, біраз күн кәсіп етеді. Ол кісіге менің жәрдемім — түндегі күзетін атқарам.

— Біз де қайтамыз Сапарғали, сен бүгін өзіңе бір етік, кемзал-шалбар алшы. Магазинге баралық, — деді Әғкем. Мен ол кісіні Әғке дейтінмін.

— Жарайды, — деген ризашылық білдіріп базарға жүруге дайындалдық. Менің өз ойым бар. Ол осы жәрмеңкеге келісімен көкейдегі бір мақсат еді. Жәрмеңкенің үлкен магазиндері бар көшесіне кіре беріс жағында кішкене үйшік дүкенше тұратын. Оның маңдайында араб әрпімен жазылған жарнама ілінген. Жарнаманың жазуын қасынан өткен сайын қызыға оқитынмын. Ол жазу: «Осы дүкенде «Айқап» журналына жазылуға болады. Жылдық бағасы үш сом» деп әдемілеп жазған. Мені қызықтыратын осы жазу, «шіркін, «Айқап» журналына жазылып, жыл бойына алып тұрсам» деймін. Оған төлейтін ақшаның есебін таба алмайтынмын. Осы ойымды Әғкеме айтып, бір киім орнына осыған жазылсам деп қоя жаздадым. Базарға аттанып, тап сол дүкеннің қасына келгенде Әғкеме:

— Мына бір дүкенге соға жүрелік, — дедім.

— Онда киім-кешек жоқ қой, — деп Әғкем бұрылғысы келмеді. Мен оған:

— Киім болмаса, басқа бір нәрселер бар шығар, — деп еркіндеу сөйлеп бастап алып келдім, Әғкем арабшаны жақсы танитын кісі, дүкеннің маңдайшасындағы жазуды оқып:

— Журнал сататын жер екен ғой, — деп маған күлімсірей қарады. Оған ішім жылып еркелей бастадым.

— Әғке, осы журналға мен жазылайын, киімге деген ақшадан бір үш сом берсеңіз, — деп еркелей айттым.

— Сапекеш-ау, журнал киім бола ма? Оны жылдап жазылмай-ақ алып оқымайсың ба? Ана оқып жүрген школында жоқ па? — деп Әғкем өз ұғымындағы сұрақты қойды. Ол кісінің ұғымында школда болмайтын кітап, журнал жоқ деп ұғады.

— Әғке, сіз қызықсыз, орыс мектебінде қазақ журналы қайдан болады. Бұл журнал Троицкий қаласында шығады. Қазақтың азаматтары ол журналға қазақ жайын, жер жайын, білім жайын үзбей жазады, — деп барлық жақсылықты журналға тіркеп жатырмын.

— Ондай көп білім берсе жазыла ғой. Алла өзі жеткізер, — деп өзінің тәуекелшіл сенімін де айтып қойды. Қуанышым қойныма сыймай, Әғкемнен үш сом ақшаны алып «Айқаптың» уәкіліне келдім. Ол өзіме аздап таныстығы бар мұғалім

Мұстақым Малдыбайұлы екен. Ол кісіні Нұрғали ағайдың үйіне келгенде көргенім барды. Жөн айтып сұрасып, журналға жазылып, адресін жаздырып құлақ қағаз алдым. Журнал алдыратын оқыған кісі болып мақтана атыма міндім.

Жәрмеңке тарады. Біз елге қайтуға бет алып, алдымен Қояндыға таяу келіп жайлап отырған жездеміздің аулына келдік. Бірнеше күн ат тынықтырып, Кемердің кең жайлауында болып тынықтық.

Сонан елге қарай жүрдік. Біздің бұл жерден жүрер жолымыз Кемер үстіндегі жайлау елінің ішімен Қу тауының бауырымен Майлықара жолына қосылатын ел іші болып келеді. Жездеміздің аулынан ара қонып Қу тауының бауырына жеттік. Қу тауының солтүстік баурайындағы Мырзакөлі атанатын шағын көлдің басына келіп түстік. Аты таудай болғанымен кел Қу тауының солтүстік сілемінен шығатын бір-екі бұлақтың суын бөгеп қолдан жасалған көл екен. Көлдің оңтүстік қабағында қалың зират. Онда бірнеше адамдардың басына орнатылған құлпы тастар тұр. Олардың бетіне жазылған өмірбаян тәрізді қысқа жазулар бар. Бұлардың бәрінен де мені қызықтырған елсіз даладағы салынып жатқан он алты бөлмелі мектеп үйі. Мынау нуға бөленген Қудың тауы. Оның өлкелей аққан өзендерінен қолдан бөгеген көл. Ал, көлдің күншығыс солтүстігінен ала көк шалғынды алқапқа салынып жатқан тамаша мектеп үйі. Бұл білім ұйтқысы болмақ.

Біз келіп, қосымызды тігіп, атымызды отқа жіберіп, жол азығымызды қолға алған кезде көлдің ық жағындағы қараша күркеден, қоян бөркі бар, аласа бойлы, шоқша сақалды сары шал біздің қосқа келді. Тап қостың қасына келгенде:

— Ойпыр-ау, үлкен ақсақал ғой, — деп Әғкем сәлем берді. Шал көзін қолымен көлеңкелей қарап:

— Уағалайкүмассалем, — деп сәлем алып, — Уа, Ысқақжанбысың? Аманбысың? Ел-жұрттарың аман ба? — деп шал қауқыладай келіп қостың қасына отыруға ыңғайланып еді, Әғкем:

— Үке, жоғары шығыңыз, — деп арбаның дертесінен жасаған қостың төріне шығарды. Екеуі үй-іші, ауыл-аймақ жайы дегендей жай-жапсарды сұрасып, мүлде мәз болып отыр. Әғкем біраздан кейін:

— Үке, немене, жатақта қалып қойғансың ба? Балалар қайда? — деп жай-күйін сұрай бастады. Шал тысы тозынқыраған қоян бөркін кейінірек серпе киіп, сақалын бұртиған қысқа саусақтарымен тарамдап қойып:

— Ысқақжан, иә, алдыңғы жұттан бәрі ел санатына ере алмай, осы көл басында қалып жүрміз. Балалар кіре айдап кәсіп соңында, — деп бір тоқтап, — бұрын да естуің бар шығар, мына келді. Мырзаның көлі дейді. Сірә, Баймұрын мырза, «көктемнің көлкіген суы далаға кетіп жатыр. Жылқы жүзіп ішпей суға қана ма. Жылқым жүзіп ішетін көл жасандар» деп, бүкіл Жарылғаптың жұртын жинап, осы көлдің орнын ойғысып, анау Қу тауынан шығатын екі бұлақтың арасын бұрып осы ойпатқа құйғызыпты. Сөйтіп қол жасатқан екен. Осы көлдің басына көктемде бие байларда, күзде бие ағытарда келіп қонады екен. Ал, осы көлдің басына сол мырзаның немересі Хасен мырза мына бір үлкен сарай салғызып жатыр. Осы жердей мектеп ашамын, ендігі балаларды орысша оқытамын деп соның қабырғаларын қалатып қойды. Енді Қарқаралыдан ұсталар алғызып іші-сыртын әшекейлемек. Осы жәрмеңкенің артынан келмекші. Мен өзім осы үйді күзетіп отырмын, — деп шал барлық жай-күйін айтып шықты. Мына көлдің басынан мектеп ашпақ деген шалдың сөзіне елең ете түсіп:

— Ата, ол кісі өзі орысша оқыған ба? — деп сұрап қалдым. Шал менің бетіме ойлана қарап:

— Хасен мырза орысша оқымаған адам ғой. Сол орысша білмегеннен ана жылы айдалып Петерборға барғанда қоп кемшілік көрсе керек. Сонан келісімен: «Орысша тіл біліп, хат танымаса адам қор болады екен» деп өз үйінен мектеп ашты. Оз айналасының балаларын оқытып, тіпті өзі бастап Жорабек сияқты атқамінерлерді жинап оқытты ғой. Оған ел ішінің адамдары сыртынан күлді де, бірақ оған Хасен бай намыстанған жоқ. Өз ауылы келімді-кетімді кісісі көп болып, ыңғайсыз болған соң, келер жылы ана Нұрмақтың үш бөлмелі ағаш үйін школ етіп ашқызды. Қарқаралыдан учитель алғызды. Сонан оқыған балалардың алды Қарқаралыға, одан анау Омбыға дейін барып оқып жатыр. Екі бөлме, үш бөлме үй аз болып, оқушы көбейсе керек, сонан осы үлкен мектепті салғызып жатыр. Ендігі ойы осы елдің балаларын орысша оқытып жеңілтпек көрінеді. Қолынан бәрі де келіп тұрған адам ғой, — деп шал Хасеннің қолынан келмейтін нәрсе жоқ деген ұғымын айтып қойды. Шалдың Хасен бай айдалып Петерборға барғанда дегені тағы бір ой қозғады. Мен әке алдыңда әдептілік етіп қайта-қайта жалпылдап сұрақ беруге бөгеліп отырғанымда, Әғкем де бұрын сырттан естігенін анықтай түскісі келді ме:

— Үке, Хасен мырза сол барғанда қанша жүріп қайтты? — деп сұрап қалғаны. Әкемнің мына сұрағы менің ойыма үйлесіп, шалдың аузына аңырая қарай қалдым. Шал біраз ойланып отырды да:

— Хасен мырза жауапты болып, жер ауып, үш жылдай елде болмады ғой. Қазақтын қамалы бар емес пе, «жақсының артынан сөз еретін, жаманның етегіне шөп ереді» деген. Ел иесі адамға сын да, мін де көп қой, — деп тоқтады. Шалдан Хасен байдың айдалу жайын анықтап біле түскім келіп:

— Ол кісі неге жер ауды? — дедім. — Шал қолындағы ырғай таяғымен от басында жатқан бір бұтаны қозғап қойып:

— Ұлықтарға бір қылығы жақпаған болар. Ол жағының жай-жапсарын біз біле береміз бе? Елдің айтатыны — патшаға қарсы келгендерге байланысы бар деп көрсеткен дейді. Сонан тергеліп, патшаның өзіне арыз беріп ақталыпты, деседі. Әйтеуір ұрлық, өтіріктің жаласы емес, — деп даусын баяулата тоқтады.

Шал біздің қостан дәм татты. Әкем: «Мына балаңызға батаңызды бер» деп шалға бір қадақ қант, бір қол орамал берді. Шал батасын саулатты. Мен әкемнің мына мырзалығына қайран қалып отырмын. Ол жерден аттанып шықтық. Енді әкемнен шалдың жайын сұрадым. «Сіз оны қайдан білесіз?» деген менің сұрағыма, әкем:

— Бұл шалдың аты Үкібас. Өзі біздің Дегелеңдегі Шақабай. Бірақ ертеректе осы Қу еліне көшіп кеткен болатын. Бұл кісінің маған істеген бір жақсылығын өтесем деп жүруші едім. Бүгін сәті келді, — деп әкем өзіне-өзі разыланып, бір қарызынан құтылған кісідей болды. Әкемнің «бұл кісінің маған істеген бір жақсылығы» деген сөзі ойды қозғап:

— Әғке, ол кісі сізге не жақсылық істеді? — деп сұрап едім, әкем:

— Ол бір ұзын сүре хикая — деп елтірі тымағының милығын көтере бүктеп қолдан қалпақ жасап киді де, әңгімесін бастады: — Оған да біраз жыл болып қалды. Қоянды жәрмеңкесіне келдім. Көңілімде осы жәрмеңкеден бір жақсы ат алсам деп ойлап келгем. Өткен күзде мініп жүрген сұр жорға атым жамандатып өліп қалып, ат іздеп жүргем. Онда жұттан бұрын қолым пұлсыз емес. Айдап келген базарлық малды сатып және ақырындап жәрмеңкеге мал айдаған елдің алдынан шығып, оны саудалап кәсібім де жақсы болды. Жылқы базарын аралап келе жатып, өзіміздің елдің жылқылы жігіті Әділқанға кездестім. Ол Қояндыға біраз жылқы әкелтті. Соны келіп көріп едім, ақбас қызыл-көк ат жылқының мұсіні. Өзі алтыдан жетіге шыққан. Ұстап тұрған кісінің қолында тұрмайды. Екі құлағы тас төбесінде, мүсінін қолдан шапқандай. Бар айыбы — тарпаң, қашаған. Атқа қызықтым. Әділқан замандас таныс адам. Атына сөйлесіп көріп едім, «Базар нарқынан артық сұрамайын. Өзің көріп тұрсың, бірнеше адам қызығып келіп, мінезінен тайқып кетті», деп атының сырын айтты. «Асау үйренбей ме, қашаған қолға тұрмай ма» деген ел нақылы ойыма келіп, ақбас атты алмақшы болдым. «Жақсы ат жанында болғанша, тақымында болсын» деген халықтың мақалы аузыма оралып, аттың бағасына келістім.

Атты жетегіме алып, Әділқанның ақшасын санап беріп қосқа келдім. Өзімізге қараған ауылдың жәрмеңкеге айдаған малын бағып, енді жәрмеңке басында ат бағып жүрген Шөкім деген кісі бардым. Жасынан жылқыны көп баққан, сан асаудың құлағында ойнаған атқұмар адам еді. Атты сол кісіге әкеліп, «мынаған ие болыңыз» дедім. Қызыл-көк аттың алды-артынан шығып қарап: — «Мынау бір саңлақ қой, өзі. Қолға тұруы да қиын болар. Көзі шарасына сыймай тұр екен», — деп қолына алып жетектеп, мойнынан, арқасынан сипап көрді.

Қоянды адырының қойнау сайларына апарып жайып қайтатын әдетімен Шөкім кешкілікте аттарды алып кетті. Басқа қостан қосылған атшылар тобы бірігіп аттанды. Біз кешкі ас-суымызды ішіп жатып қалдық. Таңертең ерте тұруымыз керек. Бір мезгілде басымды жұлып алып сыртқа шықсам, жаздың қысқа таңы сіберлеп атып келеді екен. Шөкім бағуға әкеткен аттарын жетектеп суыт жортып келіп, аттан түсе қалды. «Қызыл аттан айрылып қалдым» деп отыра кетті. Ыстық-суығы басылмаған, жанға өлшеп алған жақсы аттан айрылу маған да оңайға түскен жоқ. «Ең болмаса ер-тоқым салып үстіне де шықпадым. Шіркін-ай, мынау қара құрттай қайнаған жәрмеңке маңының қай жерінен қарап табамын» деп жер соқтым. Дегенмен, тіпті үнсіз-түнсіз қалдыра алмай, «ең болмаса сұрау салалық» деп бірнеше кісі атқа міндік. — Шөкімнің айтқаны:

— Мына шобырларға мініп қуып көріп едім, маңына дарытпады. Қапыда менің қолымнан жетегі шығып кеткен сәтте-ақ тура Егіз-қызыл жаққа бет алып құйындай ұшты. Өзі де әбден бабына келіп жарап алған екен, — деп аттың күйін сүйсіне айтты.

Сол Шөкем айтқан бетке қарай сұрау сала жорттық. Кіммен кімнің ісі бар. Көрген-білген адам кезіге қоймады. Қаншама атырапты шарлап, елді жерлерге барып сұрастырғанмен хабар ала алмай қосқа яки жәрмеңке басына қайтқалы бет алып едік, алдымыздан екі салт адам кездесе кетті. Амандасып жөн сұрасып едік, Дастар болысына қараған адамдар екен. Біз де жөнімізді түсіндіріп, іздеп шыққан жоғымыздың жөнін айтып едік, біріне-бірі қарап:

— Аттарыңыздың түсі қандай еді? — деп сұрай қалғаны. Мен қуанып кеттім.

— Қызыл-көк. Семізден жараған. Алыстан көргенде кесер басы қылаңытып ақбастанып көрінеді, — дедім. Әлгі екі адам тағы да біріне-бірі қарап:

— Онда біздің көргеніміз сіздің атыңыз болар. Біздің ауыл мына Егіз-қызылдың бауырындағы қайнарда ғой. Таңертең жылқышылар өрістегі жылқысына келіп қосылған бейсауат атты көріп, ұстаймыз деген екен, маңына дарытпапты. Соман жылқы өрістен қайтқанда әлгі ат ойқастап мына Түңілік өзеніне қарай жөнеліпті. Жылқышылар ауылға айтып келісімен дәмелі деген ат-айғырмен үш-төрт жігіт барып қайырмақ, ұстамақ болған екен, шалдыртпапты. Дегенмен жан-жағынан тоса қамалай қайырып аттың артынан түскен екен, ат тура Кемерге қарай тартып, алдыңда жатқан қалың жылқыға барып кіріп кетеді. Біздің жігіттердің алдынан көп жылқының жылқышылары шығып, жылқының тобына кіргізбейді. Жылқы Хасен байдың қосы екен. Оның жылқышысы қосын аралата ма, біздің жігіттерді айдап шығыпты. Сірә, сол сіздердің аттарыңыз болар. Қуған аты сіздің айтқандарыңызға тура келеді — деп сөздерін тоқтатты.

Біз бұл жігіттердің аты-жөнін анықтап сұрап алдық. Онан атты қуып барып Хасен қосына қосып қайтқан жігіттерді сұрастырып, енді сол елге бет алдық. Әлгі жігіттердің айтқан жобасымен атты қуып, Хасен қосына қосып қайтқан жігіттерді тауып сөйлестік. Аттың түсі, түгі Шөкім айтқан бет, алып қашып шыққан тұсы үйлеседі. Ал, ол қосқа тура барып сұрағанмен Хасен сияқты азулы ауылдың жылқышысы бізге атты бере қоя ма? Бар тиянақ аттың қайда барған беті анықталды. Енді атты сұраудың жолын іздедік. Қосқа қайтып келіп ақылдасқанда тапқанымыз Ақайдың Хасеннің өзіне бару керек. Оған Телебай аулының бір адамын алып бармаса, басқаға сөз бермейді деген қорытындыға келіп, Қоянды жәрмеңкесінде ашылған «Төтенше съезге» билікке шақырылған Телебайдың Омарына жабыстық. Ол кісі қандай кішіпейіл: «Өзім съезден босай алмаймын. Мына хатты апарыңдар» деп Хасенге хат жазып берді.

Хасен өзі жәрмеңке басында екен. Хатты алып жатқан үйіне келдік. Хасен үйінің маңы қаптаған кісі екен. Бізге бірден жол бермеді. Есік алдыңда сол үйдің кірген-шыққан кісілеріне басшылық көрсетіп жүрген жігітке жөнімізді айтып, Хасен байға жолығуды сұрап едік:

— Ол кісіге мына Ақмола жағының бір адамдары келіп жолығып отыр. Сол кісілердің аттануын күте тұрыңдар. Өзі бір жаққа барам деп те отыр еді. Қабылдар! — деп елеусіздеу үн қатты. Біз далада күтіп отырып қалдық. Үйде дуылдаған әңгіме, кейде шырқалған ән де естіліп қалады. Бізге ән де, Хасен байдың ақ үйіндегі сән де қызықты сезілмейді. Бар ойымыз атымызға қолымыз жетсе дейміз. Не күндегі қасиет жоқ, не тиянақты алған жауап жоқ. Мұндай кезде адам тез зарығады ғой. Сөйтіп тықыршып отырғанда, Мұсатайдың Шайхысы келе қалғаны. Ол мені танып:

— Жиен, мұнда неғып отырсыңдар? — деп сұрай қалғаны. Мен жұмысымның жөнін айтып едім, — Жүріңдер, — деп бізді ертіп Хасен үйіне кірді. Хасен бізді онша елей қойған жоқ. Шайхымен амандасқаннан кейін, Шайхы біздің жайымызды айтып:

— Мына Ысқақ біздің Жұртекеңнің жиені, күнсіп сыртқа отырып қалыпты. Сізге Төтеңнің Омарының жазған хаты бар екен. Жөніне салғаныңыз жөн, — деп адамшылық айтқаны. Мен Хасенге Омардың жазып берген хатын бердім. Хасен қоңыр қабақпен қолына алды. Хатты оқып көріп маған қарап:

— Ол неғылған ат, шығаннан шығып біздің қосқа барып қосылып жүрген. Сірә, ана сіздерге айтып жүрген Дастардың ала-аяқ қулары өздері ұстап алып, бетін аударып өздерді әурелеп жүрген жоқ па екен? — деп тоқтап, ұзын мұртын сылай қуларына қайыра сипап Шайхыға қарады. Шайхы Хасеннің «Дастардың қулары» деп сөзін есіне тигізе айтқанын Шайхы да аяқсыз қалдырмады.

— Бізге Дастардың жігіттерінде ауыл арасындағы әзіл-қулығы болатыны рас. Тонтай ақсақал айтқан екен: «ойныма өтірік қоспаймын» деп. Мына сияқты қан базарда, жесірлік атынан айрылып жүрген ағайынға ажуа ете қоймас. Сіздің Жарылғап атамның балаларының томырық, тоңмойын, өзімшіл екені де рас қой, — деп ел мінезін аз сөзбен айтып тастады. Хасен қайтадан өршеленіп сөз таластырған жоқ. Аз отырды да:

— Онда біздің ауылға барып, Әбден деген, ауыл көш-қонын, мал-жайын басқаратын адам бар, соған мен жіберді деп айтындар. Егер, біздін қосқа келген болса, жөнін айтар, — деді. Біз ол кісіден батып хат сұрамадық. Сөзіне сеніп, Хасен байдың аулына келіп, Әбденді тауып, жөнімізді айттық. Бұл бір керауыз екен. Тіпті Хасеннің өзінен де маңызды, бізді кісі деп есептесер емес.

— Мен қосқа ондай ат келіп қосылды дегенді естігенім жоқ. Дастардың қуларының сендерді ажуа қылып жүргені шығар, — деп өзімізді тұқырта бастады.

— Аяғынан шығып кеткен мал еді. Ағайын қосына қосылса бұралқы болмас деп едік. Жылқышыдан анықтаймыз, — деген сөзді тыңдамады. Салымыз суға кетіп, қайтқалы сыртқа шықтық. Біз аттануға айналғанда жұпыны киінген орта жастағы адам, жақындап келіп бізбен амандасып:

— Жастар, мені танымассыңдар. Менің атым Үкібас. Сүйегім Шақабаймын. Дегелеңде туып-өскем. біраз жылдан бері осы мырзаның ауылында дәмдес болып жүрмін. Сендердің келген жайларыңды естіп, Әбден қудың бұлаң құйрыққа салғанын естіп, шыдай алмай келіп тұрмын. Аттарың осы Хасен қосында. Олар жылқысын ешкімге аралатпайды. Анау өрістегі қалың, топтың ішінде. Әдейі барып көріп едім, өзі бір саңлақ екен. Әбден соққан соған қызығып өліп отыр ғой. Тура Хасеннің көіне барыңдар. Ат осында екенін жеткізіп беделді кісіге айтқызыңдар, — дегені.

Мен сондай қуанып кеттім. Сасқанымнан Үкеңе, «айналайын, ағатай-ай» деппін. Әбденнен бетіміз қайтып, қайтадан жәрмеңке басына келіп, барлықжайды Омекеңе айтып, «Өзіңіз кіріспесеңіз болмайтын түрі бар» дедім. Ол кісі кешкілікте уақыт тауып, мені ертіп барып Хасеннің өзіне барлық жайды айтып:

— Мына Ысқақтың аты сіздің қоста көрінеді. Аяғынан барып, ағайын қосын паналаса, не ерсілігі бар. Ана Әбден деген қуың бұларға жөнін айтпапты. Атын алғызып бер. Адал малы ғой, — деп әмір ете сөйледі. Омарды Хасен қатты сыйлайды екен:

— Ондай қос паналап аяғынан қосылса, аттарыңыз жоғалмайды. Ертең мына ат иесі келісімен бір кісі қосып беремін. Барып алсын, — дегені. Сөйтіп әрең дегенде атымды алдым. Қай жорыққа мінгенін қайдан білейін, атымды сол екі ортада қызыл-май қылып, аяғын кетіріп қинап тастапты. Әйтеуір көзін алдым. Мен Үкеңнің ол жақсылығын неге ұмытайын. Сол атыма қайта барғанда үстіне көйлек, бір тақта шай апарып бергем, — деп әкем сөзін аяқтады. Менің қоз алдымнан еліміздің салт-санасындағы алық-берік, адалдық пен өктемдік, зорлық пен сорақылық сияқты жағдайлар шұбырып өтіп жатты. Бірақ, мына сияқты халыққа ағарту мектебін салдырып, азаматтық етіп жатқан Хасен ақсақалға бәрін кешкендей ішімнен өте разы болып отырмын. Адам парасатын ашатын өмір күресі-ау деймін ішімнен. Егер мына Хасен бай ұлықтардың қаламына ілініп, сонау Петерборға айдалып бармаса, сол жолында сауатсыздығынан маңдайына тас тимес мына сияқты игілікті іске дәулетін жұмсар ма еді? Әрине, жұмсамас еді.

ҮШІНШІ ТАРАУ

I

Қояндыдан оралысымен біраз ауылда болып, өткен жылғы әдет бойынша Семейге келдім. Тағы сол подретщикке жәрдемші хат-шотшы болып істеп жүрдім. 1914 жылғы басталған қанды соғыс жорығы қырғын-бүлік болып жүріп жатыр. Ол жылдарда Семейде басталған темір жол тәртіптеліп жүре қойған жоқ. Әскерді пароход, баржымен жөнелтеді. Соғыстың аты соғыс, елде үрей жоқ. Ол уақытта қазақтарды әскерге алмайды. Ал, әскерге алынған, майданға жүргізетін әскери қызметке міндетті халықтың азаматтары топ-тобымен майданға үздіксіз жүргізіледі.

Соғыс дүрбелеңі күшейе түсті. Әскерді майданға үсті-үстіне жүргізіп, пристань басы ылғи соғыс сұрапылынан дүрлікті де тұрды. Тек әскер жүргізу ғана емес, соғыс тұтқындары топ-тобымен ағылып әкеліне бастады. Жат елге, тілін, тұрмысын білмеген халыққа түтқынға түскен адамнан мүсәпір жан бола ма. Алғашқы келген әскери тұтқындар көбінесе австрицтер, артынан венгрлер, кейіннен чехтар келе бастады. Ә, легенде қала халқы бұлардан шошына қарап, жауласып түскен жат елдің жорықшысы деп жек көріп, жиіркене қарады.

Алдыңғы келген әскери тұтқындардан жүкшілер тобы белгіленді. Олардың өз ішінен аздап орысша білетін басшылары болды. Жұмысқа шығулары, дем алулары, жұмыс кезіндегі тәртіптілігі айта қаларлықтай. Және өзара тілдескенде де үндері сондай сыпайы.

Бір күні майданға бір толқын әскерлер жүргізілетін болып пристань басы дуылдап кетті. Майданға адамын шығарып сала келгендер күйзеліс, күңіреніс күйін шерте келеді ғой. Әсіресе баласын шығара келген әйелдер өте ашулы да ызғарлы. Осы кезде жүретін пароходқа таяу тұрған жайма алаңға бір баржы келіп орналасты. Бұл баржыдан келген жүкті түсіріп, және қайта жүк тиеу біздің топқа тапсырылған. «Жүк тез түсірілсін, қайтадан әскери жабдық тиеледі деген бұйрық болып, тұтқындардан құралған жүкшілер бізге көмекке келді.

Біздің жүкшілердің бастығы мақтаншақтау, аздап орысша жауап қайтара білетін үлкен білімге санайтын адам еді. Әлгі кісі тұтқындардың бастығына:

— Твой солдат плен, в у меня работайт — деп қыр көрсете тіл қатты. Мына кісінің не айтқалы тұрғанын ұққан болуы керек, орысша жап-жатық тілмен:

— Ничего, вместо работаем, наши солдаты то же рабочий народ, — деп жымиды. Жүкті қайдан алып, қайда түсіреді, анықтап алып, жабыла қол қойып бір кісідей қимылдап ілезде түсіріп берді. Қарауыл солдаттар топтап алып келген тұтқындардан алғашында сескене қараған қазақ жүкшілерді, аналардың тәртіптілігіне, жұмысқа жатықтығына ден қоя үйірлесе бастады. Оларға бетімен жүруге рұқсат жоқ. Темекі, сіріңке әкеліп бер деп қазақтарға нұсқалап айтып алдырып, разылық айтып қуанысады. Біздің жүкшілердің ішінде Ыбырайым деген жаны сері, кербез кедей кісі бар-ды. Оны ауыл арасында «мырза кедей» деп атайтын. Жаз айларында осындағы жұмысқа келіп, жеңіл-желпі жұмыс істейтін.

Біразда тұтқындарды баржаға мінгізіп бір жаққа алып кетті. Олардың орнына жаңа тұтқындар тобы келіп топырлап жатты.

— Бүгін жүк баржасы келмейтін көрінеді. Тек, Омбыдан бір пассажир пароходы келеді дейді. Сірә оның жүгін пароходтың өз матростары түсіретін болар. Дем алыңдар, — деп подрядчик бастық жүкшілерге күн тәртібін айтты.

Ондайда жұмысшылар қалаға барып, базарға шығып, таныстарына барып бой көтереді. Кісі таситын пароход деген соң мен сол пароходтың келуін күтіп қалаға шықпадым. Өйткені біздің ауылдардан пароходта жұмыс істейтін жігіттер болатын, солар кездесіп қалар деген ой болды. Және кісі мінетін жеңіл пароходтың өзін тамашалап көргім де келді.

Түс ауа төбесіне орнатылған «Михаил» деген үлкен жазуы бар пароход келіп пристаньға тоқтады. Маған керегі сәнді киінген жолаушылар емес, анау пароходтың матростары. Көптеген жолаушылар шығып, жалғыз-жарымдай берген кезде, бір қартаң әйелдің чемоданын көтерісіп Мұқаметқали келе жатыр. Көзіме оттай басылды. Алдыңан көлденеңдей асыға жүріп амандастым. Ол да бір-екі ауыз сағына амандасып: «Қазір мына кісінің жүгін арбаға жеткізіп берейін, тұра тұр» деп жөнелді. Пароход аузында күтпедім, солармен ілесе сыртқа атшылар тұратын жерге келдім. Мұқаметқали әйелдің жүгін қолына беріп, маған келді. Амандық айтысып жөн сұрасып мәз-мейрам болып қалдық.

II

— Біздің пароход осы Семейден Омбыға қайтады. Бір-екі күн осында болады. Мен капитаннан сұранып ертең қалаға шығам. Мына жақын жердегі қазақ аулында жолығайық, — деді. Мен оған жатқан үйімді айттым. Ол келетін болып, әзірше хош айтыстық. Ертеңінде Мұқаметқалиды мен үйде күттім. Оның бір әдеті уәдешіл болатын. Көп күттірген жоқ, айтқан мөлшерінде келе қойды. Ол кешегі мен көрген матрос емес, жіптіктей жігіт болып Кавказ адамынша киініп алған. Аяғында қисық табан етік, басында көк бұйра бөрік, үстінде қынама бел кавказ бешпент. Белінде жалпақ былғары белбеу, оның сол жақ мықындарында қынапқа салған шағын қанжар. Менің пәтер үйім өзімізге ағайындас Сейсенбай деген, бір атпен бержабайлық кәсіп істейтін, өзі кедей де болса жаны сері адам еді. Ол да түскі шайға үйіне келіп отырған-ды. Мұқаметқали сәлем беріп кіріп келгенде, Сейсенбай ағай аңырая қарап:

— Мен де Кавказдың бір адамы екен деп қалсам, Тәтеңнің Мұқаметқалиы екен ғой. Ал, жоғары кел! Өзін тамаша жігіт болыпсың ғой, — деп Мұқаметқалидың ширап есейгеніне разы болып қалды. Ол кейінгі үш жыл ішінде қайда болғанын әңгімеледі.

— Ойында бар шығар, анада өзін бізді темір жол жұмысында жүргенде көріп еді ғой. Содан біз Барнауылға дейін барамыз. Қыс түсе темір жолдың жер жұмысы тоқталып қалада біраз бөгеліп қалдық. Сол жерде қаланың әр жеріне жарнама қағылды. Бұл жарнамада Үркіт қаласынан әрі шығыс жақта Бодайбо деген жерге және «Лена» алтын кеніне жұмысшы алады. Енбек ақысы көп, жұмыс орнына жұмысшыны жалдаған байдың уәкілі өзі жеткізеді деген. Біз бірнеше адам баруға келістік. Бас-аяғы төрт жүздей адам болдық. Бізді Новониколаевск станциясынан отарбаға мінгізеді. Оған дейін атпен апарады.

Осыған тәуекел етіп жүріп кеттім. Отарбаға іліккен соң, көп ұзамай Үркіт қаласына келдік. Менің ен алғаш көрген үлкен қалам осы Үркіт қаласы болды. Бір кезде ел ішінде «Үркітке айдатыпты, Тескен тау өткізіпті» дейтін алып қашты әңгімеден естіген қалаға өзім бардым. Ол да кәдуілгі қала екен. Рас, ертеде сол Үркітке айдалып барған қазақтар болған екен. Олардың кейбіреуі үйленіп, кәсіп істеп, орнығып қалған екен. Базарында кездесіп таныстық. Бізді апаратын Бодайбо және «Лена» кендерінде жұмысшылар көтеріліс жасап, жұмыс тоқталып, ұзақ жатып қалдық. Күндігі бос уақытымызда қаланы аралап Ақтайлақ деген кісімен кездесіп үйірлестік. Менің қасымдағы жолдасым Телменбаев, ол екеуміз Семейден бірге шыққанбыз. Сол Ақтайлақтың үйіне барып таныстық. Сол қонақта отырғанда Ақтайлақтың көршісі қартаң орыс жұмысшысы бірге болды. Сол кісі:

— Сендер бұрын жол көрмеген аңғалсыңдар ғой. Мына барам деген кендерің өте қауіпті кен. Ақшасы қоп деп қызығып шыққан екенсіңдер. Біз де бір кезде қызығып барып әрең тірі оралғанбыз. Жар асты ылғи дымқос, тұрмысы сондай ауыр-ақ. Сендер өте жас екенсіңдер, барыңдар, — деп жаны аши сөйледі. Ақтайлық та оның сөзін қуаттап:

— Бұл кісі көпті көрген қарт жұмысшы, анау кен иесі, мына сендерді сыр білмейтін жерден әдейі барып жинатып әкеліп отыр ғой. Бұл маңайдың жұмысшылары төбесінен алтын құям десе оған бармайды. Ол кенге барған жұмысшыларды қарулы солдаттар айдап жүреді. Бұра тартса атып жоқ қылады. Сендерді жүргізе алмай бөгеп отырғаны да сол кенде үлкен көтеріліс болып жұмысшыларды қырғынға ұшыратқаны, — деп бізге ой салғаны.

Әрі бұрын көрмеген жат жерде жатып қалдық. Оның үстіне мына хабарды естіген соң бармауға бел байлап, қазақ жұмысшылары шартты бұзып, сол жерден қайттық. Сонан темір жолға мініп қайтып Кузнецкіге келіп, онан Новониколаевкеге келіп, еш жерге жұмысқа орналаса алмай, Телменбаев екеуміз Омбыға баруға бел байладық. Семейден бізбен бірге шыққан қазақ жігіттері Семейге қайтты.

Біз сол бетімізбен Омбыға келіп, жұмыс іздеп, Каребейников деген монша ұстайтын байға жалдандық. Монша жағатын кочегар жұмысын істейміз, таңертеңнен түн ортасы ауғанша үлкен пешке от жағып, жалынмен алысамыз. Сонда айымызға алатынымыз он екі сом. Бар жеңілдігі сол моншаның оттық үйінде екі тапшан бар, соған жатып, тұрамыз. Омбыда жататын үй табу өте қиын, — деп Мұқаметқали әңгімесінің желісін үзіп біраз дем алды. Оның бір әдеті ара-тұра қылжақ айтып, көніл көтеріп күлдіріп отыратын. Әлгі менің серігім Телменбаев бір қызық адам. Бір күні кебеже қарын кең сауыр орыстың бір әйелін ертіп келіп, «мынаны алатын болдым, сен мына тапшаныңды бізге бер. Өзің бір пәтер тауып ал» деп азап салғаны, анау әйелі қолына еркек тимеген бір сорлы білем, тіпті айрылар емес. «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байланыптының» керін істедің-ау. Басымызды батыра алмай жүргенде қатынданып» дедім. Ол шімірігер емес. «Қашанғы қатынсыз жүрем» деп қабағын жауып отырып алды. Амал бар ма, сол түнде қол жәшігімді арқалап бір таныс бержабайшының үйіне келіп түнедім. Сонан ертеңіне жұмысқа бармай, пристань басына барып пароходтағы жігіттерге сөйлесіп, олардың конторына барып, матрос болып жұмысқа түсуге келістім. Сонан Телменбаевқа қайта келіп, «Ал, жолдасым, тапшанды босаттым. Қашан шыққаныңша хош бол» деп жүріп кеттім. «Міне сол күннен осы пароходта істеймін» деп біраз тоқталды. Осы кезде сырттан:

— Уһ, әрең таптым ғой, — деп бір таңқы танау кексе әйел кіріп келді. Сейсенбайдың әйелі Жәмила жеңгейді кіржіңдеген қабақпен «апай екен ғой» деп көңілсіз қарсы алып еді, Сейсекең орнынан ұшып тұрып:

— Тәтең әпкем екен ғой, жоғары шық! — деп қалбаң қақты.

— Е, жұрағаттарым, ағайындарым, Сейсенжан, сені ат айдап, осы пароход аузында тұрады деп естіп келдім. Әрең таптым. — Даңғырлай сөйлейтін кісі екен өзі, осыны айтып, жайлана отырып дем алды. Аздан кейін сөзін қайта бастап:

— Сейсенжан, қалай жақсы жүрмісің? Сонау бір Тәнтік қажының баласына еремін деп, елден кеткеніңнен бері көрген жоқ едім. Аман көрдім. Дәм айдап Семейіне мен де келдім. Мені алып келген ана жалғыз жиендеріңнің жүрісі, — деп тоқтады.

— Немене, біздің жиен оқуда деп естіп едім ғой. Бір жаққа кетіп қалған ба? — деп Сейсекең апайынан баласының жайын сұрады.

— Иә, жиендерің сендерге тартқан, өз беті болмаса көнбейді. Осында, Тыныбай мешітінің жанындағы медреседе оқып жүретін. Сонан бір молдамен дос болып, сонау Жайсанға кетіпті. Ана дос болған молдасы мұндағы хазіретпен сиыспай Жайсанға біздің баланы ала кетіпті. Әлгі жезделерінің жайы белгілі ғой. Селбендеп кірпіш құйғаннан басқа не біледі. Мына кірпіш заводыңда жүріп сол Қондыжанның кеткенін де білмей қалыпты. Соны естіп, анау қырдан қалашыға еріп келгенім, деп тынымдап аз отырып, — енді сол Қондыжанды іздеп Жайсаңға өзім барайын деп келдім. Осы арадан Жайсанға баратын пароходқа мені мінгізіп жібер. Сол пароходта біздің елдің жастары жұмыс істейтін көрінеді, — деп өзінің ойын айтып барып дем алды. Біз Мұқаметқали екеуміз мынау әйелдің айтқан әңгімелеріне тандана ой жүргізіп отырмыз. Біразда әлгі әйел Сейсенбай ағайға қарап:

— Мына бір екі бала сол өзіміздің ауылдың балалары ма? — деп біздің жайымызды білмек болды.

— Иә, Тәтей апай, бұл екеуі де сіздің бауырларыңыз. Алдымен мені айтып, онан кейін Мұқаметқалиды айтты. Менің аздап оқып жүргенімді Мұқаметқалидың Омбыдан келіп отырғанын айтты. Есіктен кіргеннен-ақ бізге ойлана қарап отырған әйел:

— Жастар жетеді, заман өтеді. Мынау Тәтімнің баласы де. Өзі мүлде төреше киініп алыпты ғой. Жақсыбай мен Жайыпауыз болыстан кегін алуға жарар, тек тірі болсын, — деді. Тәтімнің сонау бір сұр атының уақиғасы кезіндегі жайды есіне алған ана көкірегіндегі бір арман түйініп сөйледі. Тәтібала апай осыны айтып тоқтағанда Сейсенбай ағай «Енді Мұқаметқали әңгімесін тыңдалық» деп, — Шырағым Мұқаметқали, өзің аз жылда талай өмір көріпсің. Ат жүрсе табаны тиетін, құс ұшса қанаты күйетін сонау-сонау Үркітті де көріпсің. Иә, қазақтың

— «көпті көрген біледі, алысты жүрген біледі» дегені бар еді. Сол жүрген жерлерінің әңгімесінің шет-жағасын айттың. Ал, мына үстіндегі қаруың мен қынама бел кемзалыңды сол жақтан киіп қайттың ба? — деді. Ана кісінің әзілдей айтып, аяқ астынан қойған сұрағына біз күлдік. Мұқаметқали сұрғылт көзін бір жалт еткізіп күлімсіреді де:

— Сіз бағана келген бетімде де осы менің бешпентімді айттыңыз. Рас, бұл киім де, мына қанжар да біздің елдің салтында жоқ қой. Ол ер жүрек тау елінің жігіттері киетін киім, тағынатын қару ғой. Менің Омбыда өзіммен екі жылдан бері достасып кеткен жолдасым анау Кавказдағы қарашай жігіті. Тілі де бізге түсінікті, өзі бір ер жігіт.

— Қалай, Омбыда қазақ жігіттері қоп пе? Ондағы жігіттер қандай жұмыста істейді? — деген менің сұрағыма:

— Омбыда қазақ жұмысшылары қоп. Өйткені онда темір жол депосы бар. Пароход пристаны бар. Мал соятын бойна, тақтай заводы бар. Жұмыс көп-ақ. Солардың бәрінде де қазақ жұмысшылары бар. Мен Омбыға келісімен жақсы танысып жолдас болған адамдарым жүкшілер. Олар шетінен ер жігіттер,

— деп жолдастарын көтермелей сөйледі.

Мұқаметқалидың әлгі сөздеріне қызыға, өзі сондай серілік қимылға қызыға қарайтын Сейсенбай ағай:

— Е, олардың қандай ерліктері болған екен? деп көптен бері көрмеген Мұқаметқалидың жолдастарын аса көтермелей айтқанына сүйсіне сұрақ қойды. Сейсембайдың қызыға сұрағанына көңілдене көтерілген Мұқаметқали қабағын түйе ажарланып:

— Олардың ерлік істерін айтсам тан қаласыз, ғажап қой, — деп сәл жымиды.

— Ер жігіттердін ерекше істерін естиік, айтып көрші, — деп Сейсембай ағай өзі үйде отырғанда ермек ететін домбырасын құлақ күйіне келтіре шертіп Мұқаметқалиға таяна отырды.

— Онда тыңдай беріңіз. Менің өте жақын жан серік досым Угар Жәнібеков. Оның шын аты Мүқатай. Бірақ, ерегіскен мырзаларға тістей тиетін өрттігінен оны жолдастары Угар қойыпты. Ол ана жылғы «Лена» кенінде болған үлкен көтеріліске қатысқан батыр. Сонан артына түсіп қуған полиция адамдарын екі жерде ұрып жығып құтылып, сонау Қиыр Шығыстан Омбыға бірақ келіпті. Енді бір жолдасым Зікірия Мұқиев. Бұл бір адамның алыбы. Отыз пұт теңді иығына салып жүре береді. Оның жолдастары арасындағы аты — «Қазбек гора». Тұлғасына қарап қойылған. Енді бір жолдасым Шекен деген жігіт. Ол бір байдың баласымен қызға таласып, сол жігітті өлтіріп, елінен Омбыға қашып келіп тұрып қалған. Оның екінші аты — Шерменде. Барып тұрған қанды көз. Біз осы сияқты бір топ жолдастар, пароход басында жүкші болып істейміз. Біздің басымыз бірігіп жүрген жерде Омбының байларының балалары аяғын баса алмайды. Маған үстіндегі киімін, беліндегі қаруын беріп отырған Мұқаметқали деген қарашай жігіті, елінен полицияның біреуін қанжарлап өлтіріп қашқан адам. Міне, менің жолдастарым, өңкей — «сен тұр, мен атайындар», — деп Мұқаметқали жолдастарының жан кешті ерлік істерін мақтана айтып тоқтады.

— Шырағым, жолдастарың айтса айтқандай, өңкей бір адамның сырттандары ғой. «Жігіттің кім екенін жолдастарынан таниды» деген бар еді, оларға өзі де сыр беріп жүрме, — деп Сейсембай ағай Мұқаметқалиды шұйелеп тоқтады да, жанында тұрған домбырасын қолына алып, күмбірлете тартып:

«Өтті жалған,

Қалдым қайран,

Жігіттік дағдысында салдым сайран» — деп Ғазиздің әнінің аяғындағы қайырмасын айтып үнін қосып жіберді.

— Немене, ініңнің әңгімесін естігеннен кейін баяғы жас күндегілерің есіңе түсіп отыр ма? — деп Сейсекеңнің қайқы ерін қарагер әйелі Жәмила әзілдеді.

— Менің өзімнің жас күнімнен айтардай еш нәрсе жоқ қой. Қыз алып қашқан кісіге атқосшы болам деп, қашқын болғаннан басқа. Мына Мұқаметқали айтқан ана бір байдың баласымен қызға таласып, қарсыласын өлтіріп қашқын болған жігіттің әнгімесін естігенде, менің ойыма Рахымбек марқұмның айтатын әні мен әңгімесі түседі. Сол Рахымбек айтатын ән аузымнан шығып кетіпті, — деп мұңая тоқтады. Сейсембай ағайдың «Рахымбек марқұм» дегеніне құлағымыз елең ете қалып, Мұқаметқали екеуміз жарыса, Рахымбек қайтыс болған ба? — деп тандана қалдық.

— Сендер естімеген шығарсыңдар. Рахымбек осы жазда қайтыс болыпты. Уай, жігіттің нағыз гүлі еді ғой, — деп бір тоқтап, — Әй, көбінесе шерден өлген шығар. Сонау Ыраштың күйігі оны тірі жүргізбеген шығар, — деп мұңая тоқтады.

— Немене, Ырашқа не болып еді? — деп Мұқаметқали асыға сұрады.

— Ыраш өткен жылы соққыдан қайтыс болған. Осы бір екі асыл адам дүниеден арманмен кетті ғой. Шіркін, сүйгеніне бара алмаған қыз, сүйгеніне қолы жетпеген жігіт апатқа ұшырамайды, — деп Сейсембай ағай күлімдеп тұратын қараторы дидарын күйіндіре төмен қарады. Ол осыны айтқанда, менің көз алдымнан сонау бір ел жайлауға бара жатқандағы Ыраштың ақ отауындағы кеш, оның хор қызындай бейнесі, сол бір әсем кештегі Рахымбектің құйқылжыта шырқаған әні елестеді. Сол бір-екі ерекше жандардың бір-біріне көз тастаған сәттері елестеді. Екеуінің елжіреген жүректерінің торға түскен торғайдай қапаста қамаулы тұрған өмірлері елестеді. Сейсембай ағайдың «Ыраш соққыдан қайтыс болған» деген сөзі, біз естімеген бір жайды қозғады. Мұңайып отырып қалған Сейсембай ағайдан:

— Ыраш қайдағы соққыдан қаза болған? — деп мен сұрай қалдым.

— Япыр-ау, оны неғып сендер естімегенсіңдер? — деп тандана түсіп Сейсембай ағай, — иә, оны ұлықтардан ана болыс ағасы жасыртып ел аузына тиым салыпты. Өз ажалынан өлді, — деп қойыпты. Менің естігенім солай. Ал, Ыраштың өзімен бірге туған туысы жоқ қой. Ырашты осы қожыраңдаған Отарбайға шай, қантқа сатқан қорқау ағасы жең ұшынан жалғасып, үнсіз қалдырыпты. Сөйтіп, қайран Ыраш сұлу, сілімтік Отарбайдың соққысынан қаза болыпты. Ал, Рахымбек болса қолы қысқа, ылажы құрып, Ырашты ел ішінен алып шетке кете алмай, Ыраш соққыға жығылып әл үстінде жатқанда көңілін сұрай барған екен. Отарбай қожыраңдап Рахымбекке қол жұмсап шатақ шығыпты. Осының артынан Рахымбек сырқатқа шалдығып, аяғы құртқа айналып, өткен жазда қайтыс болыпты, — деп мұңая тоқтады. Біз Мұқаметқали екеуміз ана жылғы өзіміз көріп, әні мен сәніне, жарқын бейнелеріне қызыққан асыл жандардың қайғылы хабарын естіп қатты ренжідік.

Сейсембай ағайдың айтқандарын жай тыңдап отырған Тәтібала апай:

— Бауырларым, сендер шетте жүресіңдер. Ел ішінде не болып жатқанын білмейсіңдер ғой. Мына Сейсенжан айтып отырған Ыраш пен Рахымбек әңгімесі ел ішін күңіренткен қайғылы аңыз болды. Ол екеуі ел ортасындағы бір асыл жандар еді. Қазақтың мақалы бар ғой: «ерікті ауызға берікті бас сияды» деген. Сол асыл да ару Ыраштың өлімі ана жайынауыз болыстың аузына сыйды. Оның анау арсыздықпен айдап алған малының арқасында мейманасы асып тұр ғой. Мүлде жер тәңірісі болып алды. Оның өзі қойшы, тіпті қасына атқосшы болып ерген Жақсыбай сияқты қанды балақ ұры да жел жағынан жүргізбейтін болды емес пе. Ана жылы Тәтімнің жалғыз керігін ұрлап алып қылтасын қиды. Соған көпе-көрнеу теңдік бермей қан қақсатты емес пе. Сол сұр аттың орайына ана Бөрілі елінен әкелген жылқының суық жолымен келгенін айтқан адамды іздеп, бізді бидайықтай қуырды, — деп ана жылғы Тәтім үйінің басынан кешкен сол бір сергелдең уақиғаның соқыр сорабын бір шолып тастады.

III

— Иә, айта берсе ел ішінде не сорақылық жоқ. Мына мен де бір мырзаның атына жалынып қашқын болып қалаға түсіп жалғыз атпен жан сақтап отырмын, — деп Сейсекең өз басынан кешкен бір жайды айтқысы келгендей болды.

— Бір сөзді бір сөз қозғайды, — деп бастады Сейсекең оз басынан кешкен уақиғаны айтқысы келіп.

— Мұқаметқали ана жолдастарының кім екенін, айтқандағы ана бір қызға таласып, байдың баласын өлтіріп қашқын болған жігітті айтқаны, әлдеқашан ұмыт болған әңгімелерді оятты емес пе. Ол жігіт өштескен адамның қанын төгіп қашқын болыпты. Ал, мен беталды біреудің қасына ергеніме сөзге келдім. Қазақтың мақалы бар ғой: «күштінің дүмі диірмен тартады» деген. Мен Тәйтік қажының үйінде жылқышы болып жүргем. Ол кісінің мына Заречниеде үйі бар, қырда мыңнан аса жылқысы бар. Неше мыңдаған қойы бар. Екі бәйбішесі — екі ауыл. Соның бәйбішесінен туған Әбділдә деген баласы бар. Менен бес-алты жастай кіші, жасөспірім байдың ерке баласы. Қыста Семейде оқу оқиды, жазда қырда сайран салады. Осы Тәйтік ауылымен жайлаулас Керімбай деген малды кісі бар-ды. Керімбайдың екі бойжеткен қызы бар. Сондай өнді, әрі ашық бір әзілқой қыздар. Әбділдә осы қыздарды көріп, бір шілдеханада танысып, жатып қызыққаны. «Осыған скө айтып, жауабын алып бер» деп маған азап салды. Қыздар хат таниды екен. Әбділдәнің хатын апарып бердім. Қыздар әзілдей қарсы алды. Әсіресе үлкені Шакира деген бір ашық қыз екен.

— Мырзаңыздың басы байлы емес пе еді, басқаға мойын бұра алатын шамасы бар ма екен? Өзінен анықтап сұраңыз. Бізден жауабын кейін аларсыз, — деп өзімізді азырақ қылжаққа айналдырып қайтарды.

Қыздардың айтып отырғаны Әбділдәның айттырып қойған қалыңдығы бар. Өткен жылы қазақша ұрын барған. Бірақ ол қалыңдығының өңіне Әбділдәнің көңілі толмайды. Оны ашық айтып әкесіне қарсы келе алмайды. Ал, қайны болса Тәйтік қажының малы мен байлығына қызығып қыз бергені болмаса, барып тұрған жуан жер. Ана қыздардың айтып отырғаны осы бір түйін. Әбділдәнің де намысы бар емес пе: қайтадан хат жазды. «Мен ешкімге басыбайлы жан емеспін. Өз билігім өзімде. Маған ерер болсаң, қандай ауыртпалық болса да шыдаймын» деп. Мен осы хатты апарып бергенде, Шакира қыз, Әбділдәнің қалағаны осы Шакира болатын, хатты алып: «ертең бір соғып кет!» деді Шакира ол жерде хатты оқыған жоқ. Ауыл арасы жақын. Мен Тәйтік қажының күндізгі бойдағын бағатынмын. Қайда жүрем десем ерік өзімде. Ертеңінде жай ауылшылаған кісі болып келіп, қызға бір әредікте тілдестім.

— Мына жазған хатындағы сөзінде тұрар болса, мен тілегін орындайын. Бірақ, анық бел байласын, — дегені. Мен мына сөз құлағыма тиісімен Әбділдаға келіп қыз сөзін айттым.

— Айтқаным айтқан. Көп болса әкемнің айттырған келіні кетер. Қалайда Шакираны алып қашам, — деп мүлде ерленіп кетті. Жай уақытта мінезі баяу, момынсоқ еді. Мына жерде мүлде ширап, өжеттеніп кетті.

— Ал, қалай алып қашасың, қайда апарасың? — деп едім.

— Сейсембай, сен қызық екенсің. Маған мінетін көлік қажет пе? Сен бүгіннен бастап жылқыдағы әкемнің қыста шанаға жегетін екі кер атын, ішін тарттырып жолға дайында. Тура Семейге тартамыз. Ал, бізге серік болатын кісіні сен тап! — деп өзіме салмақ салды. Әрі ойлап, бері ойлап, жол-жөнекей білетін, аузы берік Жапандай деген жігітті лайық көрдім. Ол Тәйтік қажының кіші бәйбішесінің үйінде атарман-шабарман болып істейтін жігіт. Оны Әбділдәға айтпай тұрып өзімен сөйлесіп едім.

— Мына әке-шешелеріне өзі ие болса, мен Әбділдәға серік болғанға арланам ба, — деп көне кеткені. Әбділдәға айтып едім, ол да қуанып кетті. Ешкімге сыр айтпай, екі атты жылқышыларға айтып күзетке мінгізіп ішін тартқыздық. Ауыл арасы жақын, алтыбақан, тоқтышақ ойындарына барып, қыздармен бұрынғыдан да ашық, сөйлесіп, сөзді бекітіп, кететін күнді белгілеп сөз байланды.

Тәйтік қажының бәйбішесі көшке өзі жолға жегетін трапенке арбасы, екі кер ат әзір болды. Бір түнде Шакираны алып, Әбділдә, Жапанбай төртеуміз Семейге тартып бердік. Ауыздығымен алысып тұрған екі сандақ, салттай жетекке қосарлаған бәйгі торшұбар, түн салқынымен күзекке жетіп-ақ қалдық. Жолдан қиыстау бір бұлақ басына келіп, көлеңке жасап, ат тынықтырып тамақтандық. Арт жақтан қуғыншы дыбысы жоқ. Күн еңкейе, салқын түсе тағы жүріп кетті. Сөйтіп жолға екі қонып Семейдегі Тәйтіктің үйіне келіп түстік. Үйіне қойып кеткен күзетшіге есігін аштырып жайғастық.

Үшінші күні ауылнай Дүйсеке бар бес кісі қуғыншы келіп жетті. Біз аттанған түні ешкім хабарланбаған. Ертеңіне қыз аулынан шапқыншы келіп, жайлау елі дүрлігіп, онан Әбділдәнің айттырып қойған қалыңдығының ауылы естіп, Тәйтінің ауылына кісі салып ел іші ойран-ботқа болыпты. Келген қуғыншылар Тәйтіктің жіберген адамы. Олар қызды да Әбділдәні да қайта алып жүрмек болды. Оған Әбділдә көнбей отырып алды. Шакира қыз өжет екен:

— Немене, елден безіп қайда кетпекшіміз. Не көрсек те ел ішінде көрелік. Жігіт болып алып қаштың, енді жігіт болып сөзіңді ұста! Ел алдыңда басымызды ашып алалық, — дегені. Әбділдә қыз сөзінен аса алмай, елге жүретін болды.

Қажыны өзі бастатқан Тәйтік ауылы бізді қарғап-сілеп қарсы алды.

«Қыздың сөзін тасып, бәрін бүлдіріп жүрген осы бұйра бас қара» деп, ауыл-аймақ бәрі Әбділдәнің қыз алып қашқанын менен көріп, маған кәрлерін төге бастады. Қыздың төркіні де, «сол бір сылқым кедей, қара бұйра жігіт жылмаңдап келе беруші еді. Сол бәрін бүлдірген. Соны бізге ұстап берсін. Ана Шакираның айттырған күйеуінің қолына байлап апарып береміз» депті. «Біздің қой аузынан шөп алмас күйеу баламызды аздырып, бәрін бастап жүрген сері кедей, соны біздің қолымызға берсін» деп олар кіжініпті. Сөйтіп Тәйтік байдың баласының қасына ерем деп ел ішіне сыймадым. Олардың бәрінің сөзін елеңкіремей, жолдас болған мырзамды паналап көріп едім, сөз аяғына сырға шапты. Өздерінің кінәсін жеңілдету үшін «осының бәрін жасап, жас баланы желіктіріп жүрген сол» деп мені Әбділдәнің қайын атасына ұстап бермек болыпты. Әбділдәнің маған істеген бар жақсылығы: «Сен бостан босқа отқа күйме. Обалың менің мойнымда қалар. Ана менің шұбар атымды. мін де, Семей түс. Әйтпесе сені ұстап беруге бел байлап отыр. Кетсе менің жесірім кетер. Сен менің отыма күйме» деген. Әбділдә бұл сөзді әкесінің, басқалардың бір пәле істейтінін сезіп айтты. Амал бар ма. Бір кешкілікте жылқыға барып, шұбар атты ұстап мініп, туған жерден қашқын болып аттандым. Сол бетіммен осы Семейге келіп, шұбар "атты қайық аузындағы бір ағайынның қолына беріп иесіне қайтарттым. Өзім мына пристаньға жұмысқа кіріп кеттім. Міне, мырзаға жолдас болам деп қарап жүріп қашқын болғанмын. «Біреу қыз алып қашса, біреу босқа қашады» деген ғой. Сүйенері жоқ кедейдің сөзі бұл күнде пұл бола ма. Шынында да, ана Әбділдәнің атасынын қолына берсе, маған не көрсетпейді, дейсің. Өзі бір қанды көз, томырық еді. Мұқаметқали шырағым, саған айтар ағалығым, мен сияқты біреудің отына күйіп жүрме, дегенім ғой.

Сейсекеңнің мына әңгімелерін біз бұрын тіпті естімеген едік. Тек, ол кісінің сері мінезді жалғыз ат айдап жүрсе де жаны жомарт, ер көңілді жан екеніне сүйсінетінбіз. Мұқаметқали екеуміз таңдана тыңдап қалыппыз. Сонан біразда Мұқаметқали бағанағы тоқталып қалған әңгімесін қайта бастап кетті.

IV

— Сейсен ағай, ақылыңызға рахмет. Мен сіздің жолыңызбен жүре қоймаспын. Денім сау болса болғаны. Олар маған атқосшы бола қоймас. Айтып отырмын ғой, Омбының байларының балалары біз жүрген жерге аяғын баспайды, деп солардың ортасына ойран салғанда, бүлікті бастайтын мына сіздің ініңіз болады, — деп Мұқаметқали мақтаныңқырап қойды. Мен ішімнен Мұқаметқалидың жолдастарын сипаттаған сөзіне қарап, шынында да Сейсембай ағай айтқандай өңкей бір жігіттің сырттандары ғой деп отырмын. Оның үстіне Мұқаметқалидың кегін кешпейтін, бала күнінен бойындағы қайсар қасиеті емес пе еді. Сонау ит өлген жайлаудан Сүлейменнің көк құнанын мініп, қоралы қойын иесіз тастап қашып үйіне кеткен өжеттігі есіме түсті. Осындай ойларды түйіндей келіп Мұқаметқалиға:

— Сен бағана «мені Шеркеш-Қали» дейді жолдастарым» дедің. Ол ат саған қалай қойылды? дедім. Мұқаметқали менің сұрағыма жымыңдай жауап қатып:

— Немене, шеркештердің қанжар байлаған жігіті көктен түсті деймісің. Олар да біздер сияқты көрінеді.

Маған формасын берген қарашай жігіті шеркештермен сан рет қанжарласқан жігіт. Мен одан тау елінің жігіттерінің кекшілдігін, өжеттік жайларынан көп әңгіме естідім. Содан мен де сол тау жігіттерінің ерлігін істеп, қаруын ұстата бел байлап, киім мен қанжарды қалап алып тағынып жүрмін. Осы киім, осы қару-қанжар тағынып түрімнен, Омбыда қоп адамдар қарап жүріп қорқады. Ал, «Шеркеш-Қали» аталуым мынадай бір жайдан басталды, — деп Мұқаметқали әңгімесін басынан кешкен бір жайдан бастады. Айтып отырмын ғой, жоғарыда айтқан жігіттермен Омбыда таныстым. Бәріміз пароход басында тағы басқа жерлерде істедік. Бір-бірімізбен сырласа танысып үйірлескеннен кейін қайда барсақ бірге жүретін болдық. Омбы қаласының қыр жақ шетінде тұратын қазақ жатақтары бар. Олар ат айдап, қасап істеп күнелтеді. Солардың ішінде еті тірілеу Келгембай деген қымызшы бар. Біз демалыс күндерінде сол қазақ аулына барып, қымыз ішеміз. Бір біз ғана емес, Омбының кейбір мырзасымақтары да қымызға барады. Оларда өздерінше топтанып жүреді. Әсіресе, Әбдірайым деген қадетте оқитын бір жігіт бар. Ол өзі қарта ойнайды, ертеден кешке дейін сол Келгенбай үйінен шықпайды. Оның өзінше ол үйден шықпайтын бір себебі — Келгенбайдың Камила деген бойжеткен қызы бар. Камила сол жатақ жақтағы татар молдасынан оқыған, аздап хат танитын қыз. Ол мырза осы қызды шырғалап, отқа үйренген көбелектей ертелі-кеш сонда болады. Ол қызбен біз де көз таныстық еткенбіз. Қыз бір сайқал. Ол кішіректеу қоңыр қой көзін күлімсірете Қарағанда жүрегіңді суырып ала жаздайды. Ал, әкесі болса, сол қызының ажарымен қымызын базарлап пайда ендіруді мақсат етеді. Әбдірайыммен сан шекісіп, өшігіп, соқтығар есебін таппай жүргенбіз.

Бір жексенбіде Келгенбайдың үйіне келсек, Әбдірайым мырза қасына ерткен көтермешілерімен Камилаға қымызды сапыртып, қартаны соғып масайрап отыр екен. Біз төрт жігіт едік. Угар, Қазбек гора, Сатан мен сол күні мына үстімдегі киімдерді киіп барғам. Әбдірайымдарға қыр көрсете:

— Қымызшының үйінде қымызын ішіп, қызын тізелестіре қасына отырғызып алып бауыр басқан деген қайдан шыққан! — деп Угар екі көзі қанталап ақыра кірді. Қалтаға сенген қарқынды бай баласы Әбдірайым:

— Қыз бен қымыз не тендерің? Ершіктеріңді сүйретіп күн көре берсеңдерші, — дегені. Қыз бен қымыздың буына масайрап отырғанын абайламаған болса керек, қасындағылары оның сөзін қошеметтеп дуылдай күліп жіберді. Біздің іздеп келгеніміз осындай бір бүлік бастар ілік еді. Өйткені біздің ішіміздегі карта құмар «Қалың құлақ» деген жігітті осы үйде Әбдірайымның жандай-шаптары өлтіре сабаған болатын. Ол байғұс бар тиынын ұтқызып, өзі таяқ жеп көрген қорлығын айтып жылаған. Біз осы бір жолдасымыздың кегін қашан алар екенбіз деп жүретінбіз. Оның үстіне ана қызды тізесіне қондырып отырғаны кекті тұтатып жіберді. Осы сәтте көзі қанталаған Угар маған жалт қарағанда, мен белімдегі қанжарды суырып алып Әбдірайымның үстіне қона түстім. «Қазбек гора» маған ұмтылған біреуін көтеріп алып, басқасына шоқпар қылып жүр. Үйдің іші ойран-топыр. Мен Әбдірайымды буындыра алқымынан алып үйден сүйретіп сыртқа шыға бергенде, Келгенбай жүріп келіп, сөйлеуге тілі келмей, әрең дегенде «өлтірме, өлтіре көрме!» деп дір-дір етеді. Әбдірайымға қымыз сапырып қылмыңдап отырған Камила:

— Қали, саған не болды? Қанжарыңды жұмсай көрме! деп жыламсырап тұр.

Әбдірайым тілі байланған, көкпеңбек, есі шыққан, талусырап қырылдайды. Мен қанжарды жалақтатып, кеңірдегіне та қап:

— Айт иманыңды, кесем басынды, — дедім. Осы кезде Келгенбай:

— Шырағым, Қали, Әбдірайымда кегің болса басқа жерде кес басын. Менің жазығым не? Менің үйімнен пәленді аулақ алшы, деп жүгініп отыра кетті. Білмеймін неден жұмсарғанын, Угар:

— Қали, бұл иттің басын кесетін жер табылар, мына Келгенбайдың тілегін бер, босат! — дегені. Оның үстіне:

«Қали, қанын қи» деп Камила үрейі ұшып анадай жерде бетін басып тұр.

— Ал, бәрің сұрадың, бір жолға жанын қидым. Бірақ, сертім сол — мына Әбдірайым бұдан былай бұл үйдің табалдырығын аттамайтын болсын, — деді де, Әбдірайымның алқымын босатып қанжарымды жарқ еткізіп қынына салдым.

Әбдірайым сүйретіліп орнынан әрең тұрып, төмен қараған бетімен жолдастарына «кетелік» дем ым қақты. Олар сүмірейіп шұбап жөнелді. Біз келіп қымызға жайлана отырдық. Жаңағы жанжалдан үрейленіп қалған үйдің іші қалбаңдап барынша қызмет істеп жүр. Бірақ, бізге күрең қабақ. «Кісімізді қуды» дегендей наразы-ақ. Оған шіміріккен біз жоқ. Біразда әлгі жанжал жайынан сөз қозғалып, сол кезде қымызда өз жолдасымен отырған Нұрәділ деген егде жігіт:

— Мен де осы Омбыда көптен бері көше таптаған жалан аяқтың бірімін. Бұл қала сақтың басы, саңыраудың қулары жиналған жер ғой. Талай тентекті де, талай бұлғақтаған мырзаларды да көріп едім. Қазақ баласының жалақтатып қанжар асынып, қарсыласқан жерде жарқ еткізіп суырып алып тап қойғанын бірінші рет көріп отырмын. Бұл сияқты қимыл Кавказдың шеркештерінде болады деп естуші едім. Міне Мұқаметқали әлгі бір жанжал үстінде қанжарды суырып алып тап қойғанда, менің көз алдыма шеркеш жігіті елестеді, — деп сүйсіне сөйледі. Сонан отырған жұрт, оның ішінде біздің жолдастар:

— Нұреке, біз осы жолдасымызға ат таба алмай жүр едік, сіз жақсы тауып бердіңіз. Мұның аты енді «Шеркеш-Қали» болды, — деп дуылдап мәз болысты.

— Жігіттер, біріне-бірі ат қойғаның жөн. Қазақтың мақалы бар еді «Ораздының жігіттері бірін-бірі батыр, Керікеткеннің жігіттері — бірін-бірі қатын» дейді деген. Біріңе-бірің ердің атын қойдыңдар! — деп Нұраділ ағай маған атты осы бір жайда қойып еді. Міне, мен осы күннен бастап Шеркеш-Қали атандым. Бұрынғы бұрынғы ма, мына жанжалдан кейін біз отырған жерге қаланын мырзасымақтары аяғын баспайтын болды. Әбдірайым мырза қыз түгілі, жанымен қайғы болды, деп Мұқаметқали мақғана тоқтады. Ол күні Мұқаметқали екеуміз бірге болып, қала ішін аралап, ана жылғы тұрған үйлерді, кейбір жүрген жерлерді көріп, өткен уақыттарды еске түсіріп бой көтерді. Мұқаметқали әзірше ауыл жаққа оралам деген ой айтпады. «Біраз тиындарым бар, оны Сейсекеңе тапсырып беріп кетемін. Тәтем, не Бәйкем қалаға келеді ғой, соларға берер. Мен әзір Омбыдан ешқайда бармаймын, — деп күлімдеді, мен оған, «немене, үйленейін деп жүрсін бе?» деп ем.

— Ондай ойым болған да еді, бірақ орнынан шықпады. Анадағы қырылысып жүрген қымызшының қызы уысымнан шығып кетті. Әкесі бір қыр қыдырған сүмдікер адам екен. Менің жағалағанымды біліп қойып, қызын Ертіс жағасындағы бір әлді кісіге тоқалдыққа беріп жіберіпті. Ол қыздан айрылып қалдым, — деп арман ете сөйледі.

— Өзің аман бол, қыз елде де бар. Табылады, — деп көңілін аулап қойдым.

Пароходы Омбыға қайтарда Мұқаметқалимен хош айтыстым. Сонан ұзақ уақыт кездескенім жоқ.

Біразда оқу басталды. Демалыс күндері пароход басына келіп, Сейсенбай ағайдың үйіне келіп-кетіп жүрдім. Бір келгенімде анадағы Тәтібала апай сол үйде отыр екен, амандық артынан ол кісі Жайсаңға барып қайтқан әңгімесін аңыратты. Естіген, көргенін ақтарыла сөйлейтін бір ауызды адам екен. Анадағы көргендегіден де мүлдем ширап алған.

— Бауырларым, менің әкем Тайлыбай атақты тәуіп болыпты. Ол кісінің ер баласы болмаған; сол аталарының ұрпағы мына мен. Әкемізді ел аузында — көріп кел, асқан тәуіп еді дейді. Оны айтсам мына сендер сене бермейсіңдер. Ал, сол әкем түсімде аян беріп, «сенен бір бала болады, ол оқымысты болады. Алдынан шықпа!» деп еді. Сондықтан, ана Қондыжанның алдынан шықпап едім. Сол бетімен жұрт кеткен баламның ізіне түсіп, шырақтарым, сонау жер түбіндегі Жайсаңына барып қайттым. Анада көріп едіңдер ғой, ана қырдан жаяулы-жалпылы келіп, пароходқа өздерің мінгізіп жібергенсіңдер. «Сұрай-сұрай Мекені де табады» деген емес пе, Қондыжанды таптым-ау, әрең таптым.

Тәтібала апай біраз отырып: — Анадағы қанжар тағынған баласы қайтадан сол Омбыға кете ме? Өзі бір өжет бала екен, — деп тоқтап.

— Әлгі менің жалғызым да алған беттен өрт тұрса да қайтпайды. Мен Жайсаңға пароходтан түскен соң көлік жалдап әрең жеттім. Мен атын жалдаған адам бір құдай деген адал жан екен. Мені Қондыжанды ертіп кеткен молданың үйіне алып барғаны. Жөнімді айтқан соң ол үйдің іші де сыйлап қонақ етіп, Қондыжанның қайда екенін айтып берді. Қондыбай осы көктемде «Сары Сүмбідеген жердегі бір байға бала оқытуға жалданып кетіпті. Енді сол балам тұрған жерге баруым керек болды. Оны мен қалай тауып барайын? Әлгі Қондыжанның ұстазы бір жол білетін кісіні тауып, мені Қондыжанға жеткіздірді. Артынан іздеп мен жетіп барғанда, Қондыжан:

— «Апатай-ау, қасқырсың-ау, қалай таптың?» деп күлді. Бала деген қызық қой, бұрынғылар әншейін айтпаған той, «ананың көңілі балада, баланын көңілі далада» деп. Мен аңсап ізіне түсіп іздеп барсам, Қондыжан таңданып күледі, — деп бір тоқтап: — Ана, Тәтім байғұс та анау күні баласын аңсап сағынуда ғой. Баласы керек те етер емес. Қайдағы Омбыдағы жолдастарын мақтап жосып отыр. Сонау Омбыдан келіп, үйіне хабарласпай кетті, — деп Мұқаметқалиды біраз сөгіп алды.

— Бірді айтып бірге кеттім, — деп Тәтібала апай әңгімесін қайта жалғады: — Қондыжанның бала оқытып жатқаны бір бай адам екен. Өзі өскен-өнген көп тұқым көрінеді.

Мені біраз қонақ етіп, Қондыжан: «қайтыңыз, әкем жалғыз зарығып қалады» деп асықтырды. Мен: «өзіңді алып қайтуға келдім» деп едім, «апа, мен сізбен бірге қайта алмаймын, мына кісілермен бір жылға сөз байлап келгем. Сол уәделі мезгіл бітпей бұл жерден кете алмаймын. Амандық болса, ендігі жылы пароход жүрісімен көшіп барамын. Жалғыз бармаймын. Екеу болып барам» — деп сөзін кесіп айтты. Бәрін өзі айтып отырған балама ешнәрсе айта алмадым.

Біз Тәтібала апайдан баса егжей-тегжейді сұрап мыжығанымыз жоқ. Баласын іздеп тауып, баласының ұстаз болған дәрежелі орнын көріп, көңілденіп, оның үстіне үйленіп көшіп келетін уәдесін алып қайтқан көңілді анадан нені сұрай берелік. Сейсенбай ағайдың атын доғарып, жемге қойып, шайға қанып, қоңыр домбырасынан сызылта тартатын нәзікте назды әндерінің үнін тыңдап аз отырып тарадық.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Осы оқу жылы мен үшін бір белес асар жылым. Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын. Ілгері қарай оқуға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол жағы әзір жұмбақ. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жолым ашық тәрізденеді. Бірақ, ілгері тарта берердей мүмкіндік алдымда аз елестейді. Өйткені ауылда әкенің бар тапқан, таянғанын беріп тілеп отырған ақ тілеуі бар. Осы жылға маған рұқсат бергенде, шырағым, жолыңды бөгемейін. Бірақ, біздің тілегімізді де ұмытпа» деген. Ол әншейін айтыла салған сөз емес, атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей кетер ойдан да аулақпын.

Осындай екі жақты ой талқысына теңселе училищені бітірдім. Жақсы бітірдім. Училище басқарушысы Яков Овсянников дейтін қазақша жақсы білетін ұстазымыз, училищеден аттандырарда куәлік қағазды бере отырып:

— Кім, қайда барғысы келеді, оған біз жолдама жазып беріп тілек қоямыз, — деді. Мен:

— Семинарға түссем, — деп тілек айттым.

— Онда, саған дайындығына түсуге тілек етіп қағаз жазамыз. Ана оз ұстазын Нұрғали Құлжановичта көмектеседі — деп мені көңілдендіріп қойды.

Иә, менің де семинария жаққа бет алып отырғандағы бар сүйенерім Нұрекен. Училищені бітіріп, куәлігімді алып, Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің үйіне келдім. Еңбектерін ақтап дұрыс оқу бітіргеніме ол кісілер де разы болып қуанысып қалды.

Ендігі ілгері оқу жайында талабымды айтып едім, Нұрекең ойланып:

— Семинарияның негізгі класына түсуге училищеден алған білімің жеткіліксіз, дайындығына түсіп тағы бір жыл оқуың керек. Және ол мектепке түсу үшін туған жыл, әл-ауқат жайында жан-жақты анықтама ретінде жазылған болыстың мөрі басылған куәлік және болыстың атынан жолдама қағаз жақсы болады. Онсыз стипендия берілмейді, — деп енді маған керекті белгі қағаздардың жөнін айтты.

Нұрекеңнен ақыл-кеңес алып, ауылға оралуға қамдандым. Өзімше Семейде оқу бітірген кісі болып көтеріңкі көңілмен үйге жол тарттым. Елден қатынасқан ат-арбалы адамды тауып селбесіп үйге келдім.

Әкемнің мені асыға күткендегі өзінің бірнеше жылдан бері тілеу етіп күткен оң жағына қондырар отауы. Осы отау жабдығында, отау көтеріп түсірер келінін де қалыпты қазақ дәстүрімен әзірлеген. Ол кісінің бұл талабы мен үшін де сондай қызықты болып, елеңдетіп жүр. Бір-екі күн ауылда болып, енді қайын жаққа қатынасуым керек. Өзімнен бірер жасы үлкен немере Қадыр деген ағай бар. Мен ел жайында ауыл арасындағы әңгіменің көбін осы Қадыр ағайдан естимін. Менің оқудан оралуым ол ағайыма да сондай жаңалық. Әсіресе ол ағай менің сол кездегі қазақ тілінде шығатын кітап-журналды әкелуімді күтеді, өйткені ескіше жетік оқыған дерлік білімі бар. Бірақ, жаңалыққа құмар. Ондай бірімізді-біріміз аңсай күткен туыс, құрбы сыр шерткенде:

— Сапарғали, сенің отауың көтеріліп, бәрі дайындалып еді. Бірақ, ана енең Әлпеш құдағи сырқаттау болып тұр. Сол енең осы көктемнен бері созылған бір сырқатқа шалдығып көтерілмей қойды. Екі күн бұрын сол ауылға мен барып, Әлпеш құдағидың көңілін сұрап қайттым. Ол кісінің сырқаты салмақты. Сені асыға күтулі. Маған: «Сапашымды келісімен ертіп әкел. Тілдесіп кетейін» деп тілек айтты, — деді. Маған мына хабар сондай ауыр тиді. Қызықтап ақ отауға кірем, ақ баталы жарға қосылам дегенде, алдымда енем әл үстінде дегенде көңілім жабығып қалды.

Сол ағайды ертіп қайныма келдім. Қазақ тәртібін қалпында ұстаған әдепті күйеумін. Әдеттегі тәртіппен, қайын ауылдың бір отауына түсіп сызылып отырмыз. Отау иесі үйде жоқ екен, келіншегі Қатиман қуаныштай қарсы алды. Қадыр ағай құда-құдағиына сәлем бере үлкен қайын атаның үйіне барды. Менің айналамда ауыл" жастары. Әсіресе әзілқой Қатиман самаурынын қоя, басқа жабдығына кірісе:

— Қара таяқ күйеу, жайрандай, жанындағы балдыздарымен ойнап-күле отыр. Ана бір кісіміздің шешесі сырқат болып қасынан шыға алмай жатыр. Аман келдің, отауың әзір. Аз күнде біржолата қолыңа барады, — деп әзілдей күлдіріп қойды.

Қатиман менің қалыңдығым Сәлиманың жан серік сырласы. Сәлиманың немере бауырының келіншегі. Бай баласы ерте әйелденеді ғой. Ол бауыры Сәлимадан бірер жасы кіші болса да үйленгеніне екі жылдай болып қалған. Қатиманның әзілшіл жайдары мінезінен біз оны өте жақын көріп, қытықсыз қалжыңдасатынбыз. Оның маған «қара таяқ күйеу» деуі, «ауыл әдетінен үрікпе» деген әзілі сондай жарасымды еді. Ақжарқын замандас, шын ықыласымен сыйлай да, сүйсіне де тіл қататын адам қандай сүйкімді. Сондай сүйкімді еді.

Ел орынға отыра Қадыр ағай қайтып келіп маған «аздап далаға шығалық» деген ишарат айтты. Әзірше аңсап келген қалыңдықпен дидарласу, оқшаулана тігілген жаңа отауға кіру белгісі жоқ. Далаға шықтық. Менің ыңғайыма қарағаны болу керек:

— Азырақ бой жазалық. Мынау жаздың бір жақсы күні ғой. Жер жүзі балбыраған гүл мен жасыл шөпке бөленген. Сылдырап ағып жатқан мына бұлақ. Аяққа оралып жатқан мынау шалғын, — деп бір ақындық лебіз шертті.

— Сапарғали, менің саған «далаға шығайық» дегенім, ана енесінің тапсырмасын айтайын деп шақырдым. Енең ұзаққа созылған сырқат, маған тапсырғаны «сен Сапарғалиды ел орынға отырған соң осында ертіп кел, мен оның маңдайынан иіскейін. Ана Сәлима мен екеуіне аналық тапсырмам бар» деді. Соған біраздан кейін баралық, — деп маған қарады. — Ана шақырса әйеңкестік бола ма қуану да, қобалжу да бар. Қадырмен еріп ата-ененің үйіне келдім. Алдымен Қадыр өзі кіріп, менің рұқсат күтіп тұрғанымды айтты білем. «Келсін, енді ұялған дегенді қойсын. Тек ықыласымен сыйласа, бізге онан басқанын керегі жоқ» деген енемнің баяу айтқан сөзі естілді. Ана үні жүрек лебізіндей сезініп, алдыңа бас июге ынтыға үйге кірдім. Әдеппен сызыла сәлем бердім.

— Кел, қарағым... — деген, төсектен басын көтерген ана құшағына тізерлей келе отырдым. Маңдайымнан иіскеп, өзінің аржағында бетін көлегейлеп ізет сақтап отырған қызына:

— Сәлима, бері кел! Мына Сапарғали мен екеуіңе айтар тілегіме жеттім. Кәні, қолыңды әкел, — деп Сәлиманың қолын менің қолыма ұстатып:

— Сапарғали, мына Сәлиманды аналық ниетіммен қолыңа бергенім. Бақытты ұзақ өмірлеріңді тілеймін. Енді күйеусініп ұялма. Осы үйдің өз баласы бол! Шұкір, аман көрдім. Жазылам. Ертең отауларыңды тіктірем. Қолымнан көшірем, — деп енем ентіге демін алды. Міне, сол күні, сол бір ғазиз ана менің қолыма берген Сәлимасымен күні бүгін қол ұстасып бақытты өмір жасап келем. Ертеңіне ананың тапсыруымен дайын отау тігілді. «Көзім тірісінде көшірем» деген ана тілегі орындалды. Тойға той ұласты. Бірақ, сонау асыл ана асқына иектеген ауыр сырқаттан айықпай, көп ұзамай дүние салды.

II

Ақ ниетпен күткен әке-шеше арманы орындалды. Он жағына біздің тұмағадай ақ отауымыз қонды. Ауыл көркі де жаңа отаумен, қаладан оқып қайтқан азаматымен өзінше сәнденген тәрізді. Өз әлінше қонақ-қопсы, ойын-күлкі де бар. Бірақ, осылардың бәрі уақытша, бір желпіну тәрізді. Өйткені, менің алдымда ілгері оқуға ұмтылған талап бар. Жар көңілінде жан анасынан айрылған, туып-өскен аулынан аттанып бөгде босағаға бағынған именшектік бар.

Той-думан аяқтап, енді алдағы тіршілік қамына кірісер сәт туды. Мен болысқа барып Нұрекең айтқан қағазды алмақпын. Соны ертерек қамтып, қала жағалауым керек. Болыс аулы жайлауға беттеп бір-екі көшіп-қонған екен. Ел ішімен жеделдете жүріп, ерулеп отырған болыс аулына Өзек өлкесінде келіп жеттім. Ауызекі тілдесіп, бой үйреніспеген үлкен кісіге бірден баса көктей кіру тәртіпсіздік саналатын кез, сырттан жай-жапсарды сұрастыра, түс мезгілінде келіп болысқа сәлем бердім. Тәтібала апай айтса айтқандай жайынауыз, жабағы сақал, ақ сүр кісі сәлемді ернінің ұшын қимылдата алды. Қош жолына тігілген шағын үйдің ішінде біраз адамдар бар екен. Олардың қайсы бірі жон сұрай амандасып, алдарындағы сапырылып отырған қымыздан ұсынып жатыр. Өзгеден гөрі аз да болса оқығандығы бар Ақбар Айдаров (болыстың тілмашы) жақаурай амандасып:

— Оқуыңды бітірдің бе? — деп сұрады.

Мен бітірген жайымды айтқанда, кекесінді күлкімен жаялық аузы талпая болыс:

— Оқуыңды бітірсең қай жерге төре боласың? — деп маңыздана жан-жағына қарады.

— Байеке, біздің оқуымыз төрелікке жетімсіз, бастауыш қана, төре болу үшін көбірек оқу керек қой. Оған сіздерден көмек керек, — деп қисыны келіп қалған жерде шаруамды айттым.

— Қандай көмек? Қит еткенің бәріне көмек керек, мынау майданға деген көмектен де есіміз шығып отырғанда, — деп мүлде таусыла сөйледі.

— Мен сіздерден ақша көмек емес, ат көмек емес, анықтама қағаз көмек сұраймын — дедім.

— Қандай қағаз? — деп болыс тағы ұнатпаған үн қатты.

— Маған қазына қаражатынан оқитын ілгері оқуға түсуге ұсынатын анықтама қағаз болса деп едім.

Болыстың аузы салпайып томсара қалды. Сөйтті де тілмашына қарады:

— Старшинның қағазы да болмай ма? Көрінген кісіге анықтама жазып, мөр басып бере берсе болыстың мөрі ойыншық болмай ма? — деп кісіліктене қалды. Әлгінде ғана маған жақаурай қарап сөйлесіп, оқығансымақтанып отырған жайдары тілмаш та өңін өзгертіп:

— Болыс дұрыс айтады. Ондай анықтаманы старшыннан алған дұрыс, — деп бастығының сөзін қуаттап шықты. Мына надан топастардың қиянатшыл қылықтарына қынжылғаннан басқа қолдан келер не бар? Оқудан соқтам суып, ішімнен надан жауыз ниетті болысқа, атқамінерлерге лағнат айтып үйге қайттым.

Ел ішіне осы кезде еміс-еміс алып қашты хабарлар келіп жатты: «Қазақтан қара жұмысқа кісі алады дейді. 19 бен 31-дің арасындағы адамдардың тізімі алынып, дайындалмақшы дейді. Бұған ел ішінен қарсылық шығып жатыр, дейді. Сонан ояздар солдат сұрап еріксіз кісі жинамақ дейді» деген алып-қашты сөз дүңк-дүңк етті. Жас отау, жаңа өмір, айналсоқтап ешқайда шыға қойғаным жоқ. Пішен шабатын ауыл адамдары азды-көпті шабындысына орақ салып, қыс қамы басталды.

Біздің ауылдың да «Итмұрын», «Жалпақ шілік» деген танапта пішендік бар-ды. Үй ішіміздің бас көтерер адамы болып пішенге аттандық. Дегелең тауының солтүстік-шығыс алқабына алыстан аңғар болып көрінетін шамалы өлке біздің атамыздың атымен «Қалыбай өлкесі» атанатын. Сол өлкенің төргі қуысындағы жоғарғы екі шабындық біздікі. Осы шабындыға қосымызды әкеліп тігіп бір-екі биемізді жетелей келіп, сауып пішенге кірістік. Әкемнің үлкен атасы Оспан ақсақал ауыл-ағасы. Ол кісіні біз үлкен ата дейтінбіз. Сол кісі өзі бастап келген. Сол атамыз тұнып тұрған шалғынға алмас орақпен із салып, шабындыны бастап берді. Қайрат көрсетер шалғыншы менің әкем мен Қадыр екеуміз. Үлкен атамыз биені жақсы сауады, қымызды жақсы ашытады. Ыстық тамақты көбіне менің әкем істейді. Ол жағына шебер болатын. Бірнеше күн асықпай қимылдап, пішеннің орағын аяқтадық. Енді құрғақтай жинап, шошаққа салуды бастадық.

Тау өлкесін көлеңке басып, күн еңкейіп батысқа барып қалған еді. Өлкенің аяқ жағынан екі салт атты желе-жортып тура бізге қарай келе жатты. Үлкен атамыз көзін қолымен көлегейлей қарап:

— Мынау болыстың шабарманы мен старшын ғой. Неғып кештетіп жортып келеді? — деп, сол аттылардың бет алысына қарап, тырнауышын шөмелеге сүйеп, солардың алдыңа қарай бет алды.

Омыраулата аптыға жортқан шабарман екілене сәлем беріп, атамның жол болсынына:

— Ақсақал, жүрісіміз суыт, ояздан тығыз хабар келіп, болыс старшындарды жинатып жатыр. Ана бір суық хабар рас болатын түрі бар. Сірә, жастардың тізімін берсін деп жатқан болса керек, — деп үкіметтің көз-құлағы бола тіл қатты. Бұрыннан елен алып тұрған жұртқа мына хабар аспан үстіне құлағаннан кем естіле ме. Атамыз, Қадыр екеумізге қарап түнере: «Тек, халыққа тыныштық болғай» деп күрсінді. Шабарманның артынан тепеңдеп келе жатқан Хасен старшын да тағдырдың бір тетігін ұстаған адамша, өп-өтірік ел қамына күйзелгенсіп, «Халыққа бір ауыртпалық келді ғой» деп қожырайып тұр.

Сол суық хабар шынға айналды. «Болыс тізімді алып думаға кетіпті» деген суық хабар ел ішіне үрейлендіре жетті. Ендігі ел көкейіндегі арман — қайда барып жан қорғау?!

Біз пішенді үйіп, жиып ауылға келдік. Елдің әңгімесі патша бұйрығы. Жігіт жинау мәселесі. Әлі шешімді еш нәрсе жоқ. Анада болыс алдыңа барып, куәлік қағаз ала алмай соқтам суып қайтқаным бір зіл болса, енді, мына тізім жасалғанда алдымен ілінетін адамның бірі мен екеніме күмән ойлар жай жоқ. Не істеу керек?..

III

Ел іші елеңдеген үрей. Басқа соққан балықтай, келер күн нелер уақиға күтіп тұр, деген сары уайым. Әкемдікі «елмен көрген ұлы той» деген баяғы бір тәуекелшілдік.

— Мен қалаға жүрем. Не болса да Семейге барам. Түсе алсам оқуға кірем. Ол болмаса тағы бір жөні болар. Ауылда отырып үй күшіктеніп, бұғып жан сақтағым келмейді, — дедім әкеме.

— Шырағым, шұкір, оң-солыңды таныған сияқтысың. Бізде не дәрмен бар? Сірә сол үлкен қала жаққа жағалағаның теріс болмас, — деді. Үлкен атам да осы ақылға қосылды. Мен ақ отау қызығын кейінге қалдырып Семейге жөнелдім.

Семей жәй, анадағы өзім аттанған Семей. Көшесі тізеден жосылған құм. Ауа айналып жерге түсер ыстық. Мен қалаға келісімен ертеңіне Нұрекең мен Нәзипа жеңгейге келіп сәлемдестім. Амандық білісіп жәй-жапсар сөз болып Нұрекең патша жарлығының ел ішіне қалай таралып жатқанын сұрап:

— Қазақ елі солдат дегеннен үрей қалмай қорқады ғой. Тап солдаттың өзіне алып қару бере қоймас. Майдан маңының қара жұмысына апарып салады ғой, — деп бір тоқтап, — «сасқан үйрек артымен сүңгиді» деп, жаны қысылған патша қазақ даласына да қармақ салды ғой, — деп тоқтады.

Мен тағы да үйренген пароход пристанына келдім. Үйренген адамдар теріс қарамады. Бірнеше күннен кейін жұмысшылардың арасына кіріп, бұрынғыша жұмысқа кірістім. Осы кезде қырдан ер-азамат құйылып қалаға шұбырып жұмыс іздеуде. «Жұмыста болса майданға алмайды екен: әсіресе шартпен істегендер қалады екен» деген алып қашпа сөздер гуілдеді. Тиянақты тәртіп, белгілі ережесі жоқ халық дел-сал. Біз пристань басындағы жұмысшылар күнделік жұмыспен өмір кешіп жаттық.

Оқу мерзімдері болып қалды. Мен тағы Нұрекеңе келдім. Ол кісі әдеттеп сөзге сараң қалпында:

— Мен оқушы қабылдаушы мұғаліммен сөйлесіп көріп едім. Ол маған бір құпия жайды сездірді «Бұратана» елдердің, әсіресе қырғыздардың 19 бен 31 жас арасындағы жастарын қабылдамасын деген хат бар» дейді. Ал, сенің жасынды 19дан кемітер дәлелдеме жоқ. Сондықтан сөзім өтер емес — деп үзілді-кесілді жайсыз хабар айтты. Енді не істеу керек? Бар сенген ағайым күдер үздіре сөйледі.

Бір күні Семей пристанына екі баржысы келіп тоқтады. Бұл екеуінің де алып келгені соғыс жабдығы. Әскери күзетшісі бар. Жүкті тездетіп түсіру тапсырылды. Пристань басындағы барлық жұмысшылар жабыла жүкті түсіріп бола берген кезде, пристань алаңына 4-5 городовой жетіп келді. Келе пристань басынан қалаға шығар ауызды алып бір-екеуі қалды да, қалғандары жұмысшы бастығын іздеп тауып алды. Бұрыннан секем алып жүрген жұмысшылар үрпиісе қалдық.

Подрядчикке және пароход базының бастығына сөйлесіп те городовойдың біреуі пәрменді дауыспен:

— Жұмысшылар, ешқайда тарамайсыңдар. Қазір бізбен қаланың ортасындағы үлкен казармаға жүресіңдер! Әскери жарлық солай, — деді.

Бұрыннан да үрей болып жүрген жігіттердің көзі шарасынан шықты.

— Ойпырмау, үйімізге қоштаса алмай кеткеніміз бе? — деп алуан түрлі асан-қайғы сөздерді жаудырып жатыр. Мен жағалап келіп городовойдың біреуінен сұрадым. «Бұл қандай қысымшылық? Біздерді қайда апарады?» дегенде, «біз не білеміз, бізге осы пристань басындағы жұмысшыларды казармаға алып кел» деп тапсырды» деп ол қысқа қайырды.

Біздерді шұбыртып казарма жанындағы ұзын ағаш бараққа алып келді. Алдымен городовойдың бастығы өзі кіріп, барақтағы қабылдау жұмысын басқаратын адамдарға жолығып шықты. Бағанағыдан да егдиіп:

— Ұйлықпай тәртіппен тұрыңдар. Қазір бастық шығады. Тәртіп айтады, — деп күмілжеді. Әскери тәртіпті көрмеген бұйығы ауыл жігіттері пристань басындағы жұмысқа шығардағы әдетімен біріне-бірі тығыла, сүмпиіп келіп тұрысты. Біразда үстінде өзінше шенді киімі бар, мұрты тікірейген ұзын бойлы ақсұр кісі шығып:

— Сіздер шошынбаңыздар. Біз ақ патшаның жарлығын орындап, сіздерді шақырып алып отырмыз. Россия қол астына қараған халықтар мына соғыс ауыртпалығына ортақ. Бұрын әскерге алынбаған бұратана елдердің азаматтарын майдан жұмысына алуға жарлық шығарды. Бұл бұйрық әскери тәртіпте орындалады. Бұдан бас тартқан адам, соғыс сотына тартылады. Ал, сіздер қазір есепке алынасыздар. Есепке алынғаннан бастап, қаладан ешқайда шықпайсыздар. Егер жайылсаңыздар патша жарлығына мойынсұнбаған қашқын ретінде сотталасыздар! — деп зілдене тоқтады. Барақтың алдыңдағы алаңға әкеліп стол, орындық қойылды. Жалаңдаған тіркеушілер келді. Солармен қатар ақ сулық киген екі дәрігер келді.

— Кәні, дәрігер қарайды. Тәртіппен тұрып, кезекпен келіндер, — деп бағанағы городовой әмір жүргізді. Біріне-бірі қараған жігіттер ұйлығып шегіншектейді. Оған қаратқан жоқ. Столға ұрымтал тұрған адамнан бастап, городовойдың бірі жетектеп апарып шешіндіре бастады. Онша зер салып қараған дәрігер жоқ, тек, денесінде сорғалап тұрған жарасы жоқ болса болды. «Жарамды» деп тіркеп жатыр. Ол кезде жұмыс іздеушілер болыстан паспорт алатын еді. Сол паспорты бардың паспортын алып тықақтап жатыр.

Күн еңкейе қабылдау аяқталды. Жұмыс бастығы подрядчикті ие етіп және орысша тіл білетін ақсақ татарды бастық етіп, майдан адамы тәртібімен бұрынғы орындарына қайырды. Қабылдаудың аяқ жағында барған маған: қабылдап отырған бастық орысша сөйлесіп, куәлік қағаздарымды көріп:

— Ертең осы жерге кел, сөйлесеміз — деді. Сонымен бізге бұғалық салған патша жарлығының бірінші күні осымен аяқталды.

IV

Келесі таңды асығып күткенім жоқ. Жабығып күттім. Оқудан тауаным қайтып, ауылдан аңыраған мұңды сарын естіп, басқа ұрған балықтай үнжұрғам түсіп шақырған жерге келдім. Кешегі қабылдау столының басында отырған адам:

— Орысша сауатың бар ғой. Жасың да, саулығың да біздің қабылдау тәртібімізге дөп келіп тұр. Ендігі әңгіме мынадай: кешегі қабылдауда болған жұмысшылар, соғыс зардабынан бұзылған жолдарды түзетуге жіберіледі. Бір ғана кешегі пристань басынан ұсталғандар емес, тағы да көп жұмысшы қосылады. Ол жұмысшыларды басқарып жұмыс орнына апаратын подрядчик адам бар. Сен сол адамға жәрдемші боласың. Жұмысшылардың есебін жүргізіп, жүру-тұруына басшы боласың, — деп тоқтап, — ол подрядчик Петроградтағы темір жол конторының қайда апарылатын бұйрығын күтіп отыр. Сол хабар келгенше мына жұмысшылар ешқайда босатылмайды. Сен өзі күнде осы жерге келіп, алдары жүру-тұру жұмыс тәртібін біліп отырасың — деп сөзін аяқтады. Бас байлаулы. Ерік еңсегей бойлы қарасұр адамның қолына тиді.

Аз күнде Петроградтағы темір жол құрылысының бас конторынан күткен хабар да келді. Семейден жүргізетін жұмысшыларды басқарып апаратын Закиров Руслан деген ноғай екен. Ол кісі қабылдау пунктінің бастығы Абашидзе деген кісімен келісім қағаздарын, барлық тәртіп-жарлықтарын алып жүргізу қамына кірісті. Бір жолғы Семейден қызыл вагон составымен жүргізілмек үш жүздей адамды қабылдап, барлық, жауаптылықты қолына алды. Менің қолыма «аға жұмысшы» деген сенім қағаз берді.

Бас-аяқ тәртіптеліп жолға шыққанша біраз уақыт өтті. Сөйтіп біз октябрьдің аяқ кезінде жолға шықтық. Ол кезде қызыл вагоннан құрылған поезды «Максим Горький» дейді. Кейде қысқартып «Максим» дейді. Максим тоқтамайтын разъезд болмайды. Жол бойындағы жүріс тағы сондай шабан, өгіз аяңның аз алдыңда. Өзі ашық, тесік, қызыл вагон. Солтүстік Сібір өлкесінің ызғырық суығына бүрісіп, киімі жүдеулер бақадай шулайды. Орта жерден орнатылған кішкене шойын пеш үздіксіз жағып отырмаса вагон азынап қырауыта бастайды. Үнемі жағып отыруға отын да бола бермейді. Бұрын атын естіп, өзін көрмеген бірнеше қалаларға келіп поезд тоқтайды. Бірақ поезды бастап әкеле жатқан күзетші солдаттар бар. Олар станциядан ыстық су, нан, отын алғаны болмаса, қалаға қарай аяқты қия бастырмайды. Ол кезде Новосибирь қаласынын қала аты жоқ-ты. Новониколаев станциясы деп аталатын. Алғашқы көрген үлкен қаламыз Омбы қаласында бір-екі сағаттай тұрып, тек станциясының көлемін ғана көрдік. Өнімсіз жүріс, көңілсіз күйзеу тіршілік, көрмеген жер, естімеген қалаларды басып батысқа қарай жылжып келеміз.

Біз тағы біраз жүріп Вологда қаласына келдік. Бұл бірнеше тарам жолдың түйіскен жері тәрізденді. Станция басы әр алуан халық. Бізден бұрын да бірнеше «Максимдер» тұр екен. Солар жөнелді. Біраз тұрып қалдық. Түн ортасы кезі еді, біздің вагонның жылжымалы үлкен есігін біреу қақты. Астыңғы еденде жатқан Дәуренбек деген жігіт орнынан тұрып жен сұрады. Сырттағы адам түрік тілді екен.

— Сізләр қырғыздар ма? Мен башкуртпын! Адаштым, мені кіргізін, — деп жыламсырады.

Есік қағылғанда бәріміз де оянғанбыз. Бізбен бірге келе жатқан Әшім деген ұйғыр жігіт бар еді. Ол орнынан тұрып: «мұсылман екен! Ашайын» деп есікті ашты. Жұпыны киінген, қолында кішкене гармошкасы бар, иығында арқалап алған азық-түлік дорбасы бар башқұрт жігіті екен, кіргізіп алдық. Сұрастыра келсек, бұл да майдан жұмысына алынған, осы станцияда вагондарынан шығып, қайда екенін білмей адасып, өз вагонына бара алмаған. Поездары жүріп кетіп жалғыз қалған. Сонан біреулер айтқан ба, біздің поезға келіп ілініп кетпек болған. Аяп, орын беріп, аты-жөнін сұрадық. Аты Риззатолла екен. Біз біраздан кейін оған қолындағы гармонын тартқыздық. Башқұртша жырлады. «Енді қайда барам, жолдастарымнан адастым» деп жасып-зарықты. Риззатолланың адасуы, мына бұратана халықтың басына күн туып күйзелген ойымды қозғап, сол вагонда екі өлең жаздым. Сол өлең сондағы жазылған жол дәптерімнен көшіріліп жинақтарымда басылды. Сол өлеңнің шумақтарын сіздерге де ұсынамын.

Құшақтап Ғизатоллаға гармоныңды Риззатолла,
Қалайша қалып қойдың жалғыз жолда?
Вологда қаласында адасыпсың,
Аулыңа іздемесе қайтсаңшы онда...
Әлде сен кетесің бе бізбен бірге?
Бауырсың, емессің сен бізге кірме.
Бәрібір барар жерің майдан шегі,
Бір жұмыс екі қолға, қашсаң түрме.
Сен бізді жатырқама гормоньды ойна,
Башқұрттың әсерлі әнін түсірші ойға.
Ел едік Еділ, Жайық тел жайлаған,
Әніміз, жырымыз бір, оны да ойла!
Бұл күнде бір айдауда жүрміз жосып,
Адасып қайтқан қаздай елден босып.
Барар жер мәлім емес алдағы өмір,
Кім білсін, қандай азап отыр тосып ?
Тек сенің, бізден тымақ, бөркің басқа,
Оған да жол табармыз әзір саспа.
Үстінде ұзын жолдың бізді таптың
Қолды бер, Ғиззатолла, айрылмасқа.

Осы өлеңімді жол жәшігімнің қақпағына қағазымды төсеп жазып алып, жолдастарға оқыдым. Менің өлең жазатынымды көбі біле қоймайтын. Бір-бір күрсініп алып: «Мына өлеңде бір Ғиззатолла емес, бәріміздің де тағдырымыз айтылған» десіп құжылдасып кетті. Күйзеліп отырған серіктерім ойды толғандырып екінші өлеңімді жаздым:

Көшер ме тұман серпіле,
Түнеріп түндей томсарған,
Кешер ме тұман серпіле,
Аспанның асты нұр жайнап
Күн кірер ме көркіне.
Сағым басып сарылған,
Қай күйде екен Сарыбел?
Қабағы қатқан алыста —
Қай күйде екен қайрылы ел?
Тағдыр мен адам кектесіп
Қаптаған соң көзді шел.
Тайталаста тапталып,
Қор болды-ау бейуаз момын ел.

Бұл өлеңімді де жолдастарыма оқып бердім. Көпшілігі сауатсыз қараңғы қауым, елін, туған жерін еске алып күрсініпті. Поезд келіп бір күрделі көп жолды станцияға тоқтады. «Осы жерде поезд біраз тұрады, ыстық су алыңдар, бірақ станциядан ұзамаңдар!» деген бастықтың хабарлауы да айтылды. Жапырлай жерге түсіп, ұйлыға вагон ішінде бүрісіп отырған жұрт сыртқа шығып бой жаздық.

Тоғыз жолдың торабыңдай қоп жолды станцияның бірнеше жолында тап біздің поездың аузынан түскендей бірнеше состав тұрған-ды. Оған біз қоз де салғанымыз жоқ. Бір мезгілде Ғиззатолла ентіге жүгіріп келді:

— Біздің ибдәшләр дә мұнда тұрады екен, вагонын таптым. Мен сонда барам, — деп дабырап гармошкасын алып, хош айтысты. Ол сізге туысқандық алғысын айтып, анадай жерге барды да, қайта бұрылып келіп:

— Сіз миуа шушы жырынды берші, — деп өтінді. Мен көшіруге уақыт жоқ, жалғыз қолжазбаны бере алмадым. Ол байғұс темен қарап жүріп кетті. Сол станцияда ұзақ тұрдық. Түс мезгілінде келген поезд түн ортасы кезінде ғана қозғалды. Тағы бір-екі күндей жүріп келіп бір үлкен станцияға тоқтады. Паравоз біздің қызыл вагондарды бір мүше тупикке әкеліп тастады да, депоға кетті. Жамырай жерге түсіп, ыстық су, нан, тамақ іздеп станцияға шұбырдық. Алыста бір үлкен қаланың аспан зәулім үйлері, алтындаған крестері күн көзіне шағылысқан шіркеулерінің мұнаралары көрінеді. Бірімізден біріміз сұраймыз, «Анау қай қала? Біз қайда келдік? Енді қайда барамыз? Бастық ноғай, бақташы солдаттар алдағы вагонда болатын. Олардан әлі қатынас жоқ. Күн де еңкейіп қалған тәрізді еді. Ілездің арасында айналамыз күн сәулесі емес, әлдеқалай бір бозғылт іңір жарыққа айналды. Не түн емес, не күндіз емес, бір ала-көлеңке бола қалды. Біз бұл сияқты әуе құбылысын бұрын көрмеген айран-асырмыз. Әлде бұл мына соғыстың ылаңы ма екен деп те ойлаймыз. Қайда келіп, қайда тоқтағанымызды ажырата алмай тұрғанымызда бастық ноғайымыз Ғұсман абзи да келді.

— Жігіттер, біз енді арнаулы жерге жеттік. Бүгін осы вагонда түнейміз. Ертең Петроградтағы темір жол конторынан кісілер келеді. Енді сіздер қайда, қандай хызмэт ішләрсізләр, солар айтады. Жігітлер, сізләр бахытлісізләр, яхшы жирге келдік, анау көрінген үлкен қала Петроград, аталарыңыз курмәгэн қаланы курәсіздер, — деп сол қаланы өзі салдырғандай біраз көпіріп алды, Сонымен біз ертеңгі танды күтіп, үйреншікті вагонда Петроград атырабының ақ түніне бөленіп түнеп қалдық.

V

Ертеңіне Петроградтағы темір жол конторынан үш кісі келіп біздің бастығымызға сөйлесіп, аға жұмысшыларды, бізді шақырып жұмысқа баратын жерді түсіндірді. «Петроград қаласынан 25 шақырым жердегі Колпин деген станцияға барасыздар. Сол жерде жанадан салынатын темір жол тарамы бар, соны істейсіздер. Сол станцияның жанында үлкен завод бар. Соның қасынан сіздерге деген жатақхана барақтар салынып жатыр. Әзірше біткендеріне кіресіздер» деп түсінік айтты. Бізде не ерік бар. Қайда жібереді, бас иіп бағынудамыз. Петроградтың Қазан деген вокзалына әкеліп көк вагондардан тізілген шағын поезға отырғызды. Жол жабдығымызды арқалап үйіліп-төгіліп отырыстық. Көп кешікпей поезд жолға шықты. Кеп жүрген жоқ, жарты сағат мөлшерінде бір шағын станцияға тоқтады, «Вагоннан түсіңдер!» деген жарлық болды. Жапырлай түсіп бір жерге топталдық.

Бағанағы үш адам да осы поезға мінген болатын. Олар да вагоннан шығып, біз тұрған жерге келді. Оларға тіл-хат болып жүрген ноғай басшымыз тәртіп жағын түсіндірді. Жаңа салынған дымқыл тақтайдан қураған барақ, бар болған жабдығы екі жерден қойған шағын шойын пеш. Оған жағатын тұтатқы ағашы мен таскөмір отын. Бірнеше жерден ілінген аспалы фонарь. Ас пісіретін шағын асбарақ. О да жаңадан орнатылған, қазандық, ыдыс-аяғымен шоқия қалыпты. Мінеки бізді күтіп алған қонақ-жай қоныс. Аға жұмысшыларға және бізді басқарып жүрген жауапты адамдарға арналып барақтың екі шетінен шағын бөлме жасалған. Бізге сол жерден орын берді.

Таңсәріден жұмысқа шығамыз. Күн бата бараққа ораламыз. Петроград маңы ылғи бүркеу дым бүркіп тұратын әуесі өте дымқос. Жаңадан салынатын жолдың топырағын төсеу, шпалын тасу, жұмыс мейлінше ауыр. Бараққа от жағып, су қайнатып отыруға босатқан бір ғана адам, оның да күш ұзын асты жерге тимейді. Бірақ, барақты жылытып, суды қайнатып үлгермейді. Бір біз ғана емес, тағы да бірнеше топ жұмысшылар әкелінді. Өскеменнен жіберілген топ бізден біраз жердегі бөлімшеге орналасты. Олардың жағдайы да сол жаңадан құрастырылған барақ. Біразда жұмысшылар арасынан аурулар шыға бастады. Алдымен қара нан, тұздаған балық, капуста сорпадан іштері бұзылып, ондай тамаққа үйренбеген қазақтан көптеген жұмысшылар жатып қалды. Таяу жерде дәрігер бөлімшесі де жоқ.

Жұмыс басшыларына әскери тапсырманы орындау керек. Қара жұмысқа әскери тәртіппен әкелінген адамдарды қойша қайырып, хал-жаймен санаспай зорлап істеткісі келеді. Прораб, участке бастықтарымен сөзіміз, тілегіміз үйлеспей қырынқабақтық басталды. Күні бүгін қоз алдымда мына бір жәйт, декабрь айының аяқ кезі еді. Күн бір дымқос, түнере басқан тұман еді. Таңертең жұмысқа шығарда төрт жігіт орнынан тұра алмай қалды. Қолына күрек, сүймен ұстауға жарайтындар жапырлай жұмысқа кірісіп жатқан кезде, барақ жақтан бізге қарай жүрген бір топ адамдар көрінді. Жүрістері өнімсіз. Жақын келгенде таныдық, барақта ауырып жатып қалғандарды комендант адамдары барып — «өтірік ауырып жатырсыңдар» деп зорлап айдап әкеледі екен. Мен алдынан шықтым. Комендантқа: — «Бұл қалай, ауру адамдарды зорлап айдап әкелдің. Бұлардың денсаулығын қарап отырған дәрігер жәрдемі жоқ. Бұл қандай қиянат» деп қарсы келіп, екеуміз керісіп прорабқа жұмыс бастығына келдік. Менің қолымда сол кездегі «майдан жұмысына алынған бұратаналарға дәрігерлік жәрдем бермеді. Және олардың барған жердегі жай-күйін бақылап отыратын комиссияның уәкілі Петроградтағы мемлекет думасының жанындағы мұсылмандар ісін басқаратын бөлімде отырады» деген хабар жазылған газет барды. Мен прорабқа осыны көрсетіп, тәртіпті түсіндірдім. Ол газетті алып оқып, аз ойланып тұрды да, түйіле қарап, комендатураның адамына ескерту жасады, «Бұдан былай бізбен келіспей жұмысшылардың барағын аралап тінтуші болма. Олардың мына сияқты жауапты адамдары бар. Алдымен-солармен сөйлесу керек» деп ауруларды бараққа қайтарды. Өзі ауру әрі аш адамдар сүйретіліп әрең дегенде орындарына жетті. Адамды шынықтыратын да, ашындыратын да өмір қыспағы ғой. Мен енді батылырақ іске кірісуге бел байладым. Жұмыс аяқталып бараққа қайтар кезде, мен прорабқа:

— Сіз әлгі ауруларды көрдіңіз, мына газетті оқыдыңыз. Оларға дәрігерлік жәрдем керек. Ана суық жер барақта босқа өледі. Оларды ауруханаға алдыру керек. Тамағын жөндеу керек. Ол үшін мен мына комиссияға барамын. Ертең сонда баруға рұқсат етесің, — дедім.

Прораб ондай қатал адам емес еді.

— Мен рұқсат берейін, бірақ біздің анау участкенің конторына барып осы жұмыс орнын көрсеткен және аурулардың қараусыз екеніне қағаз ал, — деді.

Прорабтың айтуымен ертеңіне ерте участок бастығына кіріп, барлық жайды айтып темір жолдың Петроградтағы бас конторына қағаз жаздырып алдым. Сол қағазбен тасымал пойызға мініп Петроградтағы темір жол конторына келіп, құрылыс бөлімінің бастығына кіріп жай-күйді айтып участоктен жазылған қағазды бердім. Орта жастағы бір байсалды инженер екен.

— Мен өзім де сол Сибирь жақтың адамымын. Анау сіздің сахараның әуесінде ет жеп, ақ ішіп үйренген адамдарға қара бидай наны, тұздаған балық жақпайды. Одан жаппай ауырып қалу да мүмкін. Анау барақ та жайсыз. Емханадан орын табу қиын. Қазір майданнан жараланып қайтқан ауруларды күнде эшелонмен әкеліп жатыр. Мұның бәрін жөндеу жеке менің қолымнан келмейді. Осында мемлекеттік думаның жанында осы бұратаналардың жай-күйін басқаруға құрылған комиссия бар. Сіз соған барыңыз. Мүмкін солар қарастыруға кісі жіберер. Бізбен хабарласып тиісті орындарға ұсыныстар жасар. Мына қағазды соған бер, — деп ақыл берді.

Сол кісіден жоғарыда айтылған комиссияның адресін алып, іздеп тауып алдым. Есіктегі көрсеткіш жазуына қарап, сол мен іздеген комиссияның ісін жүргізіп отырған адамға кірдім. Орта жасқа келіп қалған татар адамы екен. Менімен амандасып жөн сұрап, хал-жаймен танысып:

— Мұнда қазақ азаматтарынан ешкім жоқ. Олар бірер жұмадан кейін келеді. Ана майдан жаққа кетті. Сіз осындағы мұсылман мешітінің имамына барыңыз. Ол кісі сол комиссияға мүше. Дін уәкілі ғой, — деп маған имамның адресін беріп соған жіберді. «Жазған құлда шаршау бар ма» деген емес пе, имамның үйіне келдім. Бұрын жүрмеген, таныспаған қала болса да, Петроградтың бір ерекше қасиеті көшелері туралап салынған, үлкен үйлерінің номерлері айқын, үлкен цифрмен көрсетілген — іздегенің тез табылады. Есігін қағып, рұқсат сұрап үйіне кірдім. Орта бойлы, сақалына бірлі-жарымдап ақ кіре бастаған татар адамы қарсы алды. Менің «имамның үйі осы бола ма?» деген сұрағыма, «осы» деп жауап берді. Мен «имамға келіп едім» дегенімде, «имам мен болам» деп кішіпейіл үн қатты да: шағындау бөлмеге ертіп, кіргізіп, орындық қойып, отыруды өтінді. Мен ол кісіге келген жұмысымды баяндадым. Және учаскеден жазылған қағазды көрсеттім. Қағазды алып оқып:

— Сіз мына қағазды маған қалдырыңыз. Өзіңіз жұмыс орнына қайта беріңіз. Бір-екі күнде комиссия жібереміз — деп сөзін кесіп айтты. Қуанышым қойныма сыймай, жұмыс орнына қайттым. Кешке келісімен барақтағы сырқаттарды сұрастырсам, екі барақтан екі адам қайтыс болыпты. Ауруға шалдыққандарда үрей қалмаған.

Қайтыс болған адамдарды ертеңіне аптектен ақырет алып, бірнеше егде жігіттерді жұмыстан босатып, ақ жуып, арулап ағаш арасына апарып жерледік. Басына бар қолдан келгені тақтайға аты-жөнін жазып белгі қойдық. Мына сияқты ауруға шалдығып, өлімнің шетін көрген жігіттер арман-зарын шертіп олардың аузынан ызалы сөздер шыға бастады. «Мынадай жер барақта жемтік болып өлгенше, мылтық ұстап, майданда өлгендердің арманы бар ма? Бізге неге мылтық беріп майданға жібермейді. Біз де сол солдаттар сияқты анадан тудық. Қолымызда күш бар, аяғымызда аршын бар, көзімізде жайнаған жанар бар» деп Дәуренбек, Құрал сияқты сергек жігіттер тісін қайрады. Менің айтып келген хабарым, комиссия келеді деп малданып қайтқан сенімім жігіттерге онша әсер ете қойған жоқ. Өйткені өкімет тарапынан бізге қамқорлық болар деген сенім көңілге ұяламайды.

Жексенбі күні демалыс, барақта болып, Дәуренбек пен Құрал екеуінің аузынан шыққан анау ызалы арман-лебіздер әрбір ауыздан айтылды. Солардың сөзі толғандырып «Құралға» деген өлең жаздым.

Құралға:

Атың Құрал, құралың жоқ, қолыңда,
Сенің түсер қақпаның көп жолында —

деп басталатын бірнеше шумақ өлең жазып, оларға оқып бердім. Бұл өлеңім сондағы дәптерден көшіріліп, 1956 жылғы жинақта басылды. Екі күн өтіп, үшінші күні «Петроградтан келген комиссия адамдары шақырады» деп хабарлап, жұмыс басынан прорабты, участке начальнигін біздің бастығымыз ноғай жігітін участкенің конторына алып келді. Анадағы мемлекет думасының жанындағы мұсылмандар фракциясының іс жүргізушісі татар жігіті, темір жолдың бас конторынан бір кісі, бұратана елдердің майдан жұмысына алынғандардың ісін басқаратын контордан бір кісі — үш адамнан комиссия құрап, жай-күймен танысуға жіберілген екен. Олар өздерінің келген жұмыс жайларымен таныстырып, енді жұмысшылардың жататын орны, азық-түлік күйі дәрігерлік жәрдем бар ма, осылармен танысты. Барлық мән-жайды көріп, комиссия атынан қағазға түсірді. Бәрімізге қол қойғызды.

— Сізләрге атның еті болса ярар ма? — деді ана татар адамы. Біз атның еті дегенді бірден түсіне алмай, мен қайтара сұрадым. Қандай ат еті деп татар адамы күлді. Сіздә алай түгіл мә, конина дүр орысша, — деді. Мен «егер жылқы еті болса тіпті жақсы» дедім.

— Онда біз Петроградта ат етін сата тұрған татар саудагерлері бар, соларға сүйләшіп, сізләргә ат етін келтіреміз. Ал, нан жайында контормен келішәміз. Мүмкін сізләргә ақ нан биріргә, — деді.

Келесі күні айтқандай екі татар адамы келіп, біздің барақта болып, жылқыны тірі әкеліп, осында ағаш ішінде союға келісті. Бізден жылқы союға кісі алатын болды. Екі күннен кейін нан дүкенінің жанынан бөлім ашып, тек бізге арнап ақ нан әкеліп сататын болды. Бұлардың бәрінен де, ауруларды емханаға алдыру жөніндегі жағдай бірнеше күнге созылды. Өйткені ана Петроградтан келіп қайтқан комиссияның қағазын алып темір жол басқармасының денсаулық жұмысшылардың тұрмысы жөніндегі істі басқаратын бөлімінің адамы әскери лазарет бөлімдеріне барып, бір емханадан орын сұрану керек болды. Осының бәрін аяқтап әрең дегенде қаланың солтүстік шетіндегі госпитальдың жұпынылау бөлімінен орын белгілетіп қағаз алдық.

Ертеңіне барақта ауруға шалдыққан бес адамды учаскенің жеңіл дрезина машинасымен қалаға жеткізіп госпитальға орналастырдық. Ендігі әңгіме барақтың ішін қалай жылылап, адам орнына айналдыруда қалды. Бұл жағына да комиссияның жазған қағазына сүйеніп әрбір топтың адамдары болып участке бастығының алдың босатпай, бірсыпыра өзгерістер жасаттық. Алдымен жұмысшыларға төсеніш — жылы матрац алдық. Барақтардың есік, терезелерін жылылатып, пештерді көбейттік. Және от жарып, күтуге әрбір бараққа екі адамнан босатып алдық. Біздің барақтың қасынан бір үлкен барақты жабдықтап жасап жатқан-ды. Бұл барақтың істелуінде біздің барақтардан дұрысырақ өзгерістер болды. Біздің жігіттер аздап еркіндеп, «осы бараққа біз кіріп алалық» деп дуылдасты. Бірақ, ол барақты жұмыс аяғында мықтап есік, терезесін бекітіп кетеді. Күндіз ұсталармен бірге мылтықты күзетші тұрады. Біраз күнде барақ дайын болды. Участке бастығы және Петроградтан келген құрылыс адамдары көріп, барақты қабылдады.

Ертеңіне бір эшелон соғыс тұтқындарын әкеліп сол бараққа кіргізді. Киімдерінен де соғыс тұтқындары өзара белгі болатын. Бұл келгендер чехтар мен венгерлер екен. Бірден қатынас бола қойған жоқ. Олар соғыс тұтқыны. Олардың барақтарының бір шетінде шағын бөлме бар, онда әскери күзетші тұрады.

VI

Аурулар емханаға алынып, тамақ жағы жөнделіп, барақ жылынып біраз сергуленіп қалдық. Жігіттер демалыс күндерінде барақ тұрған жерге жақын шайханасы бар, кино, театры бар станцияға барып бой көтеріп, жергілікті жағдайға үйренсе бастады. Дәуренбек сияқты қолы шебер, жаны сергек жігіттер қолдан домбыра жасап алып кешкілікте ән салып, күй тартып көңіл көтеру жайлары да бола бастады.

Осындай бір кеште қасымыздағы көрші барақтан әскери тұтқындардың екі адамы келіп, орыс тілінде сәлемдесті. Сонан кейін тілдесуге рұқсат сұрап, біздің Дәуренбек тартқан домбыраны көріп, оны қолына алып шертті, өзара сөйлесті. Дәуренбектің өзіне тарттырып, үнін тыңдап, Дәуренбектен бір ауыз ән айтуды сұрады. Ол «Елім-ай» әнін тартып, жәй қоңыр дауыспен айтып берді. Олар аса разы болып:

— Біз де музыка ойнаймыз, — деп мені, Дәуренбекті шақырып барақтарына алып келді. Бізге келген екі адам барақтарының шетіндегі кішкене бөлмеде тұратын офицерлер екен. Бөлмелерінде скрипкелері бар. Соны тартып, олар да оз өнерлерінің шет жағасын сездірді.

Күн артынан күн шұбырып өтіп жатты. Жоғарыда айтылған тәртіп бойынша Петроградтан жылқы әкеліп сойып тұратын татарлар, қазақтардың сұрауымен шәй, қант сияқты, ине, жіп, шел сабын сияқты ұсақ-түйекті әкеліп өздерінің сауда орны етіп алды. Олардың бір мінезін біздің жігіттер үнемі күлкі ететін болды. Олар жылқыны сойғаннан кейін сұрпы етін өлшеп, қарын-қартасын «боқ қопшыға» деп жігіттерге қанжын төгетін ақырға таста деп тапсырады екен. Оны жігіттер татарлар кетісімен қарға соғып тазалап алып, боқ қапшығын пісіреміз деп жылқының майлы етіне қарық болады. Сонан татарлар жылқы әкелетін күні «боқ қапшығы келетін күн» атандырып жіберді. Екі татардың бірінің аты Әмір, бірінің аты Хафиз екен. Өзара сөйлескенде жігіттер «боқ қапшықтың қайсысы» дейтін еді. Осыны венгер тұтқыны түсініп, бір күні әлгі Әмір деген ноғайға «боқ қапшық сен бе?» депті. Оған Әмір ашуланып, тұтқынға тілі тиіп, оны күзетші солдат естіп, бірсыпыра сөз болды. Бірақ зілсіз айтылған әзіл екенін түсіндіріп аяқсыз қалды. «Әзіл түбі зіл» деген қазақ даналығы осы жерде бір елес берді.

1917 жылдың январь айы да жетті. Жаңа жыл күнін мейрам етіп жұмыстан азат болатын хабар алған жігіттер, өздерінше жаңа жыл кешін демалыс кешін, әзіл-қалжың, ән-ойын кеші етіп ән де шырқалып жатты. Біздің барақпен жалғас бөлмеде тұратын тұтқындардың анадағы екі офицері біздің бараққа келіп, бізге жаңа жыл кешін құттықтады. Біз оларды құрмет етіп, ортамызға алып, қолдан келген сыйымызды жасап, достық жүрегімізді білдіріп, қонақшылдық көрсеттік. Олар анадағы домбыраны көрген, өздері бізге скрипка тартып музыка сазымен жүрек мұңын шерткен жайды тағы бастап, олар да біздің саулығымызға араласты. Дәуренбектің кішкене домбырасынан мұңлы леппен ойналған «Елім-ай» әнін тыңдап, олар қайта-қайта ойнатып, бір қағазға музыка шимайын салып, артынан өздері скрипкеге тартты. Олардың сазды әні біздің де сай-сүйегімізді сырқыратты. Елінен, жерінен, ата-анасынан айрылып жат қолда жабығып шерленген жүректің лебін сарнатты. Мен осы түнгі еріксіздік мұңдастырған екі бөгде халықтың жүрек сезімін толғандырып: «Азамат арманы» деген өлең жаздым.

«Күн туып ер басына, ел күйзеліп,
Көз сүзіп көрінгенге болдық пенде»

деп бірнеше шумақ, өлең жазып, жолдастарға оқып бердім. Оны Дәуренбек сияқты құймақұлақтар ұғып алып, «Елім-ай» әнімен күңіреніп айтып отыратын болды. Осы кеште тағы бір есте қаларлық жағдай, бізде жол мастерге көмекші болып істейтін Петр деген жұмыскер болатын. Ол да бізге қатарлас салынған барақта тұратын, сол келіп бірге болды. Ол да біздің, ана чехтардың қоңыр күйзеліс әніне балқып, орыстың ертедегі бір мұңлы әнін айтты. Міне тағдыры түйіскен адамдардың мұңы-шері жалынды лебіз болып жалғасты. Осындай сырласа сөйлесу Петрдың жайына ықласымды аударып «Петр досқа» деген өлең жаздым.

«Досым Петр, жақын отыр,

Мұңдасайық, сыр ашып,

Сен орыссың, мен қазақпын,

Жаңа білдік сұрасып» — деп жазып өзіне мазмұнын айтып түсіндірген болдым. Ол байғұс қауқылдай маған жазып бер деп өтінді.

Жұмысшылар арасынан бірлі-жарым сырқатқа шалдығу үзілмеді. Өйткені Петроград атырабының езіліп жатқан сазды жері, үнемі теңіз бетінен көтерілген будан түнеріп тұратын тұманды сызды ауа құрғақ қырда өскен біздің жігіттерге қатты эсер етті. Белі шойырылу, аяқтары бастырмау, аяқтан, өткен сыз тұла бойды сыздатып кей күні бірнеше кісі жатып қалады. Соларды алып үйреншікті лазаретке жеткіздім. Бір жақсы жері орын табылып дұрыс қабылдады. Ең алғаш белі шойырылған, тізесі шорланған адамдарды электрмен емдегенді сонда көрдім. Көгілдір лампамен қыздырып, бірден суық ұстаған жерді жадыратып, ауруларға дұрыс жүргіздік. Осы ауруларды апарып лазаретке орналастырып қайтадан Колпинге баратын шолақ поезға мінгелі тұрғанда вокзалдың Невский проспекті жағында қаптаған қалың, ну, қолдарында әлденендей жалау, күрек, сүймен, келдек, шуылдап Невский көшесіндегі үлкен магазинге қарай бет қойды. Осы кезде олардың алдынан аттылы-жаяулы қарулы городовойлар шықты. Оларға қаптаған жұрттың ішінен бірнеше әйелдер шығып, городовойларға жұдырығын түйіп ашулы сөздер айтады. Кеп шуылдың ішінен аңғарылғаны: «Тоқталсын соғыс, ана патшаңа айт, біздің ерімізді қайтарсын, мына балаларды жетімдіктен құтқарсын. Байлардың, ұлықтардың қанын ішпей тоқтамаймыз» деген қатулы сөздер естіледі. Бір кезде городовойдың оқтанған мылтық, жалақтатқан қылышына қарамастан Невский көшесіндегі үлкен магазинге лап қойды. Сатыр-сұтыр айқай-ұйқай болып әйелдер, шалдар, балалар магазиннің терезесіне тас, кірпіш лақтырып ойран-топыр болды. Біразда қарулы бір топ солдаттар келіп, жанжал көтерген қауымды күшпен әрең дегенде кейін қайтарып, айдап кетті. Қарап жүріп те қақтығып қосақ арасында босқа ілінуге болады деген халық сақтығын ойға алып, әр жерден бұқпалап қарап, осы бір ерекше көріністі қоз алдымыздан өткізіп, шолақ поезға отырып жұмыс орнына оралдық.

Кешкілікте жұмысшыларға Петроград вокзалында көргенімізді әңгімелеп айтып отырғанда, Петр де келіп құмарлана тыңдап, қайта-қайта көтерілісшілердің сөзін сұрап:

— Иә, олар бүлік бастағалы жүр. Халық мына жексұрын сұрапыл соғыстың созылған зардабынан үлкен күйзелісте ғой. Көрерсіңдер, үлкен жанжал болады, — деп махоркасын боздата тартып, түнере ойға кетті. Бірақ, бізге шешіліп ешнәрсе айтпады. Мүмкін оның өзі де толғағы жетіп тұрған ұлы өзгеріске сенімді емес шығар.

Мен сол күннің ертеңінде жұмысшылардың есебі, жұмыс тәртібі жазылып отыратын участке конторына бардым. Кешегі лазаретке барған үш адамды аурулар тізіміне тіркетіп, есепке алдырдым. Және айдың аяғына таяп қалған жұмысшылардың есебін тексеріп, анықтап қою жұмыстарын қарастырдым. Конторда есеп жүргізіп отырған қара сақал Абрам деген есепші барды. Мен кеше Петроградта болдым дегенде:

— Невский проспектісіне шықтың ба? — деді.

Мен шыққанымды, ондағы кешегі көргендерімді айттым.

— Ол дүрлігіп, жанжал көтеріп жүрген кімдер екен, сұрадың ба? — деп маған оспақтаған сұраулар қойды. Мен елдің айтқан «Олар солдаттардың әйелдері, шалдар, бала-шағалар» дегенін айттым. Ол болар-болмас жымиып: «Олар көтеріліс бастап жүр. Олар соғысқа қарсы қарны аш, жалаңаш әйелдер, жұмысшылар. Сенің бұл көргенің үлкен бүліктің бастамасы. Біз оның бәрін бүгін естідік. Кеше оларға қарсы солдаттарды апарған екен. Олар «біз бала-шаға, қатын-қалашпен соғысуға әзірленген жауынгер емеспіз» деп, бір де бірі оқ шығармай, әйелдерді, балаларды, қарттарды жәй жасқап, орындарына қайтарыпты. «Асықпа, жігітім, қызық болады» — деп күлді. Мен онан әрі ол «қара сақал Абраммен» сөйлескенім жоқ. Өйткені менің ол қозғалыстан шынын айтқанда түсінігім болған жоқ.

VII

Сарыла саз кешкен ұзақ күндер өтіп жатты. Жер жұмысынан жүйкесі талып қайтқан жұмысшылар бараққа келісімен қалбаң-құлбаң тамақтанып, жантая кетіп тынымдайды. Кейбір сергектері өзара ермекке кірісіп бес қарта, дойбы сияқты ойындармен бой көтереді. Мұндайда Дәуренбектің ожау домбырасынан күңіренген зарлы дыбыс шертіп барақтың ішін бір мұңға бөлейді. Сондай бір ой толғандырған кеште «Дәуренбекке», «Ұмытылмассың жер барақ» деген екі өлең жазып ішкі сезім толғанысын қағазға түсірдім.

Анадағы Петроградтан көріп қайтқан көрініс ел аузындағы күбір-сыбыр, әсіресе сол біз тұрған жердегі мылтық заводыңың маңындағы шал-сауандар әлденені күткендей, шайханада, көшеде, жұмыс басында кездескенде бірінен-бірі жаңалық сұрасып елеңдеседі. Олармен тіл тауып сөйлесіп жалғасқан жайымыз жоқ. Өрісіміз — жұмыс, қонысымыз — барақ. Күнделікті хал-жай, жұрт жаттық. Бір күні таңертең барагымыздың алды дуылдаған адам, қуанышты үн, гуілдеген ұран. «Төңкеріс. Патша жоқ. Бостандық» деп айқайлайды. Сыртқа шықсақ барақтардың есігіне, қабырғасына жапсырылған үлкен қағазда жарнама: «Хұррият төңкерісі, бостандық, патша жоқ. Билік халықта, еркіндік» деген жазулар. Тұтқындар да шуылдап далада жүр. Сонау бізге келіп мәжілістес болған офицерлер: «Бостандық, соғыс тоқтайды. Елге қайтамыз» деп бізді құшақтап құттықтайды. Барлық, барақтағы жұмысшылар жұмысқа шыққан жоқ. Түс ауа қасымыздағы завод жұмысшылары ту көтеріп шығып жиналыс жасады. Оған біз де бардық. Жұмысшылардың ішінен бірнеше кісі орындыққа шығып, бостандық болғанын, патшаның орнынан алынғанын айтып, халықты бостандықпен құттықтады.

Ертеңіне әрбір барақтан уәкілдер шығып, Петроградқа барып, бас конторға кіріп қайтаруды талап еттік. Контор адамдары: «Бізге сіздерді қайтар деген жарлық болған жоқ. Оны бұратаналарды жұмысқа алғызған ұйым шешеді. Сонда барыңыздар» деді. Біз баяғы Думаның жанындағы комиссияға келдік. Онда қазақ жігіттері де келген екен. Анадағы татар азаматы бар. Бізге:

— Сіздер бүгін қайтыңыздар. Сіздерді қайтару жөніндегі мәселе қозғалып жатыр. Өзіміз ұйымдастырамыз, — деп бізді қайтарды. Екі күннен кейін Петроградтан төрт кісілік комиссия келіп, біздің жайымызды қарастырып, жұмыс конторына апарып, жаңа жарлықты жариялады. Бізге үш күн ішінде барлық есеп-қисапты бітіріп, қызыл вагон составын беріп қайтаруға тапсырды.

— Елге қайтамыз. Ерікті жанбыз. Бізге енді ешкімнің қожалығы жоқ, — деп қуанған қауым қайту жолына дайындалды. Біз бірнеше кісі қызыл вагонға мінбей, жолаушы пойызына мініп суыт қайтатын болдық. Семейде тұратын жиен ағайым Шандақбайға телеграмма бердім – «Қайтамын. Бостандық» деп. Сөйтіп біз қайтқан қаздай шуылдап елге бет алдық. «Хош бол, Петроград. Хош бол батпақты, сазды Нева өлкесінің тұманды тұнжыр күндері. Хош бол, жер барақ!» — деп пойызға міндім. Пойыз үстінде «Петроград көшелерінде» деген өлең жазып, еріксіз келген елеулі жолдан ерікті өмірге оралдық.

Бірнеше күн дегенде қазіргі Новосибирь арқылы Семейге бет алып жүргенде, үйге келгендей қуандық. Сибирь өлкесінің адамдары да сондай жылы ұшырайды. Сағынған қаламыз, сарғая созылған даламыз көзімізге оттай басылып Семейге келдік. Қол жәшік, киім-кешегімізді алып жерге түсіп, станцияның сыртына шыққанымда алдымнан қасқая күліп, құшағын ашып Сейсембай ағай шыға келді. Ол кісі үйреншікті сүр атымен жеңіл бержабайын айдап жүр екен. «Осы пойызбен майданнан қайтқандар келеді деген сөзді естіп, мүмкін біздер келер деп күтіп, ешкімді алмай тұрғанда, мені көріпті. Қуанышқа құшағы толған аға мені құшақтап мәз болып, ел жайын айтып масайрап қалды.

— Сапаш, Исекем де қалаға келіп сені тосып жүр. Ол Шандақбайдың үйінде. Қазір сонда баралық. Бірақ, мен сені бүгін оз үйімде қонақ етем. Исекемді де алып кетем, — деп ер көңілді сері Сейсембай билікті қолына алды. Мен ол кісіге сөз қайырғаным жоқ. Айтқанындай Шандақбай ағайдың үйіне келсек, олар да күтіп отыр екен. Қуаныса қарсы алып, мәз-мейрам болып жатырмыз. Ағкем сабырлы да қанағатшыл адам ғой, салмақты ата мейіріммен қарсы алып, қуанышын да, сағынышын да ішінде ұстады. Ел-жұрт амандығын айтып, бәрі жапырлап жатыр. Сейсембай ағай ағкеме және Шаңдақбай жиен ағайға қарап:

— Мен Сапарғалидың алдынан шығып қарсы алдым. Жол менікі. Бүгін біздің үйге жүріңдер. Өзім қонақ етем, — деп бәрі мойындатып алып жүрді. Сөйтіп Семейге келіп түскен алыс жолдан оралған күнді осы бір асыл ағаның үйінде мәжілісте едік. Біздің жүрген-тұрғанымыз айтылып, көрген қала, өткізген ауыр күндер сөз болды. Біз жол жүріп кеткеннен бергі ел ішіндегі әңгіме де айтылып жатты. Сейсембай ағайдан менің бірінші сұрағаным Мұқаметқали хабары болды. Сейсекеңнің айтуына Қарағанда Мұқаметқалиларды майдан жұмысына алатын болып, әзірлегенде сол біздегі жұмыс істеп жүрген жер әскери өндіріс екен. Өндіріс иесі өзіне бекітіп оларды майданнан алып қалыпты. Омбыда сол орнында міндетті әскери тәртіпте жұмыста екей, соны айтты.

Күтіп жатқан әкенің көлігімен алыс жүрісті аяқтап ауылға жүрдік. Ауыр жолға еріксіз жұмысқа аттанып, бостандық сағатын туғызып, қуанышпен олжалы оралып ауылға келдік. Сағынған ана, зарыққан жар, ағайынмен табысып, қуанышқа бөленіп алыс жүрісті аяқтадық.

БЕСІНШІ ТАРАУ

Жаз ауылда дем алып, көңілдес ағайын арасында болып бой жаздым. Туған жерім — Дегелең тауының ең бір үлкен арнасы Ұзынбұлақ өлкесі, осы бұлақ бойында біздің үйдің өте бір көңілдес адамы болатын. Ол кісі өзі қайтыс болғанымен, ері орнында ауыл ақсақалы Анипа атты бәйбішесі бар. Әке өнерін ұстаған құсбегі мерген баласы бар. Сол баласы Ғабдішұкір келіп амандасып:

— Апам, өзіңді ертіп кел деп жіберді. Біраз бой көтер, — деп шақырды.

Бірнеше ауыл жігіттері ерді. Біз Ұзынбұлақ өлкесіне келіп, Анипа апайдың үйіне түсіп, сәлемдесіп қонақта болдық. Сол Анипа апайдың әрі атақты құсбегі Елубай деген кісі еді. Сол кісінің өзі қайтқандағы «Ақбүркіт» атанған қыраны тұғырында отыр екен. Әңгіме осы қыраннан басталып «өткен қыста аңға салынды ма?» дегенде Анипа апай:

— Бұл қыс құс салатын қыс болған жоқ қой. Проверкенің ылаңы, құс түгілі жан қайғы болды. Мына Ғабдішұкірдің жасы проверкеге ілінбей аман қалды ғой. Сөйтсе де өзім қайырып күйіне келтіріп, ақпен тауға шығып бір-екі түлкі алдырдым. Сол түлкіні ана болыстың тілмашына беріп, баламның шын жасына куәлік алып жан сақтадық қой, — деп құстың жайын өзі айтты.

— Ғабдішұкірдін өзі құстың күйін білмей ме? — дегенімізде.

— Ол әлі жас қой. Әкесінің өзі де «Анипа, құсыңды қайырсайшы» деп маған сенетін, — деп бір қойды. Әңгіме үстінде далба ауыз Жүріс келе қалды. Ол кісі былтырдан бері Әбен болыстың қосына шықпай үйінде екен. Жүкеңнің батыр түлғалы, ер көңілді әңгімешіл мінезін мен өте жақсы көретінмін. Ана бір жылдар жайлауда жылқы күзетінде ол кісінің қасында болып, ұры түсірген бірнеше әңгімелерін айтқызып сүйсінетін едім. Ол кісі тек жылқышы ғана емес, аңшы да, атбегі де еді. Жүкен келген соң әңгіме қыза түсті.

Алдымен Жүкең біздің қайда болып, қандай жерде, не жұмыс істегенімізді сұрап мейірлене тыңдады.

— Біз от басының адамы болып, күн санап шөге береміз. Жастар өседі. «Алысты жүрген біледі, көпті көрген көреді» дейді үлкендер. «Патша орнынан түсті, халыққа еркіндік болды. Комитет сайланды» дейді бұл не? Сен сол жерден көріп қайттың ғой, — деп менен түсінік сұрады.

Мен өз түсінігімше, ол кісіге өзім Петроградта көргенімді, соғыстан қажыған халықтың өзгеріс жасап, халықты қанаған патшаны жеңіп орнынан түсіргенін айтқан болдым, ол кісі өзінше түсінген болып:

— Біздің болыстар да тағынан түсетін шығар? Патшадан үлкен бе, — деп бір қойып, — заман сендердікі жастар. Бірақ азулымен алысуға қоп күш керек қой. Мына Жайылымыс аулындағы әлгі Асық байғұстың баласы анау жылдарда жоқ болып, оны шешесі Тәтібала іздеп барып, сонау Жайсаң жақтан тауып қайтып еді. Сол баласы оқып, жетіліп, орыстан әйел алып, өткен жылы кеш келді. Өзі тіпті бір қызық жігіт болып өсіпті. Жақын арада сол ауылда бір жұмысым болып барсам, әлгі орыс әйелімен екеуі қораларының жанындағы арықтың жиегімен күрекпен қопарып, бір нәрселер егіп жүр екен.

— Бұл қандай егіс? Егінді соқамен жыртып салушы еді ғой, — деп едім.

— Бұл сіздің ата-бабаңыздың аузына тимеген жеміс. Анау ерініңіздегі насыбайдың темекісін де біз осы жерде өсіреміз. Мына сияқты жердің жемісін мұрындарыңа иісі бармаған сіздерге көрсетейін, үйретейін деп бастап жатырмын, — деді өзі оқығанмен, кесек мінезді кеуде көрнеді — деп Қондыбайдың тік сөзділігін ерсі көріп сөйледі.

— Жүке, сіз Қондыбайды бекер сөгіп отырсыз. Ол өзі ел ішінен ерте кетіп, шетте жүріп, орыс мінезді болып өскен адам. Ол анада Әбен болыстың өзіне де қарсы келіпті, — деп Анипа апай Қондыбайды қорғай, оның турашыл мінезіне кешірім ете қайнысына басу айтты. Жүкеңнен Қондыбай хабарын естігеннен кейін, менің қалай да ол кісіні көргім келіп, Анипа апайдың үйінен аттанып, сол Қондыбай ауылына бет алдым. Жүкенді бізбен бірге жүр деп ертіп алдық.

Біз келгенде Қондыбай үйінде екен. Салмақты ажармен амандасып, мені аз да болса орысша оқығаны бар дегені болар:

— Мына кісі — менің зайыбым, аты — Лена, — деп таныстырды.

Аласа бойлы, жұпыны ғана киінген, шегір қоз, еттей сары әйел қол беріп амандасты. Әйелі орыс қызы болғанымен, қазақ киімін, тіпті тұйық кимешегін киіп жүр. Жүкендермен қазақ тәртібімен келін кейпін көрсетіп иіліп сәлемдесті. Біразда анада көрген Тәтібала апайымыз да саңқылдап сырттан шықты. Ол кісі біз келгенде сырттағы бір шаруаларында жүр екен.

— О, Сапарғали келіп қалыпты ғой. Аман-сау оралдың ба, жеткіншегім, бауырым, деп мүлде өзіне туыстыра сөз бастады. Ауылдың барлық жай-жапсарын сұрап, келініне қарап:

— Ележан, шай қой, неге отырсың? — деп қонақжай мінезін бастады.

Біздің отырмаймыз дегенімізді тыңдаған жоқ. Адуын мінезді ана өзі билеп әкетті.

— Алдыңғы жылы іздеп барып қайтқанымды өзің көріп едің ғой. Қондыжан сондағы айтқанын істеп, мына Ележанды алып келді. Қондыжанның айтқанын тыңдағаным жоқ, тілін кәлимаға келтіріп, қазақтың кимешегін кигізіп қойдым, — деп маған өзінің үй ішіндегі жаңалығын айтып өтті.

Тәтібала апайдың әңгімесінен сөз қозғалып, мен Қондыбайдан қандай оқуды бітіргенін сұрадым.

— Мен басында Семейдің бержағындағы Тыныбай мешітінде жүріп жаңаша яғни жәдитше оқыған Ғабдүл-хақ, деген ноғай азаматына кездестім. Сол кісі арқылы шығыс елдерінің ғылымына кіре бастаған жаңалыққа ауысып, ескіше аят, хадис шырмауынан серпілдім. Мүлгіген шала сауатты надан молдалыққа қарсымын, — деп шешіле сөйледі.

Осы кезде бағанадан үнсіз отырған Жүкең қозғалақтап:

— Қондыжан, біздің указнай молдамыз «құдай тағаланың өзінен, пайғамбарға келген құран сөзі ешқашан өзгермейді. Оны өзгертіп, жаңартам деу күпірлік, діннен шыққан азғындық» дейді ғой. Ал, сен шырағым, аят, хадис шырмауынан шықтым деп отырсың. Егер сенін айтқаның дұрыс болса, онда біздің сайланмыш указнайымыз кім болғаны? — деді.

Жүкеңнің аузынан айтылғанмен, анау надан указнайдың айтуынан ел көкейіне ұялаған надан ұғымға ызаланған Қондыбай көзі қанталай:

— Жүке, сіздер оқымаған қауым халықсыздар. Сіздерге сол надан указнайдың сөзі пайғамбардың өзі айтып тұрғандай болатын шығар. Мен сіздің сол указнай молдаңыз Сұрқожаңызбен сөйлестім. Керек болса сол өзі айтып отырған араб дін ғылымынан түк хабары жоқ. Қарасын да жете танып, дұрыс оқи алмайды. «Ағама жеңгем сай, сасыған етке борсыған май», ана Әбен сияқты надан болысқа, өзі сияқты қорқау надан серік керек. Қара құстай қасынан қалдырмайтын көрінеді. Қасындағы указнайдың надандығын, шариғаттың өзін дұрыс түсінбейтін ел көзінше айтқаныма Әбен болыс томарыла ашуланып, мені «діннен шыққан, кәпірден қыз алған. Мұны ел ішінен аластау керек», деп есірді. Бірақ, халық болған соң, көзі ашық, көңілі жарқын адам аз бола ма, ана Төтеңнің Омары есті адам ғой:

— Болыс-еке, аса қатты кетпеңіз. Сіздің указнайыңыздың білмегенін айтқанға елден аластайтын Қондыбай не істеді? Білдің деп жазалағанша, білмедің деп білмегенді жазалау керек, дегені. Сол кісіні отырған жұрттың бәрі мақұлдап, надан болыс амалсыз тоқталды. Мұны естіген жоқ па едіңіз? Болыстарыңыз содан бері менің, темекі, картошке еккен жаңалығымды, мына орыстан алған әйелімді бұзықтық, діннен, елден шыққандық деп қаһараттайтын көрінеді, — деп тоқтады. Тағы біраз үнсіз отырып:

— Сапарғали, сен семинарияда оқыдың ғой? — деп маған сұрақ қойды.

Мен семинарияға түспегенімді оған түсе алмаған себептерімді куәлік сұрап келгенде Әбен болыстың қағаз бермегенін айтқанымда, Қондыбай тағы күйіп-пісті.

— Мен сені семинарияда оқиды деп естіп едім. Түсе алмаған екенсің ғой. Оқимын деп талаптанған адамнан қағаз аяған нағыз жауыздық қой. Ол мөр Әбеннің әкесінен қалған мөр емес қой. Ол түгілі патша да орнынан түсті. Ертең-ақ ауылға жаңалық келеді ғой. Әлі жана тәртіп губернада, оязда орнап, бізге жеткенше сол болып жатыр ғой. Оқуың керек, — деп мені жігерлендіріп қойды.

Әңгімені Жүкең қозғап:

— Қондыбай, шырағым, осы мына келін екеуінің егіп жүрген көктіктер біздің қазақтың қолынан келе ме? Өзі ас болатын шоп пе? — деп Жүкең анайы сұрақ қойды.

— Жүке, сіз анада да осындай сұрақ қойғаныңызда, мен азырақ томырықтың ісі жөнді түсінік айтпаған едім. Енді түсіндірейінші. Мына біздің қоныстап отырған жерімізде шөп жынысының өспейтіні жоқ. Бірақ, біз жер емшегін ембеген халықпыз. Мал бағып, сүт ішіп, ет жеп, жерге еңкеймей тік кеткенбіз. Мына біздің қуысқа бабын тауып егін өсірсе, осы бір болыс елді азықтандыруға жететін картошка, капуста, сәбіз, қияр сияқты есі сынысып өсер еді. Оған су керек, күш керек, егіп, бағуын білетін адам керек. Өздеріңіз мекендеп отырған осы Ұзынбұлақ бойы маңырап тұрған мал. Осының суын бір үлкен тоғанға тосып, арналап арықпен тоғанмен суарып баптай білсе ғажап қой, — деп біраз отырып. — Мен келініңізбен ақылдасып, әзірше екі түрлі нәрсе өсіріп отырмын. Оның бірі — нан орнына желінетін картоп, екіншісі — сіздерге керек темекі. Осының екеуі де жақсы өседі. Өткен жылы еккен кішкене жерден жақсы өнім алдық. Биыл одан молайтып егіп отырмыз, — деп өзінін даладағы тәжірибесіз көшпелі ауылға жана өсімдік тұқымын әкеліп егіп, өсіріп үлгі көрсетіп отырғанын үлкен байсалды ойлы сөздермен айтып берді. Қондыбай әңгімесін аңырай тыңдап отырған Жүкең:

— Кәдуілгі насыбай жасайтын темекі ме? — деп таңданған сұрақ қойды.

— Мына темекіні уқалап атып көріңіз, — деп Қондыбай Жүкеңе бірнеше жапырақ кепкен темекі әкеліп берді. Жүкең алып, иіскеп:

— Ой аллай, біздің мына бұлақ бойына темекі өскен, — деп тамсанды.

— Жүке, айттым ғой, егер баға білсеңіз темекі түгілі апиын да өседі — деп Қондыбай Жүніс ағайға жер байлығы жайынан осындай сыр шертті. Осы кезде Тәтібала апай келініне:

— Ележан, шайынды жаса, деп өзі дастархан жайып, әңгімеге кірісіп: — Осы Сапарғали алдыңғы жылы өзіңмен бірге Сейсембай үйінде болған әлгі Тәтімнін баласы бар еді ғой. Ол қазір қайда? — деп Мұқаметқалиды сұрады.

Тәтібала апай Мұқаметқалидың сол бізбен кездескенде айтқан әңгімелерін тыңдап танысқан болатын. Оның Семейге келіп, сонау Омбыдан үйіне хабарласпай қайта Омбыға жүріп кеткенін жат бауыр, үйді ойламайтын қатыгез деп бағалаған. Енді ол не істеп жүргенін білгісі келіп отыр. Тәтібала апайға Сейсембай ағайдан естіген хабарын тыңдап болып:

— Тәтімнің ол баласы тірі болса бір жерден шықпай қоймас. Ана жылы Сейсембай үйінде отырғанда, Омбыдағы істегенін айтып еді ғой. Ерегіскен байдың баласына істегенін Жақсыбай қанды шелекке істесе, осының ғана басын кессе, — деп зілдене тоқтады. Ол кісінің Мұқаметқали жайынан айтқан әңгімесін Қондыбай бұрын да естіген екен.

— Адамды батылдыққа, кекшілдікке үйрететін жанға батқан зорлық қой. Халыққа әбден тізесі өткен патшаны да халық орнынан аунатып тастап жатыр. Ол тендік бізге де келеді. Мына далаға жеткенше сол болып жатыр, — деп Қондыбай ел ішіндегі әлсіз үстемдікке күйзеле сөйледі.

Өткен он алтыншы жылғы ел басына күн туып, ер-азамат бас сауғалап, қайда тұяғы ілініп жан сақтаса сонда қалғанын сөз еттік. Мұқаметқали да сол майдан жұмысына алынатындар қатарында болып, қазына жұмысында қалғанын айттық.

Осы Тәтібала апайдың Мұқаметқалиды сұраған жайынан сөз қозғалып, Тәтім үйінің басынан кешкен, Әбен болыс пен Жақсыбай қаныпезердің істеген қиянаты сөз болды. Ол әңгіме жөніндегі Жүніс ағайдың Әбен болыстың қосында болып, Жақсыбайдың сонау бір суық жолмен әкеліп Тобықтыға өткізген екі жылқы жөніндегі қиянатын айтып шықты. Осы әңгімелерді тыңдаған Қондыбай, атқамінерлердің ел ішіндегі қиянатына күйініп-пісіп:

— Осы соққандардың сыбағасын алдарына тартар күн туғанмен, әлі ел ішіне жетпей жатыр-ау, — деп күрсінді. Оның ол сөзін отырған жұрттың бәрі құптай үн қатты. Біз Қондыбаймен біраз әңгімелесіп, танысып, пікіріне түсініп хош айтыстық.

II

Бір-екі күнгі мәжілісті аяқтап, жолдастармен Ұзынбұлақты қуалай жүріп Тентек асуға бет алдық. Осы жерде Жүкең бізбен хош айтысты. Баршын тартқан батыр тұлғалы Жүкең, әңгіме құмар, айтқыш, аңқылдаған ақжарқын жүрегімен бізді осы Тентекке дейін шығарып салды. Екі күннен бері ол кісінің құмарлана сұрағаны, сонау майдан шегіне барған жігіттердің әңгімесі. Өзі де ара-тұра сол майдаға баратын жігіттердің тізімі жасалған кездегі атқамінерлер, болыс, старшындардың елге істеген қиянатын хикая еткенде, майын тамызады.

Біз осы ауылға қайтқан жолда Мұқаметқалидың әкесі Тәтеңе, үйіне түсіп сәлем бердік. Ол кісі кейінгі жылдары сырқатқа шалдығып, бұрынғы емсектік жүрісінен тоқтап үйде екен. Қуана қарсы алып, аз да болса жаны жадырап қалды. Ол кісіден Мұқаметқалидың өткен қыста қайда болғанын біліп, үй жағдайларына таныстық. Табыс табар бала қиыр түзде, қазына қанауында. Тәтен өзі сырқат, үй-іші сондай жүдеу күйде. Тек олардың медет етер қуанышы — ер-азамат басына бостандық болғаны. Ана жылғы жалғыз атты ұрлап, қылтасын қиып қара жерге отырғызған сергелдеңнің зардабы Тәтең үйінің отының басынан мықтап орын тепкен.

Мен ауылға оралысымен көп кешікпей Семейге жүрдім. Шаһардың аты шаһар. Шамалы болса да өндірісі бар, тәртіп те осы гүберналық қаладан анау тұнып тұрған дала аспанына таралады ғой. Семей қаласында жаңа комитеттер сайланған. Азды-көпті жаңа тәртіп орнай бастаған. Петроградтан қайтқан бетте сонау қырдан келіп күтіп жатқан әкенің асықтыруымен, Нұрекең үйіне мен бара алмай қырға жүріп кеткенмінді. Қырдан келген күн ертеде Нұрекең мен Нәзекеңе келіп сәлемдестім. Ақкөңіл, жарқын ұстаздар, жылы дидармен қарсы алды. Менен Петроградтағы жағдайларды сұрап, жай-күймен танысты. Мен бұл келуімде Нұрекең үйіндегі үлкен бір көңілсіздік — ана жылғы зарығып көрген Әулет деген жалғыз баласы сол қыста ауырып қайтыс болып, қатты қайғыруда екен. Бірақ, бұл адамдар сырын сыртқа жариялай бермейтін, сабырлы, ойлы жандар ғой. Қайыспай қарсы алды. Мынау болып жатқан жаңалық жайлы ол кісі айырықша ой айта қойған жоқ.

— Патша түсті ғой, басқару ісі қалай болары тайталаста. Россиянин бұл күнді күткеніне көп болған. Сонау мемлекет думасының маңындағы зиялы дейтін қауымдар бір ауызды болып, дұрыс пайдаланса, еркіндік қолға тиді ғой. Солар өзара тіл тауып ел басқаруға келісе ала ма, жоқ па? — деп тоқтады.

Нұрекең айтып отырған ойларға менің ойымның өресі жете қойған жоқ. Тек патша түсіп, бостандық деген даңғыр ғана көкіректе орын тепкен. Өзіміз бірге оқып, приходский училищесін бірге бітірген жолдасым Ғұмар Жүнысов деген жігіт бар-ды. Соның үйіне келіп, анау алыс жолдан келгелі көріспеген едік, сағынысып амандастық. Ол менен біраз кіші болатын. Майдан жұмысына алынбай, үйде болыпты. Ілгерігі оқуға түсе алмай, қаладағы бір жуырда ұйымдасқан жеңіл қолдылау бір банкіде есепші, аудармашы болып қызмет істейді екен. Ол менің келгеніме сондай қуанды. Өйткені Семейден осы кейінгі жаңалыққа байланысты сауда мектебі ашылмақ екен. Ол біраз әңгімелесіп, жай сұрасқаннан кейін:

— Сен, менің орныма қызметке кір. Бастыққа мен сөйлесейін. Ал, басқа оқуға ойлансаң жата-жастана көрерсің,

— деп жабыса кетті. Менің де іздегенім — осындай бір қызмет. Қарастырсам қызметі қолымнан келетін көрінеді. Сонан сол банкіге орналасып тұрып қалдым.

Қалада ұйымдастыру жұмыстары жүріп, комитеттер біресе олай, біресе былай құрылып, дүрліккен алуан түрлі ұйымдар жұмыс істеді. Осы кезде Семейдегі оқығандар қазақ тілінде газет шығара бастады. Бірден газет редакциясына бара алмадым. Онда әдебиет үйірмесі яки ұйытқысы тәрізді ешнәрсе жоқ. Сол жазда Совдеп ұйымы ашылып, Нұрғали ағай айтқандай бостандық жолының жана ұйымдары ұран тастады. Осы кездегі ел толқыны, жұмысшылардың ұраны ойды қозғап, «Жылаған жұрт уанды» деген өлең жазып, «Сарыарқа» газетіне апардым. Әдебиет жағын басқарып отырған Сұлтанмахмұд екен. Өлеңімді оқып көріп:

— Сапарғали, мен сенің «Айқапта» басылған «Қазақ бозбалаларына» деген өлеңіңді оқығам. Өлеңге талабың барын білгем. Ал, мынау өлеңің біздің газетке басылуға болмайды, — деп өзіме қайтарып берді. «Неге басылмайды?» деп іштей наразы болдым. Бірақ, қарсыласып яки неге басылмайтынын сұрап сөз қайырғам жоқ, онан кейін ол газетке бармадым да.

Ендігі бір қызығып оқып, шығуын күткеніміз «Абай» журналы. Бұл журнал көбінесе Абай төңірегіндегі естелік, ел аузынан айтылатын көне әңгімелерді басады. Бұл журналда істейтіндер Мұхтар Әуезов бастаған жастар. Осы редакцияға Сұлтанмахмұд та барып жүрді. Анау банкіде қызмет істеп, тіршілік күн керіс жайымен шұғылданғаннан ба, әйтеуір сол газет, журнал жағына қайта-қайта бара бермедім. Журналға жазып берген бір шағын әңгімем, ол да басылмады. Сонан көңілім қайтты ма, білмеймін, тек, оқушы қауымның бірі болып жүрдім.

III

Сол шағын банкіде бір жылдай істеген қызмет есесінен бір айлық демалыс алып елге бардым. Ел іші баяғы даңғыра, «бостандық, патша түсті, қазақ елі автономия болады» дейді. «Өз ішінен хан сайланады» дейді деген алып-қашты сөздер гулеп кетіпті. Өткен көктемде елге уәкіл келіп: «Совдеп құрылды» деп, ел ішіне сайлау жүргізіп, комитет сайлапты. Көзі ашықтау, Төлебаев деген азырақ орысша оқыған, бірақ ертерек сырқатқа ұшырап ел ішінен ешқайда шықпаған кісі бар еді. Сол кісіні болыстық комитетке сайлайды. Аздап заман жайынан хабардар және жоғарыдан келген «еркіндік, халық билігі өзінде» деген ұрандарды өзі оқып рухтанған Мұса ел ішінің жігерлі кедейлерінен мүшелер сайлатып алып, өзінше жаңалық лебіне ұн қосып, сол жылы Семейде ашылған мұғалімдер дайындайтын қысқа мерзімді курсқа сауатты, талапты жігіттердің бірнешеуін жібереді. Мұсаның сол кездегі бір пікірлес болған адамы, молда да болса жаңашыл Қондыбай Асық баласы болады. Өйткені Мұсаның өзі Қарқаралы интернатында оқығанда, огород жұмысына араласып ол жағынан хабардар болатын. Өзі темекі тартатын адам. Қондыбайдың мына қырға темекі ұрығын өсіріп, огород өсімдігінің бірнеше түрлерін өсіргеніне аса разы болатын. Оның үстіне оның надан болыстың қанды қамшы старшын шабарманының қылығына қарсылық еткен батылдығын жақсы көретін. Осындай ел ішінен аз да болса пікірлес адамдар өзара жаңалыққа бой ұрып, бұрынғы ел ішінің қиянаттарына тиым сала, оны сөкетті қиянат жолы деп әшкерелей бастайды.

Күні кеше ғана ел басына күн туып, майданға ер-азаматы көгенделіп жатқанда болыс, старшындардың елге өтеген қиянаты сөз болып, орнынан алынған болыстан теңдік сұраушылар үні шыға бастайды. Бірақ, ел іші әлі оянып сергімеген, бірден ерекше өзгеріс істей алмайды. Дегенмен ел көкейіндегі кекті оятып, қиянаттарын әшкерелеп, ел аузына еркіндік жол берген Мұсаға да, Қондыбай сияқты «діннен шыққан» молдаға да Әбен болыс, оның жемдестері қанын ішіне тарта өшігеді. Әсіресе Әбен болыстың қорқау указнай молдасы өзінің надандығын аямай әшкерелеп масқара еткен Қондыбайға неше түрлі ат та байлайды. «Ол азған шоқынды екен. Мына орыс қатынын алғанда шіркеуге кіріп шоқыныпты» деп те өсек таратады.

Осындай шиеленіс кезінде Қарқаралыдан жаңа комиссар шығады. «Совдеп қуылды. Олар большевик екен. Қазақ өз алдыңа автономия алатын болыпты. Сібір өлкесі өз алдыңа мемлекет болып, Колчак деген мықты генерал большевиктерді жеңіп, уақытша үкімет жолын орнатпақ. Сондықтан қазақ автономиясын құру үшін Совдеп кезінде сайланғандар орнынан қуылсын, жұмысты бұрынғы тәртіппен болыстардың өзі басқарады» деген ұранмен келіп, Әбен болыс қайта тағына мінеді. Аз уақытқа орнынан тайған азулы болыс, қаһарына мініп өзіне қырын келген комитет адамдарына қуғын салады. Ол алдымен комитетке бастық болған Мұса Төлебаевтың үстінен қағаз жазып, Қарқаралыға жауапқа шақыртады. Ендеше бір өшіккен адамы Қондыбай еді. Бірден Қондыбайға жаба қояр жаланың реті бола қоймайды. Бірақ, қалай да ілік табу ниетінде болады.

Қолынан шыққан мансабы қайта қолына тиген болыс, старшындар күйіне келген қара құстай елді екпінімен соғып, алқына қимылдайды. Қондыбайдың осы елге келісімен ел ішінен сұрағанын беріп, сатып алған жалғыз аты қара көк саңлаққа Әбен болыстың көзі түседі. Ойда жоқта айрылған мөрі қолына тиісімен, салтанат құрып осы Ұзынбұлақ өлкесіне келеді. Болыстар түсіп, жиын болып жатқан ауылдың жанынан астында ойнақтаған қара көк аты бар, өзінше шаһар үлгісімен сәнді киінген Қондыбай бұрылмай өте шығады. Ел арасында ондай жүріс қандай іле көзге түседі. Сыртта жүрген старшын қара мойын Жұманбай, Қондыбайдың атын ойнақтатып ойқастай өткенін болыстар отырған үйге айта кіреді. «Әлгі Асықтың мінсіз баласы мүлдем аспандап кетіпті ғой. Жаңа ғана осы ауылдың үстімен кекірейіп өте шықты. Мынау бас қосып отырған жұртты жан бар-ау дейтін емес» деп отқа май құя сөйлейді.

Бұрында өшігіп жүрген томырық Әбен, мына Жұманбайдың желікпе айтқан сөзіне долданып, «Қазір Жақсыбай екеуің барып атын алыңдар. «Болыс жіберді, дуанға уәкіл, почта апаратын сенімді ат керек» деп жатыр. Бізді сенің атыңа жіберді. Болыс өте асығыс бұйырды. Сірә, баратын қағаз тығыз білем. Тек патша бұйрығы, жандарал бұйрығы ғана үкілі почтамен жүргізіледі» деп төбесінен жай түскендей етіп, сөзге келтірмей қара көкті алып келіндер» деп компандай сөйлеп, Әбен болыс далиған икемсіз ернін бір сылп еткізді. «Болыс бұйырды — бітті» деп, қабақтарын түйе, тымақтарының бауын жымыра байлаған қанды шелек Қондыбай қорасына жетіп келеді. Жаңа ғана үйіне кіріп, киімін жеңілтектеп, сырттағы байлаулы аттың ерін алып отқа жіберуге шыққан Қондыбайға анадайдан ажарлы үнмен:

— Атты қозғама, біз сол атқа келдік. Болыс жіберді Ертоқымыңды ал, тез, — деп ентіге ақыра келеді. Мұндай өктем де өкіреңдеген оспадар қимылға жаны қас, қызу қанды Қондыбай:

— Екі қан шелек, не шатып тұрсыңдар? Болыстарың анау қостап жылқы бағып отырған байларды көрмей, менің жалғыз керігіме көзі түсті ме? Кедейдің, кемтардың қанын сорғандарың аз болып па еді? Енді маған келдіңдер ме, қаныпезерлер, — деп атының шылбырын шешіп, қорасына қарай жетелей бергенде, Жақсыбай қанды көз ат үстінен Қондыбайдың қолынан шылбырды жұлып алмақ болып еңкейе бергенде, қарымды Қондыбай оны жауырыннан қапсыра ұстап, аттан жұлып алып, тізерлеп жіберді. Жақсыбайдың қиқылдаған үні әрең шығып, тыпырлап жатқан кезде, қара мойын Жұманбай атының шылбырын шешіп алып Қондыбайдың мойнына ілмектеп, салып жіберіп тарта жөнеледі. Жаңғырыққан дауыстан сыртқа шыққан Тәтібала Қондыбайдың мойнына шылбыр түсіп Жұманбай сүйретіп бара жатқанын көріп бажылдай тұра ұмтылғанда, оны Жақсыбай келіп ұстай алады. Мойнына қылшылбыр батып буынған Қондыбай талусырап сүйретіп жығылады. Жығылған Қондыбайды тастай беріп Жұманбай қара көк аттың шылбырын алып жетектей жөнеледі. Жақсыбай да Тәтібаланың жанталаса алысқан қолын босатып атына ұмтылады. Жақсыбайдың қанды тырнағынан босанған Тәтібала бажылдай, әлсірей созылып жатқан баласын барып бассалып өкіре жылайды. Жаңғырыққан дауысты кешірек естіп далаға шыққан Тұйғылы еш нәрсеге түсінбей, бажылдаған Тәтібала дауысына қарай жүгіреді. Осы кезде атына мініп бара жатқан Жақсыбайды көзі шалған Тәтібала. Тұйғылыға:

— Ұста, ана қанды-шелекті. Ұрттаймын қанын, — деп екеуі тура жүгірді. Атына мініп алған қу тақым, Жақсыбай Жұманбайдың соңынан тура шаба жөнеледі.

Азаматы аузы-мұрнынан қан саулап жаяу жер соғып қалған мүсәпірлер аспан астын мұңға бөлеп, Қондыбайды екеулеп көтеріп үйге әкеледі. Осы кезде қорадан біраз жердегі арық айналасында темекі суарып жүрген Елена жылаған енесі мен қайнағасының, аузы-мұрнынан қан саулап сулап жатқан күйеуінің үстінен шығып талып жығылады.

Мойнына түскен қыл шылбыр тұзақ буындыра тартқан тақымның күшінен күре тамыры зақымданған Қондыбай екі күн тілсіз жатып қайтыс болды. Қондыбайдың өлімін естіген жауыздар, бір түнде қара көк атты Асықтың қорасының алдына әкелін байлап кетеді. Көз жасы мен аузына әлі келген сорлы кемпір-шал жер соғып қала береді. Қондыбай қазасын ізденер жан болмайды. Ауыл ішіндегі атқа мінер Монақай сияқтылардың аузын алып Әбен болыс дыбысын шығартпайды. Арман мен шер жайлаған ана үні Ұзынбұлақ бойын күңірентіп ел аузына арман болып тарайды. От басында отырып жаны ашығаннан басқа ана азуы алты қарыс болыспенен оның қанды шелек қолшоқпарларымен кім алысады. Күн санап арман әңгіме аяқсиды. Мен ауылға келісімен осы сияқты астан-кестен әңгімелерді естіп, демалыс орнына күйзелумен болдым. Менің қолымнан келер ешнәрсе жоқ. Бар қолымнан келгені, сонау жалғызынан айрылып сорлап қалған асыл анаға барып, қайғысына ортақтастығымды айттым. Көңілін жұбаттым. Оқымаған қарапайым әйелден ондай қайратты сөз естимін деген жоқ едім. Мауқын басып, мұңын шағып жылап алып Тәтібала:

— Сапарғали, шырағым, «көп асқанға бір тосқан бар» деген халықтың сөзі бар еді. Осылар қанша аса берер дейсің. Мына салпы ауыз Әбен түгілі анау ақ патшаның да мойны астынан келіпті ғой. Тірі болсақ мұның да ит терісін басына қаптар күн болар, — деп бір нәрсені аңғарып сезген адамша сөйледі. Мен ана көкірегінің даңғыл қиялына таңдандым. Бірақ ол кісінің сөзін қостап ешнәрсе айта алғаным жоқ. Өйткені біраз уақыт ел көңілін елеңдеткен Совдеп қуғынға ұшырап, Колчак үкіметі алқынып тұрған кез еді.

IV

Ауылда болған аз күнгі демалысты аяқтап, Семейдегі қызметіме оралдым. Бұл кез — Семей қаласының бір аласапыран кезі. Әсіресе ақтар үстемдігі бел алып, Совдепке қатынасқандар қатты қуғынға ұшыраған. Алдағы уақыт не болары ел көкейіне орнықпаған.

Қырдан келісімен сәлемдесе Нұрекең үйіне келдім. Семинария қорғанының ішіне кіре бере, бұл ауланың ішінде бұрын көрмеген бір ерекше көрініске кездестім. Семинарияның кең ауласының іші жыпырлаған кенеп шатырлар. Іші-тысы жыпырлаған бала-шаға, шұбырған адамдар. Бұрын бұл арнаның ішінен тігілген шатыр, топталған адамдар қоныстаған кездері болған емес-ті.

Мен келгенде Нұрекең сол шатырлардың шет жағындағы біреуінің алдыңда орта бойлы, орта жастағы, мығым денелі адаммен сөйлесіп тұр екен. Мен қасына келіп сәлемдестім. Нұрекең менің сәлемімді алды да:

— Сен үй жаққа бара бер, мен мына кісімен сөйлесіп барармын, — деді.

Мен Назекеңмен амандасып, жай-күй сұрасып, біраз отырғаннан кейін Нұрекең де келді. Ол кісі бір түрлі көңілді. Үйге сөйлей кірді.

— Адамды туыстыратын тұрмыс-ау. Мына жұмысшылар шартараптан қосылған енбек адамдары. Бір туысқан адамдай, бір қазаннан ас ішіп, бір ұядан қаржы ұстап, барлық тағдырларын қосқан. Осылар бірі өлген жерде екіншісі елетін шын туыстар, — деп келіп өзінің жұмыс столына отырды. Әлде бір нәрселерді өзінің дәптеріне жазды да, маған бұрылып хал-жайыммен танысты.

— Иә, солай болар. Өйткені әлі бір беткей тәртіпке кеше алмай тайталас болып жатыр ғой. Колчак үкімет құрып халықты жарылқар дегенге көңілі тұрақтамайды. Біздің білгіштер осымен қол ұстасып, автономия құрамыз, өз алдымызға үкімет боламыз деп гүрілдеп жүр, — деп біраз ойларын айтып салды. Мұндай өз ойын айтып кеткен кезде, сұрақ қойып ойын бұзғанды ұнатпайтын мінезін білетін едім, ол кісі әбден сөзін аяқтағанша үн қатқаным жоқ. Менің ол кісіден сұрап білгім келіп отырған жайым — анау қора толған көшкіндер жайы. Солардың жайын сұрап, бұлар кім, қайдан келген дегені ме:

— Сапарғали, сен өзің алдыңғы жылы Петроград маңында жұмыста болдың ғой. Сол өзің барып қайтқан Петроградтан көшіп келе жатқан адамдар. Бұлар сол Петроградтағы «Обухов» деген заводтың жұмысшылары. Бұлар бір жаңа қауым. Өз іштерінен коммунаға ұйымдасқан. Бұлардың табыстары бір жерге жиналады. Тамақтанғанда орталарынан жасалған асханадан бір жерден тамақ ішеді. Киімді бір жерден киеді. Қысқартып айтқанда барлық өмір тіршіліктері ортақ ұйым. Бұлардың арасында менікі-сенікі жоқ. Менің әлгі сөйлесіп тұрған кісім осылардың бастығынын бірі. Өздерін ұйымдастырып жіберген Ленин екен. Соны айтты, — деп тоқтады. Сонан біразда:

— Бұл коммуна ана Алтай кеніне бармақ. Сол жерде бір жағынан кен жұмысына ұйытқы болып, екінші жана жолмен коммуна шаруашылығын ұйымдастырмақ. Бұлар поезбен келіп түсіп, енді баржамен Өскеменге барып, сонан өндіріс кен маңына барады.

Нұрекең әңгімесін айтып біраз тоқталып:

— Қандай тамаша жаңалық. Осыны ұйымдастырған Лениннің данышпандығы қандай ғажап, — деп сүйсіне қайта сөйледі. Мен Лениннің жұмысшы табының ұлы көсемі, революцияның асқан күрескері екенін осы Нұрекеңнен бірінші рет естідім. Қорған ішінен қайта шыққанымда бағанағы кеп қауымның асхана етіп арнайы тігілген шатырға барып, жапырлай отырып тамақтанып жатқанын көрдім. Олардың бір ерекшелігі — барлық адамдары техникаға түсінікті. Бірі балға соқса, екіншісі ағаштан түйін түйеді. Енді біреуі киім тігетін портной болса, біреуі етікші, міні барлық өмірге керек шеберлікті меңгерген еңбектің саңлақтары. Ұйымдасып жаңа өмірге аттанған бұлар, мынау өмір талқысынан селқос жатқан аймаққа келіп өнер үлгісін, ұйымшылдық үлгісін көрсетпек.

Орын тепкен қызметімді істеп тіршілік талқысында жүріп жаттым. Бірақ, осы бір көрген жаңа тәртіпке, ортақ өмірге ұйымдасқан қауымның бейнесі ойымда үнемі елестейді. Адам баласының бәрі осындай бір тепе-тендік ортақ өмірге ұйымдасса біздің анау даладағы бейбақтардың жоқтық пен зорлықтан көзі ашылар еді деп ойлайсың. Осындай ойлар үстінде анада Қондыбай сияқты жаңа заманды көксеген ойлы адамның қатыгез жауыз қолдан қаза тапқаны арман болып оралады. Жалғызының жан күйігін тартып отырған қарт ана Тәтібаланың «көп асқанға бір тосқан бар деуші еді» дегені, алдынан жақсы өмір сәулесін, тендік заман күткендей лебіз елесін береді. Міне, сол ана лебізіндегі өмірді туғызса мынау сияқты топталып жаңа өмірге бел байлаған осы бір жаңа қауым туғызады-ау дейсің. Осынын негізін ойлап, ұйымдастырушылық етіп жол сілтеген дананың жаңа өзгеріс істерін күткендей боласың. Бір кездегі қазақ елінің оқыған көзі ашық азаматымыз деп сенген зиялы адамдары әлденеше топқа бөлініп, өзара бірін-бірі даттап, ел сенімін айнытып алды. Жаз аяқталып Сібірдің салқын күзі басталды.

Қызметтен бос күндері келіп амандасып қайтатын әдетіммен Нұрекең үйіне келдім. Есік ашқан Назекеннің шешесі қабағы түскен салқын үнмен тіл қатты. Амандық сұрасқанда:

— Амандығымыз жайсыз, Нұржанды жауып қойды. Нәзипа соның жұмысымен, дей ме, бір ұлықтарға жолығам деп кетті, — деп қарт ана мұңая үн қатты. Мына сияқты хабарды естіген соң, Нұрекеңнің анадағы сөздері есіме түсті. Ол кезде пікір таласы қит етсе «анау пәлен, мынау түген» деген жалалы аттар қоп болатын. Тіпті сонау дала елінің өзіңде, кейбір өзара ру партиясымен айтысып жүргендер де бірін-бірі «большевик, меньшевик» деп көрсетіп жатқан аласапыран кез ғой.

Енді біраз күнде Назекеңе амандасып, Нұрекең жайын білсем, ол кісіні тұтқыннан босатыпты. Бірақ, бақылауда, кепілге шығарыпты. Ол кісіге жабылған жала, сонау Петроградтан келген коммунаның адамдарымен сабақтас жайда тексеріліпті.

V

Осы жаздағы маған кездескен бір ерекше жәйіт, қазақтың алып ұлы Қажымұқанды көріп, дастарқандас болғаным еді. Оны айтпай кетуге болмайды. Мен анау алғашқы Семейге оқу іздеп келіп, Нұрекең үйінде тұрғанымда, «Айқап» журналынан Қажымұқан туралы хабарды оқып, сол алыпты көрсем деп қиялдайтын едім. Сол алыпты көретін сәт туа қалды. Мен бұл жылдары қазіргі Жаңа Семейде тұратын жиен ағайым Әбдікәрім Нұрабаевтың үйінде тұратынмын. Бұл жиен ағайдың да өзіндік өмір өткелдері қызық адам еді. Ол кісі өткен жылы ғана Шәуешек қаласынан көшіп келген. Ол жаққа ертерек кезде кәсіп іздеп барып тұрып қалған. Сол жақта ол кісі балалы-шағалы, өзіндік аты, абыройы болған. Қолының қысқалығына қабағын шытпайтын, ер көңілді, әрі қазақша күресте жауырыны жерге тимеген балуан адам еді. Ондай адам асқақ күш, әнші сері, әйдә, дүр адамдарға үйір болады ғой. Ол кісінің достары — атақты әнші Әміре, сауықшыл сері жігіттер Нұрлан, Абдолла сияқты Бейсеке балалары еді. Бір күні сол жиен ағай үйге қуана кірді:

— Мен Қажымұқанмен кездестім. Осы Жаңа Семейде, Бейсеке балаларының үйіне кеше келіп, Әміре екеуміз сонда барып амандастық, — деп сондай бір ерекше хабар айтып — Ертең Қажымұқанмен аралға шығатын болдық. Нұрлан бар, Абдолла бар, Әміре бар. Қымызшы Мәкет қызды сол жерге қымызымен алып шығатын болды, — деп жиен ағай, — сен де бізбен бірге бол — деді.

— Ассалаумағалайкум палуан, — деп Әбдікәрім сәлем берді. Біз де сәлем бердік. Бәрімізбен жылы шыраймен амандасып, қасындағы Нұрланның бастауымен келіп, жайылған көрпе, жастық қойылған жерге отырды. Нардай ерекше бітім, қалың қабақтан ойлана қарайтын қара көз, қалың ерін, жымырылған құлақ, барбиған балғын саусақтар бізге сондай бір тамаша көріністер. Әдейілеп барлық қымызына ақшасы, қайырына, басқа жабдығына хақысы төленіп әкелінген Мәкет қымызшының дастарқаны жайылып қымызы сапырылды. Мәкеттің әкесі Кәріп, ол күнгі табысына көңілі толып, жан аямай қызмет етуде. Біраздан кейін Әміренің гармоны тартылып, мәжіліс басталды. Бір ғана қызмет емес, арақ шөлмектері де саядан алынып Қажымұқанның алдыңа қойылды. Әңгімеден әңгіме басталып, Қажымұқанның қай жерлерде болғаны сұралды. Сөзге сараң, мақтануды орынсыз көретін кісі екен, Қажекең:

— Жігіттер, менің белдескен кісілерім көп қой. Сендерге қайсыбірін айтып бере алам. Бір-екі жерде болған күресімді айтайын. Өйткені сол күресіме өзім де сүйсініп едім — деді. Құмарлана тыңдаған жұртқа алдымен Түркияда болған күресін айтты. Қажымұқанның қай палуанның атын атағаны менің ойымда қалмапты. — Менің қажы атарына ие болғаным да сол жолда ғой. Және шығыс елінің палуандарының орамды шапшаң күшінен айласы басым, қылп еткен мылтық болды-ақ, қаңбақтай ұшырады. Мен олардың сол әдістеріне жол бермедім, — деп бір тоқтап, енді жапон палуанымен күрескенін айтты.

— Жапон деген сондай бір шақар халық екен. Өздері алдымен мынадай шарт қояды екен: «Жапонның ұлттық күресіне шығамын деушілер табыла ма? Егер ондай батылдық істеген адам, өзінің мерт болар қауіп-қатеріне бел байлай ма?» деп жарнама істеді. Бізбен бірге барған орыс, неміс, поляк, француз палуандары: «Жапонның ұлттық күресі аса қауіпті. Оған барған кісі не өледі, не өмір бақи кемтар болады. Ал, ондай қамалға қарсы шауып не азабымыз бар? Оған бармаймыз» десті. Ойлана келіп мен: «соған барамын» дедім. Менің жанкүйер жолдас, достарым орыс палуандары «барма» деді. «Қарақұлақтан қорыққан арыстанға ұқсап суырдың айғырыңдай жапон палуанынан-ақ қорқып күреспей кетсек сүйекке таңба емес пе» дедім. «Өзің біл, аса қауіпті» десті палуандар.

Мен қайтып жолдастарыма келгенде, жабыла рақмет айтып қуаныштары қойындарына сыймады. «Сені аман орала алар ма екен деп қорқып отыр еді» — десті.

«Осы бір-екі күресте ерекше көзге түскен сияқтандым» деп Қажымұқан әңгімесін аяқтады.

Ол күнгі мәжіліс сондай тамаша қызықпен аяқталып, енді екі күн өткенде Қажымұқан базар аланында ойын көрсетеді деген жарнама көшелерде жайнап жапсырыла қалды.

Жаңа Семейдің базар алаңына қырдың қалашысы, жұмысшы, пайдашы тұрғын жұрты симай кетті. Әлден уақытта спорт трусиын киіп Қажымұқан шықты. Ол алдымен денесінің бұлшық еттерін ойнақтатып, елді бір таңдандырып алды. Оның бұлшық еттері түйір-түйір болып ойнағанда, отырған жұрттар: «Мынау өзі анық адам ба, адамның денесі мына сияқты ойнақ салып ойнай ма» десіп таңдай қағысты. Ол кеудесіне жалпақ, диірмен тасын әкеліп қойғызып, екі мықты жігітке ауыр балғамен ұрғызып сындыртты. Онан кейін жеңіл трашпенке арбаға жиырма кісі мінгізіп, дертесін мойнына іліп алып елдің алдынан шыр айнала жортты. Одан кейін кооператив дүкенінен сом мен темір алдырып, соны белуарынан белбеуше орап-орап лақтырып тастады. Содан кейін үстіне тақтайдан көпір салдырып жүк машинасын жүргізді. Мұндай алып күшті бұрын көрмеген халық: «мынау анық алып қой» десті. Ойынды көргендер кереметтей жаңалық етіп елдеріне ала кетті. Бүкіл қазақ даласына алуан түрде аңыз болып жайылып жатты.

VI

Уақыт керуеніне бөгет жоқ. Жылжып күн, жылыстап айлар өтіп жатты. Сол кішкене банктің есеп қағазымен алысып, тіл-хат болып істей бердім. Бір күні Совдеп, бір күні Колчак, бір күні орда, бір күні автономия болып даурығып, бөрігіп жүрген жұрт. Сонау бір Байғали тапсырып кеткеннен кейін Мұқаметқалидан хабар болған жоқ. Тек, ұзынқұлақтан «майданда, қызылда дейді, өзі коммунист екен» деп алып қашты сөз естідік. Бүкіл Сібір өлкесін қанды жорыққа айналдырып, Анненков жендеттері елдің зәре-құтын ұшыруда.

Бұл кездерде шығып тұратын газеттерде де ешбір бағыт айтылмайды. Ұшы-қиыры жоқ, көл-көсір насихаттың құйрығынан ұстап болар емес. Осындай бұлдыраған он тоғызыншы жылдың жазы аяқталып қалған кезде үйден хат келді. Ол кездегі почта қырдан қатынасатын қалаушылар ғой. Әкемнің жазған хатында уайым сарыны бар. «Мына апаң сырқат болды. Бұл қырдағы емсектердің дәрі-дәрмегі қонбай тұр. Сірә, қалаға апарып емдетесің бе? — деп жазыпты. Хатының хабарына Қарағанда ана сырқаты зілді. Осы хатты айтып банк бастығымен келісіп бір айға рұқсат алдым.

Анамның сырқаты емсіз дерт. Тек, көңілге медеу үшін емдетуге талап еттім. Мен барып үйдің жай күйімен танысып, енді қамданып қалаға жүргенше, Семейден жаңалық хабар да келіп жетті. «Ақтар қашыпты. Қызылдар келіпті. Ревком орнапты. Бұрынғы тәртіп мүлде өзгеріпті» деген хабар жетті. Мұндай аласапыран кезде, қалаға бірден жүре алмай тоқталып қалдық. Ел ішіне әзір жаңа тәртіп жеткен жоқ. Бірақ, бүгін келеді, ертең келеді, деген дүңкілдеген хабарлар жүріп жатты. Шеше сырқатын қарату да, өзімнің қызмет орнымнан алған демалыс күнім де бітіп қалды. Тәуекел етіп қалаға сырқат анамды алып жүріп кеттім. Белгілі керуен жүріс, жылжып Семейге де жеттік. Тиянақты тәртіп шамалы. Қалаға келісімен қызмет орныма бардым. Банктің есігі тарс жабылған. Есігінде кішкене қағазға жазылған ескерту тұр. «Бұл банк жабылған. Губбанкке қосылды» деген. Банк жабылса басым бос, енді шешені көрсетем, дедім де дәрігерді іздеп тауып алдым. Алдың ала өзім барып сөйлесіп көрсетуге келістім. Асығыс жұмыстарымды ыңғайлап, қаланың жай күйін, жаңа тәртіп жайын білмек болып Нүкең үйіне тарттым. Қабағы түскен, жүдеу, мұңайған Назекең есік ашты. Ерекше сыйлап үн қататын Назекеңе амандық айтудың өзіне сөз табу сондай қиын болып, біраз тұрып қалдым. Назекең мені Нүкең жайын естіген шығар деп ұқты ғой деймін, жәй ғана басып орындығына барды. Осыншалық күйзеу қабақтан үлкен уақиға болғанын сезіп, қипақтай келіп отырдым. Менің жайыма түсінген Назекең өзінің сабырлы үнімен:

— Ағаң жайын естіген боларсың. Құтырған қасқырдай қағынған ақтың жауыз жендеттері ақыры түбіне жетті — деп көзіне жас алып бетін басып отырып қалды. Мен не айтарымды білмей темен қарап бозарып отырмын.

— Асыл ағаның түбіне жауыздар жеткен екен ғой. Қайран ағайым-ай, — деп қайғыра үн қатып көңіл жұбатқан болдым. Назекең аз сөйлеп, көп ойланатын әдетін істеп:

— Нұрекең қаза болғалы біраз болып қалды. Өзің қайда болдың? — деп сұрап қалғаны. Мен шешемнің сырқат жайымен қырға кетіп, сонан келгенімді айтып кешірім сұрадым.

— Біз осылай сорлап қалдық. Өзің ағаңның мінезін білесің. Өз ойлағаны болмаса, илікпейтін еді ғой. Сол сақтанбайтын бірбеткейлігі түбіне жетті. Ақтардың, ұлтшылдардың өшпенділігі күшейіп қатер төнген кезде, менің «сақтан, тіпті қырға шығып кет» дегеніме көнбей қойғаны. «Жан сақтай алмай сүмеңдеп қашып-пысып жүрген ақтың азғындарынан қорқып қырға шықпаймын» деп ешбір қауіпті ойына алмады. Сол ақтар қашып дүрліге бастаған кезде, айтқанына болмай, үйден шығармадым. Тек, ана затон астындағы тері заводының жұмысшылары келіп өздерінін дайындық жиналысына апарып әкеліп салып жүрді. Нұржан анадағы губерналық съезде алаш адамдарының бетіне қарсы шыққаннан бастап олармен үйлеспей қойған. Сонан ана ішкі жақтан келген С. А. Яковлев деген жұмысшы революционермен танысып, солардың ұйымымен қатынасатын. Анада жауып қойғанда да соларға, ана Петроградтан көшіп Алтайға барған коммуна адамдарына байланыстырып, ақтың Сидоров сияқты жасауылына көрсетіп жаптырған болатын.

Сол тергеуге алынғаннан бастап үнемі бақылауда болды ғой. Оның үстіне кейінгі қатынасып жүрген тері заводының жұмысшыларынан ұйымдасқан большевиктердің арасына жасырынып эсер партиясының жансызы бір қатын кіріп, сол жасырын жұмыстың бәрін жеткізіп отырған. Сонан ол ұйымның басшылары тегіс тұтқынға алынып, ана жансыз қатынды ұйымның, мүшелері сәтін тауып жоқ еткен. Осындай шиеленіскен күреске кіріп алып Нұржан кейінгі кезде мүлде ширығып алды. Өзі екі сөзінің бірінде: «Біздің мына қазақ оқығандары ақтың қашқындарына иланып босқа адасып отыр. Біздің қазақ сияқты көшпелі өмірден қол үзбеген езілген елге тендік беретін большевик партиясы» деп жұмысшы табының күресіне, большевик партиясына ғажап сенетін. Ағаңның мінезі өзіне мәлім, бір ұғынған бетінен кім айтса да қайтпайды және ойын айтуға келгенде оқтаулы мылтықтан қорқып именбейтін. Маған бір күні өзі айтып келді. «Мені ана жасауыл Сидоровтың жендеттері мылтықпен иментіп жалындырмақ болып дікілдейді. «Сен қазақтың оқығанысың, бір топ жұмысшымен не жаңалық жасамақсың?» деді. Мен оған: «біздің мақсатымыз мына сендер бастаған қанішер байлар мен бандыларды құртпақпыз» дедім. Жауап алып отырған прокурордың көмекшісі орнынан атып тұрып мылтығын ыңғайлағанда сырттан бір офицер келіп: «Бұларға мылтықтан оқ шығармаңдар, тірідей өртейміз» деп тыйым салды. «Өздері сондай есуас» деп күліп келді. Ақыры сол ағаңның тағдыры осылай болды.

Содан бақылауда болды. Бір күні кешкілікте екі әскери адам келіп:

— Нұрғали Құлжанов сіз ғой? Сіз бізбен жүрсіз. Штапқа шақырып жатыр, — деді.

Мен: «мыналардың түрі жаман екен, барма» деп едім, «жоқ, барам» деп киініп тұра жөнелді. Түнімен күттім, жоқ. Бір сұмдық болғанын білдім. Ол түнде атты деп ойламадым. Жауып қойды ма деп тан ата штабына барсам, онда ешкім білмейді. Сонан үйге қайттым. Үйге келсем, есік алдыңда бірнеше адамдар күтіп отыр. Олар Нұрекеңнің жолдастары, мені күтіп отыр екен. Менен олар бұрын хабарланыпты. Нұрекең сол үйден шыққан бетінде штапқа да, ешқайда да апармай көшеде атып тастапты ғой. Мына жолдастары хабарланып, сүйегін алып, енді үйге әкелуге келіпті. Сөйтіп, ағайын қапылыста қаза болды, — деп тағы да өкси жылап, бетін басып отырып қалды. Уатқан болып айтқан сөзді ешқайсысы, ердің өкінішті өлімінің өксігін басуға төтеп берер емес. Ұзақ отырып Назипа жеңгейдің қайғы-қасіретіне ортақтасып қайттым.

Қала ала-сапыран. Тәртіпті жағдай жоқ. Күйзеу қалада, күйсіз жайда ана дертіне шипа табармын деп үміт те етпедім. Ол кездегі дәрігер Семей қаласына белгілі Павлов деген кісі еді. Ол кісі сырқаттың қанын алып, жай-күйі сұрастырып, сырқат көңілін аулап дәрі жасап берген болды. Бірақ, маған оңаша «бұл сырқатқа шипа табылған жоқ. Қазіргі күнде Томдағы дәрігерлер оташылық жолмен ем жасап жүр. Онан да жазылған адам аз. Қаланың жағдайы ауыр ғой. Ендігі ылажы қырдың таза ауасы, малдың таза сүті ғана қорек болар» деп кеңес берді. Аз күнде анамды алып үйге қайттым.

Бір күні көршілес Ақбота болысынан бір жігіт тығыз бұйрық алып жетіп келді. «Мені Қарқаралыдан келген комиссар жіберді. Сізді тез шақырып кел деді. Жазған қағазы мынау» деп маған бір жапырақ қағазға жазған шақыру тапсырды. Алып оқып көрсем: «Осы қағазды алысымен мына Ақбота болысының екінші ауылына бөгетсіз келіңіз. Болыстық ревком жұмысының ұйымдастыру ісіне қатынасасыз. Қарқаралы үйездік революциялық комитетінің уәкілі Трутин» деп қол қойыпты.

Төтеннен келген шақыру-бұйыру қағазға таңдана қараймын. Мені қайдан біледі, деп ойландым. «Ревком жұмысының ұйымдастыру ісіне қатынасасыз» деген сөз көңіліме жылы тиді. Шақыру әкелген кісімен уәкілдің жатқан жеріне келдім. Бесатарын өзі отырған үйдің қабырғасына сүйеп қойыпты. Белінде наган, басында қызыл әскердің жұлдыз қадаған құлақшыны. Уәкіл астына қолсандықты орындық етіп жер үстелге бір қағаздарды жайып отыр екен. Амандық айтысып, аты-жөніммен таныстырдым.

— Ә, Бегалин сіз боласыз ба? Жақсы келдіңіз. Шақыртқан менмін, — деп өзінің Қарқаралы ревкомынан берілген (Рядьченко) қол қойған мандатын көрсетті. Сонан кейін қазіргі жұмыстың жайын айтып, ұйымдастыру ісіне кірісу жайын түсіндірді.

— Біз әскери коммунизм тәртібін орнатушы төтенше уәкіліміз. Мен азамат соғысында жаралы болған жауынгермін. Бізге берілген ерік, ел ішіндегі сауатты жастарды, уақытша үкімет жұмысына қатынаспаған оқығандарды Ревком жұмысына жегуге ерік берілген. Сізді мына Ақбота аулының адамдары — «қызмет қолынан келетін, кедей таптан оқыған» деп айтты. Сондықтан шақырттым. Қазір кімді қай жерге қызметке тағайындау біздің еркімізде. Мен сізді болыстық ревкомға хатшы етіп тағайындаймын. Болыстық ревком кедей-батырақтан болады. Соған ісін жүргізіп, басшылық етесіз» деп бұйыра сөйледі. Әскери коммунизм, революциялық тәртіп жайынан бұрыннан хабарым бар-ды. Төтенше уәкілдің тапсырмасын орындап сол күннен бастап сол Ақбота болысының ревкоміне хатшы болып тағайындалдым. Уәкіл Трутин ұйымдастыру жұмысын жүргізіп, бірнеше күндей бірге болды. Бұл бір басынан аз уақытта көп уақиға кешірген, қызыл әскердің жауынгері екен. Сол жақ аяғынан оқ тиіп, қызыл асығынан оқ жұлып әкеткен, бір аяғы кем. Өзі партия мүшесі қызу қанды «ә» десе «мә» деп тұра мылтық жұмсайтын адам. Қазақ даласының жайынан түсінігі аз. Оған дала халқының мінезінен түсініктер айтып, біраз ұсыныстар беріп достаса шығарып салдым. Міне, сол 1920 жылдың январынан бастап кеңеске еңбек сіңіру қызметіне кірістім.

Әрі сауаты жоқ, әрі өмір тәжірибесінен, ел жайынан хабары аз момын Наурызбай Данабек баласы, Қашай Оспан баласы сияқтылардан сайланған Волревком құрамы не істеп, неден бастарын біле бермейді. Бар сүйенеріміз үйезден келген нұсқау хаттар. Азық-түлік жәрдемі, разверстке сияқты тапсырмаларды орындай жүріп жаттық.

Жаз айының бір жадыраңқы күні ауылға келіп, уәкілдердің біразын аттандырған шақта үйде едім. Семейден Мұқаметқали келіпті деген хабар келе қалды. Көптен көз жазған азаматтан хабар алысымен, Тәтен аулына келдім. Мұқаметқали кеше ғана келіпті. Сағыныса амандастық. «Мұқаметқали Семейге келіпті. Тұла бойында асынғаны мылтық, бомба дейді. Азамат соғысында жауды қырыпты» деп ел ішіне жеткен алып-қашты сөздер де бар-ды. Айтса айтқандай Мұқаметқали нағыз әскери адам болыпты. Өзінің орта бойлы сұңғақ, тіп-тік денесіне құйыла киілген әскери гимнастерка, көйлек, галифе шалбар, белінде гранат байлаған әскери жалпақ белбеу. Он жақ мықынында наган. Әншейінде де сұсты сұрғылт көзі от шаша ойнаған қаһар шашып тұрғандай. Әкесі қайтқалы көргеніміз осы. Қазақша көңіл айтып, амандық жай-жапсарға көштік.

Мұқаметқали бұл келісінде Семейге Қостанайдан келіпті. Қостанайға, Семейге өзі майдан жорығында болған 3-Армияның саяси бөлімі жолдамамен насихат жұмысын жүргізуге, жоғарғы екі губернада комсомол жастар ұйымын ашуға жіберіпті. Сол жұмыстарын орындап, үйіне хабарласып қайтуға келген беті екен. Біз келген соң да, онан бұрын да Тәтеңнің кішкене үйіне ағайындары жиналып қалған екен. Көптен қоз жазып зарыққан үй-іші ағайындар түлек қырандай түрленіп келген жігіттен әңгіме сұрап, аңыра тыңдасуда. Соғыс жорығынан хабарсыз қыр еліне майдан әңгімесі ертегі тәрізді сезіледі.

Әке өлімін үйіне келгенде ғана естіген Мұқаметқали түнерген қабағын аша қоймады. Өйткені, ауыл өмірі қаймағы бұзылмаған, қара-түнек қалпында. Тек, шонжарлар аттан түсіп, арыны басылған. Өзін іш тартып қуаныштаған ағайынға сыпайы амандығын, бастан кешкен өмірін, не үшін қан кешіп, майданға кіргенін айтқаны болмаса, басқа мінез көрсетпеді. Ол бұл келісімде ұзақ тұрған да жоқ.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

«1916 жылдың уақиғасы басталғанда, мен пароходшылар компаниясында жұмыста едім. Басында бізді есепке алып, майдан жұмысына алмақ болды. Артынан пароход байлары, бізді өздеріне бекітіп алып қалды. Бұрын еңбек ақы жағынан бағынышты болсақ, ерік жағынан да бағынышты болдық. Яки басымыз пароход иелеріне байлаулы болды. Осы жағдайды пароход компаниясы қомағайлана пайдаланып, олар бізге бұрынғы айлықты екі есе кемітті. 1917 жылдың февраль төңкерісін біз Омбының пароход пристанында естідік. Тек «патша орнынан түспей, жұмысқа алынған бұратана елдерге ерік берілді деген хабар бізге де жетті. Біз, қазақ, орыс жұмысшылары болып ақы көбейтуді бізге де сегіз сағат жұмыс күні болуы керек деп үн шығардық. Пароход компаниясы оны істей алмады. Кім ие екені де мәлімсіз болып кетті. Мен ақшасы молырақ темір жол жұмысына барып кірдім.

Менің бұл жерге келуім өзіме бір жаңалық, өмірге бастама болып елестеді. Темір жол жұмысшылары ұйымы да, сергек екен. Біртіндеп таныса келе, патшаның орнынан түсуі, уақытша үкімет құрылуы, аз да болса кеңшілік деп құр дырдумен жүрген ұғым бұл жерге келген соң өзгере бастады. Қарт теміржолшы Орлов деген кісінің ұйымдастыруымен, қазақ жұмысшылары бас қосып, артельге ұйымдастық. Сонан кәсіпшілер одағының ұйымын ашып, соған мүше болдық. Осыдан кейін еңбек ақыны өсіру, жұмыс күні сегіз сағат болу керек деген талап қойдық. Әрине, бір-бірлеген жеке үн емес, артель жұмысшыларының тілегі әсерлі болды. Темір жол әкімдері бұрынғыдай зілдене алмады. Біз бірнеше күндей жұмысқа шықпай қойдық. Ақырында жұмыс күні сегіз сағат болып белгіленді. Патша орнынан түсіп, бостандық орнағаны жұмысшы қауымның көңіліндегі теңшілік бола қоймады. Оған жол көрген қартаң жұмыскерлер жасырын ұйым, бірлестік ашамыз деп бас көтерді. Осы кезде құпия Қызыл Армия қатарыңа жазылып, тіленіп майданға аттанғандар да болды. Қызыл Армия қатарына алдымен жазылған Угар Жәнібеков болды. Ол сонау Лена көтерілісінде болған тәжірибесін жалғастырып, бізді де Қызыл Армияға жазылуға үгіттеді. Біздің қанды көйлек жолдастарымыз Зікірия Мухеев, Садуақас Телманбаев, Жағыпаров Жұмаділ бәріміз де жазылуға ынталандық. Бірақ әскер тәртібіне, мылтық өнеріне таныс емеспіз. Әскери қаруды жұмсау үшін үйрену керек. Угарлар бұл уақытта пристанда, пароходта жұмыста еді. Мен теміржол депосында жұмыстамын. Бірақ, жексенбі сайын жолығып және мына сияқты ұйымдасу жұмысында үнемі қатынасып отырамыз.

Депоның мен балғашы болып жұмыс істейтін цехындағы кеңсе орыс жұмысшылары жұмыс аяғында топталып қояды. Бір күні өзімнің ұстама: «мен де сіздердің жиылыстарыңызға барсам қайтеді?» деп сұрадым:

— Баруыңа болады. Бірақ, аузыңа сақ боласың, — деді. Сонан біз депоның бір бұрышындағы үйдің астына түстік. Келіп көрсем, онда мылтық ойынын үйренеді екен. «Мен де үйренем» деп сол күннен бастап үйренетін күні үнемі барып жүрдім. Төрт-бес рет мылтық ойынын үйрену кешінде болдым. Сонан бір күні, бізге: «бүгін түнімен осында боласыңдар» деді. Таңға жақын бәріміз жиналдық. Өзімізге берілген мылтықты алдық. Кісі басы он оқтан берді. «Ал, жүріңдер» деді. Бірақ, қайда баратынымызды айтқан жоқ.

Бізді командир тура Қадет корпусының үйлеріне қарай алып жүрді. Бұл корпусты білетінмін. Бір-бір қабат үлкен үйлер болатын. Оның биік карнизі биік өзге үйлерден ерекше көрінетін. Сол Қадет корпусының бір бөлек кішірек үйіне келген соң командир: «Осы үйдің шатырына шығыңдар! Мылтықтарыңды дайын ұстап, хабар күтіңдер. Хабар: патрон заводы жақтан мылтық атылады, Темір жол депосынан ұзақ боздаған гудок болады. Сол кезде Қадет корпусының үлкен үйіне оқ жаудырыңдар» — деді.

Біз лезде шатырға шығып, жата-жата қалдық. Осы дайындықтың мақсаты не, әлі бізге айтқан жоқ. Мүмкін кексе жұмысшылар білетін шығар, мен әлі ешнәрсені білгенім жоқ. Сағат алтының мөлшерінде депоның гудогі болды. Қадет корпусының үлкен үйін атқыладық. Ол жақтан бір-екі мылтық үні ғана болды да, тоқтады. Сонан сағат онның шамасында, бронды автомобильмен жұмысшы отряды келіп жетті. Бұл кезде біз де шатырдан түсіп, жұмысшыларға қосылдық. Осы жерде пароход пристанында болатын Орловпен кездестім. Жұмысшы отрядты бастап алып келген сол екен. Мен көре салысымен оған жүгіріп барып амандастым. Ол мені көре салып:

— Е, қолға бесатарды алғансың ба, жігіт? Енді жарайсың — деді. Мен оның мына сөзін естігенде сондай қуанып кеттім. Аузыма сөз түспеді. Бұл Октябрь революциясының басталуы, жұмысшы табының уақытша үкіметке қарсы көтерілісі екен. Байыпты тілмен Орлов бәрін түсіндірді. Бұл көтеріліс онша ұзаққа барған жоқ. Омбыда олқылы-толқылы жағдайлар болып жатты. Жанжал бірде басылып, бірде дүрлігіп көтеріліп, мен бұрынғы депода жұмыста жүрдім. Сонан 1918 жыл келіп жетті. Жаңа жылдың алғашқы айы өткен кезде, Омбыда ақтар үстем болып, сезікті жұмысшылар жауапқа алынып түрмеге жабылды.

Февраль айының 25 күні біздің депо жұмысшыларының арасына Қызыл Армияның уәкілі келіп, еркімен әскерге жазылушыларды ұйымдастырды. Алғашқы құш жұмысшылардан там-тұмдап қана жазылды. Келесі күні жұмысшылардың жасырын жиналысы болып, Қызыл Армияның уәкілі қысқаша баяндама жасап, революцияның, уақытша үкіметтің жайынан түсіндірді. Сол кейінгі күні тағы да Қызыл Армияға ерікті жазылушыларды қабылдады. Осы кейінгі күні 45 жұмысшы ерікті армия қатарына жазылдық. Қазақ жұмысшыларынан Телменбаев екеуміз сол күннен бастап ерікті қызыл әскер қатарына кірдік. Мен тек қатарлы әскерге өзім жазылып қойғаным жоқ. Өзіммен серіктес қазақ жұмысшыларын ерікті әскерге жазылуға үгіттеп және әскери соғыс әдісін құмарлана үйрендім. Бірінші март күні отрядтың партия ячейкесіне арыз беріп партияға кірдім. Бұл менің шын мәнісінде большевик қатарына қосылған күнім еді.

Біз бірден соғысқа кіргеніміз жоқ. Біраз уақыт әскери ойынды үйреніп дайындалдық. Май айында біздің ерікті әскерлер тобын ротаға бөліп тәртіптеді. Ротаның командирі Русов жолдас мені Омбы абақтысының күзетшілеріне бастық етіп тағайындады.

Бір күні кеште абақтының күзетшілерін тексеріп, абақтыны айналып қарап келе жатсам, үшінші қатардағы үйде жатқан ақтың офицерлерінің бір-екеуі терезеден бастарын шығарып сөйлесіп отыр екен. Мен оларға «терезеден сөйлесуге болмайды. Орындарыңа барыңдар» деп айқайладым. Олар маған: «Ой, қантқа сатылған иттің баласы» деп айқайлады. Мен тағы ескерттім, «сөйлеспеңдер, орындарыңа барыңдар!» деп. Олар тағы да: «Немене, бізді атпақсың ба, атып көр, біз әкеңді қалай танытар екенбіз» деп күркілдеді. Мен мойнымдағы карабинді алдым да, «терезеден тарт бастарыңды» дедім. Олар онан сайын өршеленді. Қолдарына қайдан алғанын білмеймін, маған бір кірпішті жіберіп қалды. Менің ашуым келіп кетті, екеуін де көздеп тұрып басып салдым. Екеуі бірінен соң бірі терезеден ішке қарай жоқ болды. Не болды екен деп камераның ішіне кіріп қарасам, екеуі де өліп жатыр. Оқ бірінің басын жұлып кетіпті, бірінің мойнын үзін кетіпті. Атуын атып өлтірсем де, өзім қорқып кеттім. Келе гарнизонный начальнигіне телефон соқтым. Ротаның командиріне хабарландырдым. Олардан кісілер келіп акт жазды. Мен екі бірдей кісіні аттым, өзімді жабады деп қорқып жүрмін. Бірақ олар мені қозғаған жоқ. Күзеттегі кезегім бітіп босағанда, Русановты көрдім. Ол маған: «Жігітсің, міне осылай ату керек, жауларды» деп мүлде мақтап сергітіп жіберді. Казармаға келіп едім, жолдастар да естіп отыр екен, олар онан сайын жауландырып кекке көтерді.

II

Майдың 18-і күні бізді Марияновск станциясында чехтермен қарсы соғысқа алып келді. Бұл келген топта қазақтан Телменбаев екеуміз болдық. Басқалары басқа топта болды. Бұл жерде біз біраз аңдысып жатып 7 июнь күні қатты соғыс болды. Бұл соғыста чехтар көп және аса қарулы болып бізді қырғынға ұшыратты. Біздің отрядтан 70 шамалы ғана кісі қалдық. Жан-жағымызды қамап алды. Тек, Түменге қарай аздаған жол бар. Біздегі ең үлкен қару төрт пулемет бар. Шегініп отырып Ешим қаласына келдік. Сол жерде келіп біз теміржолшыларға кездестік. Олар да бытырап бетімен жүр екен, жалғыз-ақ олардан біздің алған хабарымыз, «бұл қалада Совдеп таратылып; уақытша өкімет басшылығы орнап тұр» деді. Одан жылыстап Түменмен хабарласып, сол атыраптағы қызылдар отрядыңа қосылдық. Осы жерде Черных жолдастық басқаруымен қызыл гвардия ұйымдастырылды. Телменбаев бар және Жұмаділ бар үшеуміз қызыл гвардияға жазылып, осы отрядта болдық.

Отрядтың командирі Черных жолдас Телменбаев екеуіміз шолғыншы етіп тағайындады.

— Қазақ баласысыңдар, сендер жастарыңнан ат құлағында ойнап үйренгенсіңдер. Телменбаев екеуіңді мен шолғыншы етіп белгілеймін. Сонымен қатар бұл міндет өте жауапты. Алдымен өте тапқыштықты, қайсар беріктікті, ер болуды керек етеді, — деді.

Сол күннен бастап мен шолғыншы болып алдым. Біз Түмен қаласына қарай бет алып келіп, Вагай деген станция маңына тірелдік. Станция ақтар қолында, екі жақ аңдысып, аса қызу соғыс бола қоймай, хабар күтіп тұрғамыз-ды. Таңертең ерте біздің жатқан жерге жалғыз паровоз жетіп келді. Паровозды сақтана әзірлікпен қарсы алдық. Сөйтсек отряд командирі Черных жолдас екен. Ол келе бізбен аз ғана хабар алысты да, «қалайда мына станцияны алу керек. Бұл жерде ондай қоп күш жоқ» әскери әмір етті. Біз станцияға бет алдық. Станция алқасындағы сиректеу ағаштарды қалқалап келеміз.

III

Біз бұл жерден қозғал ып Ірбіт қаласына бет алдық. Жолда бір кішкене белеңге келіп тоқталдық. Осы жерде отряд командирі 25 кісіні іріктеп алды да, алдыңғы жақты шолып ақтардың бекінісінен хабар алып келуді тапсырды. Біз қолымызға берілген тапсырма қағаздағы жоба бойынша Лаптов деревнясына жақын келдік. Алдымыздан деревнядан қашып шыққан бір шаруа адамы жолығып, ақтардың хабарын айтты. Деревня ақтар қолында екен. Совдептің адамдарын дарға асып, атып, ақтар ойына келгенін істеп жатыр екен. Біз деревняға таяу келіп алыстан шолып алдық. Қазақ-орыс бар, ақтың офицерлері күзетші қойып бекініп жатыр. Біз таң атуын күттік.

Таң сәріден біз бытырай қалаға шабуыл сала қаптадық. Әр жерден сиректеу атылған мылтық үні шықты да, бәсеңдеп сирей берді. Біз қаладан олар қашқан екен деп лап қойып едік, пулемет, мылтық деген оқты түтетіп берді. Бағанағы сирек атып баяулау, бізді алдап жақындату екен. Деревняның жан-жағынан қаптап қарсы шабуылға да шықты. Біз тым-тырақай болып бет-бетімізбен қаштық. Деревнядан біраз жердегі тоғайға жетіп бытырап кеттік. Бірақ, тоғай іші ойылған батпақты саз екен. Атымыз миға батып жүре алмады. Менің қасымдағы серігім Забайкал жағының азаматы Иван деген солдат еді. Оның аты белшесінен батып қозғала алмады. Екеуміз де атты тастап, тоғайдың қалың құрағына кіріп кеттік. Жолдасым біраздан кейін:

— Осы біз Түмен жаққа қарай ақырындап шығалық, аттар қалсын. Түнгі қараңғы кезде партизан отрядыңа қосылармыз деді.

Мен оның бұл ақылына қосылмадым. Мына аттарды тастап, жаяу қор болып қолға түсеміз деп ойладым. Иван өзінің ойға алған бетінен қайтқысы келмеді. Кеш болысымен ол қайтадан атына барды да, шығармақ болып сүйрелеп көрді. Шығара алмады. Ендеше ақтарға тірі қалмасын деп атты шым батырып, өзі жаяу жөнелді. Мен ермедім. Әбден түн қараңғысы түскен кезде атыма келдім. Саумалап атымды тартып көріп едім, сергек екен.

Ептеп жылжыта-жылжыта шығарып алдым. Атымның үсті-басынан батпағын тазалап міндім де, тура Лаптов деревнясына келіп кірдім. Қаланың шет жағында бір кішірек үйде салт атты біреу тұр екен, мен сезік бермей тура қасына жетіп келдім. Сөйтсем ол әлгі үйдің терезесінен кіренкемен сүт алып ішіп тұр екен. Мен де әлгі үйдің әйелінен сүт сұрадым. Маған да бір стақан сүт берді, ішіп алып қасымдағы аттыға қарасам, ақтың солдаты екен. Ол кезде біздің киімдерімізде ондай өзгешелік жоқты, тек пароль арқылы ғана танысатынбыз. Мен оған ақтардың бұрынғы паролін айтып едім, ол мені түзетіп үйреніп ал дегендей жаңа паролін айтты. Сонан кейін мен одан «осы біздің штаб қайда?» деп сұрадым. Ол деревняның орта жеріндегі бір аласалау үйді көрсетіп, сонда кетті. Мен тура сонда тарттым. Басқа жаққа бет алсам-ақ жауапқа алынатын түрім бар. Қаланың барлық жерінде атты патрульдер жүр. Мені ешқайсысы елей қойған жоқ. Атымды құдық басындағы діңгекке байлай салып, тура штаб үйге кіріп кеттім. Үйдің төргі бөлмесінде офицерлер отыр, алдарында арақ. Шала-дүмбілездеу мас. Мен елеусіз ас үй жағынан келіп ас пісіріп жүрген әйелден нан сұрап жедім. Сөйттім де нарға келіп киімшең жантайып жаттым. Ендігі ойым — мыналардың сөздерін тыңдап құпия сырларын білгім келеді. Олардың көбінесе әңгімесі — қызылдарды қалай қуғаны, өздерінше «ерлік қимылдары» болды. Ондай маған пайдалы сөздер сөйлене қоймады. Мені кісі бар деп елеген де жан жоқ. Бір кезде тұрып далаға шықтым, алғашқыдай емес, аздап етім үйреніп еркіндеу жүрмін. Сыртта ешкім көрінбейді. Байлаулы тұрған бір топ ат бар екен, соларға келдім. Бір күреңқасқа ат бейне сурет тәрізді. Үстінде ағылшын ер-тоқымы бар. Атты көргенде сондай қызығып кеттім. Байқауымша ол ат үйде отырған офицерлердің бірінің аты болса керек. Ойым осы атты мініп қашсам деп ойладым. Аттың қасына келіп, шылбырын шешіп елеусіз қозғап жібердім. Ат босап огородтың ішіне қарай шықты. Мен де ақырындап сол жаққа шықтым. Жан-жағыма қарасам ешкім көрінбейді. Атқа қарғып мініп «шұу» дедім. Ат тақымда ойнайды. Огородтың сырғауыл қоршауынан бір-ақ қарғыттым. Қуғын, ондай-мұндай кездеспеді. Деревнядан шығып тоғайға кіріп кеттім.

Тоғай ішін кезіп жүріп, келесі күні өзіміздің отрядқа келіп қосылдым. Кешегі жаяу кеткен Иван деген жолдасым да өзіміздің жолдастарға қосылыпты. Ол мен туралы «оны ақтар ұстап шауып өлтірді білем» деп барыпты. Мен аман-есен келгенде және адамның баласындай күрең қасқа атты офицер астынан алып мініп келгенімді көргенде жолдастар уралап қуанды.

Біз сол бетімізбен соғыса отырып, Ірбітке бет алғанмен, ақтар алдымыздан қарсы шабуыл жасап жібермеді. Кейде отрядымыз азайып, кейде әр жерден шағын топтар да қосылып молайып біраз уақыт кешігетін. Жаздың деген ыстық кездерін орман ішінде, Орал өлкесінде ақтармен алысумен өткізді. Бір үлкен соғыста қасқа ат оққа ұшты, өзім әрең дегенде қасымдағы жолдасымның көмегімен оқ арасынан аман құтылдым.

IV

Біз сонау Оралдың Кошинск заводына келіп, сонда тұрғанда Октябрь мейрамының бір жылдығын мерекеледік. Сол жерде жоғарғы командованиядан бұйрық келіп, тәртіпті Армия құрылды. Біздің отряд 3-Армияның 29-дивизиясының 1-батальоны, полкты атты әскер бөліміне қосылды. Армияның командирі болып Прокофьев жолдас тағайындалды. Бұл Прокофьев анада менімен қылыш суырысқан командир екен. Ол келіп біздің отрядпен танысқанда мен шошып қалдым. Ол мені «штабқа кел!» деп шақырды. Мүмкін анадағы қарсы шыққаным үшін жазалар деп ойладым. Жолдастарыммен қоштасып жөнелдім.

Штабқа келіп кірген соң:

— Сен анада маған қарсы ұмтылған Сибирьдің қазағысың ғой. Оның дұрыс, мен оны кек алмаймын. Өз бөлімің үшін, намысың үшін әрқашан да солай бол, — деп маған қолын берді. Жүрегім орнына түсті. — Ал, сені мен 3-эсқадронның пулеметшілер бөлімінің начальнигі етіп тағайындаймын. Алдымызда үлкен айқастар тұр. Ерлік етер жер алда, — деді.

Соғыс бұрынғыдан күшейді. Ақтар чехтардан, мадиярлардан екпінді отрядтар құрып, шабуылды күшейтті. Біздің тәртібіміз нағыз әскери жағдайға көшті. Соғыссыз уақытымыз өте аз. 1919 жылдың бас кезінде ақтардың ең мықты тобы Колчак басқарған Сібір өлкесіне ауысып, бізге үлкен-үлкен қысымдар туғызды. Бір үлкен соғыс Перми қаласы маңында болды. Бұл соғыста біздің Армияның арасынан біраз тәртіпсіздік шығып, Перми қаласын ақтар алып қойды. Біздің бөлім тұтасымен ақтардың қамауында қалып қойдық. Жан-жағымыздың бәрі ақтар, жарып шығар басқа жол табылмады. Сонан соң біз жалауымызды өзгертіп ақтарды алдау әдісін құрдық. Бірін-бірі біліп болмайтын, даңғаза жағдай, біз 18 күн ақтардың туын бетке ұстап сыр бермей жүрдік. Сонан Григорьев деген селоның қасына келіп тоқталып, шолғыншыларды тосып жатқанымызда, біздің штабқа белінде балтасы бар бір қара шаруа адамы келіп:

— Бастықтарың кім? — деп сұрады. «Менмін» дедім. Ол менімен жөн айтысып таныса бастады.

— Мен қызылдарға қарсы ұйымдасқан қара шаруа партизандарының командирі едім. Сіздерді келді деп хабарланып, өзім сөйлесуге келдім. Біз екі жүздей адамбыз, қару-жарағымыз аз. Кісіміз де аз. Бізге қару сайман, оқ беріңдер, адам көмегін беріңдер, — деді. Мен оны Прокофьев жолдасқа алып бардым. Ол партизан командирінің барлық хабарын тыңдап болып, біздің үшінші эскадронды көмекке жіберді.

Бізді ақ партизандар алаңсыз сеніммен қарсы алды. Алдымыздан нан, түз алып шықты. Біздің эскадронның командирі бізді партизандарға қарсы сапқа тұрғызып: «менен атой болған кезде пулеметтен оқ жаудырыңдар!» деді. Біз командирден атой күтіп тұрдық. Командир қолын көтеріп атой бергенде бірнеше пулеметтен оқ жаудырып кеп жібердік. Бірсыпырасы орақпен шапқандай құлады: Бірақ, олар жандәрмен тұра қаруласты. Біз бет қаратпадық. Ілезде талқанын шығарып қиратып салдық.

Бізге Горка қаласын аласыңдар деген тапсырма келді. Қалың орманның ішіндегі Горка деген шағын қалада ақтардың бір топ әскері бекінулі еді. Біз түн ішінде келіп шабуыл жасадық. Мен пулеметшілеріммен бір жыралау жерді паналап қаланың шетінен ортасына оқ бораттым. Менің өз қолымдағы пулеметті сүйер тиянақ болмай, оғы алысқа бармай жер бауырлап көздеусіз атылады. Бізге тап берген бір топ ақтың солдаты қаптап келіп қалды. Менің қасымдағы жолдасым: «жолдас командир, менің үстіме қойып ат!» деп жүресінен отыра қалды. Мен пулеметті қойып жіберіп оқ бораттым. Алды жапырылып жау кейін серпілді. Жолдасымды орнынан тұрғызып қарасам үстіндегі тонының жауырыны пулеметтің қызуынан күйіп кетіпті. Сонда да мыңқ етпей шыдаған. Жеңіс үшін, совет үшін мұндай жанқиярлық ерлік өте сирек кездесетін. Біз сол жерден бетін қайырған соң жау сескеніп қашты. Біздің әскер талқанын шығарып қаланы алдық. Әрине бұл сияқты соғыстар да, ақтармен шайқасулар да аз болған жоқ. Оның бәрін айта берсе өте ұзаққа созылар еді.

Үлкен соғыстың бірі Перми қаласын аларда болды. Біз қай қалаға, қай селоға келсек те жергілікті шаруадан ұйымдасқан, партизан, жұмысшыдан ұйымдасқан ерікті әскерге кездесіп көп күш алып отырдық. Перми қаласына біз сырттан шабуыл жасағанда қаланың ішіндегі жұмысшылардың құпия ұйымы көтеріліп ақтардың талқанын шығара есінен айрылтты.

Біздің полк қалаға алдымен келді. Біз келсек Кама өзенінен салынған темір жол көпір бұзылған, өзеннен өтер ешбір өткел жоқ. Тек қана өзеннің пристанға жақын жерінде, үсті жоқ бір баржаның түбі тұр екен. Сірә, қысты күні үстіңгі күймесін отынға жағып қойған болу керек. Біз келе сол баржаның ішіне қырық шақты кісі отыра қалып, пулеметті құрып жіберіп қалаға өтуге ескек салып жылжи бастадық. Осы кезде біздің полктың командованиясы 17 зеңбіректен қалаға оқ жаудырды. Жарты жүздей пулеметтер де бытырлата бастады. Біз біртіндей жылжып қалаға жеттік. Біз жиекке жеткенше зеңбірек те, пулеметтер де атуын тоқтатқан жоқ.

Баржа жиекке ілінісімен біз түсіп оқ жаудыра қалаға шабуыл жасадық. Арғы жиектен жауған зеңбірек пен пулеметтің оғы, қаланың астын үстіне келтіре шу көтеріп жіберді. Біз сол бетімізде бесатардан, қол пулеметтен оқ жаудыра отырып темір жол станциясына жеттік. Жүруге дайындалып тұрған екі поезды тоқтатып қолға алдық. Қалада тұрған ақтың шағын әскері күтпеген жерден жасалған күшті шабуылдан үрейленіп тұра қашты. Қаланың өз ішіндегі жұмысшылардан ұйымдасып қызылды күтіп тұрған жұмысшы отряды көтеріліп қашқан ақтың әскерінің қару-жарағын алып қолға түсірген. Сөйтіп іштен, сырттан кенет шабуыл жасап қаладан ақтың әскерін қуып шықтық.

Перми қаласын алып, ақтардан біраз қару-жарақ алдық, қолға түскен адамдарын тұтқынға ұстап, олардан көптеген мәлімет алдық. Ақтардың ендігі баратын бетін зерттеп, хабарландық. Біздің Перми қаласын алғанымызды хабарланып, бел алған жоғарғы командованиеден жаңа бұйрық келді. «Ақтар күшін Екатеринбург (Свердлов) қаласының маңына жинақтап жатыр. Ендігі олардың жоспары сол жерден үлкен шабуыл жасамақ. Ақтардың есін жиғызбай, Екатеринбургты алу керек» деген.

Бұл өте қиын да, өте жауапты да тапсырма болды. Екатеринбург (Свердлов) қаласына тұтқиылдан шабуыл жасап, ішіндегі жұмысшылар отряды бізге қосыла шабуылға шығып, тез басып алдық. Ендігі бізге тапсырма ақтың ішіне кіре, шабуыл салу болды. Біз бірнеше күн үдере тартып Тюмень қаласының қасына келдік. Қалаға таяу жерде, үстінен түсіп генерал Гайдудың қолының екі жүк оқ-дәрі тиеген обозын қолға түсірдік. Сол обоздағы күзетші арқылы ақтардың біраз жағдайымен таныстық. Енді обозды қолға алып ілгері тартып кеттік. Келесі күні кешке, демалысқа біз полк командирі бар алты пулеметчик жүріп келе жатыр едік, орын сайлаушылар қайта өзімізге қарай қашып келеді. Айтқандары: «ақтар, ақтар қуып келеді дейді. Сонша болмады атты қазақтар қылышын үйіріп келіп қалыпты. Полк командирі шұғыл бұйрық берді: «Қимылдаңдар!» деп. Біз үш пулеметчик ақтардың алдынан оқ жаудырдық. Олар бізге қарсы беттей алмай тоғайға кіріп кетті. Біздің полктың да қалың тобы сол тоғайдың ішімен келе жатқан. Біз алғашқы атты қазақтарға қарсы пулемет құрған жерде-ақ аттарымызды атшылар алып олар да тоғайға кіріп кеткен. Мен де пулеметті көтеріп тоғайға қарай жүгірдім. Алдымнан бір атты офицер шыға келді. Ол мені қазақ-орыс деп ойлап қалды білем, өйткені, менің де шалбарымның сыртында қызыл жолағы бар-ды. Маған таяп келіп: «Жетер енді туысқан, пулеметті әкел берші, қойсаңшы бос әуреңді» — деді. Мен наганымды суырып алып: «Мә, саған пулемет!» деп басып жібердім. Ол да наганын алып атқылады. Ол ат үстінде мен жаяу. Көздемей атылған оқ екеумізге де дарымады. Екеуміз бес рет оқ шағыстырдық. Абайласам, жан-жағымда ақтық адамы. Олардың қолына түсіп қор болғанша деп өзіме арнап ақырғы оқты алып қалдым. Оқ шығармай наганды әлгі офицерге оқталып көздей бердім. Оның оғы бітіп қалған білем, тайқып тұра жөнелді. Мен осы сәтті пайдаланып, өзіміздің адамдарға қарай жөнелдім. Қарсы алдымнан тағы да ақтардың атты он солдаты қылышын жалаңдатып шыға келгені. «Қайда барасың, қозғалма, таста пулеметті» деп ақырды. Мен отыра қалып пулеметтің аузын соларға қаратып айбар ғып ататын кісі болдым. Алдыңда пулеметінің оғы от алмай қалған-ды. Жан қысылды, не де болса айбат шегіп керейін деп, пулемет атқан кісі болып тетігін басып қалып едім, от алмаған патрон ұшып кетті де, пулемет атқылай жөнелді. Ақтардың үшеуі аттан ұшып түсті. Қалғандары тура қашты. Сонша болмады арт жағымнан тағы бір офицер келіп мені көздеп ата бергенде, оның желкесінен біздің бір пулеметчик кезенгенін керіп қалып офицер жалт беріп тұра жөнелгенде, біздің атты әскердің біреуі алдынан айқаса түсіп қылышпен шауып түсірді. Мен қуанғанымнан «әкел бері атты» деп айқай салып жібердім.

Атымды жолдасым көлденең тартты, атқа мініп алып тоғай ішіндегі бір аланға шықтық. Осы алаңға біз де шықтық, ақтар да қаптады. Екі жақ араласа ат үстінде соғысып кеттік. Макаров және Зеркалов дейтін екі үзенгі жолдасым бар-ды. Екеуі де өжет және ат үстінде шапқыш шапшаң болатын. Сол үшеуміз бір соғыста жаудың ішіне кіріп кетіп, өте көзге түсер қайрат көрсеттік, және ешқайсымыз жараланбай да аман шықтық. Тағы бір бөлек жауды жарып етіп бір алаңға шыққанымызда Зеркалов кейін бөгеліп қалды. Макаров екеуміз бір кішкене шоқ тоғайға қарай кіре бердік, сонша болмады ақтың бір топ адамы біздің артымызға түсіп берді. Біз атымызды қамшылап зытып келеміз. Өйткені олар көп, біз екеуақпыз. Ақтардың алды бізді басып жетуге айналды. Қашып құтылып кетуге болмайтын болды. Енді не істеу керек. Пулеметімді мылтықша мойныма асынып алғанмын-ды, ойыма келгені пулеметімді басымнан асыра көтеріп желке жағыма ұстадым. Ондағы ойым сыртымнан шапса қылыш пулеметке соғылсын деген еді. Ал, өзім бір қолыммен қылышымды ұстап, алдыңғы жағымнан келгені болса тәуекел етіп шапқыласпақпын. Сонша болмады, бір офицер жаныма жетіп келді. Мені қылышпен алдан да, арттан да шаппады. Менің қолымның бос еместігін байқап қалса керек, еңкейіп атымның изегенін алып мені ұрмай, соқпай жетелеп алып қашпақшы болды. Сол жерде қалай екенін аңғарған да жоқпын, қылышымның жүзі оның мойнына дәл келіп қалыпты, жан-дәрмен тізгінімді қоя беріп офицерді мойыннан шауып жібердім, аттан өкіре құлады. Қарасам елу жастардың шамасындағы ұзын сақалды, кеудесінде георгиевский үш кресі бар, үстінде офицерлер киетін сұр шинель, бір сәулетай офицер екен. Ол мені тірі ұрмай-соқпай әкетпек болған. Онысының сәті болмай, өзі қылышқа арандады. Алдыңғы жақта бара жатқан ақтың бір солдаты «айбынды батыр командирді шауып кетті, бауырлар, аянар не бар, ұмтылыңдар, шабындар ананы!» деп мені нұсқап айқай салды. Мен пулеметті қолыма алып оқ бораттым. Алдымда бара жатқан солдат аттан ұшып кетті, артымдағысы тура қашты. Макаров шауып келіп мен шауып түсірген офицердің атын іліп алды. Үстіндегі шинелін, етігін шешіп алды. Сөйтсек ол бір ақтардың вахмистр шенді жауынгер жасамысты офицері екен. Өз ажалына өзі себепші болды.

Мен артыма қарасам қазақ-орыстар кейін жалт беріп қашып барады екен, атымның басын бұрып алып тура оқ жаудыра ұмтылдым. Артынан тұра қуған біздің жігіттер бірсыпыра жауды қырғынға ұшыратты. Бұл соғыста біз басым келіп, ақтарды қайта ығыстырдық. Ақтардың жарты мыңға таяу адамы оққа ұшып, қылышпен шабылып жусап қалыпты. Бізден де біраз адам шығын болды. Соғыс басыла бергенде бір жерден шауып Телменбаев шыға келді. Анада өзім госпитальға шығарып салған жан қияр жолдасым. Екеуміз шұрқыраса қалдық. Ол менің бүгінгі қимылыма разы болып, «Черкес-Қали, бүгін сен ерекше ерлік істедің. Екі жерде үлкен қатерден қолды қорғадың. Ұсақ төбелестердегі батыл қимылыңнан «Черкес-Қали» деп атап едік. Ол саған шынында өте орынды ат екен», — деді.

Омбы қаласында жұмыскер болып жүргенде, жұмыстан дем алып бас қосқанда сырашыға барып сыра ішіп мәжіліс ететін едік. Әрине, ондай жерде көбінесе бай балалары, саудагерлер болады. Олар бізге қыр көрсетіп, кісімсіне, біз оларды күшпен илеп алатын едік. Сондай жанжал үшін алып жүретін менің қанжарым болатын. Сонан мені Черкеш-Қали дейтін еді. Мен оған:

– Мен ерлік көрсетемін деп қимылдағаным жоқ. Қалайда жауға бас имеу керек, қайрат ету керек деп қимылдадым. Мүмкін, соным жауға дер кезінде орынды соққы болған, — дедім. Шынында да солай еді.

V

Осы бір қырғын айқасты жеңіспен аяқтап, біздің полк, біраз тыныстап демалдық. Қару-жарақты толықтыру алдағы айқастарға әзірлену үстінде болатынбыз.

Декабрь айының аязды, боранды күндерінің бірі. Біздің полкты тағы бір басқа майданға жіберетін бұйрық келді. Майдан үстінде жоғарғы штаб өмірі екі айтылмайды. Біз дайындала бастадық. Полк жүрер алдыңда екі жылдан бергі қаһарман жорықтары, жеке жауынгерлердің ерліктері еске алынды. Ерлікпен қаза тапқан, бостандық қаһармандары еске түсірілді. Жиналыс қорытындысында менің жауынгерлік еңбегімді еске алып, мені «Қызыл Ту» орденімен наградтауға ұсынды. Және өзімді Орынбор қаласындағы әскери саяси қызметкерлердің сауатын көтеретін курсқа оқуға жіберетін болды. Мен ол оқуды жақсы оқып бітірдім. Оқуды бітірісімен жоғарғы командованияның нұсқауымен Поляк майданына бардым. Полктың комиссарына анадағы орденге ұсынылған қағазды тапсырып, соғыс майданына қайта кірістім. Бұл майдандағы қатты соғыс Махноның Антонов бандысымен алысу болды. Бұлар тәртіпті әскер де емес, тұрақты орындары да жоқ, ана жерде атой беріп, мына жерден бір көрініп жуырда бөгелді. Оның үстіне Қызыл Армияның ішінен азғындар да шығып, көп жағдайда үлкен бөгет те жасады. Мынадай бір жағдайды айтпасқа болмайды. Мен Польшаға келген соң, Сібірде ұйымдасқан бірінші гвардия дивизиясының 3-полкінде, 3-пулеметчиктер взводыңа командирге орынбасар болып тағайындалдым.

Полк командирі біздің взводқа тезінен 4-полққа көмекке барыңдар деп бұйырды. Ол полк Отхоже деген деревняда екен. 40 кісі пулемет алып, түн ішінде полктың штабына келді. Біз келген түні таңсәріден ақтар шабуыл бастады. Мен өзіме қараған пулеметшілерге қаптаған жаудың алдынан қарсы оқ атуға бұйырдым. Соғыс басталғанына 2 сағаттай уақыт болып қалған кезде 4-полктың командирі келіп:

— Кімнің бұйрығымен барлық пулеметтен атқылап жатырсыңдар! Барлық пулеметті шатырдан түсіріңдер! — деп бұйырды.

Мен оған бағынбадым. Өйткені біз барлық пулеметті аса бір жайлы жердегі үйдің шатырына құрып алғамыз-ды. Және ақтардың алдың бөгеп, қырғынға ұшыратып беттетпей тұрған кезіміз еді. Полк командирі бұйрығын орындата алмай жүріп кетті. Пулемет қолымда тұрған жағдайда маған басқа күш жұмсай да алмады. Біз ол күнгі соғыста қатты тойтарысқа ұшырадық. 4-полк екі зеңбіректі тастап сыртқа шегінді. Жау қолында қала алмай, пулеметтерімізді алып біз де шегіндік. Деревняның шетіне шыға абайласақ, полктың атты тобы деревнядан 4 километрдей жердегі жел диірменге барып топталған. Қалғандары да солай беттеп барады. Ақтардың бізді тықсырып кетерлік ондай басым күші де байқалған жоқ. Ал, 4-полктың әскері қарсыласпай, деревняны тастап серпіліп барады. Мен сондай ыза болып кеттім. Пулеметті құрғызып жіберіп, 4-полктың жаяу әскерінің қаруларының алдынан оқ жаудырттым. Әскер іркіліп қалды. «Жауға қарай қапта!» деген ұран салып, барлық пулеметшілер атқылай қайта ұмтылдық. Полктың барлық қолы бізбен бірге қайта шабуылға ұмтылды. Жауды қайта тықсырып, деревнядан айдап шықтық. Бірақ екі зеңбіректі ақтар алып кетті. Ол біздің полктың күшін сондай әлсіретіп кетті. Деревняны алып, кешкілікте қару-жарақты тазалап алдағы шабуылға дайындалғалы жатқанымызда, маған төрт қызыл әскер келді. «Сізді полк командирі шақырады» деп. Мен «қазір барамын» деп дайындалдым. Бірақ, біздің пулеметчиктер мені жалғыз жібермейміз деп екі пулеметчик пулеметтерін алып бірге жүрді. Мен алдымен полктың военкомына келдім. «Мені полк командирі шақыртыпты, соған барам. Сізге хабарлағаным» дедім. Военком менімен бірге өзі де командирге келді. Бізді полк командирі ызғарлы қабақпен қарсы алды. «Мен мына Сибирь қазағына атуға бұйырғам, соғыс үстінде командирге бағынбағаны үшін» деп маған ақырды. Оған военком: «Сіз революциялық әскери кеңестің рұқсатынсыз бұл адамды атуға бұйыра алмайсыз. Бұл кісі кешегі ерлігі үшін наградқа ұсынылады. Ол туралы мен дивизияның военкомына жазамын» деді де, маған — «сіз боссыз, жүре беріңіз» деді. Мен жолдастарыммен қайттым. Бірнеше күннен кейін дивизиядан төтенше комиссия келіп тексеріп 4-полктың командирі ақтың адамы екенін ашты. Полктың барлық қаруын ақтарға беріп, қолды қырғызбақ екен. Командир ұсталып ату жазасына бұйырылды.

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

I

Мұқаметқали жорық жолындағы естелігін өз қолымен жазған болатын. Біз содан алдық. Осы жолында әскери саяси бөлімнің тапсыруымен жаңадан автономиялы республика болып, отау көтерген Қазақстанның екі облысына келген жолы еді. Ол алдымен Қостанайға келіп, революцияшыл жастар ұйымының негізін құрып, іргесін көтерген. Бұл жөнінде, сол Мұқаметқали Қостанайға келіп ұйымдастыру жұмысын жүргізгенде жастар қатарында болып, үлгі алған Еленов Жұмаштың естелігінен үзінді келтіре кетейін. — Біз Қостанай қаласындағы ересектерге арнап ашылған мектепте оқитын едік. Бізге бесінші армияның бір топ үгітші командирлері келді. Ішінде басшы болып келген Мұқаметқали Тәтімов. Олар мектептің оқу тәртібі жастар арасындағы тәрбие ісімен танысып, мектеп басшыларын, қалалық ұйымдардан белсеңділерді қатынастырып жиналыс өткізді. Осы жиналыста мектеп ішіндегі жастардан комсомол ячейкасы ұйымдасып, жастардың белсенділігін көтеру жайлы тәртіп ұсынылды. Сонан келесі күні, қаланың татар бөлігі жағынан, қазақ, татар жастарының арнаулы жиналысы болды. Бұл жиналыста Тәтімов кіріспе сөз сөйлеп, жастарға совет тәрбиесін беру, халықтық, достық жайында сөйледі. Жиналысқа қатынасқан бай және молда, діндарлардың балалары қарсы шығып, «діншілдік жолға бармаймыз» деп айтыс болды. Бұларға Тәтімов өлтіре соққы беріп, еңбекші жастарды бауырмалдық достыққа шақырды.

Байлардың, молда, діншілдердің қарсылығына қарамастан, сол татар бөлімінде комсомол жастар ячейкасы ұйымдасып, іске кірісті. Тәтімовтың осы сияқты ұйымдастырғыштық тартымды жүргізген еңбегі Қостанай жастарына көп үлгі қалдырды. Алдоңғаров, Рахманқұлов сияқты белгілі совет азаматтары осы жолға ұйымдастыру жұмысында қатарға тартылып келешегіне жол ашты деп жазады.

Мұқаметқали өзінің естелігінде, осы 1920 жылы Қостанай, Семейде болған жолындағы қазақ-татар және басқа ұлттардың жастарынан революцияшыл жастар тобын ұйымдастырғанын қысқа ғана есіне алады. Сол жүргізген жұмысында діншілдер, ұлтшылдар тарапынан болған қарсылықты да жай бір-екі сөзбен атаған. Бірақ, мазмұндап жаза қойған жоқ.

Мұқаметқали сол бетінде Семейге барысымен майдан бастығынан шақырту алып, қайтадан Поляк майданына барды. Бұл жүрген жорығында ол ана естелігінде жазған. Мұқаметқалидың өзі келіп-кеткендегі айтқаны, Семейдегі жастар арасына жүргізген ұйымдастыру істері ел ішінде аңыз-әңгімеге айналып, «Тәтімнің баласының өн-бойы сірескен қару-жарақ. Қарсыласқан адамын жайратып жүре беретін көрінеді деген алып-қашпа, есіре айтылған сөздер жайылып жатты. Бұл сөзді ел ішіндегі кемтар-кедейлер, болыстан, атқамінерлерден зорлық көріп, тендікке әлі қолы жете қоймағандар, бар тендікті Мұқаметқали алып беретіндей көріп сүйсіне тыңдасты. Елге істеген үстемдігі көз алдыңа елестеген Әбен болыс, Жақсыбайлар, Жұманбайлар сескене құлақ салып, елемегенсіді. Өйткені олардың қолдарымен істеген өктемдік Мұқаметқалидың өз отының басында болғанды. Олар іштерінен үрейленгенмен, сырттарына шығарып абыржығандық білдірмеді. Мұқаметқалидың қайтадан майданға кеткенін естігенде бойлары кеңіп, кейде: «Әй, тәңір-ай, Тәтімнің баласына ондай даража, батырлық қайдан келсін. Үстіне солдат киімін киіп, тапанша таққанына қиратқансып жүрген шығар. Оның киген қызыл қаңылтыр таққан солдаттың шошақ бөркін ана сирақты Күзеубайдың Оразғалиы да киіп келген. Жүр ғой, не айтып, не қойғанын білмейді десе сол кезде кедей-батырақтан советті арқаланып атқа мінгендерді қорлайтын сөздің түбін түсіре айтысып жатты.

II

Күзге салым уақыт еді: Семей үйезінен өлкелік уәкілдікпен шыққан бір әскери адам, қасында үйез уәкілі бар, сап ете түсті. Ол кезде «төтенше уәкіл», «әскери уәкіл» деген сияқты дүмпуі күшті уәкілдер жиі келетін. Мына келген уәкілдер де солардың бір түрі. Бірақ бұлардың әкелген бұйрығында бір өзгешелек болды. Ол өзгешелік анау әскери адамның қолындағы уәкілділігінде еді. «Мына уәкілдікті ұсынушы Черепанов жолдас, Автономиялы қазақ республикасының орталық ұйымына жазылған Лениннің айырықша тапсырмасын орындау жөніндегі төтенше уәкіл» деген ескерту бар. Ол тапсырманың мазмұны орталық Россияның азамат соғысы жорығынан ашаршылыққа ұшыраған халыққа туысқан республикалар ерікті азық-түлік жәрдемін жинау» деген түсіндірме жазылған. Осымен қатар сол уәкілдің әскери сумкасынан мынадай бір ерекше аңғартпа қағазды бізге берді. Алып оқып көрсек ол Владимир Ильичтің қол қойған Советтік Россия халқының еңбекші қауымына жазған аңғартпа екен. Бұл жазбаның мазмұны «Орталық Россия сонау 1914 жылы басталған дүние жүзілік империялық соғысының азамат соғысына жалғасқан ауыр зардабынан қатты күйзеліске ұшырады. Оның үстіне кейінгі жылдарда егін шығымы аз болып, азық-түліктен мұқтаждыққа ұшырап отыр. Осы халыққа азық-түлік жәрдемін ұйымдастырып, туысқан советтік республикалардың шаруашылығы қажалмаған елдерінен ерікті жәрдем ұйымдастыру қажет. Әсіресе мал шаруашылығымен шұғылданатын елдерден ет, май көмегі ұйымдастырылсын. Мұндай ерікті жәрдем ұйымдастырылғанда, бұрынғы ауылнайға бөлу, шаңыраққа бөлу сияқты бірдейлестік жолмен жүргізілмесін. Бұл ерікті жәрдем байлардан, әлді шаруалардан алынсын» деп түсінік жазылған. Бізге уәкіл осы хатты оқытып таныстырып, халыққа осылай түсіндіруді тапсырды.

Жиналыс басталғанда үйезден келген уәкіл ерікті жәрдемнің жинау тәртібін бұл жәрдемнің қайда баратынын айтып жиналған жұртқа түсіндірме сөйледі. Жан-жақтан әртүрлі сұрақтар қойылды. Ерікті жәрдем болған соң, қанша берсе де ерікті ғой. Және басқа салықтар сияқты бай-жуандардан ғана алынатын деген емес, халықтың бәрінен де алынады ғой десіп, ерікті жәрдемді жаппай бөлу жағына бөлімдегі қыңыратқи сөз бастады. Осы кезде топ ішінде отырған аз ата қыпшақ руының кедей шешен қариясы Бектоғай ақсақал уәкілге бір сұрақ қойды:

— Шырағым, біз оқымаған анайы қауымбыз. Ана қолдарындағы қағазды кім жазған, Мәскеуден келген бе? Кеңес келгелі есемізді айтып, тендік тиіп жүр. Ерікті жәрдем кімнен алынсын деген екен, толық түсіндірші! — деді.

Бектоғайдың сұрағына құлағы елең еткен әскери уәкіл қасындағы жолдасынан «не айтты?» деп сұрады. Ол жаңағы Бектоғай сұрағын өзінше орысшалады. Мына сұрақты ұғынған әскери уәкіл орнынан тұрып, Владимир Ильичтің қолы қойылған арнаулы хатты қолына алып: — Хатты Владимир Ильич Ленин жазған. Бұл хатта жәрдем халықтан ерікті түрде жиналсын деген. Бірақ ерікті дегенді бетке ұстап, кедей-кемтарларға зорлық істелмесін. Әлгі шаруалардан, байлардан жиналсын деген. Сондықтан коммунист партиясының әділ де тендік таптық тәртібі, әрбір істе тура қолданылуы керек! — деп тоқтады. Осы кезде әлгі сұрақ қойған Бектоғай шешен: — Осындай аздың сөзін сөйлеп, әділдіктің туын тіккен Лениннен айналайын. Коммунист партиясынан айналайын. Мынау отырған жуан жұдырық қоп атаның аптыққан алаңғасырларының үнін өшіргеніне мың да бір рақмет. Ерікті де болса жәрдем елдің күйіне қарай жиналсын. Шамамыздың келгенінше жәрдемнен аянбаймыз. Ал, осыған, кедейлер, қол көтеріңдер! — деп айқай салғаны. Жиналған топтың көбі кедейлер, бәрі дуылдап қол көтерді.

Лениннің әділ де қырағы ойы ауыл кедейлеріне осындай азғантай сөзбен әділ шешіммен жеткен бір сәті әлі есімде.

III

Ақбота болысының Семейге ұрымталдығының, өте бір жақсы жағы ағарту ісіне, ауылдан мектеп ұйымдастыруға қолайлы болды. Семей қаласынан анау он сегізінші жылдан бастап ұйымдасқан қысқа мерзімді мұғалімдер дайындау курсы сол бір кезде өте қажетті жұмыс істеді. Осы Ақбота елінен және көршілес Дегелең, Бөрілі болыстарынан таланты жастар сол қысқа мерзімді курстан оқып, ауылдарға, болыстарға мұғалім болып таратыла бастады. Осы бір жағдайды пайдаланып, Қарқаралының үйездегі оқу бөлімінен қатынас жаздырып, Қарқаралы үйезіне осы курстан жіберілетін екі мұғалімді осы Ақбота еліне сұрап алып, екі жерден мектеп ұйымдастырдық. Біреуі бұрынғы ескі оқу кезінде медіресе ашқан Қожабек деген жердегі Қожа ауылынан. Біреуі Байдүйсен ауылынан. Осы Байдүйсен ауылынан ашылған мектепке Иса Биназаров мұғалім болып тағайындалды. Мүндай мектеп қыстан бері жазда оқуға қолайлы. Өйткені қыста бытыраған қыстау паналаған ел, жазда ауыл-ауыл болып қанаттас қонып, жайлаулас, күзеулес болады. Иса Биназаров жасырақ кезінде ауылда ескіше оқығаны бар, оған жаңашаны қосып, яки сол кездегі оқу құралдарының төте әлгі дұрыс қолданып, оқуды жақсы жүргіздік. Оқумен қатар ол домбырашы, әннен де хабардар, сері мінезді адам еді. Жастарға сол кездегі советтік рухтағы әндерді үйретіп, ән үйірмесін де жүргізді. Әсіресе «Интернационал» әнін, сөзін жастарға үйретіп, жаналық үнін көтерді. Сондықтан да өзі бала оқытқан ауылдағы Байдүйсен байдың бәйбішесі Зейнеп деген кісі Исаны Биназаров деудің орнына Беймазанов деп, сонан соң ауыл Беймазанов деп кетті.

Иса сол кезде Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетіне ел ішінен үзбей хабар жазып тұратын. Оның ел ішіндегі оғаш көріністерді газетке жазып, әшкерелеп отыратын қаламынан да бай-жуандар, әсіресе айқай-қиқумен ел ішіне әлек салып жүретіңдер сескенетін еді. Тап сол бір кездегі ел ішінде жаңа ғана сезімі ояна бастаған жастарға жетекшілік яки жаңалықтан түсінік жеткізіп отыру аса қажетті үлгі еді. Сондықтан да ағарту сәулесінің алғашқы қарлығаштарына айрықша қамқорлық керек. Олай болмағанда оларды әлі де аптығы басылмаған жуан кеуде үр да жықтар қол жұмсауы да, жазым етуі де ғажап емес еді. Осындай жағынан сақтық істеп, сол Исаларға ауыл мектебін ашып бергенде, ол мектепке ауыл иесін директор етіп белгілеп, ұйымдастыру жұмысына жауапты етіп қойдық. Әрине ол кезде директор түгілі, мұғалімнің өзіне де еңбекті елден болыстық комитетінің шешімімен малдай жинатып береміз. Директор мұғалімнің үстінен қараумен бірге, оның жұмысына, оқушылар жинап беруге аман-саулығына жауапты. Оны айырықша қаулымен жауапты етіп бағындырып қойдық. Сол бір алғашқы жылдардағы ел ішіндегі игілікті істердің бастамалары осындай жолмен жүргізілді.

Бұл жылдарда ел ішіндегі жаңалықтың ең бастыларының бірі — әйел тендігі, қалыңмал жойылу, бас бостандығы. Осындай мәселелер сол жылы «губерналық совнарсот» деген есіммен ұйымдастырылған халық соттарының қарамағымен шешіледі. Сондай тәртіппен, сол біз қызмет істейтін Ақбота болысы құрамына кірген бірнеше болыс елге Бимахан Нұрмұхаметұлы сот болып тағайындалып шықты. Советтік жаңа тәртіп, бостандықтың алғашқы белесі, милицияның мылтығы, соттардың революциялық ар-ұжданға сүйеніп айтатын үкіміне тіреледі. Ол жылдарда тиісті ұйымдардан куәлік алып, милиция қызметіне тағайындалған бір белсеңдінің қасында өзі ертіп алған бірнеше жандайшап «орындаушылары» болады. Әйтеуір ұлық көп.

Сол Бимахан сот Ақбота еліне келіп, съезд ашатын болып алдың ала хабар жазды. Соттың съезд ашатын жерін тағайындап, үй тіккізіп, сойысын, сусынын, күтушілерін реттеп әзірлік жасау үстінде бір ерекше уақиға болды. Соттың түсетін болысына аудандық милицияның бір тобы келіп, алдымен солар орналасып, соттың жазып берген тізімі бойынша жауапқа алынатын адамдарды іздестіруде болды.

Айтылған күні тағайындалған ауылына сот та келіп түсті. Сол күні кешкілікте сот жатқан ауылға қос аттап жан ұшырған бір адам келді. Жүрісі асығыс. Әлдеқандай бір үрейлі хабармен келіп тұрған кейіпте: — Мен тура соттың өзіне кірем. Ауыл шабылып, адамдар масқара болып жатыр, — деп демін азар алады. Сотқа келіп тұрған адамның жайы жеткізіліп, рұқсат сұралып, әлгі адамды кіргізді. Бұл кісі сотқа қолындағы жазылған арыз қағазды ұсынды. Сот қағазды алып оқып көрді де, қасында отырған хатшысына беріп:

— Ана бізге бағынышты милиционерлерді шақырыңдар, — деп бұйырды. Хатшы арызды оқып басын шайқап:

— Мынадай уақытта, мына сияқты тағылық істеу қандай қаныпезерлік, — деп тоқтады. Ол жазылған арыз емес. Бөрілі болысына тағайындалып келген Дүйсен деген мұғалімнің жазған хабарлауы екен. Ол кісі:

«Мен жаңа оқудың бастауыш мектебін ашып, бала оқытып жатқан мұғалім едім. Мені болыстық атқару комитеті Босағадағы Молдабай аулы дейтін бір бай-жуанның ауылына әкеліп орналастырды. Осы ауылда адам айтқысыз масқара, адам арын қорлаған бір жайды көріп, соны сізге хабарлап отырмын. Мына қағазды апаратын адам, сол азап шегіп зынданда отырған адамның туысы. Олар бостандық жолына талаптанып, азаттық жолын іздеген қорғансыздар. Азаптап отырған жуан жұдырық қара күш Молдабайдың ұрда-жық қанішерлері. Осыған кеңес сотының айбынды күші, әділ тезі керек болып отыр. Мүмкін болса бейбақтарды азаптан құтқарып, азаттық әперіңіз» — деп, сондай ширақ та ширыға жазылған хабарлау. Хатшы оқып болып, қағазды сотқа берді.

Осы кезде соттың шақыруын алған, серіктерін ертіп аға милиционер Әбдінің Омары қасына Ақбайпақ атанған Бекішовті ертіп жетіп келді. Келген милиция адамдарына Бимахан сот, әдеттегі тесірейе, іші-тысын сынай қарайтын әдетімен бір қарап алып:

— Бізге масқара бұзақылық істеп отырған жуан ауылдың адамдарының үстінен жазылған хабарлау келді. Осыған қазір атқа мініңдер. Хатшыға қарап: соттың атынан ана азаттық іздеген әйел мен жігітті тұтқыннан шығарып, осында әкелсін. Сонымен қатар, соларды азаптап шектен шыққан қылмыс жасаған Молдабай балаларын яки қылмыстыларды тұтқындап, сол жерде алдың ала тексеру жүргізіп болған жайды жанжақты тәртіптеп жазып, бірнеше куәлар яки понатойларға қол қойғызып протоколдасын. Бұйрық, әскери тығыз тапсырма тәртібі мен халық сотының бұйрығы болып жазылсын, — деп әмір етті.

Қыран бүркіттей түксиген қабағын түйілте, алдыңа қарай тікірейе өскен қалын мүртын қаусыра ернін жымырып, өңін ілезде әлденеше құбылатын әдетіне істеп Омар:

— Хатшы жолдас сотекеңнің айтқанын дұрыстап жаз, Көшім Малкелдінің шапанының етегіндей алжа-алжа қылып қоқытпай ширата жаз. Және біздің правомызды да ескертіп қой, — деп бүлдіргесінен беліне іліп алған алты таспа бұзаутіс қамшының сабын өріміне қоса, етігінің ұзын қонышына сұғындырып қойды. Омардың ойнақы тапқыр да ащы әзілін сан естіген Бимахан сот жымиып: — Тұла бойындағы түктің бәрі едірейіп кеткен екен. Молдабай аулының ойранын шығарып тастама. Тентегінің тергеуін анықтап барып, ел алдыңда үлгілі сот ашалық, — деді. — Сотеке, жарлығыңызға жарты түйір жамандық қоспаймын. Бірақ албастыны жынынан айықтырып алдыңызға алып келуге аянбай қимылдармын, — деп тапсырма қағазды қолына алды. Милиция қызметкерлерін бастап, бағанағы хабаршы қайта жөн тартты. Соттың қатарында бірге келген тергеуші де өздеріне арналып тігілген үйден кеңселерін ашып ішкі жұмыстарына, кірісе бастады. Сот мекемелері көшпелі болғанымен, олардың жүрген, түскен жерлері жұмыстан босаған сәтте ән-күй, мәжіліс болады. Ел ішінің тілмәр сөздері де осы маңда болып, ауылының, руының сөзін ұстап бітім ісіне араласады. 1923 жылғы заң кітаптары шыққанша сот тергеушілерінің қолданатын тәртіптері — Совет өкіметінің революциялық әскери түсіндірмелері көбінесе ауыс-күйіс дауды ел адамдарының өзара келісіп шешуіне тапсырып, жауаптылықты арнаулы төбе биге беретін. Олардың шығарған келісім-шешімін халық соты езі қарап келісім беріп отырады. Және даугерлердің екі жағынан өзара келісім өткенін қағазға түсіріп, қол хат етіп, арызына тіркеп, оз алдыңа реттеп қоятын. Сондай жұмыстарды жүргізіп жатқанда, тапсырмамен аттанған Омар бастаған милиция тобы да жауапкерлер мен жәбірленушілерді шұбыртып алып келді.

Анадағы хабарды жазған Дүйсен мұғалім бастап зынданнан босатылып алынған келіншек пен жігіт, олардың туыстары, жолдастары бір топ болып еркінше жүріп келіп жақындағы бір ауылға түсті. Қылмыспен еріксіз милициялар айдап келген Әбдіғали, Нұрғали бастаған Молдабай ұрпағының төрт адамы екі түйеге мінгесіп, масқара топ болып келіп, тұтқындарға арналып тігілген қара күркеге қамалды. Кеше ғана адам арына балта шауып, жер тәңірісі болып буырқанған қан көкірек жуан мойын көкжалдар бүріскен, сүмірейген жерге кіріп кете жаздайды. Бүкіл әлемге ала көздеп жиырыла қарайды.

Арнаулы сот тергеуі ашылды. Сол сот съезі болып жатқан жерге жиналған қауым бірін-бірі кимелей болған жайды тыңдап жапырласты. 1920 жылдың май айында болған жана сайлау жүргізгенше болыстық, басқару ұйымын «ревком» деп атаған-ды.

Әрі жасы елуден асқан, әрі тоқалдыққа қатын үстіне алып, күн орнына қорлап ұстаған Әбдіғалидың қорлығына Бәтіш күйзеліп сүйгеніне қосылып еркіндік алуды армандайды. Осы жайды сезген Дүйсен Айтжанға кеңес беріп: «Сен совет еркіндігін пайдалан, жаның сүйген жасты қор қылып қойма. Бір түнде алып қаш та тура сотқа апар. Екеуің арманыңа жетіп қосыласың» деп ақыл айтады.

Айтжан осы Дүйсен айтқан ақылды істеп, Әбдіғали үйде жоқта алып қашуға келгенде, Әбдіғалидің бәйбішесі осы сырды сезіп аңдытып, ұстатып алып, Бәтіш пен Айтжанды жігіттерге желкелетіп байлатып салып, ауылшылап кеткен Әбдіғалиға хабаршы жібертіп шақыртып алады. Өркөкірек, ожар Әбдіғали келе ауыл-аймағын жинап алып, «әкем Молдабай көрмеген қорлық, атам Бұқар көрмеген қорлық, бұларды қор қылып өлтірем» деп аптығады. Алдымен айналадағы ауылға хабар айтып, өзіне қарасты қоңсы жұртты тегіс далаға шығарып, Бәтіш пен Айтжанның мойнына құрым кигізден қамыттық кигізіп, беттеріне күйе жағып, елдің алдынан жаяу таспен атқызып өткізеді. Сөйтіп екеуін аузы жеткенше қаһараттап, қолы жеткенше қорлап зынданға салады. Ауыл қасындағы құрғақ апанды зындан етіп, қол-аяқтарын байлатып, апанға салып, бетін керегемен жауып, үстін арбамен бастырып тастап, Бәтіштің төркініне кісі шаптырады. Айтжанның әкесін, немере ағасын алдырып, ақыр заманды басына орнатады. Жоғарыда сотқа апарған қағазды Дүйсен мұғалім осы уақиға болып жатқанда жазған екен. Бастан аяқ айтып шықты.

Сот бұдан кейін жылауқор келіншек Бәтіштің арызын тыңдады. Бәтіш көз жасына булығып, ұлық алдың көрмеген момындығын істеп, ашына жауап айта алмады. Бар айтқаны:

— Тақсыр сот ағасы, алдыңызға тірі жеттім. Ендігі арманым жоқ, — деп отыра кетті. Бәтіш байсалды баяндамағанмен, мән-жай түсіністі. Сот жасқаншақ жас келіншекті сұрақ қойып қинамады. Екінші жылауқор Айтжанның арызы тыңдалды. Кек пен намыс ширатқан жас жігіт сұрлана, кек жалынын жайната:

— Советтік бостандықты халыққа жеткізіп, орындаушы сіздерге дәтіміз жетіп, ауыз-екі мұң айтуға қолымыз жетті, арманымыз жоқ. Мен Бәтішпен балғын бала күнімнен сүйіскен жан едім. Бірақ малмен күшті жуан атаның қолында болды да, Әбдіғали бай Бәтішті тіпті балиғатқа толмай зорлықпен тоқалдыққа алды. Тұрса аяққа, отырса басқа соғып, Әбдіғали бай да, бәйбішесі де иттей қор етті. Мен Бәтішке ара түспек түгіл, күндіз ел көзіне көрініп, ол ауылға бара да алмадым. Осы арманымды мына отырған Дүйсен мұғалімге айтып, сол азаматтың кенесімен бостандық, тендік адам деп аттанғанда аранға жығылдым. Көрмеген қорлығым жоқ, — деп жігіт отыра кетті. Айтжанның аузынан шыққан осы бір ашына айтылған аз соз сол кездегі еркіндік іздеген жас жүректің лебіздері еді.

Ендігі кезек әйел тендігін аяққа басқан қанды мойын, қара күш Әбдіғалидан басталды.

— Кәне, айыпкер Молдабайұлы Әбдіғали, мына жылауқорлардың арызына қарсы не айтасың? Қылмысыңды мойындайсың ба? — деген сот ағасының сұрағына:

— Мен ешбір қылмыс көтергенім жоқ. Сабасам, өз қатынымды сабадым. Сабасам, ақ некемді бұзып, отымның басына ойран салған тентекті сабадым. Қойныңдағы әйеліңді қорыма, басынып тартып алам дегенге ара түспе деген заң естігенім жоқ. Қылмысты боп ешкімнің қорасынан қойын, өрісінен жылқысын ұрлағаным жоқ. Ал, адам қорлағанды айыптайтын әділ сот болсаңыз, мына милицияларыңды айыпта. Мені масқаралап жайдақ түйеге мінгізіп, мынау Дегелең Ақбота елінің ішімен айдап келді. Және мына жонымды көріңіз, көк ала қойдай, анау жынды Омар деген езі мылқау ма, жынды ма, немене айт-үйт жоқ мылтық атып, ауылдың астын-үстіне көтерді. Малымыз үркіп далаға босып кетті — деп мүләйімсыған кезде, тергеу үйінің төменгі жағында отырған Омар қабағын жиыра, мұртын тікірейте мылқау болып бақырып кеп қалғанда, Әбдіғали бетін басып етбетінен түсті. Омарда күлкі жоқ. Тап осы сәтте Омардың тілі бар дегенге ешкім сенер емес, ол сол мылқау болып бет-аузын бүрістіре көзін шақшитып, Әбдіғалидың інісі Нұрғалиға сақау дыбыспен шұқшия қалды. Омардың осы құбылысын әбден біліп, ішінен разы болып отырған Бимахан сот Бекішовке (Ақбайпаққа) қолымен нұсқап, «ананы алып кет!» деп әмір етті. Абайпақ Омарды иығынан тартып, қолымен сотты көрсетіп ымдап ұғындырған болып сыртқа ертіп кетті. Тәртіп бойынша қылмыстың болған жайын қағазға түсіру үшін жүргізілген сот мәжілісі аяқталып, сот үкім шығарды.

«Қалың малға сатылып, қарғыс атқан ескі ғұрыптың торында зарыққан Бәтіш Тұрғанбайқызы Россия социалистке революцияшыл бостандық заңы бойынша, өзінің тілегі бойынша басына бостандық алып, сүйген жігіт Айтжанмен қосылуға ерікті болсын. Сонымен қатар, жас Бәтіш еріксіз тоқалдыққа алып, бірнеше жыл күндізгі зарын тартқызып, еріксіз әйелденген Әбдіғали Молдабайұлынан заңды түрде мал-мүлкінен еншісін алсын. Әскери революцияшыл тәртіпке қайшы, адам арына оның ішінде бостандық, көксеген әйел еркіне қол сұғып, қол жұмсаған, халық алдыңда масқаралап мойнына құрым іліп, тірідей зынданға салып, өктем күш көрсетіп Бәтіштен оның сүйген жігіт Айтжанды қорлағаны үшін Әбдіғали Молдабайұлы екі жыл еркінен айрылып, тұтқында болсын. Оның осы сияқты бассыздық істеген айуандығына көмектесіп, күш берген бәйбішесі Жанбөпе қазына пайдасына малдай айып төлесін» деп үкім шығарды. Халық сотының үкіміне халық разы болды.

Әбдіғали Молдабай баласы сол күні Ақбайпақтың айдауымен Қарқаралыға жүргізілді.

Совет сотының алғашқы ел ішіне шығып, бостандық тәртібін орнату бастамасын аңсай түсіп, қызыға тыңдаған Биназаров Иса мұғалім, осы уақиғаны Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетіне жазып та үлгерді. Осы бір үлгі ашық сот бай-жуанның, әйел бостандығына ала көздеп қарайтындардың талайына үлкен соққы сабақ болды. Сол ел құлағын елеңдеткен екі жастың бас бостандығы ғана емес, совет сотының, революциялық ар-ұжданмен, советтік декреттер тәртібінен ел ішіндегі талай сойқанды істер талқыға түсті.

Сот үкімі шығып, Әбдіғали бай айдалып тұтқынға келіп, еркіндік алған екі жас жайрандай аттанғалы жатқанда, сот мекемесі ашылған жерге аудандық милицияның бастығы Шайхы Мұсатайұлы келіп түсті. Әбдіғалидың істеген айуандық, хабары аудандық милиция начальнигіне де жетіп, сотқа шақырылып, кеткенін біліп хабардар болып келген екен. Сот съезіне үй тіккізіп, сілемдес қондырған ауылымыз Рахымберлі деген қонақ көтеретін, әлді шаруа болатын. Рахымберлінің баласы Жұмабай сауықшыл жаңа пікірлі сауатты жігіт еді. Милиция начальнигі Шайхы Мұсатаевты, Болатком составын және бостандық алған келіншек пен жігітті отауына шақырды. Әрине әрбір қызықты сәт дәл, дер кезінде бағалана бермейді. Ал, қазір Жұмабайдың сол күнгі отауында өткізген мәжіліс кешіміз сергек-сауықшыл халқымыздың жақсы әдетінің бір көрінісі екен. Бір ғажабы осы кеште асқақ екі әнші, сықақ пен күлдіргінің майталманы Омар бас қосып, ғажап өнер көрсетті. Шайхы Мұсатаевтың қасындағы милиционерінің бірі атақты әнші Айтбайдың Раббасы екен. Екінші әнші сол Ақбота елінің азаматы болыстық атқару комитетінің мүшесі Қабыш Ысқақов еді. Оның елге мәлім аты — Ақ иек Қабыш болатын. Өйткені ол кісінің иегінің оң жақ жебесі әппақ болып, оған шыққан сақалшасы да әппақ болып өрбітіп тұратын.

Мәжіліс әннен басталып, алдымен домбыраны Ғаббас алды. Ғаббаспен бұрын мәжілістес болып, әнді тыңдап көрген жоқ едік. Тек сыртынан «Айтбай әнші өз балаларыменен жарыстырып, бірін-бірі сынап, әнді өңдеп отырады» деген ел ішінде әңгімелер болатын. Ғаббас өзі де келісті, сұңғақ бойлы соқталы сом денеге лайық қиылған қара мұртын ширатып қойып жымия сөйлейді. Ақылды сипатқа лайық қой көз, сері мінезді жігіт екен. Домбыраны біраз күйлеп, құлақ күйін шертіп:

— Қандай ән айт дейсіздер, — деген сыпайы, әдепті лебіз айтты. Бұл үйдегі мәжілісте ағалық орындап отырған Шайхы әзілдей: Ғаббас-ау, біздің бұл ағайындар ән тыңдауды біле ме, әлгі әкеңнің қоңырынан бастай бер, — деді.

Мұндай жерде сөз есесін, жібермейтін, Штеннің шешен жігітінің бірі Кәмен:

— Тәтеңнің күйіне таласымыз жоқ. Біздің ауыл ән салғанда, Жайекең ауылы аузын ашып отырушы еді ғой. Ғаббас сіздің ауылдың әншісі емес қой. Тілеукенің баласының өнері сізге де, бізге де бірдей ғой. Кім әнші, кім әнді ұрып айтады, оны көре жатармыз. Ал, Ғаббас бастай бер, — деп Шайқыны тойтарып бір қойды. Ғаббас өзінің әкесінің «Айтбай» деп басталатын асқақ та арналы әнін шырқап:

Демеубай әкем аты атым Айтбай,
Өмірді сайраңдап ем бетім қайтпай,
Жаладан жау жапсырған жазым басып,
Бұралқы шетте жүрмін ұрлық, аттай.

деп бір аңыратып, «Топай көкті», «Шаманы», «Үш досты» айтып біраз демалыс етті. Аңырата бастап, әсем ырғақпен қоңырлата сызылтып, аяқтап тынымдайтын Ғаббас үйінде бір ерекше қоңырау ырғалады. Және ән айтқанда аңырап шыққан әсем үннің аржағында толықсып лықып тұрған үн екпіні кеуде кернеп тұрғандай серпінін сездіреді.

Шайхының әлгі бір әзіліне тойтара жауап айтқан Кәмен, өзінің жақын ағасы ақ иек Қабышқа:

— Домбыраны солақай тартсаң да солқылдата «Ардаққа» басып жіберіп. Мына қонақтар жол сұрап жүрер, ауылдың алты ауызы деп. Жолынан құтылып отыралық, — деді. Әлгінде Ғаббас әнді бастағанда-ақ іштей ширыға, әрбір нақысты құштарлана көкейіне сіміріп отырған Қабыш ән салардағы мандайын жиырылта сұрлана қалатын әдетімен домбыраны солақай жағына күйлеп алып «Ардақты» шырқай жөнелді. Қабыштың ә, дегенде баяу қоңырлай шығып, бара-бара балғындай әсем төңкерілер үнімен ойнақтай орындалған өлкелі ән әсем бір ырғақпен құйылды. Сол кезде ел ішіне жаңа таралып жүрген «Қызыл бидай» әнін де сондай әсем орындады. Қабыш демалыс етіп тынымдаған кезде, әніне разы болған Шайхы:

— Мен намыстандырайын деп әдейі айтып едім. Шынымен ширыға шырқадың-ау, тағы бір ән шырқап жібер, — деді. Қабыштың жақсы көріп айтатын әні «Қарға» болатын, ол «Қарғаны» солқылдата шырқап, үздіктіре аяқтап тастап, домбыраның құлақ күйін безеп алып, «Ғалияға» соқты. Әнінен ән туғандай Қабыш сол кезде ел арасына жаңа таралып жүрген «Зұлқия» әнін шырқады. Зұлқияның теңдікке қолы жетпей, мұңға толы он әнін айтқанда, совет бостандығынан тендік алып отырған Бәтіш нұрлана, сүйген жарына көз тастайды. Оның осы көз қарасында «бізді бақытқа жеткізген совет өкіметі, совет соты» деп отырған сыр сайрайды.

Ән осымен тоқталып, Омардың ажуашыл тапқыр қылжағына құлақ салынып әңгіме әзілге көшті. Көз алдыңда өткен олақ сөз, өрескел мінезді аудырмай сала қоятын Омар «Бостанның» бірнеше тарауын айтып, сөйлеген сайын былықтырып отыратын, Айбике Шотай балаларының Қоянды жәрмеңкесіне барғанын айтып елді қыран-топан күлкі етті. Әсіресе Сабықайдың бой жетіп отырған өз қызына Қояндыдан қызыл берен әкеліп: «қарағым, көрпеңді бір қызартайын деп әкелдім» дегенін айтып күлдірді.

Бәтіш пен Айтжанның анау қара түнек тасқамалдан босанып, советтік заңның кеңшілігінен пайдаланып, бостандық алған тойына арнағандай, әйел бостандығының алдыңғы бір күні осындай жақсы мәжіліске ұштасты. Әрине, Жұмабай оларға арнап мәжіліс өтпегенімен, осы мәжілісте олардың болуына жол берді. Әдейі шақырып отауына қондырды. Қазірде бұлжымас заңды тәртіп болып орныққан әйел басының азаттығы ол кезде ерекше жаналық болатын. Жұмабай да жаңашылдығын істеп, бостандық алған жастардың көңіл күйіне шын қуанышын білдірді.

Бәтіш пен Айтжан бастарына бостандық алып еркіндікке қолы сот алдыңда жеткенімен, тап осы бетімен ауылдарына баруға ынталанбады. Молдабай аулының ұр да жық ожарлары қол жұмсап, күш көрсетуі мүмкін деген оймен қауіптенді. Екеуі таңертеңгі шайда:

— Біз осы бетімізбен Семей барғымыз келіп отыр. Мүмкіндік тапсақ оқуға кіргіміз келеді. Жаспыз, білім алсақ дейміз, — деп ортамыздан ақыл-кеңес сұрады. Екі жастың бұл шешімі бәрімізге ұнады.

— «Осыларың табылған ақыл» деп сот та, милиция қызметкерлері де, мұғалімдер де бір ауыздан қоштап, халық сотының атынан Семейдің губерналық оқу бөліміне хат жазылып, Семейге жүргіздік. Алғашқы ауыл қарлығаштары білім майданына осылай аттанды.

IV

Күн санап кеңес тәртібі орнығып, болыстық ұйымдардың өзі де заңды тәртіп орнықтыру ісінде ерекше қызмет атқарып отырды. Біртіндеп басталған ағарту жұмысы өріс алып, әр ауыл кенесі өз орталарынан ауылдық жылжымалы мектеп ұйымдастырып, ересектер арасында сауат ашу ерекше жандана бастады.

Ауыл жастары еркіндікті сезініп, өріс іздене бастаған кез еді. Қарқаралы қаласын ойрандаған зор уақиға ел үрейіне елес туғызды. Сонау Батыс Сибирь жерінде ақ бандылардан қалып қойған атамандар, олардың қанды қанжар серіктері ойда жоқта тұтқиылдан қалаға басып кіріп, қолға түскен партия мүшелерін, советтік басшы қызметкерлерді қырғынға ұшыратты. Бірақ ол бандылар қаһарман совет жауынгерлерінің қолынан Аягөз маңында қырғын тапты.

Бұл бандылардың сойқанды жорығы кең өріс алмағанымен, ел ішінің әлі совет тәртібіне жете мойын ұсына қоймаған атқамінер, бай-жуандарына аздап жел берді. Көрінеу бас көтермесе де, кейбір жұмыстарға кедергі жасаған да жайлары болды. Әрине, олардың ұсақ-түйек енжарлық істегеніне жол берілген жоқ. Еркіндік сәулесін сезініп, беті ашылып совет тәртібін орындауға белсене аттанған кедейлер уәкіл тәртіпке бағындыра соққы беріп отырды. Азамат соғысының аласапыран сораптары Арқа даласында да ерсілі-қарсылы жосылтып өтті: Анау Ресей орталығынан, Орал, Ақтөбе өлкелерінен Қытайды бет алып қашқан ақ бандылар дүркін-дүркін. ойрандап өткен болатын. Олардың кейбір тобы ел ішіне совет туын көтерген ер-азаматтарға кездесіп қолға да түсірілген болатын. Сондай дүрбелеңнен ел ішінде кейбір жерлерде мылтық, тіпті қол пулемет сияқты қарулар да қалып қойып, оны жинап алып тығып, кейбір жағдайда пайдаланушылар да табылып қалатын. Мына жоғарыдағы Қарқаралыға тұтқиылдан соқтыққан бандыларға бірлі-жарымдап тығынды мылтық, оқ-дәрі беріп және өздері істесе кеткендер де болды.

Ол кезде бір нәрсенің шеті шығып, науқанға айналса, маңызын жете ұғынбаған желөкпе уәкілдер асыра сілтеп, ел ішіне алуан түрлі даңғазалық туғызады. Әскери қару-жарақты жинауға ерік алып, аттанған кейбір бас бұзарлар ел ішінде аңшылықты кәсіп етіп, бірлі-жарым шиті, бытыра мылтық ұстағандардың тізімін алып, оларды да қый сыпыра жинап зарлатты. Оларға «бұл әскери қару емес, құс, қоян ататын жай қара мылтық» деген сөздер еленбеді.

***

Анада ат үсті келіп, қайтадан поляк майданына аттанып кеткен Мұқаметқали, бір күні Семейден ылаулап үйіне келіпті деген хабар алдым. Өң мен түстей қарасын көріп қайтқан, тілдесе алмай қалған досыма, хабарын ала салып амандаса бардым. Былтырғы көрген, әскери қару-жарақ асынған қалпында Мүхаметқали қуана қарсы алды. Мен келгенде Тәтеңнің кішкене үйі ауыл арасының адамдарына лық толы екен. Бәрінің аузын аша тыңдағаны Мұхаметқалидың қайда болғаны. Кімдермен айқасқаны. Сонау поляк елінің жер, суынан, елінен хабарсыз болса да, мына отырған қауымға Мұхаметқалидың майдан кешкен әскери қимылдарын айтқаны ертегі тәрізді. Кейбір ер көңілді Тілеу, Райыш сияқты ұғымы барларға қызықты. Ал, Айтқожа сияқты үрей, қорқақтарға Мұқаметқалидың әңгімесі қорқыныш. Мұқаметқали осы кейінгі поляк майданына барғанда, Белорус пен Украина, поляк шекараларында болған кейбір айқастарды әңгімеледі. Соның бірі украин жерінде көп уақытқа дейін бүлік салып, мазасыз болған Махно әрекеті жайында болды. Осы Махноның атымен бүлік салған бандының бір тобымен кенеттен кездесіп қалғанын айтты:

— Бізге әскери бөлімнен түн ішінде шапқыншы келді. «Махно бандысының бір тобы келіп, бүлік салып бассыздық істеп жатқан көрінеді. Соны орнынан басып, қолға түсіріндер» деген. Бұйрықты ала салып қарулы бір топ жауынгер бандылар жатқан деревняға тарттық. Таяп келіп, бір шоқ тоғайға бой тасалап, бір жауынгерді бандылардың отырған үйін анықтап біліп келуге жібердік. Ол бір ер жүрек және аса епті жігіт еді. «Революция үшін жан пида!» деп жөнелді. Біз сабырсыздана күтіп отырмыз. Біраз жер бауырлай жылжып жетті.

— Бәрін анықтадым. Ана бір тұрған үйде ойын-сауық құрып отыр. Есік алдыңда қауқиған жүндес бөрікті бір адам мылтық ұстап тұр. Өзі түн ішінде сол үйді көрсетіп тұрған тәрізді, — деп күлдірді.

Не де болса тәуекел етіп гранатты дайындап алып, мылтықты дайын ұстап екі серігіммен әлгі шолғыншы айтқан үйге бұқпантайлап келіп жеттім. Сол шолғыншы жігіт айтса айтқандай, үйді күзеткен адам сабалақ бөркінің жүні дудаланып ербиіп тұр. Қасымдағы бір жігітке ананы желкесінен бір түйіп, үнін шығармай алып кел дедім. Айтуым мұң екен, еңбектей жөнелді. Біз асыға күтіп отырмыз. Таянып барды да барысша бір-ақ қарғып төбеден бір түйіп, аузына қол орамалын тығып жіберіп, сүйретіп алып келді. Оның қол-аяғын байлап домалатып тастап, үйге келіп терезесінен қарасам, мәз-мейрам, толып отырған бандылар. Мына сияқты гранаттың біреуін от алар тетігіне қойып терезеден періп кеп жібердім, — дегенде бағанадан көзі ежірейіп, насыбайға толы танауы делдиіп отырған Айтқожа ұшып тұрды. — Терезенің көзін күйрете үй ішіне барып жарылған гранаттан үйдің күлі көкке ұшты, — дегенде Айтқожа үйден шыға жөнелді.

Айтқожаның үрей болып отырғанын андып, сезіп отырған Тілеу:

— Мұқаметқали, ақтың бандысына атқан бомбыңның дүмпуінен әлгі үрей ағаңның жүрек қабы жарылып кетпесе жарар еді. Сенің беліндегі ана бір бұжыр-бұжыр бомбыңды көргелі ол ағаңның үрейі қашып отырғанды, — деп елді күлдірді.,

Осы кезде сырттан алқам-салқам, омырауы даладай ашылған, еңсегей бойлы Түсіп мерген сәлем бере кірді. Үлкендермен сәлемдесіп, Мұқаметқалидың өне-бойын көзімен бір шолып:

— Шырағым Мұқаметқали, сенің төре болып келгеніңді естіп амандаса да, арыз да айта келдім, — деп бір тоқталып, көктемнің қара суық ызғырығынан тоңазыған бет-аузын сиректеу қоңырқай сақалын бір сипап:

— Амандаспай жатып арыз айтты деп сөкпе, жаныңа батқанда арызыңды айтатын адам бары да үлкен медеу екен, — деп Түсіп арман-кейістігінің ызғарын дем алысынан андатып тұрғандай болды.

— Түсеке, неге осынша қамыға сөйледіңіз, мен әзір ұлықтық істейтін әмір иесі болғаным жоқ. Майдан жорығынан жаңа босанып, мына Қарқаралы үйезіне бара жатырмын деп, аз сөзді Мұқаметқали осылай жауап қатты. Мұқаметқалидың Қарқаралыға бара жатырмын дегені өз арманының шешілер жеріне бара жатқандай сезінген Түсіп:

— Мұқаметқали, сен Қарқаралыға қызметке барсаң, менің жоғымды сен іздейтін болдың. Иә, менің жансақтап отырған ақ шитімді алып кеткен сол Қарқаралыдан шыққан Құсайын деген қазан бұзар, — деп өзінің мылтығынан айрылып келіп отырғанын шұбырта жөнелді.

— Хұдая, хұдауанда — деп бастайтын әдетімен, — балаларға көже-қатық болсын деп, үйреншікті кәсібім шитімді алып арқардың үзілмейтін жері мына Шақабай тауына бардым. Аманжол, Сарқол, Керегетастың қорымынан екі ешкісімен бір құлжаның кездесе кеткені. Мылтықтың оғы шамамен келіп бір қия тастың кезеңіткен жерінен бас бақсам, жануар аңырайып тұр екен. Не де болса құлжасын құлатайын деп қарсы тұрған құлжаның омырауын ала басып салдым. Жануар оршын барып мұрттай ұшыпты. Екі ешкі құлындай ұшып жоқ болды. Сол құлжаны ақтармалап, мүшелеп, біраз ет алып үйге оралдым. Тайдай құлжаның үлкен мүшелерін бір қуысқа тығып, үңгірді аң кірместей етіп бекітіп кеттім. Ел орынға отыра үйге келгенім сол еді. «Кеш жарық» деп екі бөгде адам кіріп келді. Біреуінің қолында бесатар, біреуі өзіміздің Жұманбай белсенді. Тізе бүкпестен:

— Біз сені күтіп отыр едік, мына Мотыш үйінде. Ана мылтығыңды, оқ-дәріңді тегіс бересің. Қарқаралының әскери бөлімінің бұйрығы бойынша барлық азаматтардың қолындағы оқпен атылатын қару-жарақ қазынаға алынады, — деп қолында бесатары бар, қутыңдаған сіреңке қара маған уәкілдік қағазын көрсетті.

— Мен хат танып жатқаным жоқ, есім шығып кетті. «Қарқаралының барлық коммунист қырып кеткен бандылардың жорығынан кейін осындай бұйрық шығып, оқпен атылатын мылтық атаулыны жиып алу тәртібі шықты. Қарсы келген кісіні сұраусыз атып тастауға уәкілдердің хақысы бар» деп Жұманбай әуені қалқандай, жерді тебінгідей етті, — деп Түсіп төмен қарап отырып қалды.

— Сіздің мылтық әскери мылтық емес. Неге алады, бұл бассыздық, — деп Мұқаметқали әдеттегі сұрлана қалатын әдетімен көзі қанталай ойнақшып, уәкілдің аты, әкесінің аты кім екен білдіңіз бе? — деді.

— Ол жерде есім шығып сұрай да алмадым. Артынан білдім, Хұсайын Малғарин деген екен. Жалғыз мен емес, ен аяғы бытыра мылтыққа дейін жинап әкетіпті, — деп Түсіп түнеріп отырып қалды. Түсіп әңгімесін тыңдап болып Мұқаметқали:

— Оларға бытыра, шиті мылтықтарды, аңшылардың ұсақ-түйек аң мылтығын жи деп ешкім айтпайды. «Шаш ал десе, бас алып жүрген басбұзарлар ғой», — дей Мұқаметқали сұрғылт көзін әлде бір ойға кеткендей Түсіптің ренішті өңіне қадады:

— Түсеке, мылтығыңыз Қарқаралы маңына барса табылады. Аман болсақ ол ақ шиті ешқайда сіңбес. Осы анадағы үш қасқырды бірден атып алған шитің ғой, — деп Мұқаметқали, сонау бір бала күніндегі Түсіп мергеннің далада кездесіп айтқан әңгімесін есіне түсірді.

Бағанағыдай емес, отырған жұрттың әңгімесі ел ішіне шыққан уәкілдер жайына көшіп, бейқам сөздерге айналған кезде, әлгінде үркіп шыққан Айтқожа да үйге кірді. Сонда де екі көзі Мұқаметқалидың белдігіндегі бұжыр гранатқа түскенде көзі жыпылықтап теріс айналып:

— Жарылса жаман дейді ғой. Ананың біреуінің өзі мына тұрған үйді қопарады дейді. Ойпыр-ай қандай күшті — деп қасындағы Раишты қолымен түртіп қойды. Айтқожаның үрей сужүректігін үнемі ажуа ететін Тілеу Мұқаметқалиға:

— Мұқаметқали, сенің ана беліндегі бомбаң мына орталықтың жотасын орнынан қопара ала ма? Күшті болса осыны бір орнынан көшіріп берші. Ауыл маңына кешкі мал келгенде, ит-құс осы орталық жотасын қалқалап, ымыртта тоқты-торымды ала қашып, Ұялыдан етекке жортуылға шыққан бөрінің соқпағы болып алды, — деп ойнақы әзілмен сөз бастады.

— Ойбай-ай, мына орталықты орнынан қопарса, Әйтекеңнің қорасын басып қалмай ма, — деп, танауы тарбиып, аузын аша тыңдап отырған Жұмабек жымыңдай Тілеуге қарады.

— Өй, тарбиған ит, сенін аузыңа ылғи маған деген пәле түсіп тұрады-ау осы. Жағынды уатайын ба, — деп Айтқожа Жұмабекке өктем сөйледі. Айтқожаның ожыраңдай бір нәрсені айтып қалғаны болмаса, қолын қоянға көтермейтін сужүректігін жеріне жете білетін қу бала Жұмабек күлімдей:

— Ақырын Айтеке, мен сізге жаным ашып айтып жатырмын. Орталықтың жотасы іргесімен қопарылса, сіздің қора қайда қашып құтылады, — деп Жұмабек тапқыр әзілмен Айтқожаны үрейлендіре түсті. Оған отырған жұрт ду күлді. Бір әредікте Жұмабек Мұқаметқалиға таяп келіп:

— Мұқа, мен өткен жазда Семейде болып, оқуға түсейін деп ізденіп едім, ешқайда түсе алмадым. Мұғалімдер күрсіне сауатың аз деп алмады. Школға жасым асып кеткен. Қайтсе де оқығым келеді. Сіз ақыл беріңізші, — деп өтінді.

Жұмабектің әкесіз өскен, балауса өмірінің кісі есігінде өтіп келе жатқанын жақсы білетін Мұқаметқали ойлана қарап:

— Сен кейінгі кезде Семейде былғары заводыңда істедің емес пе? Онда бірге істеген таныстарың бар емес пе?

— Бар, жүн жуатын-жерде істегенде де справке, алғам, Наурызбай ағаға айтып, — Жұмабек өзінің құнтты талапкерлігінен айғақ көрсетті.

— Онда, сен тура Семей Губкомының өзіне бар. Онда жұмысшы жастарға арнап ашылған бастауыш партия мектебі бар, соған түс. Мен оның бастығына хат берейін. Оған түсу үшін және өзің партияға түс. Мен рекомендация берейін. Менің рекомендацияма қоса өзіңді білетін ана тері заводының қарт жұмысшы коммунистерінің бір-екеуінен рекомендация ал, — деп Мұқаметқали Жұмабектің жолына жон көрсетіп ақыл айтты.

Мына сияқты ақыл, жетекшілік кеңесті Жұмабек тұңғыш естіп отыр. Ал, өзінің көкейіндегі арманының тиегі ағытылғандай қуанып танауы тарбия жымыңдап:

— Ал, Мұқа, мен ертеңнен қалмай Семейге аттандым, — деді.

— Он сапар болсын. Партияның жолы нағыз адамдықтың жолы, анау партшколға түсе қалсаң, жақсылап оқып шық, — леп Мұқаметқали алдыңғы беталысын әлі де күңгірт түсініп отырған Жұмабекті шұйлеп қойды.

V

Ауыл кедейлерінің сезімі ояна бастаған. Тек оларға сөзін қостар, дем берер адам табылса ду ете түсуге дайын. Әсіресе Жақсыбай тәрізді қанды шелек мазасыздана бастады. Оның жатса-тұрса көз алдыңа Әбен болысты арқаланып, ел ішіне істеген оғаш өктем қиянаттары тізбектеліп, сонау бір түк жазығы жоқ Тәтімді зар қақсатқаны есіне түскенде үйінде отыра алмады. Оның осыншама мазасыздануының бір түрткісі — Қондыбайдың шешесі Тәтібала кемпірдің зарлы үні еді. Мұқаметқали соғыс майданында болып ақтарды талқандаған әскерде болыпты. Және өзі коммунист екен. Сондай қаһарлы азамат болыпты дегенді естігелі: «Сол бір жұрағатым көзіме көрінсе, Қондыбайым тірілгендей болар едім. Жақсыбай, Жұманбай қанды шелектерден жалғызымның кегін алар едім. Жауыз салпы ауыз Әбеннің төбесінен жай түсіртер едім» деп сонау майданнан майдан кешіп жүрген Тәтім баласын қуат тұтқан үні құлағына саңқылдап естіліп тұрғандай сезілетін. Түнделетіп шауып Әбен ағасына келді. Онсыз да түнеріп, үрейсіз доғал ойы ұйқы-тұйқы болып отырған Әбен:

— Менен не ақыл табылады. Бағымнан айрылып, басым қаңғырған, егер ел ішінен мазаң кетсе, ана қалаға тартып кет. Көпшіліктің жиналған жері, жатақтағы жақын ағайындарымен селбес. Семейге қайық аузына кім сыймай жатыр, ұсақ кәсіпке кіріс, — деп өзінің бір кездегі қаңғырып барып, қағынып байып қайтқан жолын нұсқады. «Мергеннің теке атқан жері өзіне ыстық көрінеді» дегендей, Әбеннің байып та, кісілік, тауып қайтқан жері өзіне әлі де ыстық сол қалпында елестейді. Бірақ, ол күндердің күлі көкке ұшып, жұртынан жел ескенін әлі сезіне қоймағандай.

Жаны қысылып, жалғыз: ауыз сөз де болса жәрдем күтіп келген қамқоры қанды ауыз ағасының айтқаны көкейіне қонды. Бұрынғы жуандық көрсетіп, жұдырық билейтін күн жоқ. Құйрығын жымып, бір түнде боқтығын сүйретіп қалаға тартпақ болып үйіне оралды.

Елең-алаңда Әбен аулынан қайтқан Жақсыбайдың алдынан Тойғұлы кездесе кетті. Әдеттегі сасып сөйлейтін әдетімен:

— О, батыр, бозала таңдатып қайдан оралдың? — деп бұрынғы айтып қалған дағдысымен Тойғұлы Жақсыбаймен жадыраңқы амандасты.

— Мына байдың аулына барып едім, сонан ерте шығып кеттім. Атқа шөптері жоқ қой, далаға жіберуге болмайды, атым тілін тістеп тұрған соң, жата алмадым, — деп елең-алаңдағы суыт жүрісінің ізін бұлаң құйрыққа салды. Аңқау ақкөңіл Тойғұлы шын деп ұқты.

— Өзің ертелетіп қайда барасың? — деген Жақсыбайға.

— Мына тауға, әлгі жабағылы бие мен тайды айдап тастап ем, соны байқайын деп барам. Қарасын көріп, өрісін байқап қоймасам, қоз жазып қалам ғой, — деді.

— Әлгі Асықтың кемпірі Тәтімнің коммунист баласы келіпті, соған арыз айтам деп кетті деп еді. Қайтты ма? — деп батылдана сұрады.

— Қайтып келіпті. Тәтімнің ол баласы өзі қызылда болып ақтармен соғысқан большейбек дей ме, немене, Қарқаралыға кетіпті. «Кешікпей келем, мені тоса тұрыңдар» депті.

Тойғұлы осыны айтқанда, Жақсыбайдың қос қыртыс ерні көгеріп, кезі құрдың құйымшағындай қызара-бөртіп кетті.

— Е-е, сөйтіп пе? — деп, елеусіздеу тыңдаған болып жүріп кетті. Бұрынғының үстіне Тойғұлының мына сөзі төбесінен зіл тастап жібергендей болды. Жақсыбай бірнеше күндей ешкімнің көзіне көрінбей, түнделетіп жиналып, ескілеу торт аяқ арба тауып алып, бір түнде, Семей қайдасың деп жол тартты.

VI

Мұқаметқали ел ішімен Қарқаралыға аттанды. Бұрын барып көрмеген, бала күнінен аты құлағына көптен таныс қалаға жеткенше асыға жүрді. Қарқаралы тауының жайынан өзінің ақын ағасы Кішкілдің айтуынан естіген аңыз-жыр да болатын. Осыларды есіне түсіріп, көптен бері аңсаған Арқаның әсем өлкелерін аралап келеді. Абыралы, Берілі, Кент таулары, Түңлік өзендері, алыстан мұнарланып елес берген Қу, Едірей таулары бәрі де бұлдырап қалып жатыр, Әскери қару-жараққа бөленген қызыл әскер киімді уәкілді жолдағы ел сыйлай, бөгетсіз айтқан жеріне жеткізіп отырды.

Алыстан атын астанадай көретін Қарқаралының қаласын көргенде Мұқаметқали қомсына қарады. Анау Омбыдан бастап, сонау поляк майданына шейін жол тартқан жорық сапарында сан саңлақ қаланы көрген Мұқаметқалиға Қарқаралы шағын деревня тәрізді елестеді. Бар сұлулық аспанға өрлей біткен асқар шындар, самсаған қарағай, қайыңға бөленген сай-салалары алқабын аша қарсы алғандай еміренеді.

Мұқаметқали қалаға келісімен, үйездік әскери бөлімге келіп, губернадан әкелген жолдамасын тапсырды. Әскери бөлімде отырған жігіттер атын естіп, азамат соғысындағы ерлік істерінен хабардар екен, құрметтей қарсы алды. Осы көктемде ғана қалаға тұтқиылдан шабуыл жасап, ойран салған өткінші бандының әлегінен күйзеліп қалған қала, жасқанып қалған аз ғана коммунист жолдастар жабырқау екен.

Мұқаметқали үйездік партия комитетіне кіріп, өзінің қызмет жөнін айтып, олармен танысты. Жергілікті коммунис жолдастар Хасен Жанқашов, Тәкіш Бекбасов сияқты жас коммунистермен де кездесіп, жергілікті жағдайдан жан-жақты хабар алды.

— Сізге бір жауапты жұмыс тапсырса қарсы болмассыз, — деп аз отырып, — егер қарсы болмасаңыз, мына Жетісу елімен шектес Қотанбұлақ, Балқаш, Дағанды, Шұбартау болыстарына барып өткінші ақтардан қалған қару-жарақты жинап қайтсаңыз, — деп күлімдей қарады. Бұйрықтан көрі өтініші ретінде айтқан үйез бастығының сөзін Мұқаметқали ықылас көрсете қабылдап:

— Мен ол елдердің қонысын, тұрақтарын білмеймін ғой. Көшпелі елдің жайын, жол жөнін білетін басшы болмаса қиын ғой, — деп бөгелді.

— Басшы сол елдердің өзінен табылады. Олардың облыстық атқару комитеті, аудандық милиция адамдары жол-жоба, ел жайы дегенді өздері жауаптылығына алады. Соларды тек бағындыра пайдалана білу, батыл қимылдап, бұзық ойлы, жуан жұдырықтарды имендірер өжет, қайратты айбынды басшылық керек. Сол айбын қайратты сізден күтеміз, деді.

— Ондай үлкен сенім артсаңыздар, ақтауға дайынмын. Біз революция солдаты емеспіз бе, — деп Мұқаметқали күлді.

— Онда келістік. Ертеңнен бастап сол елдерге аттанасыз. Осы жерден жол серік, жөн білетін басшы қосамыз, — деп көңілдене сөйледі, әскери бастық. Мұқаметқалидың қасына ел жөнін білетін Сүтжан деген кексе милиционерді қосып берді.

Әңгімешіл, әрі аздап ән де айтып жіберетін Сүтжан, ел жайына да жетік екен. Ел ішінің барлық жайынан хабар ала отырып, алдымен Қотанбұлақ болысына алып келді. Болыстық атқару комитетінің көшпелі кеңсесін Жұмабек аулынан тапты.

Қызыл әскер командирлерінің формасын келістіре киіп, өнебойы қару-жараққа бөленген сұсты уәкілді көрген болыстық атқару комитетінің адамдары абыржи қарсы алды. Жөнін айтып, уәкілдік қағазымен таныстырып Мұқаметқали болатком адамдарынан ел жайын, сезікті қару-жарақ тыққан адамдарды сұрастырып тексеру жүргізді. Бұдан бұрын да бұл болысқа мылтық жия келген уәкілдер бар екен. Оларды іздетіп таптырып алды. Олар мылтық бар деген адамдарды қолға түсіре алмаған.

Мұқаметқали олармен ұзақ әңгімелесіп, әскери мылтығы бар деген біраз адамдардың тізімін ұқыптап жазып алды. Олардың көшіп, бой тасалап жүрген жерлерін, қай ауыл кеңеске қарайды, кіммен шектеседі. Өздерінің кәсіптері не? Осыларды жан-жақты тексерін біліп алды. Алдыңғы уәкілдің бірі жас комсомол Шәріпов Шәмел Мұқаметқалиға бір оңашасын тауып, өздерінің батылы бармаған, бандылық құрып жүрген бір атақты Қиық деген ұрыны баяндады. Бесатарды түйеге артып жүреді дейді. Өзі құралайды көзге ататын мерген көрінеді. Мен ана үлкен уәкілге соның ізіне түселік, деп айтып едім, ол: «қамалға қарсы шаба аламыз ба?» деп қабылдамады. Ал, Қиықтың осы ел ішінде байланысы болса керек. Егер оған іздеу салып, ізіне түсер болсаңыз, пәндәға сыр бермей, осы жердегі болатком ағасы коммунист Қасым Сарыбаевтың өзіне ғана айтып, соны басшыға алу керек, — деп комсомолдық құпиясын шертті.

Әлі өмір талқысына ысылмаған, балдырған комсомол жас жігіттің мына сияқты сыр айтып, өздерінің батылы бармаған жайды жасырмағаны Мұқаметқалиға қатты ұнады. Ол енді Сарыбаевты оңаша алып, Шәріпов айтқан бандит Қиықтың жайынан мәлімет сұрады. Қасым жана ғана келген әскери уәкілдің бандыдан хабардар болып, өзінің оны хабарлаудан кешігіп қалғанына қысылғандай сөз бастап:

— Сіз айыпқа қоя көрмеңіз. Оның жайын өзім айтып, соған тыйым салар шараны сізден сұрармын деп отыр едім. Сіз оның жайын кімнен хабарландыңыз? — деп бір ыңғайсыз жайда қалған қабақ көрсетті.

— Мен оның жайын жолшыбайғы елден естігенмін. Және осы өздеріне бізден бұрын келген уәкіл Шәріпов те айтты, — деп Мұқаметқали өзінің турашыл мінезіне салып ашып айтты. Сарыбаев енді Мұқаметқалиға ел ішінің жайын жан-жақты түсіндіре сөйлеп:

— Ол бір Қиық деген қаныпезер қашқын. Салықтан малын қорғап жүрген арам ниетін байларға да қорған болып, қолға түсірмей жүр. Осының қылтасын қиып, қолға бір түсірсеңіз жақсы-ақ болар еді, — деп өтініш айтты.

— Оны қолға түсіру үшін осы ел ішіндегі оның байланыс жасайтын ұясын анықтап, тезірек қолға алу керек. Және оның бәрін құпия жүргізу қажет. Егер сенімді адам табылса,

Қиықтың өзімен де байланыс жасау қажет. Солай есебін тауып ұстамаса, жасақ құрып майдан ашар тұрақты топ емес қой, — деп Мұқаметқали салмақты болатком бастығының өзіне салды.

— Онда маған бір-екі күнге мұрсат беріңіз. Мен осы сіз айтқан тәртіппен анықтап адам іріктеп көрейін, — деген сөзін айтып Сарыбаев екі күнге кеңшілік алды. Мұқаметқали алдыңғы уәкілдерді қасына алып, Дағанды болысының шеткері бір ауылына барып түсті. Бір топ уәкіл келіп түскен ауыл сыр білдірмегенсіп, барлық ықласымен құрмет көрсетіп жатыр. Ауыл адамдары елеңдеп, әскери уәкілге іштей қауіптене қарайды. Ауыл иесі Қойгелді орта дәулетті момын адам болатын. «Әлде-кімдер жала жауып, өсек жүргізіп пәле салды ма?» деп те ойланады. Ерсілі-қарсылы шабуылдап мылтық іздеушілер науқаны басталғалы Қойгелдіде зәре болмайтын.

Өйткені жаны қысылған бір сұрқия өзі тығып жүрген мылтығын әкеліп, ауыл маңына тастай салып, уәкілге айтып, үстінен түсірсе қайда құтылады. Өз қолы cay асыға, бүктеулі бір уыс қағазды ұстай болаткомның болғанымен, жаладан жаны шошиды.

Осындай көңілдене сөйлесіп отырғанда, сырттан асыға, бүктеулі бір уыс қағазды ұстай болаткомның курьері кіріп келді. Келе амандық айта асығыс ентіге бүктеулі қағазды Мұқаметқалиға ұсынды. Қағазды алып, бүктеуін жазды да, «оны» деп қасындағы Шәріповке берді. Ол бадырайған үлкен көзін жыпылықтата қағазға қадап:

— Болатком Сарыбаев жазыпты. «Осы Ағады болысымен Шұбартау болысының шекарасына Семейден шыққан бір топ уәкіл елді бөріктіріп, бетімен көрінген ауылға тінту жасап, мылтық іздейді дейді. Соны сізге шапқыншы жіберіп хабарлап отырмын. Мүмкін болса олардың кім екенін анықтап тексерсеңіз екен» депті. Мұқаметқали қағаз алып келген жігіттен.

— Олардың қазір қайда екенінен хабарың бар ма?

— Бізге хабарлаған ауыл белгілі, — деп түсіндіре бастады.

— Бұл да бассыздықтың бір түрі ғой. Семейден Қарқаралыға хабарласпай қалай уәкіл шығады. Ол мүмкін емес. Ондай бассыздарды тез қолға түсіру керек... Ат дайындатыңдар, тез жүрелік, — деді Мұқаметқали.

Айтылған сәтте ат дайын болды. Мұқаметқали өзі қару-жарағын асынып, қасына екі ғана кісі алып, әлгі келген курьерді басшы етіп атқа мінді. Ерткен екі серігінің бірі комсомол Шәріпов еді. Ол Мұқаметқалидың осы бір жолындағы батыл да тапқыр қимылын дәміктіре әңгіме етеді. Осы жерде сол Шәріповке сөз беріп, соған айтқызайықшы:

— Біз Қойгелді аулынан кештете шықтық, — деп бастады Шәмел жолдас әңгімесін. — Сарыбаевтың хабаршысының айтқан жобасымен түнделетіп жүріп отырып шөл жақ ішіндегі бір ауылға келдік. Ауыл бір тайпа елдің шеті екен. Түнделетіп жүрген мылтық асынған бізді үрейлене қарсы алды. Біз олар шошынарлық ешбір оғаш қимыл көрсеткеніміз жоқ. Ауылдың орта жеріндегі бір үйге келіп ат басын тартып дыбыс беріп ек, үйден әлсіздеу әйел дыбысы шығып:

— Ә-ә! — деп күмілжіді. Үрейленіп қорыққан адамның жайын ұғып біз оған жай салмақты үнмен:

— Құдайы қонақпыз, — деді. Біраз бөгелістен кейін үйден шапанын бос жамылған егде, сақалды адам шықты. Бізге үрейлене қарап:

— Шырақтарым, азаматтар екенсіңдер ғой. Түсіңдер. Жатып қалып ек, үйге от жағып жарық қылғанша сабыр етіңіздер, — деп үйіне қайта кіріп кетті. Біз аттан түсіп, жаяулап бой жазып біраз күттік. Әлден уақытта әлгі кісі қайта шығып:

— Қонақтар, үйге кіріңіздер, — деп шақырды. Едел-жедел ержетіп қалған екі ересек бала, орта жастағы саргідір әйел құрметтей қарсы алды. Біз ат қағып шаршап қалыппыз. Келе жантая-жантая кетіп дем алдық. Біразда шай да дайын болды. Дастарқанға отырған кезде, бізге сәлемдесе бірнеше жігіттер де келіп қалды. Біразда үй иесі хабарлаған болса керек. Олар ауыл кеңесі, хатшы қызметкерлер екен. Жон айтысып отырысымен, сөзді солар бастап, Семейден шыққан мылтық жинаушы «уәкіл» Тіркеубаев Садыр деген жігіттің осы ауылға келіп жасаған оспадар қылығын баяндады.

— Онда сіздермен ашық сөйлеселік. Біздің іздеп шыққанымыз, сол Семейден шығып осы елге келіп бетімен жүрген уәкілдермен кездесу еді. Олар сіздің ауылда да болған екен ғой. Олар қашан осы ауылда болды? Одан кейін қайда барды? Бізге сол керек, — деп Мұқаметқали сөз бастаған жігіттен анықтама жауап күтті.

— Олар кеше ғана осы ауылдан аттанды. «Мылтықты қайда тықтыңдар, табасыңдар, таппасаңдар көретіндерің осы — деп тамам ауылдың әйел, еркегін жинап алып дөңгелете отырғызып, алдымен отырған елдің басынан асыра бірнеше рет мылтық атып зәріні алды. Онан кейін Тіркеубаев Садырдың өзі сондай ұятсыздық істеді. Сол топта отырған үлкендердің басына шаптырып дәретін шашып қорлады. Онымен де қоймай, үйме-үй жұрт тінту жасап, кейбір үйден асыл мүлкін де алып кетті, деп барлық жайды айтып өтті. Мұқаметқали ауыл жігітінің сөзін тыңдап болып:

— Олардың қай жаққа бет алғанын, қайда барар бетінен хабарларың бар ма? Және бір нәрсені анықтап айта аласыңдар ма? Өздері неше адам? Қанша қару-жарақтары бар? — деген сұраққа.

— Өздері төрт адам. Ал, осы елдің ішінен өздеріне ертіп алған жолбасшы адамдары бар. Ана төртеуінің де бесатар мылтығы бар. Тіркеубаевтың өзінің екі мылтығына жарыстыра байланып алған жана тапаншасы бар.

— Бұл елдің ішінен ешкімнен мылтық тапты ма? — деген Мұқаметқали сұрағына.

— Қазыналық бесатар мылтық тапқан жоқ. Екі адамның қосауыз мылтықтарын алып кетті.

— Енді олардың іс-әрекеті айқын болды. Оларды біз қалай да қапысын тауып қолға түсіруіміз керек. Ол үшін сендер жергілікті қызметкерлер осы түнде атқа мініңдер. Солардың ізіне түсіп қайда барғанын анықтандар. Бірақ, олардың ізіне түскендеріңді ешкім білмесін. Сендермен бірге біздің бір адам атқа мінеді, — деп алдағы істің, жоспарын жорамалдап. — Біз бұл ауылдан таңертең аттанамыз, сендер осы түнде олардың қайда бет алғанын анықтап бізге хабарлаңдар. Өздерің жансыздап ізіне түсіңдер, — деп әскери тапсырма берді.

Ауыл кеңес хатшысы тағы бір жершіл жігітті алып, бізден Сүтжанды алып атқа мінді. Біз дем алып жатып қалдық. Таң рауандап келе жатқанда, Сүтжандардан бізге хабаршы келді. Ауыл кеңес хатшысы құпия хабарлау жазыпты: «Олар онша алысқа кетпепті. Бұл жақта да сол бұзақылықтарын істеп жатқан көрінеді. Біз сіздерді Жауырдың түбінде отырған ауылдан күтеміз. Кешіге көрмеңіздер, — деп жазыпты.

Хабарды алысымен хат әкелген жігітті басшы етіп атқа мінгізді. Жеделдете жұрт отырып Жауыр тауының бауырындағы бұлақта бізді тосып отырған жігіттерге қосылдық. Олар Тіркеубаевтың түсіп аттанған жерін анықтап, бүгін күндіз қайда болмақ, одан қайда бармақ бетін анықтап келіп отыр екен. Ендігі әңгіме оларды қарсыластырмай, түнделетіп қапьща басу әдісі ойланылды. Ол үшін Тіркеубаевтардың шеткері беталысын долбарлап, алдың кес-кестей, шел жағына шықтық. Сол жерден бір адамды құпия жіберіп, олардың кешке түсетін ауылын қадағалап біліп қайтуға аттандырдық. Өзіңіз осы тұстағы бір бұлаққа келіп бекініп, кешті күттік.

Күн бата жіберген хабаршы жігіт те келді. Тіркеубаевтардың түскен ауылын көріп, қанша адам барын анықтап айтып келді. Хабаршы жігіттің айтуымен ауылдың отырған жерін, оған қалай барып дабырсыз жатқан жерінде басып алу әдісін ойласып кеңесіп алдық. Ел жатар мезгілді мөлшерлеп атқа міндік. Мұқаметқалидың басқаруымен жүріп отырып, ай сәулесімен ауыл қарасын долбарлап алып үшке бөліндік. Мұқаметқали өзі бағанағы басшы жігітті алып ауыл алдыңдағы дөңесті бетке ұстап тура ауылға тартты. Біз екі-екіден бөлініп ауылдың ел жағынан және шөл жағынан бет қойдық. Бой тасалай жүріп отырып Тіркеубаевтар жатқан үйге тура келіп топырлай аттан түсе-түсе қалып, Мұқаметқали наганын қолына алып:

— Кім бар, аш есікті — деп ақырды. Оның жанындағы серігі киіз үйдің жадағай есігін ашып жіберіп «тұрындар!» деп ақырды. Тіркеубаев: «Кімсіңдер, қоқаңдап! деп қыр көрсетпек болып, ербиіп орнынан тұра бергенде наганын кезеп Мұқаметқали:

— Бандит, қозғалма, атыласың! деп ақырып еді. Тіркеубаев үнсіз отыра кетті. Басқалары сүмірейіп төсектерінен сырғып қатарласа шоқиды. Сонша болмады, кәрәсін лампы да жағылды. Тіркеубаевтардың барлық қару-жарағын алып, өздерін шеттегі бір қараша үйге қамап, таң атқанша күзеттіріп қойдық.

VII

Осы кейінгі үш-төрт күннің ішінде Дағанды, Шұбартау болыстарына ойран салған оспадар уәкіл Тіркеубаевтың үні бірақ сәтте өшті. Оның қақпан басып, қара жүз болып басынан ерік кетіп түйеге мінгесіп Семейге айдалғанын көрген жұрт, Мұқаметқалидың батыл да пәрменді қимылын аңызға айналдырып, түрлендіріп бірінен бірі іліп әкетті. Ендігі үлкен айқас Қиықпен қырқысар сәтке шұйілуде еді. Екі күнге мүрсатана сұраған Сарыбаевтан хабар күтіп отырғанда, аудандық милицияның екі адамын ертіп өзі келді. Амандық артынан сөзді Қасым Сарыбаевтың өзі бастап, Тіркеубаевтардың тірсегін қиған хабар ел ішінен тарап, Қиықтың да одан хабардар болғаны жайлы сөз етіп:

— Менің жіберген хабарлаушы адамым Қиықтың ел ішіндегі байланысы бар адамдарын анықтап, біліп келді. Ал, Қиықтың өзіне жіберген кісім оған жолыға алмаған. Өйткені Қиық сіздің Тіркеубаевтарды тұтқындаған хабарыңды естіп мүлде сақтана бастаған көрінеді. Ана барлаушылар Қиықтың осы күнде қайда екенін, қай тұста қандай ауылмен байланысын анықтапты. Қазірден қамтып, тезірек қимылдап оны қолға түсірмесе, сырғып кетуі мүмкін, — деп өзінің шешімін айтты.

— Біздің де күткеніміз осы хабар еді. Біз дайынбыз. Бірақ, оның жатқан бекінер жеріне, бастап өзің алып жүресің. Ана барлауға барған адамың қайда? Өзі сенімді ме, сақ бол! — деп Мұқаметқали Сарыбаевтың өзіне жол бастауды жүктеді.

Сол түнде атқа міндік. Қиықтың кейінгі аттанған ауылы Балқашқа қарай созылған Жауыр даласының шөлейтті белдеуінде ме деп, бастаған жершіл басшы алға түсіп жортып берді. Қос-қос аттан сайлап мінген сәйгүліктер ауыздықпен алысады. Түн ортасы таянып қалған кезде, жолбасшы тұра қалып дыбыс тыңдады. «Алыста самарқау үрген ит дауысы естіледі. Біз енді тездетіп, ауылдың шөл жағына шығалық. Егер бұл жаққа қатынаса қалса, алдынан жолын кесеміз. Ал, бізді сезініп яки мына ауылдан хабар берем деуші болса, жолын кесіп қолға түсіреміз» деп жолбасшы өз жобасын айтты. Оның айтқанын дұрыс көріп, жеделдете жүріп, ит дауысы естілген ауылдың шел жағына шығып, бір ойпат өзекке бекіндік. Сол жерден әлгі сезікті ауылға шолғыншы жіберіп, барлау жасаттық. Ол ауыл Сарыбаевтың барлаушысы аңғарғандай Қиықпен байланысы бар екені сезілді. Өйткені барлауға барған екі жігіт олардың ауылы маңында күзетші жүргенін және белдеуде ат, бекіністе адамдар барын анықтап келді. Не де болса қапыда қалмалық деген шешімге келіп бой тасалай жылға-жылғамен ауылға жақын келіп торуылшы жібердік.

Барған жігіттер көп күттірген жоқ. Айнала тыныштық, алдыңғы барлаушылар көріп келген күзет адамдары аттан түскен. Ауыл жайлана жатқанға ұқсайды деп хабарлады. Не де болса ауылға тобымызбен лап қоя жетіп барып ортадағы ақ үйлі ауылға Мұқаметқали өзі бастап бір топ адаммен барып ат ойната, аспанға бір-екі рет мылтық атып, жатқан елді өре тұрғызды. Қапыда қаптап келген қарулы адамнан сезіктене жатқан ауыл адамы ұйпа-тұйпа топталып далаға шықты. Әмірлі үнмен Мұқаметқали:

— Кім де кімнің қолында, үйінде мылтық, қылыш сияқты қару болса тастаңдар. Және қолдарыңды көтеріп былай шығыңдар, — деп бұйырды.

— Мылтық ұстамаймыз, қару-жарақ дегенді білмейміз, — деп шуылдады.

Олай болса орындарыңнан қозғалма — деп бұйырып, Мұқаметқали:

— Жігіттер, мына үйлерді қарап шығыңдар, — деп өзі аттан түсіп, ұйлығып тұрған жұртқа жақындап:

— Қауіптенбеңіздер, біздің адамдар тек мылтық қарайды, бүлдіргелеріңе тимейді, — деп тұрған жұртты тыныштандырды. Біразда үй-іші қарап, қару-жарақ іздеген жігіттер де келді. «Мылтық жоқ. Бәрін қарадық» деп Мұқаметқалиға хабарлады. Сарыбаевтың хабарлауы арқылы Қиықпен байланысы бар деген екі адам сол жерде тұтқынға алынды. Оларды бөлек үйге отырғызып тексеру жүргізілді. Бірақ олар азар да безер болып, Қиықпен байланыстары барын мойындамады. «Мылтық та, тентекте Қиықтың өз қолында, біз ешнәрсе білмейміз» деп безеріп отырып алды. Оларды жеке-жеке тексеріп қыстағанда Тынымбай деген Қиықтың досы барлық жайды мойнына алып, Қиықтың кеше ғана осы ауылдан аттанғанын, қайда болатынын айтып берді. Ең керекті тіл табылып, Тынымбайды жазаламауға уәде беріп және оны Қиықтың қаһарынан қорғауға серт айтып ертіп алдық. Ертеңінде осы ауылда болып, ат тынықтырып, адамдарға демалғызып, Тынымбайды басшы етіп Қиықтың байланыс жасап, бой тасалап жүрген ауылына кештете таяп келіп, ауыл маңына барлаушы жібердік. Өзіміз бой тасалап бір далада тұр едік, солтүстік бүйірден бір топ қарулы адам шыға келді. Ойламаған жерден қарсы шыға келген топтан аздап сескене бөгелістеп қалдық. Бізден олар да шошыған болар, бізді имендірмек болды ма, аспанға басымыздан асыра екі рет мылтық атып қыр көрсетті.

— Жігіттер, мынау сол бандының өзі болды ғой, қарсы мылтық атпаңдар. Адам өлімі болмасын. Кейін шегініңдер, — деп Мұқаметқали қабақша қырқаның ығына түсе берді.

— Ал енді, топтанбай бөлініңдер, бытырай аттарыңнан түсе-түсе қалып жаяулап атой күтіңдер. Атой болғанда да дәлдеп кісіге атпаңдар — деп Мұқаметқали тағы басқарушылық айтты.

Тапсырманы алып жаяулап мылтықты әзірлеп отырғанда біз бой тасалап отырған қабақтан қиқулап қаптай ат қойды. Тасырлата мылтықтан да оқ жаудырып келеді. Енді атты адамды дәлдеп ата бастады. Біреуінің оғы алдыңғы иек артпада атын ұстап хабарлаушы болып отырған Хакім деген миллиционердің атына тиіп қалпақтай ұшырды.

— Ал, атыңдар! — деген атой болғанда, біз де оқ жаудыра бастадық. Бандылардың басшысы астында есік пен төрдей қара көк аты бар, Қиық қиқулап:

— Біріңде тірі кетпейсің, қырамын, — деп айқайлап тұп-тура Мұқаметқали тосып отырған тұстан аса ат қойды.

Осы сәтте мына қаныпезердің дандайсыған айқайына қаны қызған болар, Мұқаметқали маузермен дәлдеп тұрып басып салды. Мерген қолдан дәлдеп атылған оқ жазымсыз жан жерінен тиген болар, атынан қалбағай ойнап ұшып түсті. Басшысы ұшып түскенін көрген бандылардың бір-екеуі «ой, бауырымдап» Қиықтың қасына келе аттарынан құлап түсіп, қалғаны шетіне бытырай тұра қашты.

— Қуыңдар, аналарды, бірін де босатпаңдар! — деп Мұқаметқали өзі аттан жығылған Қиықтың айналасында топырлаған бандылардың тобын қарауылдап көп ұзамай екі жолдасымен тұрып қалды. Қашқан жауда береке бола ма, әрқайсысын әр жерден ұстап алып келді. Сол жерде болатком адамдары бар, милиция қызметкерлері бар, болған уақиғаны бейнелеп акт жазып, ішінде болған адамдарға қол қойғызып тиянақтап алып, анау Қиықтарға бекініс болған ауылға келіп, тінту жүргізіп, біраз мылтық, оқ, қылыш аспаптар алынды. Қиықтың сүйегін серіктері сұрап алып жерлеуге әкетті.

Шеткері қиғаштай келіп, бой тасалап, онша бағына қоймай жүрген бірнеше ауылды қайта көшіріп ел ішіне қостық. Оларға совет тәртібінен түсінік беріп, бірнеше күн қоғам жұмысы жүргізілді. Сол бір кезде дүрбелеңді арқаланып жергілікті советке бағына қоймай шеткері леп жүрген ауылдардың бәрі дерлік шаруасы есепке алынып, ауылдық кеңес көлемі белгіленіп, біраз жұмыстар істелді. Осымен қыңыратқып, ойқастап жүрген ауылдардың желігі басылып, ел іші тиыштала, ол аймақтан мылтық жинау науқаны аяқталды.

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

I

Қатарлы халық атанып, өз тізгінін қолға алу — бір кезде бұратаналар есебінде жүрген біздің елімізге қандай үлкен бақыт. Сол бақытқа қолын жеткізіп, іргелі ел қатарына теңеген Ұлы Октябрь революциясы, коммунист партиясы екенін түсінген қалың бұқара қуанышы қойнына сыймай қарсы алды. Ақындар тілі алмастай асыл жырлар толғады. Қуанышын құрғақ сөзбен емес, өнерімен, ойын-сауығымен, тұлпарының тұяғынан шаң, боратып қарсы алу халықтық дәстүрін еліміз есіне алды. Арқаның асқар белесі Қарқаралы үйезіне қараған елдің халқынан Семей губерниясынан автономияға арнап той өткізуге рұқсат сұралды.

Халық тілегін бетінен қағар қатал заманның күлі көкке ұшқан. Үйез тілегі гүбірне асып, сонау Орынбордағы орталыққа жетті. «Халық тілегі қабылдансын. Тойларын өздерінің күшімен, қалауларымен өткізуге рұқсат етілсін» деген қабылдау хабар да жетті. Семей губірналық атқару комитетінен, партия ұйымынан арнаулы уәкілдер тұңғыш тойды басқаруға баратын болып шешілді.

Тойдың хабары облыстық атқару комитеттеріне жеткізіліп, үлкен ат шабыс, балуан күрес, ұлт ойындарының барлық түрі жүргізіледі. Соған халық өнерпаздары тегіс қатынасатын болсын, бәйгіге қосылар жүйріктер, балтыры балғын жігіттер қапы қалмасын. Ән мен күйдің саңлақтары қапысыз қатынассын. Тойға тігілер үйлер сән-салтанатымен әкеліп тігілсін деген үйездің атқару комитеті мен укомнан жазылған қатынас хатты халық асқан ықыласпен қарсы алды. Әр болыстың өз көлеміне әйгілі, аяғының желі бар ат, желігі бар жігіттерін, әнші-күйші өнерпаздарын әзірлеп, тамаша дайындықпен Қарқаралы қаласына еңіс Ертіс арнасына созылған сыртқы алқабы Сыр мен Сарысуды көбелеп, оңтүстігі — Балқашты балақтап, Аягөзді алқымдап жатқан жалпақ ел, әсем көшін шұбалтып, сәйгүлік саңлағын ойнақтатып жол тартты.

II

Тұңғыш тойдың басталар күні де жақындады. Алыстағы болыстардан салқар-салқар көштер келіп, Жырым бұлағына, Шортанды көліне үйді тігіп жайланып жатыр. Халықтың қалауымен жабдық-жарақты өздері міндетіне алған болыстық ұйымдар сән-салтанатын келістіре мәнерлеуге барынша күш салған. Осы тұңғыш тойға басшылық етуге гүберна атынан баратын уәкілдер той басшылары белгіленді. Губерналық атқару комитетінің мүшесі Жақсылық Төленов, атқару комитетінің хатшысы Мұхтар Әуезов, осылар бастап бір топ азаматтар «Қарқаралы Қазылық қайдасың» деп жол тартты. Жақсылық Төленов ертедегі кәсібі етікшілдік, балуан денелі, батыр мінезді жаны сері әңгімешіл де, ақындық өнері де бар адам болатын. Арабша қолхат білетін сауаты бар. Қалада кәсіп істеп тұрғандықтан аздап орысша да жауаптаса алатын. Жақсылықты кеңседе кездесіп сәлемдескені болмаса, оның жөн-жайына Мұхтардың таныстығы жоқ-ты. Енді атпен сапар шегетін ұзақ жолға бірге аттанды. Бекеттерге байланған почта аттары жегілген тарантас арбаға тізелесе отырып тіл тебіреністі. Қашан үйірлесіп сөйлескенше тұйық қоңыр отыратын Мұхтар түйіліп ойда отыра берді. Өзі әңгімешіл, ақкөңіл Жақсылық:

— Мұхтар, шырағым, атынды, қызметіңді білем, бірақ сапарлас, мәжілістес болып көрмеген едім. Бір әңгіме айтшы, тіл қатыса, кеңесе отыралық, — деп Мұхтардан әңгіме сұрады. Мұхтардың бала күнінен бойындағы бір әдеті өзінен әңгіме айт деп ертегіші еткісі келген адамды ұнатпайтын. Ал, әңгімеден әңгіме туып сөз қозғалып кетсе ешкімге сұратпай-ақ әлдеқайдағы алыстан аса бір қызықты жайды хикаялап кететін. Жақаңның аңғал да аңқылдақ мінезін байқай қалған Мұхтар:

— Жақа, «аға тұрып іні сөйлегеннен без, әліне қарамай ірі сөйлегеннен без» деген атамыздың мақалы бар емес пе. Сіз тұрғанда маған не жоқ, — деп жымия күлді. Жас серіктесінің аяқ тастасын аңғара қалған Жақсылық сөзді өзі бастады.

— Иә, Мұхтар-жан, орынды айттың. «Көпті көрген біледі, алысты жүрген біледі дейді халық даналағы. Мен осы жасым ішінде бірсыпыра жерді көрдім. Бірсыпыра адамдармен кездесіп, табақтас та, сапарлас та болдым. Мен сонау ер Найман елінде біраз жыл болғаным бар. Сол елде ақын Әсетті кездестіріп біраз дәмдес болдым. Әсет Абай ауылында болған екен. Абайдан қоп тағылым алған. Өзіне Абайдың айтқаны бір сынын айтып, әділ айтылғанына сүйсінетін еді.

— Жақа, Абай қандай сын айтқан екен, есіңізде бар ма? — деп Мұхтар іле сұрай қойды.

— Ол өзі онша үлкен сын емес, екен. Бірақ,: Әсет: «Өзіме өмірлік сабақ болды» деуші еді. «Өнер ізденіп талпынып жүрген кезім, әдейі іздеп Абай аулына бардым. Ән салам, өлең айтам, бар қолымнан келері сол, осы өнерімді Абай алдыңда бір сермесем деп келдім. Абай алды ылғи мәжіліс болады екен. Бірақ, бет-бетімен сөйлеу, жәй ауылдардағыдай жамырама емес, Абай алды бір ізетті тәртіп екен. Отырған жұрт Абай аузына қарайды. Бір әредікте мені ертіп барған Шаған болысына қараған бір беделді адам еді. Сол кісі Абайдан рұқсат сұрап: «Абай аға, мына бір жігіт ән салатын өнері бар. Осының әнін тыңдасақ, соған рұқсат етесіз бе?» деді. Абай әлгі адамға жымия қарап:

— Әншінің аты кім? Жөнін айтпайсың ба? — деп жылы шырай білдірді. Абайдың мына сұрағына ол қысылған да, қымсынған да жоқ менің атымды, жөнімді айтып таратып берді. Әнге рұқсат болды. Қолыма берген домбыраны безектетіп, құлақ күйін құлшындыра Абай алдыңда үнімнің жеткенінше бір шырқайын деп, пәрменді айқайға басып, өзімше толғамды ырғақпен аяқтадым. Отырған жұрт сүйсінгендей жымыңдасып, біріне-бірі әлденені сыбырлап жатыр. Абай аузынан әлі лебіз шыққан жоқ. Еркіндік тиді, — деп мен де «соқтыра бермедім. Осы әннен соз қозғалып Абай сөйлеп кетті.

— Ән де, күй де адамның ішкі сезіміне эсер бере, ұйықтаған ойға қозғау салса керек. Ән әсерлі болу үшін, барынша шарылдап айқайлай бажылдауда емес, ән баяу басталып, толғана әуендеп әсем ырғақпен нақысты мәнермен аяқтап жүрек қылың шертсе ғана адам жанына жарады. Біздің әншілердің көбі үнінің зор, тынысының кең екенін мақтан көріп әнді барынша өңеші қызарғанша айқаймен әсерлендірмек болады. Ол ән емес, айқайға айналып кетеді. Естушінің құлағын жаңғырықтырып, тұла бойын түршіктіреді. Күй де солай. Аласұра екпіндете тартып, адыраңдай жосыған күй де көңілге қона бермейді. Домбыраның шегінен шертіліп шыққан назды, сылқым үн ғана адам жанын тербейді, — деп біраз отырып, әрбір елдің ән, күй аспабына сын айта, бұрын ойға келмеген аса нәзік сырларды айтып кетті. Маған Абайдың, осы біраз сөзі өмірлік сабақ болды. Қолыма домбыра алып ән қозғарда кірпігін қақпай, ойлы көзі өңменімнен өте сынай қараған Абай елестеді, — деп Әсет өзінің Абайға деген аса зор сыйлы ойын айтып еді. Менің өмірдегі өз арманым, Абай алдыңда болып, мәжілісін тыңдай алмадым. Ол кісінің өлеңдері кітап болып шыққалы ертелі-кеш қолымнан түсірмейтін ақылшым болды, — деп Жақсылық, Абай жөніндегі өзінің бас ұра бағынатын сырын шертті.

Оқымаған сауаты аз, кедеймін деп кеудесін қаққан белсенді деп түсінетін Жақсылықтың мына әңгімелерін тыңдағаннан кейін Мұхтар толғана ойға кетті. Сол бір кездегі халық даналығына қайрыла баға берер бермейтін азды-көпті оқуын әлемнен жоғары бағалап шәниіп жүретін кейбір замандастарын еске алып, Жақсылықтың мына түсінігіне сондай разылана қарады. Жақсылықтың ана бір дүрбелең жылдарда затонның жүн, тері заводтарындағы жұмысшыларға үн қосып «Жұмсат» деген ұйым ашып большевик болғанын, тек ұсақ жанжал қойлық деп санайтын ойын енді қайта тексеріп, тіпті әншейін ойсыз көтерілген үн емес, түнекте түбірі бар сезім дүбірі екен ғой деп ойлады. Бірақ, бұл жерде өзінен жасы үлкен жаңа тіл үйріліскен адамның ондай сырына баруды ылайықсыз көрді.

Бекет аттарымен үдере жұрт отырып, Арқаның асқар шыңының бірі Қарақаралы тауының алқабына келіп, қаласына жақындағанда, қала маңының дуылдаған тойшылар тобына кездесті. Жырым бұлағынан өтіп, бәйге төбеге таяна бергенде қала жақтан екі жорға атқа мінген, пұшпақ бөріктерін жекей киіп, сәндене тайпалтқан жігіт алдарынан шыға көлденеңдеп сәлемдесіп:

— Біз сіздерді қарсы алуға шыққан даяшымыз. Сіздер Семейден шыққан етікші жандарал бастаған қонақтар боларсыздар, — деп жымия күліп тіл қатты. «Етікші жандарал» деген сөзге Жақан шамданбай, күле әзіл айтып:

— Ә, өзіміздің ауылдың сөз соқтылары екен ғой. Иә, сол тосқан қонақтарың біз боламыз. Ал, бастаңдар! — деді.

Жақсылықтың мына жігіттердің ойнақы қалжың сөзіне шамданбай қайта күле қарсы алғанына Мұхтар іштей жымиып, осы сөздің қайдан шыққанын білгісі келіп:

— Жақа, сіздің Қарқаралыға мәшһүр атыңыз басқа екен ғой,

— деп жайдарылана күлді.

— Иә, Мұхтаржан, маған «етікші жандарал» деген атты өзіміздің мына Шаншар аталарымыздың, тілмарлары ғой қойып жүрген. Ол аттың пайда болуында да өзіндік тарихы бар, — деп Жақаң өткен жылғы Қарқаралыға келген жүрісін есіне алды. Бірақ, ол жүрісінің әңгімесін жас серіктесіне кең отырып айтуды ылайық көріп: — Мұхтаржан, ол әңгімемді мына даяшылардың қонақ үйіне жайғасқан соң айтармын, — деп даяшылардың бастауымен қонақ үйге тартты:

— Сіздерге қаланың қонақ үйі онша таңсық емес қой деп, көгалды қол жағасына тігілген ақ үйді әзірлейміз. Оған қарсы болмассыздар, — деп бастаушы жігіт ауыздықпен алысқан ақжал шабдар жорғасын тайпалта Шортанды көлінің алқабына қарай тарта жөнелді. Бастаушының атының басы келіп тірелген ақ үйге уәкілдер келіп тарантастан түскенде, алдарынан өндірдей әдемі киінген жас жігіттер шығып сәлем бере қарсы алды.

— Жоғарылатыңыздар, хош келіпсіздер, құрметті қонақтар — деп бір топ қыз-келіншектер шықты.

«Міне, той осылай басталса» керек» деп ойлады Мұхтар. Есігінен төріне дейін жайылған қалы кілемдер, асыл жасаулармен безелген ақ үйдің төріне жайылған көрпе, жапырылта қойылған жастықтар: «жантай, дем ал!» дегендей жайнап тұр. Көптен бері мына сияқты салтанатты ата-ана мекенін, киіз үйдің сәнді-сайлы төрін сағынған Мұхтар қуана келіп Жақаңмен қатарласа жантайды. Бастап келген жігіт:

— Ал, құрметті қонақтар, сіздерге арнап тігілген үй осы Қу болысынан әкелінген Сейіттің отауы. Мына күтуші қарындас, інілер де сол ауылдікі. Енді дем алыңыздар деп, ол уақытша хош айтысты.

III

Той туы желбіреп, бәйгі сөресі белгіленіп, балуан майданы тазаланды. Тойдың тәртібі, тойда халыққа көрсетілмек ұлт ойындарының ерекше сәулетті түрлері ғана жүргізілсін дегендей долбар жасалып, тәртіпті ақылдасуға гүбірнеден келген уәкілдер, жергілікті ояздан той тәртібін басқаратын адамдар бас қосу мәжілісі шақырылды.

Ертеден Қарқаралы қаласында «Ақ кеңсе» аталған бұрынғы үйез мекемесі болған бір қабат ақ үйде мәжілісті үйездік партия комитетінің хатшысы Шубилин ашып, тәртіп жайын қысқаша таныстыра айтуды үйездік атқару комитетінің председателі Ғариф Мусинге жүктеді. Қазақ ұлт ойындарының барлық түріне онша жетік емес Ғариф, ат бәйгесін, балуан күрес, жорға жарысы сияқты түрін ғана атады. Мәжілісте қонақ ретінде отырып тыңдаған Жақсылық сөз алып:

Бүкіл Қазақстан көлеміндегі тұңғыш той осы екен. Той болғанда анау-мынау ырым-жырым үшін істеп отырған той-домалақ емес, халқымыз қатарлы ел санатына қолы жетіп, өз алдыңа орда тіккен ұлы тойы екен. Бұл тойда халқымыздың барлық өнерінің түрлері көрсетілгені дұрыс болар. Өнер қашан да халықтікі ғой. Мен осы ойын өнерін, оның түрлерін айтуды мына жас серігім Мұхтар айтса деп отырмын. Өйткені бұл Мұхтардың өскен ортасы, ойын-сауықтың түрін көп қызықтаған, кешегі Абай айналасы ғой, — деп тоқтады.

Мұхтармен әлі танысып үлгермеген, мәжілістегі адамдар, кере қарыс кең мандайлы, ойлы үлкен көз, қараторы толықша жігітке назар тастап, сөз тосты. Ә, дегенде шешіле бастап кетпей, кібіртіктеп бастап, сөзін мәнерлі ырғақты үнмен ағытатын әдетін істеп Мұхтар:

— Жақаң ақсақал салмақты маған тастады. Өзі білетіндерін кейінге сақтап отырған болар. Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жолында, өздері қызықтаған алуан ойын өнері бар ғой. Ойын деген — менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше ерекше бір мағыналары болған. Бұл жөнінде қазақтың ат бәйгесін алсақ, өздері өсіріп қызықтап отырған жылқысының жел жетпес жүйрігін баптағанда, тек бәйгеге қосу ғана емес, ел басына күн туып, жорыққа аттанар сәт туса, туын алып, сол тұлпарына ер салады екен. Сол жорыққа төзімді, тақымдауына ыңғайлы болуына жаттықтырып, сол жүйрігін көсіле шабар көкпарына, табандап тартысар сайыс, аударыс, серке тарту бәсекесіне жаттықтырады екен. Ат бәйгесі жөнінде осы айтылған түрлері тегіс көрсетілгені жақсы болар. Өйткені осы айтылған ат ойыны түрлерін Қарқаралы жігіттері ешкімнен кем білмеске керек. Күні кеше осы елдің жаз бойына қызықтар ұлы думан орны Қоянды жәрмеңкесінде көрсетілмейтін өнер бар ма еді. Ендеше сол ойын өнерін мына тойда түрлендіре түскен орынды болар. Осылар сияқты балуан күрес, жамбы ату, жерден теңге алу, қыз, жігіттердің көш бойында салтанатпен әзіл айтыстары болмаушы ма еді. Ойында өз тәртібімен көрсетсе келісе кетер деймін.

Енді ән, би, өлең, өнеріне келсек, — Қарқаралы қауымы ән мен күйдің, ақындық пен әншіліктің қайнар өлкесі той. Бұл сияқты үлкен өнер иелері шеткері қалмасын. Әсіресе әншілер жарысына ерекше орын берілсін. Әрине осы айтылған өнер жарыстары, ауыл арасының ру жігітінің ұсақ бәсекесіне айналып, ұсақтап кетпесін. Осы бастан тәртіпші жағы ерекше ескеріліп, айбыны бар ықпалды азаматтар басқаратын болғаны мақұл бо-лады, — деп Мұхтар сөзін аяқтады.

— Иә, ойын-сауық осылай болса келісер. Мұхтар жолдастың мына айтқан ойын түрлері халқымыздың ер-азаматы жаттыққан байырғы түрі ғой. Осының барлық түрін кемеліне келістіре көрсетуіміз керек. Той басқаруды айбынды азаматтарға тапсырған өте орынды. Жәй жігіт ағасы деген атқамінерлерге бүгінгі жастар онша бағына бермейді. Тіпті жай жастар былай тұрсын, Қарқаралының өзінің белгілі тентектері бар ғой, олар атқамінер жігіт ағасы дегендерді көрсе қызығып, ажуа етуге, реті келсе қол да жұмсап жіберуге тайынбайды. Солар именетін әскери беделі бар айбын керек, — деп Әбжан осы бір сақтық ойын айтып келте ғана Мұхтар сөзін қостады.

— Сіздер өте дұрыс айтып отырсыздар, халықтарыңыздың ойын-өнер өзгешеліктерін өздеріңіз білесіздер. Біз көруші, қызықтаушы боламыз. Ал, сол салтанатты жиынды басқарып, тәртіпшілік ісін жүргізуді азамат соғысының айбынды жауынгері, жігіт ағасы мына Тәтімов жолдасқа тапсырсақ деймін. Бұған қалай қарайсыңдар? — деп, Ғариф отырған жұртқа сөз тастап, өзі Мұқаметқалиға қарады. Мұқаметқали беліндегі маузер, үстіндегі айбынды әскери киімімен орнынан тұрып бой көрсетті.

Мұқаметқали алғаш Семейге келіп, қазақ, татар жастарынан жастар секциясын ашып, белсенді комсомол тобын ұйымдастыруда ерекше өжет мінездер көрсеткенін Мұхтар жақсы білетін. Бірақ, ол тұста кездесіп, таныспаған еді. Сыртынан оның азамат соғысына сан майданда болып, қаһарман ерлік көрсеткен жайларын ауыз-екі ел айтуынан еститін. Ал, бүгін сол жалынды жауынгер жігітпен қол ұстаса, бір үлкен науқанда қызмет атқаруға кіріспек. Әскери коммунизм деген айтулы ұран бар. Ол ұранды кейде асыра сілтеп, ретсіз пайдаланушы ұры кеппелер де кездесіп қалады. Тек солардың қатарынан болмасын, — деп бір түйді.

— Тәртіпшіңіз табылған екен. Мен бұл азаматтың азамат соғысындағы ерліктерін естіп сырттан сүйсінетін едім. Енді сол әскери тәртіптілікті осы бір мерекеде көрсетер деп сенем. Жаңағы Мұхтардың айтқан: «айбыны бар ықпалды азамат» дегені осы жігіттің бойынан табылар — деп Жақсылық Мұқаметқалидың тәртіпшілігін мақұлдады.

Осы мәжіліске жергілікті «қара таяқ» аталатын Қарқаралының кексе оқығандарынан шақырылып отырғандардың бірі Ахмет Бектібаев сөз сұрап:

— Рұқсат болса, соған тігілетін үйлер жөнінде менің ойыма бір-екі үй түсті. Егер ақылын тауып, үркітпей әкеліп иелеріне тіккізіп, той басшыларын сол екі үйге кіргізсе, өте жарасымды болар еді деп ойлап едім, — деп ұсыныс айтты.

— Ақаң білмейтін бұл атырапта үй мен мүлік бар ма, — деп Әбжан өзгеден бұрын тіл қатты.

— Иә, айтып көріңіз. Ол кімдердің үйі? — деп Ғариф Мусин Әбжан сөзін қуаттай ежіктеді.

— Ол үйдің біреуі, мына Берікқара болысында, ана Төре ауылында, Жамантай балаларында. Екіншісі, Қарамырзадағы Кент болысына қарасты Сыздық Тұтқышовтың ақ үйі. Бұл екеуі де өте сәнді үйлер. Ал, ол үйлерді әкеліп тіктіру үшін үй иелерінің тілін білетін сенімді адам керек, — деп тоқтады.

Үйлердің екеуі де қалаға жақын маңда екен. Оған, яки үй иелеріне барып, той жайын түсіндіріп, барлық жабдығын сәнімен әкеліп тіктіруді бүгіннен бастап қолға алынсын, — деген ұсыныстар болды.

Осы бір үйлерді тіктіруге, үй иелерінің тілін табатын кісіні ойласып қалған кезде, Әбжан:

— Сыздықтың жесір әйелінен үйін тойға тігуге сұрап әкелуді Ақаңның өзі барса дер едім. Ал, Жамантай аулындағы ақ үйді, жабдығымен әкелуді Берікқараның болыстық атқару комитетіне тапсырылса да орындайды, — деп ұсыныс айтты. Отырған жұрт осыны мақұлдап той жабдығына кірісіп кетті.

IV

Той басқарушылардың тапсыруымен ақ үйлерге аттанғанның ақсақалы Ахмет Бектібаев, Қарамырзадағы Сыздық ауылына Арынжан үйіне келіп түсті. Сыздықтың үлкен үйіндегі бәйбішесі — аласа бойлы, сыпайы мінезді Ағынжан әдеттегі жорға жатық қабақпен қарсы алды.

Шай жасалып, түстік қазаны көтерілген кезде, майда лебізбен сөз бастап, Ахаң бұйымтайын айтар алдыңда, Қарқаралыда өткізілмек автономия тойы жайына біраз тоқтап, оның маңызын мәнерлей келіп:

— Сол тойдың туын тігетін жерге қазақтың салтанатты үйлерінен бір-екі үй тігілмек еді. Соның біреуіне сіздің ақ үйді ылайықты көріп едік. Сол үйді сізден сұрап, тойға тіктіруді комиссия маған тапсырған-ды. Осындай бір айырықша бұйымтаймен келіп отырмын, — деп Ахан келген шаруасын да айта отырды. Аханның той маңызын айырықша әсерлей айтқанын ұғынған Ағыжан бәйбіше:

— Аха-ау, бізден гөрі, жанды-жақты ана Сәнді ауылдардың үйін алдырмай, біздің үйді несіне таңдадыңыздар, — деп, әйел ауыр күрсінді. Ағыжан бәйбішенің кейісті күрсінісінен сезіктене қалған Ахаң, жаңа ғана жайдары қабақпен жадырай сөйлеп отырған жеңгесіне ойлы көзін төңкере қадап:

— Сіздің үйді қалағанымыз — үйдің сыртқы киізі емес, ішкі сәні, әсіресе бау, басқұры өзгеше ғой. Анау Тәшкеннен арнайы тапсырмамен тоқытып алдырған кілем басқұр. Уықтардың аяқ бауы, ширатылған сәнмен есіп тағылған шашақты желбаулар, тегеріштер, басқалардың үйінде жоқ қой. Әсіресе кереге-уықтардағы сырлы оюлар, есік, жүк-аяқтардың сырлы әшекейлері ерекше еді ғой, — деп Ахаң үй жайын шежірелеп кетті.

— Иә, осы айтқаныңыздың бәрі рас еді, үй иесінің тіршілігінде бір сән үшін жасатқан ордасы еді ғой. Мүлік деген шіркін иесімен ғой. Сол өзіңіз айтып отырған асыл жабдықтардың сау тамтығы қалмай бүлінген. Біз ол үйді қайтыс болғаннан кейін, тек жылына тіктік те, одан кейін сарайға буып-түйіп жинап қойғанбыз. Соны биыл қорадан көшерде шештіріп қарасам, күйе түсіп бәрін бүлдіріпті. Иесі қайтқандағыдан аз қайғырғаным жоқ. Көз жастан басқа қолымнан не келеді. Қалған жұрнағын темекі септіріп жинатып қойдым. Кілем, баулар түгі түлеген, шашақтар жұлым-жұлым. Әсіресе басқұры, түгінің бәрі шұрқ-шұрқ, — деп кезіне жас ала күрсінді.

— Шіркін, асыл мүлік бүлінген екен ғой. Мына ұлы дүбір тойға тігіліп, кешегі Сыздық ақсақалдың аты бір аталсын деп едік. Ол ат бұйырмаған екен. Бұрынғы сәнді түрі бұзылғаннан кейін апарылмай-ақ қойсын, деп Ахаң Ағыжанның ренішін тоқтатып, жәй әңгімеге көшті.

Қалап барған үйінің көші қолына ілінбей, салы суға кетіп оралған Ахаң, Жырым өзенінен өтіп, бәйгі төбеге таяна бергенде, той туының орнатылған сырлы сырығын көрді. Қасындағы жолдасы Төлеуханға:

— Мынау кімнің үйі екенін біліп келші, — деп, өзі атын жай ілби аяңдатып қалаға қарай тартты. Иіліп те, күліп те келе білетін Төлеухан:

— Мына Қарауыстағы хан қоймасында сақталған, «алтын уық» аталған сегіз қанат орданың ақ үйі көрінеді. Әкеліп тігіп жатқандар төре ауылының жігіттері, қыз, келіншектері көрінеді. Біздей емес, оларға барғандардың жолы болып, екі езуі екі құлағында. Тіпті Жамантайды жаңадан хан көтеретіндей, екі иіндерінен демін алады, — деп мүлдем түтігіп келді.

— Ешкімге қолың тиген жоқ па, өзің мүлде олармен ұстасып келдің ғой, — деп Ахмет, қолы мен аузы қатар қимылдайтын Тілеуханнан неге ыза болғанын сұрады.

— Жоқ, менің ыза болғаным, әлгі жыртық Сатыбалдының Құрмашы: әкесінің үйін тіктіріп жатқандай тіпті шәниіп тұр. Үйді әкеліп тіктіруді соған тапсырғанға, мына тойды сол басқарғандай үй тігушілерге ежірең-ежірең етеді.

— Ежіреңдесе өз ауылының адамы ғой. Өзді-өзі ұғыныса жатар. Оған сен несіне күйіп-пісесің?

— Не керек оңаша кездеспеді, — деп Төлеухан күлді. Өздерінің барған жұмыстарының жөні болмағанын айтып шығуға Ахаң тура Ақкеңсеге, той комиссиясы отыратын бөлмеге келді. Тәртіп бойынша кезекпен отыратын бастықтың бірі Ғариф бар екен. Ахаң барып қайтқан жайын ол үйдің мәні болмағанын хабарлады.

— Болмаса не істейміз, барымен базар деген емес пе, ана Берікқарадан келетін үй дұрыс болып тігілсе болады да, — деп Ғариф әдеттегі жинақы, қанағатшыл мінезін істеді.

Тойға ат жаратып, балуанын баптап, үйлерін көшіріп келіп жатқан елдің есебі алынып, той комиссиясы думанды бастар күн, той тәртібін қағазға түсіріпті. Анадағы келісім бойынша тәртіп басқаруды Тәтімов Мұқаметқали қолына алды. Өзіне сенімді деген — Хасен, Тәкіш, Кәрім, Омар сияқты ыңғайлы жөн білетін жігіттерді көмекке ертті.

Мұқаметқали анадағы Дағанды жағынан Қарқаралыға оралғанда қалаға кештете жеткен-ді. Қасына еріп қайтқан, жаңа танысқан жас жолдасы Шәмел өзінше тілек еткен.

— Бүгін біздің үйде болыңыз. Мына кеште ана жатқан үйіңізге бармай-ақ қойыңыз. Үйіміз жайлы, шешеміз күтімді адам. Сіздік қонақасы табылады, — деп өтінген.

Өзінің Қарқаралыға бұрын таныстығы болмағандықтан бір орыс жолдасының үйіне түнеп шығып жүрген Мұқаметқали жолдасының көңілін қайтармай Шәмел үйіне келіп түскен-ді.

— Орта жастағы, бидай өнді, ақжарқын әйел баласын қуана қарсы алып, оның ертіп келген әскери жолдасын да сүйкімді мінезбен төріне шақырды.

Үй-іші мүлкі жұпыны, көңілі бай ашық-жарқын әйел, баласының жүріп қайтқан жай-жапсарын шай басында сұрай отырып, қонақ жігітпен де танысты. Шағын екі бөлмелі үйдің кішкене бөлмесінде өздерінше ұйыса отырған бір-екі ер бала және жасөспірім екі қыз ұсақ-түйек бір нәрсені тігіп отырған тәрізді.

Мұқаметқалилар келіп шешіне жайғаса отырғанда, ана кішкене бөлмеден жылтыңдап сығалап қарап мазасызданған бадырақ, көз қара баланы, үй иесі әйел:

— Қаражан, тыпыршыма, тыныш отыр. Қонақтың мазасын алмақсың ғой. Көрдің бе, мылтығы бар — деп сескентпек болып баласын тыныш отырғызбақ болды. Бірақ, тентек Қаратай оған басыла қойған жоқ. Мылтығы бар дегенге онан сайын өршелене, Мұқаметқалилар отырған бөлмеге келуге тап бергенде, екі тәтесінің бірі жасөспірім ымқырулы қараторы қыз Қаратайды желкесінен ұстап орнына апарып отырғызып қойды.

Мұқаметқалиға осы бір келіп түскен үйі сондай ұнады. Ол ертеңінде Шәмелді қасына ертіп кеңсеге барды. Бірақ, онда

көп болған жоқ. Қайтадан келіп үй иесі әйелден үйлерінде тұрып дәмдес болуға рұқсат сұрады.

— Шырағым, өзің әскери адам көрінесін. Біздің үйіміз қазақылау, тарлау. Мынау ұсақ-түйек балалардан мазаң кетіп жүрмесе, — деп әйел кет әрі сөз айтпады. Әйелдің олай жылы сөйлеуі анау жана ғана қызмет адамдарына ілесіп тырбанып келе жатқан баласына ағалық ақылшы болар деп те ойлаған еді. Оның үстіне мына сияқты белгілі қызметкер үйінде тұрса, шаруашылыққа да себі болуы мүмкін деген ой болатын. Сол күннен бастап Мұқаметқали Шәмелді қасынан қалдырмай жүретін. Оны да бір ат тауып беріп ертіп алды.

Мұқаметқали ертең той басқарушы комиссия адамдары келгенше тігілген үй, басқа жабдықтарды көріп танысу үшін қасына Шәмелді ертіп, той төбеге келді. Той туынын сырығы аспан бойлап, ту желегі ширатылған күйінде сіресіп тұр екен. Тап сол сырықтың қала жағын ала тігілген ақ үй анадайдан көздің жауын алады.

— Мынау бір тамаша үй ғой, кімнің үйі екен өзі, — деп Мүқаметқали қазақтың киіз үйі көзіне ыстық көрінген сезіммен жанындағы жас жолдасы Шәмелге қарады.

— Мен кеше ана Қопадан келген Әшекеңнен естіп едім, бұл Жамантай аулының «ханның ақ үйі деген үйі білем. Мұның сыртынан іші әсем дейтін. Бұл бір кездегі аңызға айналған үй болса керек — деп, ондайды көтермелеуге келгенде көзі шарасынан шыға бадырайып кететін Шәмел, үй тарихын шежірелеген кісім болып құнжыңдап қойды.

Мұқаметқалилар үйге таяна бергенде, қаланың орталығынан сол үйге қарай беттеген бір топ адам шыға келді. Бұл топтанған адамдардың кім екенін білгісі келген Мұқаметқали атынын басын сол топқа бұрып қарсы жүрді. Таянғанда тани кетті, той басқарушы комиссияның адамдары. Бұлар да өздеріне тойға мінулеріне арнап әкеліп берген саңлақтарға мініп сайрандай жүріп келеді. Топты бастаған жергілікті басшылардан Ғариф Мусин, Әбжан Ногаев, Семейден келген гүберна уәкілдері Жақсылық, Мұхтарлар бар, амандық айтысып бәрі ақ үйге қарай бет алды.

Үйдің сыртқы көрінісіне сүйсіне, өзгеше өрнекпен ұсталған дөдеге, түңлік үшкүлдеріне төгілте тігілген әсем жібек кестелі оюлар көздің жауын алады. Өзгесі былай тұрсын үйдің сыртқы белдеулері ширатылған көгала жібектен құлпырып күн шұғыласы ойнайды. Түңліктің баулары да әрленіп есілген көк бұйра жібектен екен. Әсіресе үйдің әсем өрнекпен сырланған ағашы, кигіз есіктің сыртындағы бетіне тігілген ою-кестелері, алуан түрлі ай мүйіз андар келбетін елестетеді. Үйдің осы бip сыртқы көрінісіне таңдана, енді ішін көруге ынталанған комиссия тобы, аттарын үй сыртындағы кермеге тастап үйге бет алды. Комиссияның келуін күтіп отырған үй иесі Сарыарқаның әйелі Женең жеңгей, үйдің ішкі сәнін басқаруға келген Ажар бастаған қыз-келіншектер мен қонақтарды Жаует бастаған бір топ жігіттер қарсы алды. Есіктен төрге шейін жайылған қалың кілем, төрге төселген жібек көрпе, шоңқита бұрышынан қойылған мамық жастықтар жапырыла жалғаса тізіліп тұрған-ды. Қонақтар төрлете келіп отырған кезде Ажар сұлу әсем өрнекті орауымен үйдің қабырғасын алып тұрған шиді ашқанда, жеңгесінің қабағына қарап күтіп тұрған Жауетке күлімдей қарап иек қақты, сұңғақ, балғын денелі Жаует, ши ішінен сапыртып, салқындатып қойған қымыз бен күміс тұтқалы сары керсені көтеріп әкеліп көк Жібек дастарқанның шетінен сылқым Ажардың алдыңа қойды.

Ертедегі аға сұлтан Жамантайдың ордасынан қалған сарқыт дүниені осы үйге тегіске жақын келтірген еді. Бір кездегі аса сыйлы қонақтарына қымыз құйып, аға сұлтанның өзі ұсынатын күміс кеселер де келе қалды. Қайыңның безінен егіз бүйірлеп ойылған күміс сылдырмақты сырлы ожау да, қымызды сәндей сапырған сұлу Ажардың ақ білегімен иіле ырғалып қымыз құяды.

Сылқым сұлу Ажардың әзілдес қайнысының бірі Әбжан Ажардың бүгінгі ерекше нұрына кіре түскен әсем ажарына құштарлана қарап:

— Ажар жеңгей, өзіңіз мына ақ орданың ішін көркейте көріктендіріп мүлде жайнап кетіпсіз. Бекен қайда? — деп сұрады.

— Ол кісі тергеуші қызметіндегі адам ғой. Бір жауапты тапсырма болды деп ана Тоқан Жарас жаққа кетіп еді, келіп қалар. Ағаңа алаң болмай-ақ қой, — деп Ажар қайнысына әзіл айта ерінің жайын да айтты. Қазақтың қайны мен жеңге әзілі қандай келісті. Ажар сияқты сылқым жеңге, Әбжан сияқты оқыған-тоқығаны бар сері қайын қандай жарасымды әзілдеседі, — деп Мұхтар бұл көріністі де бір сүйсіне есіне алды. Бұдан кейін Мұхтар қолына берілген күміс кеседен қымызды тына бір жұтып, көне дүниенің көрінісіндей болған үйдің ішіне айнала бір көз жүгіртіп, қолындағы кесеге ойлана қарады.

Ақ кеңседен осы үйге барып көреміз деп бет алғанда, Әбжан жергілікті жағдайға таныстығын істеп, ақ үйдің кімдікі екенін, оның қайдан шыққан жайын өзінше айтқан болатын. Сол бір Әбжан сөзі есіне түскен Мұхтар, қолындағы кесені тағы бір айналдыра қарап, — «Апырмау, сонау әкесімен еріп Қарқаралыға келгенде Абай осы үйде де болған шығар-ау, мүмкін мына кесе мен ана сары керсеннен қымыз да ішкен шығар. Егер Абайдың ерні тиген кесе болса, мына қымыз сол данышпанның сарқыты болар» — деп алыс бір ойға кетті. Осындай терең ойда толғанып отырған Мұхтардың құлағын елең еткізген өздерінен кеше ғана бөлінген Нұрекелдің үні болды. Ол есіктен сәлем бере кіріп:

— Бір кезде төре аулының төріне тігілген ақ үй, манат, мамық киізі сарғыш тартқанда халқымыздың автономия алған тойына, тойын бастар етікші жандаралына тігілген екен. Ордаларың ойын-тоймен безенсін, думандарың берекелі болғай — деп суырыла сөйлей кірді.

— Иә, Нұреке, жоғарылатыңыз, орда туралы ой көп қой. Халық мүлкі қашан да халықтікі болады. Патшалар салдырған сәнді сарайлар, халық шеберлерінің қолымен жасалып, қазына мүлік болып сақталады. Сол сияқты аға сұлтандар мына ақ үйді орда етіп жасатқанда да, осы халықтың дәулеті мен еңбегінен жасатты ғой. Жасаған халықтың шеберлері ғой. Міне, иесін тапқаны осыдағы, — деп Мұхтар Нұрекел сөзінен дүние құрылысы, халық байлығы деген үлкен толғамды ой айтып салды. Мұхтар сөзін жалғастыра, Жақсылық та Нұрекелге тиісе:

— Иә, жез таңдай, айтқаның келсін. Той туының желбірей байланған сырығынан атқызатын жамбыңды, ат бәйгесіне айдатар қысырағыңды айдатып келдің бе? — деп Жақан да Нұрекелдінің әзіліне әзіл айтты.

— Жандарал-еке, той ырымынан сасады деп күдіктенбеңіз. Қарқаралы Қаракесек қонысы болғалы, жол-жобадан ажырап көрген жоқ, — деп Әбжанға көзін төңкерді.

— Нұрекең орынды айтады. Жақа, той жабдығы ескеріліп, ел болып жұмыла кірісілген, — деген соз қосарлады Әбжан.

Әзіл-шыны аралас, өзара қағысқан сөздер жылы әдепті жауаптармен аяқталып, үйдің ішкі көрінісі сөз болды. Ақ үйдің толқынды алуан түсті сырмен өрнектей сырланған тор көз керегелері, ағаштан тоқылған терме кілем тәрізді. Ұйықтың иінін қапсыра керілген кілем басқұрдың жібек түктері ине-жіптен жаңа ғана шыққандай үлпілдеп көз тартады. Уықтардың алты жерден үй ортасына шашағын төге құбылып тұрған жібек бауларының шашағы тоты құстың құйрығындай құбылады. Басқұрдың жоғарғы жағынан уықтың шаңыраққа шаншылар сабағынан төмендеу алып кере ұсталған тегеріштің жібек барқыттан ойып қондырған кестелі бастырмасы да ерекше бір өрнек шашады. Керегенің сыртынан ұсталған шым шилердің орауы нәзік әдемі мүйіздеп келтірген өрнегімен кереге сырын құлпырта түскен. Бір ғажабы осы мүліктердің ешбіріне иненің жасуындай кінәрат дақ түспеген. Тек, үйдің манат киізінің түсі сәл ғана сарғыш тартқан. Ол заман ізі. Бір кезде аппақ уыздай киіз жаз айларында үй тігілгенде күн көзі қарып, жел мен жауын дымқылдарын тартып сарғайған. Осы үйдің ішкі мүлкіндегі тағы бір тамаша нәрсе, Женең бәйбішенің отырған жарығынан үй төріне таяй, уық қарнауына айыр ашасынан тірей табанындағы сырлы тағанымен қойылған сырлы сырық. Бұл сырықтың өне бойы әсем нақыспен оюланып, алуан түрлі сырмен боялған. Сол оюлы сырлардың аландарында ойып отырғызған асыл тастан көздер бар. Сырықтың жоғарғы жағындағы бірнеше буынын қармақша қайырып иген күміс ілгектер. Имектердің сабақшасы қара ала кавказ нақышымен әшекейленген. Сырықтың уық қарнауына тірер ашасына таянған ең жоғарғы ілгектің түбінде күлтелендіре орнатылған тоты құстың қанаттары.

Мына сияқты сәнді сырықты бұрын көре қоймаған Мұқаметқали соған қызыға қарап, қазақ аулының мүлкінде мұндай сәнділік бар деп ойлай да бермейтін әдетімен:

— Мына тіреуіш не үшін қойылған? — деп сырықты нұсқады.

— Шырағым, ол сырық емес, мұны біз адалбақан дейміз. Асыл киімдер ілініп қойылатын киім ілгіш қой, — деп Женең қысқа ғана жауап берді.

Сөзден сөз туып, осы үйдің ішкі, сыртқы бау-шуы ешбір ақаусыз сақталған жайы сөз болды. Үй иесі Женең бәйбіше сабырлы баяу сөйлейтін әдетімен:

— Бұл үйдің мүлкін бүлдірмей сақтау бізге ерекше бір міндет. Сонау үлкен атамыздың тұсында осы үй, қарақалпақ шеберлеріне тапсырма беріп, кавказз елінің қойының жібек жүнінен арнап кигізін бастырып, бауын-басқұрын тоқытып, үйеңкінің ағашынан кереге, уығын жасатып алдырған екен. Бұл үйді сол аталарымыздың кезінде жаз айында жайлауда біраз күн тігіліп, қалған уақытта қоймада тұрады екен. Қоймаға қойғанда көріп отырсыздар, ана керегеде ілулі тұрған қызыл шұғамен оюланып қаптаған аяққаптар керегелердің аяққабы, мына жақтағы қара шұғамен кестеленіп қапталған дөңгелек шағын аяққаптар уықтың аяққаптары. Мына үйге басқұр баулар мына жинаулы тұрған жұқа қалы кілемдерге оралып қоймаға қойылады. Кереге, уықтарды сыры бұзылмасын деп жұқа барқыт жамылышпен орап тастаймыз. Бұл үйді сол әкелінгеннен бері сақтайтын қойма атамыздың қонысы Қарақуыстың төріндегі күйметастың қуысы. Оған қыста қар түсірмей, жазда желдеткіш ашып, бағушы, күтуші болатын. Сондықтан бүлінбей сақталған ғой, — деп Женең үйді сақтау жайын айтып өтті.

Алдымен ат сөресі, бәйгі төбе болсын десті. Ат алыстан жіберіледі. Тартусыз болады. Атты айдайтын төрт адам болады. Екі адам барып қайтатын жеріне бірге барып, тәртіппен қатарластырып қайтарып, жер ортасына дейін келеді. Олардың қолындағы жалау орта жолдағы екі айдаушыға тапсырылады. Ол екі айдаушы аттардың шабысын, бәйгі атындағы балалардың жайы-күйімен хабарласып, қақтықтырмай, тәртіппен жөн сілтеп отырады. Сөреге таянғанша біреуі алдыңғы топта, екіншісі кейінгі топта болады. Ат айдауға баратын адамдар мейлінше тексеріліп, комиссияның тағайындауымен жіберілетін болды.

Балуан күресі жөнінде екі жарсыз жарыс жоқ. Қарқаралы жұртшылығы бауыр сырт болып екі топқа жіктеле отырады. Екі жақтан шығатын балуандар қазақ тәртібімен екі жақтан шығып күреседі. Балуанды шығарғанда жасына қарай, бұрынғы елге мәлім атақ, қайратына қарап теңімен шығару керек. Жамырама көп күрес болмасын, іріктеп он тақты пар балуан белдессін, — деп шешті. Қазақтың бір тамаша ұлт ойыны жерден салма алу, яки серке тарту, бұл да тәртіп болсын. Тәртіппен тұрып кезектесіп, салманы жерден алып, жекпе-жек екі тақым кеш атпалы жігіт тартсын. Жабыла таласа-тармаса тартысу болмасын. Онан тәртіпсіздік шығады, — деп түйіндеді. Осы кейінгі ойын жөнінде Мұхтар:

— Көкпар жөнінде қазақ салтында бұл ойын атты сынау, әдісті шабыстың ойыны. Сондықтан, бұған қазақ тәртібімен құндыз, жамбы түйілген асыл кездеме көкпары берілсін. Бұл да ту-талақай тойға жиылған елдің бәрі шабатын даңғаза болмай, көкпарға сайланып шыққан ойнақы жігіттер тобы болсын, — деді Мұхтар мына ойынға да жаңа тәртіп ұсынып.

— Жерден теңге алу, ат үстінде иіннен тұрып ойын көрсету, жамбы ату сияқты ойындар да барынша көрсетілсін, — деген ұсынысты Нұрекел де қосарлап жіберді.

— Менің байқауымша Қарқаралы халқы осы тойға барынша дұрыс дайындалған көрінеді. Жиылған жұрттың көңілін көтеріп, ойын түрін көбейтіп, мынадай бір көрініс жасалса, — деп бастап Мұхтар соның жобасын айтты.

— Осы тойда автономия алған, еркіндікке қолы жеткен қазақ халқының ұлы қуанышын тойлап отырмыз. Сондықтан той салтанаттана түсу үшін қазақ аулының ұлттық бір әсем өмірі, көш салтанаты ғой. Сондықтан, ат бәйгесі, балуан күресі, тағы басқа ойындарды алғашқы күні өткізіп, екінші күні қазақтың көшінің салтанатын көрсетсе, ерте кездегі қазақтың қыз бен жігітінің, жеңгесі мен қайнысының, құрбы-құрдастарының ат үсті әзілі, ән қосу, жорға салыстыру әсемдігі көрсетілсе жақсы болар еді. Әншілер сайысын да сол күні өткізіп, тағы қандай өнер көрсетер өнерпаздар бар, осыны сайлап дайын етілсе, — дегенде, отырған жұрт қуана қарсы алды. Оларды ұйымдастыру оңай, қолдағы дүние ғой, — десті.

Осы бір сөзді Семейден келген оқыған жап-жас жігіттің қазақ халқының ойын-сауық өнеріне өте мән бергеніне сүйсіне құлақ қойып отырған Жаует, көпшіліктен рұқсат сұрап:

— Губернадан келген уәкіл жолдастың той салтанатын қоюлата түсейік, оған қазақ халқының көш салтанаты, әншілер сайысы, тағы басқа ұлт ойындары көрсетілсін дегені өте ұнап отыр. Біздің Қарқаралы өнерпаздарының Қоянды думанын бір ай дуылдатқанда, сарқылмайтын ойын өрнектері бар ғой. Сол ойынды жасаушылар, осында, бойындағы өнерін қайда қоярын білмей жүр емес пе. Жынды қараның бүркіт болып, Зәрубайдың қоян болып, жасаулы дастарқан үстінде ойнақтайтының көрсетсе қандай әсем болады. Ана пері Қалибектің «Қыз ұзатуын» айтқызып, Әбдінің Омарының мылқау сері болған ойындарын көрсетсе жұрт Қоянды базары тоқталғалы сағынған ойындарын көрер еді, — деп көпшілікке қарады.

Жас жігіт Жәуеттің кім екенімен онша таныстығы жоқ Ғариф өзше қанаттас отырған Әбжанға қарады.

— Әуезов жолдастың ұсынысы бәрімізге де өте ұнап отыр. Мына біздің Жәуеттің сол ұсынысты жандандыра, ойын адамдарын айқындап атап өткені дайын тамашаны сипаттады. Бұл да дұрыс болар, — деп түйіндеді Әбжан. Мұхтардың ұсынысы отырған жұртқа ой сала, ойын өрісі кенейетін болып шешілді. Тек, сол ойыншыларды тауып, анау көш салтанатын ұйымдастыруды комиссия Нұрекел, Әбжан, Кәрім, Жәует төртеуіне тапсырды. Олар сол жерден атқа мініп ұйымдастыруға кірісетін болды.

Мәжіліс аяқталып, ел атқа қонуға қамданғанда, сырттан сәлем беріп сұлу мұрты қиыла, қасында Жындықара бар Исайын кіріп келді. Қара қасқа пұшпақ беркін қырындата киген, сұлу тұлғалы Исайыңды Нұрекел қуана:

— Уә, мына серілер де келіп қалған екен ғой, — деп үй ішіндегілерге таныстыра бастады. — Әлгі, ана Жәует айтып отырған Жындықараңыз мына жігіт, мұның шын аты — Ахмет. Өнерінен Жындықара атанып жүр. Мынау Исайын деген өнерпаз әншіміздің бірі дегенде, Мұхтар:

— Тіпті той бастарды бүгін-ақырымдауға болатын болды ғой. Мына екі өнерпаздың үнін естісек, — деп үйдің адалбақанына ілулі тұрған сырлы домбыраға қарады. Жаны сауықшыл Нұрекел Мұхтардың көз тастасын бұлжытпай сезіп:

— Жәует, ана домбыраңды бері ал, Мына әнші күйші тұрғанда домбыра аңырап бос ілулі тұрмасын, — деп Исайын мен Жындықараға қымыз кеселерін ұстатты. Сол домбыраны сайратудың есебін таба алмай отырған Жәует, Нұрекел аузынан домбыра деген сөз шығысымен-ақ домбыраның құлақ күйін безектете бір сылқым күйді аңырата жөнелді. Домбыра үнін тыңдай қалған жұрт, өздеріне қымыз кесесін үлестіріп қызмет етіп отырған сұңғақ бойлы жігіттің саусағынан ағытылған әсем күйге сүйсіне құмарта:

— Бұл қандай күй? — деп бірінен-бірі сұрай бастатады.

— Біздің бұл атырапта домбыраның құлақ күйі Тәттіекеңнің «Қосбасары» тұрғанда, неден басталушы еді, — деп Нұрекел күйді де хабарлап, той бастарды қыздыра бастады.

— Сен үй иесі, ауыл жігітісің ғой, қазақ ғұрпы бойынша ауылдың алты ауызын күймен өтейсің бе, тіпті ән де шырқап жіберерсің, — деп Нұрекел Жәуетті жауландыра түсті.

— Атамыздың жолынан адасамыз ба, ән болса ән де табылар, — деп Жәует өзінің қоңыр ғана үнімен жаңа шығып жүрген «Екі жирен» әнін айтып шырқап жіберді.

— Міне, сауық деген осы. Бағанадан бері бос сөзбен отырыппыз. Әннің күйдің бір қоймасы қасымызда отырыпты, — деп Мұхтар өзі бастап, пернесін ашқан ән, күй сағатына жел бере сөйледі. Исайын әсем ырғақпен майын тамыза ән шырқайтынын білетін Жәует:

— Ауыл кәдесінің ырымын істедік. Енді жолды қонаққа берелік, — деп домбыраны Исайынға ұсынды. Исайын домбыраны жымия қолына алып:

— «Бұқа қарап жүріп жасауылға тұрыпты» дегендей, ауылдан келе жатып, жол үстіне тігілген ақ үйді аттап өтпелік деп түсе қалып ек, думан үстіне кез келіппіз. Тойларыңыз толассыз, думан болсын. Мәди ағамыздың «Қарқаралы» деген әні бар еді. Өз аузынан үйреніп едім, соны айтып берейін, — деп:

«Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Саяаңнан саялайтын пана таппай.
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы»

деп қоңыр майда арман лебін құбылта тоқтады. Исайынның жібектей ширатылған үнімен домбыра сазы құбылта айтылған Мәди әні отырған елге бір ой толқынын елестеткендей болды. Арман-шермен қапыда қаза тапқан ерді әркім өзінше есіне алды. Той бастар ырымы осымен аяқталып комиссия қауымы атқа мініп қалаға оралды.

Той комиссиясын Ақкеңсе маңында күтіп отырған әр болыстан келген жауапты уәкілдер қарсы алды. Ертеңгі ат бәйгесі, балуан күресі болатын күйге кім не дайындады, тәртіп қалай болмақ, осыны шешіп, жобасына келісу мәжілісі ашылды. Бәйгіге қосылмақ ат есебі, балуандар тізімі, көкпар, салма саны, ойынның басқа түрлі тәртібі талқыға түсіп, барлық жайға келісілді. Әр болыстан тобын бастап келіп отырған жауапты адамдарына айырықша айтылған бір тапсырма:

— Алдымен әр болыстың адамы өз тобында болып, бытырамай басшыларына бағынып, тәртіппен отырып, тәртіппен жүрсін. Ал өз болысына қараған елді бастап келген жауапты адамдар, мына үйезден үлкен сеніммен тағайындалып отырған уәкіл той тәртіпшісі Тәтімов жолдасқа бас ие бағынатын болсын. Тойдың той екені рас, бірақ бұл той үлкен саяси мәні бар той. Бүкіл Қазақстанда автономия алған мерекені біздің үйез тұңғыш той етіп мерекелеп отырмыз. Сондықтан біздің тойымыз үлгілі, тәртіпті, ойын-думаны өзекті, қызықты болып өтетін болсын, — деп айырықша ескертулер айтылып, жауапты уәкілдер бір ауыздан бұл ұсынысты қабылдаған уәделерін берді.

Күн көтеріле бәйгі төбе алқабы тойшылар тобына лық толып, айтылған тәртіп ретімен жіктеле екі жарыла қара бұлттай қайнаған халық болды. Алдымен бәйгеге қосылар аттардың тізімі жүргізіліп, ат сыншылары деп белгілеген Әбуақас (Уақа) мен Өскембай бастаған торт кісі әрбір құйрығын сүзіп, кекілін түйіп әкелген аттарды көріп, өздерінше сын айтып, алдарынан өткізіп, комиссияның тіркеуіне жіберіп тұрды. Сыншылар топтың алдыңа Абыралы болысынан келген Қамбар Исабайдың атақты Көкдауылы. Онан кейін Балқаш болысынан келген Қолжанның Қара аты, Берікқарадан Мұсатайдың Кертөбелі, Жарлы бойынан келген Ғұбайдолланың Аққасқасы, Ақшатау болысынан келген Серіктің Кербедеуі, Теміршіл болысынан Сипатайдың Доңмандайы, Дастардан келген Бекеннің Қарагері, Дегелеңнен Шимайдың Қанатты қарасы; бұл аттар алдымен комиссия алдыңа топты бастап барған атақты аттар болды. Бұдан кейінгілер тобында — Бөрлі болысынан келген сиыр құйымшақ, сымпыс құйрық, ешкі бас, итіңген құлақ, ұршығын сылқылдай басқан құла атты, торт сыншы қоп айналдырды. «Мынау өзі бір мәстек, салпы аяқ қой. Босқа қара тер ғып иесі мұны қоспаса қалай болар еді деп, Өскембай сыпылдата сөйлеп, атты мүлдем санаттан шығара бастады.

— Өскембай, сен тым сүмірейтіп жібердің, осы арса құланың қобди қолтық, қолтырау танаулы, кеудесімен басына, иіліп жатқан тілерсегіне көз жүгірттің бе? — деп Уақа құла аттың бойынан ерекше күш көргендей сөйледі.

— Сіздің көзіңізге Көкшағырдың тұлғасы елестеп тұрса қайдан білейін, менің көкірегіме тұлпардың тұлғасы елестемейді, — деп сөзуар Өскембай жанындағыларға күле қарады.

— Өскембай, мен сені жылқы танымайды деп тұрғаным жоқ. Қырым қожа Тыржабайдың қара атының «желгені шапқандай, шапқаны тәңірінің атқанындай» деп жұлдыздай ағушы едің. Соған қарап бір нәрсені болжар деп тұрмын-дағы, — деп Уақа да жымия күлді.

Осымен сыншылар сөзі тоқтала бергенде, құла атты бәйгіге қосып тұрған Берлі болысының жігіттері:

— Атымыздың терін ешкімнен сұрамаймыз, алдынан келмесе, келмеген можан топайдың бірі болар. Рұқсат етіңіздер, — деп тұрып алды.

— Ондай болса бара берсін, — десіп, о да барып тіркелді. Бәйгі комиссиясы оны «Сиыр құла» деп тіркеп, бір-бір күлісіп алды.

Комиссияның келісімімен бәйгеге іріктеліп сексен ат құйындай ұйытқып, айдаушылардың алдыңа түсті. Ат айдауға орталық комиссияның келісімімен аттанған төрт келеші жүріп кетті. Аттар жөнелісімен Мұқаметқали жолдастарын ертіп, екі жарыла отырған топтың тиыштала отыруын тәртіптеп, топ ортасына жібек кілем жапқан биік мінбе сөрені орнаттырды. Осы мінбеден той бастаушылардың құттықтау сөз айтатының түсіндіріп өтті.

Біраздан кейін Семейден келген гүбірна уәкілдері Жақсылық (етікші жандарал), Мұхтар бастаған топты ертіп үйезд бастықтары келін мінбеге көтерілді. Отырған жұрт орындарынан тұрып құрмет көрсетті.

— Автономияның тұңғыш тойының жиналысын ашуға рұқсат етіңіздер. Тойларыңыз тойға ұлассын. Осы тойдың маңызын айтып халықты той құрметіне құттықтау айтуға сөз Семейден келген гүберна уәкілі Мұхтар Әуезовке сөз беріледі, — деп уатком бастығы Ғариф Мусин Мұхтардың алға шығуына жол ашты. Бұрын аты онша мәлім болмаса да, қаламынан туған «Абай» атты журналда, «Қазақ тілі» газетінен әңгімелерін оқыған жұрт, маңдайы жарқырап шыға келген орта бойлы, қараторы жігітке қол соғып құрмет көрсетті. Ә, дегенде дауысы кібіртіктей шығып, сөз толқыны ағытыла түйдектеліп:

— Алқалаған ардақты халайық, автономия алып, атақты ел қатарына қосылған тойларыңыз ұзағынан сүйіндірсін, бақыт белестеріне өрлесін. Бір кезде бұратана атанып, патша өкіметінің қанауында болған халық едіңіздер. Енді, міне, Совет өкіметінің, коммунист партиясының ұлт саясаты, әділ заңы арқасында автономиялы елдікке қолдарыңыз жетті. Жетістіктеріңіз жемісті болсын. Сіздердің бәрлеріңізге мәлім болар, өткен жылы август айында біздің қазақ халқына заңды түрде автономия берілгенін Россия революциялық Орталық Атқару Комитетінің қаулысы жарияланған. Сол қаулы бойынша автономиялы қазақ республикасы өз билігін өз қолына алып, іс жүргізіп жатыр. Сол ұлы қуанышты бірінші болып Арқаның асқар белесінен сіздің жұртшылық тойлаймыз деп тілек білдірдіңіздер. Тілектеріңіз қабылданып, тойларыңыз туын көтерді. Осы көтерілген туларыңыз бақыт туы болып, коммунизм шыңында желбіресін — деп сөзін аяқтады. Ел ду қол шапалақтап, әр жерден: — «Жасасын Совет өкіметі, Жасасын коммунист партиясы, Ұлы көсем — Ленин жасасын!» деген ұрандар бүкіл алқапты басына көтерді.

Мұхтар сөзін аяқтап, халық дабыры басыла бергенде, үстіндегі шапанының етегін шиырылта байпаңдай басып қияқты мұртын бір сипап тастап ақын Төлеу Көбікұлы мінбеге көтерілді. Бұл ақынның осы автономия тойына арнап жазып алып келген өлеңі бар екен. Қарқаралының қара бұқарасы атынан сол кісі өлеңін қоңыр үнімен домбыраға қосып аңырата жөнелді.

«Коммунист айналайын ақ жүрегім!
Бұлақтай тастан шыққан мөлдіредің,
Біз үшін білегіңе жалынды орап,
Халықтың алып бердің бар тілегін.
Тең туған біз де совет баласымыз,
Айтпайды ақын жалған расымыз,
Аш тойып, кем жетілген заман болды.
Жайылып төрт тарапқа қулағымыз.
Ал, қазақ, күннің туды қарманатын,
Қарманбай ел емессің жай жататын,
Қоғаушы елдігіңді советің тұр,
Ол емес жаудан қорқып қорғанатын.
Қазақ боп дүниеге жаралғалы,
Осы ғой көрген теңдік замандағы.
Кешегі Неколайдың заманында,
Тапталған бұратана ең табандағы», —

деп шұбырта жырлағанда, халық ұйи тыңдап, үн қосып құрмет көрсетті. Бұрын ұялы ақын Дағанды Керейінде Абайдың замандасы Қуандық Сабырбай қызынан туған ұлдары бар деп естігені болмаса, Мұхтар үнін естіп, дидарын көрмеген еді. Мына тұңғыш тойда халық қуанышы қазақ даласының қара бұқарасының түсінігін, ақын аузынан естіп сондай сүйсінді.

— Міне, халық сүйіспеншілігі ақынның аузынан, елдің жүрек сезімі тіл қатқаны осылай болмақ — деп Мұхтар қасындағы үйез басшыларына өзінің сүйсінгенін айтып қалды. Осымен тойдың құттықтау мінбесі аяқталып, майданға балтырларын түрініп балуандар шықты.

Той тәртіпшісі Мұқаметқали өзінің серіктерімен тағы да жарыла отырған топтың алдынан:

Ал, халайық, қазір балуандар белдеседі одан кейін жерден салма алу, теңге алу ойындары көрсетіледі. Айқайра қызып өре түрекелмей, тиыш отырып тамаша көріңіздер. Тәртіп бұзғандар кешірілмейді, — деп бір жағынан өзінің тыйым салар міндетін де айтып өтті. Халық жым болып отырды.

Бауыр жақ бөлімнен бура сан, алпамса кеуде, қарынсау тартып, бұлшық еті босаңдап қалған Азанбай балтырын түрініп, оң жақ жеңін беліне қыстырып, биязы шекпенін шиыра буынып, балпаң басып ортаға бет алды. Осы сәтте сыртқы бөлімнің ішінен қапсағай еңселі, жалпақ жауырынды, қарымды қолы, сіңірлі сан еттері бұлшықтана шиыршық атып Әшірбек балуан шықты. Бұл екі балуан Қарқаралы жұртшылығына аты әйгілі атақты түйе балуандар. Екі балуан ұстасар алдыңда біріне-бірі қыр көрсете ойқастап келіп, шаппа-шап ұстаса кетті. Күшін екі қолына жинап, салмағын сан жағына түйіп, бойын алыстата, қырыстана қимылдаған Азанбай Әшірбекті ұстаған бетте жұлқи өзіне тартып байқап еді, оның қапсарай өңірлі денесі тез иліге қоймады. Әшірбектің тегеурінді қолы Азанбайдың жағасы мен белбеуінен қапсыра ұстап, өзіне қарай жымыра иіріп алды да, көз ілеспей іштен шалып жіберіп жамбасқа алып соғып жіберді.

Арса бойлы, ашаң қара кісінің қолының ымқыры, әдісінің шапшаңдығына отырған жұрт айран асыр. Өмірі белдескен адамынан сүрініп көрмеген Азанбайдың Әшірбектің аяғына ілінген денесі бос тұрған борсыған түбірдей ұшып түскенше сүйсінген де, намыстанғандар да аз болған жоқ. Бас бәйгені алған Шұбыртпалының жігіттері балуан араларына сүйсіне қуаныш көрсетті.

Екінші болып майданға сонау Семейден Бекен қария әдейі қалап шақырып алып келген балуан Шәкіман бет алды. Қарқаралы еліне бұрын аты естілмеген балуан жігіттің балғын соқталы сом денесі көрген елдің көзін сүйсіндіре ширақ басып, қарсы жағынан өзіне қарай, жерден бір уыс топырақ алып қолын құрғата шабыттана ұмтылған қараторы жігітке омырауын бере қарама-қарсы келген жерде Шәкіманның ымқырулы қолы жағадан тигенде аяғы қарсы балуанды тілерсектен іле тартып қалғанда, ана палуан шөке түсе сүрініп кетті. «Болды, жығылды» деген айқай майданды басына көтеріп, күрес төрешілері ел төрелігіне қосылды. Бұдан кейін де тізімде көрсетілген балуандар белдесіп, ел күрес қызығына қанғандай болды.

Ендігі кезек бәйгі төбе етегінен дайындалған өзекті сілемнен салма алуға ауысты. Салманың жайында той тәртіптісі Мұқаметқали елге жағалай жұрт айтып өтті. Жерден салма алу, серке тарту емес, бұл ат үстінен жүгіртіп келін, жердегі салмаға тастаған серкені қолдың үшімен іліп әкету. Бұл ойын — жігіттің ымқырулылығын, аттың белдігінің көрсететін, майдан кезінде ат үстінен жердегі қаруды, қансыраған жолдасын іліп алып, апаттан алып кетуге жаттықтыратын әдіс. Бұған сайланып шыққан жігіттер атын таңдап мініп, тақымына сеніп, өзі қалаған адамның яки топтың алдыңа әкеліп тастайды. Бұған тура жармасу, тартысқа түсу болмайды, — деп айтып өтті.

Ел мына тәртіпке мойындай «бұл дұрыс тәртіп» деп, салма тастайтын өзекшені ортаға ала қақ жарыла келіп топталды. Шек-қарнын алып, бауыздауын тігіп сыптай етіп түйіндеген серкені әкеліп өзекшеге тастады. Салма алуға дайындалған бір топ жігіт жеңдерін сыбанып, тақымдарын қысып тәртіпшіден хабар күтіп қатарласа қалды.

— Ал, бастаңдар! — деген дауыс шыққанда атын ойнатып алға шығып тұрған Дағанды болысынан келген ұзын бойлы, қара сұр жігіт ағызып келіп серкеге ұмтылғанда қолы қамти ұстай алмай ағып өте шықты. Оның артынан іле құйғытқан Ақсары болысының ақсары жігіті серкенің сыпырық тақыр қабырғасына іліккен қолы көтеріп ала алмай өте шықты. Ендігі кезекте серкеге шұйілген алпамса денелі, екі аяғы аттың қолаңсасын соға, қарымды қолымен еңкейген бетінде серкені қаңбақша ат жалына салып ала жөнелген жігітке ел сүйсіне қарасып, «бұл ит, қай болыстың алыбы?» десіп жатты. Ол жігіт серкені он қолымен үйіре ұстап, көтерген бетімен Бауыр еліне қараған аудандық милиция начальнигі Шайқы Мұсатаев бастап отырған топқа әкеліп тастай берді.

Бұл салмашының кім екенін білгісі келіп анталаған жұртқа тәртіпшінің жәрдемшісі Хасен айқайлап:

— Жаңағы салма серкені тымақша үйірген салмашы — мына Дастар болысының азаматы Жұмабек Сейітбатталов, атақты балуан, — деп таныстырды.

Екінші салынған салманы жерден іліп алып кеткендер болмай, бұл ойын өзінің тәртібімен тоқталды. Бұдан кейін арнайы дайындалған тақымкеш жігіттерге тартыс серкесі берілді. Серкені тартысқа дайындап әкелген Кент болысының тақымкеш атақты жігіті, кіші гірім арыстандай қара буырыл атқа мініп, серкені тақымына басып майданға шауып шықты. Осы көріністі көріп күтіп тұрған Абыралының Сембі деген жігіт қарсы ұмтылып тартысып өтті. Серке қарабуырыл аттының тақымында қалып қойды. «Қапым бар» дегендей Сембі қайта ағызып келіп серкені жұла тартып, тақымдары қарысып, аттары шөге жаздап, әрең дегенде шыдады. Бұл да бір қызық көрініс, ат пен жігіттер сынасуы болды.

— Ендігі жерден теңге алу сайысы басталсын, — деген кезде той комиссиясы тарапынан:

— Ендігі ойынды ертеңге қалдырайық. Аттардың да қайтатын кезі болды, — деген шешім айтылды.

Салма басына жиналған жұрт кейін серпіле отырып, ат айдалған қара жол бойы Қарамырза бөктеріне көз тастасты. Шынында да бұл кезде аттың алдыңғы іріктеліп шыққан тобы Қызылсор алқабынан аса Қарамырза қапталына ілініп аңыратып келе жатқан-ды. Аттарды айдаушының арғы түпке барған екеуі сексен саңлақты қатарластыра, араларын аша, балаларға:

— Біріне-бірін соқтықпа, араларыңды аша аңыратындар. Біріңнің атынды бірін қамшымен жасқап қол көтермеңдер. Алдарыңа қарап, шұқанақ, жыра, қақпа тастан сақтаныңдар! — деп әбден ақыл-кеңестерін айтып аттарды қайтарды.

Аттар тобының орта жеріне қатарластыра әкеліп тұрғызған атақты аттар: Көкдауыл, Көлжанқара, Кертөбел, Шалқаркөк, Аққасқа, Кербедеулер ауыздығымен алыса жер тарпып, ә дегеннен үзеңгі қағыса алға шыққан. Сол шұу дегеннен-ақ әлденеше топқа түйдектеліп аттар тобы үздік-создық құйындатты. Кейбір шықпа ағынды ақ мылтық аттар аяқтары бытырап, шаң қауып артқы жақта шұбырды. Сонау сиыр-құйымшақ құла алғашқы «ал, қайтыңдар!» деген айқай шыққанда, аттың солтүстік шетін ала бүктетіле жазылып орта топта келе жатқан-ды. Құла аттың үстіндегі қалша қара бала, Әбеудің айтқан ақылымен атын ә дегенде қыса қимылдамай, аттың өзінің екпініне жіберіп, тек аттардың шаңынан аулақтай жел жаққа шеткерілеп, анда-санда тақымын қысып, айтып берген ата аруағын айқайлап келе жатқан-ды. Осы сәтте орта жолда тосып тұрған ат айдаушыға түпке барған екі айдаушы қолдарындағы жалауды тапсырып олар қала берді. Осы бір белгіні андып келе жатқан қара бала құла атқа: «енді қимылдар межеге келіппіз. Әбеу ағаның «атына қамшыны сонда ғана сипай басарсың» дегені кейінгі келешіге келгенде еді ғой деп тақымында қысып, қамшымен де сипай екі жағынан жанып-жанып алды. Ақ көбігі жаңа шығып, еті қызып өршелене бүктетіле жазылған сиыр-құйымшақ құла құлашты құлдырай сермеді. Ол ілезде-ақ орта тұста бунақталған топтан суырыла шығып алдыңғы топтың жел жағын ала аңыратты.

Бірі мен бірі үзеңгі қағыса, бірін-бірі аңдып, алдымыз алаңсыз деп аттарының басын өздерінше тежеп келе жатқан бес ат та түйдек екен. Әсіресе Көкдауыл мен Көлжанқара бір-екі бәйгіде қатарласа шауып, аңдысып қалған бір-екі балалар, ат иелерінің айтуын да естерінде сақтап, бірінен-бірі көз аудармай, аңдитын тәрізді. Осы кезде аттың алды Қарамырзаның Жырымға ойысар белесіне көтеріле берді.

Бірін-бірі аңди, аттарын тежей шауып келе жатқан топтың жел жағын ала тап қастарынан ат дүбірі шыққанда, жапырлай көз тастасты. Бұл топтың балалары тани кетті, бағанағы сыншы комиссия әзер рұқсат еткен Сиыр-құйымшақ құла. Аяқ тастасы сондай серпінді, шұу дегенде ойланған жерден жетіп қатарласа қимылдаған құла атқа тандана қарасып, енді өздерінің аттарын тежегенді қойып қамшы үйіріп, безесіп алды.

— Бағанадан мені андып келе жатыр ең, мына сиырқұйымшақкүламен шендесіпкөр, — деп көкдауылдың үстіндегі Исабайдың есейіп қалған баласы Көлжанқараның үстіндегі балаға: — «Қимылда» — деді.

— Сен де атыңның күшін іріккенсіп, тежегенсіп келе жатыр ең ғой, ал, бас қамшыны! — деді. Осы бір ерегісе қамшы басқан аттар жымырыла, топтала Жырым алқабына ойысты. Осы кезде жел жақты ала құлдырай ағызған құла созылып алға қарай шыға берді. Құлаға құйрық тістесе Көкдауыл мен Көлжанқара да үзеңгі қағысып бірін-біріжеп келеді. Бұларға құйрық тістесе Шалқаркөк, Аққасқа, Кербедеулер де аңыратып келеді. Бәйгі төбе басындағы ақ үй елесі де балаларға көріне бастады.

Осы әредікте «ат көрінді, шан шықты» деген қарауылшылардан айқай шықты. Елеңдеген жұртты орнықтыра, тәртіпші Мұқаметқали бастаған жігіттер елді тиыштала отыруға шақырып, топты айнала шолып бағып тұрды. Сонша болмады алда келе жатқан бір топ ат, бір-бірінен оза шандарын шұбырта будақтатып ағызып келе жатты. Той комиссиясы майдан төріндегі мінбеге шығып, қолдарындағы дүрбімен кезектесіп қарасып, демдерін іштеріне тарта тамашалап тұр. Ат шаңы көрінгеннен тәртіпшілердің бастауымен, ат сөресіне жол аша, екі жарыла, бәйгі төбенің етегіне ұйлыға қаптай тұра қалған халық Жырым арнасынан өте бере суырыла аңыратқан алдыңғы атқа шұйіле қараулы болды. Торт аяғы дөңгелене бір жерден түсіп, құйындата, жымырыла жүйткіген құла атты, оның үстіндегі даусы қарлыға, өзіне атқа мінгенде үйреткен ұранын айтып, аттың шоқтығына еңкейе тебіне қутыңдаған баланы да халық қызыға қарауда. Топ ортасын жара бәйгі төбеге ағып өткен құла атты көргенде таң қалмаған ел жоқ. Бағана сыншы комиссия бәйгіге қосылуына әрең рұқсат еткен ешкі бас, итінген құлақ, арса қабырға қула шобыр, басқа аттан қара үзе озып келді.

— Міне, тұлпар, «шын тұлпарда сын болмайды, шын сұлуда мін болмайды» деген осы, — деп Уақа сыншы тобынан бөлінбеген Өскембайға қарады. Өскембай сөзден ұтылғанда сол жақ мұртынан күлімдей міңгірлеп сөйлейтін әдетімен:

— Мәстек қосып бәйгі алып көрген жоқ едік. Бу да бір мәстектен шыққан тұлпар болғаныдағы, — деп бұрылып кетті.

Құла аттың артынан Шалқардың көк аты, Сыпатандың Дөңмаңдайы, Көкдауыл мен Көлжанның қара аты үзенгі қағысып кірді, көмбеге. Мұсатайдың Кертөбелі, Сырлыбайдың қара аты, Серіктің Кербедеуі құйрық тістесе түйдек олар да таласа кірді көмбеге. Аттарды алдынан өткізіп, комиссия тағайындаған төреші атпаздар комиссияға бәйгіге ілінген аттардың тізімін берді. Екінші аттың бәйгесі қатты тал асқа түсті. Омырау дауылдаған Сыпатайдың Дөңмаңдайы, Шалқардың көк атымен үзенгі қағыса кірді топ ортасына. Бәйгі сөресінен өте бере көк аттың басы озыңқырай сырық түбінен бұрын өтті.

— Екінші бәйгі біздің көк аттыкі — деп сыншы комиссияға әкеліп ұсыныс айтқан Ібіш Хасеновке Темірші болысының тобынан:

— Ібіш, сен орысша оқығансып, жылпостығыңды істеме, топ алдынан сөреге өтерде Дөңмаңдайдың мойны озықты. Мына елдің бәрі көріп отыр. Топтан өте бере біздің бала аттың басын ірке берді, көмбеге жеттім деп. Ал сен тоқтаған аттан мойны озды деп бәйгіні алмақ боласың. Бізде де орысша хат танитын адам бар, — деп өршелене орнынан қозғалып, комиссияға қарай ұмтылып еді, Тәкіш келіп:

— Тоқтаңыз, Сыпеке, бәйгіні қай атқа беруді төреші комиссия шешеді. Орныңызға барыңыз, деп тоқтатып тастады. — Тәртіп деп, комиссия деп, аталы сөзімізді айтқызбай, мыналар мүлде аузымызды буып тұншықтырды-ау, — деп Сыпатай әзер басылып орнына барды. Сыпатай ол жерде Тәкіштен шайлыққан жоқ. Ана жерде топ тәртібін бағып тұрған Тәтімовтен именіп барып тоқтады.

Бас бәйгені алған құла аттың аты-жөнін, кімнің аты екенін жамырай сұраған ел, құла аттың иелерінің айналасын қаптай босатпады. Бөрлі болысының, Жалқыбас деген атасынын жәй шаруа Әбеу дегеннің аты екенін анықтаған жұрт Әбеуді де тауып алып, «бұл қайдан шықты? Қандай тұқымнан, жасы қаншада, қол тума ма?» деп алуан сұрақтар қойып мүлдем тергеу жүргізді.

— Құнан күнінде Семейге пайда-кәсіпке барып қайтқан мына Түңлік бойының бір пайдашы жігітінен бір ат беріп айырбастап алып едім. Қазақ тумасы ма, жоқ мәстек тұқымынан ба, ол арасын білмеймін, — деп Әбеу қысқа ғана атының шежіресін шертті. Аулының аруағын бүкіл Қарқаралы дуанына аспандата көтерген құла атты, оның иесі бұйығы атпаз Әбеуді Бөрлі болысының тойшылары тобын бастата бас иді.

Алғашқы күнгі той думаны осы ат бәйгесімен аяқталып, топ жалғасы ертең ерте басталатынын комиссия тапсыруымен тәртіпші бастық жариялады. Бәйгі төбеден өздерінің үйлеріне, тобына оралған елдің әңгімесі бәйгі сандағы құла ат, бас балуан Әшірбек, салманы тымақша іліп алған Жұмабек болып, бірінен-бірі қоздыра, бірінен-бірі оздыра әсірелей айтып, сол күні-ақ аңызға айналды.

Той думанының екінші күні қазақ аулының көш салтанатымен басталды. Бүркітті, Түңлік алқабынан көшіріп әкелген Ақсары болысының бес-алты үйін, тізбектелген түйелердің көшін қырғауылды қарқара орнатқан Ақбас атанған қалы кілемін төгілте жапқан көш басын сәнімен киінген Мақпал келіншекке жетектете көшті, Шортанды көліне қарай ырғала тартты. Көш жанаған қыз-келіншектер жорғаларын жүйткіте ән сызылтады.

Бір бүйірден Тілеубек, Жабылбайдың Ақаны, Зәрубайлар бастаған жігіттер тобы шықты. Тілеубектің сырлы балдаққа білегін кербездене сүйеген қолында ақ-тұйғын, Ақанның қолында көк қаршыға, бұлар да өз сәнімен әндете қыз-келіншектер тобына ойыса тартты.

Осы сәтті күтіп тұрған қаланың Шортанды көлі жақтан тағы бір топ қыз-келіншек, бозбалалар шықты.

Бұл топты бастаған үйездік әйелдер бөлімінің бастығы Нағима Арықова мен Бәтима Қойгелдина. Оларға ерген Қарқаралының орысша оқыған қыздары Зүфнүн Ыбырай қызы бастаған бір топ жас қыздар еді. Олар да қаза аулының бойжеткен қыздарының сәнді киімін киіп, кәмшат бөріктерінің үкісін үйірілте бұлғақтатып, тайпалған жорғамен шықты.

Осы салтанатты көруге тамашаға аттанған Мұхтар бастаған жас жігіттер тобын құрметтей, той тәртіпшісі Тәтімов келіп қосылды. Сәндене, тобымен әнін үзілте сырғыған қыз-келіншектер тобының ішінде шеттей жортып әнге қосылып келе жатқан жас қызға көзі түсті. Басындағы күміс оқамен жиектелген қызыл пүліш тақиясының маңдайында жалпағынан сәнді өрнекпен айшықтай тіккен ақ меруерт безеп күнге шағылысады. Төбесінде үлбіреген үкі шоғы бұлғақтап, үстіндегі қызыл гүлді патсайы бешпенті олқылана делеңдеп көрінді. Ә дегенде өз көзіне өзі сенбей Мұқаметқали үңіле Қарағанда ғана таныды. Өзі жатқан үйінің жасөспірім қызы Шәкітай екен. «Апыр-ау, мына балаға атты кім берген? Мына киімдерді қайдан алған?» деп Мұқаметқали ойланып, қасындағы ПІәмелден сұрады.

— Қали, ол біздің Шәкіжан ғой. Бағана біз жүрерде Қопадан Әшет пен Хакімдер де тойға келген, солардың атын сұрап мінген ғой. Маған кеше — «қыздармен мен де атқа мініп шығам» дегенде, «сен кішкенесің, ат қайдан табылады» деп тоқтатып едім, ана нағашыларын қолы билеген ғой. Ана тақия, кемзал бәрі шешесінің киімі, — деп Шәмел түсіндірді.

Өзі алғаш сол үйге келіп түскенде-ақ осы жас өспірім қыздың ширақ мінезі, шешесіне қолғанат тұйғындығына іштей сүйсінетін еді. Бірақ өте жас көрінетін. Ал, мына думанда өзі ат тауып мініп, мынау қыз-келіншектердің тобына келіп қосылғаны тағы да ойын тербеткендей болды.

Тәтімовпен бірге келген Әбдінің Омары, Қалибек, Төлеухан, Алтайлар да ойқастай, әзіл-қалжың, нөсерін құйылта, «шіркін күнде осылай той болып, қыз-келіншек мол болып, араласқанда жол болып тұрса, арман болар ма еді» десіп гуілдесті.

— Сендер, әзіл-қалжыңдарыңды әдеппен сыпайы айтыңдар. Мына Семейден келген оқыған сый азаматтан ұят болмасын — деп Мұқаметқали қасындағы тентек достарға қабақ түйе ажар көрсетті.

— Арманымызды айтпай өлеміз бе, оқыса мен үшін оқып па, — деп Қалибек Мұқаметқалиға қиқарлана қарады.

— Мына сияқты қыз-келіншекті көргенде өнебойым шымырлап, көзім тұнып кетеді, — деп Омар қара мұртын түксите мылқау бола қалды.

Омардың сөзін естіп келе жатқан Мұхтар күлімдей қарап:

— Осы Сарыауыз деген бір бейбастақ бар деп естуші едім. Сол осы Қарқаралынікі еді ғой. Мына мұртты жігіттеріңіз соның серігі емес пе? — деп Әбіжанға бұрылды.

— Иә, Сарыауыз деген бір бейбастықтың бары рас. Жүрісі біздің ел. Естуім туысы мына Қуандық атаң болса керек. Ана Ақшатау еліне сүйектігі бар ма, келіп сіңіпті. Бірақ бар сойқаны біздің сол ауылымызда болыпты, — деп күле жауап берді.

— Мұртты жігіттің лебізіне қарағанда, сондай бір әз ағасы барға ұқсайды, — деп Мұхтар үнін шығара күлді.

Осы салтанатты езі қалап ұйымдастырған Мұхтардың қасына қаладан аттанған қыздар, келіншектер келіп, ән шырқай, әзіл бастады. Қош шумағы бәйгі төбеден өтіп, Шортандыға бет алғанда әлде неше топ болып тойшы жігіттер де қаптады.

Олардың ішінде домбыраны қолға ала, ән төгілтіп келген бір топта Нағайбыл мен Қуан бар еді. Ән айтқанда беріле, көтеріле шырқайтын Қуан «Кәмшат бөрік» әнін құбылта, кештің алды-артын орай да ұйытқыта соқты. Осы әннің құйындатқан екпініне ілескендей жас жігіттер тобы әнге үндерін қоса, қыздарды қайым-қалжың өлең кезегіне шақырды.

— Ал, қыздар, біз немене, мылқаумыз ба? Шырқаңдар, жүріңдер, — деп Нағима қыз-келіншектер тобын бастап айнала жүйткіген жігіттер тобымен үзеңгі қағыса ән шырқады. Басындағы кәмшат бөріктің шоғын үйірілте, сырғыған сүр жорғасының қайықтай есе тайпалған жорғасымен алға түсе Зүфнүн шыққанда, жігіттер тобынан Садырбек ауылынан әдейі арнап әкеліп берген қарагер жорғамен Мұхтар, желіскер қарагермен Мұқаметқали бастаған жігіттер қатарласа әзілдесе жүйткітті.

Бір әрідікте Мұхтар Зүфнүнға қатарласа: — Сізбен танысуға болар. Мен қателеспесем сіздің фамилияңыз Ақпаева болар. Семейде гимназияда оқыдыңыз емес пе? — деп жымия қарады.

— Иә, жобаңыз дұрыс. Семейде оқығам. Қазір ауылдамын — деп сұрғылт көзі күлімдей, молтақ мұрны тарбия күлді.

— Оқуыңызды ілгерілетпейсіз бе? — деген сөзге.

— Әрине, оқуымды тастамаймын. Әзір оқу өрісінің тәртіптелуін күтіп жүрмін — деді.

— Оған уақыт озып, талап созылып кетпей ме? — деп күлді Мұхтар. Зүфнүн оған жауап қайтарғанша Қуандар шырқаған ән қыз бен жігіттер қайымдаса құйылған өлең жыр толқыны екеуін де іліп алып кетті.

Көш салтанаты Шортанды көлін бауырлата Қойтасты өлкесіне қарай шығарып салып, Мұқаметқали, Мұхтарлар бәйге төбеге оралды. Бәйгі төбенің төріндегі ақ үй айналасы қайнаған халық. Келесі күнгі думанды күтіп, жиылып тұрғанды. Мұхтарлар келіп ат басын үйге қарай бұрғанда, қаладан тобымен той комиссиясының адамдары да келіп жетті. Жақсылық бастаған Нұрекел жігіттері де келіп қалған-ды.

— Бүгінгі мәжіліс үй ішінде басталып, мына дайындалған жерге біразда шығады, — деп Мұқаметқали тәртіп күтіп тұрған жұртқа күн тәртібін жариялады. Үйде басталады дегені, әншілерді іріктеп, ойын тәртібіне келісіп алу, мәжілістің үйде болатынын айтқаны еді. Комиссия өзара кеңесіп, аты белгілі он әншіні жарысқа қатыстырып ән айтқызатын болды. Әннен кейін Зәрубай мен Жындықараның «Қоян-бүркіт» ойыны, Қалибектің «Қыз ұзатуы», Омардың мылқау-сері ойыны көрсетіледі деп келісті. Ән далада айтылса үн аяқсып, ән иіні сыбырға айналып кетеді. Үйдің есігін ашып, үй туырлығының етегін көтеріп үйде айтылсын десті.

Іріктелген әншілер — Айтбайдың Ғаббасы, Байжанның Қалиы, Нағайбіл, Төлепберген, Игілік, Аман, Қуан, оларға кейбір той комиссиясы мүшелерінің ұсынысымен тағы бір-екі әнші қосылды. Оныншы әншіге келгенде, алдыңғы күні ғана әнін тыңдап сүйсінген Мұхтар бала әнші деп Түсіпбекті қосты.

Әнді Қали бастады. Ән айтарда жан-жағына қаранып сиректеу сарғыш мұртын сипап, қабағын жиыра шалқалай отыратын әдетімен Төлебайдың әнін шырқап, әннің «Арқада толып жатыр жылқылы бай» деп басталатын сөзін жыбырлата айтып, кең тынысынан өрлете көтеріп шырқай жөнелді. Өзінін әдетіндегі әнді сан құбылта, кей жерін өз нақышына бағындырып өзгерте айтып бір тынды. Әрбір әнші екі ән ғана айтады дегенмен Қали келесіде Біржанның «Шідер» деген әнін шырқады. Бұл әнді де өзінің мәнерімен өзгерте иіндеп өзгеше орындады.

Бұдан кейінгі кезек Абыралыдан келген Игілікке берілді. Баяу, қоңыр дауыспен сол кезде ел ішінде көп тарап жүрген «Ғалия» әнін, онан кейін «Ғазиздің» әнін айтты. Әннің жалпы өресін бұзбағанымен ән тым жай, баяу орындалды. Үшінші кезек Ғаббасқа тиді. Сұңғақ бойлы, ақсұр ажарын кербез ұстап, домбыраны құлақ күйіне әсем бір нақыспен келтіріп «Үш дос» әнін шырқады. Ғаббастың әнді мәнерлеймін деп өзгертпей әсем кербез толғанар кең тыныстан аңыратқан ән отырған жұртты өзіне үйіріп алды. Ғаббастың әнімен бірге үйірілгендей үйдің сыртынан тыңдап тұрған жұрт үйді еңсере кимелеп, біріне-бірі бастығырыла құлақ түрді. Ғаббастың екінші орындаған әні «Ардақ» болды. Бұл әнді де Ғаббас өз қалпында кербез кең тынысты үнімен соншалық сұлу орындады. Ән сазына беріле тұла бойымен ұий тыңдаған Мұхтар:

«Құлақтан кіріп бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй»

деген Абай сөзінің аузынан қалай шыққанын аңғармай қалғандай болды. Ол әлгі әннің әуенінен алған ләззәтін бойына сіміргенше, тағы кезектегі әншінің бірі ән сызылтты. Әнді ойнақы екпіндете нәзік үнмен ажарлай айтатын Аман еді. Оның әні де көпшілікке сүйкімді болып тыңдалып сүйсіндіргендей болды. Аманның артынан әнші тұғырына Нағайбіл келіп отырды. Нағайбілдің сызылта шырқай жөнелетін ән толғауына Айтбайдың Қоңыры, Мәдидің «Геккайы» келіп оралды. Ән мәнеріне бәсекелес айтысып жүрген Қали, Нағайбіл, Ғаббастар бірінің құбылта шырқауына екіншісі соқпайтын. Бұ да жақсы орындағанның бірі болды. Енді кезек Төлепберген әншіге тиді. Бұл бір әнді айқайға жеңдіре, зорлана айтатын жас әнші екен. Өзі айтып жүрген Иман-Жүсіптің «Сарыарқа» деген әнін және халық әні «Әупілдекті» орындады. Ендігі кезек Қуанға тигенде әдеттегі ән шырқарда көтеріліп, үнін ойната шығаратын әдетімен «Үкілі кәмшат бөрік», «Қызыл бидай» әнін орындады. Әнді қызу беріле айтатын Қуан үні де тыңдаушы жұртқа ұнағандай болды.

Ең ақырғы кезек бала әнші Түсіпбекке келді. «Сен де жарысқа түсіп ән айтатын болдың» дегенді естігенде, іштей әзірленіп, кейде оңашаны тауып тамағын кенеп, үнін де ширықтырып байқаған сары бала келіп талдырмаш именшек балдыр денесімен орындыққа отырды. Домбыраның құлақ күйін безілдете бастағанда оған таяу келіп тұрған Нұрекел:

— Ағаңнан баста, — деп сыбыр етті. «Сұржекейді» анада айтқанында шуу дегенде жүрексіне бастап, дауысының тым шарылдай шыққанына іштей өкініп жүрген жас әнші бұл жолы әсем толғамды ырғақпен майыстыра, үзілте аяқтап кемеліне келтіре орындады. Екінші айтқаны — «Қарға» болды. Бұл әнді бастапқы әншілер іліп әкете ме деп қауіптене, сөйтсе де өзінше іштей дайындап отырған-ды. Мұны тіпті жақсы орындады. Өзі қалап қатарға қосқан жас әншінің көңілдегідей көсіле шырқағанына балқи тыңдаған Мұхтар:

— Мынау Ғаббас, Қалилардың, анау Нағайбілдердің өртеніп арқа сүйері мына сары бала ғой. Өзін қара, анада айтқанда жүрексіне бастаған әнін бүгін тіпті әсем бастап, әсерлі аяқтады, — деп, әншінің үнінен сезінген өзгерісті дәл басып айнытпай тауып түйіндеді.

Осымен ән жарысы аяқталып, ендігі кезек ойын өнерпаздарына тиді. Бұл ойын сыртта көрсетілетінін жариялап тәртіпші топ халықты сыртқы аланға алқа қотан отырғызды. Дөңгелене отырған елдің ортасындағы ашық алаңға ақ үйдің ішіндегі сырлы дөңгелек стол әкеліп қойылып, оның үстіне айнала кесе, тостаған, қасық сияқты ұсақ ыдыстар қойылды. Үстелдің тап ортасында сырлы үлкен табақ, оған салған сабақты сарымсақ көк жапырақтары желбіреген. Әрине әрбір ыдыстың аралары ашық. Осылар қойылып болған мезгілде бір бүйірден қоян кебін киген, екі құлағын ербеңдетіп біреу торт аяқтап қарғылап шығып, секектеп келіп, үстелдің үстіне қарғып шықты. Мұрты қоянша ербеңдеп табақтағы сарымсақтың жапырағына аузын сала шоқия берді. Осы сәтте қанатын сермеп бүркіт кебін киген біреу шығып, үнін бүркіттен аудырмай шаңқылдап қоянға ұмтылды. Қоян үстел үстінде секектеп, ыдыс-аяқтардың арасымен қарғылап, ана жағына бір атып шығып, мына жағына бір атып шығып табақ айналасынан пана іздейді. Бұға қалады. Қоянның бұға қалған сәтінде қара бүркіт саңқ етіп келіп бүріп алады. Қоянды бүрген бетімен жерге әкеліп басып шоқып-шоқып алады.

Екеуі ойындарын көңілдегідей орындап бастарынан кептерін шешіп алғанда, отырған жұрт бір-ақ :таныды. Қоян болған — Зәрубай, бүркіт болған — Жындықара. (Ахмет яки Берсағының Ахметі). Екеуінің ойын өнеріне разы болған халық қол соғып, «өркендей бер, өнерпаздар!» деп айқайлады.

Бұлардың ойыны басылып, кептерін шешіп, орындарына кеткенде, басына кимешегін киіп, көйлегін сөлбеңдетіп Қалибек Қуанышбаев шықты. Ол келіп үстелдің бір жағына сүйене отырып, қызын ұзатқан кемпір болып қызына көрісті. Бір сәтте қыз болып сыңсыды. Ондай бір сәтте қыздың әкесі болып қызымен көрісіп, зарықтырмай барып тұратын болды. Қайта-қайта жылап болмаған қыздың шешесі болып шалымен ұстасты. Кемпіріне тыйым салған шал болып отырғанда, қасқыр жеп жатқан бұзау болып мөңіреді. Қайтадан шал болып кемпіріне ұрысты. Осы сияқты бірнеше дыбыс беріп құбылып отырған Қалибектің жан-жақты ерекше өнеріне таңданбаған жан жоқ. Бұрын таныспаған, тек бір ауыз, жарым ауыз қалжағын ғана естіп қалған Мұхтар:

— Мына сияқты өнерпаздарға өріс болмаған. От басы, күйеу жолдасы сияқты ауыл ажуасының ермегі ғана болып, жәрмеңке думанымен өмір кешкен-ау. Осылар мына шаһарлы елдің адамы болса, өнер мектебін көрсе не жасамас еді, — деп қасындағы Ғариф сияқты адамдарға сүйсінуін айтып салды.

Мұның артынан мылқау сері болып Әбдінің Омары, өзінін серіктері Ысқақ, Мұстафа, Алатай, Төлеуқанды ертіп, салдарша айбақ-сайбақ киініп, балдыр-бұлдыр тіл қатып, қиқыл-шиқыл ән салып, алуан түрлі әсем ойындар көрсетті. Бұл көрініс те жұртқа мейлінше ұнады.

Бұдан кейін ойын жобасы бойынша жамбы ату сайысы басталды. Анадағы уәдесі бойынша жамбыны Сырық басына Нұрекел байлады. Садақпен атылсын деген тапсырма бойынша жамбыны садақшылар атты. Садақшылық өнері бұл кезде ел ішінен сиреп кетсе де, кейбір ауылдарда сақталған екен. Қарқаралының көне дүние қоймасынан әкелінген көне садақтың екеуі қолға алынып, садақшылар сайланып шығып кездесті.

Сыртқы елдің бірнеше садақшы жігіттері тартқан садақ, оғы жан-жағынан жанап өтіп жамбыға дәл тимеді. Керей Төлеңгітте бірнеше мерген киікші адамдар садақты кезекпен алып сермеді. Қотанбұлақ, Балқаштан келген мергендер де оған жанастыра алмады. Кезек күтіп тұрған Тоқырауынның атақты аңшы мергені Қанапияның қолына садақ тигенде, бейне бір жекпе-жекке шығатындай он қол жеңін белсеніп, бір тізерлеп отыра қалып тартқанда жамбы садақтың оғымен жерге бірге түсті. Алдақашан ұмытылған аспан болса да Қанапия оғы арғы аталарынан қалған құрал көріп сақтай, кейде атып та жүреді екен. Өзі аңқұмар, тақымкеш Қанапия осы жерде бір ерекше мергендік көрсетті.

Ендігі кезек көкпарға ауысты. Той шашуына арнап әкелінген күшік құндыздың терісі, оған байланыстыра қосарлаған көк гүлдары кездемені қолына ұстаған Ахмет Бектібаев атына мініп, көкпарға сайланып шыққан топ-топ жігіттердің бәйгі төбе жақ шетінен келіп тұра қалды.

— Жол біздікі, бір атаның баласымыз, — деп омыраулай алға ұмтылған ақжал-шабдар саңлаққа мінген орта бойлы ақсары жігіт Ахметтің қолындағы көкпарға қолын соза берді.

— Жол неге сенікі болады? Қалың Қаракесектің ішінде атамыз Жобалай бастап көшіп келіп көрші болғанда арнаулы алған екі жолымыз бар еді, соның бірі бәсекелі бәйгіде атымыздың беті қатусыз, ер белдесер сайыста жігітіміздің беті қатусыз болмақ-ты. Ал, мына автономия тобы аз көпке, кедей байға теңеліп, әділдік туғызған жаңа заман тойы. Жол біздікі — деп астында есік пен төрдей құла жирен аты бар керей жігіт шықты.

Екі көкпаршының дауысы шыққан кезде, той тәртіпшісі Тәтімов серіктерімен Ахметтің қасына келді. Қазақтың мұндай тойда жолдасатын әдетінен хабары бар Мұқаметқали жігіттердің жол-жобаға таласқан сөзін салмақпен тыңдап:

— Жігіттер, жолдарыңа таласыңдар, бірақ айқайсыз жәй сөйлесіңдер. Мұндайда азынап шыққан дыбысқа ел құлағы елеңдегіш болатынын ескертіп, өзі жолдастарымен кейіндеп шегініп тұрды. Мына екі атаның баласы қалың Қаракесекке кірмеліктерін айтып, жолға таласқанын, кімнің жолы үлкен екенін анықтай алмай тұрған Ахметке, өзіне арнап ерттеп берген үлкен боз атқа мінген Жақсылық жақындап келіп:

— Аха, кімге береріңді біле алмай тұрсың ғой. Бұлардың екеуінің де қазақ халқының ертеден сақталып келе жатқан жол-жорасы бойынша жолға таласқандары орынды. Екеуін шекістірмей шешімін айтып берейін, — деп Жақсылық алғашқы көкпарға ұмтылған жігітке:

— Шырағым, сен Қараменде бидің аулынан болармысың? Өйткені біздің атамыздың алғашқы кен қолтық, тар етегіне көшіп келіп қоныстас, еншілес болған сенің атаң еді. Ал, мына сенімен жолға таласа кеткен Керей Жобалай бидің аулының жігіті болар. Өйткені атасы Жобалай Қаракесек пен Тобықты елінің шекарасынан келіп қоныстап, Тіленшіден жек-жаттық сұрап, ерікті еншілес болып еді. Қазақ халқының бір мақалы бар ғой — «алғашқы қонақ кейінгіге орын босатады» деген. Сол ата-бабамыздың осы бір кесімін әділ айтылған десек, Керей атам баласы Қараменденің ұрпағынада, Қаракесекке де кенже келіп іргесін тигізген еншілесі ғой. Жол Жобалай ұрпағынікі болуға ылайық — деп үлкен бір шежірені сөйлеп етті. Жақаңның сөзін той төрешілері де, көкпаршылары да мақұлдады.

Көкпар Керей жігітіне беріліп, Тобықты жігіттері сайланып мінген саңлақтарымен көкпар қууға шықты. Алғашқы қабылданған тәртіппен, екі топтан торт жігіт шығып, бірі көкпарды алып, басқалары ат сынасып, әдіс өнерін көрсетті. Бұдан кейінгі жол Тобықты атаға берілді. Көкпар сайысы он шақты ырыммен аяқталып, тойдың думаны айқай-шусыз әдемі аяқталды. Енді біразда той коммиссиясы өздерінің бәйгі беру шешімін келісіп топ алдыңа шықты. Комиссияның өзара шешімі бойынша бәйгені жариялау губернадан келген жас уәкіл Мұхтарға тапсырылды. Комиссия тобының алдыңа шығып, жазық маңдай жарқын сипатты Мұхтар мына сияқты қуанышты мәжілісте өзі сүйсінген сөзін сабырмен бастайтын әдетімен:

— Той маңызы жеткілікті түсіндірілген болар. Оған тоқталмаспыз. Осы бір тарихи тойда оза шауып, ойнақтай орғып, бәйгі алған саңлақтарға бүгін жүлделерін тапсырмақпыз. Алдымен ат бәйгесін аталық. «Ер қанаты — ат» деп халқымыз тұлпарын ерімен қатар атаған ғой — деп сексен саңлақты серпінімен сескендіріп, серпінінен құйын тұрғызып топ жарған Құла саңлаққа бірінші бәйгі. Екінші бәйгі Қотанбұлақтан келген Шалқардың көк аты мен Теміршінің Дөңмаңдайына, үшінші бәйгі Көлжанқараға, төртінші бәйгі — Кербедеуге — деп, басқа аттарды да шұбырта атап өтті. Аттар бәйгісі беріліп, ел дуылы сейіле бергенде балуандар бәйгесі аталды.

Бас балуан бәйгесін алған Әшірбек алшаң басып, Ағыбай аулының тобына келгенде желөкпе Дүйсен:

— Ардақты батыр атаң Ағыбайдың аруағы әрқашан жар болсын, — деп орнынан атып тұрып Әшірбекті құшақтап құшырлана сүйді.

Ән мен өнер бәйгесіне кезек келгенде, Мұхтар бағанағыдан да шешіле сөйлеп:

Халқымыздың өнерінің өрісі өрге басар дәуіріне келіп тұрмыз. Кешегі үнін естіген, ойынын көрген өнерпаздарыңыз, орталарындағы ойнақы серілерің. Олар күні бүгінге дейін ауыл арасының той-томалағының әнші-күйшісі, көңіл көтерер ермегі болса, енді олардың үні мен ойыны жалпақ халық игілігі болар күн жетті. Қалаларымызда сауық, сахналары шымылдығын аша бастады, Сол сахналардың төрінен орын алар өнерпаздар осылардағы. Біздің шешім бойынша бірінші бәйге Ғаббас Айтбайұлына беріледі. Екінші бәйге жас әнші Төлепбергенге берілді. Үшінші бәйге Қали Байжанұлына берілді. Әншілердің ішіндегі әншілік өнерінін кенже үнін шырқаған Түсіпбек Елебеқұлына берілді.

Ойын өнерінде ерекше бірі кімді де, сүйкімді де ойын көрсеткен Зарубай мен Ахметке ойын бәйгесінің бірінші жүлдесі, — «сахналық, сәнімен ойнақы мылқау сері ойынын көрсеткен Әбдінің Омарына екінші, қызын ұзатқан Қалибек Қуанышбаевқа үшінші бәйгі берілді, — деп, Аханның қолымен жүлдегерлерге бәйгі бергізіп, ендігі сөзді Әбжан аға айтар, — деп Мұхтар өз орнына барды. Жамбы бәйгесі, салма алу сияқты жеңіл ойын бәйгелерін Әбжан жариялап, той туы ақ үйдің маңдайшасына әкеліп сүйелді.

Әрбір болыстан келген тойшылар тобы кезегімен той комиссиясына алғысын айтып қош айтысты. Той тарқап, тойды басқарған комиссия қорытындысын келесі күнге қалдырын, ендігі кешті демалыс етті.

Көл басындағы үйлеріне келіп Жақсылық пен Мұхтар да күндізгі жүрістен ауырлаған бойларын жиып, дем алуға кірісті. Ел орынға отырар шақта Мұхтар:

— Жақа, мына көлді жағалап біраз сейіл етелік, — деп Жақанды ертіп далаға, қол жиегіне бет алды. Аспаннан төнген ай сәулесіне төсін кере айнадай жарқыраған Шортанды көлінің бетінде кешкі самалдың екпінімен толқын үйіріледі. Айнала көк бұйра қарағайға бөленген асқар шындардың суреті де қол суына сүңгіп тұрғандай кестелейді.

Осындай әсем көрініске қызыға, көлдің асқарды етектеген кенересіне қарай бет ала жүріп Мұхтар:

— Жақа, сіз сонау бір ұйымыңыз жайында айтпай қойдыңыз ғой, — деп Мұхтар мынау мамық түнде бір өзекті әңгіме тыңдағысы келген сыр білдірді.

— Иә, мен оны айтпай, бой тартайын деп жүргенім жоқ. Мәжілістен мәжіліске көшіп реті де келе қойған жоқ. Және ондай әңгімені айтуға осындай оңашалық та керек қой. Міне, айтатын сәті келді, — деп Жақан да Мұхтармен қатарласа бір тас кенереге жайғаса отырды:

— Біз бір әкеден төрт ағайынды болатынбыз. Төленнің төрт шоқпары сонан атанғанбыз. Тепсек темір үзердей қайратты да, таланты да болдық. Бірақ, табыс өнімсіз. Тар заман. Кедейшілік ыңыршағы иықты жауырлап жан қинаудамыз. Өзің білесің, Семей шәһәрі ол кезде өндірісі аз, пайда кәсіпке тапшы ғой. Тек, жаз айларында жүн жуатын жер біраз істейді. Онан басқа кірпіш құятын ұсақ кәсіптер бар. Ал, мына жатақ жақтағы байлардың тері жинаған андай-мұндай кәсіптері де өнімсіз. Менің қолымның етікшілік өнері бар. Ал, басқа інілерім тек қара жұмыс істейді. Тері жинаған, қасап жасайтын саудегерлерге жалданған інілерім ылғи зар қағып, ақыларына қолдары жетпей мұқтаждыққа ұшыраймыз да отырамыз. Сәудегер байлардың еңбек қанаған ептілік жаламырлығына іш қазандай қайнайды, қолдан келері жоқ.

1916 жылдың көктемі. «Томнан жұмысқа кісі жинайтын подретшік келіпті» деген хабар дүңк ете түсті. Соның кісі алатын жерін тауып, төртеуміз де соған жалданып жүріп кеттік. Сол жылғы майдан жұмысына кісі алғанда, біз сол Томда болып жанымыз қалды. Біздің барған жұмысымыз — тас көмір қазатын көмір шахтасы екен.

Сол шахтада бізден бұрын көптен істеп жүрген орыс жұмысшылары бар екен. Солармен бір барақта болып, таныса бастадық. Әсіресе ішкі Ресейден келген бір қарт жұмысшы болды. Ол кісіні сондағы жұмысшылар да дядя Семен дейді екен. Біз де солай атап кеттік. Сол кісі патшаның соғысқа айдап, халықтың қансыратып қырғанын, ұлықтардың әділетсіздігін, байлардың қанаушы қанішерлігін айтып, теңдік көксейді. «Сөз жоқ, бір арпалыс болады. Мына бізді қанап, қара бараққа малша иіріп, табан ақы, маңдай терімізді жеген байлар сазайын тартар күн алда» дейді. «Мына ашынған жұмысшы табы бір бүлік жасайды» деп құлшынады. Біз оны жете түсіне бермейміз. Бар ойлайтынымыз байлардан тендік алсақ дейміз.

1917 жылдың басында патша орнынан түсіп хұррият болды. Біз де босап елге қайтар болдық. Сонау дядя Семен:

— Мынау патша түскен бастамасы, күресі алда. Сендер сияқты бұратана елге ояну, қайратты күрес керек — деді.

Біз елге келдік. Патша орнынан түскенімен байлар қаз қалпында. Хұррият деген даңғаза шабуыл. Ал, байлар, саудегерлер сауданы бұрынғыдан да дүрілдете түсіпті. Және ұлт бостандығы деп гу-гу етеді. «Жазған құлға шаршау жоқ» деген емес пе, мен баяғы өз кәсібіме етікшілік еңбегіме кірістім. Бостандық дүмпуінен туған ерікті еңбек артелі деп етікшілер артелін ұйымдастырдық. Мен өзім сол артельді бастауыш ұйымдастырушының бірі болдым. Артельдің қолы қысқа, жабдық қоры жоқ. Тағы да Семей жақтағы былғары заводының байына, бергі жақтағы оған беделі бар тері беріп тұратын Жанқаралыға бағынышты болдық. Тағы да іш қазандай қайнайды.

Дуылдақ, ала сапыран кез. Ендігі үкімет билігі — жұмысшы, солдат, кедейлер қолында болады, деп, арғы жақ, бергі жақтың кедейлері мен жұмысшылары жиналыс жасап күреске шақырды. Мінбеге шығып сөйлеген майданнан қайтқан солдаттар уәкілі, «кедейлер, жұмысшылар ұйымдасуы керек. Онсыз болмайды» деп ұран тастады. Анадағы дядя Семеннің айтқаны айқын дала түскендей болды. Сонан, қойшы, етікшілер тобынан кедейлер ұйымын топтауды қолға алдым. Маған осы ойымды бастауыма Семейдің Затон жағындағы большевик үгітшілері ой салды. Ұйымға ат қоюға келгенде менің есіме, қыртысы қалың былғары көнін суға салып жібітіп, төске салып балғалап жұмсату әдісі түсіп «Жұмсат» деп атадым. Ондағы ойым үстемдік істеуші, еңбек қанаушы байларды жұдырықпен, күшпен жұмсатсақ деген ойдан туды. Ойымның тәртібі, жұмыс жолы жөнінде өзіміздің білгенімізше жазған болдық.

Мен бой тасалап өз еліме қырға шығып жасырынып жүрдім. Бірақ, ел арасында теңдік, бостандық, таптық күрес деген ұранды тоқтатпадым. Сонан қала жағы тиышталды деп есітіп, Семейге келіп едім, менің үстімнен өзіміздің елдің Семейге байланысты байлары «кедей большевик, үгіт жүргізді» деп шағым жазыпты. Семейде мені тағы ұстады. Тергеу жүргізіп жатқанда Колчак, Анненков басқыншылары қашып, қызылдар келді. Бізді тұтқыннан босатты. Біздің бір арқа сүйеп, ақылшы болған кісіміз семинарияның оқытушысы Құлжанов еді. Ол кісіні ақтар Семейден қашарда атып кетіпті. Қысқаша менің саяси күресім осылай болған. Совет келіп орнағалы ылғи жауапты қызметтемін, — деп Жақаң әңгімесін аяқтағанда, терең ой толғанысында отырған Мұхтар:

— Мына сияқты батыр білек, батыл жүрекке, білім, ғылым ұласса не істер еді. Қайран қараңғылық, халқымызды сан саңлағына сан соқтырдың-ау, — деп орнынан тұрды.

Жарық айлы, жанға жайлы маужыраған жаз түні, айнала аспан меңзеген асқар шындар, толқынын үйіріп шалқалаған айдың қол әсем көрінісімен, көкжиегі көкшіл буымен мұнартып жібек желмен желпіп дала ұйқыға кеткен.

Ертеңіне ел тұра той басқарған комиссия бас қосып, тойдың мәжілісі қалай өткенін қорытты. Тойдың ойдағыдай қызықты, тәртіпті еткенін атап, губірнадан келген уәкілдер, жергілікті азаматтарға, әсіресе Тәтімов бастаған жігіттерге алғыс айтты. Сол күні Жақсылық пен Мұхтар екеуі қаланың өзінен дайындалған үкі ат жеккен күймелі пәуескеге мініп Семейге тартты.

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

I

Той думаны дұрыс өтіп, үйез мекемелері күнделік қызметтеріне кірісті. Той үстінде тәртіпші болып, ызғарымен, әскери айбынымен басқара білген Мұқаметқалидың беделі үйез азаматтары алдыңда біраз көтеріліп қалды. Сонау бір өткінші бандының ойранынан кейін біраз басылып қалған жергілікті белсенді жігіттер Мұқаметқали сияқты майдан кешкен жауынгер жетекшілік етіп, өздеріне ағалық еткеніне біраз белденіп, рухтана жұмыстарында белсенділік лебі сезіле бастады. Олардың Мұқаметқалиға арқа сүйей, оның майдан жорығындағы ерлігін мадақтай, мына той кезіндегі басшылығын сүйсіне соз еткені қаланың байырғы қаратаяқ атанатын оқыған сымақтарына шаншудай сезінді. Таласбайдың тау соғар Садығы, Дарынбектің Молдашы Мұқаметқалиды қаралау, ақсату әрекетін іздестіруде болды.

Садық сол кезде үйездегі заң жұмысын басқаратын. Ол өзінің орысша сауаттылығын өлшеусіз білімдарлық деп санайтын. Ал сауаты аз, қаратабан, бытырақ Тәтімовтің «майданда қызыл командир болды» деп абырой-атаққа ие болып, үстем жүргеніне іші күйеді. Бірақ оның абыройына нұқсан келтірерлік дәлелдер жоқ. Сонау бір Шұбартау, Дағанды болыстарында мылтық жинау кезіндегі атыста кісі өлімі болғаны бар-ды. Садықтың қолында ол туралы бір ғана сауатсыздау жазылған арызнама бар-ды. Ал, зерттеліп жазылған толық мәлімет жоқ. Сол бір айқас жөніндегі барлық жинақталған дәлелдемелер, үйездік әскери бөлімде, үйездік құпия мекемеде, оны сұрап алуға Садықтың батылы бара бермейді. Оның өзінше ойлап тапқаны, қолындағы арызды негіз етіп, сол уақиғаның болған жеріне яки анау киықтың атылған жеріне сол елге анықтама жүргізуге адам аттандыру болды. Мұның бәрін ол құпия, басқа бір тергеу ісі деген атпен, өзінің ондайға жұмсайтын қолқанаты Саудабайдың Сәрсенің аттандырды.

Тап тартысының табан астынан құрылған қақпанына Мұқаметқалидың сезігі болған жоқ. Ол өзіне осы Қарқаралыға келгелі тапсырылған бір-екі сынды жұмысты дұрыс атқарып ел алдыңда, үкімет мекемелерінде беделі көтерілгенге қанағаттанып, өз жұмысына яки әскери жетекшілік ісіне кірісіп кеткен.

Той басқару ісіне араласқалы, үйездегі ел ішінен жиналған әскери қару-жарақтың қоймасына бара алған жоқ-ты. Соны бір қарап шығуға қару-жарақ қоймасына келді. Осы қойманы аралап жүргенде ауыл аңшыларынан алынған ескі-құсқы мылтықтар да көзіне түсті. Оның ойына анадағы Түсіп мергеннің «ақ шитім, Малғараның Құсайыны» деген зарлы үні түсе кетті. Мынау қоқыған көп мылтықтың ішінен Түсіптің шитісін қайдан таниды, қалай табады. Оны таптырудың төте жолы — ана Малғараның Құсайының тауып алу. Соған алған мылтығын таптыру болды.

Ол түскі шайға үйге келгенде Шәмел де үйінде екен. Бұл қаланың адамдарын сұраса болды, құлағынан тізіп береді. Осы Шәмел арқылы Құсайынды таптыруға шешкен Мұқаметқали:

— Шәмел, сен Малғараның Құсайынын білесің бе?

— Білгенде қандай. Оның мылтық жинаушы болып істеген неше түрлі бұзақылығын да білем, — деп көзі бадырайып тұрып үлкен шежірені білетін кісі болып сөйледі.

— Ал, сен білсең, осы шайдан кейін, мен қағаз жаздырып берейін, соны тауып маған яки біздің кеңсеге шақырып әкелші, деді.

— Иә, оған қағаз апармаса, жай шақырғанға келмейді. Барып тұрған қырсық. Қағазыңды бергіз, мен оның екі аяғын бір етікке кигізейін, — деп бір тұйғын жігіт бола қалды. Шайдың артынан Мұқаметқали Шәмелді кеңсесіне ертіп келіп, қолына үйездік әскери мекеменің атынан қағаз жазып Құсайынға жіберді. Шәмел Құсайынды үйінен тапты. Қолындағы қағазын ұсынып:

— Сізді үйездік әскер бөлімінің бастығы шақырады. Менімен жүріңіз.

— Өзің маған повестке әкелген кісіше, «менімен жүріңіз» деп дігірлеп тұрсың ғой. Ана бір Семейден келген комиссар үйіңе тұрыпты деп естіп ем. Соның буы ма. Шырағым, дігірлеме, тұра тұр. Неге шақырады мені. Ұрлығым жоқ, өтірігім жоқ. Үкіметке ел ішінен тығынды әскери қаруды тауып бергеннен басқа, — деп өзінің мылтық жинаған қызметін көтермелей жосыды. Осы жерде ІІІәмелдің ойына да қулық келе қалып:

— Сіздің сол тығынды қару-жарақты тапқандағы қызметіңізге әскери орын ырза көрінеді. Тағы да сізді сондай бір тығындыны табуға жібермек болса керек, — деп ойынан өтірікті қосып жіберді.

— Қашан болсын, біздің Қарқаралы азаматтары қиын-қыстауға мені жұмсайды. Тағы қайда жібермек екен, деп Құсайын іле киініп Шәмелге ерді.

Құсайын мен Шәмел келгенде Мұқаметқали бір-екі әскери адамдармен бір жұмыстарды қарап отыр екен. Бұл екеуі біраз тосып қалды. Көрініс берген Шәмелді көзі шалған Мұқаметқали ана екі адамды жөнелтіп Құсайын мен Шәмелді шақырып алды.

— Малғараев Құсайын сіз боласыз ба?

— Иә, мен едім.

— Сіз болсаңыз, шақыртқан үйездік әскери жұмыстың жетекшісі Тәтімов мен болам, Сіз мына Дегелең, Ақбота, Дастар, Бөрілі еліне шығып мылтық жинадыңыз ба?

— Иә, үйезден уәкіл болып барып жинап едім.

— Сені мылтық жинауға уәкіл етіп шығарып жүрген кім? — деп Мұқаметқали Құсайынға сұрғылт көзі қанталай қарады.

— Мені үйездік милиция нәшәлнігі шығарған — деді Құсайын үні дірілдеп әрең шығып.

— Иә, оны тексеріп табамыз. Қазір мына Шәмелді қасыңа ертем. Ана мылтық қоймасына Түсіп мергеннен тартып алған ақ шитіні табасың. Дегелең тауындағы атақты Жаяу Түсіп деген мергеннің мылтығымен бала-шағасын асырап отырған жазықсыздығына қарамастан тартып алғаның рас қой, — дегенде Құсайын жерге кіріп кете жаздады. Оның қоз алдынан Түсіптің «шырағым, өзіңнің де бала-шағаң бар шығар. Мына Қызыл қарын балаларды осы мылтықтың демімен асырап отырмын. Бұл соғыс мылтығы емес, қоян, құс ататын шиті ғой. Тастап кет» деп көзіне жас алғаны елестеп кетті. Сонда қайырылмастан, оқ-дәрісімен ақ шитіні алып үйден шыға бергенде, «ақ мылтығымды сіңірте қоймаспын» деп Түсіптің қатулана айтқан сөзі осы жерде құлағына естіліп тұрғандай болды.

— Табылса іздеймін, осында әкеліп тапсырғанмын — деп Құсайын Шәмелге еріп сыртқа шыққанда:

— Сен мені алдадың. Әлгі біреуің әзірейіл ғой. Өзінің көзі өңменімнен өтіп есімді шығарып жіберді — деп, мылтық қоймасына қарай сипаңдай аяндады. Оған Шәмел жауап қайырған жоқ. Үндемей, тек еріп келеді. Мылтық, қару-жарақ қоймасына келгенде, қоймашы рұқсат қағаз сұрады. Кімнің, не үшін келіп тұрғанын Шәмел түсіндіріп, жіберген кісі Тәтімов дегенде қоймашы:

— Онда рұқсат, — деп ішке кіргізді.

Өзі сонау Бауыр1 еліндегі бірнеше болыстан жинаған ұсақ-түйек мылтықты әкеліп тапсырғанда, қойған жерін жаңылмаған екен. Тура тауып ақтарғанда, әлденеше шиті жалғыз оқты мылтықтар шықты. Түсіптің үйінен ақ мылтықты алғанда қайыс бауының мылтық сабауымен дүміне тіркеген жеріндегі сары жез шығыршық көзіне түскен-ді. Соны есіне алып, бірінің үстіне бірін тастай салған мылтықтардың арасынан ақ шитіні тани кетті.

— Осы бір жез белбеу сары шығыршық соның мылтығында көзіме түскен, — деп ақ шитіні қолына алып Шәмелге ұсынды. Мылтық ұстауға қызығып тұратын, Шәмел, сол жердің өзінде-ақ ақ шитіні бауынан мойнына асынып, мылтықтың сирағын сорайтып сыртқа шықты.

Мылтықты алып Мұқаметқалиға әкеліп көрсеткенде, ол да тани кетті. Сонада бір тауда сиыр бағып жүргенінде Түсіптің мойнынан көріп, қолымен сипалап тамашаланғанда қызыға ұстаған ақ шитінің бауындағы сары жез шығыршықты тани кетті.

— Тапқаның жақсы болды. Егер табылмағанда сіз де мылтықпен бірге жоғалатын едіңіз. Саған ешбір үйез бастығы елдің құс, қоян ататын мылтығын жина деп айтпайды. «Шаш ал десе, бас алып» сендер сияқты ала өкпе, қазанбұзарлар, елді үркітіп, шу шығарып жүретін. Сендер сияқтының сойқанынан «қызылдар, коммунистер бұзақы» деп жаманатқа таңады. «Совет жолы, партия жолы, елді үркіту емес, елге тыныштық орнату. Әділдік көрсету. Кедей, батыраққа ана Түсіп сияқты жанды жанымен асыраған жаяу мергенге көмектесу» деп Мұқаметқали Құсайынға жер-жебіріне жете зекіп, — «Боссың, бар. Бірақ, әлі де тексерілесің», — деп қоя берді.

Құсайын мылтығын тауып беріп босағанымен, бір аяғы көрде, бір аяғы жердегі адамша сенделе басып шықты. «Әлі де тексерілесің» деген сөз көк желкесінен құрыштай салалы саусақтар бүрістіре қысып тұрғандай болды.

Түсіптің мылтығын тапты. Енді оның қолына қалай тигізеді. Сонау екі жүз шақырым Дегелең тауынан мына Қарқаралыға жаяу Түсіп қалай жетеді? Өзінің ол жаққа бара қоярлықтай орайы көрінбейді. Осындай оймен ақ шитіні өзінің кеңсесіндегі бір қаға беріс бұрышқа тасалап қойды да, қызметіне кірісіп кетті.

Мұқаметқали түскі шайды ылғи үйден келіп ішетін. Кейінгі күндерде үй иесі әйелдің рұхсатымен шайды сол үйдің жасөспірім қызы Шәкітай жасап құйып беріп қызмет етіп жүрді. Сол әдетімен шайды әзірлеп жергеп Шәкітай күлімсіреп келіп:

— Ағай, сізге бір қыр адамы келіп тұр. Кіруге рұқсат сұрайды, деп жауап күтті.

— Келсін — деп Мұқаметқали, өзіне арнап іздеп келген адамды қарсы алды. Көптен ел ішінде болмаған Мұқаметқали тосаңсып қалған екен. Ә дегенде салқын амандасып, жөн сұрады. Мен Дегелең Болаткомының хатшысы Қайролла Байболовтың жолдасы едім. Атым Жағыпар. Біз осы қалаға қызмет жайымен кеше келіп едік. Сіздің анаңыз Мәрзия шешей сізге мына хатты беріп жіберді деп, бүктеулі кішкене қағазды ұсынды. Мұқаметқали қазақша жазылған хатты танымады. Тек жазып көрді де, қалтасына салды. Хатты әкеліп тапсырған жігіт хош айтарда Мұқаметқали:

— Сен ертең маған жолығып кет, — деді.

Ол жігіт кетісімен Шәмел де келді. Хатты Мұқаметқали Шәмелге беріп оқытты. Хатты алдымен өзі жаттыға оқып алып, Мұқаметқалиға:

— Мына хатты шешен жазыпты. Әкеңнің тірі күнінде саған атастырған келіні бар екен. Соны келіп үйіме келін етіп түсіріп берсін. Әкесінің ақ батасын бұзбасын. Ана құдамыз кісі салып отыр, «немене, баласы төре болған соң олқысынып жүр ме? Үйіне келеді. Олай етеді, бұлай етеді. Бізді жан бар, айттырған қалындық, қайным бар демей жүр», деп өкпе айтыпты — деп жазыпты, — деп хат жайын айтып шықты. Мұқаметқали ана бір жылы ауылға келіп қайтқанын, әкесінің: «шырағым, аман жүр. Бірақ, мен ақ тілеу етіп, бір адамға қарғыбау беріп, жіп тағып қойдым. Баласы жетіп келе жатыр. Құдай атымен атастым. Мені екі сөйлетпе» деп айтқаны бар-ды. Осы сөз көкірегіне орала кетті. Әкесінің оны айтқан кезі, сонау бір Омбыдағы қымызшының қызына құлай беріліп, жалындай сүйісіп, жанынан кеше Омбы мырзаларымен күреске шыққан күндердің кезі еді. Мұқаметқали әкесіне тіл қатпаған. Өйткені бар ықыласы ана қызда болатын. Сол бір сүйген қызы дертке шалдығып, көп тұрмай өлген-ді. Ол қайтқалы Мұқаметқали үйлену мәселесін елемей, майданнан майданға аттанып ат үстінде өмір кешіп жүрген. Мына хатты қолына алғанда оның көз алдыңа ағалап шай құйып беріп отырған қараторы жасөспірім қыздың күлімдеген көзі тағы бір жарқ етті. Ол осы қыздың кешегі той үстінде сәнді топқа өз талабымен кіріп танытқан алғырлығын сүйсіне есіне алды. Анау әке атастырған қыз қандай екен? Әй, ол кәдуілгі салпы етек ауыл қызы ғой. Біздің тақыр жерге қарап отырған әкейді тең көріп, кім кәмелетке келген саңлақ қызын келіндікке ұйғарды дейсің. Ол осы ретте өзі білетін ауыл жігіттерінің қалың беріп әйел алған өмірлерін есіне түсірді. Жоқ, ол болмас, аз да болса қала өмірін көрген, тәртіп-тәрбиесі бар серік керек деп шай құйып отырған қараторы қызға көзінің қиығын тастады.

Анада бір шай ішіп отырғанда балалары жайынан сөз бастап үй иесі әйел жәй-жапсарларын айтқан. Сондағы арман ете айтқаны:

— Мына Шәмелім үй ішіндегі бас көтерер азаматымыз ғой. Ілгері оқуына жағдайымыз болмады. Мына екі әйел балам қазақша мектепте оқып жүр. Орысшаға түсіруге қолымыздан келмеді. Ең кішкене ер балалар оқып болып жүр, — деп Шәкітайдың оқып жүргенін де айтқан. Мектеп қору деген, өмірге азық жинап қарулану деген ғой. Сауаты да бар — деп өз ішінен ол жағын да есептеп қойды. Бірақ, қыз әлі жасандау.

Ертеңіне кешегі уәде бойынша Жағыпар күлімдей жетіп келді. Жағыпардың бір мінезі ақкөңіл, уәдешіл және аты шығып қызмет етіп журген азамат аттыға танысқанды ерекше жақсы көретін. Кеше көріп танысты. Бүгінгі келуінде ол еркіндей келді.

— Мұқа, мен келдім. Біз ертең қайтамыз. Ана шешейге не айтамыз? Ол кісі маған жауабын әкел, деп тапсырған-ды, — деп өзінің Мәрзия апаймен таныстығын да айтып қойды.

— Менің саған кел дегенім, мен де шешеме сәлем айтайын дегенім еді. Ол кісіге айт, алан болмасын. Аман болсам өзім барамын.

Түсіптің мылтығын айтқанда Жағыпар: — Мұқа-ай, жолыңыз болсын. Ол сорлы мүлде құр қол сорлап қалып еді. Апарғанда қандай, қуанып апарам, деп Жағыпар қуана қабыл алды.

II

Анау сұмдігер Құсайын Мұқаметқалиға мөлтеңдеп бас ие айыбын мойындағанмен, үйіне келгеннен кейін сілімтік жалақор өсекшілдік бір қулық ойлады. «Мына Тәтімов әлі де тексеру жүргізіп, менің үстімен тергеу аштырар. Оған қарсы арыз жазып алдың алайын. Мына қоймаға әкелінген мылтық сайманның қай-қайсысы болсын сақтық үшін ел қолынан алынған қару-жарақ. Оны ешкімнің сақтау орнынан актсыз алуға хақысы жоқ. Ал, Тәтімов болса ана жалғыз шитіні өз бетімен заңсыз алдырып отыр. Осыны заң орнына жазып беріп көрейін» — деп, өзінің шала сауатты қолымен арыз жазып Садыққа әкеліп ұсынды. Садықтың көктен тілегені жерден табылғандай жымыңдай қабыл алды.

— Өзі жалғыз оқпен атылатын мылтық, болса, барып тұрған әскери қару ғой.

— Жазылған акт, мылтық иесінің арызы, иелік белгісі болған жоқ па? — заңдылық жағын тексере сұрап арызды анадағы арызға қосып, Құсайынға жүре бер деді. Құсайын шығуға ыңғайланып орнынан тұра:

— Сізге айтар бір тілегім, егерде мені ана Тәтімов жауапқа тартса, бейкүнә күймейін, заң жолымен көмектесіңіз, — деді.

— Сен оған алаң болма. Оның үстінен мынадан да үлкен арыз бар. Ол бұзақы, заң қармағынан қайда барады. Қайта ол туралы білгенің болса тағы жазып әкеліп тұр — деп дем берді. Өзі жалақор, арызқұмар Құсайынға мына заң бастығының кейінгі сөзі мүлдем бел болып егдейіп үйіне келді.

Осы бір әредікте Мұқаметқалиға, Семейдің гүберналық әскери бөлімінен тездеткен шақыру қағаз келді. Қағаздың мазмұнына қарағанда Қызыл Армияның жас жауынгерлерін дайындау, олардың жаңа уставтары ұлт республикаларында қалай жүргізілуі керек, осы жөнінде гүбернада өткізілмек мәжіліске шақырған. Қағазды алысымен Мұқаметқали Семейге жүріп кетті. Мұқаметқалидың мына сияқты шұғылынан шақырылып кетуін Садықтар неше саққа жүгіртті. «Анадағы Дағандыдан атқан кісі туралы болса керек. Өзі майданда бұзақылық істеген дей ме, немене!» деп Құсайын тәрізді қу ауыздар үйме үй кіріп өсек таратуда болды. Бірақ, ондай орынсыз өсек кең өріс ала қойған жоқ.

Мұқаметқали гүбернада бірнеше күн болып, әскери тәртіптің жаңа нұсқау хатын алып, гүберналық әскери бөлімінің ішкі жаңалықтарына жете танысып, Қарқаралыға қайта бет алды. Ол осы қайтқан бетінде ауылға соға жүруге шешіп, «Майлықара» бекетінен бұрылып, ылаулап ауылына келді. Баласынын келуін аңсап күтіп отырған Мәрзия қуана, құштарлана қарсы алып, мәз-мейрам болды.

Мұқаметқалидың хабарын естісімен-ақ шитіні мойнына асынып Түсіп мерген де жетті. Алғыстан алғыс жаудырып, өзінің басынан ұшқан бағы қайта қонғандай қуанышын ақтара келді.

Амандаса, әңгімелесе келген ауыл адамдарының аяғы сейіле берген бір сәтте Мәрзия үлкен баласы Байғалиды қасына алып:

— Мұқаметқали, шырағым, сен әкеңнің қайтыс болған кезінде үйде бола алмадың. Сол әкеңнің ағаң екеумізге тапсырған өсиеті бар. Ана жолы айта алмадық. Соны айтатын кезі келіп отыр. Ана әкең марқұм көзі тірісінде ақ тілеу етіп көршілес Бекмырза атанатын ағайындас елдің ішіндегі бірі момын адамның қызына құда түсіп, саған атастырып қойған. Сол құданың қызы балғындай өсіп, бой жетіп қалды. Сен Қарқаралыға бара жатып келгеніңді естіп, құданың өзі де келіп кетті. «Балаң келіпті, естуім өзі төре дейді. Ауылға айланар түрі бар ма, жоқ, сол далаға үйренген бетімен далаңдап жүретін қаңғыбас па екен. Соны білейін деп едім. Ана Тәтеңнің құдай атын атап айтқан құдалығы бар еді. Соны күтіп отыра береміз бе?» деп ауырлата сөз айтты. Мен оған өзіңе сөйлеспей ешнәрсе айта алмадым. Әкеңнің ақ тілеуін бұзба. Түзде жүруің жетті ғой, маған келінімді отымның басына әкеліп бер, — деп шешесі бұйыра сөйледі. Мұқаметқали жымия қарап:

— Мен үйленем, қыз айттырыңдар, деп сіздерге айтқаным жоқ. Қалыңға беретін сіздерде мал жоқ екенін білмеймін бе? Неге олай асығып, біреудің баласының басын байлап әуреледіңдер. Қазір құда болып, қыз айттырып қалыңмал беру совет заңына қайшы. Ол әсіресе мен сияқты партия жолындағы адамға үйлеспейді, — деп бойын қашыққа сала сөйледі.

— Қалыңмалды сен берген жоқсың, әкең, берді ғой. Енді оған ешкім де мал бермейді. Ол құда да мал сұрап отырған жоқ. «Атастырған келініңді ал» деп бізге өзі айтып отыр. Шырағым, мына шешенді жылатпа. Атастырған қалыңдығыңды ал! — деп аз сөзді Байғали күңкілдей сөйледі.

— Байеке, сіз де шешеме қосылып ал деп әмір етесіз. Мен ол келіндеріңізді көргенім жоқ. Қандай адам екенін білмеймін. Мен мына қырға келіп сіздердің қолдарында тұрам деп ойламаймын. Менің қызметім қалаға байланысты. Маған қала тұрмысынан хабары бар адам серік болады. Мен әлі әскерден босағам жоқ. Сіздерге атастырған келін керек шығар. Мені үкімет қайда жұмсаса сонда кетем. Ол маған серік бола ала ма? Оны неге ойламайсыздар? — деп өзінің Қарқаралыда тұрған үйіндегі қараторы жасөспірім қызға ауған көңілін есіне алды. Бірақ, ол сырын шешесі мен ағасына ашпады.

— Әке батасын ақтамағаның ба? — деп Мәрзия еңіреп жылап жіберді.

— Апа, сіз налымаңыз. Мен өзімнің шынымды айтып отырмын. Ал, әке тілеуі десеңіз, менен басқа да баласы бар ғой. Ана Мұсағалиға алып беріңіз. Мені қинамаңыз, — деп Мұқаметқали түсін суыта, күдер үздіре сөйледі.

— Құдаға біз не деп айта аламыз. Қызыңызды Мұқаметқали алмайды, інісіне бер дегенге ол көне ме. Оның да намысы бар. Қызын көрмей неге безіп отырсың. Әлде Қарқаралыда алып қойған әйелің бар ма? Бұл қалай? — деп Байғали інісін тергей бастады.

— Жоқ, Байеке. Мен ешкімге де үйленгенім жоқ. Айттым ғой, мен әскери адаммын. Менің билігім партияның, әскери комиссариатының қолында, — деп түңілте шынын айтты. Осылай үй-іші болып ұғыса алмай, біріне-бірі томсара қарап отырғанда сырттан аһлай-уһлеп Тәтібала кемпір келіп кірді.

— Уа, жұрағатым, қуат қылар азаматым, аман-сау жүрсің бе? Анада іздеп келіп орныңды сипалап қалдым ғой. Кеше осы сіздің өлкеге келіп қайтқан Тетебайдан сенің келгенінді естіп жеткенім осы болды — деп келе барлық жай-күйін айтып, көңілдегі шерлі арманын шерге берді.

— Аяулы апай, дем алыңыз. Мына Семейден келе жатып ауылға бөгелдім. Бірлі-жарым күн осында болам. Асықпай шәй-пұй ішіп бой жинаңыз, — деп Мұқаметқали қарт апайына кішілік көрсетіп жатыр.

Бәрін айтып тынбай дем алатын Тәтібала бар ма:

— Мен көкейдегі шерімді айтсам дем алам. Ал, оны айтпай отырсам булығып, құрыстанып мүлде мазам кетеді, — деп айтар арманын қозғай жөнелді: — Ана қанды шелек Жақсыбай сұм анада сен Қарқаралыға бара жатыр дегенді естісімен Семейге көшіп жоғалды. Оны Семейге қашырып жіберіп түк көрмегенсіп отырған Әбен қара жүрек тып-тыныш жанға жазығы жоқ кісі болып жатыр. Жалғызым Қондыжанның өлімінен де маған қазіргі істеп отырғаны батып тұр, — деп көзіне жас алды.

— Сізге енді не істе дейді? — деген Мұқаметқали сұрағына:

— Шырағым-ау, не істеді дерің бар ма. Олар қайдағы пәлені таппайды. Қондыжан өзіңе мәлім бір орыс қызын мұсылман дініне кіргізіп үйленген ғой. Сол келінім Еленажан бір өнерлі адам ғой. Ол Қондыжанның бастауымен біздің қыстаудың маңын егістік екті ғой. Егіс болғанда астық емес, неше түрлі жеміс. Өзгесі былай тұрсын, темекі егіп, осы айналадағы елдің насыбайшыларын қарық қылды емес пе. Сол келінім былтыр күзде атасымен екеуі қала барып, тағы бір неше жемістің тұқымын әкелген. Мен оларының атын да қоп біле бермеймін. Әлгі жуа, сарымсақ, картешке, тағы бір сиыр құйымшақ қызыл бөртпесі бар. Соларды егуге арыққа жақын, топырағы жағымды жер керек екен. Ал, өзіміздің кішкене көгал, темекіден аспады. Аналарды суға жақын айқай жиегіне бос тұрған аландарды дөңгелете күрекпен, кетпенмен аударып әлгі жемістерін екті. Ол арықты жиегіне біреу ие болар, оны қориды, деген ойымыз жоқ-ты. Бір күні Әбеннің інісі Сәбен қасында әлгі жалмауыз Жұманбай бар, келіп ақыр салып, ат ойнатты. «Мынау арық менің шабындығым. Егінімді суаруға жүргізген су жолым. Мына арық маңы менің жерім. Сендерге, шошқаның азығын, кәпірлердің жейтін шөбін ек деп кім рұқсат қылды. Діннен безген шоқыншының түтінін өшірмесе, мына өлкені арамдап барады — деп, келініме Жұманбай қамшысын үйіріп, Сәбеңнің аузына келгенін айтып қаһараттағаны Қондыжанымның өлімінен де ауыр болды — деп өксіп жылап жіберді.

Үнсіз тыңдап отырған Мұқаметқали:

— Апай, мен қазір үкімет ісіне кіріскен әкімшілігім жоқ. Әскери жолда жүргендіктен, мына өз үйіме ат үсті соғып өтем. Бірақ, мына сияқты бассыздыққа тойтарыс жасап, жарлы-жақыбайға жәрдем ету әрбір коммунистің міндеті. Мен оларды сескентіп күш жұмсауым жолсыз болады. Бірақ, сіз үшін мен сол өлке бойына ертең атүсті болса да соғайын. Ауыл кеңесті тауып соған тапсырайын. Бірақ, ана Сәбеннің ол жердегі арыққа ие болып жүргені қалай? Оның қонысы ол бұлақтан төмен тау бөктерінде емес пе? — деп зорлықтың жайын білгісі келді.

— Мұқажан, айтып отырған қоныс мөлшеріндегі жорамалың дұп-дұрыс. Біздің үлкен атамыз Жайлымыс деген кісі, сол біз отырған бір тарау өлкені қоныстаған ғой. Сол кісіден тараған бес-алты үй сол сайға иемденіп отыратынбыз. Сол жоғарыда айтқан үлкен атамыздың кенжесі Сәтпай деген кісі бір қалбаңдаған ойсыз адам болған. Өзі кедей. Мына Әбен, Сәбендер Семейден байып келгеннен кейін шабындық, егіндік жер керек етіп, барлық тәуір жерге көз салған емес пе. Сол кезде Сәтпай сорлыны алдап болымсыз шай-пұлға шабындығын бірнеше жылға жалдап алған екен. Сонан тұмсығы кірген соң, үңгілеп, шөбін шауып, азығын алып, бидай, сұлы егіп мүлде бауыр басыпты. Сонан біздің Қондыжан оқып, есін жиып келген соң, үлкен сөз көтеріп, егін салуын тоқаттырған болатын. Енді Қондыжан жоқ. Алдынан шығар, бас көтерер адам қайда, қайтадан тағы ие болып зорлық істеп жүргені ғой — деп барлық жайды айтып шықты.

Тәтібаланың мына жер жайындағы айтқандары Мұқаметқалиға кәдуілгі бай-помещиктердің орыс қара шаруасына істейтін қанаушылығының бейнелерін елестетті. Мына Ұлы революцияның негізгі бір туғызған тендігі — жер-су мәселесі екенін есіне алып, осыны бір ел ішіне үлгі етерліктей түрде сөз етуге ойланды. Ол үшін болаткомге бармай-ақ ауыл кеңестің өзіне шара істеттіруге болады. Тендік жолына қолданған шара ерсілік етпейді деп ойлады.

— Апай, сіз ауылыңызға қайтыңыз. Ауыл кеңесі сол Ұзынбұлақта емес пе? Мен өзім оны таптырып аламын. Мұқаметқали Тәтібаланы үйіне қайтарды.

Мұқаметқалн Тәтібала кетісімен өз аулындағы кеңес мүшесі Ақметқалиды шақыртып алып:

— Сен ертең менімен Ұзынбұлақ өлкесіне барасың. Ауыл кеңес бастығы Өміржан деген екен ғой. Соны қайдан да табатын бол. Бір жаққа кетіп қалмасын деп ерте айтып отырмын Маған ағайындықпен көтермеші болып ермейсің, менің қызмет бабындағы тапсырмамды орындауға ересің, — деп оны да ескертіп қойды.

Мұқаметқали үйінен аттанарда шешесі тағы сөз бастап:

— Шырағым, біз ана құдаға не айтамыз? — деді.

— Апа, мен сіздерге кеше айттым ғой. Мені қинамаңдар. Meн сіздерге бала екенімнен танбаймын. Бірақ, мына ауылда, сіздің қолыңызда үйленіп тұра алмаймын. Менің қызметім, міндетім солай, — деп үзілді-кесілді жауап айтып аттанып кетті. Мұқаметқали Ұзынбұлақ өлкесіне жете Ақметқалиға:

— Ал, сен әлгі ауыл кеңесті тауып ана Қондыбайдың үйіне алып кел. Мен сонда бара берем, — деп жүріп кетті.

Мұқаметқали келгенде Тәтібала Қондыбайы тіріліп келгендей қуанып, шалына, келініне мақтанып жалпылдап жатыр. Мұқаметқали Еленамен орысша сөйлесіп, барлық жай-күйді сұрады. Ол бір аз сөзді, шаруақор момын адам екен. Кешегі Тәтібала апай айтқан жайды баяндап шықты.

Мұқаметқали Еленамен гүл атып тұрған картошке күлтелерінің, сарымсақ сабақтарын, көріп одан темекі алаңына қарай бет алды. Осы кезде Өміржан ауыл кеңесті ертіп Ақметқали да келді.

Иіле сәлемдескен Өміржан, Мұқаметқалидың қанын ішіне тарта түйілген қабағын көріп, зәресі ұшып, тек өзі еріп келген Ақметқалидың қабағына қарай берді.

— Сен Тәтібала кемпірді, Еленаны білесің бе? — деп Мұқаметқали Өміржанға тесірейе қарап. Бұлардың хал-жайымен таныс шығарсың. Осылардың көз жасына неге көңіл бөлмей жүрсін? деп ызғарлана шұйілді. Мұқаметқалидың майдандағы батыл жауынгерлігін сырттан естігені болмаса, жүзбе-жүз тілдесіп көрмеген ұяңдау Өміржан тілі күрмеліп, жүрегі аузына тығыла төмен қарады. Шынында да, Жұманбайдың ат ойнатқан басбұзарлығын естімеген еді. Өміржанды оларға тыйым саларлық қайраты бар деп есептемейтін Тәтібала айтпаған да болатын.

— Мен ондай жайды естіген жоқ едім. Бұл кісілердің жетім-жесір екенін жақсы білем. Ал, ана Сәбеннің мына өлкеге басып кіріп, ие болып жүргенін үлкендерден естігем. Ондайларға тыйым салар бізде қару да, тірек етер қағаз да жоқ. Болатком жағынан жер мәселесі жөнінен ешбір басшылық жоқ, — деп баяу үнмен Өміржан жайлап айтып шықты.

— Иә, әзірше солай да шығар. Орталықтың нұсқау, түсініктері әлі жергілікті көшпелі елге жете алмай жатыр ғой. Мен қызметті Қарқаралыда үйездік әскери бөлімде істеймін. Укомның, үйездік атқару комитетінің, үйездік жер бөлімінін жұмыстарына партия жолымен қатысып отыратын хақым бар. Жесір әйел, жетім кемпірдің жылауымен әдейі жүретін жолымнан бұрылып келдім. Мен саған Қарқаралының үйездік мекемелері атынан өте жауапты тапсырма айтам. Елена кешегі Қондыбайдың жұбайы. Бұлар далаға аз да болса жаңалық лебін әкелген қарлығаштар. Еленаның Қондыбаймен егіп шығарған темекісі, картошкесі бәріңе мәлім ғой. Малдың сүті мен етінен басқаны азық етпеген ауыл кедейлеріне жана өсімдік жемісін егіп үлгі көрсетіп отыр. Соны өрістетудің орнына жауыздық еткендерге тыйым салу керек. Егер тірек етер қағаз керек болса, мен Қарқаралының үйездік жер бөлімінен арнаулы хат жаздырайын. Сен сол хатты алысымен, болыстық жер бөлімімен келісіп, мына Еленаның жеміс егу алаңын ұлғайтуға күш, көлік, құрал жағынан жәрдемдес. Енді арық бойына Сәбендер аяқ басушы болмасын, — деп қайталап айтты.

III

Мұқаметқали Қарқаралыға таянғанда, уақыт күзге айналып, қыр шөптері сарғыш тартып, солтүстіктен салқын жел лебі есті. Анау күні ғана емес пе еді, Қарқаралы қаласының солтүстік шығысын ала тігілген ақ үйлер, әсем киініп асқақтата ән шырқаған қыз-келіншектер мен сылқым жігіттер шеру тартып той-думанын жасағаны. Сол тойдағы ат шабыс, көкпар сайысы, алуан түрлі ойындарды басқарғаны көз алдынан тізіліп өтті. Әсіресе ана ІІІортанды көлінің оңтүстігінен ауыл көшінің салтанатты тобында, қыз-келіншектерге еріп көпке қосыла ән шырқаған жасөспірім Шәкітайдың үні құлағына келіп тұрғандай болды. Осы бір сәтті есіне алғанда, шешесі Мәрзияның «әкеңнің ақ батасын аяғыңа баспа, шырағым. Атастырған қалыңдығыңды ал. Мына менің отымның басын жаңғырт» деген үні саңқылдап естіліп тұрғандай болды. Күні кеше думан болған Жырым өзені, бүгін құлазыған елсіз.

Осындай ойлар толқынына малтығып, Шәмелдің өзінің дәмдес болған үйіне келіп, ылаушысы аттың басын тіреді. Алдынан жүгіріп шыққан кішкене Қаратай:

— Тәте-тәте, Қали келді, әй, өзі мына бір жаңа мылтық тағынып алыпты, — деп ол Мұқаметқалидың гүберналық әскер бөлімінен алып қайтқан жаңа тапаншасын көріп, қолымен ұстап, қабына жармасып жүр.

— Тарт қолыңды, оғы бар шығар, — деп шешесі Бибі бәйбіше, Қаратайға тыйым салды. Шырағым, киімшең балам, аман келдің бе? — деп Бибі әдеттегі сыпайы жылы шырайлы қабақпен күлімдей қарсы алды. Үй иесі әйелдің толық аты Бибі еді. Оны балалары «тәте» дейді екен. Ал, Мұқаметқали алғашқы келіп Шәмел шақыруымен қонақ болғанда «жеңгей», деп амандасып, сол бетімен жеңгей деп жүр.

Үдере жүріп, ат қағып шаршап келген Мұқаметқали шай артынан дем алып, үйде болды. Біраздан Қаратайдан екі класс озық Кәмел мұрны қоңқайып, сидиған арық денесімен баяу басып үйге келіп, Мұқаметқалиға қазақша сәлем берді. Міне мектеп көргендік, тәртіп, бұл бір оқу жолына мойындап алған ізденгіш жан болар-ау, деп ойлады Мұқаметқали Кәмелдің момақан байыпты мінезіне сүйсіне. Онан біразда Шәкітай келіп, шешесіне ашық тұйғын мінезімен:

— Киімшең балаңыз да келіпті ғой, тәте, — деп күлімдей ізетпен Мұқаметқалиға сәлемдесті.

— Қарындасым, қайда оқисыз? — деді Мұқаметқали.

— Мен абыстайдан оқимын, жаңаша оқу, — деп қысқа ғана тыңғылықты жауап берді. Жаңаша оқу жақсы оқу ғой. Онда сауатты екен ғой, — деп іштей бір жана сезім түйді.

— Өзі неше жылдық оқу, тәртібі жаңаша болғанда қандай? — деп Мұқаметқали анықтап түсінгісі келді.

— Өзі төрт жылдық. Онда жаңаша жазу, есеп, әдебиет яки оқу құралдары оқылады. Мен биыл оны бітірем, — деп мақтана тоқтады.

— Онда орысша школға похожы екен ғой — деген сөзді Мұқаметқали орысша қазақшаны араластыра сөйледі.

— Иә, ағай, солай, — ден Шәкітай шешесінің шаруасына көмекке кірісті.

***

Үндемей ойлана тыңдап отырған Мұқаметқали:

— Біз революция солдаты, партия тапсырмасына қашан да әзірміз. Бірақ, мен ол «Қособа» деген жерді, оның елінің қоныс жайымен таныстығым жоқ. Тек маған сол араның жайын білетін, болыстық атқару комитетінің кім екенін білетін сенімді басшы адам керек. Осыны анықтап және бұл жүрісті өте құпия түрде, басқа бір сылтау тауып жүргізу қажет, — деп өз ойын ұсынды.

— Бұл ұсынысыңыз өте дұрыс. Ол жақтың жай-күйін білетін адамды тауып, басшы адам табуды біз ұйымдастырамыз. Сіз өзіңіз жүруге дайындалыңыз — деп құпия бөлім начальнигі тапсырмасын аяқтады. Жауапты да қатерлі тапсырмаға бел байлаған Мұқаметқали түскі демалысында үйге келіп, жолға дайындалды. Үйіне түскі шайға Шәмел де келді.

— Қазақша айтқанда жол жақсылықты болсын. Тағы қай жаққа әзірлендің? — деп Мұқаметқалиға ойлана қарады.

— Айтқаның келсін. Бір жауапты құпия тапсырма болды, соған ертең жүрмекпін.

— Тағы қандай құпия? — деп Шәмелдің үні күбірлей шықты.

— Тағы анадағы бандының сойқанды жорығының қалдырған бүгіндісі бар дейді. Соны жергілікті елден құпия хабарлапты. Мен бұл жақтың жер жайын, ел ішін білмеймін ғой. Айтуларына қарағанда «Қособа» деген жерде бір бұзық, ниетті адам бар көрінеді. Анадағы бандыны осында бастап, жол тауып қапыда түсірген сол депті. Және өзінде тығулы әскери қару-жарақ бар, депті. Соны ұстау керек, деп отыр. Аз ойланып қалған Шәмел:

— Бұл шындық болар ма екен. Ол бандыны бастап келген Хорошевканың құлағы ұсталып атылды ғой. Тек, ел ішінің біріне-бірі жауығып жүрген жала болмасын, байқау керек. Осыны анықтау үшін алдың ала сол болысқа, ел жайын білетін кісі жіберіп анықтату керек қой, — деп тәп-тәуір ой сала сөйледі. Шәмелдің бадырайған көзі мен мауқиған басынан оншалық тапқыр ой күтпеген Мұқаметқали оның мына сөзінен ойланып қалды.

— Сен, өзің ол жақта болғаның бар ма? Елінің жай-күйін білесің бе? — деп тоқтаған Мұқаметқалиға Шәмел:

— Мен ол елдің ішінде болғаным жоқ. Бірақ, ол «Қособа» деген жер, екі үйездің шекаралығы, біріне-бірі жала жабуға әдеттенген жалақор ел деуші еді. Сондай біреудің жалған жаласы болып, бейгүнә жандар күйіп кетпесін деген ой ғой, — деп тіпті байсалды сөйледі. Шәмелдің мына сөздері ой салса да, Мұқаметқали құпия бөлімге айтқан уәдесінен қайта ойлана алмады. Жүретін болды. Құпия бөлім бастығының тағайындауымен қасына Өтеубайды алды.

IV

Қарқаралыдан шыққан күні Өтеубайдың бастауымен Ақсары болысының бір шеткі ауылына келіп қонды. Қасына ертіп, соның бастауымен жүріп келгені болмаса, Мұқаметқали әлі Өтеубайдан бір ауыз да жөн-жосық сұраған жоқ. Жүріс-тұрыс сөз толғауына Қарағанда бірбеткей аңқылдаған жігіт тәрізді. Ал, мына әкеліп қондырған үйі бір қоңыр орташа шаруа адам екен. Қонақ асы, күтімі сыпайы. Үй иесі сөз жөнін білетін адам тәрізді. Жайлана отырып, таныса келіп ел жайын, кешегі бір кездегі қилы замандарды шежірелей қозғайды. Ол жағына өзінің шорқақтығын істеп, Мұқаметқали тек үнсіз тыңдауда. Үй иесі көбінесе Өтеубаймен әңгіме сабақтайды. Бір сәт қазіргі ауыл ішінің ел билеушілері жайына ауысып, үй иесі:

Бостандық алып, тендікке қолы жетіп, ел ішінің кедей-батырағы көтеріліп, қазір атқа солар мінді ғой. Бірақ, шаш аламын деп басқа жармасып, асыра сілтеп, асығыс жүретіндер көбейіп кеткен тәрізді. Біз әрине отбасының адамымыз, бай да болып, атқа да мініп көрген емеспіз. Аз ғана күн көргішті күйттеп отырған шаруамыз. Халыққа тыныштық болса екен. Әділ азаматтардан басшылық болса екен, деп ойлағандықтан айтып отырмын.

— «Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деп, маған әңгіме айтып, мына үйез уәкіліне мұң шағып отырсың ғой, — деп Өтеубай үй иесінің сөзінің Мұқаметқалиға арналып айтылып отырғанын анықтай түсті. Бағанадан сөзге қосылмай отырған Мұқаметқали:

— Ол сияқты тәртіпсіздік істеп жүргендер кімдер? Милициялар ма? Жоқ, болыстық қызметкерлер ме? Жалпылай айтқанша атын атап, қайда, кімге өктемдік істегенін айтсаңыз дұрыс болар еді. Әрине, қызметтегілердің бәрі басбұзар емес шығар. Соның ішінде нағыз кінәлісін айтып берсеңіз, — деп сұрғылт көзін төңкере үй иесіне тіке сұрақ қойды.

— Шырағым, атқа мінгеннің бәрі бұзық, деп айта алмаймын. Бірақ, балық басынан сасиды, шіриді. Осы біздің болыстың болаткомы Тайсоғар деген бір жарамсыз адам болды. Өзі өткен сайлауда кедей табы болып көрініп, аздап хат таныған біліміне сүйеніп бастыққа сайланды. Ол өзі шынында да ондай кедей тап емес еді. Ана атақты бай-жуан Ержандардың туысы. Соның балаларының қолшоқпары, — деген сөзін аяқтағанда Өтеубай қақырына шегір көзін тесірейте үй иесіне қадала қарап:

— Болатком бастығы кім дедіңіз? Тайсоғар дейсіз бе? Ол ана Ержанның немере ағасының баласы емес пе еді. Ол жуанды кім сайлап жүр? Ол тұқымың құрығыр бұзық еді ғой, — деп түтіге тоқтаған Өтеубайға Мұқаметқали күлімдей қарап:

— Сен мүлде өртеніп кете жаздадың ғой. Ондай қанды қол кім еді?..

— Ойбай, егер анық сол болса, ол анық қан сорғыштың тұқымы. Оның кім екенін мына менен сұра — деп, түтіккен Өтеубай, бірінің астын, бірінің үстін қоқита, кейде орысша сөз де араластыра сөйлеп кетті:

— Сіз жолдас Тәтімов, пака менімен жөндеп танысқан жоқсыз. Мен осы Ақсары болысына қараған осы маңда туып-өскен жетімекпін. Үй иесі ағайдың айтып отырған Ержан дегендер осы маңның кедейін көгендеп құлданған буржуй. Нағыз құлақ, қансорғыш болатын. Мен солардың босағасында шіріп, мына бастың шашын соның отынын басында жидіткенмін, — деп басындағы шошақ шлем солдат бөркін жұлып алды.

Қасындағы жолдасының күні ұзын бірге жортқанда сұрамаған өзінің тұйық мінезінен ұялғандай Мұқаметқали жымия:

— Иә, Тілеубай, күшіңді алысқа сақта. Ондай топ жамылып жүрген атқа мінерлердің тірсегін қырқамыз. Тек, біз соның істеген бір қылмысын тауып айқындап алалық, — деп үй иесіне бұрыла. Ақсақал, бізге дәлел керек.

— Иә, ағай, сол иттің баласының бір қиянатын айтып беріңізші. Сіз айтты демейміз. Оған сеніңіз.. Мен өзім-ақ оның әкесін көзіне пакажу, — деп Өтеубай кіжіне көзі шегірейіп тоқтады. Үстіндегі көнерген солдат шинелі, шошақ бөркін көргенде Өтеубайды, «мына киімдерді қалай киіп жүр екен. Әлде осы Қарқаралыдағы совдеп кезінде соның қатарына жазылып, осы Арқа белесімен тозғындай шұбырған ақтарды қолға түсіріп, соның шинелін киіп алған адам ба?» деп ойлағаны болмаса, Мұқаметқали Өтеубайды Қызыл Армия қатарында болған екен деп тіпті ойламаған-ды. Ал, мына кіжінісіне Қарағанда армия қатарында болып, тап күресіне сезімі оянған жігер ұшқыны бар.

— Өтеубай, сен маған інілік наз айттың ғой, бірден жөн сұрап таныспадың деп. Иә, мен бірден ұшықтап жөн сұрап мыжыңдағанды әдеттенбеген тұйықтау екенім рас. Ал, мына бір кіжініс мінезің маған ой салып, жөн сұрауға тура келді. Кәні, танысайық, жөніңді айтшы, — деп Мұқаметқали жылы шыраймеи Өтеубайға бұрылды.

— Сізді мен кінәлайын деп айтқаным жоқ. Бір жолға аттанғаннан кейін бірімізді-біріміз анықтап біліп алсақ, тізе қосып қимылдауға жақсы болар дегенім ғой. Мен мына үстімдегі солдат шинелін, мына шлемді, Сібір өлкесіндегі азамат соғысы арпалысында көнерткен қызыл жауынгермін. Осы Ақсары болысында туып-өскенімді әлгінде айттым ғой.

Өтеубайдың Сібір өлкесіндегі азамат соғысына қатынастым дегені ойын қозғаған Мұқаметқали:

— Қай жерлердегі соғыста болдың? — деп сұрақты шұғылынан бастады.

— Мен сізге басынан айтпасам түсініксіз болар. Менің балалық батырақ өмірім осы болыстың атақты байы Ержанның босағасын да өтті. Бай қорлығына шыдамай бір түнде қашып жоқ болдым. Сонан қашып шыққан бетімде, Сиырлы бекетіндегі Иван деген орыс адамына келіп, атын күтетін малшы болып жалдандым. Онда бір-екі жылдай, басында ат күтуші, артынан бекет атын айдап почташы болдым. Сол ат айдап жүргенімде, Омбыға мал айдап, қаланы көріп қайтқан жігіттерге кездесіп, Омбы жайын естіп, қаланы көруге, сонда барып жұмысқа түсуге құмарландым. Сонан сәті түсіп, бір байдың малын айдап баруға кірісіп, құмар болған қалаға да жеттім. Мен өз ойымда Қарқаралыдан үлкен қала жоқ шығар деп ойлайтынмын. Омбыны көргенде Қарқаралым ауылды жердей болып қалды. Қала үлкен. Қайнаған халық. Біреуді-біреу біліп болар емес. Мал айдасып бірге келген адамдар, әрқайсысы өз тіршілігіне кірісіп кетті. Мен енді қалайда осы қалаға орнығып, өзіме ылайық еңбек орнын табуға тырысып, қала өндірістерін қыдырдым. Сәті түскенде пароход тоқтайтын жерде күндеме жұмыс бар екен, соған келіп түстім. Осы жұмыста жаздай істеп, күзде қыстап қалатын жұмысшыларға бірігіп, сол пристанда жұмыста қалдым. Сол жұмыста жүргенімде, Ахметов Темір деген жігітпен танысып, бірге жатып, бірге тұрдым. Бұл жігіт аздап та болса тіл біледі. Қазақша грамотнай, бір ер көңілді жігіт еді. Маған әрқашан көрген-білгенін айтып, адам болуға, еңбек сүюге баулитын. Менің Темірмен бірге болған кезім, февраль өзгерісінің алғашқы дәуірі, «патша орнынан түсті, билік елдің өзінде» деген қара дүрсін сөз бар. Бірақ жұмыс тәртібі, халықтың бұқара күйі сол баяғы қалпы. Біз жұмыс істейтін пароход пристаны баяғы байдың билігінде.

Бізбен бірге жұмыс істеп бір барақта жататын орыс жұмысшылары да бар. Олардың ішінде де еті тірі, «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер бар. Бірақ олармен сырласып, шұйіркелесуге тілім жете бермейді. Бір күні Бусыйгин Антон деген жұмысшы: «Жігіттер, ауыздарыңа ие болуға ант етсеңдер, мен сендерге өте құпия да, өте жауапты да сыр айтамын. Ал, егер сыр шашар, ұстамсыздық етсеңдер, өз обалдарын өздеріңе, жолдас екен деп аямаймын» деп бәрімізден нан, түз жегізіп ант алды. Біз Антонның лебізін күтіп отырдық.

«Өздерің білесіңдер, хұррият болды, патша орнынан түсті. Ал, билік әлі байлар мен капиталистердің қолында. Бізді әлі күнге құлша жұмсап, мойнымыздан лағынет қамытын алмай отыр. Осы ауыртпалықтан құтқаратын ұйым ашылып, байларға, патшаның оң қолы болған атаман, қанішерлерге қарсы күрес майданын ашып отыр. Ол ұйым, жұмысшы, қара шаруа, майданнан оралған, әскерлерден құралған большевиктер ұйымы. Ал, ана патшашыл капиталистер тобын бастаған ақсүйек, алпауыттар тобының жетекшісі меньшевиктер. Орталық Россияда қанды майдан, қызу күрес жүріп жатыр. Біз жұмысшылар сол күреске өзіміздің қамқоршымыз большевиктер тобына қосылып, күреске шығуымыз керек» деп сөзін аяқтады.

Антонның сөзін ұйи тыңдап отырған жұрттың ішінен бір орыс азаматы:

«Большевиктер тобы дейсіз, жұмысшы-қара шаруадан, майданнан қайтқан әскерлерден құралған дедіңіз. Осы топты бастап, ұйымдастырушы кім? Ол қандай адам? — деп сұрақ қойды. Елдің бәрі де: — «Иә, иә, бастаушы кім екен?» — деп шу ете қалды.

— Оны бастаушы көсем Владимир Ильич Ленин деген адам. Ол кісі өмірін халыққа бағыштаған. Халық қамқоры. Қара шаруа-жұмысшы таптың көсемі. Мына біздің Сибирьге келіп өктемдік жүргізіп отырған Колчактың, ана Россияға тісін қайрап, жалмауға аранын ашып қаптағалы отырған шет ел капиталистеріне қарсы шығып топ бастап отыр. Оған Россияның бұқара халқы жұмысшы, қара шаруасы сеніп күреске аттанды — деп жауап берді. Владимир Ильич Ленин деген Антонның сөзін естіген жұрт қол соғып, сол көсем бастаған күреске «біз дайынбыз» деп шу етті. Міне сол жерде, «кім де кім Қызыл Армия қатарына жазылады, қолдарыңды көтер» деп Антон мен Шипилов қатар дауыстады. Бәріміз де қол көтердік. Мен сол күні Қызыл Армия қатарына жазылып, қолыма қару алдым. Бұл 1918 — жылдың күзі еді. Ахмет те жазылып, қолына қару алды. Екеуміз Омбы қаласының, жұмысшыларынан құралған қызыл әскер тобында Колчакқа қарсы бірнеше соғыста болдық. Менің толық атың Өтеубай болса да, «бай» деген аттан безіп, қызыл әскер қатарына жазылғанда атымды Өтеш деп жаздырдым. Сонан бері менің атым Өтеш Бектембаев болдым.

Өтеубай, әңгімесін аяқтағанын күтіп отырған Мұқаметқали: Қызыл әскер қатарында соғысқанда қай қалаларда болғанын қадағалай сұрады. Өйткені өзі де қызыл әскер қатарына жазылғанда Омбы қаласында жазылған. Ол жерде ұйымдасқан соғыс көтерілісі жайына таныстығы бар, анықтап білгісі келді.

— Мен бірден соғысқа кіргенім жоқ. Бізді сол пароход басында жаңадан ұйымдасқан қызыл әскер тобын біраз дайындықта ұстады. Сонан біраз да жоғарғы командадан бұйрық келіп, біздің топты Саратовқа жіберді. Біз сол жердегі ақтармен соғыстық. Бізге келіп қосылған бөлімшеміз 32-дивизияның 94-полқы болды. Саратовтан шығысқа қарай шеру тартқан 94-полктың жауынгер тобымен Шлиябаға одан, Барнаулға келіп, сол Сибирь өлкесіндегі соғыстарда болып, содан 1921-жылы Семейге келіп әскер қатарынан босап Қарқаралыға келдім, — деп басынан кешкен соғыс жорығын шұбыртып шықты.

— Иә, Саратовта ұйымдасқан, 94-полк болғаны бар, онда Оралдан, Орынбордан қазақ жігіттері болған. Сен сол топта болыпсың. Жарайды. Енді, міне, әбден таныстық, — деп Мұқаметқали Өтеубайды Өтеш деп, жаңарған есімімен атап, байдан қашып ерке атқа ие болған екенсің ғой, — деп күлді. Оны түсіне қоймаған Өтеубай «ерке атқа ие болған екенсің ғой» дегенде:

— Мені кім еркелетсін, тек байды қысқартқаным ғой, — деп сасқалақтап қалды.

— Сасқалақтамай-ақ қой. Ат та тұрған ештеңе жоқ. Мен жәй қалжыңдап айтып отырмын. Менің атым Мұхаммед пайғамбардың аты көрінеді. Атым ұйқас болғанмен, пайғамбар болып кетермін деп шошынып жүргенім жоқ, деп күлді. Өтеубай өзінің атына белсенділік жасағанына көзі бозарып отырып қалды.

— Енді біз мына үй иесі ағайдың бастаған сөзін, аяқтатып, бұзақымен танысып анығын біліп алалық, — деген Мұқаметқали сөзін Өтеубай да қостап, үй иесіне бұрылды.

— Аузым қышып айтқан сөз емес, ыза қысып айтқаным ғой. Өзім қозғап айтып, анығын айтуға несіне қорғанайын. Сіздердің осы отырған ауылдарыңыз Ақсары болыстың бесінші ауылнайы болады. Біздің руымыз ел ішінде аз атанын біріміз. Бізге бұрынғы уақытта да атқа мінгендер ат ойнатып, қамшы үйіруші еді. Әлі де сол қорғалаудамыз. Осы жуырда, «азық-түлік жәрдемі, жүк көлігі» деген салықтар болды. Соны бөлгенде біздік ауылдарға баяғыша баса салып, осындағы бір жалқы жігіттің күн көріп отырған жалғыз атанын болатком шабарманы астынан топ ішінде аударып алып, қол жұмсаған. Болаткомның бастығына барып арыз айтса, «сен үкімет бұйрығына қарсы келдің» деп, каталешкеге қаматын, ауылына жаяу айдап тастаған. Бұдан артық қандай зорлық болады? Бұл бір, мен жаңаларын айтып отырмын. Талай сойқандары бар — деп үй иесі баяу үнмен сөзін аяқтады.

Мұқаметқали жалғыз атанын астынан алдырған жігіттің аты-жөнін жазып алып, өзін шақыртты.

Бұл түнде әңгіме осымен аяқталып, қонақтар жатып дем алды. Мұқаметқалидың түндегі тапсыруымен шақыртылған жігіт, тағы бір-екі орта жастағы адамдар бірге келді. Атанын алдырып, азап көрген Қайсар деген еті тірі, ширақ сөйлейтін жігіт екен. Атанын қалай алдырғанын, болатком бастығы Тайсоғардың қазан бұзар қылықтарын үй иесінен де дәмдендіріп айтып берді. Өзімен ере келген, екі адамды нұсқап:

— Мына отырған екі адам да, сіздердің хабарларыңызды естіген соң өтініш айта келіп отырғанын айтып, соларды нұсқады.

— Рас, шырағым, атынды естіп, арызымызды шаға келдік. Біз Қайсардың астынан жалғыз атанын аударып алғанда сол жерде едік. Таусоғар болыстың тайтаңдаған шабарманына Қайсардың атанын алғызбаймыз деп ара түсіп, мына екеуміз біраз қамшы жедік. Қайсардың атанын арашалаймыз деп, өзіміздің астымыздағы бір-бір тұғырымыздан айрылып, жаяу үйге шұбырдық. Осындай бір басбұзар адамдар ел ішін бүлдіріп барады. Осыған бір тыйым бола ма деп келіп отырмыз...

Мына арызқойлардың сөзіне қарағанда бұл бір нағыз қазанбұзар, кеңес тәртібін теріске айналдырып жүрген бай, жуандардың арам ниет әрекеті болып көрінді. Жәбірленушілердің айтқан арыздарын қағазға жаздырып, Мұқаметқали әскери аспалы сумкесіне салды да, жүруге қамданды.

— Ал, Өтеубай, ана Қайсарға ат тауып мінгіз де бірге алып жүр. Алдымен сол болаткомды тауып алып танысалық, — деген Мұқаметқали әмірін естігенде Өтеубай құнжыңдай қимылдап:

— Мына жақын ауылға бізді жеткізіп салуға кірісіңіз, Қайсар бізбен бірге барады. Оған бір көлік тауып беріңіздер — деген тапсырманы үй иесіне айта өзі де сыртқа шықты. Ол кездегі милиция ұр да жықтардың атауымен, бес атарды «көк мойын құдай» деп, оны мойнына асынған адамнан жан-жануардың жаны шошып, үрпиісіп тұратын. Өтеубайдың үйден аса шыққан көк мойын құдайын көрген ауыл адамдары имене, ат әзірлеуге кірісіп, ә дегенше ерттеулі атты әкеліп көлденең тартты.

Суыт тартқан әскери уәкілдер тобы ауыл адамдарының айтуымен, Таусоғар болаткомның жатқан ауылына бет алды. Болаткомдер жатқан ауыл онша алыс емес екен. Жолда бір рет ат ауыстырып, уәкілдер екпіндете жүріп болыс түскен ауылға келіп ат басын тартты. Сыртта абыр-күбір адамдар жүр екен. Әскери қару-жарақты адамдарды көріп үрпиісіп сәлемдесті.

— Болатком осында ма? — деген сұраққа.

— Осында, түсіңіздер, — деп бір жас жігіт Мұқаметқалидың атын ұстап, құрмет көрсете қимылдады.

Көзі шегірейе, танауы делдиіп, мойнындағы асынған бесатарын қолына ала Өтеубай да Мұқаметқалимен қатарласа болатком отырған үйге келіп кірді. Қару-жарақты әскери киімді екі адамды көргенде Таусоғар сыр бермегенсіп, қоңыр амандасты.

Әдейілеп ызғар көрсете, әскери тәртіппен Мұқаметқали салқын үнмен:

— Үйездік әскери бөлімнің жетекшісі Тәтімов, деп қол берді. Буыны дірілдей қолын берген Таусоғар саусақтарының басы бірікпей, жансыз денедей сезілді. Екінші қол берін амандасқан Өтеубай атын да, жөнін де айтпай, солғын ғана ернін қимылдатты. Олар арнаулы орынға отыра бергенде, арттарынан тепектеп жеткен Қайсар сәлем бере үйге кірді. Қару-жарақты әскери уәкілдермен ілесе Қайсардың келгені Таусоғардың үрейін онан сайын ұшырды. Әлгінде ғана бүкіл осы алаптың тәңірісіндей кеудесінен жалын атып отырған болатком ағасының жүні жығылып, сүтке тиген күшіктей итініп қалғанын көріп тұрған ел таңданып та, «шоқ бәлем, шоқ» деген кіжіну де бар.

Сырттай тәртіп істеген болып, іштей өзіне түйілген бір қатердің барын сезгендей, Таусоғар үйдегі адамдарға:

— Сіздер басқа үйге барыңыздар. Уәкілдер ат соғып келді ғой, дем алып, тамақтансын, — деп әмір айта сөйледі. Болатком лебізін бас ие қарсы алған болатком мүшелері азық-түлік жөнелту жұмысына байланысты келіп отырған ауыл кеңес бастықтары үйді босатты.

Ызғарын алыста сақтаған Мұқаметқали әлі түс ашып сөз қозғамай ел жайын, науқан жайын сұраған болып, сараң ғана тіл қатып алдарына жасалған шайды ішіп бой жинады. Шай артынан:

— Болатком ағасы боларсыз. Біздің уәкілдік қағазымызбен танысып қойыңыз. Мына Бектембаевты танитын боларсыз. Бұл кісіні маған көмекші басшы етіп Уком қосты — деп Мұқаметқали әдейілеп Өтеубайды Уком атына тіркей сөйледі. Мұқаметқали өзін көтермелей таныстырғанына іштей ажарлана Өтеубай, көзін шегірейте аяғындағы санынан келетін солдат етігінің қонышын шірене бір тартып қойды.

Мұқаметқали ұсынған уәкілдік қағазға қарады да:

— Сізге сенеміз ғой. Қағазыңызды көрдік, — деп қолына алмай, тәртіп сақтаған болды.

— Олай болса біздің іздеп шыққан жұмысымыз біраз тоқтай тұрсын. Бізге ел ішінің өзінен арыз айтып, сіздер тарапынан істелген тәртіпсіздік жөнінен шағым айтушылар болды. Алдымен сол туралы сөйлессек, мен әскери уәкілдігім ез алдыңа, ел ішіндегі қызметкерлердің совет тәртібін бұрмалаушыларына қарсы шара қолдану басты міндетім. Мына Өтеубай да майдан кешкен қызыл жауынгер, бұған да Уком тарапынан арнайы тапсырма бар, — деген сөзін, Мұқаметқали зілді үнмен айтты,

Онсыз да зәресі ұшып отырған Таусоғар ерні дірілдей үні тұттыға шығып:

— Бізге тапсырылған үкімет бұйрығын орындамасақ, сенімді ақтамаған боламыз. Оны орындағанда ел ішінің көңілін тауып отыру қиын. Біздің қыр елі әлі үкімет тәртібін түсінбей, қит етсе арыз айтқыш-ақ, — деп Қайсарға көзінің ызғарлы қиығын тастады. Таусоғардың осы бір сөзін күтіп отырған Өтеубай:

— Таусоғар мырза, мүсәпірсіме, сен алдымен өзіңнің кім екеніңді неге айтпайсың? Совет үкіметі байдың, атқамінердің үкіметі емес. Кедейдің, жетім-жесірдің, батырақтың үкіметі. Сен сияқты жуанның тұқымына әділдік қайдан келеді. Мына ел ішіне келген алым-салықты байдан алудың орнына, кедейдің жалғызына, жарлының жанына өлшеген аяқ асарына қол қоюды қайдан шығарып жүрсің? Мына отырған Қайсарды жылатып жалғыз атаншасын Омбыға таситын астыққа алғанша, ана Ержан жуанның өркеші жығылмайтын, қомдығы іркілдеген атандарын неге алмайсың? Туысың ғой. Әлде, оны кедейсініп аяп жүрсің бе? — деген сөзін даусы барлығын әрең аяқтады. «Бәлеме осы керек» дегендей анадай жерде отырған Қайсар:

— Атаншамды алғаны былай тұрсын, сен үкімет тәртібіне қарсы келдің деп, арыз айтқаным үшін жазалап қамшылатып, котелешкеге қараңғы қи қораға қаматып, жаяу айдағаны өтті. Мені жазалағанымен қоймай, маған ара түсіп, жөн айтқан кешегі екі кедейге қол жұмсағандары тіпті масқара, — деп қайратты жас жігіт ажарлана сөйледі.

— Ал, болатком бастығы, мына айтылған арызға, өзіңіздің істеген тәртіпсіздік ісіңізге не айтасыз? — деп Мұқаметқали қанын ішіне тартқан өңмен Таусоғарға қадала қарады. Күмілжіп төмен қараған Таусоғар:

— Мен мына жігіттің атаншасын ал деп ешкімге бұйрық еткем жоқ. Өздерінің ауыл кеңестері ғой: «Күйлі көлік кімде болса, содан аламыз» — деп әкеліп жүрген, — деген кезде:

— Өзіңізге келіп арыз айтқанда, құлақ та қоймай, үкімет бұйрығына бағынбай неге қарсы боласың? — деп жаза бұйырдыңыз. Танбаңыз, — деп Қайсар қарсы шапылдады. Осы кезде үй ішінен шыққан екпінді дауысты естіген бір адам омыраулай кіріп:

— Айыпқа қоймаңыздар, сіздер Таусоғар болыстың тасыр қимылын тексеріп жатыр деп естіп әдейілеп келдім. Азаматтар, сіздерге айтпағанда кімге айтамыз. Болатком Таусоғар, осындағы бай, жуанның қорғаушысы, жалгыз Қайсарға істеген жолсыздық емес, менің де жалғыз жалды атымды кеше шабарманына аудартып алып, почта апаруға мінгізіп жіберді. Мен мына екінші ауылдың кедейінің бірімін. Бар жазығым жалғыз керігімді күйлі ұстап, күтіп мінгенім, — деп бөгетсіз арызын шұбыртып шықты.

— Мына арызқойға не жауап айтасың? — деген Мұқаметқалидың соңғы сұрағына:

— Тығыз почтаны жеткізуге күйлі, қарулы ат керек болған соң алынған шығар, — деп күбірледі.

— Кедейдің жалғыз аты күйлі. Байлардың қосындағы күр аттары арықтап қалған ғой. Барып тұрған қиянат деп Өтеубай көзі шегірейе Таусоғарға тепсіне үңілді.

— Біздің қолымыздағы мына дәлелдер, Таусоғарды тұтқынға алуға жеткілікті. Шешім сол, мына болатком жұмысын ана орынбасарыңа тапсыр. Қазірден бастап тұтқындасың. Кеңес тәртібін бұрмалаған бай, жуанның құйыршығы. Сен сияқты қой терісін жамылған қасқырға кеңес мекемесінде орын жоқ, — деп Мұқаметқали шұғыл әмір етіп, болатком мүшелерін шақыртып, Таусоғарды тұтқынға алып, жұмысын орынбасарына тапсыртты. Қайсардың атаншасын сол күні таптырып, өзіне қайтартып берді.

Таусоғардың үстінен түскен арыз және көзбе қоз мойнына түскен жолсыздық, кеңес тәртібін бұрмалаған теріс әрекетін қағазға түсіріп Мұқаметқали, оны: Қарқаралыға тергеу астында тұтқында болсын деп Қарқаралыға апарып орындауға Өтеубайды аттандырды. Алғашқы келген бетіндегі Өтеубайдың ызғарлы сөзінен іштей түңіле қараған Таусоғар, ешбір үн қатпаған болатын. Қарқаралыға бет алып, біраз жер жүргеннен кейін, үнсіз, өзін қадағалай алдыңа салып келе жатқан Өтеубайға:

— Өтеубай, қанымыз бір қандас емес пе едік. Сен жетім болып, Ержекең үйінде қозы бағып жүргеніңді көргенім болмаса, саған ешбір қиянат істеген жоқ едім ғой. Ержекеңмен әкем аталас болғанымен, біз малды болып, кісі еңбегін қанап не істедік? Мені неге Ержекең балаларының атына күйдірдің? Мен кеңес үкіметіне адал қызмет істеп келдім. Оны Қарқаралы азаматтары біледі, — деген сөзін жақаурай, Өтешті бір жағынан жақын тарта, бір жағынан Қарқаралыда сенері барын хабарлай мұң шаққан болды. Таусоғардың әрі сайқалдана, әрі қыр көрсете сөйлеген сөзінің арғы сырын ұққан Өтеубай:

— Сен, Таусоғар, мүсәпірсіме. Сен нағыз жуан жұдырық, ана Ержан балаларының қолшоқпары екеніңді мен түсінбейді деп айтамысың. Мен қомыт киіп, қозы бағып жүргенімде, Ержанның екі серісінің қасында қатарласа атқа мінген Таусоғар едің ғой. Енді бүгін, кедейшіл бола қалыпсың. Қазір тиыштық мезгіл туып отыр. Ана Сибирь өлкесінде қызыл әскер қатарында жүргенімде кездессең, мына көкмойынның көмейін көкірегіңе бір-ақ тіреген болар едім, — деп көзі шегірейе, танауы делдие тоқтады.

Өзінше оңашада туысқандық айтып тоңын жібітпек болған Өтеубайдан мына сөздерді естігенде Таусоғар тұнжырай төмен қарап, терең күрсінді. Ол жолшыбай қайтып Өтеубаймен сөз жалғамады.

Тұтқын үйіне тапсырып, жолдаған Мұқаметқали қағазын үйездік милицияның бастығына тапсырып, тіркеушісінен тұтқын үйі бастығынан анықтама қағаз алып Өтеубай тығыз жүріп кетті.

Таусоғарды қалаға жөнелтіп, болыстық атқару комитетіне екі сенімді адамды қасына алып Мұқаметқали мылтық бар деген Қосағаш алқабындағы сезікті ауылға тартты. Алдын ала қолындағы хабарлау қағаздағы аты-жөні жазылған адамды, қасындағы адамдардан дәйектей сұрап, өзінше анықтау жүргізді. Олардың айтуына Қарағанда, арызшы Күдербайдың күбітіп жазып отырғаны өшпендіктің өсегі тәрізденеді. Дегенмен, тығынды мылтық, оқ-дәрі бар деген Жазықбайдың ауылына қапелімде барып, бірден тінту жүргізуді түйіндеді. Қасындағы екі серігін оңаша жерде жұмыс жайына түсіндіріп, бірден сақтық істеп, байсалды қимылдап, байыпты тінту жүргізуді ұғындырды. Жолдағы қонған ауылдан ала көбемде ерте аттанып, Жазықбай қорасына күн шықпай жетті. Алдымен қораның айналасын қоршай тұрып, екі жігіттің біреуін жіберіп қорасынан әудем жердегі құдық басындағы кигіз үйінде жатқан Жазықбайды орнынан тұрғызып алып келді.

Елең-алаңнан үйіне мылтықпен кіріп, қорасын қоршаған әскери адамнан үрейі ұша елбеңдеген Жазықбай:

— Шырақтарым, қандай қаһарға ұшырадым, жазығым не? Атсаңдар да айтып жазаласаңдаршы, — деп зарлай сөйледі.

— Ақ болсаң атылмайсың. Шыныңды айтсаң жазасызсың. Бізге сенің қолындағы әскери қару-жарақ керек. Ақ бандыдан қалған бесатар, оқтар бар. Соны қазір бізге көрсет. Күнәң жеңілдейді — деген әмірлі сөзін Мұқаметқали шұқшия айтты.

— Уа, жасаған, әскер мылтығы түгіл, қоян, құс мылтығын да ұстаған жан емес едім. Анау ала сапыран кезде, осы біздің елдің үстінен шұбаған ақтардың, жолда қалдырған мылтығы мен оқтарын малда жүріп бір жырадан тауып, Қарқаралыға өзім апарып айтып бергеннен басқа, мылтық көрсем мылтықтан өлейін, — деп жылап отыра кетті.

— Ондай бейкүнә болсаң, қазір қораңның қақпасын, үйіңнің есігін, кілет үйінді аш, өзің бастап бәрін тінттір. Сонан кейін ана тапқан мылтықты қай жыра, қай сайдан көрдің? Кім келіп алды? Бәрін дәлелде! — деп Мұқаметқали іске кірісе сөйледі.

— Шырағым, әміріңе болайын, — деп Жазықбай елбеңдеп, қорасының қақпасын, үйінің, кілет, шошала сияқты бөлмелерінің бәрінің есігін ашып өзі бастап бәрін көрсетті. Қора айналасын, сезікті қуыс, құдық, ұра сияқты бұқпантай жер жоқ па, тегіс қаралды. Жәй, момын шаруаның жұпыны қора-қопсысында әскери қойма жатар бұқпантай орын көрінбеді.

— Енді ақтан қалған мылтықтар мен оқ жәшігін тапқан жеріңді көрсет — деп Мұқаметқали өзі бастап атқа қонды.

Ауыл үстіне Жазықбайды алдыңа салып қару-жарақты топ қоңыр бұйратшаға асқанда ауыл адамдары үн шығара, шошына арттарынан шұбырды. Әсіресе Жазықбайдың әйелі: «жазығын не еді, жазған-ау! Қандай қасіретке душар болдың?» деп бүйірін таяна зарлап келеді.

— Мына адамдарды тоқтат. Біз ол кісіге тимейміз. Қазір ауылға қайтып келеміз, — деген әмірлі үнмен қасындағы бір серігін ауыл адамдарына жіберіп, Мұқаметқали Жазықбайға ілесе жай жүріп отырды. Ауыл адамдарына келген, өздеріне таныс болатком мүшесі Тынышбай еді. Ол ауыл адамдарына:

— Немене, үрей болдыңдар? Ештеңе жоқ. Жазықбай ана жылғы оқ-дәрі, бесатар тапқан жерін көрсетеді. Қазір ауылға қайтып келеміз — деп сендіріп үйлеріне қайтарды. Аласа қой бұйраттың арғы ойындағы жыралқай өзекшеде ескі сүрлеу қош жолы бар екен. Жазықбай тура сонда алып келіп, өзінің мылтықтар мен оқ жәшігін тапқан жерін көрсетті. Сүрлеу жолдың өзекшеден өтер жеріндегі бір жарлауыт жыралқай екен. Егер мал бағып жүрген адам үстінен түспесе, ана жолмен жүрген адамға оның түбінде жатқан зат көріне қоярлық емес. Жазықбайдан мылтықтар қалай тасталған, жәшік қалай жатыр екен, бәрін сұрап сол манды жаяу жүріп қарап шықты. Ондай көмбе, яки қазылған ешнәрсенің белгісі болған жоқ.

Жазықбайдың айтуымен бұйраттың атырабын, өзінің мылтық пен оқ жәшігіне қалай кездескенін анықтап жазып, қайтадан ауылға келді, Жазықбайдың ең кейінгі сұрақ, мылтықтарды, оқ жәшігін тауып бергенде алған белгі қағазы сұралды. Сәті болғанда сол қағазы үйінде сақтаулы екен. Әйелі тауып беріп Жазықбай жадырай тілдесті.

— Адалдығыма анық көздерің жетсе, маған бір белгі қалдырып кетіңдер. Мына жаланы маған бүгін жапқан жауым, ертең де жабады ғой. Мені мылтық тығып отыр деп ана жылғы тауып берген дүниені жаңғырықтырып отырған қасымыздағы ұрының ауылы ғой. Бар жазығым олардың қылмысын ашып, сот алдыңда куәлік айтқаным ғой, — деп Жазықбай арыздың неден туғанын шежірелей жөнелді. Жүргізген зерттеуі толыға түсуіне керек болар дегендей, Мұқаметқали осы бір жала жапқан арыздың неден басталғанын сұрады.

— Бізбен қатар отырған бір ауыл ертеден аты шулы, қанжығасы қансыз тұрмайтын ұрылар еді. «Ұрыны қары сүйейді» деген бар емес пе, кейбір атқамінерлер сүйеп, әлсіз момындарға тендік бермей жүрген қу құйрықтар еді. Өткен жылы осы елге халық соты келіп съезд ашты. Ондайда даудан дау қозғайды емес пе, бүгінгісі, кешегісі бар, өсекті ауылға ел жабылып берді. Ондайда шындық айтар деген адамды куәға тартады. Өзіміздің ағайын бір момынның жалғыз атын ұрлап, тендік бермей жүрген Түнғатар деген қанды балақ ұрының қылмысына сот тергеуінде куәлік айттым. Менен басқа да ел ішінің адал жандары шындыққа ара түсті. Бұдан басқа да әлденеше ұрлық-зорлығы мойнына түскен Түнғатарды, Айдар сот қатты жазалады. Алдымен оның мойнына құрым іліп, ел көзінше қазыққа жалаңаш байлап қойып дүре соқтырды. Сонан кейін қолындағы малынан қолы жетпегендердің ақысын қолма-қол алып берді. Артынан өзін Қарқаралыға абақтыға жіберді. Түнғатарға қолданған соттың қатал жазасы көптеген бұзықтарға тыйым салды. Бір ғана сол ауылдың өзінен Түнғатармен бірге торт адам бірге сотталды. Міне соның өшін куәлік айтқан бізден алмақшы болып отырған жалалары ғой.

Жазықбайдың жазықсыз адал жан екеніне мына келтірген дәлелдер ешбір күмән туғызбады. Ендігі бір анықтарлық нәрсе, арызды жазған кім екенін қарастырғанда, мүлде бұл атыраптағы елдің атына аты үйлеспейтін біреу. «Арызды мен жазып едім. Шын атымды әдейі бүркемелеп едім» деген ешкім табылмады. Және осы атыраптағы алыс, жақындағы ауылдас, қанаттас отырған адамдардан сұрастырғанда Жазықбайдың ана жылғы даладан тапқан оқ-дәрі, мылтықты қалаға апарып тапсырғанынан басқа ешбір мылтық ұстағанын көрдік, естідік деген жан болмады.

V

Мұқаметқали Семейге келісімен өзінің алғашқы майданнан осы қалаға келгенде қазақ-татар жастарынан ұйымдастырған жастар секциясының ісімен танысып, сондағы өзі басқарушы етіп тағайындаған жастардың іске төселіп, өмір жаңалығына, оқу-ағарту, үгіт ісінде белсенді болып алғанын көріп аса қуанышта болды. Семейге бұл келуіндегі Мұқаметқалидың бір кездестірген қымбатты адамы Угар Жанібеков досы. Сонау азамат соғысына қаруды қатар алып аттанған қанды көйлек Угармен кейінгі жылдарда кездеспеген еді. Ол да азамат соғысының сұрапыл жорықтарының сан майданда болып, сонан жараланып, Омбыдағы лазаретте болып жазылып шыққан екен.

Сол жарадар болып, саулығының біраз әлсіреуі бар, соғыс жорығынан тоқталып, Омбыдағы совет қызметтерінде, милиция қызметтерінде болған екен. Сонан өзі сұранып осы Семейге келіп, гүберналық милиция қызметінде екен. Өжет те, батыл, жалынды Угар, Семейдегі милиция қызметінде бұзақыларға бүйідей тиген аты шулы командир екен. Ол бір кез революция толқынында сан түрлі топтар, бас бұзарлар да бас көтеріп, кей жерлерде бандылыққа да, әсіресе шәһәрлі жерлерде көптеген көрініс берген кездері барды. Оларға кейде советке қарсы бай, кулақ, сәудегер арам ниеттілер де жел беріп, кейде кеңес тәртібіне қасақана зиянкестік істер де көрініп қалатын. Осындайлармен алысуда Угардың қаһарлы үні, қайратты ұйымдастырғыш тапқырлығы, сондайлардың сан қоймасын ашып, сан бұзықты торға түсірген екен. Кешегі азамат соғысының жауынгерлері бүгінгі жана өмір тәртібі үшін күресте де алда екен. Мұқаметқали оған ерекше қуаныш, үн қоса, енді тізе қосып істерміз деген сыр шертісті.

Губірналық партия конференциясына Қарқаралыдан келген уәкілдерден бірінші сөз алып сөйлеген Мұқаметқали:

— Мен азамат соғысынын майдандарында болып, ел ішіне осы кейінгі бір-екі жыл ішінде қызмет істедім. Онда да үйездік мекемелерде істеп, тек ел ішіне әрбір науқан тұсында уәкіл болып шығып жүрдім. Сонда менің көзіме түскен кемшілік, ел ішінде күні бүгін атқамінер, қой терісін жамылған жуан жұдырықтар аттан түскен жоқ. Ауыл еңбекшілерінің қараңғы сауатсыздығынан, ел ішіне ағарту, партия жолының кеңестік кеңшіліктің сәулесі еркін жетпей жатыр. Байлар, жуан жұдырықтар өздері бұғып отырып, сойыл соғар қол шоқпарларын белсендіріп, билікті соларға алғызып отыр. Әсіресе, мен қызмет істеген Қарқаралы үйезінде, тек Уком аппаратынан басқа мекемелерді бұрынғы ұлтшылдардың ықпалында болған шолақ оқығансымақтар басқарып отыр. Олар кеңес тәртібін бұрмалап, бостандық, тендік деген ұранды сөз жүзінде зулатып, іс жүзінде өздерінің ауылшыл, рушыл әдісін қолданады. Бұл жөнінде біздің бастаған бір жаңа шарамыз, ауылда яки әрбір болыста бастауыш партия ячейкасын ұйымдастырып, кедей, батарақтарды іске тартып, ел билеу ісіне тәрбиелеу деп бастадық. Бірақ, ол жөнінде бастаған іске әлі жеткілікті дайындық жоқ. Тек, бастау бар, — деп тоқтады.

Мұқаметқали осы губком конференциясына келген бетінде, Семейдегі жұмыскер және партия мүшелері пікірлес, Медеу Құлбаев, Абзал Жиенғалиев сияқты сенімді жолдастарымен бас қосып, Орынборда шығатын «Еңбекшіл қазақ» газетіне — Семей гүбернасында төңкеріс тәртібі қалай жүріп жатыр, Совет өкіметі орнағалы бес жыл болып қалды. Осы бес жыл ішінде айтылып жазылып жүрген кедей қамы, ауылда ағарту ісі, әйел тендігі ойдағыдай іске аспай жатыр. Әсіресе бастауыш мектеп жайы тіпті елеусіз. Кейбір жерде ашылған мектеп болса, онда аты бар, тоны бар, үйі бар малдылардың балалары оқиды. Әр төбеде бытырап отырған кедей балаларының оқуға қолы жетпейді. Ел ішіне алғашқы тағайындалған халық соты атымен атқа мінгендер, ұлтшыл-байшылдардың ықпалындағы адамдар. Үйездік прокурор қызметін атқарып отырған Садық Таласбаев барып тұрған байлардың, жуандардың қамқоры. Бұларды орындарына ауыстырмай ауылда кеңес тәртібі өрістемейді деп жазған мақала да басылып келіп қалған.

Мұқаметқали бастаған жұмысшы табының уәкілдерінің «Еңбекшіл қазақ» газетіне жазған хабарын қуаттағандай, осы қарсаңда Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетіне Қарқаралыдан жазған Ғайса Тоқтарбековтің «Қарқаралы соттары жайлы» деген мақаласында Дарабаев, Жайдаров сияқты соттар ұрыларға дүре соқты, Қарқаралыға жаяу айдады деп мақтаған. Ғайсаның соттарды мақтағаны, Мұқаметқалилар көтерген мәселені анықтай, жаңғырта түскен еді. Мақалалардың шығып қалғаны Мұқаметқали сөзін салмақтандырып, конференция қауымына үлкен тірек болады.

Мұқаметқалидың айтып шыққан сөзін конференция делегаттары қуаттап, бірі ғана Қарқаралы үйезі емес, бұл сияқты кемшілік барлық ел ішінде бар деп айтуға артық емес деген пікірлер айтылды.

Тек азамат соғысы майданының жауынгері ғана емес, ауыл өмірінің жаңалығына да қайраткерлік етер жігері барын таныған гүберна басшылары Мұқаметқалиға ерекше назар аударып, губкомның мүшелігіне ұсынып сайлаудан өткізді. Сайлау артынан ұйымдастыру мәжілісінде Мұқаметқалиды губсотқа мүше етіп сайлады. Сонымен қатар алдағы Орынбор қаласында шақырылған Қазақстан Крайкомының конференциясына делегат етіп сайлады.

Конференция артынан Мұқаметқали біраз күн жаңа сайланған қызметі губсоттың жұмысымен танысты. Губсот құрамының жанадан сайлануы, кеңес заңының негізі бекітіліп жаңа кодекстар кітабы баспадан шығып, қолдануға келген-ді. Бұдан былай сот жұмысын жүргізу тек осы кодекс тәртібімен болмақ, жаңа бет алыс болатын. Ал, ол сияқты жаңа өзгерісті іс жүзіне шығару үшін бұрынғы, совнарсот басшыларының тағайындауымен қойылған аудандық сот адамдарын сұрыптау керек деген пікір туды. Оны да Мұқаметқали ұсынды. Өйткені Қарқаралыда қызметте болған аз уақытта үйездегі заң жұмысын жүргізуші Садық Таласбаевтан бастап, аудандық сот адамдары аздап оқығансымақ, бұрынғы үйездегі мекемелерде аудармашы, көшірмеші болып қызмет еткен, сол сияқты болыстарда тілмәш, приставтарда жанамашы болып істеп, сұрқиялық жолдардың сойқан қылықтарына ысылған алаяқтар болатын. Олардың ел ішінде жүргізген бірнеше кеңес тәртібіне қайшы қол жаза, дүре соғу, малша көгенге матап ел алдыңда масқаралық шараларын қолданғаны. Ондай жазаны көбінесе, жоқтықтан, яки бай-жуандағы есесіне қолы жетпей, қолмен кек алмақ болған кедей-кемшін адамдарға қолдануды көбейткен. Енді ондай оз ойына келген жолмен жаза қолдануға жол берілмейтін жана заң жобасы жариялана бастаған.

Осы жаңа заң жобасы бекіп, іске қолдану қарсаңында сот тергеу қызметкерлерінде жаңарту, жаңа тәртіптен хабардар жастардан тағайындау жобасы ұсынылды. Осы саланың қызметкерлерін жаңарту шаралары қолға алына бастады. Осы тәртіпті іске асыру жөнімен әрбір үйезге губсот мүшелері барып, жанадан тағайындалған халық соттары мен тергеушілерге бұрынғы сот, тергеушілерден іс алып беру және жас қызметкерлерге жаңа заңды қолдану жолын түсіндіру ісін жүргізетін болды.

Қарқаралы үйезіне барып соттардың жаңадан тағайындалғандарына іс алып беру, үйездік заң мекемесінің адамын жаңарту жауапты іс Мұқаметқалиға тапсырылды.

VI

Мен Мұқаметқалиға кейінгі бір-екі жыл ішінде кездескенім, тек Торғай губірнасының жұтқа, ашаршылыққа ұшыраған еліне ерікті жәрдем жинау кезінде болды. Мен осы бір науқан кезінде Ақбота болысындағы хатшылық қызметтің ауысып, өзіміздің Дегелең болысына председатель болып сайланған уақытым еді. Семей Губкомымен губисполком басшылары жоғарғы Қазақстан орталығынан «Торғай гүбернасына қараған ел жұтқа шалдығып, ашаршылыққа ұшырап отыр. Соған Семей гүбернасына қараған елден ерікті ағайындық жәрдем мал жинап жіберілсе» деген хат келіп, сол науқанға Семей гүбернасынан үйез-үйезге жауапты уәкілдер шығып, елден ерікті жәрдем жинау науқанын жүргізді. Гүбірнадан келген уәкіл және нұсқаушы, тапсырма бойынша үйездің өзін бірнеше аудан көлеміне шеңберлеп, оған үйезден уәкілдер аттандырылды. Мен қызмет істейтін Дегелең болысына, онымен қатарлас Ақбота, Бөрілі, Дастар болыстарына үйезден Мұқаметқали тағайындалып, Семейден шыққан уағызшы уәкілді қарсы алып, алдымен біздің болысқа келді. Елдің алды жайлауға жаңа келіп, үй тіккен Кемер асып, Мейзек жотасын сағалай, Тұлпар өлкесін алқалай бір шеті Бөрілі, Қақ көлінің сағасына шалғынды алқап, ағын су, айдынды көлге көсіле қонған кезі еді. Әрине ол кезде болыс кеңсесі ат белінде, көшпелі дәуір. Гүбірнадан, үйезден келген уәкілдерді қымызы мол, қорасы пышақ көтеретін, үйі ажарлы көңілді жерге түсірілетін кез ғой. Біз Семейден келген уәкіл Әбуді, Мұқаметқалиды, Бөрілі Қақ көлінің солтүстік шығысындағы көк шалғынға қонып отырған Сылдырбай аулына түсірдік. Дәулет иесі адамның бәрі бірдей қара қазан қаныпезер бола бермейді ғой. Қонақжай, ақжарқын, сері Сылдырбай сый қонақтарды ықыластана қарсы алды.

Келген уәкілдердің кім екенін айтып және қызмет жайларын айтқаннан бастап, әзілге көшіп:

— Көкмойын, көсеу басты мылтықтары ереуілдеген, ентікпе қимылдарыңыздың жоғын көріп, өзім де жайдары ажар, асыл сөзбен ел желінін босатқалы келген азаматтар екендеріңізді сезгенмін — деп Сылдырбай күле сөйледі. Күле сөйлесе де әр тараптан әрбір кейіпкерді іле сөйлеген Сылдырбай сөзіне Семейден келген аға уәкіл сүйсіне қарап:

— Қаланың үйінін қабырғасына қарап сөз іздеген біздікі тұлыпқа мөңірегендік-ау, мына Сылдыкендерден үйрену керек аталы сөзді, — деп өзінің ауылды аңсаған, ажарлы сөзге сүйсінген жайын айтып қалды.

— Шырағым, біз оқыған, көзіміз ашылған адам емеспіз. Біздікі, от басының ойына келгенін, көргеннен көңілге түйгенін айтып отыратын үйреншікті сөздер ғой, — деп оқымағандық арманын бір қыстырып қойды. Жайлана отырып, әңгіме ел күйіне, шаруажайына, қызметкерлер қимылына ұштасты. Біраз дем алыс болып, тыныққаннан кейін уәкілдер көл жағасына, көк шалғын алқапқа жүріп бой жазды. Осы сәтте-ақ үйінің көлеңкесінде тұрған қара атын сулығынан жетектеп, Сылдырбай бапкері ауылдан біраз жердегі бозды өзекшеге апартып арқандатты. Мынау отырған бір дәуір дәулетті ауылдың ағасы, Сылдырбай сияқты адамның жалғыз атты жетектеп, сонау бір қыратқа арқандағанын тан көрген Семейден келген уәкіл, қасында бірге жүрген бізге қарап:

— Ана кісінің мына бір атын жаяу жетектеп арқандап жүргені, ауырған ат па екен, әлде басқа бір жайытқа баптаған ба? — деп сұрады. Бізбен бірге жүріп келе жатқан болатком хатшысы Шашым:

— Ол кісінің аруақ шақырар «Шимайқара» деген бәйгі аты ғой. Ол атын өзінен басқа адамға сеніп ұстатпайды. Және осы бір кезде өте-мөте атын бір сынды бәйгіге жаратып жүрген көрінеді, — деген сөзін Шашым аяқтағанша, уәкіл азамат даусын көтере, сөзін жуандата баптай айтатын әдеті бар екен, сол қомақты үнмен:

— Бәйгі ат баптау, қыран бүркіт қайыру, қыран қаршығаны күйіне келтіру асқан шеберлік таңдайды ғой. Онда біздің ауыл ағасы бір мініскер саятшы екен ғой, — деп мүлде ауыл өмірінің ең көрікті сипаты сайыпкерлік саятшылығын мәнерлей айтып өтті. Ауыл өнерпаздарының, әсіресе атбегілік, құсбегілік жайытқа үйірлігі жоқ, Мұқаметқали аға уәкілге күлімдей қарап:

— Әбе, сіз өзіңіз нағыз құсбегі, ат бапкерсіз ғой деймін. Ауылда жүріп біз білмейтін құстардың жайын баяндап кеттіңіз, — деді. Мұқаметқалидың әскери киімдеріне қарап:

— Сендер, мына арпалыс заманының аласапыранында ауыл өмірінен көз жазып, шабуылмен кеткенсіңдер ғой. Біз жастай ауылда өстік. Және мына сіздің Қарқаралы, біздің Баян, бұлар барып тұрған құсбегілік, атбегіліктің ұясы ғой. Біздің үлкен ағамыз Имекен деген кісі бүркіт ұстайтын саятшы кісі еді. Бала кезімде сол кісінің қасына еріп, құс салғанын, Бейсембай дейтін атбегі кісіден ат бабын да көргенім бар. Кісі бала кезінде сүйсіне көріп, қуаныштаған нәрсесін ұмытпайды ғой. Солар әлі ойымда, күні бүгінгідей, — деп аз тоқталып. — Егер, ана Сылдырбай ағай рұқсат етсе, атын көрсек қайтеді, — деген өз ойын айтып, бізге қарады. Бізден жасы да кіші, әрі Сылдырбайға еркелей сөйлесер үйірлігі бар Шашым:

— Ол кісіге мен барып айтайын, — деп кішілік көрсетті. «Бара ғой» деген бәріміздің рұқсатымызды алып, атын бозға арқандап, ауылға қарай қырындай аяндап келе жатқан Сылдырбайға барды да, жаңағы тілекті айтты. Ол кісі мақұл көрген лебіз айтысымен, бізге келіп, атқа бет алдық. Біз таянғанда арқан бойындағы бозғылт құрғақ шөпті елеңдей шалып тұрған қара ат басын көтеріп, қасына келген біздерге еліре қарап, қос құлағын қайшылай, мойнындағы арқанын үйіре сүзіп, шаншылып тұра қалды. Осы сәттегі қара аттың көрінісі қолдан жасалған мүсіндей еді. Анау тас төбесінде қайшыласқан қамыс құлақтың арасынан желбірей төгілген күлтелі жібек кекіл, ырғайдай жұп-жұмыр мойынды бойлаған жібек жалға жалғасқан. Үзілген сағақ, кекілденген маңдайдан қобылана түскен кең желбезек қолдыраудай қопсиды. Шоқпардай түйінделген қолтық ет, есіктей енсе мегзеген омыраудан тізерлікке қарай құлай біткен төсі, биік шоқтықтан сауырға қарай күдірлене жон тартқан, арқалық сауырға жалғасқан, сандық текше жая, көтеріңкі сербенге ойып ендіргендей иіле біткен сүбелік төске қарай шеңберлене ойысқан балғын қабырғалар, сомдана жұмырланған денені алып ұшатындай сіңірлі бота тірсек көлбеп жатыр.

Ат қасына келіп, айнала қарап Әбең уәкіл:

— Атыңыздың бағы ашылғай. Жануар бабында тур екен. Өзі қай жаста? — деп Сылдырбайға қазақшалап сыпайы ауыл тілімен ат жайын сұрады. Уәкілдің ат жайынан хабардар екенін түсіне қалған Сылдырбай:

— Әзір тілдігін басқан жоқ. Толған кезі ғой, — деп жымиды.

Бұл күнгі әңгіме осымен тоқтап, енді Байдәулет өлкесінде бас қоспақ болыстық жиналысқа аттанатын болдық.

Байдәулет өлкесі, Тарақты тауының, Мейзек жонымен шекарасындағы Бетсу Шатсудан құйылатын бұлақтар түйіскен ағын сулы, шалғынды алқап болатын. Елдің жиынын сол жерге шақырғанбыз, жайлауға келмей бауыр жайлап қалған елге, жонға барып қонған жайлау елдерінің бас қосуына кереғарлық етпейтін орта қоныс. Ал, жәрдем малы жиналған күнде, өрісі кең, суы мол жер деп шешкенбіз. Сол жерде тігілген үй, арнайы қондырылған ауылдарға қарай бет алдық. Қостанай, Торғайда да жұткершілік болғанымен, Арқаның бұл белесіндегі ел күйлі, қонаққа тігілген үй, қонақасы өз орнымен дұрыс ұйымдастырылған.

Айтылған уақытында жиналған ауыл кеңестер, ауыл белсенділері бар екен. Ел ішінің әлі де сөзге не беделді ел ағалары атанатын адамдары бар, тегіс келген екен. Семейден, үйезден келген уәкілдердің тапсыруымен шақырылған жиналысты келесі күні бастадық. Жиналған топқа алдымен ерікті ағайындық жәрдем жайын, ана Торғай губернасына қараған елдің шаруасы күйзеліп, ашаршылыққа ұшыраған жайын Әбең уәкіл кеңінен келістіре сөйлеп, соған халқымыздың туысқандық, достық жәрдемін көрсетуді, жоғарғы орындардың атынан айтып өтті. Ол кісінің сөзін толықтыра үйездік мекемелердің пікірін басшы азаматтардың губірна мекемелерінің халықтық жәрдем жайлы тапсырмасын ұйымшылдық ықыласпен өткізілуін түсіндіріп Мұқаметқали сөйледі.

Уәкіл жолдастардың сөзі тыңдалып, ендігі мәселе жәрдем қай жолмен, қандай тәртіппен жиналуы сөз болып, ел ішінін азаматтары өз ойларын айта келіп:

— «Халық болып жұмыла жәрдем етуге ұжым қылған екен, оған біз де ат салыстық. Ағайын ашығып отырғанда, жұттан елер тай-тайыншадан аянып бізге не болыпты» десті, ерекше ынта көрсете сөйледі. Қарсылық айтып, қасарыса қайсарлық көрсеткен адам бой көрсетпеді. Жәрдем ерікті, ағайындық үме болғандықтан, ауылнайға бөліп яки шаңыраққа шашыратпай, ел ішінің салмақ көтерер сайлы шаруасы барларынан жиналсын, — деп ұсыныс айтылды. Оған да жұрт қақтығыспай қабылдады. Жиын атынан осы тәртіп қабылданып, жинауды ұйымдастыру жұмысы болатком адамдарына жүктеліп уәкілдер басқа болыстарға аттанды.

Бөрілі қақтың солтүстік иығынан аттанған Сылдырбайлар тобына Көксеңгір бұйратының етегінде түйісіп, тобымызды қомақтандырып, кекілін түйген, құйрығын сүзген үкі үш бәйге атты жер тарпытып, екпіндете жүріп бәйгі сөресінің алқабына жиналған топқа келдік. Айтса айтқандай Бұрылы, Шаған жұртшылығы тайлы-таяғы қалмағандай-ақ жиналған екен. Бөріккен қалың топ, олардың да бәйгіге арнап әкелген саңлақтары, құйрығы сүзулі, кекілі түюлі жел жақ қыратта аңдағайлап жүр. Қара дүрсін топтан бөлектене, шоғырланған бір топ оқшаулау тұр. Олардың киімдері қала сәнімен, қайсы бірімде қалпақ, қайсы бірінде кепке, айрықша көзге түсті. Оларды жүздеспегенмен де, Тобықты азаматтарының Семейден демалысқа жайлауға келгендері екенін топшыладық.

Бұрынғы ел ішінің дәстүрлі тәртібімен өз тобымызды жазбай бәйгі сөресінің өзіміз келген жақ алқабына орын алып аттан түсіп отырдық. Біразда ат бәйгесін басқаратын топтың, уәкілі келіп бізбен танысып, неше ат қосылатын жайларды біліп, аттың бәйгеге айдалар уақытын және ат бәйгесінің қай тәртіппен болатынын айтып келісім алды. Бұл жиын тек ат бәсекесі болғандықтан, қонақ үй тігіліп, қонақасы әзірленбеген, тек таяу ауылдардың ағайындық қонақасысы оз жолымен еді. Аттар іріктеліп, айдаушы алдыңа түсер кезде, Сылдырбай жансыздан Шаған, Бұғылы атпаздарының атақты аттарын барып көріп келді. Бұл жерде сыр аша ат жайлы сөз айтқан жоқ. Бірақ көңілдене жымыңдап, қара атының алды-артына шығып сүйсініп қойды.

Аттарды іріктеп, айдаушылар сайланып шыға бергенде Тобықты жағынан келген екі жігіт: «Қаракесек азаматтары, аттарының бәсекесіне салар жетектеріңді айтып қойындар. Атақты торт аттың бәйгесі ерекше. Торт ат — Аққасқа, Молқоңыр, Кержайдақ, Шимайқара төртеуі өзгелерінен бөлек ерекше торт ат тігілді. Сонда алдыңғы аттың бәйгісі — үш ат, жеті тайынша екінші бәйгі — бір ат, бес тайынша; қалғаны сол аттардың қалған бәйгені келу ретімен алады, — деп жариялады.

— Бас қосқан екенбіз, «той» деп аталмағанмен, бәйгі кешіне құйрығы сүзіліп, кекілі түйіліп саңлақтар жөнелгенде, балтырын түріп, білегін сыбанып балуандар шықпаушы ма еді. Ат келгенше, жым-жырт ойнаймыз ба? — деп, біздің ел ағалары жіберді, — деп Тобықты тобынан келген ділмар жігіт жар салды. — Айта кетейін, біздің топтың палуаны білегін сыбанып, алақанына түкіріп отыр. Сіздің елдің де жігіттері туғанда шешелері қалжасына тоқты-торым жеген шығар, — деп тағы да сөзуарланып ойнақы әзіл айтты.

— Осылардан басқа ел мылқаудай-ақ, қашан да шетінен тақпақтай сөйлеп сайрап тұрады. Біздің жігіттер алып қашпа әдепсіздік етпелік деп осы хабарды күтіп отыр. Бар, ана ел ағаларыңа айт, ол елде де еркек туған, ер жігіт, батыр білекті, барыс жүректілері бар көрінеді де, — деп Сылдырбай сөз кезегін жібермей шенеп тастады. Хабаршы жігіт өз тобына кеткенде Сылдырбай отырған топқа бұрыла қарап:

— Мен сөз есесін жібермей соқтырып жатырмын, кәне, мына майданға балтырын түріп, бұлшық еті шұйіріп шығатын еркек бар ма? — деп бізге күле қарады. Шынында да арнаулы балуан дерлік белгісі кісіміз жоқ еді. Біздің топтың бір жігіт ағасы Уәлихан, әдеттеп мақтанды үнмен тіл қататын үнін соза:

— Ой тәйірі-ай, Шағаннан алып шықты деп естігеніміз жоқ еді. Ей, Мұқажан немене қорбиып отырсың шешін, бар, жырылсаң, жер көтереді, — деп өздеріне еріп келген ортадан гөрі сұңғақтау қара шұбар жігітке әмір ете сөйледі. Орнынан созыла тұрып жайлана шешінген жігітке қарап Сылдырбай:

— Именбей икемді қимылда, атаның аруағын есіңе ал, — деп шұйлеп қойды.

Сылдырбай сөзі жел берген тәрізденіп Мұқажан қарсы алдыңда ойнақтап тұрған орта бойлы ақсұр балуанға екпіндей бет алды. Таяна беріп жерден топырақ уыстап, алпамса денесімен тап берген Мұқажанға, Шаған палуаны жымиып, оқша атылатын барысша қимылдап, ыршып жағадан бір жұлып еріп, айнала беріп, оң аяғымен алшиып тұрған Мұқажанның тілерсегінен те тартып қалып он топшысынан шалқайта тегеурінімен қағып жіберді. Іліп итеріп қағатын әдістен бейхабар Мұқажан серпінді қимылдап, ұшып түсті. Ойнақтап тұрған әдісқой палуан артына бір қарай өз тобына кердеңдей басып жұрт кетті.

— Мына шіркін қолпаштай болып, қолын да тигізе алмай қалды-ау, — деп Сылдырбай Уәлиханға қарай, көзін сықсита жымиды.

— Барымыз сол, Шимай аға, күресте біреу жығылып, біреу жықпай тұра ма? — деп Уәлихан түйіле тіл қатты. Осы кезде менің қасымда отырған болатком хатшысы Шашым:

— Сапа аға, мына менің қасымда отырған жігіт күресе білетін палуан жігіт сіздерге әлгі таныс емес. Бұл мына Бөрілі болысына қараған Жалықпас жігіт, аты — Исмақ. Біраздан бері менің I ін ымда жүр. Осыны шығаралық, — деп сыбырлады.

Ондай дәмелі жігіт болса, дайында, несі бар. Біздің топтан шыққан соң, оның қайдан екенін кім тексереді, — деп мен қуанып кеттім.

Әлгінде Тобықты азаматына сөз есесін айтып жауап қайтарған жаңағы бас палуанға барып жығылып қалған Мұқажанға намыстанып отырған Сылдырбайға Шашым барып түсіндіріп айта қойды. Сонша болмады, Тобықты тобынан ортаға екінші палуан балтырын түріп, білегін сыбанып орта бойлы, мығым денелі, қараторы жігіт кердеңдей басып бой көрсетті. Осы сәтті бағып отырған Шашым де Исмақты шешіндіріп, күреске әзірлеп жатыр. Жалпақ жауырынының топшысы түйдектеле, шалқақ балғын денелі жұмырлана, балтыры жарқырап Исмақ та ортаға шығып күтіп тұрған қарсыласына бет алды. Әдеттегі палуандар дәстүрімен жеріс еңкейіп, топырақ шекімімен қолын құрғата екеуі айқаса кетті. Ана топтан шыққан жігіт аса шапшаң қимылдайтын ымқырулы әдіспен тірсектен іле қағып ұшырып түсірмек болып қимылдап өтті, оның осы әдісін күні бұрын біліп тұрғандай қарсыласының жауырынына қолы тиген Исмақ оның аяғын сермеуіне мұршасын келтірмей, еңкейте басып қалып, іштен шалып жіберіп көтертіп соғып-ақ жіберді.

Бұрылы, Шаған елдерінің ер-азаматы болып жиналған Тобықты азаматтары үркердей топталған біздің шағын адамдардың ішінде мына сияқты алапатты палуан бар деп күтпеген де болу керек. Әлгі бір даурыққан үндері басылып, иықтары төмендеп қалған ажар көрсетті. Өздерінше қапысыз дайындап әкелген осы бір дәмелі палуандары белдесе алмай, тымақтай ұшқаны оңай тиген жоқ. Булардан кейінгі жеңіл-желпі күресті ешкім елей қойған жоқ. Аттар тартусыз, тек келешілер ғана ат жолын бақылап, тәртіпсіздік болмауын қарайтын тапсырмамен жіберілгендер болатын.

Біразда үздік-создық ұйытқыған аттар шаңы да көріне бастады. Топ ағалары атқа мініп елді бөріктірмей аттарынан түсіп бәйгі аттарға топ алдынан жол ашуды ұйымдастырып жүр. Сонша болмады басқа аттан қара үзе ұйытқып шауып, бір баран, бір күлдібадан, алдыңғы аттар тобынан суырыла шығып бәйгі сөресіне қарай құйыла аңыратты. Күлдібадан аттылы біраздан кейін, атының басын іркіп кейіндей берді. Бойы жазылып еркіндей озып алған баран ат құйқылжи ұйтқып сөреге қарай ұрандай ойысқан кезде, қайдан шыға келгені белгісіз, тымағының құлағын жымыра байлап алған, қағылездеу Қарагерге мінген біреу, ағып келе жатқан қара атқа тұра көлденең ат қойды. Қара аттағы бала да топқа бет алғанда осындай жол тосардан кірпік қақпай андып келе жатыр екен, кенет жалт беріп, атын қаққызбай аман өтіп топты жара сөреге бір-ақ тартты. Бәйгі баланың ел ұранын шақыра, жол тосардан аман өткенін көріп отырған жұрт атқа да, балаға да сүйсіне қарасты.

Қара атқа бүйірден қосылып, қағып жықпақ болған қаскүнемді көз жазбай барып отырған біздің топтың екі жігіті, адымын аштырмай ұстап алды. Осы кезде кейінгі аттар да келіп көмбеден өтіп жатты. Елдің дуылдай екі жар бола айтысы айқайға айналып, шаған жағынын адамдары «қара атты, келеші Бүркітбай бәйгі айғырмен тартып оздырыпты, жол тосу, көлденең шабу соның қарымжысын алу екен» деп табан астынан дау туғызды.

Келеші Бүркітбаймен бірге барған Шаған елінің келеші адамы Тоқтар шақырылып, Бүркітбайдың қара аттың шылбырын алып тартқаны болды ма деп сұралғанда, ол:

— Аттар біз тосып қалған белеске келгенде бірінен-бірі озбай үзеңгі қағысқандай қатар келеді екен. Біз айқай салып өз аттарымызды жанамалай қосыла көтермеледік. Ол жерде Бүркітбай ат шылбырын алып тартқан жоқ. Біздің айқайымыз көтерілді ме, әлде ана қу бала атын тежеп келе ме, кім білсін қара ат сытылып алға түсе берді. Бүркітбай сол аржақ шақырған бетімен қара аттан қалмай бір қабақшадан аса берді. Оған ілесе қыр асқан Молқоңыр еді. Мен аққасқаны көтермелей кейіндеу қалдым — деп екі ұштылау сөйледі.

Келешіге дейін үзеңгі қағысып келген қара аттың, Бүркітбайға қосылысымен қара үзе жымырауы тек емес. Мына көк айғырдың аптыққан арынымен мүлде көтеріп әкеткен ғой. Егер ондай еркін озар болса, қара аттың баласы кімді қимай қатарласып отырады, — деп дәукес Тынымбай күжілдеп омыраулады.

Онда ілесе шыққан қоңыр аттың бәйгі баласынан сұралсын. Ол Бүркітбайдың тақымына шылбыр салып сүйрегенін көрсе айтар деп біздің жақтан Хасен сөзге кірісті. Екі жақ осыған тоқтап қоңыр аттың бәйгі баласын ортаға алды.

Көк айғырлы келеші қара атты шылбырынан алып тартты ма деген сұраққа бала өтірік айта алмады.

— Жанамалап көтермелей айқай салғаны болмаса, атты тартқан жоқ, — деп тура айтып салды. Бәйгі баланың куәлігінен аттай алмаған Тынымбай:

— Аты тартусыз, еркін озатын болғанда қара аттың баласы атын неге тежеп отырды екен? — деп тағы өзінін қиқар қисық дауын тоқтатпады.

Олай болса, қара аттың баласын да шақырып сұралық, — леи Хасен Тынымбайға кекесінді қабақпен тіл қатты.

— Несі бар, сұраймыз. Балаларыңды шақырып, — деп Тынымбай да қатулана сөйледі. Атын аяңдатып жүрген, қара аттың бәйгі баласын шақырып:

Сен келеші келгенше өзіңмен үзенгі қағысқан аққасқа мен қоңыр аттан неге озып кетпедің? — деген сұраққа бала жымиып:

— Маған әкем айтқан, атты жер түбінен қайтарғанда жем жоғын ал. Келешіге келгенше атыңа қамшы салма. Жолда алды-артыңа қарап отыр, кейбір қу балалар, аттың құйысқанына қамшысын іліп алып, атына дем алғызады. Және аңдығанын аққасқа мен қоңыр ат болсын. Олармен қатарласа қалсаң келешіге келгенше озба. Солардың шабысын аңдып отыр деген. Мен сол әкемнің айтқанын істеп сол екі атты андып, жел жағына салып қойып еркін отырдым» деп бала барлық әдіс-айласын айтып беріп Тынымбайдың үнін өшірді.

Кейінгі палуаны жығылып, үндері бәсеңдеп отырған топқа қара аттың тұяғынан көтерілген әлсіз тозаң да оңай соққы болмаған тәрізденді. Қара үзіңкіреп, жеке-дара келген қара аттың артынан Аққасқа мен Молқоңырлар келді.

Азуын басқан екі елдің ат бәсекесі осы бір көзбен көріп, қолдан атқарған сәтте осылай аяқтап еді. Өткен уақыт қашанда ертегі тәрізденеді. Бірақ, болмыстың өзінде ертегіге ұқсас болатын кездері аз болмайды. Осы мәжіліс те ешбір қосымшасыз шындықпен жазылды. Сонау қара атқа мінген баланың ел ұранын айтып, топты жара құйғыта шыққан үнін естігенде, орнынан ұшып тұрған Әміре қасындағылары байқамай да қалыпты. Ол сол тұрған бетімен, сыртта матастыруда тұрған атына мініп, Шаған, Бұғылы елінің тобынан шығып тура бізге келді. Әміренің ол топта отырғанын біз білгеніміз де жоқты. Қуаныса амандасып, қайдан қашан келгенін сұрасып жатырмыз. Ақкөңіл, сөзге олақ Әміре аузы далия ыржия күліп, «менің жүріс-тұрысым қызық қой. Мына Шағанның Жана Семейде тұратындары бар емес пе, солар осы жайлауда үлкен ат шабыс болады, жайлауға барамыз, ел қызығын көреміз, деген соң солармен бірге Әмзенің аулына келгем. Оның Исмағұлы оқыған жігіт қой. Қызметтен демалысқа шыққан еді. Сол ар мен бірге отырғанда, жаңа қара аттың үстіндегі бала елінің ұранын айтқанда, тұла бойым шымырлап, орнымда отыра алмадым. Сонан тура сіздерге сәлемдесе келдім. Ел аруағын шақырған қиын екен, — деп біраз отыра кетіп тұрғандай болды.

Ойда жоқта қолымызға түскен Әмірені босатпадық. Ал, сүйегіңе қызып біздің топқа келген екенсің, біздің елде мына жайлауда бізбен жүр, — деп қолқаладық.

— Туысқандық құрметтеріңізге қуанам, төбем көкке көтерілгендей мақтанып қалдым ғой. Aл, бүгін сендермен еріп кетпеймін. Әлі де олардың тобына барайын. Бүгін Семейден бірге келген досыммен бірге болып, ертең мына Сылдырбай ағайдың аулына келейін. Сол жерден жолығалық, — деп бізден рұқсат алып, Әміре барып Семейден бірге келген тобына қосылды. Бар бәйгені алып, Шаған мен Бұрылы болыстарының алқынып келген атбегілерінің сәйгүліктерінің ұршығын сылқылдатып тілерсегіне соқтырып біз де ауылға оралдық.

Біз сол күні қайта оралып Сылбырбай аулына келіп, өзімізше сауық құрып, қара ат пен Исмақ балуанның белдескен жерде мерейімізді үстем еткен өнерлерін мадақтап, думандадық. Ертеңіне күткен уақытта айтқан уәдесі бойынша Әміре де келді. Әмзе аулынан ертіп келген атқосшы жігіт Әміреге:

— Әнші аға, аулыңызға келдіңіз, байқауымша әзірше осында болатын түріңіз бар. Егер рұқсат етсеңіз мен қайтайын — деді.

— Иә, мен біраз осы елде болам. Смағұлға айтқамын. Сәлем айт, — деп жолдасын қайтаруға кірісті. Қонақтары қонақтары үнсіз отырған Сылдырбай:

— Әміре, сен ел сағынып, жер сағынып, ағайын ортасына келдің. Ана мініп келген атың өзімдікі емес шығар. Оны да қайтар. Тар ақты деген бір қауым елміз ғой, сен міндетін тай табылар, — деп күлді.

— Сіз қайтар десеңіз, қайтарайын. Серік деген ағамның бір ауыз өлеңін естігенім бар еді. Сол есіне түсіп, жаяу қалам ба деп, сенбей отыр едім, — деп күлді. Мұндай жерде әзіл-қалжың аяқсыз қала ма, біз ол қандай өлең деп жабыса кеттік.

— Ой, ол Серік ит менімен құрдас болатын. Ат қоңайсын дегенге шыдамай айтып жүргені ғой, — деп Сылдырбай әдеттегі сөзшеңдігіне салып ол өлеңнің айтылмағанын ұнатты. Оған біз боламыз ба, Әміреге қоймай айтқыздық «Ассалаумағалайкүм мырза Сылдыр, Көзіме көрінесің алдыр-бұлдыр, Бүгін келсем ертең кел деп жылжытпай, Құрбыңның ат сұраған көңілін тындыр» дегенін өзінен естіген едім. Ол Серік ағай мені әнге баулыған, гармоньға үйреткен кісі еді. Әрі ақын, әрі әнші, жаны сері адам еді, — деп Әміре әнші ағасын есіне алып мұңайды. Біз әзілдес ағай Сылдырбайға:

— Біз әлгі бір Әміреге Әмзенің аулынан мініп келген тайды қайтар, Тарақтыдан сені мінер тай табылар дегенге мырза кісі екен деп қалып ек, мына Серіктің өлеңіне Қарағанда саран екенсіз, — деп жанына тидік.

— Олай болса мен сендерге сараңдықты көрсетейін, — деп сол жерде Әміреге қояндай бір боз бестіні ерттетіп берді.

Арқа жазының әсем бір кездері ғой, айнадай жарқыраған Бөрілі қақтың айдыны аққуын жүздіріп, аспанмен меңзеп шалқалайды. Көк шалғынды алқапқа алқалай қонған ауылдар, қойын өргізіп, жылқысын үйірлей өрістетіп әр шаруа өз әлінше сәнденуде. Біз осы бір әсем уақытты қоштағандай жақында ғана атқарған науқан даңғазасынан демалыс етіп атақты әншінің туған елге аңсап келген ықласына құрмет көрсеттік. Өзіміздің ішіміздегі сауатты жас жігіт қадау сияқты әншіні де Әміре ағасының қасына қосып, бірнеше ауылды аралап сауық істедік.

Әміренің туған елі Дегелең болысына қараған Тарақты руы, оның ішінде Атан, оның ішінде Ала көз Шәку деген атанын баласы екен. Әміренің әкесі Қашаубай Әміре туған кезде кедейлікпен сонау Қарқаралы маңындағы бір жекжатына барып, сонан Семей түсіпті. Әміренің бұл сияқты өмірбаянын осы бір кездескен уақытта сұрап таныстым. Әміренің әнін бұдан екі-үш жыл бұрын Қажымұқан Семейге келгендегі мәжілісте естігенмін. Оның «Ағашаяқ» әнін, «Екі жирен», «Қарға» сияқты әсем әнді оз мәнерімен ғажап зор тыныспен біресе домбыра, біресе гармонмен соқтыратын асқақ үнін мынау арқа жайлауында тағы шырқаттық. Арқаның әсем жазы, аңсаған ауылы, Мейзек жонынын қоңыржай самалы әсер еткен Әміре көкірегінен гүл ойнатқандай бір ғажап күңгірт аңырайды. Оның ә дегенде аңқып асқақтай шығып толқынды иіндей нақыстанатын үні ғажап бір ырғақ иіндеді. Әсіресе сол кезде жана естіліп қызыға тыңдалып жүрген «Екі жирен» әнін тамаша тамылжытты. «Ағаш-аяқтың» аяқ, жеріндегі тынымдарындағы жылай сергитін жерінде өзгеше өрнекпен тындырды.

Ата-бабасының туған жерін аралатып, сол атасының руларынан өсіп-өнген бірнеше ауылдарын аралатып, Әмірені қайтадан өзімен бірге Семейден келген жолдасына шығарып салдық.

VII

Мұқаметқали өткен жылғы Торғайға жәрдем жинаудан кейін елге оралмады. Өйткені ол әскери қызметпен және Уком тапсырмаларымен үйездің шалғай атыраптарына барып, ылғи ат үстінде болды. Мен Қарқаралы үйезінің атқару комитетінің бір бөлімінің меңгерушісі болып өткен сайлауда үйезде қызметке тағайындалсам да, мен де отырып істемедім. Кейбір болыстарда кеңес тәртібін бұрмалау, ру партиясының қоқсыған айтыс-тартысы сияқты жайларды тексеру, ауылды кеңестендіру, мектеп ашу сияқты істермен үнемі болыстан болысқа барып істеп жүрдім. Гүбірналық конференция болып, сонда Мұқаметқалидың Губком мүшелігіне сайланып, онан губсотқа мүше болып қызметке тағайындалғаны газетке жазылып, сонан оқығам. Енді ол губірнада қызмет істейтін болды ғой деген ойда едім. Бір күні Қарқаралыдан өз атыма жазылған тығыз қатынас алдым. Қатынас қағазға қол қойған Мұқаметқали. Оқып көрсем «мына қатынас қағазды алысымен Қарқаралыға тез жетіңіз. 37 аудан халық сотының жұмысын қабылдап қызметіңізге кірісіңіз» депті. Ойда жоқта жазылған қатынас, халық соттарының ел ішінде жүргізген жұмыстарын сырттай естіген, кейде жұмыс үстінде көргенім болмаса, ешбір хабарым жоқ, жұмысқа сырттан тағайындалғаныма ойланып та, таңданып та қалдым. Бірақ, ондай үлкен сенім көрсетіп, жауапты жұмыс тапсырғанға іштей қарсы да болғаным жоқ.

Қарқаралыға таяна бергенде-ақ «Тәтімов келіп, барлық соттарды орнынан алып, прокурор болып отырған Садықтың өзін де тексеріп жатыр, өзі мүлде күшейіп келсе керек», деген алып-қашты дақпырт дүңкілі естіліп жатты. Қалаға келісімен Мұқаметқалидың жататын үйіне бардым. Бұл жолы онда түспепті. Семейден конференцияға бірге барған жолдасы Хасен Жақашовтың үйінде екен. Сол жерде кездестірдім. Амандық-саулық сұрасып, жана қызметі, жалпы гүбірна тарапынан не жаналық деген жайларға келіп, мен бұрынғы тұрған үйіне барғанымды айттым.

— Иә, мен ол үйден біржолата көшкенім жоқ. Бір жағдаймен мына Хасенмен бірге келіп, осының үйіне түстім. Ол жөнінде өзіңмен ақылдасар бір жәйіт та бар. Алдымен ана Дарабайдан жұмысыңды ал. Бір сұрайтыным, менің осы қалада істейтін біраз ойлы-қырлы қызметім болады. Олар жөнінде кешірек әңгімелесерміз, — деп шұғыл тоқтады.

Осы сәтте жымыңдай «ассаламағалайкүм» деп Өміртай кіріп келді. Мұқаметқали оның сәлемін ауыл адамдарының сүйсіне сәлем алатын үніне салып «уағалайкүм-әссәләм, бала молда, жоғары шық!» деп күле қолын алды. Мен де амандастым.

— Сапарғали, мына Мусин Өміртай бала молданы білесің ғой. Бұл Берікқара, Темірші, Нұра болыстарына қараған елдің тергеушісі. Жолдарың бір. Өзі Семейде кездесіп жөнін айтты. Угар екеуміз партия қатарына кіруге куәлік беріп өткіздік. Енді бұл бала молда емес, халық тергеушісі, — деп күлді.

Мен Өміртайды білетінмін. Оның Семейге оқу іздеп барған хабарын да естігем. Бірақ қалайша бала молда атанып жүргенін естімеген едім. Мұқаметқалидың: «бала молда» деген сөзінде бір қалжың астар барын байқап:

Партияның жолы мен молданың жолы үйлеспейді ғой. Өзің молда екенін біле тұрып қалайша партия қатарына ұсынды? — дедім. Мұқаметқали күліп:

— Бұған молдалық қайдан келсін, оқымысты молда едім, деп мақтанбақшы болғаны ғой. Біз Угар екеуміз жатқан үйге келіп, бізге жөнін айтып, танысып, кешкі бір курстан оқып жүргенін айтып кеткен. Ертеңіне «партияға өтейін деп ем, маған екеуің куәлік бер» деп қолында партияға өтуге толтырған анкетасын әкеліп алдымызға қойды. Оқып көрсек, «оқуың қандай?» деген графаға, «ауылдық медіреседе оқыдым. Соны бітіріп молда болып бала оқыттым» деп жазыпты. Біздің қазақ, даласында ескіше түркі сауаты бар адамды молда дейді ғой. Өміртай бала молда болып біреулердің жас баласын оқытқаны бар көрінеді. Соны өзінше бір ғылыми жоғары білімі бар молдамын деп ойлаған болса керек. Біз анкетаның ол графасын дұрыстап, түркіше хат танимын деп жаздырып, партияға қабылдауға ұсындық, — деп Өміртайдың партияға түсу тарихын айтып бәрімізді күлдірді. Өміртай әдеттегісінше күліп, шындыққа сөз қайырмай мойындайтын әдетімен:

— Солай деп ыбылжығаным рас, — деп күлдірді. Сөйтіп жана тергеушінің бірі «бала молда» Өміртай да қызметіне кірісті.

Сол күннің ертеңінде губсоттан келген қағаз бойынша, судья мандатын алып, Дарабаевтан жұмысты қабылдадым. Қабырғалы халық соты деген атақ құлақты жаңғырықтырды. Атақ оз алдыңа, жұмыс қалай жүргізіледі? Мендегі іштей бір күдік осы жағында. Бір жақсы жері, жана шыққан заң кітаптары тегіс келіп қолға берілді. Күні, түні демей шама келгенше сол кітаптағы жазылған заң жүйесімен танысып, оның үстіне осы жаңа заң тәртібін жүргізудегі заң басқармасынан келген нұсқау хатпен танысып, жана міндетке бар ынтамен кіріскен болып тырысудамын.

Мен жатқан үйді көріп, біраз отырып, «өзім келем» деп кеткен Мұқаметқали көп күттірген жоқ. Ертелетіп Хасенді ертіп жетіп келді. Әскери тәртіпке пісіп алған Мұқаметқали, жәй қызмет үстінде де сол жүріс-тұрысын бұлжытпайтын:

— Мен әлі үйленіп тұрмыс құрғаным жоқ. Оны жақсы білесін. Менің шешемнің, ағамның ойларын да білесің. Олар — әкең атастырған қалыңдығын бар, соны ал» деп мазалайды. Менің қызмет жайым, шешемнің қолына қазақшылап келін түсіріп, қасында болуға үйлеспейді. Осындай жайлармен менің бір үйлену жөнінде ойым бар еді. Оны мына Хасен жақсы біледі. Мен былтырдан бергі жатып жүрген үйімнің жасөспірім қызы бар. Соған үйленгім келеді, жас, жас та болса маған серік боларлық бір тұйғын қыз. Өзінен сөз тартып айтып көріп ем, «кет әрі емес, бар айтатыны: «тәтем көнсе, мен қарсы болмайын» дейді. Сондықтан, Хасен екеуің барып, Биби жеңгелеріңе сөйлесіңдер. Баласы ықтияр, рұқсатын берсін. Өзім қолында болайын, — деп Мұқаметқали жаңалық сырын шертті. Қасқа тісін ақсита ырситып Хасен де:

— Менен көрі қазақ сөзіне ыңғайың бар деп, Мұқаметқали мұны маған конференцияға жүрместен бұрын айтып еді. Мен конференцияға барып келелік деп тоқтатқанмын-ды. Мұқаметқалидың үйленер уақыты жетті ғой. Қалай да осы өзі қалап сөз байлаған қызын алып беріп, аяғын шырмайық, — деп күлді. «Олай болса дұрыс екен, сөйлесейік» деген байламға келіп Хасен екеуміз сол күні кешкілікте Бибі жеңгейдің үйіне келдік. Бұдан бұрын Мұқаметқалиға келіп жолығып жүргенде танысқан едім. Жадыраңқы, мейірбан қабағымен қарсы алатын әдетімен Бибі жеңгей:

— Төрлетіңдер, азаматтар, — деп жылы шырай көрсетті.

Амандасып, хал-жай сұраса біраз отырып, сөз бастадық.

Хасеннің маған айтқан ескертуі бар еді «қазақ әдет-ғұрпына менен көрі оңтайлысыз, сөзді сіз бастарсыз» деген.

— «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген халқымыздың аталы сөзі бар ғой. Бибіке жеңгей, біз бір үлкен жақсы тілекпен келіп отырмыз. Мұқаметқали біраздан бері сіздің үйге дәмдес болып, бір жағынан балаңыздай болып қолыңызға үйреніп еді. Енді сізге біржолата бала болғысы келетін көрінеді. Семейден қайтқан жолында үйіңізге тура келіп түспегені де, қазақ ғұрпымен ибадат сақтапты. Сізге бұдан арғысын шежірелеудің жөні де келмес, — деп тоқтадым. Сабырлы саналы ажарын өзгертпеген Бибі жеңгей әдеттегі әйел таңданысының белгісі ерінің жымыра таңдайын тырс еткізіп:

— Азаматтар, тілектеріңіз де, қолқаларыңыз да салмақты екен. Илаһи сәтті сағат болсын. Бұл бір үш ұйықтасам ойыма оралмайтын шаруа екен. Менің Шәкіжаным тіпті жас қой. Мұқаметқали сияқты ірі қызметтегі адамға босаға серік болар кәмелетке толған жоқ қой. Бұл маған айтқан ат өтті ме, сірә Шәкіжаннан ықтиярлық лебіз болған ба екен? — деп алыстан ойлана тіл қатты. Ана сөзінің бәрі орынды. Өмір жолы, от басының орнықты, сайлы болар жайы, балалықпен айтылған асығыс жел сөз бе, өмірін де тори айтты.

— Біздің айтарымыз Мұқаметқалидың өз сенімі. Өз өмірінің алдағы жобасын топшылаған, кәмелетті азамат тапсырмасы. Мен осындай ойларды қорыта келіп:

— Бибіке, біз болашақ балаңыз, заманымыздың ардақты азаматы Мұқаметқалидың сеніммен айтқан, ақ көңіл, адал жүрегінен сізге өтіне айтыңдар деген тілегін әкеліп отырмыз. Ол жағынан балаларыңызға өзіңіз сеніңіз, — дедім.

— Иә, шырақтарым, ендігі міндет те, билік те менде боларын ойлап отырмын. Сіздерге айтар сөзім, менің де туысым бар, ат жалын тартып мінген үй азаматы балам бар және сол өздерің жіп тағып отырған балам бар. Солармен тілдесіп, жай-жағдайды білейін. Жалғыз өзім сіздерге не шешім айта қояйын, — деген жылы да орынды сөзін айтты.

«Орынды сөзге ойсыз таласады» деген бар ғой. Біз ана өтінішіне шек айтқанымыз жоқ. Тек, Мұқаметқалидың қызметі оның алдағы орталыққа баратын жүріс-тұрысы жайын айта келіп, жауабын ұзатпауды өтіндік. Оған ана да ұзатпаспын деген лебіз айтты.

Біз құдалық сөйлесіп қайтып келсек, Мұқаметқалидың қасында Өтеубай отыр. Ол анадағы үйездік конференция шешімімен бірнеше болыстан бастауыш партия ұйытқысы ячейка ұйымдастыру жұмысынан оралғалы Мұқаметқалиға кездеспеген екен. Өзі барып қайтқан елдерінің жайын, ұйымдастырған ячейкелерін айтып отырған үстіне келдік. Мен Өтеубайды бұдан екі жыл бұрын Ақбота елінде көргенмін. Ол кездесуім — Қарқаралы үйезінен Ақмола арқылы Омбыдағы теміржол станциясына астық жеткізуге Трутин деген қызыл әскер қатарынан келген жауынгермен бірге келіп көлік жинап қайтқаны бар-ды. Сол келгеніндегі бірнеше күн бірге болып барлық өмірбаяны жөнінде өзі айтып таныстырған еді. Жанадан жон сұрасқанымыз жоқ. Тек осы жолғы тындырған жұмысын тыңдадық.

— Ал, өзің Дегелең болысынан ячейке ұйытқысын таптың ба? — деген Мұқаметқали сұрағына:

— Қызыл әскер қатарында болып, сонан елге босап келген Күзеубаев деген жігіт бар екен. Өзі 19-жылдан партия қатарында екен. Соны тауып, Әбдібақы деген Семейден келген аз сауатты жұмыскер жас бар екен, Иса деген мұғалім және сол Исаның інісі Нұрғали Пайзоллин деген бар екен. Солардан партия ячейкесінің үйірмесін құрап, үйезде өткізілмек қысқа мерзімді дайындыққа ана Күзеубаевты белгіледім. Әрине, ел іші әлі ячейка жайына етпеттей қоймайды, — деп Өтеубай істеген жұмысын да баяндады.

— Әзірше ел ішінен партия қатарының түсінікті адамын табу қиын. Өйткені ел ішіне партия жолы былай тұрсын, кеңестің жолының өзі жеткілікті үгіттелмей, әлі де ескі салт-сананың қаймағы қалпында ғой, — деп Мұқаметқали, әнеугі конференцияда айтқан ойын бір қозғап өтті. Енді Қарқаралы қаласында болып жатқан жаңалыққа сөз ауысып, үйездік заң бөлімінен бастап, участке соттарының бәрі жаңарып, жастардан тағайындалып, біраз жаңалық болғаны айтылды. Осы жерде Өтеубай өзі естіген тағы бір жаңалықты айтты:

— Менің естуімше Садық прокурор Семейге жылжып кетіпті. Сірә, мына қалада болудан қорықса керек. Жұмысын өзінің көмекшісіне қалдырып, кеше түнделетіп жөнеліпті, — деп тоқтады.

— Алда, соққан-ай, зытқан екен ғой. Барса барсын. Қайта ондайлармен алысқаннан қарасы өше берсін, — деген ойлар айтылды.

Мұқаметқали ертеңіне өз ісіне кірісіп, уездегі заң қызметкерлерінің жаңа тобына жөн сілтеп, қызметтеріне кірісті. Мұқаметқали губсоттан уәкілді алып шыққанын есіткенде үрейленген кейбір совет сот қызметінде ағат үстірт заңсыздық істегендер құрдай жорғалап, сүтке тиген мысықтай арттарынан пысқан екен. Отан Мұқаметқали өзі араласпады. Оларды жауапқа алуды жаңадан тағайындалған уезді заң прокурорына тапсырып, соған міндеттеді.

«Әскери тәртіп өзгеріп, жаңа үнем саясатының ішкі істі басқарудағы жаңа тәртібіне қайшы шара қолданбай, әрбір іс заң тәртібімен тексерілуіне бет бұрылсын» деген кеңес айтылып, заң қызметіне кіріскен тергеушілерге бірнеше күндей түсінік жүргізіліп, кеңесті нұсқаулар берілді.

ОНЫНШЫ ТАРАУ

I

Мұқаметқали арнайы алып келген губерна тапсырмаларын орындап, енді өзінің отбасылық өміріне ойысты. Жанадан тағайындалған сот тергеушілер де өздеріне қарасты учаскелеріне аттануға қамданып қызметтеріне кірісе бастады. Мен түскен үйге кешке жақын Мұқаметқали өзі келді. Амандық артынан:

— Ана бір бастаған сөзді тындырған дұрыс болар еді. Естуім, Бибі жеңгейді Қарқаралының кертартпа ескішіл қызыл ауыздары, қатын-қалаштары қамалап жүрген көрінеді. Осыған тезірек барып болатын жайды жеткізіп аяқтасаңшы, — деп түйіле сөйледі. Мұқаметқалидың бір беттеген ісіне жігерлене кірісіп, орындағанша түйіле қимылдайтынын түсінетін маған, оның бір жарамсыз хабар естіп түйіп келгені сезіле қалды. Енді оны созудың мағынасы жоқ. Кейінгі күндері жанадан тағайындалған аудан сотының жұмысын қабылдап бөгелеңдеп қалған едім:

— Өзін ондай хабарды кімнен алдың, маған айтып берші, — деп мен одан естіген хабарының жайын сұрадым.

— Ана Тәкіштің келіншегі кеше Бекбаудың Омарының үйіне барған екен. Соған Омардың әйелі шала-қазақ қызы ғой. Сол айтыпты. «Ана Мұқаметқали немене күйбеңдеп жүр. Күйеуіңе айт, жолдас қой, асықтырсын. Менің естуіме бұл іске Бәтен бәйбіше кірісіп жатқан көрінеді. Ана Бибекен Бәтеннің айтқанынан шыға алса жарар еді. «Көкте байлау, жерде тұрағы жоқ, бір жалаң аяқтың, немене, мылтығына қызықтың ба? Қызың оң-солын танысын. Аталы ауылдың кісі салған сөзі бар емес пе еді. Мыңқыш ауылын олқысынып отырмысың. Өткелді сезіп дайын емес пе. Балама жіп таққан жері бар демейсің бе» деп, құдалықтың сан қиян-кескі сөзіне кірісіп ысқаяқтанып алған Бәтен бәйбіше Бибікенді мүлде ығыстырып тастапты. Мыңқыш ауылы деп отырғаны ана Сәнекеңнің Қасымының Зікірия деген тергеуші болып жүрген оқыған баласы Шәкітайды өткен күзде әйел үстіне тоқалдыққа сұрапты ғой. Онымен Бибекен балам жас деп ықтияр бола қоймаса керек. Ол Зікірияны тауып, осы құдалықты сабақтап жүрген де сол Бәтен бәйбішенің өзі болса керек. Ол қақбас араласса бір бүйректен сирақ шығармай қоймайды. Алдың ала ақылдас, — депті міне, мен естіген әңгіме. Мына Қарқаралы жатағының өсек баққан сұрқия тұрғындары барлық жұмысқа тұмсығын тығады. Мұның бір ұшығы бізге қарсы өшігіп отырған оқығансымақтардың отының басында өрістейтін болар, — деп тоқтады.

Мұқаметқалидың хабары мені қатты ойландырды. Өйткені сонау жасөспірім шағынан тірлік талқысында, тұрағы түз болып, от басына орнықпағанын осы сөзді бастарда өзі бір мақсат етіп айтып еді. Енді өзі қалап ұя таптым ба деген отынын басында табан астынан тартыс талқысы елес берген. Бұған енді барды сала кірісу керек болды. Хасенді үйінен таппадым. Қызмет орнына баруға ылайықсыз көріп, неде болса Бибекеңе өзім-ақ жолығып тілдесіп көрейін, — деп тұра сол үйге тарттым. Мен келгенде Бибекеңе үлкен ұлы Шәмел үйінде екен. Және Темірші елінің адамы Жақыпбек деген кісі бар екен. Бәрімен амандасып, жай-күй сұрастық. Жақыпбекті бұрын көрмеген едім. Сапылдап ашық сөйлеп отыратын әзілшіл адам екен.

— Сырт естуім, Татимовпен туыс әрі жолдас көрінесіз. Біз осы отырғанда сол Татимов жайын сөз етіп отыр едік. Шынын айтайын, біздің Бибі құдағи олқылы-толқылы болып, ақылшы тәтейлерінің тізе қақпайына түсіп қалыпты — деп күлді.

Мен Жақыпбек деген кісіні бұрын көрмесем де, Бибекеннің құдасы, үлкен қызының атасы екенін естігенім бар-ды. Сол жағын ойыма тоқи отырып қалжың да араластырып: — Құдағи құдашаларыңыздың сырын аз тұрғанда кімнен сұраймыз. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген халқымыздың нақыл сөзі бар еді. Өз алдымнан шыққанға көтеріліп қалдым, — деп Жақаннан сөз тарттым. Жақыпбек көзінің қиығымен Бибі құдағиға жымиып қарады да:

— Біздің қақсал құдашалардың көңілі көкте, көздері мал мен атақта болады. Мен мына Бибі құдағиымның азды-көпті тіршілігін қолымнан өткеріп келем. Бұл кісі тәтейлер талқысынан ертерек қол үзіп кеткен кісі еді. Адам қашан болсын өмірдің соққысына ұрынбай жүре ме, басынан бағы ұшып жолдасынан айрылып, қызыл қырын жас балаларымен жесір қалды да, күн көріс жайымен осы қалаға орналасып еді. Сонан амалсыздан кейбір тәтелерімен ақылдас, сырлас болып жүрген. Сол тәтесі біздің құдағиға ақылшы болып, «қызынды өзіне тірек болатын атағы бар, дәлел бар жерге бер. Оны өзім тауып берем» деп кімге жіп тағатынын да айтып, орнын да сайлай бастырмалатыпты. «Несін бүгін айтайын, кекте байлау, жерде тірегі жоқ, жаяу солдатқа қызынды не деп бересің» деп мүлде мәржімкеге алыпты. Сонан құдағиым не дерін білмей қиналып отыр, — деп біраз тоқталды.

— Сөз былай болсын. Менде осы үйге жана келіп отырмын. Әлі біз өзара сөзімізді пісіргеніміз жоқ. Біздің құдағидың тағы ақылдасар адамы бар көрінеді. Бүгінше бізге мүрсатана беріңіз. Ертең түс ауа келіңіз. Сәті болып қалар, — деп Жақыпбек қасында үнсіз тұқип отырған Шәмелге қарады.

Мұқаметқалидың естіп келгені Жақанның айтуында ешбір өзгеріссіз шындық болды. Анадағы өзіміз келіп сөйлесіп кеткендей Бибекең де ажарлы емес. Үлкен ойда отыр.

— Соныңыз дұрыс, ертеңге дейін қалдыра тұралық, деп бағанадан үлкен көзі бадырайып үнсіз отырған Шәмел де Жақыпбекке қосылды. Мен осы сөзді ұстап, үйге қайттым. Менің келуімді тағатсыздана күтіп қызметінен оралған Мұқаметқали да келіп қалды. Бұл жолы жалғыз келген жоқ, Тәкішті ерте келді. Мұқаметқали тапқыр қалжыңында жаңылмайтын әдетін істеп:

— Құда түсетін болдың ба? Күйеу жолдасқа мына Тәкішті әдейі ерте келдім, — деп Тәкішке қарап күлді. Тәкіштің кішкене қой көзі күлімдеп, әдетіндегі жымия үн қататынын істеп:

— Біз дайын отырмыз. Шалақазақтар шартарапты шарламай сөзін бірден байласа жарар еді, — деді. Тәкішті ішімнен қала жатағының жалаңтөс шауып кел жасы көретін едім. Мына сөзіне қарап әрбір қауымның мінез-құлқын, әдет-салтын саралай білетін жас па деп ойланып, бәрің де осы қаланын тұрғындарысыңдар. Ауылдарыңның сыры өздеріңе мәлім болар, — деп күлдім. Өзі де оған қарсы дау айтқан жоқ.

— Ауыл біздің, әртүрлі халықтан құралған қырық румыз, ғой, — деп жымиды. Мен сізді ертеңге байлап қайтқанымды, Жақыпбекке кездескенімді айттым. Сөздің кейінге созылғанын аса ұната қоймай Мұқаметқали түнере үнсіз Тәкішке қарады. Тәкіш біраз үнсіз отырды да:

— Сіз барғанда Шәмел бар ма екен үйінде, — деп ойлана сұрады. — Шәмел бар екен. Жақыпбек екеуі бірыңғай ма, деп қалдым. Өйткені ертеңгіге мүрсатана сұраған сөзді Жақыпбек айтқанда, оны Шәмел де қосарланып қуаттады деп едім.

— Шәмелге Жақыпбек құдаларының келгені жақсы болған. Екеуі ауыз біріктірсе Бибекеңді іліктірер. Ал мен Шәмелмен кеше сөйлескем. Ол біздің бетімізде. Қаршадай қарындасын байдың баласына қатын үстіне бергісі келмейді. Оған билетсе Мұқаметқалимен туысуға құштар. Ал Шәмелді ана Бәтен сияқты көне өмірдің көк кемпірлері «дінсіз коменест» деп ұнатпайды. Олар амалсыз бағынып отырған көк жұлындар. Біздерге үрке қарайды, — деп Тәкіш өз ойын тағы бір баян етті.

Сонымен біз ертеңге қарап тарадық. Қарамасқа амалымыз да жоқ. Әйел басы алаңсыз азат деп үйге жетектеп алып келуге Шәкітай кемеліне келіп өзін-өзі басқарған қыз емес. Әлі шешесінің ашса аясында, жұмса жұмырығындағы жасөспірім қыз. Белсеніп шыға келер беті ашылмаған жас. Және Мұқаметқалидың өз айтуында, Шәкітайға бір оңашада өз ойын айтқанда, «Тәтемнің рұқсатынсыз мен сізге сөз бере алмаймын» депті Мұқаметқалидың қатты ұстанып, ананың ақ ниетін қадап бізді жаушы яки құдалық сөйлестіріп отырғанның да мәнісі осы.

Ертеңгі күнді асыға күтіп біз толғанып жүргенде Бибекең үйінде қандай айтыс тартыс болды. Артынан естісек те бейнелеп кетелік. Бізді шығарып салып Жақыпбек пен Шәмел екеуі Бибіні қолға алады. Сөзді Шәмел бастайды:

— Жақа, сіз біздің ең жанашыр жақын адамымызсыз. Біздің мына шешеміз екеуіміздің келісе алмай отырған жайымызды көріп отырсыз, бұл кісі мына жаңа заманды әлі түсіне қоймаған адам. Ана бір қақсал тәтейлер бір нәрсе айтса, соған имандай үйи қалады. Олар болса біздің тәртібімізге мүлде қарсы. Мен Шәкіжанды қатын үстіне тоқалдыққа беруге мүлде қарсымын. Баяғыда Мыңқыш ауылы атағы бар, дәулеті бар деп біз қызығатын не бар. Олардың ұрпақтары баяғыны көксеп үйірлеп әйел ұстаған дәуренді іздейді. Ал бізді құда деп, қызын алдым деп қай тендікке ұстайды. Шәкітайды күң, бізді күл етіп байлығына телміртпек қой. Оған мен көнбеймін. Олардың ол заманы өткен, — деп долдана көзі бадырайып тоқтады. Бибекең бұл жерде баласымен сөз таластырмай Жақыпбек сөзін тосты.

Шәмелдің мына сияқты шешіле сөйлегенін Жақыпбек бұрын есті қойған жоқ еді. Босандау ойын түгендемеген, жаңалық деп жалпылдап жүрген қолпақай көретін. Мына сөздеріне қарағанда қызметтес достарының тәрбиесін ұғынып қалғанын, әсіресе өзі қасында аз күнде болса бірге болған Мұқаметқалиға жан тартқанын байқады. Жақыпбек Шәмелдің жанағы айтқан ойларының бәрін де орынды көрген ажармен Бибіге бұрыла қарап:

— Бибеке, мен Шәмелдін айтып отырған сөздерін мақұл көріп отырмын. Мені де елдің көбі ескі заманның, ауылдың адамы деп жүреді. Ал бүгінгі халықтың алып отырған бостандығына мен өзім сүйсіне қараймын. Сондықтан Тәтімов сияқты жауынгер азаматты кемітіп, балаңызды қатын үстіне тоқалдыққа бер деген тәтейлеріңіздің пікіріне азбаңыз. Бір басқа бір кез, ер азаматтың қалауына беріңіз, — деп тоқтады. Үнсіз темен қарап отырған Бибі:

— Жақа, қайдан білейін, баламның барған жері тиянақты болса екен, — деп ойлаймын. Өзіңіз сияқты, сіздердің айтып отырған азаматтарыңыз бүгін мұнда, ертең ел шеті жау бетінен барып шығатын тұрағы жоқ көрінеді. Басын кемітпегенмен, Шәкіжанды қолынан ұстатып қоя беріп қайдан іздеймін, — деп күрсінді.

«Сіз әлі түсіне ойланбаған екенсіз, Бибеке, Тәтімов сіздің балаңызға үйленсе сіздің балаңыз болып өз ұяңызды тиянақ етпек көрінеді. Ал қызмет бабымен басқа жерге ойысса біріне-бірі серік болып өмір жасамай ма. Ол сияқты тәтелеріңіздің әуені қалқандай жерді тебінгідей еткен азғыруын ойыңыздан шығарыңыз», — деп ажарлана сөйледі.

— Менің екеуіңнен басқа жан ашыр кімім бар. Екеуің солай шешсеңдер билеттім. Егер Шәкіжаным жылап бір жерде шошайып қалса алдымен, сүйікті құдам, менің екі қолым сіздің жағаңызда болады. Шәмел ана Тәкіш пен Мұқаметқалидың мұраты болып жүрген жан, — деп тоқтады.

II

Жаңалық ұшқынын әкелген 1923 жылы жаңа үнем саясаты тұрғалы орталықтан қаулы келіп, ел ішінен әскери коммунизм тәртібі өзгертілген еді. Бізге қолдануға берілген заң шарттары да осы жаңалыққа сәйкесіп болып шығарылған болатын. Заң ғылымнан бұрыннан хабарымыз жоқ, тек оқып қана түсінік алатын біздерге қызмет құралымен танысу оңайға түскен жоқ. Қашанда адамның екі ұлы мектебі — өмір талқысы. Қиын екен деп үкімет тарапынан сенім арта тапсырған жұмыстан тая соғуға болмайды. Неде болса бар ынта мен үйренуге, істеуге мойындап, судьялық жауапты қызметті қолға алдым.

Бұрынғы атқа мінер ел билеген жуандар, байлар өздері бұқпантайлап жандайшап қолшоқпарларын белсендіріп атқа мінгізген. Олар батырақ, олар белсенді. Ал олардың көбінің тигізіп анау үйде бұрын отырған жуан жұдырықта. Әсіресе жаңа үнем саясаты «бетті ауылға бүр» деген партияның, бірінші дүние жүзілік соғыстан, онан кейінгі азамат соғысынан күйзелген қара шаруаны уақытша ес жиғызып еркіндету саясатын бай-құлақтар барынша пайдалана бастаған-ды. Міне, тап осы бір кезеңде мен бұрынғы Қарқаралы уезінің «бес ата» атанатын: «Нұра тоқырауын», «Ақшатау», «Мойынты сары бұлақ», «Қотанбұлақ», «Балқаш», «Қызылтау» елдеріне судья болып бардым. Сот жұмысында ел жадысынан да тәжірибем аз. Әсіресе, Ақмола, Сырдария, Жетісу облыстарымен үш жағынан қол ұстаса аламан өмірге қалыптасып алған желөкпе елге кездестім. Аты шулы он алтыншы жылдың дүбірлеңінен белең алған октябрь революциясының арпалысына араласқан ел ішінің желіге алуан түрлі. Әсіресе ел інінде бұрыннан барымта, сырымтаға дәніккен жуан жұдырық, бұзықтар мейлінше бетімен кеткен. Олар сол дүрбелең кезінде қолдарына әскери қарулар бес атар, винчестр сияқты мылтықтарды тауып алып мүлде қарулы бандитизмге айналған кездері болған. Әсіресе, 1920 — 1921-жылдары Ақмола, Сырдария елдерімен шекара мейлінше жорық жолдары болып алған. 1922 жылдары уезд аралығына қарулы отрядтар шығып ондай тентектердің көбін ұстап біраз басылған кезі еді. Міне, осы сияқты сан алуан даушардың, барымта мен пәлеқорлықтың қым-қиғаш ортасына келе қалдым.

Менің алдымдағы осы аудандық сот қызметін істеген кісі бұрын Семей окружной сотында аудармашы болып істеген, сот жұмысынан тәжірибесі бар адам еді. Іс жүргізу, жұмыстарды тәртіптеу жағы жаман емес екен. Сонымен қатар, сол кісіге хатшы болған сол кездегі Тоқырауын болысының азаматы Ғаббас Кәрібеков деген жігіт хатшы болды. Ол жігіт іс жүргізуге, сауатты тәртіпке ысылған екен. Ол да маған тірек болған жоқ.

Ұсақ, ұрлықты тексеру, әйел бостандығы булар ондай қиын тиген жоқ. Қиын әңгіме сол кезде елге әйгілі, ел арасына айдап алу, тендік бермеуді әдет еткен жуан мойын, мықтылар бар. Мысалы: Мойынты елінде, Боранқол, Ақшатауда, Ғаббас, Нұра елінде Сарым Сандыбай ауылы, Қызылтауда Бүде Серік, тағы басқалар. Бұлар топтап ұры ұстап, қанаттас елден шауып айдап алып, екі елдің арасына қырғын салып отыратындар. Дегенмен олар бұрынғы бетімен топтап айдауды азайтып, жіңішке жолға түскен. Мүмкін болғанша, ел ішіне шыққан қызметкерлерді айналдырып қызылға шақырады. Алдымен қонақ асымен сыйлайды. Онан кейін басқа сый құрметін ұсынады. Кейбір албырт қызметкерлерді қармағына түсіріп алып арқа сүйеді. Осы сияқты алуан әдіспен торлайтын ел ішіне кездестік.

Жоғарыда айтылған қатерлі жолдан сақтаған алдыменен совет тәртібінің тәрбиесі, таптық сезім, азды-көпті оқыған, әуелден көкірекке орнаған елге қызмет етсем, әділ болсам, азамат болсам деген үлкен мақсат сол ғана серік болды. Адам баласымыз ғой қателескенде, жазым басқан да жайтымыз болуы мүмкін. Бірақ көрінеу қиянатқа барған жайымыз болса халық айтар.

Сол мен судья болып барған жылы аса бір келелі жиналыс болды. Ол 1923 жылы Ақмола, Қарқаралы уезі арасынан Сырлытам деген жерде ашылған «аралық съезд». Бұл съезд Ақмола мен Семей губерниясының үкімет басшыларының келісімімен ұйымдастырылды. Съезді басқаруға Қарқаралы уезінен Рақымбай Сапақов, Ақмоладан Төлеубай Нұралин белгіленіп, екі уездің қанаттас аумақтарының судья тергеушілері, аудандық милиция начальниктері қатынастырылды. Екі уездің уәкілдеріне, баратын қызметкерлерге арнап үйлер тігілді, азық-түлік те ел үстінен дайындалды. Съезд тәртібі жоғары орындардың нұсқауы бойынша, осы екі уездің арасындағы күрделі барымта, ауыл шапқан, қостап айдаған бір істерді тексеру болды.

Сол уақыттары жағдайға сай, екі уезд елдің арасындағы ұлыққан үлкен дауды үйіріле айдап алысқан малдың, басқа мүліктердің шешімін екі елдің қалаған адамдарына беріп шештіруді тәртіп етті, екі елдің қалауымен, сол бітімді халық тәртібімен тексеріп келісім істеуге тағайындалған адамдар:

Қарқаралы уезінен Мақаш Садуақас ұлы. Мойынты елінің қадірлі ауылының азаматы, Көпбайдың немересі, Екінші Сарыбұлақ елінің қадірлі ақсақалы Ахмет Аманбайұлы, Арыбай немересі. Үшіншісі, Қызылтау елінен Нарымбек Бодықов, осы адамдар.

Ал Ақмола уезінен Иман Мұса, Құсайын деген кісілер тағайындалды. Осы адамдар тексеріп өздерінің келісімдерін екі губернаның уәкілдері Сапақов пен Нұралинге әкеліп сынатып қабылдатады. Бұл сынауға Сапақов та, Нұралин де өздерінің халық соттарынан жөн біліп жоба таниды деген кісілерді шақырып талқыға салады. Осы талқылауға мен үнемі қатынасып отырдым. Екі елдің қалауымен тағайындалған жоғарыдағы «билердің» айтыстарын тыңдаудың өзі бір мектеп тәрізді Өйткені олар ертеден үлгі болып келе жатқан ел ішінің бітім жолдарын көлденең тартып шешен сөзбен айтысады. Сөйтіп келіп келелі орынды сөзге тоқтайды. Дау шешімін табады. Әрине барлық даушар сол жолы шешіліп аяқталған жоқ. Біреулер шөлге көшіп таптырмай жиынға келмей қалды. Біреулер басқа жаққа жалтарып ұстатпады деген сияқты көптеген істер қаралмай жабық қалды. Дегенмен, екі елдің арасына біраз өткелді сөз болып жүрген істер тексеріліп жөнін тапты. Әсіресе жуан жұдырықтардың қырсығынан барымтаға түскен кейбір кедей рулардың малдары қайтып, шығыны төленіп разылықтарын айтқандары болды. Мысалы, Балапан деген аз рудың ауылдарын Ақмола барымташылары шауып, малын айдап кеткен, соны қайтарттық.

Қыс айлары өтіп жер аяғы кеңіген кезде қолға түскен, арыздардан, тергеу тексеру орындарынан келген жұмыстардың ыңғайымен, Балқаш бойын қыстап, отыратын болыстардың аралығынан көшпелі кеңсе орнатып съезд ашып жұмыс қарауға кірістік.

Қашанда ел ішінде уезден шыққан науқаншы уәкілдер. Сол кездегі халық соттарының съезд ашқан жерін саралап, тура сонда келеді. Өйткені болатком составтары сот съезд ашқан жердің маңында болады. Сондықтан да ел ішінен әмір иесі адамдарын сол төңіректен табады. Бір күні жұмысты аяқтап тыныстап отырған кезде Қарқаралыдан шыққан уәкілдік қағазы бар Айдау түсіп, қасында Кәрібай деген серігі бар келе қалды. Анада көрген таныстығы да бар, оның үстіне сот съезд ашқан жерде ел адамы жиын болады. Осы есепті топшылаған Айдау Түсіп, жолшыбай бөгелместен біз съезд ашқан жерге жетіпті.

Амандық артынан уәкілдік қағазын көрсетті. Танысып оқысам уездік атқару комитетінің Укомның хатшысының қолы қойылған маңызды мандат. Сонымен қатар уездіқ ұйымдастыру бөлімінен жазылған үндеу хат бар. Бұл хатта: «Кеңестік еліміздің әуе кемесін жасауына халықтан ерікті жәрдем жинау жөніндегі түсіндірме. Осы сияқты халықтың ерекше маңызы бар науқанға ел ішіндегі жергілікті үкімет басшылары аудандық заң қызметкерлері, тепе ат салысып халықты ерікті жәрдемге шақыруға қызмет етуі сұралады» деген.

Айтылған уақытта хабар алған жұртшылық жиналды. Сол күнгі қаралмақ сот тергеуін кейінге шегертіп, ерікті жәрдем уағызына кірістік. Жана үнем саясаты елді көңілдендіріп, әскери коммунизм екпіні басылған бір жәйдәрі сәтте, ерікті жәрдемнен ел бой тартпады. Сол жиын күннің өзінде ел ішінің беделді әлді адамдары өздері бастап, пул болатын ат, өгіз атан сияқты сыйлықтарын берді. Сол бір күннің өзінде қырық-елу ірі қараға жазылып өздері тізімге қол қойысты.

Оларды жинап уездік жәрдем мекемесіне жеткізуді болаткомге тапсырып, осы бір игілікті іске ат салыстық.

Алғашқы әуе кемесін жасау қоры осы сияқты ерікті ел қаржысынан басталған еді. Бүгінгі алып қанат әуе лайнерінің өрістеу қорына ат салысқан бір сәт осылай болып еді. Айдау Түсіп жазылған тізімдегі жәрдем малын жинап алып басқа ауданға аттанды.

III

Мұқаметқали Қарқаралыға тағы да бір қиян-кескін ұйымның жұмысын түзу жолға саламын деген кезекті айтыс-тартыс талқысына келіп килікті. Бұл тартыс еткен көктемдегі халық хаттарын тағайындау кезеңінен де қиын. Өйткені әрі өндіріс жабдығы өте тапшы, халық керек-жараққа өте мұқтаж. Жаңа ұйымдасқан кооперация жұмысы тонын айналдырып киген жылмақай саудагерлердің қолында. Құрыққа сырық жалғаған Қарқаралы қауымы әлі де жаңалыққа жете түсіне қойған жоқ. Бірлі-жарымдаған партия жолына берілген сауаты аз азаматтары саяси салада қызмет істейді. Сондықтан да кооператив жұмысы жебірлердің жемсау қабынан қамалып ел игілігіне еркіндеп бармай жатыр.

Мұқаметқалидың осы бір жауапты жұмысқа кірісер сәтінде алдынан бір жауынгер досы да қарсы алды. Ол қанды көйлек жолдасы атақты Угар Жаныбеков. Ол осы Қарқаралыға уездік милиция басқармасына бастық болып тағайындалып іске кірісе бастаған кезі екен.

— Мен сонау бала кезімде кәсіп іздеп Омбыға кеткеннен қайтып оралғаным осы еді. Туған жер қандай ыстық. Мен мынау Қарқаралы шындарының қиясын көргенде, барлық балалық шағымды қоз алдымнан өткіздім, сол бала күнімде байлардың босағасында өткізген ауыр азапты күндеріме тітіркене қарадым. Сол бір кеңіректе шер болған қорлық-зорлықтың шерін мен немен шештім, — деп сонау «Лена» кеніндегі көтеріліс күндері анау Омбыдағы ойран салған алыс-жұлыс шақтар, азамат соғысы жылдарындағы оқты, майдан кешулерді шолдым. Сол бір күрес күндері, жөргекте көрген қорлықтың бойдағы уыты тарқатқандай сезілді. Бірақ әлі де мына арқа белесінде алысар жау, айқасар кезек аз емес көрінеді.

Угардың тап жауына түйілгенде қанталап ұшқын ататын отты көзіндегі жарқылды жазым баспай танитын Мұқаметқали:

— «Ақын болсаң той көп» дегендей, әлі алысар жау аз емес. Менің губерниядан алып келген айрықша тапсырмам, мына халыққа деген кооперация мүлкін, жаламыр сәудегерлердің үйтіп-бүйтпеуінен арашалап, жемқор жегілерімен айқасамыз. Осыған бар күшті салуға әзірлен, — деп Угарға ойлана қарады. Сөзін тағы жалғап:

— Сонау 1918 жылдан бастап ұйымдасқан кооперация жұмысына басшылық етіп бауыр басқан оқығансымақ жебірдің бірі ана Садықтың үзеңгілес досы Майліке Танабайұлы. Бұл ертеде аздап оқыған сауатты, еңбегін ел жеу әдісіне әбден машықтандырған күжбан қара қошқылдың өзі көрінеді. Оның атарман, шабарманы, жылмаңдар да аз емес. Міне осылардың түп тамырына балта шауып, жаңа ұғыммен өрістей бастаған кооперация мүлкін халық қолына еркін жеткізуіміз керек. Кеше осы жұмысты қалай жүргізу жайы да уездік партия басшыларына кіріп олармен жұмысты неден бастау керек деген жайды ақылдастым. Олар да осы бір халықтық шаруа саласын халық игіліне қалай айналдыруды аңсауда екен, құштарлана қуаттады. Уездегі саяси бөлім азаматтарымен келісе отырып, алдымен осы кооперативтің сөлін сорып қаніккен Майлікеден бастау керек, деген шешімге келістім.

Өзінің дүрілдете кірісер бастамасының қисынын таба алмай әзірше ой толқынында жүрген Угар Мұқаметқалидың мына хабары сондай ұнап кетті. Ол разылана яки ойындағы қимылына қисыны табылар сөзді естігенде, көзі қанталай аптыға сөйлейтін әдетімен:

— Бабына келтірем деп байсалдысымай тездет. Маған тек неден бастауды айтып бер, күлін көкке ұшырайын, — деп ентіге тоқтады.

— Сен қазірден бастап аптықпа, олар шөп басының қимылын сезсе сан алуан тор құрады. Ізін таптырмай табан астынан жылмиып шығып кетеді. Мен ізіне түсер адамдарға тапсырма бердім. Бір-екі күн сыр бермей басқа жұмыстарға кірісе берелік, — деп Угардың алып қашпа сыңар езу қимылына тоқтау салды.

Мұқаметқалидың тапсырма берген адамы сол өзі ізіне түспек Майлікенің алып кел, айдап келі болған бір жанкешті еді. Ол әбден тетік тесігін біліп алмай алып қашпады. Бірақ онша ұзатқан да жоқ. Мұқаметқалидың Уком мекемесінен кешірек оралғанын күтіп жүргендей, сол тапсырма алған қолқанаты келе қалды. Шауқар Қасым атанған хабаршы жігіттің үстіртте жүретін алып қашпа да мінезі болатын. Әдеттегі тапсырма беріп тартыс жолына пайдаланар адамына әзілдей сөйлеп ажарлы қабақпен тілдесетін Мұқаметқали:

— Ал, Шәке, түйткіл түйіні қолыңа ілінді ме? — деп көңілдене қарады.

— Ой, Қали ағай, Шауқар атанғаным шалымсыздығымнан емес шығар. Майлікенің майлы бүйіндей құржиған қатпар бетінің сызатындағы сырын таппасам несіне ізіне түспекпін, — деп құнжыңдап қойды.

— Біз сені таппайды десек тапсырма береміз бе. Біздің сеніміміз есінде болсын, үлкен мемлекеттік ұйымның сенімі. Ол сенімді сен ақтайсың, — деген сөзін Мұқаметқали Шауқарды қолпаштай айтты.

— Онда тыңдай беріңіз, — деп Қасым ойнақшып тұратын қысықтау көзін сығырайта суырыла жөнелді.

— Қали аға, енді түсініп келем. Біз көрсоқыр екенбіз ғой. Мына Майліке сонау хұрият болған жылдан бастап осы кооперация жұмысын қолына алды. «Бұл бір ел қамын ойлап халық қажетін табатын азамат болды» деп біздің мына қаланың қызыл ауыз жемтіктестері күбітіп көтермелеп кеткен еді. Солардың бетімен мен өзім де бұ бір халық қажетін шығарар жан екен деп ұқтым. «Шауке, мынаны балаларыңа апар.

Мынаны келін көйлек етсін» деп көйлек-көншекті ерініме жаққанға далбақтап шаптым. Атса оғы, шапса қылышы дегендей, жан аямай жар кештім. Біз сияқты кербала жандарды пайдаланып, түйені түгімен дегендей кооперацияның бар асыл жабдығын жамбасына баса беріпті ғой. Сол хұрият уақытынан бергі тығындысының түйінін анықтадым. Бұрын тіпті кім көңіл бөлінген. Оның ана тұрған шатырлы қоңыр үйінің асты алты қатпар тығындыға тығыздалған көрінеді — деп Шауқар тымырая қалды. Қасымның мына хабарын есіткенде түйілген түкпірінен түйін түйдегі елес бергендей Мұқаметқали ажарлана:

— Әбден анықтадыңыз ғой. Әзір орнында ма екен. Бір кезде тығып қойып есебін тауып қоныс аударып жібергеннен сау ма екен? Орнын сипалап жүрмейміз бе, — деп күдігін анықтай түсті.

— Осы бүгінгі кеште жер жұтпаса дәл осы сағатта орнында. Оған күдіктенбеңіз. Ол тығындыны ешбір жан сезеді деген ой Майлікенде бола қоймайды. Елеусіз, — деп ұғады. Қасым Шауқар ете сенімді сөйледі.

— Олай болса, ертеңге дейін сол маңнан қоз жазба, — деген сөзін Мұқаметқали әмірлі ажармен айтты.

— Құп, — деген сөзін Шауқар да бөгетсіз мығым айтып салды. Шауқар тапсырманы алысымен тымырая түйіліп, Майлікенің қоңыр шатырлы үйін нысанаға ала жүріп кетті.

Шауқар Қасым кетісімен Мұқаметқали уездік милиция мекемесіне келді. Мұқаметқали келгенде Угар орнында болмады. Мұқаметқали оны тосып отырмады. Біздің құпия жұмыс жөніндегі қызметтес ұйымы ГПУ мекемесіне Қасен мен Тәкішке келді. Сөзді Мұқаметқали өзі бастап:

— Менің осы жолғы Қарқаралыға келуімнің мәнісі түсінікті ғой. Ішқұрттай халық мүлкін қылқып жатқан жегінің жегенін желкесінен сығып алу ғой. Олармен алысу, тығындысын тырп еткізбей орнынан басу ете сақтықты керек етеді. Енді осыған бел байлап қол жұмсар кезеңі жетті ғой деп отырмын. Өзіңнің сенім білдірген Шауқарың иіннің көзін тапқан тәрізді. Осыған өзің де дайындал. Және Угарға бүгін жолығып сөз байлау керек, — деген ойын Мұқаметқали тұжырып айтып тоқтады. Тәкіш әдеттегі кішкене қонырқай көзін күлімдетіп:

— Өзіңіз ана Шауқарға әбден сендіңіз бе. Алғаш мен айтқанда тиянақсыздау көріп, аса бейіл бермеген едіңіз, — деген сөзін сыпайы ғана айтып тоқтады.

— Қазақтың мақалы бар ғой «өтірікшінің айтқанына сенбе, қисынына сен» деген. Мен оның сөзінің қисынына сендім. Және байғұс бұрынғы түсінбей жүрген жайын ақтарыла айтып, көзін өмірге жаңа ашқандай болған аңғалдығына түсіндім. Мұқаметқали осыны айтып, мен қазір Укомға Шубилинге кіріп шығам, сен Угарды тауып алып, менің ойымды айт және маған бүгін жолықсын, — деп Мұқаметқали Укомға жөнелді.

Семейден келген күннің ертеңіне Укомға келіп Шубилинге жолығып, өзінің кооперация жайлы істемек шаралары жайында сөйлескен болатын. Ал бүгінгі жолығудағы ойы, алдағы кірісетін жауапты шараның жайын айтып Укомның хатшысын хабардар ету еді. Шубилин орнында екен, ықыласты қабылдап қандай жұмыстар жүріп жатыр деген тақырыпта сөз қозғады. Уком хатшысының айрықша көңіл бөле өзінің жұмысының жайын сұрағаны көңілдендіріп Мұқаметқали ертеңгі қолға алынбақ тінту жүргізу жөніндегі өзінің шешімін және сондай кооперация мүлкін үптеп келген қанды қақпаның ініне су құйылмақ жайды қысқаша айтып өтті, Шубилин көңілді хабар естігенде наштана тартатын сынық сүйем «Софо» темекісіне от беріп сүйсіне тартып:

— Естуім ертеден ел мүлкіне сімірген құзғын дейді ғой. Біз сіздің бұл ісіңізді толығынан қуаттаймыз, — деп шымырай сөйледі. Уком хатшысының да хабардар екенін анықтап алып Мұқаметқали батыл қимылға кірісуге бекініп үйге келгенде Угар тосып отыр екен. Шүйіркелесе алдағы жұмыстың жобасын сөз етті.

Шауқар Қасымның мөлшерімен айтып бергеніне қарағанда құпия қойманың қақпағының аузы Майлікенің үйімен құймалас оның балдызының сарайында көрінеді. Оған барып інге түсер қақпақты ашу жұмбақ шешумен бірдей. Ал, егер Шауқардың айтқаны болмай шықса онда бүкіл Қарқаралы еліне күлкі болады. Оны құпия істеу керек. Елеусіз іңір арасында барып, «осы қораға тұтқыннан қашқан банды кірді деп сарайды ашып, қақпақты тап басу керек деп шешкен келісім бойынша, Тәкіштің бастауымен үш кісі қойма қақпағының қорасына келді. Қару-жарақты құпия орынның адамдары түнделете үйіне сау ете түскен Майлікенің балдызы үрейлене үн қатты.

— Бейуақытта жолдарыңыз болсын, жауынгерлер, — деп үні дірілдеп шықты.

— Жол болмақ, сізден болсын. Ана сарайыңнын есігін аш. Үйіңнен шам әкел, — деп Тәкіш әскери шлемін көзіне таман түсіре ызғарлы імір ете сөйледі. Қандай бәле түйілгенін ажырата алмаған үй иесі қалбалақтап үйіне барып шам және сарайының кілтін әкеліп аша бастады.

Шауқарды айту жобасымен сарайдың Майліке үйінің қоймасымен бір іргелес қабырғасына келген әскери тінтушілер шам жарығын түсіріп еді. Тек бір ескі-ұсқы бір нәрселер жатыр. Қасындағы екі жігіт елеусіз қарап сарайдың басқа бұрыштарына үңіліп қарастыра бастады. Сонау ескі-ұсқы неге мына іргеде жатады деген оймен Тәкіш анадай жерде сүйеулі тұрған күректі алып қоқымдарды көтеріп қалып еді, астынан елеусіз ғана жабылған ағаш қақпақ белгі берді.

— Мұнда келіңдер, — деп Тәкіш ана екі жігітке күректі беріп, үй иесінің өніне көз салды. Қыбыржып өңі қашып, сарайдан шыға жөнелуге ыңғайланғандай болып тұрғанын байқап:

— Жігітім, қозғалма, біз іздегенімізді таппасақ, сенін ешнәрсеңе тимейміз, деп Тәкіш үй иесіне әмірлі ескерту айтты. Осы кезде ана екі жігіт күрекпен елеусіз жабылған қақпақты көтермек болып еді, көтерілмеді. Тәкіш қасында елеңдеп тұрған үй иесіне:

— Ашшы ана іннің қақпағын, — деп шұқшия сөйледі. Онсыз да зәресі ұшып тұрған үй иесі аяғын сүйрете басып қақпақты жан-жағынан көтерген болып қасақана жермен жер болып қалған тақтай дегісі келіп ала алмаған кісі болып еді, Тәкіш қасына келіп:

— Қара кәпірдің қуын, қалай бекітіп едің, тез аш жан керек болса, деп сүмірейіп тұрған үй иесін желкесінен ұстап қақпаққа тұқыртты. Үн шығарар халім жоқ, үй иесі жалтарар жайы қалмай, сарай қабырғасында ілулі тұрған имек бас көсеуді алып қақпақты бір бұрышынан көтеріп еді, іннің аузы шалқасынан ашылды.

Шам жарығын қақпақ қозғалысына үңілте түсіріп тұрған екі жігіттің көзі ін шыңырауына түскенде сүйеулі тұрған қол басқышын көріп тығындының төбесінен түскендеріне сене Тәкішке қарап: жолдас начальник мына басқышпен түсуге бола ма, — деп ыңғайланып еді.

— Мына соққанды алдарыңа ала түсіңдер, — деп қасында сүмірейіп тұрған үй иесін нұсқады. Өзі қолымен жасаған інге желкелеп түсірер әмірлі үннің пәрменімен тусу қандай ауыр. Ана жездесі Майлікенің өзіне алапатты ықпалымен жасатқан жер асты куыстың өзіне зындан боларын ол ойланып көрген жоқ-ты. Оның аяғы иін басқышына әрең басылып төмен жылжыды. Басқыштан жерге аяқтары тигенде алдарында қалаулы тұрған тең-тең алуан түрлі асыл кездеме, кілем, лебіске дейсін бе адамның көзінің жауын алады. Әрі қарай жылжығанда қатарласа қаланған ағаш жәшіктер, сым қоршаулары шешілмеген күйінде тұр. Олардың ішінде не барын ажырата білмегенмен кооперацияның асыл мүліктері екені айқын, бірінші, екінші бөлімдерінен өткенде бір үлкен сандық үстіне жайған жібек кілемге оранып, тұтас қабырғаны алып жатыр. Одан әрі жер асты қоймасының бөлек орны болған жоқ.

Қойманың төбесінен түсіп бәрін анықтаған Тәкіш сыртқа шықты. Іннің қақпағын тап бұрынғысынша жымдастыра жауып, сарайдың есігінде құлыптап, сарай иесінің үйіне келіп, алдымен ақты жазды. Үй иесінің аты-жөнін, үй адресін, сарайдың ішкі-сыртқы көрінісін тәптіштеп бейнесін қағазға түсіріп тіркеді. Керекті жазбаларын реттеп алып сарай иесін ешбір жанға тілдестірмей тұтқынға алып кетті. Екі жауынгердің біреуі осы үйде күзетіп қалды.

Кеңсесіне келісімен Тәкеш Угарға кісі жіберіп, тығындының түйіннің ашқан жайымен танысуды сұрады. Тәкіштердің осы бір іңір арасындағы жұмыстарынан қандай қорытынды болғанын асыға күткен Мұқаметқали өзі Тәшкіштердің кеңсесіне келді. Тығындының үстінен түсіп барлығын әшкерелеген жайды естіп, ерекше көңілдене:

— Бұл бір түйіні қолға түспей келген жегінің жер астындағы жемі еді. Қазір барлық жайды заңды түрде қағазға түсіріп және тығындыны мүлікті жайнатып жарыққа шығару тез қолға алынсын. Майлікенің өзін қазірден бастап бақылауға алып, ешқайда тілдестірмей оңаша ұстап барлық шындықты ақтарту керек. Бұл бір ғана соның өзінің тығындысы ма, жоқ басқаның да байланысы бар ма екен, барлық жайды тұп тамырымен ажырату керек, деп тоқтады.

Осы кезде маузерін салақтата байланған әскери сұсты қалпына кірген көзі қанталай Угар да келді. Ол кіре бере Мұқаметқалиды көріп:

— Мына көкжал да жеткен екен ғой. Майлікенің өзін маған бір қойып беріңдерші, шаңын Шайтан көлінің тұңғиығына тұншықтырайын, — деп амандыққа қолын ұсынды.

— Аптықпа, бір бұл ғана емес, әлі де алысар аюларын туған еліңнен табылады. Күшіңді, өнеріңді алысқа сақта, — деп Мұқаметқали Угарға қашанда батыл қалжыңдайтын әдетімен басымдай сөйледі.

— Оны кезінде көре жатармыз, мына ығындының шаңын қақтырушы, деп орындыққа жайғасты. Осы кезде сырттан Тәкіштің Майлікені алып келуге жіберген адамы есік қағып рұқсат сұрады. Кіруге рұқсат болған кезде, мұрыны қара қошқыл бет-аузы отқа күйген терідей қыж-қыж болып Майліке кірді. Оны алып келген жауынгер:

— Жолдас начальник, тапсырмаңыз орындалды. Мына қылмыскер Майлікені үйінен тура таптым, — деп хабарын айтты.

— Жақсы, енді сіз өз қызметіңізге кірісе беріңіз. Бұл кісі осында болады,деп Тәкіш қағазға үңілген бетімен жауап қатты. Екі иіні итіне, сұры қаша жан-жағына сүзіле қарап тұрған Майлікеңе:

— Азамат Майліке, ана орындыққа отырыңыз... — деп әмір етті. Ол қолбиған денесін зорға билеп орындыққа келіп дүмп қойды. Майлікенің мына сыйқын көріп қай-қайдағы жыны қозғандай Угар оған шаншыла қарап:

— Бүгінгі қақпағы табылып жеті қабат жер астынан ақтарылған қойма мынаның үйінен табылды ғой, — деп Тәкішке бұрылды.

— Дәл өзі, Угар аға, бұл кісі сонау 1918 жылдан бастап ұйымдаса бастаған кооператив жолында қызмет істеп келген кісі. Халыққа арнап берілетін кооператив қазынасын қақалмай-шашалмай қапшығына сыйғызған дойсалдың дәл өзі.

Тәкіштің мына сөзін естігенде Майлікенің қатпарлана тыржиған қошқыл бет аузы бүйінің бүріскен қарнындай қабарып, бар демі алқымына тығылды. Тілі күрмелгендей көмейі бық-бық етті. Айтар сөзі аржағынан анталағанмен үн қатса өңменіне ана Угардың белінде асылып тұрған маузер сарт ететіндей мықшия жерге қарады. Оның түнере төмен қараған көз алдынан сан жылдардың сылаңдаған елестері желі тарта шүйірді. Әсіресе жаңағы Тәкіш, сөзі оның тұла бойын тітіркенткен.

— Ал, азамат Майліке, қағазға түсірілген жазбамен танысыңыз. Сонан кейін жауабын айтып бересіз, — деп Мұқаметқали Майлікеге әмірлі үнмен бұйыра сөйледі. Енді сөзін Тәкішке арнап, Майлікеге мына тығынды жайындағы айтқанын бір әріпін жаңылыстырмай қағазға өз қолымен жаздыр, сонан кейін ешкімге тілдестірмей ертеңге дейін оңаша ұстарсың. Бұл адамның мына тығындысы өз алдыңа, ана кооперативтің жаңа дүниесін де осы Майліке өз қолынан өткізуі керек. Таңертеңгі тоғызда кооператив кеңсесіне жеткіз, деп тоқтады.

— Бәрі айтқаныңыздай орындалады. Өзі де сауатты адам ғой, түсініп отырған болар, — деген сөзін Тәкіш Майлікенін қара қошқылданып тұқырая жерге қараған бетіне қадала сөйледі. Майліке үн шығарған жоқ. Мұқаметқали соны айтып Укомға барамын деп шығып кетті. Өзінін кеңсе тәртібімен жазатын қағаздарын ретке келтіріп Тәкіш бірнеше парақ ақ қағазды және қалам қара сауытты сырғытып Майлікенің алдыңа қойып:

— Жаңағы Татимовтың айтқанын естідіңіз ғой, мына қағазға өз қолыңызбен тығынды қайдан құралған, оны осыншама құпиялап тығуда қандай мақсатыңыз болды. Бұл сияқты күрделі тығынды жасаған өзіңіз ғана ма, жоқ, басқа серіктеріңіз бар ма? Толығынан жазыңыз, — деп әмір ете сөйледі. Басын жоғары көтерместен қағазды, қаламды қолына алып екі-үш жол бір нәрселерді жазды да аяғына Майліке, деп үйреншікті қолын қойып Тәкіштің алдыңа қойды. Қағазды алып Тәкіш оқығанда жазылған сөз: «Мен сонау 1918 жылдан бері кооперация жұмысын басқардым. Олқылы-толқылы уақыттар болды. Бірде ақтар, бірде совдеп кезінде өткіншілерден сақтанып тығылған кооперация мүлкі еді. Дүние шіркін ыстық қой, көзім қимай бүгінгі күнде бетін ашып халық алдыңа салуға батылым жетпеді. Ешкім ортақ емес, бәрі менің тығындым. Қандай жаза болса мойныммен көтерем. Ана жазықсыз балдызымды босатыңыздар» деп жазыпты.

Тәкіш Майлікенің жазғанын оқып көріп өз көзіне өзі сенбегендей бірнеше рет қайталады. Тұнжырай түнеріп быртиып отырған Майлікеге тесіле қарап:

— Мынаған енді қосар сөзіңіз жоқ қой, – деп қағазды бұрынғы өздері жазған алғашқы қағазға қосты. Басын изегені болмаса Майліке тіл үйірген жоқ. Тәкіш аз отырып, Майлікені алып келген кісіге:

— «Мына азамат ертеңгі сағат тоғызға дейін сіздің қарауыңызда болады» деп өзі демалуға үйіне қайтты.

Тәкіш үйіне бет алғанда айсыз көгілдір аспаннан жыбырлаған жұлдыздар ғана сән сипатпен көк терінде жылтылдайды. Қала үйлерінің оты сөніп, ел түнгі дем алысқа бұйыққан. Оның ойы жаңағы Майлікенің тіл қатпай тырысқан түрін елестетеді. Анау жазған екі-үш жол сөзінде сұрқиялық сыр бар. Өзінін жауыздық қылмысын заман өзгерістеріне, уақыт дүбірлеңіне байланыстырады.

Мұқаметқалидың айтып берген тәртібімен Майлікені қолхатпен босатып, балдызын жан-жақты жүргізуге ұстап қалды. Тығындыны ашып, барлық буынды-түйіндіні қаттауға кіріскен кезде хабар айтылған тиісті заң орнынан, қоғамдық мекемелерден уәкілдер келіп, есеп жүргізіп, заттарды өз түрімен сұрыптап заңды тәртіпке келтіріп ақты жазылды. Бірнеше жылғы кооперация мүлкінің асыл бұйымдары жарқ етіп жарыққа шығып, тығылған іннен ел қажетіне арналатын болып шешілді. Халық қажетіне арналсын деген ұсыныс болғанда, уездік оқу бөлімінен келген уездік оқу бөлімінің меңгерушісі Қамал Жайсақов оз ойын айтып, «Қарқаралыда жана ұйымдаса бастаған оқытушылар дайындайтын техникум мен он-жылдық орта мектептің ішкі жабдығы және кедейлердің балаларына арнап ашылған бастауыш мектептің жатақ үйі тақыр жерге ашылғандай өте жүдеу. Мына табылған кездемелердің көпшілігі соларға берілсе игі болар еді» деп орынды тілек айтты. Оның ұсынысы қабылданып кездеменің көбі сонда беріліп, айтылған оқу орындары керек-жарақ, жабдыққа ие болып, құпия орынның қырағы жауынгерлерімен, осы жұмысты көптен зерттеп індеткен Татимов, Бекбасов сияқты азаматтарға алғыс жаудырды.

Майлікені кооперация жүйесінен қызмет берілмесін және үнемі бақылауда болсын деген ұйғарыммен басына бостандық беріп орнынан алды. Көптен бері, ел көкейінде түйін болып келген бір қойманың сыры ашылды. Советтік жаңа тәртіптің, жаңа бір ерекше халықтық жүйесі өркендер өріске қанат жайды. Жанадан кооперация жұмысын басқару партия ұйымының ұсынуымен Бордаков сияқты сенімді азаматтың қолына берілді.

Мұқаметқалидың Қарқаралы төңірегіне келуі ескіліктің етек жайған бір саласын әшкерелеп, жана тәртіптің жақсы бір күйесін ашқандай болып алды. Оның осы сияқты абыройға ие болғанына жарыла жаздап күйзелетін жаулары жанталаса «домалақ қағаз» жалған жаланың неше түрлісін жоғарғы орындарға жеткізіп жатты. Бірақ өтірік өрге басар кешегі патша чиновниктерінің қарасы өшкен, аяқсыз қала беретін қаңғыған қағаз қоқысына қосылып жатты.

Кооперация, сауда жұмысын сенімді қолға тапсырып, халық қалауындағы тәртіппен жүргізілетін жаңа жолға қойып Мұқаметқали абыройлы атақпен губернияға оралды. Осы сияқты өте жауапты жұмыстар да зор сенім көрсеткен партияның жауынгер азаматы Мұқаметқалиға тағы бір өте жауапты жұмыс жүктелді. Ол осы жылғы совет сайлауын жүргізуге Өскемен уезіне баруға тағайындалды.

IV

Мұқаметқали Ертісті өрлей жүзетін жүк таситын пароходпен бір рет Өскеменге дейін барып қайтқан болатын. Мұқаметқалидың пароходта жүкші болып жүрген кезі. Бет алысында ол жаңадан жабдықталған үлкен жүргінші кемесімен қол тартты. Бұл жолында ол кеменің жұмыскері емес, құрметті қолаушы, қасында жас жұбайы Шәкітай, асау ағынды Ертістің екпінді толқынына қарсы жүзген әсем кеменің ішінде жан-жағына көз сала бір кездегі қоңыр елесі қалған Ертіс жағалауына ашқарақтана қарап келеді.

Ертіс жағасына еміне ерейіп толағай шыңы сопайып шыға келгенде бұрын Ертіс бойына жүріп көрмеген Шәкітай:

— Мына тау кемені басып қалмай ма, — деп Мұқаметқалиға үрейлене қарады.

— Бұл тауды Толағай деп атайды екен. Анау кездегі шағын пароходта матрос болып істеген кезде мен де солай ойлап қалғам. Ел аузында бір ертегі де бар екен. Құзар жартастары ерте заманда тасқа айналып қатып қалған қазына дейді.Сол қазынаны жау қолында қалдырмаймын деп Толағай деген батыр жігіт анау Қытай шекарасынан көтеріп алып келіп осы жерге қойыпты. Өзі осы шыңның басына шығып садағымен артынан қуған жауды жамсатып маңайлатпапты. Қанша шабуыл жасағанымен жаулар Толағайды шыңнан түсіре алмай, қырғынға ұшырап елдеріне қайтыпты дейді. Бұл тау туралы осындай аңыз ертегіні пароходта жүргенде естігемін. Ал таудың тұтас бойы кен қазына болса, бұл уақытқа дейін қол тимегеніне қайран қаларлық аңыз,-деп Мұқаметқали Ертіс бойына бірінші рет, кемемен жол шеккен жас келіншегіне аңыз аяғын жай елес ертегіге айналдырып тоқтады.

— Ертеде осындай алтын таулар, күміс көлдермен темір теректер көп айтылған ғой. Тап ертегідей болмағанмен кен дегеннің бәрі таумен таста ғой, — деп Шәкітай күйеуінің айтқан ертегісінен ойына түскен бір әңгімені о да айтып берді.

— Біздің Қарқаралы қаласынын үлкен байлары Бекметовтер ғой. Солардың біреуі бір кездегі жер кезіп, кен іздеген ағылшын байымен танысып Қарқаралы жерінде кен іздеп, Балқаш төңірегіне таяу бір таудан кен тауыпты. Елдің айтуына Қарағанда кен бір асыл зат болса керек. Сол кен шыққан жердің иесіне ақша беріп, өздеріне қаратып алып, үй салып, жұмысшы жалдап қаздыруға кірісіпті. Сол кезде біздің елмен Жапон соғысы басталып, ағылшын байын еліне біздің патшаның төрелері қуып жіберіпті. Кен жұмысы онымен тоқталмапты. Орыс патшалығының бір байы келіп Бекметовпен бірлесіп кенді қайтадан өндіруге кірісіпті. Сол кезде Бекметовтың бойжеткен қызы Күлшат медреседе оқыған хатшотқа жүйрік екен. Әкесінің есеп-қисабын сол жүргізеді екен. Сол қыз бірде пәуеске арбасымен Қарқаралыға келіп банктен жұмысшьшардың ақысына төлейтінкө ақша алып қайтады.

Қыздың ақша алғанын біліп, бір топ қашқын ұрылар қыздың жолын тосады. Қаладан алыста елсіздегі бір құдыққа күн бата келіп қыз қосы шатыр тігеді. Сол түнеп жатқан жерінде келіп ұрылар қапыда бас салып мылтық атқызбай айқасады. Ерген жолдастарын орнынан тұрғызбай қол-аяқтарын байлап жатқанда қыз ақшаны алып тұра қашады. Қызды қуған жігіт қолындағы шоқпарымен ұрып жібергенде қыз мұрттай ұшады. Қыз жығылған жерде ұры қыз қолынан сумканы тартып алып қосқа келіп қалғандары қостағыларды байластырып болған екен.

Ұрылар қолдарына ақша тиген соң айғақ боларлық жолшының аттарына тимейді, тек жігіттердің біреуін атқа мінгізіп көзін байлап алып кетіп «Бектеу атаға» барғанда босатады. Өздері таудың бір қуысына кіріп жоқ болыпты.

Ана жігіт ұрылар босатқаннан кейін көзінің байлауын шешіп жобалап тағы қайта қосқа келеді. Бұл келгенше ана жолдастары да жан дәрмен бірінің-бірі байлауын шешіп босаған екен. Қызды іздеп жығылып жатқан жерінен табады. Ұрының шоқпары жан жерінен тиген болуы керек. Қыз өліп қалыпты. Сол жерден қозғамай кен басындағы әкесіне барып хабарлап, Қарқаралыға шапқыншы жіберіп тергеуші, приставты алдырып жер-көкті шарлап іздетеді. Бірақ ұрылар табылмайды.

Сонан қыз әкесі ұлықтардан өтініп ана кенге қызынын атын қойғызады. Бұл тау мен тастағы кендер жайында әңгіме көп ғой, — деп Шәкітай өзінің үлкендерден естіген кен жайындағы бір әңгімені айтып берді. Мұқаметқали өзінің жас жұбайының мына сияқты әңгімені бұлжытпай ұғып айтқанына ақырын жымиып:

— Өзің сол Бекметовтың қызы қолыңнан жөнелткендей сайратасың ғой, — деп күлді.

— Мен оны қайдан білейін, үлкендердің айтқанынан ұққаным ғой. Онда мен кішкенемін ғой. Бір-екі жылдай бүкіл қаланын әңгімесі осы Күлшат жайында болатын. Осы күнде де Күлшат кенінде жұмыста, Күлшат кенінен көп асыл тас шығыпты, — деп жыр етіп отыратын, — деп Шәкітай қайдан ұққанын да түсіндірді. «Ана орталықтан жырақ арқа даласындағы шағын қаланың бейуаз тұрғындары сондай байлардың саудасы, би-болыстың зорлық-зомбылығы, ұры-қарының бұзық жүрісін сөз етпегенде не істейді. Ал мына сияқты да уақиға мүлде дастан болатын шығар» деп ойлады Мұқаметқали.

Ертіс өрлеген кеме асау ағынның ақ иық толқындарын бұлан-талан дүркірете қақ жарып, Өскемен қаласына да келіп жетті. Губерниядан сайлау жүргізуге шыққан уәкілді уезд басшылары алдынан шығып қарсы алды. Қаланын көнерген шағын қонақ үйіне орналасып демалыс еткен уәкілді алғашқы күні жергілікті қызметкерлер мазаламады. Өздерінше алдағы сайлауға дайындықтарын қарастырып, ұйымдастырушы қызметтерін көрсетуге тырысуда болды. Ертеңіне Уком кеңсесіне келген Мұқаметқалиды уезд бастықтары бас қоса қарсы алды. Өздерінің сайлау жүргізу жайындағы дайындығын болаткомның хатшысы Сев жолдас аз сөзбен айтып өтті. Хатшының сөзін толықтыра сөйлеген уездік атқару комитетінін жауапты қызметкері жас жігіт Жұмажанның сөзі Мұқаметқалиға айрықша әсер етті. Оның сөзінде Өскемен уезіне қараған халықтың сан алуан ұлттан құралған өмір тіршілігі де түрлі-түрлі екенін айта келіп, олардың әлі де бүгінгі кеңес құрылысына түсінігі шамалы екенін бірнеше дәлелдермен айтып берді. «Сондықтан да» деді ол, «алдың ала сайлау жұмысы жайынан сол қағажу шеткері саладағы ауылдарға, қалашықтарға комсомол жастардан үгітшілер тобын аттандырған дұрыс болар еді», — деген өз ұсынысын айтты.

Жұмажанның ұсынысын Мұқаметқали өте орынды көріп, осы сәттен бастап сол үгітші комсомолдар тобын ұйымдастыруды мақұлдады. Ол ұсынысқа уезд басшылары да ынталы кірісті. Алдымен сол елге сайлау үгітіне аттанатын комсомолдардың басын қосып, үгіт жұмысының жайын келісіп бір тәртіпке қоюға кеңесетін болды.

Өскемен уезіне қараған Алтай алтын өндірісі Қазақстандағы көне кендердің ұясы болғаны, сонау Риддер, Ақжал алтын кендерінде жұмысшылар қауымы көптен топтанған ғой. Сондықтан да Өскемен уезінде революция толқыны екпінді болған. Оның бір үлкен себебі 1918 жылғы Обухов заводының жұмысшыларынан Ленин ұйымдастырып жіберетін тұңғыш коммуна ұйымының осы Алтай өлкесіне келуі, ол топ келгенде бұл атырапта құлаққа естілмеген коммуна ұйымы болып ерекше жаңалық ала келді. Ал осы қарсаңда, Россиянин шығыс жақ өлкесінің тағдыры Колчак қанішерлерінің қолында болып, қанды айқас басталды. Осы сияқты дүрбелеңнен бел алған жергілікті халықтардың кедей кемтарлары, жас өрендері тендік, бостандықтан эсер алып ояна қимылдады. Соның әсерінен Өскемен қаласында комсомол жастар ұйымы өздерінше сергек сауаттылау болатын. Пікір алысу мәжілісінде бас қосқан жастарға алдағы сайлау тәртібі жайлы түсінік айтуға бірінші сөз губерниядан келген уәкіл Татимовке берілді. Әлі де сонау азамат соғысы кезіндегі тағынған қару-жарағын бойынан ағытпаған жауынгер азамат қазіргі сайлаудың жаңа тәртіппен жүргізілетінін баяндады. Ол сөзін бастады.

— Жолдастар, сіздер жана тәртіптің жаршысы Ленин комсомолының жауынгерлерісіңдер. Орталықтан шалғайдағы халыққа енбекші бұқараға кеңес тәртібінің жаңа жолының мазмұнын орнымен түсіндіре біліңіздер. Осы жылғы сайлау, кеңестер одағының жана заңымен жүргізіледі. Революцияның алғашқы отты жылдарында әскери ұранмен жүргізілген әскери коммунизм тәртібі енді өзгерді. Енді бетті ауылға бұру жаңалығы ұран болып отыр. Міне, осыны жете ұғыныңдар. Әскери коммунизм ұранымен сауаттанғандықтарыңды істеп, сайлау үстінде шаш ал, десе бас алмаңдар. Орташа мен байды ажырата атқа мінер бай жуан мен ел азаматын ажырата біліңдер.

Сайлауға дауыс беруге жиналған жұртқа совет тәртібімен насихат жолын жеткізе түсініндер,-деп тоқтады. Уәкілдің сөзін тыңдап ойлана қалған жастар біраз бөгеліскеннен кейін сұрақ қоюға кірісті.

— Уәкіл аға, сіз бетті ауылға бұр деген ұранды айттыңыз. Бір кезде шен алып шекпен киген би, болыстың кейбіреулері, дәулеті шағындалып орта түскенін бетке ұстап әкімдікке әлі де қол созады. Әсіресе өздеріне жақын туысындағы құдандаларынан атқа мінген аңқау жастарды өзіне қолшоқпар етіп сөзін сөйлетеді. Осылар жөнінде мына жаңа тәртіп кеңшілік ете ме? Мен осыны анықтап ұғынайын деп едім? — деген сұрақты топтың орта жерінде отырған жапақтап қарайтын бозғыл көзін Мұқаметқалнға қадай аузын соза сөйледі бір жас жігіт.

— Иә, осы бір жерін ашып алалық, — десті оның сөзін қуаттап тағы да бірнеше комсомолдар.

— Міне, жаңа тәртіптің ең алдымен еске алар жағы сендердің сұрақтарында жатыр. Баймен, атқа мінер жуандардың айла әдісіне жол бермеу керек. Олардың тон жамылған зымиян тәсілінің тамырына балта шабындар. Ол үшін ауыл, село жастарының, батырақ кедейлерінің көңілін оята біліңдер. Партияның да, кеңестің де мақсаты бұқараның таптық сезімін оятып, оларды өз тендігіне, өз праволарына иелендіру ғой. Айқай-қиқусыз тәрбиелі әдіс жолын табу қажет, — деп тоқтады.

Бұдан әрі сұрақ тоқталып, уезге қараған болыстар жер ыңғайына қарай бірнеше сайлау аудандардың көлеміне бөлінді. Әрбір аудандалған болыстар алқабына жастарды бастап уездің басшы қызметкерлері тағайындалды. Ертістің оңтүстік шығыс алқабындағы Қалба тауына мекендеген бірнеше болыстан аудандалған елдердің сайлауын өткізуге Мұқаметқали өзі баратын болды. Осы Мұқаметқали баратын болыстарға баруға тағайындалған комсомолдардың бірі анадағы мәжіліс кезінде алдымен сұрақ қойып көзге түскен бозғылт жапақ көзді жігіт еді. Жүрер алдыңда Мұқаметқали өзімен бірге баратын комсомол үгітшілердің басын қосып, жұмысты қайдан қалай бастау жайында әңгімелесті. Аңғал тәжірибелері шамалы айғайшыл жастардың албырт қимылға дайындығын аңғарған Мұқаметқали, олардың өзімен де шағын кеңес өткізді. Осы кеңесу кезінде олардың қайдан қашаннан бері комсомол қатарында істеп келе жатқан жайларымен танысты. Осы мәжілісте тағы да анадағы сұрақты бастаған сұрақшыл жігіт бозғылт көзін жыпықтата:

— Ағай, сізге мен бір сұрақ қойсам рұқсат па? — деп ернін көкейте Мұқаметқалиға жасқана қарады.

— Рұқсат, айтып көр, білгенімше жауап берейін, — деп Мұқаметқали оның сұрақшылдығына ой бөле жымиды.

— Сіз өзіңіз Ленинді көрдіңіз бе? Егер көрсеңіз сол көсемнің жайынан бізге айтып берсеңіз, — деп тоқтады.

— Жігітім, сұрағың орынды. Мен Владимир Ильичті бір-ақ рет көрдім. Бірақ, ол кісімен тілдесе алғаным жоқ. Өйткені ол кездесуім 1922 жылғы Москвада шақырылған халықаралық жастар конференциясында болды. Бұл мәжілісте мен қызыл әскер жастарының ішінен жіберілген делегаттардың қатарында бардым. Ол кісі ана жылғы өзіне атылған Каплан деген сұрқияның мылтығының оғынан түскен жарадан айыға алмаған екен. Сол сырқат жағдайына қарамастан конгресте тамаша сөз сөйледі. Ол кісінің сол сөзі бүкіл дүние жүзі саналы жастарының көкірегін оятты. Алыстан көрсем де ол кісінің дидарындағы адамға деген махаббат жылы шырай дана сипаты тұла бойды балқытты. Мен ол кісінің ұшқан ұясын, өмірбаяны жайынан бұрынғы естігендерім есіме алып ол кісінің тұлғасынан көз алмадым. Мен ол Владимир Ильичтің ұшқан ұя өмірбаянын кәміл білетін адамдардан естігенімді айтып берейін, жайлана отырыңдар, — деп Мұқаметқали ойлана біраз отырып қалды. Мен өзім 1916 жылдан қызыл әскер қатарында болып майданнан майданға жорық шектім. Сол майдандардың бірінде, яки дәлдеп айтсам Екатеринбург маңындағы қызылдарға келіп қосылған уақытым болды. Біздің келіп қосылған топ Оралдың жұмысшыларынан, ішкі Россиядан бір кезде қуғынмен келген жұмысшылардан құралған топ екен. Сол бір топтанған қызылдар тобын басқарып жүрген орта жастағы адаммен таныстым. Бұл кісі ертеден партия қатарында болған Петроград маңындағы мылтық жасайтын заводтың жұмысшысы екен. 1905 жылғы жұмысшылар бас көтерген толқында көзге түсіп, сонан қуғындалып осы Сибирь жаққа келген Орлов деген жұмысшы екен. Сол кісімен жете танысып, Ленин жайынан сұрадым. Ол кісі Ленинмен кездескен, Петербургтағы құпия партия ұйымында болған адам екен. Маған жайлап айтты. Владимир Ильичтің әкесі оқу бөлімін басқарған зиялы оқыған адам болған. Ол кісінің үлкен баласы Александр Петербургтағы студенттер қозғалысына қатынасып, сонан өлім жазасына бұйырылған.

Ағасы өлім жазасына бұйырылғанда Владимир жас екен. Жас та болса ағасынын не үшін қыршынынан қиылған қасіретін ұққан. Сол жастайынан көкірегіне түйін болған ұлы күрес жолына бел байлап сол күннен кіріскен екен. Менің сол Орлов деген қарт большевиктен Ленин туралы естігендерім қысқаша осылай басталды. Бұл күнде Владимир Ильичтің өмірбаяны барлық тілде толығынан жазылған, оқып танысып сол көсемнің бастаған ұлы жолына бел байласаңдар бәріне де жетесіңдер, — деп қысқаша ғана айтып тоқтады.

Бұл күнгі танысу осымен аяқталып, сайлаушылар үгітшілер белгіленген жол-жобасымен аттанатын болды. Мұқаметқалидың өзі баратын сайлау аймағына Шәкітай да бірге аттанды.

— Ағай мен жеңгейді өзім бастап алып жүрем. Сендер белгіленген жоба бойынша үгіт жүргізетін болыстарыңа тез аттаныңдар, — деп анадағы сұрау қор жігіт Мұқаметқалидың қасында тіл хатшы болуды өз міндетіне алды.

Білуге ынтық жаңалыққа талпынған ойы бар жас жігітті Мұқаметқали жылы қабақпен бауырына тарта тіл қатты.

— Осы сен маған алдымен оз атынды айтып қойшы. Сен ағай дейсің, мен сұрақшыл жігіт деймін, онымыз сыртқы атаулар, — деп жымия қарады.

— Менің өз атым Бейсембай, әкем аты Қамыс, — деп жып еткізіп тез айтты да жылы ажармен қараған Мұқаметқалиға еркінси сөйлеп:

— Ағай, сіз азамат соғысы кезінде біздің осы Алтай өлкесінде болған жоқсыз ба? Ай бұл жақта Колчактың бұзақылары жаман қырғын жасады ғой. Сол Колчакқа, Анненковке тіл жалғап тілектес болған бай жуан атқа мінерлер де елге азуын басты-ау, — деп біреулерге кіжінген кегі бар адамша сөйледі.

Мына жас жігіттің қысқа да қышырлана сөйлегенінен бір сыр барын аңғарғандай Мұқаметқали:

— Ол кезде сен жассың ғой, совдептер тобына қосылмаған шығарсың, — деп сұрақ қоя қарады.

— Иә, ағай онда мен жаспын ғой. Бізге басшылық еткен оз ортамызда көзі ашық адам да болмады. Бірақ, совдеп ұйымдасқан кездегі бостандық, тендік деген ұрандар құлақта бар. Менің өз басымнан кешкен бір уақиғаны сізге айтсам рұқсат па, — деп көзін жыпылықтатты.

— Әңгіменің төресі бастан кешкен уақиға ғой. Айтып қор, тыңдалық деп Мұқаметқали ықласты ажар көрсетті.

— Біздің осы бет алып келе жатқан еліміз Айыртау болысы. Осы болыста ежелден бай жуан атанын баласы Жайнауыз Амантаев деген болған. Ол өзі көп заман болыс болып патшадан шен алып шекпен киіпті. Жайнауыздың өзі қартайған кезде оның баласы Бағадай атқа мінді. Ол аюдай ақырған кезде кешегі аумалы-төкпелі заманға кездесті. Арғыдағы екпіні біраз бәсеңдеп совдепке билік тигенде сүтке тиген күшіктей мүсәпір момақан бола қалып, сұрқия әдіске кешті. Сонан бір кезде билік Колчакқа ауысқанда баяғы болыстық тағына отырып дүрілдеді. Мен оның арғыдағы жайын тек елдің айтуынан ұққаным осылай. Ал өзіме оның істеген өктемдігі өмірі есімнен кетпейтін қорлық болған. 1918 жылдың күзі еді. Ауыл қорада еді, бір топ атты адамдар екпіндете жүріп келе қалды. Келе ат ойнатып: «Ауылда кім бар, тез жиналыңдар» деп әкіреңдеді, омырауында қадап алған алақандай дөңгелек жез знагы бар бір өңірендеген жендет. Ауыл қотанына тоқтай қалып аттан түспей шіреніп тұрғанның біреуі өзгелерінен маңыздана, айналасына ызғарлана қарайды.

Ауыл адамдары, шал-сауан, әйелдер сыртқа шығып үрпиісіп тұр. Ауылдағы мал түлігі баққан екі-үш жас жігіт біз де келдік. Әлгі знак асынған болыстың шабарманы екен. Анау ортада жер тәңірсіп шіреніп тұрған Айыртаудың болысы Бағадай екен. Ауыл адамдарының ішіндегі азырақ тіл білетін ақсақал, ат үстінде шіреніп тұрған болысқа таман тақап:

— Болыс-еке, ауылымыз осы. Біздің де от жаққан жеріміз бар. Үйге түсіңіз. Ел өзіңіздікі, — деп жақаурай сөйлеп еді, әлгі знагы бар шабарман:

— Неменеге суырылып мырзаси қалдың, түсетін болса болыс көрмей тұр дейсің бе. Жұмыс тығыз. Ана жоғарғы үкіметтен тығыз бұйрық келіп, соны орындауға асығып тұр. Тайынты алқабында ақтың бір топ әскері жатыр, олардың атына азық шеп керек. Соған шөп апаратын көлікпен кісі керек. Соны тез дайындаңдар, — деп қамшы үйірді. Әлгі болысқа таман жақаурап барған шалға болыстың өзі зәрлене қарап:

— Өте тығыз, тез орындалатын бұйрық. Кәне, қанша арба-аттарың бар. Соны дайындаңдар. Бас тартсаңдар ақтың әскерінің оғы мен қылышы бастарыңа ойнайды, — деп күжілдей сөйледі.

— Болысжан-ау, біздін ауылдың жай-күйін білмейсің бе, сайлы азамат санаулы, көлік бізде қайдан болсын. Бар азаматымыз мына тұрған боқмұрындар. Булар ненің жөнін біледі, — деп былдырап еді. Шалға таяна келіп әлгі шабарман:

— Немене аузыңды қу шөппен сүртіп барды құртып тұрсын. Мыналар көлік пен шөп апаруды білмейтін кемтар ма, сөйлемей мына үшеуін көлігіне шөп тиетіп, Тайынтыдағы әскерге осы түнде жүргізесіңдер. Сөз қысқа, әмір екі айтылмайды. Жаңа болыстың өзі айтты ғой, егер орындалмаса ойрандарың шығады, — деп тепсінді. Бізде зәре жоқ. Ауыл атынан сөйлеп тұрған шал тұқия жан-жағына ұрлана қарап кейін шегінді.

— Әмір қысқа, неге тұрсыңдар. Көлік қамдап, шөп тиеңдер, — деп әлгі шабарман бізге қарай тебінді. Бізде зәре жоқ. Бірімізге — біріміз тығыла ұйлығып тұрмыз.

— Немене тілдерің байланды ма, неге апарамыз демейсіңдер, – деп ақырды. Менің қасымда тұрған Абдолла деген жігіт:

— Біздің көлігіміз жоқ қой. Жаяу қалай тасимыз, — деп күбірледі.

— Осы ауылдағы бар көлікті жегіңдер, — деп анадай ауылдан төменгі ойда жайылып жүрген үш-төрт түйені көріп. — Ана жүрген көлік емей немене, бар да айдап кел, деп қасындағы бір жігітке әмір етті. Ол тура шауып барып түйелерді айдап келді. Оның бірі біздің үйдің іңгені еді. Мен өзім барып іңгенімді ұстап алдым. Менің қасымдағы Нұрмұқамет жапырық қара атаншаны ұстады. Ендігі бос түйе арықтау сары атанша еді, оны Абдолла ұстады.

— Көлік деген осы қазір ана тұрған арбаларды жегіп, ана қораларда мая-мая болып тұрған шөптен тиеп түннен қалдырмай жеткізіңіздер, — деп діңгірлеп ат ойнатады. Бізде зәре жоқ, қайда кімге баратынымызды да білмейміз. Тек Айыны тауын білеміз. Оған қай жолмен бармақпыз.

Бір ауыз қарсылық айтар дәрмен жоқ. Ауылдың жүк тиер арбаларын алып шөп тиеп жүруге кірістік. Біздің мойындағанымызды көрген болыстар қайта-қайта тездетіңдер, — деп тыпыршып басқа ауылға қарай жөнелді. «Орындама сандар әскер шығарамыз» деген әмірден жанымыз шошып, үш бала жігіт шөпті түнделетіп артып ауылдан шықтық.

Қараңғы түн, сүрлеу соқпақ. Жыра-жылғаларға ұрынып, кейде жаяулап, кейде арбаға отырып аяқ суытып, ұзақ жүрдік. Шамалауымызша Тайынты әлі талай жер. Түйелер де шабандап аяқтарын әрең көтеріп баяу басады. Түн ұзақ, әлі таңнан сызат жоқ. Бір бұлақшаның басына келіп тоқтадық. Түйелерді арбадан босатып арбаның ықтасынына шөгеріп, өзіміз шөптің үстіне шығып үңгірлеп бүркене жаттық, таң ата оянып түйемізді жайылымға жіберіп, жолға алып шыққан бақырашқа шай қайнатып іштік. Шабарманның қамшысынан қорқып жолға шықсақ та ілгері басып анау ақтың қанішерлеріне не жабдық апаруға аяқ басқымыз келмейді. Бір жағынан олардың халыққа жасаған өктемдігін естігеніміз қоз алдымызға елестеп, жанымыз шошиды. Атып тастар деп те қорқамыз, бір әредікте отырып Абдолла:

— Осы біз шөпті апармай қашып кетсек қайдан табады, — деп айтып қалды. Абдолланың әлгі сөзі ой салып, мен де оған қосылып ана жауыздарға керек-жарақ апарғанша қашқанымыз жақсы, — дедім. Біздің сөзімізді Нұрмұқамет те қуаттап:

— Әйда, қашамыз. Шөпті онда апармаймыз. Мен өзім тура мына Керейлерге барам. Онда тәтем бар, — деп жайнап кетті.

— Сен Керейге барсаң мен де сонда бірге барам, — деп Абдолла соған ілесті.

— Мен сендерге ермеймін. Топтанып жүрсек көзге түсеміз, мына Никитинке поселкесінде таныс бір малшы қазақ бар, мен сонда барам, — деп бөлінетін болдым.

Сонан үшеуіміз бөлініп, шөпті Тайынтыға Колчак әскеріне апармай қашқын болдық. Бой тасалап жүріп құлақ түрсек, Тайынтыдағы ақтың әскерінің аттарына шөп, жем жеткізілмей болысқа атты әскерден адамдар барып, ойранын шығарып жанын көзіне көрсетіпті. Бізді іздетіп, ауылға келіп ат ойнатып қысымға алыпты. Олар «шөпті алып кеткеннен қайтып оралған жоқ. Біздің кісіміз, көлігіміз жоқ болды. Ақтар атып тастаған шығар» деп зар илеп, өздеріне зарлапты.

Біз сол жоғалғаннан жоғалып, біраз уақыт өтіп, іздеу саябырлағанда, жансыздап ауылға хабарластық. Шынында да ауылымыз бізден күдер үзіп ақтар атып тастаған шығар деп үрей екен. Тірі екенімізді біліп қуанысып қалды. Бірақ тапсырмасы орындалмаған болыстың қаһарынан қорқып біз ауылға тура келе алмай бой тасалап жүрдік. Біраз уақыт өтті, дігірлетіп бізді іздеген хабар бола қойған жоқ. Біртіндеп ауылға келдік. Бір-екі күндей тыныш болды. Енді бізді іздемес деп емексіп, еркіндеп жүре бастадық. Күз басталған жерде қырбақтаған жұқа қар бар. Әрқайсымыз үйіміздің кішкене шаруашылығында қаннен-қаперсіз жүргенміз. Түс ауа анадағы болыстың қанды қамшы шабарманы жетіп келді. Келе ат ойнатып:

— Әлгі үш қашқын қайда. Тез киінсін, болыс шақыртып жатыр. Өзі мына бидің ауылында отыр. «Кәне, тездет», деп ат ойнатып, бізді алдыңа салып айдап жүрді. Бізде үн жоқ. Ішімізден енді сорымыз қайнады, деп үнжұрғамыз түсіп келеміз. Ауыл арасы сонша алыс емес еді, ә дегенше айдап келді. Бізді бір құрмет ететіндей қолында шыпыртқы қамшысы бар екі жігіт күтіп тұр екен:

— Ә, қашқындар табылыпты ғой, — деп бізді шабардың алдынан жиып алып болыс отырған үйге қарай айдады. Аттың алдыңа түсіп титықтап келген күр сүлдер, сүмірейіп болыс алдыңа жеттік.

— Болыс-еке, әлгі қашқын иттер мына үшеуі, алдыңызға әкелдім, — деп ұрда-жық шабарман бір қатерлі жау түсіргендей ентіге келіп болысқа құлды құрды.

— Әлгі айтқан әмірді орындамай қашқын болған мына жетпегірлер екен ғой. Әскери әмірден бас тартқандардың жазасы қандай болады екен, көрсін. Басқаларға да тиым болсын. Шешіндір үшеуін, жина ауыл адамдарын, — деп болыс түтіге бұйрық айтты. Қасында отырған бүйен қарын билер арлан құлатқан жемтікке бөккен бөрідей бұғып, үн қатпай бас изейді. Жалақтап тұрған бөлтіріктер әлгі алдымыздан қамшы үйіре қарсы алғандар бас салып шешіндірді. Бізде үн жоқ. Сол кезде қатын-қалаш, ауыл адамдары да жиналып қалыпты. Ұлық бұйрығы екі бола ма, жендеттер қолдарындағы шыпыртқымен арқамыздан шыпылдата соққанда жан ұшырып тұра қашпақ болдық. Босатпады. Құлындағы дауысымыз құраққа шығып, маңайды басымызға көтердік. Сол сәтте ауыл иесі «жорға би» атанған кісі жүгіне болыстың алдыңа келіп:

— Шырағым, Бағадайжан, ел өзіңдікі, жер өзіңдікі, мына балалардың дауысы сай-сүйегімізді сырқыратты. Осы да жетер, енді рақым ет, босат шырағым, — деді. Болыс жорға биге күреңдеу қабақпен қарап:

— Жарайды, тоқталсын. Бірақ мына бұзықтарға айтыңыз. Ендігәрі тағы қыңырлық істеп, айтқанды орындамаса, тура Тескентау өткіземін, — деп долдана тоқтады. Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді — дейді ғой халық. Бізге осы халық алдыңда «қашқын бұзық» деп дүре соғып масқаралағаны көкірекке шер болып байланды. Онда біз алдымызда Октябрь таңы атқалы тұрғанын сездік пе? Арман дүниесі алыста деп сүмірейіп масқара болып дүре жеп қала бердік. Міне біздің бет алып келе жатқан еліміз осы бір кездегі Бағадай болыс билеген Айыртау болысы, — деп тоқтады.

Бейсембай өзінің көкірегінде шер болып жүрген бір көрген қорлығын өзі құмарта қасына еріп шыққан азамат соғысының атақты майдангері, Мұқаметқалиға айтар сәті келіп ағытып шыққанына мәз болып тынысын бір кеңітті.

— Сол болыс осы күні қайда? — деген Мұқаметқалидың сұрағына:

— Қайда болсын, осында, бетегеден биік, жусаннан аласа, қой аузынан шоп алмас момақан. Елге шыққан қызметкерлерге құрдай жорғалап сырын білгендерге көл-көсір бір ақпейіл болып көрінеді.

— Бейсембай сен қазір комсомол қатарында совет азаматысың. Жас лениншілдер, олар келешектің көш басшылары. Әрбір ұсақ-түйекті жинастырып, ағат қимыл, орынсыз белсеңділіктен байқау керек.

Қазір бетті ауылға бұру, жаңа үнем саясаты жұмысты жаңаша жүргізуді партияның жолын халыққа тәртіпті жеткізу міндеттерін, сондықтан сен ана Бағадайлардан кек алам деген ойды қоя тұр. Мен сенің көкейіндегі сырыңды ұғып келем, әлі күрестің үлкені алда. Амандық болса ондай ел қанаған жауыз бай-болыстардың көрер соққысы табылады. Сол кезде таптық сезім күшіңді еркін жұмсарсың. Оған дейін білімге жетілу керек, — деп Бейсембайға ойлана қарады. Шынында да Бейсембайдың көкірегіндегі бір арманы мына сияқты азамат соғысының атақты жауынгеріне өз басынан кешкен жайды айтып және ел ішіндегі бай жуанның сырын әшкерелеп сыртынан таныстырып қою еді. Ол жөнінде, сол жауынгердің жаңағы бір ой сала айтқан ақыл сөзі, өзінің ойындағы кейбір кіжіне күткен жайды кейін шегеріп тастады. Дегенмен кешілмес кек ызғары көкейінде орнығып қала берді.

Айыртау болысына жетісімен сайлаушыларды болатком қызметкерлері тобымен қарсы алды. Көк шалғынға үйлерін тігіп, құрмет қушағын жайды. Қалба тауының Балқашты сілеміне сайлау комиссиясына арнап үй тігілген жер жаратылысының бір әсем ойындысыңдай көрікті-ақ екен. Алдарынан шыққан ауыл басшыларымен келіп тігілген үйге түсіп жайғасқан уәкіл қонақтар, жол жүрісінен божырап келген бойларын жинап, денелерін ширатып біраз демалыс етті. Дайындалған дастарқанның балбыратып пісірілген бағлан еті, бал татыған сары қымызға тояттаған уәкілдер сыртқа бой жазуға көтерілді. Ер азаматтармен бірге бой сергітуге шыққан Шәкітай, өздерін күтіп қызмет етіп жүрген жас келіншекті шақырып алып, бірге жүріп «әңгімелесейік» деп ертіп жүрді. Ашылмаған ауыл жасы ұяң жасқаншақ мінезін істеп:

— Апай уәкіл ағайлардан ұят қой. Ана ауыл үлкендері де сөгеді ғой, біздің Рақыш та уәкіл болған ба, — деп. Мен үйде болайын, — деп кейін шегінеді. Мынау жап-жас келіншектің жасқаншақ, ұяң мінезіне Шәкітай тандана қараған жоқ. Осы сияқты бұйығылық өз ауылдарында да бар емес пе еді. Тек өзінің қалада өсіп мектеп көріп мына сияқты жана заман азаматына қосылып, беті ашылғаны болмаса, қай қазақтың қызы еркектер қатарында ербеңдеп еді.

— Жаңағы айтуыңа Қарағанда сенің атын Рақыш көрінеді. Сен мені апай дедің, уәкілдермен келген соң құрмет етіп үлкен тұтқаның болар. Мен сенен үлкен емеспін. Менің атым Шәкітай ана әскери киінген уәкілдің жолдасымын, танысып қоялық. Сен заман жасының бірісің, оянатын, ашылатын күн туып отыр. Бұдан былай анау сөгеді, мынау тыяды деген бос қорғаншақтықты қою керек. Жаңа тәртіпке бағына да, үйрене де білу керек, — деп өзінің ашық-жарқын әдетімен Шәкітай Рақыш келіншекті үгіттей сөйледі. Шәкітайдың мына сөзіне және ана бас уәкілдің келіншегімін дегеніне таңданғандай Шәкітайдың бас-аяғына қарады. Өзі келіншек, шашын жалбыратып бөрік киіп алыпты. Ең болмаса басына орамал да байламапты. Ерлі-әйел шашын бұрқыратып жаланбас жүргені қалай деген ойға келіп, Рақыш әлі де ұяң әдетімен:

— Сіз уәкіл ағайдың келіншегісіз ғой, онда қалайша жалаңбас жүрсіз. Күйеуге шыққан келіншек ең болмаса шәлі бүркеніп не орамал байлап жүрмей ме, — деп жымиды. Шәкітай мына замандасының сөзін ойлана тыңдап ішінен қаланың аты қала, даланың аты дала. Біз бір жағы қала өмірін, заман жаңалығын сезіне тәлім алып талпындық. Ал мына ел ішіне заман жаңалығы әлі қанат жаймаған. Әсіресе шеткері жатқан ауылдар қандай сезімсіз деп ойлана алдыңа қарап еді, Мұқаметқалилар да сылдырап ағып жатқан мөлдір бұлақтың бір жартасты етектей жарсымақтан край шапшып бұрқырай құйылған жеріне келіп тамашалай қарап бөгеліп тұр екен. Шәкітайлар келгенде Мұқаметқалидың қасындағы Бейсембай:

— Шәкітай жеңгей, Рақыш замандасыңызды ертіп алып жақсы болды-ау сырласуға, — деп көзін жыпылықтата жымиды.

— Е, Бейсеш, бұл Рақыш замандас мені сөгіп, біраз ауыл тәртібін айтып ой салып келеді. Сірә, сен маған бір жаулық тауып бермесең болмас, — деп күлді.

— Не дейді, Рақыш сізге ақылшы болды ма? Қызық екен. Не дейді, сізге жаулық ки, жалаңбас жүрме дей ме?

— Иә, соны айтып, мына келіншек қалпыңызбен жалаңбас жүру ерсі, — деп ұялтып тастады. Енді бір жаулық киейін деп тұрмын, — деп Шәкітай Мұқаметқалиға қарады.

— Рақыш замандастың онысы жөн. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын суларсың» деген емес пе. Мынау Өскемен елінің ішінен кеткенше кимешек киіп, шаршы тартып жүр. Сонда ғана осы елдің әйелдері сенімен үйірлеседі. Жалаңбас секіріп жүрген әлде кім деп үркіп жүрер, — деп күлді. Мұқаметқалидың әжуашыл астарлы сөзіне шын екен деп ойлап қалған Бейсембай:

— Шәкітай жеңгей, мына Мұқан ағайдың айтқаны рас. Бұл елдің әйелдері түгіл мен өзім де күйеуге шыққан әйелдің жалаңбас шашын желпілдетіп жүргенін көргенім сіз ғана. Әйелге бостандық болып, қалыңмал құдалықтарға жана заң тиым салғанымен ел ішінде әйелдік салт, ізет сақталып жатыр ғой, — деп көзін күлімдете Мұқаметқалиға қарады. Бейсембайдың жиырма екінші жылдан комсомол мүшесі, онан партия қатарына кірген жаңа пікірлі жастығына қарамастан, мына сияқты көне өмірдің көлеңкесінен шыға алмай жүрген жайына Шәкітай таңданған жоқ. Өйткені ол әлі ауыл ортасынан ұзап шығып өмір белесіне, заман жаңалығына жете таныса қоймаған. Тек жаңалыққа жалын атқан құмарлық бар жас қой деп ойлады. Мен дұрыс айтқан екенмін дегендей Рақыш батылдана:

— Апай, сізге орамалды мен беремін. Басқа жақтан іздемей-ақ қойыңыз, — деп күмілжіді.

— Ондай бас артық орамалың болса жарайды. Осы елден қайтқанша байлап алайын деген сөзін Шәкітай сақылдай күліп айтты да:

— Рақыш, сен осы ауылдың жас келіншек, қыздарын жинап маған жолықтыр. Олармен де танысайын, — деді.

— Жарайды, апай. Онда ертең бәрін де шақырайын. Олар мына ағайдан ұялып келмей жүрмесе деген сөзін аяқтағанша Бейсембай:

— Мен де оларды жинасайын. Ауыл жастарын оята жүрген жақсы ақыл, — деп зейілдене бастады.

Осы бір кішкене сейіл уақытындағы әңгімелесіп ой бөлісу, танысу осымен аяқтап табиғат тамашаларын көріп бой жазып демалыс етісті. Келесі күннің таң ату сәтін күтіп отырған болатком тобы ауыл-ауылға сайлау жұмысын жүргізетін адамдарын реттеу, болатком сайлауын өткізер күнін белгілеу мәжілістеріне жоғарыдан келген уәкілдерді қатыстырды. Жаңа үнем саясаты, жаңа заң тәртібі жайынан Мұқаметқали өзінің жоғарыдан алған деректі нұсқау хатқа сүйене отырып, сайлау тәртібімен қысқаша түсіндірме жасады.

«Ананы аластау, мынаны аластау, қара тізім» дейтін алып қашпа белсенділік саябырлаған. Жана тәртіп, әрбір іс заңдылық, жолымен жүргізілмек деген бет алыс ел ішіне ұнамды болып таралып жатты. Сайлауға ел әзірлігі жаман емес екен. Ауыл кеңестерде жүргізілген сайлауға уезден, губерниядан келген уәкілдер де қатынасатын болып, Мұқаметқали бастаған бір топ Айыртау елінің орталық жеріндегі ауыл кеңес сайлауын өткізуге баратын болды. Осы жолға аттанбастан бұрын Шәкітай бастауымен Рақыш пен Бейсембай хабарлап бас қосқан қыз-келіншектер тобы ауылдағы мектеп үйіне келді. Шәкітай әдеттегі шашын желкесіне қайыра түйіп құндыз бөркін қырындата киіп қыз-келіншектер тобына әзілді ажармен амандасты. Шәкітай ертіп келген Рақыш пен Бейсембай ауыл жастарына Шәкітайдың кім екенін, ол кісінің өздерін шақыртып таныспақ жайын айтып өтті.

Бұйығы, именшек ауыл жастарының кейбіреулері жаңа ашылған бастауыш мектептен оқып жүргеніне қарамастан сондай жабы, біріне-бірі тығыла келіп отырған қалыптарына қарап Шәкітай:

— Замандас, сіңлі, жас әйелдер қауымы, мен сіздерді шақыртып таныспақтағы ойым, сіздерге замандарыңның еркіндік, бостандығын қаншалық ұғынып түсінік алғандарыңды байқамақ едім. Менің байқауымша сіздерде еліміздің, әдептілік, ізетті дәстүрін сақтағандық сол қалпында екен. Әрине бостандық деп дарақылану да орынсыз болады, бірақ өздеріне бүгінгі заман беріп отырған мәдениет, білім жолына батыл қадам басар күн туғанда өте бұйыға беруде жігерсіздікке жетектейді ғой. Мына мен де өздеріндей ауыл қызымын. Бірақ қалалы жерге келіп мектеп тәрбиесін және алдымызда үлгі айтар апай, ағайлардың тәрбиесіне түсініп, жана заманның жас азаматшасы болуға аттанып кеттім. Менің тұрмысқа шығып жолдас тауып, жар болғаным, сіздердің көздеріңе нанымсыз болуы яки ерсі көрінуі мүмкін. Өйткені мына менің осы сіздің ауылдан тапқан сырласым Рақыштың айтуынша орамал, жаулық салынбай жалаңбас жайтаңдап жүруім ерсі көрінеді. Иә, ол бұрын дін жолымен айтқанда ерсі, күнә болыпты. Ал бүгінгі жаңа заманда бетін бүркеп құбыжық болып жүру күлкі ғой. Мен өзім тәрбие алған Қарқаралы қаласында көрген бір тамашамды сіздерге айта кетейін. Біздің Қарқаралыда әлденеше ұлттан адамдар бар. Ертеден саудамен келіп тұрып қалған бірнеше сарттардың үй-іші болды. Солардың әйелдері көшеге шыққанда бастарына қара бүркей фаранжы жамылып, үстеріне жерге сүйретілген шапан киетін еді. Ол неге үйтеді деп үлкендерден сұрағанымызда.

— Олар мұсылман дінін берік ұстаған халықтар. Олардың әйелдері бетін басқа ерлерге көрсетуге болмайды. Және мұсылман әйелдердің шашы жаулық астында болуы керек. Аяқтарын да сырттан қараған адамның көзіне түсірмеуі керек, — дейтін. Ал біздің көшпелі қазақ ауылдарында сол тәртіптің шет жағасы болған ғой. Адамның жаратылыспен біткен сипатының әсіресе шашы, бет-ауыз сипатын тұмшалау дұрыс емес, — деп өте байыпты насихат айтып тоқтады.

Мына сияқты өздерімен замандас жап-жас әйелдің арғы-бергіден шежірелей сөйлеп жаңалыққа шақырғаны ой салғандай бір жас келіншек, біраз ізеттене имене сөйлеп:

— Сіз апай қайда оқығансыз? — деді.

— Менің ондай үлкен оқу бітірген білімім жоқ. Бірақ өзіміз Қарқаралы қаласынан ашылған жана оқу мектебінен оқығанбыз. Сонымен қатар сол қалада, жоғарғы жерден келген Натима, Фатима апайлар сияқты оқымысты апайлар болып, сол апайлар осы кейінгі жылдарда жаңалыққа тәрбиелеп, жаңалыққа баулыды. Мен солардан алған үлгімен, сендерді де жаңа заманның жайнаңдаған азамат қыздары болуға шақырам. Бұдан былай бұйытып, бет бүркеп, кимешек-жаулық жамылып жабықпаңдар. Әрине, әдеп те, ізет те керек. Оның өз орны бар, — деп тоқтады.

— Жиналысқа, ел бас қосқан жерге барғымыз келеді. Бірақ та ауыл үлкендері «Немене, қыз бастарыңмен секендеп, үйде болыңдар» десе қайтеміз, деп қасындағы қыздарға қарады, тағы әлгі келіншек.

— Иә, апай, солай бізді сөгеді ғой, — деген үн бірнешеуінен естілді.

Шәкітай біраз ойланып тұрды да қыздарға күлімдей қарап:

— Егер ондай тиым салса, сендер үн көтеріп қарсыласпаңдар. Сол сөз бастап айтқан шешейлерге, мына заман жайын түсіндіріп, ізетпен рұқсат сұрандар. Егер ондай сыйлағанды ұқпаса бізге мектепте және елге келген уәкілдер осылай жол сілтеп отыр, үкімет тәртібіне қарсысыңдар ма деп батылдана сөйлеңдер. Бірақ шуламай ауыз біріктіре сөйлеңдер. Ертең осы ауылда сайлау болады. Соған қатысасыңдар, — деп тоқтады.

Шәкітай ауыл қыздарымен қош айтысып ат жектіріп жолға әзірленіп жүрген Мұқаметқалиларға келіп қосылды. Дайын тұрған ат арбаға мініп әзілдесе, күлісе жол тартқан уәкілдер тобы Айыртау орталығына бет алды. Суыт, тын аттарға жегілген тарантастар зырылдатып орталыққа көп кешіктірмей-ақ алып келді. Мұнда дайындалған үй, құрметтей қарсы алған қауым. Болатком құрамы тегіске жақын осында екен, тобымен алдан шығып құрмет көрсетті.

Сайлау алдын ала берілген нұсқау тәртібімен айқай-ұйқайсыз басталды. «Жасы сайлау кәмілетке жеткен жастар тегіске тарта қатынасты» десіп жұрт көңілді еді. Бір кезде сайлауға келіп отырған топтың ішінде сусар бөркін жымыра киіп, айналасына жалтақтай көз жүгіртіп отырған, бір адамға Бейсембай көзін жыпылықтата қадала қарап:

— Ана соққанның отырысын, түк көрмегендей монтиып, — деп өзіне таяу жерде тұрған Мұқаметқалиға естірте сөйледі. Кеше ғана күйзеле сыр шерткен мына жас жігіттің ызалана айтқан сөзіне, ойлана қарап Мұқаметқали:

— Жігітім, кімге тісіңді қайрап кіжініп тұрсың?

— Ана Колчактың қанды қылыш жан алғышы болған Бағадайға тісімді қайрап тұрмын. Ол да мына сайлауға қатынасып, өзінің сойылын соғатын адамын әзірлеп отыр ғой, — деп ентіге тоқтады.

— Ә, анадағы сендерді дүрелейтін жазған екен ғой. Қазір оған күш жұмсап, қыр көрсетудің реті келмес. Бірақ, оны мына жиыннан аластатып, шығару жолы табылады:

Мұқаметқали өзінің жаңа тәртіп жайынан жол сілтеп айтқан нұсқау сөзіне қайшы әрекет жүргізуді қисынсыз көрсе де, мына совет сайлауына кешегі халық үстінде қамшы ойнатқан болыстың келіп отыруына іштей келіспеді. Халық, жиналып, сайлауға кірісер алдында мәжілісті ашқан болатком мүшесі жоғарыдан келген уәкілге сөз берді.

— Бүгінгі кеңес сайлауына бас қосқан халайықтар, сіздер жаңа тәртіппен жүргізілетін сайлауға келіп отырсыздар. Қазір әскери коммунизм тәртібі өзгеріп бетті ауылға бұру дәуірі туды. Бірақ, осы кеңшілікті орнымен пайдалана біліңдер. Ежелгі тап жаулары жуан жұдырық атқа мінерлердің тонын айналдырып киген сұрқияларына жол беріп айтқанына ермендер.

«Ежелгі жау ел болмайды» дейтін аталарыңның дана сөзін ұмытпаңдар, — деп тоқтады. Мұқаметқалидың мына сөзін естігенде Бейсембай ішінен «е, бәсе, осылай болса керек еді ғой» деп сөз алып, жанағы губерния уәкілінің сөзін арқаланып Бағадайға қадалғысы келді. Бірақ, Мұқаметқалидың осы сайлауға аттанардағы айтқан «жайдақ белсенділікті тоқтату керек» деген сөзі есіне түсіп тоқтап қалды. Ол кіжіне ойланып күмілжи күбірлеп айналасына Қарағанда топталған жұрттың бір шетінде отырған Абдоллаға көзі түсті. Жаңағы Мұқаметқалидың сөзінің әсері ме ол да бұқия жан-жағына жалтақтай қарап отырған Бағадайға көзінің қиығын тастап кіжініп отырған тәрізденді. Осы кезде мәжіліс басқарып тұрған болатком бастығы:

— Кімнің сұрағы бар уәкіл ағайға? — деп халыққа қарады. Осы бір үнді күтіп тұрғандай Абдолла орнынан ұшып түре келіп қолын көтерді.

— Ал, Абдолла, не сұрайсың? деген сөзді құлағына тиісімен:

— Уәкіл ағайдан бірінші сұрайын дегенім, мына жаңа тәртіп бойынша бұдан былай тап тартысы бір жолата тоқтала ма? Екінші сұрағым кешегі патша заманында шен алып, шекпен киген көкжалдар мына сайлауда қатынаса ма? Осылар еді. Абдолла сұрағын аяқтаған кезде топ ішінен тағы бірнеше адамдар Абдолла сұрағын қуаттап үн қатты. Өзінің есебін тауып сұрай алмаған жанкүйер сұрағын дүре-дүрмегін бірге көрген қаратабан серігі Абдолла бастағанда қиығы қана Мұқаметқалидың аузына еміне қараған Бейсембай шыдамсызданып басындағы көнетоз кепкесін шекесіне таман қисайта киді.

Осындай сұрақтың қойыларын күні бұрын-ақ сезіп тұрған Мұқаметқали, әлі де шошайтқан қолын түсірмеген Абдоллаға күлімдей қарап;

— Жігітім, сұрақтарың орынды, бірінші сұрағына жауап: тап күресі қашан Отанымыздан тап жауының тұқымы құрығанша тоқталмайды. Жаңа тәртіп байлар мен атқа мінерлердің еңбекші бұқараға істеген зорлық-зомбылығына қайтадан жол беру үшін шығарылып отырған жоқ. Қайта тап күресінің туын жоғары ұстап әскери коммунизм кезіндегі дүрбелеңнен айықтыра — орташа мен қара шаруаны жаңа дәуірге оятып, халықтың сауатын ашып, жауы мен жақынын айыра білуге тәрбиелейді.

Екінші сұрағыңа айтылар жауап, кешегі ақ патшаға қызмет істеп шен-шекпен киген шонжарлар кеңес сайлауына қатыса алмайды. Ондай қанды балақ жуан жұдырықты топтан аластау мына сендер сияқты жаңа заман азаматтары сендердің міндеттерің. Бірақ, бір ескере кететін нәрсе, әскери коммунизм кезіндегі жаппай шабуыл, асыра сілтеушіліктен сақ болу керек. Ал аластар арам сирақтарыңды, анықтап ажырата біліңдер, — деп тоқтады.

Муқаметқали жауабын байыпты түрде айтып тоқтаған кезде, әлгі сұрақ қойған Абдолланың қасында отырған орта жастағы бір кісі орнынан тұрып қолын шошайтты. Жиналысты басқарып тұрған болатком бастығы:

— Иә, бір нәрсе айтайын деп пе едің, сөйле, — деп қолын көтерген кісіге ілтифат етті.

— Менің айтайын дегенім. Мына Абдолланың жанағы сұрағына айтылған жоғарыдан келген уәкіл жолдастың түсінігі, менің бір ажырата алмай отырған жайымды қозғап кетті. Соны айтайын, — деп едім.

— Оныңыз қандай мәселе айтыңыз, — деп болатком оған жылы ажармен үн қатты.

— Айтсам мына біздің осы жиынымызға кешегі патша заманында үш атадан бері шен алған, кешегі Колчак жорығында, кедей-кепшіктің басына қамшы үйіріп қанжар сермеген ана Бағадай сияқты қанды балақ ортамыздан аласталуға бола ма, соны білейін деп едім. Осы бір үн қайдан шығар екен деп күтіп отырғандай топ ішінен бірнеше жерден.

— Иә, иә, біздің де білгіміз келіп отыр. Шешіп алалық, — деген үн зулап кетті.

Болатком бастығы орнынан тұрып:

— Сіздер жауап тосыңыздар. Қазір уәкіл ағай сіздерге түсіндіреді, — деп Мұқаметқалиға қарады. Жаңағы дуылдай сұрақ қойған жұрттың үніндегі жаңа тәртіпке ынтыға түсіп, сонымен бірге кейбір тап күресі жайын анықтай ұққылары келетінін қуаныштай сезініп Мұқаметқали әдеттегі мұндай сұраққа сұсты сипатпен жауап айтатын әдетімен:

— Жолдастар, сіздердің таптық сезімдеріңіздің оянып кімді топтарыңнан аластауды ажыратып алғыларың келіп отыр. Ол туралы әлгі бір кіріспе сөзімде айтқан едім. Әлі де соны қайталап айтам. Патшаға қызмет істеп шен алып, шепкен киген шонжармен Колчакқа қолшоқпар болғандарға сіздердің ортаңызда орын жоқ. Бірақ, тап басып табандай аластаңдар, — деп тоқтады.

Мұқаметқалидың аузынан осы сөз шығуы-ақ мұң екен. Алғашқы сұрақ қойған Абдолла орнынан ұшып тұрып:

— Ал қанды қанжар Колчактың қолшоқпары болған Бағадай мырза, біздің топтан не күтіп келіп отырсың. «Мына жаңа тәртіп болды. Біз де сайлауға қатынасатын болдық» — деп желігіпсің ғой. Кәне, сөйле, арғы атаңнан бергі алған шен-шекпендеріңді неге киіп келмедің, — деген сөзін зілді үнмен айтты. Абдоллаға қарсыласар сызат таппаған Бағадай жанында отырған Нұрақметке бір нәрсе айтпайсың ба дегендей қабақ көрсетіп еді. Ол қозғала қоймады. Осы бір сәтте жиынның бір шетінен тағы бір жұпыны киінген орта жастағы адам қолын көтеріп:

— Мен жаңағы Абдолланың Бағадай болысқа қойған сұрағын қайталаймын. Бағадай мырзаның ата-бабаларынан кедейді қанап құлданғаны, патшадан шен алып, шекпен кигені былай тұрсын, кешегі Колчак уақытында елге істеген қол күші, өктемдігі тіпті ерекше еді. Тіпті онымен де қоймай совдеп кезінде белсенді болды. «Қамыстың Бейсембайы діннен шыққан шоқынған, тірі қоймай ел ішінен көзін жою керек» деп елден бездіргені ұмытыларлық емес еді. Ел соны ұмытты, қар жауды, із басылды, — деп келіп отыр ма екен Бағадай мырза. Ол аласталып, топтан айдалсын, — деймін деген сөзін ашына айтты.

Мына кейінгі сөйлеген адамның сөзін зейін қоя тыңдап, анадағы Бейсембайдың айтқанын, сөйлеушілер анықтай толықтыра түскеніне сүйсініп, өзіне ойлана қараған болатком жігітке:

— Сіз ана Бағадай болысты білесіз бе? Мыналардың айтып тұрғаны орынды ма? Егер орынды болса ол шонжарды ел алдыңда топтан аластап, айқай-қиқусыз қазір аудандық милиция қызметкеріне тапсырма бер, сыпайы түрде топтан алып кетсін, деген оз ұсынысын Мұқаметқали жай үнмен айтты.

Мұқаметқалидың тапсырмасын болатком жігіт табанда орындап милиция қызметкерінен айқай-шусыз алып кетуін сұрады. Милиционер жігіт топтан алып кету жөнінен тәжірибесіздік істеп:

— Қалай, тұтқындаймын ба? Егер тұтқындар болсам тергеуші, иә прокурордың рұқсат қаулысы керек қой, — деп заңды түрге айналдырғысы келді.

— Жоқ, жігітім, тұтқындамайсың. Тек қасына бар да, сіз бізбен жүресіз деп ертіп ал да, топтан шығарып аулына қайтарып жібер. Тергеу тексеру жұмысы әлі алдағы оқиға, — деп сөзге түсіндіріп тапсырма берді.

Сайлау жұмысы барлық жағдайда теңшілік, халық қалауымен сайланатын адамдар тәртіпті түрде ұсынылып, сондай көңілді өтті. Әсіресе Шәкітайдың бастауымен ауылдың қыз-келіншектері сайлаушылар қатарында отырып, ерлермен тең түрде дауыс беріп жаңа тәртіппен ұшқынын көрді.

Мұқаметқалилар Айыртау кеңесінен аттанып, Ұлан орталығына келіп, бұл жерде де сайлау жаңа тәртіппен сондай ұйымды өткізілді. Мұқаметқалиға жақын таныса, қасына еріп қызмет еткен аз күнін өзіне ерекше бір мектеп, — деп санаған Бейсембай, айрықша қуанышта еді. Өздері барған Ұлан болысының сайлауын ойдағыдай өткізіп, әсіресе өзінің бір арманы Бағадай жуанды халық алдыңда әшкерелеу еді. Сол арманы орындалды. Мына жерде қылмысты түрде жаза көрмегенмен, Бағадайдың алдында темір тор қанат жайғандай жанына батқанын көрді. Ендігі бір арманы мына жаңа танысқан азаматтың жебеуімен жоғарғы жерден оқуға тұяғын ілер ме еді. Ендігі Бейсембай арманы осы болды.

Уездегі сайлау жұмысын аяқтап Мұқаметқалилар губернияға қайтуға әзірленіп отырған-ды. Күндегі әдетімен Бейсембай қонақ үйге келіп комиссар ағайына, жеңгесіне сәлем беріп, саулық-амандық білісіп біраз отырды. Мұқаметқалидың бір әредік бос уақытын күтіп отырып:

— Ағай, мен сізге бір өтініш айтайын деп едім рұқсат па, — деп қабақ пен көзін жыпылықтата қарады Бейсембай.

— Рұқсат, сұрақшы жігіт, — деп Мұқаметқали жылы ажармен күлімдей үн қатты.

— Рұқсат болса мен оқуға қолым жетпей әлі жөнді мектеп бітіргенім жоқ. Уақытша ашылған сауат жою мұғалімі деген қысқа курстен оқып хат танырлық, сауатым бар. Мен ана Семей сияқты орта дәрежелі оқу орындары бар, техникумы бар қалаға жетіп оқысам деймін. Осыған сізден жәрдем сұрайын, — деп едім. Бейсембай осыны айтып, орынсыз тілек қойдым ба дегендей төмен қарады. Білімге құштар қолы жетпеген арманын айтып тұрған жас жігітке Мұқаметқали ойлана қарап:

— Оқимын деген талапты жасқа оқу орындарының барлық жерде есігі ашық, бірақ, соған жолын тауып жету, тетігін тауып кіру оңай да емес. Сенің мына өтінішің орынды. Егер мүмкіндігің болса осы айдың аяғынан қалмай Семейге кел. Ондағы губерниялық оқу бөліміне мен тапсырам. Тек өзінің кім екеніңе, қандай оқығаның бар, керекті қағаздарыңды дұрыстап жаздырып ал. Семейге жетісімен маған хабарлас, — деп қызмет орнын айтып өзіне жаздырды.

Сол күні Семейдегі техникумге кіріп оқып жүргендей сезінген Бейсембай:

— Ағатай-ай, жаным кеудемде болса жаяуласам да жетемін, — деп қуана хош айтты. Қуана құнжыңдай жөнелген жас жігіттің сыртынан ойлана қарап қалған Мұқаметқали: — Бүгінгі ауыл жастарының оқуға деген ынтасын әлде неше жерде көріп, осылардың маңдайы қағылып, тауаны қайтпай тілеген оқуларына түсетін күн де туды. Бірақ, анау жиһангерлік соғыс артынан өлеусіреп қалған Россия мемлекеті қарыштап қанат жая алмай жатыр-ау. Жаяды. Мыналар оқиды, міне, осылар келешек азаматтар, — деп ойын түйді.

Мұқаметқали уездің сайлауын көңілдегідей жүргізіп губернияға оралғанда, басқа уезге аттанған сайлаушылар да келіп жатыр еді. Ендігі дайындық губерниялық кеңестер сайлауын жүргізіп, өлкелік сайлауға аттану бар. Ашық жариялы айтыс болмағанымен іштей тартыс үздіксіз жүріп жатады. Сонау Қарқаралыдағы Садықтар қоқытқан өсек-аяң губерниядағы сол Садыққа пікірлестердің жадыңда жабыспақтай жармасып бықсып жататын. Бұл Семейдегі Садыққа жәрдемші болып, өзінше Мұқаметқалиды мүдіртер жағдайдың лебі сезілсе Омардың Мәрдені сайрап шыға келетін. Мына сайлауда да, қолынан келіп, сөзі өтсе Мұқаметқалиды Өлкелік сайлауға делегат етіп сайлатпасқа бар жанын салуға әзір Мәрденді қолшоқпар қылып өзі көрінбей иірілген айдаһардай бүктетіліп жазылып жүретін Жалел Садықтың жан қиысар досы. Осылардың бәрін ойлағанымен Мұқаметқалидың сенімді досы Губкомның хатшысы. Ол сонау азамат соғысының жалынды айқасын басынан кешірген, қайсар коммунист. Мұқаметқалимен бір майданда болмағанмен, қанды жорықта майдандас болғанын ерекше бағалайтын. Соның қолдауына сенеді.

Асығып күткен губерниялық совет сайлау мәжілісі пердесін ашып, бұрынғы губернатор үйі болған кең сарайда жиналыс басталды. Өлкелік комитеттен келген өкілдер де президиум алқасына иін тіресе, сол топта Мұқаметқали да келіп орын алды.

Жаңа үнем саясатының тәртібімен жүргізілген жергілікті сайлаулардың қорытындысы жақсы бағаланды. Соның ішінде Өскемен уезінде сайлау жүргізген Мұқаметқалидың еңбегі айрықша аталып жақсы бағаланды. Губерниялық сайлау да айқай-ұйқайсыз тәртіпті өтіп, Мұқаметқали өлкелік кеңестер сайлауына делегат болып сайланды.

Орынбор қаласында жүргізілетін кеңес сайлауына жүруге дайындалып: Енді аттанам, — деп отырғанда анадағы уәдесі бойынша Бейсембай да дәмдес, сапарлас болған аға-жеңгесіне келіп жетті. Аз күнде болса жолы бірігіп, бойы үйреніп қалған аға-жеңгесіне туыстарша ашық еркелей амандасып, асығыс жеткен арман-тілегіңде де хабарлай бастады.

— Сен анадағы айтқан оқуға деген талаппен келдің ғой. Кешігіп қалмай жақсы жеттің. Мен амандық болса ертең өлкелік сайлауға қатынасуға әзірленіп отырмын. Мен қайта оралғанша мына қалада тосуға саған қиын болар. Мен сен, бүгін губерниялық оқу бөлімінің бастығына апарып тапсырам, — деп Мұқаметқали Бейсембайды ықласты қарсы алды. Ағасының мына сияқты қамқор сезімін естігенде Бейсембай қуанғаннан «аға, жолыңыз болсын» деп орнынан ұшып тұрды.

— Сен қазір алып-ұшпа, өзің қайда түсіп едің. Сонда барып аз демал. Үсті-басыңды қағып-сілкіп сергі, түс ауа осында кел, — деген сөзін айтып Мұхаметқали жол қамына кірісе, кеңсесіне жөнелді.

Айтқан мезгілін асыға күткен Бейсембай, бүкіл Семей шаһарына сыймағандай, аузын аша көрінген аспан зәулім саналған үйлерді тамашалай кезіп жүр. Бұрын келіп көрмеген қаланың әрбір пұшпағы оған жұмбақ тәрізді. Айтқан мерзімнен кешікпеу — ең бүгінгі басты мақсат. Әлі ол бұл қалада қай жерде оқу үйлері бар, одан да хабарсыз. Дегенмен оқуға түсермін деген үміт оты кеудесінде лаулайды.

Бейсембай келгенде Мұқаметқали үйінде екен. Сондай қуанып кетті. Мұның бір қаупі жауапты қызметкер адам уақыты болмай, мойын бұра алмай қала ма деп ойлады.

— Ал, Бейсембай жақсы келдің. Жүр, оқу бөліміне барамыз, — деп Мұқаметқали өзі бастап алып жүрді. Қала орталығындағы екі қабат қызыл кірпіштен салынған зәулім үйге келіп Мұқаметқали үстіңгі қатарына көтеріле Бейсембайды ертіп, бір есікті ашып кірді. Бейсембай есік алдыңда іркіліп тұрып қалды. Біразда «бала сені кірсін» деп жатыр, — деп бір жас әйел Бейсембайды жайнаған кең бөлмедегі бастықтың үйіне кіргізді. Төрдегі жазу столының артында отырған ұзын бойлы, қыр мұрынды қара торы кісі соған таяу орындықта отырған Мұқаметқалиға қарап:

— Әлгі айтқан жігітің осы ма? Өзінің оқуға дайындығы бар ма екен. Сен келіп, әдейі тапсыруыңа Қарағанда бір талапкер болар. Жарайды, өзі қалаған және білімі жетерлік оқуға алғызамыз. Тек бұл жігіт келесі жұмада мына кісіге барсын, — деп бір жапырақ қағазға жазылған бір кісінің аты бар адресін берді. Имене келіп қағазды алып бозғылт көзін жыпылықтата Бейсембай:

— Аға, рахмет, — деп кеудесін қолымен басып кейін шегінді.

— Рахметті оқуға түскен соң айт. Және өзің дайындал, — деп губерниялық оқу бөлімнің бастығы жымия күлді. Бейсембай бұл жерде ол кісінің Асхад Сайдалин екенін білген жоқ. Тек қазақтың оқыған азаматы деген ұғым ғана көкірегінде сайрап қала берді.

Мұқаметқали ертеңіне, басқа делегаттармен бірге поезға мініп Орынборға жол тартты. Бейсембай Мұқаметқалилар мінетін поездың уақытын сұрастырып алып поезд жүрерде станция басында болды. Поезд жүруге дайындалып, делегаттар мінетін вагонге келіп, Мұқаметқали кеткелі тұрғанда:

— Ағай, жолыңыз болсын, бақытыңыз өсе беруіне тілектеспін, — деп Бейсембай әдеттегі жепілдете айтатын әдетімен сап ете қалды.

— Жігітім, айтқаның келсін. Ықлас көрсетіп шығарып сала келгеніңе рахмет. Енді орынды-орынсыз сұрақ қуаламай ана оқуға қапы қалмай түсіп ал, — деген сөзін Мұқаметқали да жан тарта ескерте сөйледі.

Күйеуін поезға мінгізуге келген Шәкітайдың қасына келіп, амандығын, ағасына разы болған қуанышын айтып, қалаға сол Шәкітай мініп келген жеңіл тарантасқа отырып үйіне әкеліп салды.

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

I

Мұқаметқали Орынбор қаласына келген бетінде, алдымен кездескен, Омбыдағы жалаңаяқ серігінің бірі «ҚазыбекГора» яки шын аты Зікірия Мұхиев болды. Сонау бір азамат соғысына аттанып кеткеннен кейін Мұқаметқалидың алып денелі аңғал мінезді досын кездестіргені осы. Екеуі құштарлық сағынышпен амандық, есендік айтып, өлкелік конференцияға тізе қоса қатынасатындарын сөз етті. Екеуі сол күннен бастап бір жүріп, бір тұрып, бір пікірде бір бетте ой қорытты. Бұлардың өлкеде қызмет істейтін оқыған жігіттердің ішінде алдымен ойлары үйлесіп үн біріктіргендері Абдолла Асылбеков болды.

Мұқаметқали Абдолланы бұдан бұрын да бір кездестірген барды. Бірақ, онда мына сияқты ашыла сөйлесіп бір пікірге түйіндескен емес еді. Осы кездесуде Абдолла анадағы аласапыран кездегі кездесудей емес мүлде өзгерген. Әлде сыр алысып тіл қатыспаған ба екен, ол кездесуде мүлде тұйық, тұнжыраған жігіт тәрізді көрініп еді. Ал бүгін бірден ашыла сөйлесіп өлкедегі бірсыпыра жайларды шешіле баяндады, әсіресе орталықтағы азаматтар арасында таптық тартыс яки, оқығандар аталатын топтың әлі де қыңыратқып, ілгерідегі ұлтшылдық сарында бой көрсетіп жүргенін айтты. Оған қарсы күресіп жүрген жұмысшы, қара шаруа өкілдері яки кешегі дүрбелең кезде совет жолы үшін күрескен, сол үшін айдалып азап шеккен азаматтар партия жолында табанды күресте екенін жан-жақты әңгімеледі.

Мұқаметқали бұл сияқты жарықшақтанған алакөздікті Семейде де басынан кешіріп келген. Бір кезде ұлтшыл оқығандардың ұйытқы орталығы болған Семей қаласындағы қалдықтары да бұған сан жерден тұзақ, тастап көрген. Ал, мына Абдолланың айтуына Қарағанда орталықтың өзінде де олардың қиқағы әлі өрістеуде екен. Осы жиналысқа Кәрім Дүйсекеев, Шаукен Тыналин де келген екен, олармен мен де шұрқыраса амандасып, өздерінің сонау бір қиын-қыстау кездегі майдан кешкен, еңбек азабын көрген шақтарын сүрелеп сөйлесіп мәз болып қалды. Конференция ашылар алдыңда өлкелік партия комитетінің хатшысы Коростелов жолдас партия мүшелерімен конференция жұмысының жоспарын талқылады.

Осы мәжілісте де жоғарыда Абдолла айтқан айтыс-тартыс жайлары сөз болды. Өзінің кіріспе сөзінде Коростелов жолдас:

— Владимир Ильичтің: «патшалы Россияның қол астында қанауда болған аз ұлттардың оқыған азаматтарын шеттетпеу керек, қалайда орнын тауып, олардың білімін анау сауатсыз қанауда болған елінің ағарту ісіне пайдалану керек» деген даналық нұсқауы бәрімізге таныс. Ал сол қағиданы пайдаланып біз мына қазақ халқының ертеде оқыған азаматтарын ағарту-мәдениет жұмыстарына тартып пайдаланып келдік. Бірақ, олардың қайсы бірі оны қыңыралана қабылдап, партия жолына қайшы келетін жайларға барып жүр. Ал олардың ондай қыңыр көзқарасы былай тұрсын, біздің партия қатарындағы азаматтарымыздың да өзара жікке бөлініп орын күндестігі байқалып жүр. Қазіргі күрестің ең жауапты саласы осылар болып отыр. Осынын екеуіне де жол бермеуіміз керек. Партияның интернационалдық әділ жолын айнытпай халыққа жаңа үнемі саясатын ұғындыра, ағарту ісін өркендете іс жүргізуіміз керек, – деп тоқтады.

Коростелев жолдастың мына кіріспе сөзі қысқа да болға аса мазмұнды мәселені қозғап, келелі мәселе көтергені, тап күрескерлеріне ерекше ой салды. Қит еткен қимылды ұлтшылдық пен санап жағаға жармасар желқабыз белсенділер де, оларға «надан ұрда жық лағу» деп қорлай қарайтын орынсыз маңғазсыған оқығансымақтар да өз ойларын бықсытып отырғаны талқыға тусті. Әркім өзі түсінгенінше ойларын айтты. Осы ретте сөз сұурап Мұқаметқали өзінің ұстанған сенімін айтты.

— Біздің оқығанымыз да аз, өмір тәжірибеміз де жеткіліксіз. Бізде бір ғана ұғым бар. Ол біздің езілген халқымызға, кедей табына теңдік, қатардағы елдігін әперіп отырған ұлы партияның әділ жолы. Бізге орталықтағы қоқсыған тартыс таласының керегі жоқ, ол біздің жолымызға бөгеттен басқа ешбір келтірер пайдасы жоқ. Рушылдық, ұлтшылдық сияқты зиянды бет алыспен тартынбай таймай күресуіміз керек. Біз коммунист партиясының, Совет үкіметінің уранына үн қосып, жанымызды шүберекке түйіп, қанды майдан кешкенде, мәнсап іздеп бақталасқа түсуді мақсат етпеген едік. Әлі де сол сенімді берік ұстаймыз. Біздің жолымыз партияның жолы, — деп тоқтады.

Мұқаметқалидан кейін шығып сөйлеген бірнеше жұмыскер делегаттар оның сөзін қуаттап, партияның жолына беріктіктерін айтып өтті. Өлкелік партия комитеті бюросының мәжілісі жайындағы жобасы тұтас қабылданып бір ауыздан бір тоқтам алды.

Конференция кезінде өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне қызметке келіп істеп жүрген Межов Мұқаметқалиды ықыласты қарсы алып Коростелов жолдаспен таныстырды.

— Мына Семей губерниясынан келген азамат соғысының отты жылдарында сан майданды кешкен ержүрек жауынгер. Нағыз қазақ жастарының ішіндегі жұмысшы табынан шыққан азамат. Бұған қандай қызмет болса да сеніп тапсыруға болады. Мен Семейдің Губкомінде қызметте болғанда қол ұстаса істескеннен білемін, деп мейлінше мақтап етті. Сабырлы, ойлана үн қататын Коростелов:

— Мұндай майдан жорығында сыннан өткен партия мүшесіне тапсырылар үлкен міндет дайын. Тек өзі кешегі сөйлеген сөзіне берік болса болғаны, — деп Мұқаметқалидың кешегі сөзін ұнатып қалғанын білдірді.

Конференцияның бұл жиналыста қараған жұмысының ең бастысы бұрынғы өлке көлемінен ұлғайып республика аталып жоғарғы қатарға қосылған Қазақстанның әрбір жауапты саласына наркомдар тағайындау болды. Осы ретте, бірнеше жұмысшылар қатарынан өздерін партия жолында көрсете біліп сенімге ие болған жігіттер нарком қызметіне жоғарылатылды. Соның бірі Мұқаметқали партия бюросының ұсынуымен Еңбек Комиссары болып сайланды. Оның қанды көйлек жолдасы Мұхиев Зікірия Ішкі Істер наркомы болып сайланды. Байсалықұлы Нұрмақ Қазақстан Орталық Атқару Комитеті председателінің орынбасары болып сайланды. Жұмысшылардың жоғарылатып наркомдер сайлау, сол күндердегі бір айтарлықтай өзгерісі, партия жолының айқын бір әділдігі болып көрінді.

Конференция аяқталып жаңа ғана тағайындалған наркомдар мен ұйымдастыру жұмысын қолына алған Қазақстан наркомдар кеңесінің председателі Нұрмақов Нығымет жолдас бас қосу мәжілісті ашты. Ойын аз сөзбен түйіндейтін әдетімен алдағы жұмысы жайлы және әрбір наркомның міндеті жайлы сөйлеп кетті, Нығымет Қарқаралыда болғанда Мұқаметқали кездестіре алмаған. Өйткені Мұқаметқали Қарқаралыға қызметке келген кезде Нығымет Семейге қызметке ауысып, одан осы Орталыққа жоғарылап кеткен болатын. Нығыметтің Совдеп жағында болып, Колчактың кезінде қуғын көріп тұтқынға алынғанын Қарқаралыда, әр ауыздан естігені барды. Және өзі кедейдің баласы екенін де естіген. Енді мына сияқты жауапты белесте қызметтес болатын жағдай туды. Адам жанының жұмбағын қашанда тілден шыққан тиімді лебіз шешеді емес пе, танысу жағдайын Мұқаметқали ойлағанымен, есебін тауып сөз тарта алмады. Мұқаметқалидың бойындағы бір беткей тұйықтық Нығыметте де олқы емес-ті, ол да қашан сыр алысқанша қаймаққа өкпелеген балаша томсара үн қататын. Ал шын сеніскенде көңілінің ақ жарқындығы мүлтіксіз еді. Тұйықтығы болмаса тұрпайылық екеуінде де жоқ еді. Аузы құлыптаулы қол сандықтай екі кешірек сыр аша алмай тек қызмет тұрғысынан тіл қатысты.

Нарком қызметіне тағайындалысымен Мұқаметқали, бұрынғы еңбек ісін басқаратын ұйымнан жұмыс қабылдады. Жоғарыдан алған нұсқаудан басқа бұрын өріс алып ұйымдаспаған еңбек наркоматының жұмысы әлі нығайып онша тәртіпке жетілмеген, олқы-солқылау күйде екен. Ішкі қызметкерлер де алуан сипаттағы құранды қауым болып көрінді. Әрине бірден бәрін өзгерте қою да, келе салып түрлендіріп жіберу де оңай емес. Бірақ, тек нарком деген атақпен жұмсақ орындыққа нығарлана отыру да мағынасыз. Қазіргі бірінші мәселе ана Семейден үйін көшіріп келу, ондағы қызметін орнына келген адамға тапсыру тағы тұр. Өзінше нарком жұмысына танысып, өз білгенінше жана тәртіп жобалап Семейден үйін көшіруге аттанды.

II

Мұқаметқали Семейге келгенде оны губерния қызметкерлер!, нарком орындығына көтерген және Қазақстан Орталық партия комитетінің бюро мүшесі, республиқа басшыларының алдыңғы жетекші тобының бірі деп тагы құрмет көрсетті. Бір кезде аягынан алып арпалыс қан арам сирақтар да жылмаң қабақпен жорғалайды.

Оның бәрі жақсы құрмет. Ал мына жауапты қызметті қалай атқарады. Партия сенімі қалай ақтайды, Мұқаметқалиды толғантатын осы бір ой, ол өзінің губерниядағы қызметін Губком шешімімен тағайындалған орынбасарына өткізді. Ендігі бұл қалада қарастыратын ісі, губерниялық еңбек бөлімі қай күйде екен. Сонымен танысуға кірісті.

Губерниялық енбек бөлімінің аты болмаса тындырып жатқан істері шамалы еді. Бұрын өрістеніп тәжірибе жұмысы болмаған жаңа ұйым, әлі іс жөніне жетік кадрі де жоқ. «Еңбек ұйымы, барлық кәсіптік орындардың түпкі ұйтқысы» деген ұран кең өрістегенімен іс жүзінде айтарлықтай жетекшілік жоқтың қасы. Осы сияқты әлі қабырғасы қатаймаған ұйымды жандандыру көп жауаптылық, елестетеді. Губерниялық ұйымының осы сияқты жайымен танысып алғаннан кейін Мұқаметқали Губком мен губерниялық атқару комитетінің алдыңа, мәселе қойды. Алдымен губерниялық еңбек бөліміне жергілікті еңбек тәжірибесін басынан кешірген партия мүшесі азаматты тағайындау. Онан кейін ұйымның ішкі ұйымдастыру жұмысын жандандыруға ат салысып қамқорлық істеу жөнінен тапсырма айтты. Губком қызметкерлері, губерниялық атқару комитеті, бұл ұйымға бұдан бұрын айрықша мән берілмей келгенін мойындай отырып, жан-жақты қамқорлық істеуге ұйғарым жасады. Мұқаметқалидың ұсынысымен Боранбаев жолдасты губерниялық еңбек бөліміне бастық етіп тағайындады.

Боранбаев он қолынан мөрі төгілген балташы Қарқаралы қаласынын бір кедей жатағының баласы болатын. Жасынан, сонау Омбыға дейін барып еңбек тәжірибесіне піскен өзі партия қатарындағы талапты жігіт еді. Бір ғана кемшілігі орысша сауаты шамалы. Мұқаметқали Боранбаевты Қарқаралыда қызмет істеген кезінде уездік еңбек жұмысын басқаратын ұйымға өзі қойғызған. Сол Боранбаевты мына губерниялық бөлімге ұсынып өзі шақыртып алдырды. Тәжірибесі аз жас жігітке езі губерниялық мекеменің жұмысы жайын түсіндіріп, біраз кеңестер беріп басшылық іске баулиды.

Губерниялық еңбек бөлімінің жұмысын біраз, жандандырып алдағы істеріне жөн сілтеп, Мұқаметқали үй ішін алып Орынборға көшті. Мұқаметқали бұл жолы ауылға соғып амандық айта алмады. Өйткені жаңа ғана тағайындалған жауапты комиссар қызметін әлі жете меңгерген жоқ. Осы үйін көшіруге жүрерде өлкелік партия комитетінің хатшысы өзін арнайы қабылдап айрықша тапсырмалар айтқан. Соның бірі «үйінді тез көшіріп әкел, мына сен тағайындалып отырған комиссариат қызметі әрі жаңа құрылған, әрі қалыптаспаған ұйым. Осыны ширақ қолға алып губерниялық ұйымдарды аяққа бастырып ширату керек» — деген. Осы сияқты арнайы айтылған тапсырманың қадағалай айтылуынан, ол ауылға мойын бұра алмады. Тек Семей қаласындағы бұрыннан тұрғын болып келген жақын ағайын Енсебай үйінде болып, соған барлық жайды айтып, үйіне хат жазып қалдырды. Мұқаметқали Орынборға көшіп келгенде дайын арнаулы үй бола қойған жоқ, ол бір кез пәтер үй жағы қолға алынбаған, бұрынғы қала тұрғындарының жалдамалы үйлерінен бөлме тауып, кейде бірнеше қызметкер бірлесіп қатар тұруға да қолы жетіп қалатын. Мұқаметқали осы көшіп келген бетінде будан бұрынырақ келіп орналасқан Мұхитовтің үйіне түсті.

Әзірше салт бастылау жас жігіт жас келіншекке Мұхитовтың екі бөлмелі пәтер үйі тарлық еткен жоқ. Көңіл кендігі, сонау Омбыдағы жүкші болып өткізген өмірлердің ізі, Зікірия мен Мұқаметқали көкірегінде қайта жаңарғандай әзіл-қалжың, ақаусыз сүйіспеншілік жайда орналасты.

Мұқаметқали Орынборға келісімен өзінің жаңа қолға алған комиссариатының жұмысынан бұра тартпай, өлкелік партия комитетімен үкімет орындарының сенімі мен тапсырған міндетіне алаңсыз да ықыластана кірісіп кетті. Еңбек комиссариатының қарамағында көлемді үлкен өндіріс орындары етек алмағанымен соның алдағы өрісі жайлы қатты ойлануда. Ол көбінесе сонау қара түнек заманда өзі бар жастық өмірін жалшылық еңбекте өткізгенін еске алады. Ал мына өзі басқарып отырған еңбек комиссариаты сол енбек жемісін жаңаша құрып, еңбек қауымын өнерге, білімге, техниканы меңгеруге, жалданушы емес, жалғанды жаңартушы өркен өрістетпекті ойлайды. Әрине оған жол ашық. Ал ашық жолды тетігін тауып жасай білу кеңес тәртібі.

Мұқаметқали қызметке қызу кіріскенде де демалыс, толас дегенді аз ойланатын, тек қана демалыс күнін жолдастарымен бірге болып әзіл — әңгімемен өткізуді әдет етеді. Орынборға көшіп келгелі ешкімнің үйіне бас сұғып қатынасқан жоқ. Бірінші жексенбіні Шәкітайға бұрын көрмеген қаланың керікті деген жерлеріне қыдыртып, өз білгенінше, әсем сарайлардың кімдікі болғанын айтып, қаланың демалыс бағына апарып саяхатпен өткізді. Қарқаралының асқар шыңдар қоршаған шағын қаласынан шығып Семейге келгенде, «онан үлкен қала бола қоймас» деп ойлаған Шәкітайға, мына Орынбор қаласы ғаламат үлкен қала болып көрінді. Өмір қызығын жаңа бастаған жас келіншек «әзір» анадай болсам, мынадай болсам, — деген алып қашпа ойдан шола. Тек жар етіп жанына еріткен Мұқаметқалидың айтқаны ол үшін бұлжымас байлам.

III

Еңбек комиссары болып тағайындалу үлкен сенім, ал жауаптылығы тіпті үлкен. Өйткені жаңа ғана республика атағын алып Оралдан Алтайға дейін көсіліп жатқанда игі шексіз даладағы көшпелі қазақ елінің мал бағудан басқа өндіріс жоқтың қасы. Егіншіліктің өзі қазақ даласына көшіп келіп орналасқан орыс қара шаруаларының қолында. Әлі бір жерге орнығып жер байлығын игерген қазақ шаруалары жоқ. Ал кейбір бірлі-жарым Алтайда, Арқада, оңтүстікте шетел байлары шұқылап кен көзін ашқан өндіріс болса, ол Октябрь төңкерісінен бері, аяқсып, тек кейбіреуінде ғана жұрнағы бар. Ал осы кен өзегі бар жерлерді қолға алып, кен қорын көтеру керек. Ол үшін алдымен техникалық сайман, жұмысшы күші керек.

Әзірше техника мәселесі тұйықта, ал жұмысшы ұйтқысы, тек бастап ұйымдастыруды күтіп тұрғандай сезіледі. Өйткені, кешегі басталып жүріп жатқан кен кездерінің маңында, алақанына түкіріп отырған кедейлер аз емес. Тек соларды кен көзіне шүйілту керек. Осы сияқты ойлар толқыны елестегенде Мұқаметқалидың көз алдыңа анадағы өзі барып қайтқан Алтай өлкесінен құлағына тиген Риддер кені, Ақжал кені, Бөкен кені болды. Сол сияқты бір кезде көмір қоймасының алып есігі ашыла түсіп тоқтай қалған Қарағанды, оның оңтүстігіндегі Спасскі руднигі, ана Екібастұз. Анау Қарсақбай сияқты кендер көзі өзіне жаутаңдай қарағандай болды. Міне, осы байлықтың кілтін тауып, көзін ашу ұлы міндет. Ол үшін республика басшыларының алдыңа мәселе қойып көлемді түрде қолға алу керек.

Осындай оймен Мұқаметқали совнарком бастығы Нығыметке кірді.

Амандық артынан Нығымет сұрғылт сыпайы дидарын салмақпен бұрып:

— Жолдас Еңбек комиссары, жолыңыз болсын, — деп әдейі қазақша сөз бастады.

— Жол болмақ сізден болсын, — деп Мұқаметқали да бала кезінде әкесінің аузынан ұққан сыпайы жауап қайтарып: — менің өзіңізбен шешпек бір ойым болып келдім.

— Онда айтыңыз.

— Айтсам, мені Еңбек комиссары, — деп қоқитып отырсыз. Ал тұлыпқа мөңірегендей, атына ие боп, істелер істі неден бастау жайында, әлі жол-жобамыз күңгірт, — деп Мұқаметқали томсара тіл қатты. Мына жана тағайындалған еңбек комиссарының сөз толғауынан, өз жауаптылығын тереңдей түсініп, жаңа жұмыс тәртібін ретке қоюға шүйілгенің сезінді.

— Жолдас комиссар, сіздің бұлайша құлшына кірісуіңіз өте қажет. Қазіргі тез бір қолға алып ұйымдастыру күтіп отырған шаруа саласы. Сондықтан бұл сияқты күрделі жұмысты бастау, ұйымдастыру үшін, осындағы республиканың кәсіпшілер одағы, тау-кен мәселесі жөніндегі жауапты адамдармен, ҚазЦИК-тің басшыларынан жауапты адамдарды шақырып, бірлесе қолға алынсын. Онда келесі аптада шақыралық. Өзіңнің қолында не бар, өлкенің өндірістің ізі бар жерлері, олардың қандай жұқанағы барынан мәлімет әзірлеп дайындал, деген ойын, бұрыннан осы жөнінде өзі де ойланып жүрген адамша пікір айтты. Нығымет айтқан ұсынысы Мұқаметқалиға сонша ұнады. Өзі дайындалуға сөз беріп қызмет орнына оралды.

Мұқаметқали Нығымет айтқан жобамен өндіріске қатынасы бар мекеме басшыларымен сөйлесіп, өндірісі бар, деген, яки өндіріс кенінің жұрнағы бар деген жерлерді қарастырып көрді. Бір кезде шетел байларының үңгіп бетін ашқан кен көздері бұл күнде бүркеулі жатыр. Оны қозғап бетін ашып, байлығын ақтаруға көп күш керек. Әсіресе техника тетіктері қайдан табылар. Ал өндіріс жұмысына жаттыққан кеншілер тобын табу да оңай емес, осы оймен бір кездегі өзімен сонау ұйымда жұмыста болған Зікірия, Кәрім Дүйсекеев, Шәукен Тыналиндермен сөйлесіп көріп еді, олар, мына қазақ даласындағы өндіріске таныстықтары жоқ екен.

Анадағы Нығыметпен сөз байлаған жиналыс күні де жетті. «Бүгін сағат екіде совнарком кеңсесіне келіңіз» деген хабарды телефонмен айтқан Нұрмақовтың жәрдемшісі:

— Нығымет Нұрмаковичтің сізге айрықша ескерт дегені: өзі атусті болса да танысып хабардар болған Алтай атырабындағы кендер жұрнағынан қандай мәліметі бар екен. Соны жинақтап айтуға даярланып келсін. Басқа жағдайларды мына басқосуда жобалармыз, — деді, осыны ұмытпаңыз. Алтайда, Риддер, Ақжал кені деген бір-екі кен ошағының жұрнағы бар екенін атүстілеу аңғарған. Бірақ, онда қазірде қандай жағдай бар, не күйде, оны баяндар мәлімет жинамаған-ды.

Мұқаметқали мәжіліске келгенде, анадағы мәжіліске шақырылмақ ұйымдардың өкілдері тегіске жақын келіп отыр екен. Мәжілісті ашып, күн тәртібін жариялап Нығымет отырғандарға, жаңада сайланған Еңбек комиссары Тәтімовты таныстырды. Көпшілігі біледі екен. Тек ҚазЦИК-тен келіп отырған Нұрмақ Байсалықов деген азамат, бұрын дидарласпағанын, сырттан білетінін айтып танысып өтті.

Күн тәртібі бойынша Мұқаметқали, Еңбек комиссариатының алдағы жұмыс жоспары, Қазақстан даласындағы бір кезде кен жұрнағы ашылып кейіннен басылып қалған өндірісті жаңа жолмен жандандыру жайлы, тез ойын қорытты. Ол сонымен қатар, қай жерде қандай өндіріс қолға алуды күтіп отыр, оны да сөз етіп, осы бас қосуда жолдастарынан пікір қорытуды ұсынды. Бірінші сөз алып сөйлеген ҚазЦИК-тен келіп отырған Нұрмақ Байсалықұлы:

— Спасск кенінде шахтада істеген едім. Әрине ол өндіріс шетел байлары және ішкі Россиядан келген байлар ашып жүргізген кендер болатын. Мысалы «Нілді», «Успенский» бұлардың бәрі де қазір ұсақ қол кәсібі ретінде бұғып жатыр. Мұнда бір әлдимен қолға аларлық өндіріс, Қарсақбай мен Екібастұз өндірістері кені құйқалы осы екі кеннің көзін қолға алған дұрыс. Әрине бірден завод болып бұрқырап жүрмегенімен келешегі бар, — деп тоқтады. Байсалықұлының сөзін басқа жолдастар да қостап, әсіресе Қарсақбайдан бастауды мақұлдасты, бұрын бұл жақтағы кендерден ешбір хабары жоқ Мұқаметқали Байсалықовтен Қарсақбай кені, оның келешегі, жөнінде өз білгенінше кеңірек түсінік айтуды өтінді.

Мен өзім инженер болмасам да, анау Спасскі кенінде шахтада істедім, сонда кен зерттеуші инженер адамдармен сөйлесіп арқа белесіндегі кен көздерін сөз еткенде Қарабайды ерекше атайтын. Себебі Қарсақбай өзені Ұлытау мен Арқаның бірнеше кен көздерінің орталығы. Ал қашанда болса кен қорытуға, мол сулы алқап орталық бола алады. Қарсақбай, Ұлытаудағы темір кенімен, Жезқазғандағы жез мыс кені, Қаражалдағы темір кеніне орталық. Міне, менің Қарсақбайдан басталсын дегендегі өз қорытындым, осындай, — деп қысқаша сөйлеп, әдеттегі шапшаң қимылымен ерніне насыбайын да тастап үлгерді.

Кен көзінде істеп басынан кешірген тәжірибесі бар және мына айтып отырған кен қазбаларын қадағалай қарастырып журген кеншілермен тілдес болып ұғынғаны бар Байсалықовтың ұсынысы қисынды болып көрінді. Ойласа келіп осы Байсалықов ұсынысына тоқтап ұйымдастыру жұмысы осы Қарсақбайдан бастауға ұйғарылды.

Сөз қорытындысында Мұқаметқали бұрын сырлас болмаса да Байсалықовтың кенде болған жұмысшы өмірін жан тартып еркіндей сөйлеп:

— Егер сол өзін айтып отырған Қарсақбайды кен жүйесінің бір алқабы етіп ұйымдастыруды содан бастасақ, осының ұйымдастыру жұмысына барар ма едің, — деп күлімдей қарады.

— Егер КазЦИК-тің рұқсаты болып мына комиссарлар кеңесінің бастығы ылайықты көрсе мен дайынмын. Бұл өте тез қолға аларлық іс, — деп жалындай тез сөйлейтін әдетімен ақтарыла жауап айтты.

— Сіздер әзірше бастық сайлаудан бұрын тиісті орындардың келісімін алып, орталықпен де келісуді ойлаңыздар, — деп Нығымет аз сөзді әдетімен ескерту айтып қалды.

Өзінің «асатпай жатып құлдық» дегендей асыға айтқан ұсынысы ерсі болып көрінгендей Мұқаметқали бөгеле сөйлеп:

— Ұйымдастыру жұмысын осы жерден бастайын дегенім ғой. Асығыс айтсам кешірім етерсіздер, — деп күлді. Сөз жоғарғы орындармен, Москвамен келісе отырып қолға алуға байланысып бүгінгі мәжіліс аяқталды.

IV

Мұқаметқалидың қызметі жоғарылап Еңбек комиссары болыпты дегенді сырттан естігені болмаса ел іші оның қандай қызмет атқарып жүргенін біле қойған жоқ. Мұқаметқали сонау бір Қарқаралыға бара жатып ауылына соғып өткен. Сол жолына ол Тәтібала апайына да сәлемдесіп, ауыл жастарының ояна бастаған ұйытқысын да байқап еді. Сона бір өзі арнайы тапсырма беріп ел ішінен жастар ячейкасын ұйымдастыруға аттанған Өтеубайдың Дегелең болысынан құрап қайтқан жастар тобы, бұл кезде есейе бастаған болатын.

Мұқаметқалидың атүсті болса да«жаңалықты жастар бастайды. Сендер жаңаша оқысаңдар, тез сауаттанасыңдар, мына бала молда болып адасып жүргендерді жаңалыққа баулыңдар» деген сөзі сона бір қоңырқай өнді жас Кәрімнің көкірегінен ұя тепкен. Ол ана ел ішіндегі ячейке жетекші болып жүрген Күзеубаевпен осы көктемде кездесіп, мектеп жанынан ұйымдасқан жастар тобына жазылған-ды. Осы ұйымға жазылып ячейке мүшесі болғанын ауылдағы бар жаңалықты өзі жасайтындай құлшынатын. Бірақ, жастар жарыса қимылдар, ерекше науқан бола қойған жоқ. Ауыл кеңестің есеп-қисап жүргізген, мал есебі, жан есебі сияқты ұсақ істерге жұмсағаны бір үлкен іс болып көрінетін.

Жыл сайын болып тұратын ауыл кеңес болатком сайлауы басталып ауыл адамдарын сайлауға қатыстыру, оларға сайлау тәртібін түсіндіру әрине ячейке мүшелерінің міндеті.

Осы науқанға Кәрім бірінші рет қатынасты. Ауыл кеңес бастығы Өміржан Кәрімді өз қасына алып Ұзынбұлақтың оңтүстігіндегі Өтеген ауылына ертіп келді. Бұл ауыл көшелеп салынған поселке тәртіпті болмаса да, бір алқапта бірнеше қыстау болып отырған көп ауыл екен, ел ішінде бұл ауылды «шуылдақ» дейтін. Оның басты себебі өздері бір атадан тобын жазбаған қалың ауыл, сол тобы молдығын көрсетіп кеуде гуілдек, мына болып жатқан жаналық дегендер ол ауылдың үлкен — кішісінің қуларына кірмейтін. Өздерінің ақсақалдары, Балықбай не айтса сонан басқа сез олардың көкейіне қонбайды. Қазіргі Ұзынбұлақ ауыл кеңесіне түсіндірме жүргізудің ең бір жауапты түйіні осы ауылда.

Ауыл кеңес жас жолдасымен келіп Балықбай ақсақалдың жақын інісі Рахымның үйіне келіп түсті. Рахым әдеттегі байыпты мінезімен жұп алып ізет көрсетті. Ендігі әңгіме ауыл кеңес басшысының келген жайынан басталып, ауылдың ақсақалдар мен әйелдерін жинап, солармен сайлау жайынан түсінік кенесін жүргізуге кіріспекші болды. Жаз күні жайлы уақыт, ел қыстаудан ұзап көшпеген кез болғандықтан, қора сыртындағы сызатты өзекшеге жиналатын болды. Ауылды хабарлап қарт қарияларды жинауға Балықбай ақсақалдың далдаңдаған баласы Бәкірді жұмсады.

Бәкірдің дуаннан шыққан уәкілше далдаңдай жүгіріп жүріп айтқан хабарлауымен ауыл адамдары жинала бастады. Бәкір алдымен үйінде жантайып жатқан өз әкесі Балықбайды, шешесін алып келіп қатар отырғызды. Ауыл адамдары жиналған кезде, ауыл кеңес бастығы Өміржан өзінің болжыр қоңыр үнімен жаңадан өткізілетін сайлау науқаны жайынан айтып, сайлаудың тәртібі қандай болмақ, соны түсіндіруге қасындағы бала жігіт белсенді жас Кәрімді сөйлетті.

Кәрім, жоғарыдан келген сайлау тәртібін, дауыс беру, жалпы халықтық екенін түсіндіретін нұсқау хатты оқып берді. Соған қоса сайлау күні қашан болатынын, онда қай жерге, қай ауылға жиналатын орынды айтып өтті, сайлауға еркекпен, әйелдер тегіс қатар қатынасатынын, жасы 18-ге толған жеткіншектердің сайлауға қатынасатынын айрықша айтып шықты. Кәрім ана нұсқау хатты оқып, онан кейін сайлау тәртібін бажайлап айтқаны, жас жігіттің сыпайы үнімен сөйлегеніне үнсіз қоз тастап отырған Балықбай ақсақал:

— Айтып тұрғаның жылдағы жаңа сайлау ғой. Бұрын сайлауға шаңырақ иесі барушы еді. Енді қатын-қалашқа дейін, ана біздің дәлду Бәкірге дейін барады, — дейді. Сондағы сайлайтыны ауылнай ғой. Онда несіне бәрі шуылдап шұбырады. Өздерің сайлай салмайсыңдар ма, — деп бір тоқтап, — шырағым, сен өзің қайдан келген баласын! Тіпті қақсап тұрсын ғой, — деп күмілжіді.

— Ата, мен алыстан келгенім жоқ. Мына Жайлыекең аулынан, Айқымбайдың баласымын. Ауыл кеңес түсіндірме жүргіз деп тапсырған соң айтып жатқаным ғой, — деп Балықбайдың «қақсап тұрсың ғой» деген сөзінен жасқанып қалғанын көрсетті. Өзі сөзге орашолақ, сөзінен қамшысы бұрын қимылдайтын томырық Балықбайдың талғамай айта салған сөзі жас жігітке ауыр тиді. Жас жігіттің Балықбай сөзінен жасып қалғанын түсіне қалған Рахым:

— Шырағым Кәрім, атаңның сөзін ауырлама, біздің әкеміз Сүйекең айтушы еді: «Балықбайды сөйлеткеннен, сойыл беріп соққыға шығарған жақсы» деп, бұл кісі ұрда-жық ұрт мінезді кісі. Әлгі айтып отырған сөзінің бүгінгі тәртіпке жатпайтынын да біліп отырған жоқ. Айтқаның түсінікті. Сайлауға біздің бұл ауылдың адамдары барады. Оны өзім бастап барам. Оған алан болмаңдар, — деген сөзін сендіре айтты. Осымен бұл ауылдағы түсіндіру жиналысы аяқталып, ауыл кеңес Кәрімді ертіп басқа ауылға жөнелді.

Сайлауға дайындық бір ауылда ғана емес, басқа ауылдарда да қызу жүріп жатқан. Дегелең болысындағы бір қоныстары шалғайлау, ауыл аралары әр адырды ықтаған кеңес Шөладыр Кеңесі болатын. Осы ауылда ана мұғалім Иса бастаған бір топ жас белсенділер атқа мінді. Нұрғали, Оразалы бар, бетті ауылға бұру тәртібін өрістетіп бір кезде әскери коммунизм айқайынан қорғалап, жас белсенділерге бой көрсетпей бұқпалап жүрген, ауыл атқа мінерлері енді сөзге кіріссе, сайлауға батыл қатынаса араласты. Бұл кеңестегі осындай жайды пайдаланған Сыздықбай атқа мінер болды. Үйде бұқпантайлап отырып қолқанат адамдарына жел беріп отыратын ақылшы ағаларының кеңесімен ол ауыл кеңес мансабына қол созды. Аңғырт та аңғал жас белсенділер, «кедей табы. Заман біздікі,» — деп қиқулап жүргенде, ауыл жырындылары көпшілікті жаңа ұранға ұйытып, ел жайын білетін ысылған есті жігітті ауыл кеңес қою керек. Мына жастар кімнің кәдірін біледі, — деп жантайып жатып, насихат жүргізіп, Әмірәлі, Сақан сияқты ел ағалары уағыздарын таратып сайлау жобасын жасап қойды. Әрі арғы негізді ұғынып жетпеген, әліде кеңес жаңалығын бір даңғара батырақ дуылы көретін жұрт, мыналардың үгіттеп, сайлауда Сыздықбайды кеңес сайлады. Өз ауылының сайлауы кезінде басқа ауыл кеңес сайлауына жетекші болып кеткен Иса бойына сеніп ауыл сайлауын ұтқызып алды.

V

Көптен алақанына түкіріп арман еткен ауыл кеңес ағалығы қолына тиген Сыздықбай «ежелгі ел тәртібі» деген дақпырт көтеріп, өзінше «жаңалық» жасауға кірісті. Бірнеше жылдан бері ел ішінде бөлінбеген қара шығын салығы оның бірінші мүддесі болатын. Өйткені өзін атқа мінгізіп шулап отырған ел ағаларының, жиынға сойылған малы, азық-түлік науқаны кезінде жол шығыны болған көліктері, есесіз артық кеткен мал салығы, ел мойнына таратылмай қалған-ды. Міне, соларды еселеп, өндіру сәті келіп тұр. Осы бір күрделі мәселені шешу үшін, жана сайланған ауыл кеңес бастығы жиналыс шақырды.

«Бетті ауылға бұр» — деген ұранның жаңа лебі желбіреген ауыл атқа мінерлері, кешегі бір әскери коммунизм шабуылында бұқпантайлап қалған байсымақтар ынталана жиналды.

Жиналыстың негізгі мақсаты «қара шығын болу» екенін ауыл кеңес бастығы түсіндірісімен жан-жақтан:

— Бұл бір бүктемеде аяқсыз қалған арман шығын еді. Сәті түскен екен. Бәріміздің де есесіз кеткен шығынымыз бар, үлес есебіне кірмей қалмасын. Елден ерекше шығынға ұшыраймыз. Менің екі бірдей өгізшем есесіз кеткен. Менің жардай іңгенім жолда өліп есесіз кеткен. Менен ана Нұрғалилар айқайлап келіп «азық жәрдем» деп бес бойдағымды қосақтап айдап әкеткен. Менің бір азулы ат, екі бием есесіз кеткен, — деп жан-жақтан шығын даулағандар шуыл қақты.

— Бәріңде есепке алынасыңдар. Ешкімнің шығыны бөліске кірмей қалмайды. Тек шындық болсын, — деп Сыздықбай ауыл кеңес нығыздана сөйледі. Сыздықбайдың бір әдеті осындай ой айтқанда алдымен Сақанның қожырайған быртық бетіне қарайтын. Оның ажарында құптаған жылылық сезілсе даурыға екпіндейтін. Ал ұнатпаған тыжырыну көрінсе үні етегіне оралып бипыңдайтын.

Бұрыннан есептегі жүз елу шаңырақтың есебімен бір бөліп, енді еселеу жолымен алдымен бес қойдан, артына екі қойдан бөліп үш жүз жетпіс қой шығын таратылды. Бес қойдан шығын тартатындардың қатарына Файзолланың Нұрғалиын тіркеді. Файзолланың үйінде мен білгенде бірнеше мінгіштік тай-тұяқ, он шақты қой-қозы бар. Ол ана қоралап қой өсіріп, қостап жылқы өрістетіп отырғандармен қалайша бірдей шығын төлейді, — деп тоқтағанда, Оразалының сөзін түтіге тыңдап отырған Сыздықбай:

— Оразалы, алдымен сен өз басынды арашалап ал. Осы шығынның көбі сендердің белсенді кеселдеріңнен құралған. Кейінгі екі-үш жылдың ішінде, сендер аттыға жол, ауыздыға сөз бердіңдер ме. Нұрғалиға бес қой көп емес. Ол кешегі саудагер Файзолланың баласы. Өзі Семейде бір-екі жыл орысша оқығанға дүниенің түбін түсіргендей егдиіп кеткен, — деп ентіге тоқтады. Сыздықбай басыла бергенде:

— Бұл белсенділердің істемегені бар ма, шығынды бөлдірмей, ежелгі ережелерді бұзғаны өз алдына, енді малды қойып басымызға шабуыл жасады емес пе. Кешегі өткен түнде біздің Жақыптың қызын басып алмақ болып келіп қақпаны бұзып кіріп, ұлан-шу қылды. Тек Жақыптың бәйбішесінің айқайымен ауыл оянып қызды сақтап қалдық. Өзі қолға түспеді. Не керек әкесін танитын еді, деп ызғарлана сөйледі Мұқатай.

Мынау бір басынғандық қой, Жақыптың үйінің шаңырағына шабуыл жасап біреудің ақбаталы жесірін басып алмақ болған. Өзі сонан тайып кеткен екен ғой, — деген ызғарлы сөзді Сақан қошқыл беті қабара қырылдай айтып қалды.

Шығын бөліс Сыздықбай ауыл кеңесінің айтқан жобасымен таратылып, Оразалы сияқты бірлі-жарым жас ұйым мүшесінің сөзі аяқсыз қалды. Ендігі әңгіме жаңағы Мұқатай бықсытқан Жақыптың үй-ішінде болған жайға көшті.

— Мына барып тұрған бассыздық. Бұған ата жолымен тыйым салмаса болмайды, бүгін Файзолланың баласы басынып Жақыптың қызын басып алмақ болса, ертең қалған жалаңаяқтар, елдің қойынындағы әйелін тартып алар. Әйел басына бостандық дегенді желеу етіп, сүйе ме, сүймей ме мен алам деген оспадарлық, мына Файзолланың баласын таптырып алыңдар. Ел талқысына ата ғұрпына беріңдер. Айыбын тартсын, — деп көне дүниенің көкдауылы өмір алдыңа ышқына сөйледі. Барлық көмескі күйге кеткен ескі тәртіптің бас көтергеніне елегізіп, ойсыз даурығатын желауыздар дуылдай Өмірәліні қостады. Сөзді ата-баба дәстүрін аяққа басқан тентектерге тыйым салу шешіміне байлап, шығынды тездете жинауға түйіп жиналысты таратты. Сол күннен бастап ауыл кеңес бастығының сеніміне не болған атқа мінерлер, үй басы ат ойнатып шығын жиюға аттанды.

Ана Ұзынбұлақ жиналысына барған Нұрғали бұрын таныспаған бір жігітке кездесті. Өзі жаңада ғана Семейден келіпті. Айтуына қарағанда Семейдегі бастауыш партия мектебінде оқиды екен. Соны биыл бітіріп, осы өзін сол оқуға жіберген Дегелең болысына қызметке жолдама алып келіпті, Нұрғали бұл жігітті сырттай білетін. Баймолдин Жұмабек жетім батырақ, Семейге Татимовтың көмегімен оқуға барып түскенін естіген-ді. Сол Жұмабек әжептәуір сауатты, өзі партия қатарына кіріп, советтік тәрбие көрген байыпты жігіт болыпты. Нұрғалиға Жұмабекпен кездесіп танысу бір жаналық тәрізденді. Өйткені ана бір жас бала кезінде әкесі апарып Заречный слабодкадағы орыс школына беріп екі қыс оқығаны болмаса, қала маңына бармаған-ды. Сол екі жылда бастауыш орыс школынан әріп танып, аздап тіл үйіріп білгені бүгінгі ауылды жерде өзіне көп білімдей көрінетін. Өйткені бүкіл бір болыс елде саусақпен санағандай ғана орысша хат білетін адамдар бар. Олардың кейбіреуі басқа елде қызметте, тағы біреуі болатком хатшылығында. Тағы біреулері бай балалары, олардың пікірі көп үйлесе бермейді. Осындай жағдайда Жұмабекке кездесіп танысқаны, езіне бір сенімді серік тапқандай көрінді.

Жастар ячейкесі кешегі бір азық-түлік науқаны, ашаршылық көмек жинау, көлік күші тағы басқа науқандар кезінде, даңғаза шапқылау сияқты істерде белсенділік көрсеткенімен, онша тәртіптік, ағарту ісіне, тап күресі сияқты маңызды істерді түсініп жаттықпаған да болатын. Өйткені көпшілігі сауатсыз тек «кедеймін, батырақпын» деп кеуде қағуда болатын. Жана үнем саясаты бетті ауылға бұру ұраны, бұлардың бұрынғы ұрдажық айқайына тыйым сала, тәртіпке шақыра жұмыс жүргізуді нұсқап отыр. Енді белгілі бір жұмысты қолға алып қызметке жаттығу керек. Мына құрғақ айқай қол емес, деген Жұмабектің кешегі бір сөзі өзіне ой салды. Осындай оймен аулына оралған Нұрғалиға алдынан күтіп отырған шабарман шақырушы тап болды.

— Сені бүгін не қылса үйіне келеді. Мойнын бұрғызбай алып кел, — деп ауыл кеңес Сыздықбай жіберді. Ауыл ақсақалдары бар Дөкенің ауылында кешеден тосып жатыр, — деген сөзді пәрменді үнмен айтты, шабарман белсендінің қырлана сөйлеген үніне қиялданған Нұрғали:

— Немене, мені бүкіл ел болып күтіп жататын кімнің қосын шауыппын. Сыздекең баяғы атқамінер қимылына түскен екен, — деп ызалана сөйледі.

— Оны бара көресің ғой. Көпке топырақ шаша алмассың, көптің талқысынан аса да алмассың, жүр, — деп, дігірледі. Нұрғалидың тентектеніп қыңыратқыған түрін көрген шешесі:

— Нұрғали, сен көптен көп емессің. Шақырғандарына бар. Шыныңды айт. Ана қыздың өзі хабар айтып шақырып, шешесінен қорқып ере алмай қалғанын айт. Сен қыздың сөзі болмаса қалай бармақсың, — деп сабырлы ақыл берді. Шешесінің мына сөзі ой салып, Нұрғали шақырушымен бірге атқа мініп жиынға келді.

Ауыл тәртібімен алдымен ақсақалдар отырған үйге кіріп Нұрғалидың имене қоңыр дауыспен берген сәлемін, ерні көгере күрең қабақпен Өмірәлі тыжырына тыңдап, беті қатпарлана быржиып, отырған Сақанға көз қиығын тастап еді, о да жиіркене, ызғарлана қарап қалыпты. Шеткерірек отырған Мейірбай, Сейілқан сияқтыларға ернін күбірлетті. Нұрғали есік жақтағы бөстекке шоқая келіп отыра бергенде, Сыздықбай:

— Нұрғали, сені мына ел ағалары шақыртып отыр. Сен ауыл жасы болып атқа мінгенде өз ауылыңның отына ойнақ салып, жесір әйелдің қорасын бұзып, біреудің ақбаталы жесірін қалайша басып алмақ болып жүрсін. Бостандық жолы десек, сот бар, болатком бар, кеңес бар. Олардың басынан қалай аттамақсың, — деп суырыла түйіле сөйледі. Алдынан айдың көрсете қабақтарынан қар жауа түйілген топқа көзінің астымен ғана қарап томсарып отырған Нұрғалиға:

— Аз да болса ана қалада школ партасында болып тәртіп көрген жас деп үміт еткен едім. Сен немене Жақыптың аруағын күңірентіп, қақпасын бұзып қорасына түсіп жүрсің. Мына ақсақалдар саған қатты түйіліп отыр. Еріксіз қызды басып алу кеңес жолында жоқ қой. Оны сен білетін едің, қалайша адастың, — деп бағанадан үндемей отырған Мұса

Нұрғалиға қоңыр үнмен сұрақ қоя сөйледі. Мұса ақсақалдың қыжырынбай жай сұрақ қоя сөйлегені түйіле жасқанып қалған бетін ширатқандай Нұрғали:

— Қадірлі ел ақсақалдары, мені қазанбұзар, қақпа бұзған бассыз деп айыптағанда, мен сол аранға ұрындырған адамға қалай қарайсыздар. Мен өз бетіммен келіп Жақаңның үйіне соқтыққаным жоқ. Сол Жақаңның қызы Зайтуна өзі хабар айтып сөз беріп, шақырған соң келгенмін, бірақ қыз уәдесінде тұра алмады. Шешесінің сөзін қойып, қорқытқан сөзінен аса алмай, уәдесінен тайды, — деп Нұрғали шындығын айтып ақсақалдардан жылылық күтті. Бірақ Нұрғалиға олардың түйіліп отырғаны бір осы қыз уақиғасы ғана емес, басқа да іштей жаныштап алу арам ойлары барды. Сол бір сұрқия ойдың иесі Сақан:

— Өзіңнің оспадар қазан бұзарлығыңды қызға жауып, біреудің аршылмаған қауын, ақтарылмаған боқшасын масқараламақпысың. Ал қыз сөзінен танды делік, сонда қыз үйінің қақпасын қиратып, қамбасын бұзатын қай бассыздығың! — деп қиқылдай түйілді. Сақанның мына сияқты қатулана зарлы сөйлегенінен ызалана Нұрғали:

— Ақсақал сіз анықтап түсініп барып жазғырыңыз. Мен қыз шақыруымен келгеніме сенбей отырсыз. Мен де сол Жақыптың замандасы Файзолланың перзентімін. Жастық аңғалдығым бар шығар. Бірақ, өтірікші, қанқұйлылығым бола қоймас. Мен қақпаны бұзып кіргенде бостандыққа ұмтылған жасты қамауға алған екен, босатайын, деп қиратып аштым. Бірақ қызды бізге тілдестірмей шешесі бүкіл ауылды басына көтеріп қиқу салған соң кетіп қалдым. Сол үшін айыпты болсам міне, алдарыңызда отырмын, — деп тоқтады.

Нұрғалидың ашына да, ашыла да болған шындықты батылдана айтқанына иланып, әділдік ойға оралған Сақан болған жоқ. Ол Нұрғалиға әлі де зілдене ала көзімен қарап:

— Мына басбұзар суырыла сөйлеп, бізді қыздан жауап сұрайтын тергеуші етпек болып отыр. Осы сөзінің өзі әдепсіздік. Өзін масқаралағанымен қоймай ана Жақыптың періштедей баласын масқараламақ, ал ақсақалдар мұның айыбы не болмақ, — деп Өмірәліге қарады. Бағанадан бергі сөздерді тыңдап Сақан сөзіне сүйсіне қарап отырған Өмірәлі ерні көгере, дауысын күрілдете:

— Мұның айыбы аруақты қорлаған, ауыл абыройын масқаралаған. Ата жолымен ат не атан түйе айып. Жақыптың үйінің босағасына не інген, не қайсар атан әкеліп байласын. Ана Жақыптың бәйбішесіне шапан жапсын. Өзіңе қол жаза бұйырмай-ақ қояйық. Кешегі әкесінің аруағы үшін кешірім, — деп тоқтады. Отырғандар сөз қосқан жоқ. Үнсіз қабылдап бас изесті.

— Мына Өмекеңнің билігі әділдік те, әрі бассыздарға тыйым. Нұрғали, айтылған сөзді елеусіз қалар, деп жүрме. Ертең мына Жақаңның үйіне айыбыңды әкелесің, — деген әмірін Сыздықбай қатал үнмен айтты. Нұрғали қарсы айтып қабылдата алмайтынын білді де үн шығарған жоқ. Үн қатпаған қалпымен атына мініп үйіне оралды. Нұрғалидың жолын тосып мазасызданып отырған шешесі:

— Немене, ағаларың қандай құрметке шақырған екен, — деп баласының өңіне ойлана қарады.

— Айып тартқызуға шақырыпты. Ана Жақыптың үйінің қақпасын бұзып үйіне кіріпсің. Қызын басып алмақ болыпсың. Бұл барып тұрған қазан бұзарлық деп Өмірәлі мен Сақан екеуі мүлде сыймай күжілдеді, — деген ызалы үнмен шешесіне қысқа жауап айтты.

— Е, байғұстарын сенің жастықпен жазым басқан қадамыңа қаһарларын төккен екен ғой. Сол адастырған ана жаман албастының жалған уәдесі ғой. Балам алдандың, айыпқа ұшырадың, аянар нең бар. Әлгі бір өздерің ячейке деп жүргендерің мұндайға кіріс ала ма? Ол болмаса болыстар жаңа заманның адамдары емес пе, соларға неге бармайсың, — деп шешесі баласын күреске шүйіледі. Өмір талқысын қоп көрген және кешегі ерінің тұсында ауыл арасының жөн-жобасынан да хабардар ана қарап өлгенше қайрат етуді нұсқады. Өзі жігері құм болып жасып кеткен жас жігіт от басындағы анасынан мына сияқты қайрат берер ақыл күтпеген еді. Анасының «болыстар жана заманның адамдары емес пе» дегені, Нұрғалидың Ұзынбұлақта болған жиналыста естіген жаңа хабарын оятып қоз алдыңа Қарқаралыдан төтенше тағайындаумен келген болатком бастығын елестетті. Ана сөзімен жігерленген Нұрғали ажарлана «апа» деді, шешесіне сұрақ қоя.

— Иә, қарағым, не айтпақ, едің. Былай, жүнжімей ширашы, — деп шешесі баласын тағы да жігерлендірді.

— Мен алдыңғы күні Ұзынбұлақтағы жастар жиналысында болғанда бір жаңа хабар естіген едім, біздің анадағы сайлаған болатком бастығын Қарқаралыда бекітпей, сол жерден, Ақынжанов Әбіш деген коммунисті болатком етіп бекітіп жіберіпті, сол кісі ендігі келген болар. Мен соған барсам, деп отырмын.

— Сен кім дедің, жаңадан келетін болысты? — деп анасы қайтадан нықтап сұрады.

— Ақынжанов Әбіш деген Абыралы азаматы, өзі коммунист дейді. Нұрғали Әбішті атап тоқтала бергенде:

— Анық сол Әбіш болса бөгелмей соған бар. Әбіш әкеңнің жолдасы болған кісі, әкеңмен бірге Зайсанға мал айдағанын ұмытпаған болар. Фанзекеңнің атын айтсаң қалай сені мына қарақұстарға жем қылар екен, — деп баласын мүлде жауландырып жіберді, ана сөзі жігерлендірген Нұрғали сол түнде аттанып, болаткомның жаңа бастығы келіп түскен Аршалы бұлағына Батырбек ауылына жетті. Келсе сол естігеніндей Әбіш Ақынжанов екен. Уақытша да болса болатком мүшелері бас қосып, ұйымдастыру жұмысы тәрізді іске кірісе бастаған екен. Нұрғали жөнін айтып, арыз айтуға рұқсат сұрады. Әрбір сөзін баптап, аз секпілі бар толықша келген бет-аузын бір сипап қойып, дөңгелене өсірген иегіндегі сарғылт сақалын тарамдап, болатком бастығы:

— Жігітім, арызыңды сөйле, — деді. Нұрғали басынан кешкен жайлардың бәрін түйдектей, өзіне айып кесіп, ауыл ақсақалдары үкім жүргізіп отырғанын басыңқырап айтты.

— Мына ауыл атқамінерлері үкім жүргізіп билік айтып жарлық айтқанда ауыл кеңес қайда? — деп Әбіш Нұрғалиға үлкен танауын бейімдей қарады.

— Ауыл кеңес сол ақсақалдардың өздері қолдан қойған құйыршығы, кешегі Колчак тұсында ауылнай болған барып тұрған атқа мінер, — деп Нұрғали Сыздықбай жайын баяндады.

— Мына кеңес сайлауында ол қалайша сайланып жүр. Сендер жастар тобы не бітіргенсіңдер, — деп мына жерде Әбіш болатком Нұрғалидың өзін сөге сөйледі.

— «Бетті ауылға бұр, жаңа үнем саясаты жаңа тәртіп деп сайлауды да, ел ішіндегі тәртіпті де, ел атқа мінерлері қолға алды ғой. Сіз оны айтсаңыз, сол Сыздықбай ауыл кеңеске сайланысымен жаңа тәртіп шығарып «қарашығын бөліс» деген жаңалық бастап отыр. Ол осы жуырда ғана өзінің әкімшілігін көрсету үшін ауылнай жиналысын шақырыпты. Жиналысқа барлық атқамінерлер бұрынғы би, елубасы, ел ағасы болғандар қатынасып, үш-төрт жылғы салыққа, көлікке кеткен байлардың көлігін, мүлкін қойға шағып 300-ден аса қойды шаңырақ басына бөліп, оған сыймағанын үстемелеп таратыпты. Сөйтіп бір менің өзіме бес қой шығын салып қойыпты. Оның үстіне мына айып кесіп отыр. Осы бір жолсыз өктемдікке тыйым болар ма, деп сізге келіп отырмын. Кеңес өкіметі кедей табынын өкіметі. Ал сол өкімет тәртібін теріс жолға бұрмалап отыр, — деп мұңая тоқтады. Әбіш Нұрғалидың кейінгі сөзін ажарлана тыңдап:

— Осы айтқандарыңның бәрін бұлжытпай жазып бер. Және өзің кешікпей аулына қайт. Мына біздің хатшы ана ауыл кеңеске қатынас жазады, соны алып барып тапсырып, өзің ауыл кеңес маңында бізді күт. Бүгін біз осы жерде біраз жұмыс істеп, ертең сол сіздің кеңеске барамыз. Ана ауыл кеңес бастығы алып барған қағазыңнан елең алып, атқамінерлерді жолаушылатып жүрмесін. Ол жағына сақ бол, — деп қадағалай сөйледі.

Нұрғали жаңа болатком бастығының тапсырмасын қуана қабылдап, ауылға көңілдене бет алды. Ертеңгі күнді асыға күткен екпінімен үйіне келіп шешесіне:

— Апа, болатком сол өзіңіз айтқан Ақынжанның Әбіші екен. Өзім жөнімді айтқанда жылы қабақпен қабылдап, арызымды көңіл қоя тыңдады. Бірақ, әкеммен жолдас болған жайын сөз етпеді. Мен де қазымырлап сұрағаным жоқ. Үлкен адамнан өмір тарихын сұрауға ұялдым, — деп, шешесіне қарап жымиды.

— Жарайды, өзі келемін депті ғой. Бір реті келгенде өзі де айтар. Аузы саран болатын, — деп шешесі көңілі жайланған қабақ білдірді.

Нұрғали үйінде біраз болып болатком қатынасын тапсыруға ауыл кеңесті іздестірді. Ауыл кеңесте тұрақты кеңсе жоғы белгілі. Оны тек ақылгөй ағаларының аулынан табуы мүмкін деген оймен Өмірәлі аулына келді. Айтқанындай осы ауылда екен. Амандық сәлем артынан болатком қатынасын беріп, болатком ағасының өзі ертең осы ауылға келем дегенін хабарлады.

— Е, арыз айтып қайтқан екенсің ғой. Тілге келсе көрерміз. Сендер сияқты тыюсыз кеткендердің қорғаушысы болып келсе келсін деген қиқар атқыған сөзін біраз көпіртіп алып Сыздықбай, — онда болаткомды түсіретін ауыл әзірлеу керек қой. Бір дұрыстау ауылға түсірелік. Асылбай ауылы, дұрыс болар, — деп Өмірәліге қарап еді, — орталық қой, соның дұрыс келер, тақа таптың деп өзінің қосарлы сөзі «тақаны» бір қыстырып қалды.

— Онда қазір сонда барамын, ол кісі томырықтау еді. Алдың ала иін жұмсатпаса торсылдап жүрер, — деген сөзін бір тауып айтқансып жымиды.

Болаткомның түсетін ауылы белгілі болғаннан кейін Нұрғали үйіне қайтты.

Сыздықбай оған айыбыңды әкел, шығын қойды әзірле деген ызғарлы бұйрық айтпады. Оған қарағанда болаткомның бетін аңғару әдісін ойлағаны байқалды.

Ертеңіне Нұрғали Асылбай ауылы қайдасың, — деп, Кіндіктіде отырған елге қарай тартты. Келсе алдынан шығар, әзір келмесе алдынан тосып алар ниетінде. Нұрғали келгенде Сыздықбайлар тобы қонақ күтіп отыр екен.

— Сенің шақырған қонағыңды күтіп отырмыз, қашан келем, — деп еді, деген сөзді кекесінді үнмен сызылтты.

— Ауыл кеңес ағасы сіз, мені ылғи шеней бермеңіз. Жасыңыз да, жолыңыз да үлкен. Бірақ ізет ініден, әділдік ағадан, — деп үлкендеріміз айтыпты ғой. Мен болаткомды шақырғаным жоқ, шағым айтқаным рас. Өкімет тәртібінен кім бас тарта алады, — деп ширай сөйледі. Өзі ылғи басына сөйлеп баланың тілін шығарып алғанын сезгендей Сыздықбай мыржия басқа жаққа бұрылды.

Біразда күткен қонақтар да келді. Мұндай жиынның дыбысы естілсе елеңдеп жүретін Сатқанбай қонақтар тобына қосылып қалыпты. Ол әдеттегі, елбелеңдеп жүретін әдетімен «осы қонаққа сыр алдырып қалмалық, жаңа келген бастық қой» — деп жұлқынып қонақтарды баурай күткен кісі болып кірісіп кетіпті. Ол бір әредікте Нұрғалиды көріп қалып;

— Мына болаткомды сен арыз беріп шақырыпсың ғой. Мына заманда айып тартып не болыпты, — деп, дудыратып сөйлейтін әдетімен бір соғып өтті.

Болатком тобы құрметті қарсы алған жұртшылыққа жылы ізетті үнімен тілдесіп, ел жағдайын сұрастыра аз демалыс істеді. Біраз тыныққаннан кейін болатком бастығы ауыл кеңес бастығын өзіне шақырып алып:

— Бізге шағын үйді уақытша босаттырып беріңіз, қаралатын жұмыс, шешілетін мәселе бар, — деп саран да салмақты үнмен әмір етті.

— Құп, болатком ағасы, — деп Сыздықбай жылпылдай үн қатты да тура үй әзірлеуге кірісті. Әзірлеп қиналар ештеңе де жоқ-ты. Сол болаткомды түсірген ауыл иесі Асылбайдың баласының отауы дайын болатын. Тек сол отау иесі жас жігітке:

— Сенің отауың бүгінше болатком кеңсесі болады. Өздерің ана үлкен үйлеріңнің бір жағында болыңдар, — деді.

— Жақсы, аға, онда келініңіз отаудың ішін азырақ жинастырсын, — деп Сұлтанғали ширақта, көңілді қабылдады. Жинастырып дайын болған ақ отауға болатком кеңсесі уақытша мәжіліс ашты. Алдымен жауапқа ауыл кеңес бастығы Сыздықбай шақырылып тексеруге алынды. Тексеру, «қара шығын» тарату жайынан бастап, оны ауыл кеңес қай жолмен, қандай тәртіпке сыйғызып жасағанын тексергенде:

— Көпшіліктің ұйғарымымен бөлдік. Қазір бетті ауылға бүр. Жана үнем саясаты, — деп жүр емеспіз бе, — деп батылдана сөйледі.

— Жана үнем саясаты байлардың, атқамінерлердің мүддесін қорғауға шығарылған ба екен? Бетті ауылға бұрғанда қарашығын тартып, соны ел үстінен шаңырақ басынан жина, — деп қай заңда айтылған екен... Кеңес заңын бұлайша бұрмалай түсініп, өзіңше өктемдік жүргізуге қалайша бет алдыңыз, ауыл кеңес ағасы? — деп Әбіш болатком кекесінді үнмен сұрақ қойды. Өзінше сыр бермегенсіп әлгінде ғана ширақ жауап айтқан Сыздықбай мына кейінгі сұраққа түсінік бере алмай отырып қалды. Біраз ойланып барып болатком:

— Сіз ана Файзуллинға айып кестіріп, әлдеқашан архивке кеткен айып кесер ата-баба жолын жаңғыртып, үкім жасатқаның рас па? Ол билерің, ақсақалдарың қайда, шақырт, — деп ажарлы үнмен бұйрық айтты. Әлгі бір қарашығын қара түнегі ұнжырғасын түсіріп отырған Сыздықбайға, мына бұйрықтың зілі төбесінен аспан құлап түскендей болып мүлде құнысып:

— Құп, болатком ағасы, шақыртайын, — деп орнынан созыла тұрып үйден шыға бергенде, алдынан елендей Сатқанбай шыға келді.

— Е, Сатқанбай, мен айтты деп осы ауылдан бір ат тауып мініп, Өмірәлі ақсақалды, Сақан ағайды шақырып алып кел. Болатком шақырып жатыр де. Былай дабырламай жай кеңеске шақырады де. Олар үлкендер ғой, — деген сөзін сыбырлай айтты.

— Жақсы аукең ағасы, ол екі көкжалды бөріктірмейік, алып келемін, — деп Сатқанбай ат іздеуге кірісті.

Сатқанбайға қайдағы аяғының желі бар ат тисін. Асылбайдың жылқышысы тілмар Мыралым:

— Өй Сатқанбай, сен де ылау мініп ел үстінен жүретін болдың ба? Мына Асылбайдың аз ғана мінгіші қайыңа жетеді. Саған мына байтал да кісі шақыруыңа олқы келмес, — деп құйрығы күзелген көкбайталды ұстап беріп жылқысын үйірінен өргізіп жіберді. Әзір милициялық атағы жоқ Сатқанбай көкбайталды міне салып борбайлап, Өмірәлі ауылына тартты. Суытып, жортып келіп, ентіге аттан түскен Сатқанбай, сапылдата сәлем бере үйге кірді. Сатқанбайдың сасқалақ жүрісінің жай емесін сезгендей Өмірәлі:

— Шырағым, екпінді көрінесің, жүрісін жай ма? — деп қырыстау қырындай көз тастады. Шақыруының жай емес екенін күпілдете айтуға Сыздықбайдың ескертуі ойына түсіп сабыр сақтап:

— Жай, сіздерді жана келген болатком ағасы «жиналысқа шақырып кел» деп тапсырма беріп, соған келдім. Бүгін сол Кіндіктіге Асылбай ауылына келіңіз. Енді мен Сақан ағайға барам, азырақ ат тынықтырып, сусындап алам да жүрем, — деді. Саудырлаған Сатқанбайдың болатком шақыруын екпінсіз сыйлай айтқанына азырақ көңілі жадырап Өмірәлі:

— Бастық шақырса бармасқа ылаж бар ма, жарайды. Онда сен кешікпей Сақанға бар. Осында ертіп кел, бірге баралық, деп өзіне тарта сөйледі. Өмірәлінің томырық кеуде мінезінен имене баяу отырған Сатқанбай, оның мына жан тарта сөйлегеніне емекси:

— Онда ақсақал мен Сақанды сартылдатып алып келейін, дайын отырыңыз, — деп атқа қонды. Сақан ауылы да қанаттас болатын, ілезде-ақ жетіп барып, ол кісіні де үйінен тапты. Өмірәлінің айтқан баяу лебізбен болатком шақыруын айтып еді, қатпар қошқыл қалын бетін быржита:

— Немене, болатком қызметін бізбен ақылдасып жүргізбек пе екен. Не үшін керек етеді екен, — деп тергей сұрақ қойып.

Әлгі Файзолланың қара тірсегі жана келген болысқа шауып кетті деп есітіп ем, ол қайда екен, — деп ентіге тоқтады.

— Сақан ағай, мен шақырып кел деген ауыл кеңестің тапсыруын білем, болатком неге шақыртқанын сол кісі өзі айтар. Файзолланын Нұрғалиы сонда жүр. Ол болаткомдармен бірге келген жоқ, — деп Сатқанбай тәртіпті жауап айтты. Сатқанбайдың аузына сөз тоқтамайтының білетін Сақан мынаның жайлай сөйлеуіне емексіп, ондай қауыпты ойға барған жоқ. Атын алдырып Сатқанбаймен бірге Өмірәлі ауылына келді. Амандық білісіп дайын отырған Өмірәліні ертіп алып болатком түскен ауылға тартты. Екі дәудің келуін күтіп отырғандай Сыздықбай алдарынан шығып, иіле сәлем беріп, болатком үйіне бастап алып жүрді. Алдымен өзі кіріп Сыздықбай болатком бастығына:

— Болатком ағасы, сіздің тапсыруыңызбен шақырылған Өмірәлі, Сақан ақсақалдар келіп тұр. Кіруге рұқсат па, — деп хабар күтті. Сыздықбай хабарын түйіле тыңдаған болатком ағасы, өзінің курьері дала ауыз Жаппарға, аумелдің бастығын шақыр, — деп әмір етті. Жаппар ата жөнелгенде Сыздықбай қалшиған бетімен тұрып қалды да:

— Болатком ағасы рұқсатыңызды күтіп тұрмын, — деді дауысы дірілдей.

— Күтсең күте тұр. Аумел бастығы келгенше отыра тұр, — деп түйіле бұйырды. Көп күттірген жоқ, шеткірек бір үйге орналасқан аумел бастығы аңғалақтаған Тоқымет Исағұлов та кіріп келді. Өзінше әскери тәртіп айтып:

— Әміріңізге әзірміз, шақыруыңызбен келдім, — деп тікесінен қаздия тұра қалды.

— Әмір қысқа, мына ауыл кеңес ағасы Сыздықбай, ана ақсақал билігін айтып айып таратушы билер, Өмірәлі, Сақандарды қазірден бастап тұтқынға ал. Ол туралы болатком қаулысы сізге деген тапсырма жазулы, хатшыдан алыңыз, — деді.

— Құп, болатком ағасы, бәрі орындалады, — деп қасына ерте келген кіші милиционеріне мына тұтқынды алып жүр, — деп бұйырып, хатшылар отырған үйге кіріп қатынасты қаулыны алды. Қаулыда «кеңес тәртібіне жатпайтын, ескіліктің өктем үкімін жүргізіп, жазасыз жанға айып кесіп, билік шығарып бетімен би болып жүрген атқа мінерлер: Өмірәлі, Сақан, оған ерік беріп, солардың ескішіл тапсырмасын орындап кеңес тәртібін, ауыл кеңес ағасы міндетін бұрмалаған Сыздықбай, бүгіннен бастап аумелдің қарамағына тапсырылып, қамауға алынсын. Осы жұмыс жөніндегі жәбірленуші және куәлар, уақиға өзегі болған ана әйелдер де жауапқа шақырылып, уақиға неден болғаны жете тексерілсін. Сонымен қатар қайдағы қарасы өшкен «қарашығын» тарату жолын ашып, ескілікте, еселеп қолданып жүрген ауыл кеңес қызметін атқарушы Сыздықбай бүгіннен бастап орнынан алынып, жұмысы тергеу орнына берілсін, — деп жазылған. Болаткомның мына тұжырымды қаулысы қолына тиген Тоқымет, өзінің кенсе етіп түскен үйіне тұтқынға алынбақ ауыл көкжалдарын тексеруге алып, алдың ала жүргізетін заңды зерттеуді бастады. Айыпкерлердің барлық айтқан жауаптарын қағазға түсіріп, қолдарын қойғызып, бір қараша күркеге апарып қаматып, сыртынан күзет тағайындады.

Болатком қаулысындағы «уақиғаның өзегі болған Жақыптын әйелінен мәлімет алуға үйіне барып, олардың жауабын қағазға түсіруге Тоқымет өзі аттанды». Милициялық ызғарсыз сыпайы әзілқой мінезіне салып Тоқымет:

— Апай, мен сізден милиция болып жауап алғалы келгенім жоқ. Бір нәрсенің ақиқатын ашайын, — деп келіп отырмын, — деп бастап, тапқыр әзілмен, «мыжымай шынын айтыңыз, ырбиып жыламай, күле сөйлеңіз» деп әйелді аздап жауабына бағындырды.

— Шырағым, мен айтайын, әлгі Файзолланың тыртиған ырғай мойын ұлы белсенді болып, менің мына жалғызымды оп-оңай бауырына баса қоймақ болыпты. Осы жана заң дейді. Қыз да, қатын да ерікті кімге барса да дейді. Бірақ әке-шешенің рұқсаты, ақ батасы қайда кеткен. Қызым балалық еткен, бірдеме айтқан ба, соған емексіп түнделетіп келіп алып қашпақ болды. Мен қақпаны бекітіп, үйге кіргізбедім. Қақпаны бұзып үйге кіріп бүлік салды. Біздің айқайдан ауыл адамдары оянып және мына жалғызым мені жылатып, оларға ермеді. Сонан аман қалдық. Шырағым менің бар білетінім осы,-деп әйел жыламай да, сықтамай да барлық болған жайды өңдемей де, өзгертпей де айтып берді.

Шешесі барлық жайды айтып бергеннен кейін беті ашылып кісі алдың көрмеген жас қызды жауапқа алмады. Тек қана:

— Қарындасым, мына апаңның айтқаны рас па? — деген сұраққа қыз басын изеді. Сонымен тергеуін аяқтап Тоқымет кеңсе құрған аулына келгенде, болатком ауылдың жастар ячейкесінің жиналысын өткізіп, «қарашығын» бөлісін тексеріп жатыр екен. Бұл ауыл кеңесінде жиырмадан аса жас жігіттерден құралған ячейке мүшелері бәрі де бір ауыздан ауыл кеңес Сыздықбайдың «қарашығын» бөлісіне қарсы болғанын, оның шаңыраққа бөліну жолын жаңғыртқанын әшкерелей берді. Бұл жұмыс жөніндегі ғой, ел ішіне үгіт жүргізе, қолы қысқа кедей батырақтарға, ұзақ мерзімді қаражат қарызына аз да болса қол жалғап, мүшелік жарнаны ұқыптай жинап жұмысты жүргізе бастады. Жұмабек бірде:

— Нұрғали, осы бір болатком қайда барса, сонда шұбамай, өзіміз жекелей іс жүргізелік. Маған бір ой келіп отыр, мына Ұзынбұлақ бойында, сонау Қондыбайдың бастаған төте оқу жастарға жаңаша совет мектебін ұйымдастыру ізіне түсіріп еді ғой. Біз сол өлкеге барып қолқабыс ұйымына мүше тарталық. Және сол бір басталған жаналық бау-бақша дегеннен не із бар екен, соны білелік, — деп оз ойын айтты.

— Жұмабек, сенің мына ойын, бір тамаша ой екен. Шынында да мына сияқты игілікті істі қауымы енбекке ынтасы бар, ауылы жырақ жерден бастаған онды. Бақша өсірді, сондай бір жаңашыл адам болды. Оны Әбен болыстың қанды қамшы шабарманы мерт етті дегенді естігенім бар еді. Оның бастаған ісінің ізі бар ма екен, оны да көрелік, деп қоштай кетті. Екеуі сол күні-ақ болатком бастығына осы бір ойларын айтып, Ұзынбұлақ өлкесіне бет алды.

VII

Қыста бытырай қыстау қуып отыратын Дегелең болысынын жайлауға көтерілген ауылдары қанаттаса келіп үй тігіпті. Жаздың шыжынаған шілдесінде жылқы басын іздемейтін Мейзек жоны жайлау төрі. Осы жайлауда Дегелең елі бір жағы Абыралы, Дағанды болыстарымен, оңтүстігінде, Шаған, Бұғылы болыстарымен қанаттаса жайлаулас болады. Сағынса бас қосып, сапырылыса араласады. Анада өзі айтып, анықтама сұрақтарын толтырып алған және партия қатарына өтуге талаптанған өтінішін Әбіш Нұрғалидың өзіне беріп: «мына анықтамаңды алып Қарқаралыға бар. Ондағы уездік милицияның начальнигі Садуақасов деген жігіт бар, ол қарт коммунистің бірі және Ерғалиев деген коммунист бар. Ол екеуіне де мен хат жазып қойдым. Сен алып барып, оларға барлық жөн-жайыңды айт. Екеуі де менің сенімі ме сенер. Сол екеуі партияға ұсынып куәлік айтса, уездік партия ұйымының өзіне барып арызыңды ұсын. Көп бөгелтпес» — деп кеңес беріп Қарқаралыға аттандырды. Бұрын кермесе де ел ішімен Қарқаралы қаласына жиыла қонақтап жеткен Нұрғали, Әбіштің айтқан адамдарына жолығып хатын беріп және өзінің өмірбаяндық анықтамасын көрсетіп, ұсыныс хаттарын сұрады. Ол екі адам да Әбіштің хатын құрмет етіп, бөгетсіз ұсыныс хаттарын жазып қол қойып берді.

Осы хаттарды алып уездік партия ұйымының қабылдау бөліміне келіп жазып алған арызын ұсынған адамдардың қағаздарын, өмірбаяндық анықтамаларын беріп, барлық жай-күйін айтып өтті. Нұрғалидың арызын, ұсыныс хаттарды қабылдаған жігіт, өте бір жатық мінезді адам екен. Бәрін дұрыс қабылдап, бір-екі күн тосасың, — деп күнде хабарласып тұруды айтты. Айтқан күні Укомда қабылдау мәжілісі болып, бөгетсіз коммунист партиясына кандидат етіп қабылдады.

Төбесі көкке жеткендей қуана кандидаттық билетін омырау қалтасының ішіне басып, Нұрғали елге оралды. Нұрғали ел шетіне келе болатком тобын іздеп еді, Бетсу алқабындағы Төлеген ауылында екен. Сапырылған қымыз, сойылған бағылан, орта дәулетті Төлеген барынша құрмет көрсетіп, дарқан бейілде отыр екен. Сонау Қарқаралыға, өмір жолына жолдама іздеп барып қайтқан Нұрғали жалпы көп қонақтың бірі ретінде қабылданды. Қонақасы мәжіліс үстінде әркімдер Нұрғалидан Қарқаралы жайлы не жаңалық деген сияқты әңгіме сұрасты.

Бір әредікте болатком ағасы Нұрғалидан тұспалмен барған жұмысын білгісі келіп:

— Бәрі орнында ма, — деп жымиып қойды.

— Аға, бәрі орнында. Сізге көп сәлем айтты. Өздері бір кішіпейіл адамдар екен, — деген сөзін Нұрғали көңілдене айтты. Болатком тобының бұл жердегі бас қосуындағы бір мәселе аудандық халық сотының съезін ашпақ хабары жайлы еді. Елдің жайлаудан күзекке оралар кезі болып қалған. Сотқа съезд ашар орталықты белгілеу, халық сотының қатынас қағазында: «съезд орнының Семей уезіне қараған Шаған, Бұғылы болыстарына көршілес келетін ауылдан тағайындалуын айрықша ескертіпті. Оның себебі сол Шаған, Бұғылы тағы бірнеше іргелес болыстардан ақылы, қылмысты істер жағынан жазылған арыз, ол туралы жоғарғы орындардан тапсырма, — деп жазылыпты. Сондықтан ол елдерге ұрымтал келер қай түс болмақ. Осыны шешіп, орын тағайындап съезд үйлерін тіктіру деген сияқты әзірлік жайлы болды. Бірақ ешкім орын жайлы шешіп айта алмай, біреуге біреу қарап бөгеліп қалды.

— Бұлай болғанда сотқа үй тігетін съезд орнын белгілер жер — Құлақ кескендегі Батпа қайнарының басы ғой. Ол жер — Өзек, Ұйтас, Тасбасқан, Аршалы сияқты қалың ел қонысының орталығы. Және ана Бұғылы, Шаған еліне тұспа-тұс келеді, — дегенді Ысмағұл ақсақал айтып қалды. Тағы да сөзін жалғап, мен сіздердің қызметтеріңізге ешбір қатынасым жоқ. Бірақ ешкім ашып айта алмай жер қоныс жайына жастар шорқақ қой, — деп айтып қалған ұсынысын ұшқарылық болды ма, деп түсіндіріп өтті.

Дәл басып айта алмай отырған жұрт осы Ысмағүл ақсақалдың айтқан жері дәл орталықта Күзек елінің ең жиі жері. Ана Бұғылы, Шаған елімен қол созым жерде өсті. Сот съезін ашатын жерді Құлақ кескенге тағайындап, халық сотына жауап хат жазылды. Сот съезіне әзірлікті орынбасары Исаға тапсырып Әбіш болатком Қарқаралыға жүретін болды. Жүрер алдыңда болатком ағасы Нұрғалиды шақырып алып:

— Сен қазір партияға кандидат болып қабылдандың. Сені енді жауапты қызметке жегеміз. Жұмабек Баймолдин күзде Семейдегі оқуына барады. Соның орнында өзің істейтін болып, әбден танысып ал, деген сөзін айрықша қамқорлықпен айтты.

Әбіш Қарқаралыға аттанысымен Иса (болатком орынбасары) тағайындалған Құлақ кескен басына сот мәжілісіне арнап үй тіктіруге кірісті. Болатком мүшесі Әбдібақи Тоқсанбаев екеуі алдымен келіп: Құлақ кескен адыршасының басынан Октябрь төңкерісінің алдыңдағы жылдарда салынған «Болыс кеңсесі» үйінің жайымен танысты. Бұл үйдің жайын ел аузынан естігені болмаса екеуі де көрмеген-ді. Анау бір он бесінші, он алтыншы жылдарда жоғарғы орындардан «болыстың тұрақты кеңсесі» болу керек, ел ішіне шыққан ұлықтар жиын өткізетін, сайлау жиынын, тағы басқа бас қосуда, көшпелі ауылдың отының басын мәртебелі ұлықтар қайдан іздеп жүреді деген айрықша бұйрықпен Дегелең еліне орталық деп, осы Құлақ кескен қырқасынын белесінен төбесін тақтаймен жауып салынған торт бөлмелі үй болатын. Оның қасында — шошақ үй деп аталатын тамақ істейтін екі бөлмелі тағы бір кіші үй бар еді. Бұл үйлер ана алғашқы дүрбелең кезде иесіз қалып, тоналып, тек қаңқайған қабырғалары тұрған-ды. Терезе-есік дегендер алдақашан әркімнің қолында кеткен.

— Үйді қай жерден тіктірген дұрыс болар еді. Мына қирап жатқан қабырғалардың қасынан үй тіктіру лайықсыз болар. Мына бір кішкене қайнардың басы аздап қоғалы бар көрінеді. Сол жер лайық қой, — деп Әбдібақи Исаға қарады.

— Сенің ол ойың дұрыс-ақ. Ол Қайнарды Батпа бұлағы, — деп атайды екен. Ана жылғы Аршалыдағы мектепті қолға алғанда, сол Қайнарда отырған Қарқымбет аулына бір келгенім бар-ды. Онда үй орнын осыған байлап, келген адамдарына иесіз үйдің көлеңкесіне де жайласа берер, деген шешім сөзін Иса да айтты.

Болаткомнен съезд орнын көрсетіп дайындыққа кірісер қатынасты алысымен халық соты Құлислам, сол жерде қаралатын жұмыстарды хатшысына іріктетіп, уақыттарын белгілеп, шақыру қағаздарын дайындатты. Құлислам халық сотының осы бір арнаулы съезін ашпақ жердегі ең бір көңіл аударар қарамағы құла аттың қуғыншысы, Шаған болысына қараған Сатайдың арызы еді. Оны анада Семейден соттыққа тағайындалып шығарда губернияда жауапты қызметте істейтін бір белгілі адам айрықша тапсырған болатын. Құла ат дауы оңайлыққа түсетін дау емес. Өйткені Құлислам осы ауылға сот болып келісімен құла ат жайына көңіл бөліп сұрастырғанда, құла ат ана жылғы Қарқаралыда өткізілген Автономия тойында жүз аттың алдынан келетін атақты ат екен. Сол атты «түсі құла біздің жылқының тұқымы және өзі ат иесінің қол тумасы емес, пайдашыдан сатып алынғанын айтқанына қарағанда біздің жылқыдан ұрланғаны күмәнсіз, — деп жазылған арызға қарағанда ой жотамен атқа қызығып жармасуын біледі, бірақ ана Семейдегі тапсырған адам Сатайдың сөзін қоштап, «осы атты заңға сиғызып Сатайға бұйыруды тапсырған. Құлисламның «Шаған, Бұғылы болыстарына қоныстас келер жерден үй тігілсін» деген тапсырмасы да осы мақсатпен қадағалап жазылған-ды.

Қатынаста көрсетілген уақытында Құлислам сот көшпелі кеңсесін жеңіл тарантас арбаға тиеп алып Дегелең болысымен іргелес Бөрлі болысынан аттанып, Құлақ кескенге тартты.

Көшпелі сот кеңсесінің келуін күтіп, әзір отырған Дегелең болаткомы дайындықпен қарсы алды. Арнайы тігілген үйге түсіп, жайлана демалып, кенсе жұмыстарын тәртіпке келтіріп, ел-елге тарататын шақыру қағазды, болатком кеңсесіне тапсырды. Соның ішінде алдымен қаралмақ жұмыс құла аттың дауы. Бұл жұмысқа Шаған елінен бірнеше кісі шақырылмақ. Бөрлі болысынан құла аттың иесі Әбеу және алдың ала милиция арқылы жүргізілген тергеуде, құла атты құнан күнінде Әбеуге сатқан Сарытау елінің азаматы Қосымбек, сауданың басы-қасында болған екі адам шақырылмақ. Бұл шақырулар талапкерлер мен жауапкерлерге қолхат арқылы тапсырылып тиянақты болу жағы ескертілген.

Сот мәжілісі ашылар алдыңда халық сотының құрамына кеңесші билер ұсынылып, оған Мәлтекбайдың Ысмағұлы,

Тышқанбайдың Әбдірәсілі тағайындалды. Елдің құлақ тіге күткені іргелес екі елдің осы бір өрескел дауға тізе қосар айтысы болды. Өйткені тіпті бір ойламаған орайсыз оспақтан туған дау. Өзінің көтермеші серіктестерін ертіп омыраулай өрге шабатын Сатай да келіп съезд басына түсті. Жауапкер ретінде шақырылған Әбеу де куәларын ертіп құла атты жетегіне алып келіп бір шетінен орналасты.

Сот мәжілісін ашып Құлислам сот алдымен шақырылған адамдар кімдер келгенін жариялады. Талапкер мен жауапкерлерге, сот құрылысын жариялап қарсылық бар-жоғын сұрады. Оған екі жағы да қарсылық айтпады. Сот тергеуі талапкердің арызын оқудан басталып:

— Семей уезіне қарасты Шаған болысының азаматы Сатай Малдыбайұлы басқа бір аттармен бірге ұрланған құла құнан ат болып шыққан кезінде Қарқаралы уезінің Бөрлі болысының азаматы Әбеудің қолынан танығанын жазады. Танығанына келтіретін дәлелдері — құла аттың түсі мен түгі, аттың тұлғасының өз жылқысының тұқымына өте ұқсастығы, оның үстіне құла атты Әбеудің өз айтуындағы «қол тумам емес, Семейден пайдадан қайтқан Сарытау елінің адамынан сатып алдым» деген жауабы, оның құнанның топ жылқымен ұрланған жылына Әбеудің сатып алған уақыты дәл келетіні, мінекей, талапкердің арызының мазмұны, — деп тоқталып сот ағасы қасындағы екі кеңесші биіне қарады. Олар жауапкердің сөзін тыңдауды ишараттасып күбірледі. Сот ағасынан:

— Ал жауапкер азамат Әбеу, сіз бұған қандай жауап айтасыз, алдың ала тергеуді жауабыңыз мына жұмыстың ішінде, — деп ескертті. Сөзін лепірмей салмақпен бастайтын Әбеу:

— Иә, менің милиция тергеуінде берген жауабым жұмыстың ішінде болар, құла атты құнан күнінде сатып алғаным ақиқат, күмәнданар дәлел жоқ қой, — деп білем. «Ұрысы күшті болса, иесі өледі» деген қазақтың бір мақалы бар еді. Күн ашық, ай жарықта адал малыма сатып алған құла құнанның жауабына әуре болғаныма екі жыл болып қалды. Құла құнанды таныдым, деп, ой — жобамен даулап отырған Сатайдың дәлелдері оспақ оқыс дау қуғандық, деп білем. Өйткені, Сатайдың сол құла құнанмен бірге ұрланған жылқылары көзі табылып алынған ба екен. Ал ол жылқылар табылған болса, сол құла құнанды ана маған сатқан кісіге өткізгенін дәлелдеп көрсетіп пе, құла аттың аяғының желіне, ана ұлы тойда топ жарған жүйріктігіне қызығып, түгі құла деп көлденеңнен жабысқан жала деп білем. Менің құла атты құнанында сатып алған адамы осында отыр. Егер ол ұрлап әкеліп маған сатқан болса өзінен сұраңыздар. Менің аттан да қымбат арыма жабылған жалаға күйзелем.

Әсіресе милицияның «қолыңыздағы ұрлық құла ат туралы жауапқа шақырылып отырсыз» деп жазғаны өңменімнен өтіп, өзегіме жеткендей болды, — деп, жер шұқи тоқтады. Әбеудің назалы жауабын тыңдап отырған Ысмағұл қосшы биі:

— Нақақтан арам атаққа іліккен ауыр-ақ қой, — деп айтып қалды. Қосшы биінің мына сөзінен ойланып қалған сот ағасы Құлисалам заңға сыйымды деген оймен сыр білдірмей:

— Сіз қула атты құнан күйінде сатып алғанда, куәлік қағазы болды ма? — деп Әбеуден түйіле сұрады.

— Сот ағасы, сатқан адам белгілі болған соң мен қағаз сұраймын ба, ол маған мына куәлік бар, ал деген жоқ. Өзі мына отыр ғой, — деп құла атты сатқан Қасымбекті нұсқады.

— Бұған сіз не айтасыз, — деп сот ағасы Қасымбекке қарады.

— Мен милицияға берген жауабымда да айтқанмын. Қула атты құнан күнінде Семей базарынан сатып алдым. Ішкі жаққа пайда кәсіпке барып, сонан тапқан тиын-тебеніме, сол құнанды және астық, шай дегендей керек — жарағымды алып қайттым. Мен құла құнанды Белағаштан келген орыс шаруасының қолынан алдым. Ол Семей базарына торт аяқ арбаға астық тиеп, түпкі үлкен атына барлап құла құнанды пастромкесіне серіктестіре шегіп келген екен. Құнан да болса қамытқа үйренген маған сонысы қызықты болды. Өйткені екі аяқ арба тауып алып, қамытқа үйренген құнанға азғана астық, шайымды салған арбамды жегіп, өзім үстіне мініп отырдым, — деп тоқтағанда сот ағасы:

— Сіз орыс шаруасынан сатып алғанда куәлік қағазы бар ма еді, құнанның, — деп сұрап қалды.

— Иә, орысша жазылған куәлігі бар еді. Мен мына Әбеу ағайға сатқанда бұл кісі менен қағаз сұрамады. Мен қадағалап қағазды бұл кісіге беруді құныттамадым. Ол қағаздың қазір қайда екенін білмеймін. Өйткені оған он шақты жыл болып қалды. Мен өзім сауатты адам емеспін, елеусіз бір жерде қалған шығар, деп жауабын күбірлей аяқтады.

— Құла құнанды сіз Әбеуге сатуыңызға не нәрсе себеп болды, — деген сот ағасының сұрағына:

— Мен сол Семейден елге қайтқанда Дегелең жолымен жүрдім. Өйткені ол жол біздің ауылымызға ең төте жол болады. Дегелең тауынан асып Бөрлі болысының жерінің шетіне келіп, жол үстіндегі бір таныс ауылға түсіп, құнанымды тынықтырып алуға тоқтадым. Мен түскен үйге біразда тағы екі — үш кісі келе қалды. Бұрын таныспаған адамдар екен. Жөн сұрасып сөзге келген кезде, мына отырған Әбеу деген кісі:

— «Шырағым, тарелейке арбаңмен құнаныңа қарағанда жолаушы болуың керек, қай жақтан келе жатырсың?» — деп сұрады. Мен жөнімді айттым. Әбеу ақсақал қайталап: «қалаға мына сыртта отта тұрған құнаныңмен барып пе едің», — дегені. Мен Семей базарынан сатып алғанымды айттым. Сонан мен жүретін болып далаға шыққанымда Әбеулер де сыртқа шығып жүретін болды. Құла құнанды Әбеу алды артына шығып қарап, құйымшағын көтеріп:

— Мына құнанның сиыр құйымшақ құла мәстегі қарабайырдың тұқымы — ау. Өзінің артқы тілерсегімен, мына кеңсірігі жылқы малына ұқсамайды, — деп маған таянып келді де: «Мына құнаныңды маған сатшы» — деді. Мен қалжыңдап мазақ қылып тұрған шығар деп, астыңыздағы кер атты берсеңіз айырбастайын дедім.

— Жоқ, саған кер атымды бермеймін. Қол-аяғы балғадай қонды дөненім бар. Соны берем. Ол мына арбаңа да толымды. Біздің ауыл мына қырқаның астында, жақын. Бүгін өзің біздің үйде бол. Саңғыраған қара жол болмағанымен сүрлеу соқпақ тарелейкеге бөгет болмайды, — деп шындап сөйлесті. Өзінің сиқы нашар, еті арық құнанға қонды қазақы дөнен берсе айырбастайын, — деп бірге жүруге келістім. Қойшы, сонымен Әбеумен аулына келіп қонып, ертеңіңе ашықты, жабықты еті бар қарагер дөненін алып құла құнанды бердім. Мен Әбеудің сиырқұйымшақ құла құнанға неге қызыққанын білгенім жоқ. Қарақер дөнен белді ат болды, мінеки менің саудам, — деп Қасымбек жауабын аяқтады.

Қасымбектен кейін, Әбеудің құнанды айырбастап алғанда қасында болған екі куәдан да жауап алынды. Олар да Әбеу мен Қасымбектің айтқандарын айнытпай айтып шықты. Куәнің біреуі Мауқай дейтін өткір тілді, әзілшіл адам екен. Ол өзінін жауабын айта келіп, «жүйрікте сын болмайды, сұлуда мін болмайды» — деп айтатын бір нақыл болушы еді. Мына екі елдің арасына егерлік аштырып отырған құла құнанды көтен сүйегін көсеудей шошайтып дөненін беріп Әбеу сатып алғанда, мен оны мазақтап едім. Азар аяқ астынан Толыбай сыншы болып кетсең де, мына құла мәстек қойдан асса қолымды беріп табынайын деп, ана жылғы автономия тойында топ жарып жүз аттың алдынан келгенде, Әбеуге қолымды беріп айтқанымды орындадым, — деп елді бір күлдіріп алды.

Сот тергеуіндегі жауапкер мен куәлардың сөзі қолымен қойғандай бір жерден шыққаны сот ағасы Құлисламнің іште ойлаған шешімін ыдыратып жібергендей болды. Енді талапкердің айтар дәлелін тыңдалық дегендей екі кеңесші биіне қарады. Олар сот ағасының ишарасын құп көріп бас изеген соң Құлислам:

— Ал, талапкер Сатай Малдыбайұлы сіз мына арызыңыздағы сөзіңізге қосарыңыз және жауапкерлердің сізге айтар дәлеліңіз бар ма? — деп талапкерге сөз берді.

— «Алдырған алабұртып, анасының қойнын ашады» дейді қазақ мақалы. Біз қонысымыздан қосақты жылқы алдырып, ешқайдан сұрауын таба алмай қалған едік. Алдыңғы жылы, мына бізге көрші кедей руының белгілі жігіт ағасы Сақан деген кісі, менен жүрек жаралы сұрал құла аттың қайдан келгенін айтып, тап сенің құйын құланның тұқымы болу керек. Әбеудің өзі аузынан пайдашыдан сатып алдым, өз тумам емес, деп сол бәйгі үстінде сұрағандарға айтты. Онысы, яки пайдашыдан дегені ізін өзгерту болар, сірә, сенің ана жылғы қосыңнан ұрланатын жылқыңда кеткен құла құнан болу керек. Жалықбас деген елдің ұрылары, шылбырынан ұстап отырған аттың құйрығын күзейтін нағыз қанды қанжыға, деп маған қозғау салғаны. Алдымен қолтумасы емес екенін айтты дегені, оның үстіне түсі-түгі, біздің құйын құланың тұқымынан айнымағаны мені еліктірді. Мен қосымнан ұрланған малымды іздегенге айыпты емеспін, — деп ойлаймын. Менің жауапкер мен оның куәсына яки ана құла құнанды Әбеуге айырбастаған жігітке айтар бір күдігім бар. Ол құла құнанды, орыс құнанды орыс шаруасының қолынан алғандығы куәлік қағазын Әбеуге бермей, аяқсыз жоғалтып алдым дегені күдік тудырады. Осыны анықтасаңыз екен, — деп тоқтады.

Сатайдың мына кейінгі Қасымбекке айтқан дауы ойландырған Құлислам, Қасымбекке тағы сурақ қойып:

— Жанағы мына Сатай Малдыбаевтың, құнанның куәлік қағазын жоғалтқанға күдік айтқанына не дейсіз? — деп жауап беруді бұйырды. Қасымбек аз ойланып:

— Сотағасы, мен алғашқы жауабымда-ақ жоғалтып алғанымды, сауатсыз, салақтығымды айтқан едім ғой, енді менің бір сұрағым бар Сатай Малдыбаевқа. Ол кісінің қосты жылқысынан ұрланған құла құнаны арқасы жалақ, мойыны қамыт қаққан арбакеш мал ма екен, соны білейін деп едім. Менің Әбеуге сатқан яки айырбастаған құнаным қамшы кесті, мойын қамыт қаққан құлтұғыр еді. Ал Сатай ақсақалдың айтуына қарағанда құрық тимес құлын құланың үйіріндегі құнаны тап сондай болуға мүмкін емес қой деймін, — деп тоқтады. Қасымбек мына сөзді айтып болған кезде сот ағасы тергеу бітті енді ұйғарым шығаруға сотқұрамы соған кіріседі. Ал басқа адамдар үйді босатуы қажет деген шешім айтты.

Оңаша қалған сот алқасы алдымен ұйғарымның жобасына келісіп алуға кірісті.

— Мен сіздердің пікіріңізді білгім келіп отыр, — деп екі кеңесші биіне қарады Құлислам сот.

— Ісмеке рұқсат етсеңіз мен пікірімді айтар едім, — деп Әбдірасіл Ысмағұл ақсақалға өтініш айтты.

— Рұқсат, сөйле Әбдірасіл, — деп Ысмағүл әдеттегі сабырлы мінезін істеп қабақ қатты.

— Айтсам, қазақтың бір мақалы болушы еді, «өспес ұл, өнбес дауды қуады» деген, біздің бүгінгі тыңдаған, тексерген жұмысымыз да Сатайдікі өнбес ой — жотамен өкіректей кірісіп атқа қызыққандық сияқты. Тіпті сол жылы яки құла ат құнан болып базарға салынып сатылған жылғы жоғалған жылқысы бір елден ізі табылып, құнанның сатылған жеріне ұрланған малдың барған сорабы болса бір сірә. Ана Сақан сықылды қу ауыз сиқырдың, екі елді айқастырмақ өсегіне ерген Сатайдікі қисынсыздау деп білем. Менің пікірім осы, — деп тоқтады.

Әбдірасілдің пікіріне ойлана қарап қалған Құлислам:

— Сіз не айтасыз, — деді Ысмағұл биге.

— Мен мына Әбдірасілдің ойына қосылам. Ана Қасымбектің Семей базарынан алған құнанына, оны көрген куәлардың сөзіне қарағанда Сатайдың ұрланған құнаны ешбір жанасымы жоқ деп ойлаймын, мен де, — деп тоқтады.

— Сіздер солай ұйғарасыздар, мен азшылық болам ғой. Онда Сатайдың дауы дәлелсіз, — деп ұйғарым жазамын, — деп Құлислам ұйғарым жазды.

Сотұйғарымы жарияланып, Сатай талабы аяқсыз қалғанын айтқанда жиылған жұрт «ә, әділ ұйғарым» — деп шуылдасты. Үлкен сеніммен — анау Семейдегі досының тапсырмасына сенген Сатай салы суға кетіп орынан тұрды да:

— Съезд үйі Құлақ кескенге тігілді дегенде-ақ ойымдағы орындалмас деп ойлап едім, бұл Құлақ кескен біздің елге өмірлік танба қалдырған төбешік қой, — деп хош айтысты.

Сатайдың жаңағы сөзін естіп қалған болатком ағасы Әбіш өзінің сөз төркіне мағына бергіш әдетімен Ысмағүл ақсақалға қарап:

— Жаңағы Сатайдың сөзіндегі Құлақ кескен жайы не сөз? Сіз білетін боларсыз,деп сұрақ қойды.

— Е, ол жай айтып тұрған жоқ, бұл Құлақ кескен олардың еліне атақ байлаған дөңес болса керек. Үлкендердің айтуына Қарағанда мынадай бір оқиға болыпты. Бір кезде біздің осы Арқадағы ел алғашқы қазақ-орыс шабуылынан үркіп Сыр бойына ауыпты ғой. Сонау Қаратауға дейін барып, артынан қазақ-орыстардың шабуылына тыйым салынып, ел мекеніне қайта оралыпты. Босқыншылықтан азып-тозып қайта оралған ел — қанша күйлі болады. Әр ауыл төбе сағалап, тумалы өзек, бұталы адыр, шилі қияқты өзен, өлкелерге ауыл-ауыл болып қанаттаса қонып отырады. Біздің ел қонысына қайта оралғанша, мына көршілес Тобықты, Сыбан елдері, басында біраз серпілсе де, артынан мекендерінен ұзамай қалып қойса керек. Аламан заман ғой. «Ел ұрысыз болмайды, тау бөрісіз болмайды» деп қазақ қариялары текке атпаған. Өзі азып, жүдеп келген елдің қорасына, қосына, сол екі елдің қанды қанжыға ұрылары шабуыл салып мазаласа керек. Бір күні өрістегі аз ғана жылқыларын бір топ ұры тиіп, жылқышылар қарымды жігіттер екен, жылқы бермей, ұрының біреуін қолға түсірген екен. Сойылға жығылған серігін құтқарар басқа ұрылар лажы болмай, басқа басқа ұрылар оның атын іліп алып жетегінен айырылмай қаша ұрыс салып, құтылып кетіпті. Ана сойылға жығылған ұрыны жылқышылар байлап ауылға алып келсе, жөн айтпай мылқау болып жатып алыпты. Сонан әбден ыза болған ел ағасы Қозыбақ деген кісі:

— «Бұл итті босатсаң, тек кетпейді. Ал ұстап отырсаң өзіне бағушы керек. Онан да өміріне өшпейтін танба салып, ел шетіне апарып тастау керек» деп шешім айтады. Сол шешіммен ұрының оң жақ құлағын майлығына жеткізе кесіп алып, басын тұмшалап, мынау тұрған көрші Машай тауынан асырып бір бұлақтың басына апарып тастапты. Сондағы ұрының құлағын осы баз отырған қырқаның үстінде кескен екен. Сонан осы дөңді Құлақ кескен атанды дейтін. Сөзден сөз туады ғой. Осы оқиғаның тағы бір жалғасы бар. Мына Батпа деген Қайнарбұлақ, оның ана арғы қабағында жапырайып тұрған балшық бейіт Батпа деген кісінің бейіті. Батпа біздің арғы аталарымыз Баймырза деген кісінің Әзберген деген баласы, құба қалмақпен соғыста бір жас жігітті қолға түсіріпті. Жігіттің атын Аққоян деп атапты. Әзбергеннің үлкен баласы Сасай үйленіп енші алғанда Аққоянды соған еншілес етіп береді. Еншілес інісіне Сасай бір кедейдің қызын алып беріп өзіне ауыл серік іні етеді. Аққоянның әйелінен бір ұл туады. Оның атын Ыстыбай қояды. Ыстыбай өнерлі пысық жігіт болып өсіп, мына Шөптеміс деген атаның ішінен Батпа деген қызымен үйлесіп, соны айттырып алады. Батпа әрі көрікті, әрі бит терісінен биялай жасайтын шебер болады. Ол ойынан оюдың не түрлісін ойып, текеметке, түскиізге өрнек салғанда сондай әдемі етіп шығаратын болады.

Ерте кездегі ескілік ұғымда не болған жоқ. Аққояннан тараған ұрпақ өз алдыңа бір толық ауыл болса да, өздеріне белгілеп қыстау еткен төбе тимейді. Баяғы ескі әдетпен құл, шабындыдан келген деген аттан арыла алмайды. Батпаның орта жастан асқан кезінде күйеуі Ыстыбай қайтыс болып Аққоян тұқымының үлкені Батпа болып қалады. Осы бір кезде Құнанбай Қарқаралының дуан басы болып ел сол кісінің билігінде болады.

Құнанбайдың қылмыстыға рақымсыз, теңсіздікке әділдігі ел ішіне жайылып тұрған кезі білем. Құнанбай Қарқаралыға барыпты, сонан қайтарда, осы Дегелең еліне түспекші дейді. Өзінің Дегелең болысына айтқан хабарында: «менің «Құлақкескен» деген жерді көргім келеді. Мені сол жерде тоссын», депті. Осы сөзді естіген Батпа Құнанбайға арыз айтып ата-баласынан жер еншісін бұйыртып алмақ болып дайындалады. Арыз айта барғанда құралақан бармайын, ол кісіге сыйға тартар бұлғын ішік, тайтұяқ жамбым жоқ, тек қол өнерімнен ырым апарайын, — деп бір қанат ши орайды. Шиді орағанда қолында бүркіті бар құсбегінің, сонарда қашып бара жатқан қызыл орман үкісінің суретін салып тоқиды. Соны күндіз-түні демей тоқып ешкімге көрсетпей, Құнанбайдың қайтар уақытына дайын етеді.

Құнанбайға үй тігіліп ел күтіп отырған хабарын есітіп отырған Батпа үлкен баласын ертіп, ораған шиін ақ киізге сымдай орап алып, атына бөктеріп келіп, мына Қайнардың ығына түсіп отырады. Алдынан шыққан құрметші, қасындағы төл жолдастарымен Құнанбай тобы келіп түседі. Дуылдаған ел, сойылған құлын, сапырылған қымыз, бұрқылдаған самауырлар сәнімен жасалып, қонақасылар беріліп жатады. Атымен шиін баласына тастап Батпа үйге жақындап келеді. Алдыңда тұрған ақ таяқшалар Батпаны Құнанбай отырған үйге жібермейді. Сонда тұрып Батпа бар даусымен:

— «Уа, ел ағасы, дуан басы қылмыстыға рақымсыз, теңсіздікке әділ деген атағыңызды естіп арыз айта келген әрі жесір, әрі күң, бір құлдың әйелі едім. Кіруге рұқсат сұраймын», депті. Құнанбай әйелдің зарлы үнін, мағыналы сөзін естіп, «кіргізіңдер», — деп, бұйырыпты. Батпа босаға жақтан келіп отыра беріп:

— «Уһ, асылдың жүзін көрдім, әділдіктің тезіне түстім, енді арманым жоқ» — депті.

— Арманыңызға айтпай жатып қалай жеттіңіз, — деп Құнанбай жұпыны әйелдің тұла бойына көзін салыпты.

— Алдыңызды көргенім арманыма жеткенім. Әділшілік тезіне түскенім ата ұлының қатарына кіргенім, — деп отыра кетіпті. Әйелдің аталы сөзі көкейіне қонған Құнанбай:

— Онда арызыңызды айтыңыз, — деп ишарат етті.

— Арызымды айтсам, менің күйеуім Ыстыбай деген кісінің әкесі Аққоян, қалмақтан шабандыдан келген екен. Сол Аққоянды Әзберген деген өш кісі баласы Сасайға енші бергенде, еншілес етіп Сасайға берген екен. Сасай оған әйел әперіпті, аздап енші беріпті. Бірақ қыстау ет деп төбе белгілемепті. Сол Аққоян атамыздың он шақты үйімізде қыстаулық төбе, ауыз сулық құдығымыз жоқ, тексізбіз, теңсізбіз, — деп тоқтаған екен. Құнанбай Дегелең елінің адамдарына ойлана қарап:

— Мына әйелдің айтқан арызы жала емес шығар. «Үш атаға дейін құлдық жоқ. Үш жылға дейін тұлдық жоқ» деген қазақтың аталы сөзі бар емес пе. Неге тексерілмеген? Осы ана бір Қайнар кімнің жері деп мына кішкене Қайнарды көрсетіп сұрапты:

— Ол Қайнар, осы арыз айтып отырған әйелдің аталарын құлданған Әзбергендердің күзеу бұлағы, — деп жер жөнін білетін біреу айтып қалыпты.

— Ә, олай болса ана Қайнар күзегін болсын, ал қыстауды мына отырғандарға тапсырам, қалаған жерінен алып береді, — деп сөзді кесіп айтатын бір сөзді Құнанбай билікті өзі айтты. Аға султан сөзін кім бұзады.

— Құп, қыстауын алып береміз, — деп Дегелең елінің болыс-билері уәде етеді. Тендікке қолы жеткен Батпа:

— Аға султан арызымды тыңдап арманыма жеткіздіңіз. Өзіме ат қосшы етіп ертіп келген балам бар еді. Сол ана жерде менің атымды ұстап отыр. Ендігі жер иесі сол болады ғой. Сіздің алдыңызды көрсін. Мына айтылған тендікті құлағымен естісін. Ертіп келуіме рұқсат етіңіз, — деп сұрапты. Құнанбай әйелдің парасатын ұнатып:

— Келсін, депті.

— Онда өзім ертіп келейін, — деп сұранып сыртқа шығып баласына келіп аттарын сол жерге қалдырып, ораулы шиді алып үйге кіріпті. Баласы сәлем беріп кіріп, шешесінің айтуымен шиді орауынан шығарып, үйдің бір жақ босағасынан төріне қарай жазып тік тұрғызыпты. Ораған шидегі бүркіт ұстаған аңшы, қашқан алтайы қызыл түлкі, ақ қар басқан дала көздің жауын алады. Елдің бәрі аң-таң. Батпа орнынан тұрып:

— Асыл аға султан, сізге тартар басқа сыйлығым жоқ, қой жүнінен орап, өзен шиінен құрап үзіп, өзім орап тоқыған шиім еді. Қабыл алыңыз. Күннің қолымен жасалып, аға султанға жасау болса ерсілігі болмас, — деп тоқтапты.

Құнанбай сөз айтпай күлімдей қарап, қасындағы атшы жігітіне жинап ал, — деп ишарат етіпті. Ана бір жапырайған, қулаған мола сол Батпаның моласы. Құнанбайдың Құлақкескенді көруге ой бөлуінің себебі, анада қолға түсіп құлағын кестіріп, тіл қатпай кеткен, Тобықтың Көкше руының ұрысы екен. Ол кесілген құлағын жасырам, деп өмірі басынан тымағын шешпейді екен. Соны Құнанбай ел аузынан естіп, еліне ат байлаған осы бір әңгімені болған жерін көргісі келсе керек, — деп Ысмағұл ақсақал әңгімесін аяқтағанда қалап ант қызған Әбіш болатком:

— Сатай, айтса айтқандай әңгіме екен. Ойпырмай, ел өмірінде не болмаған. Мына даланың әрбір дөңесі, қайнар бұлақтары, тұнып тұрған шежіре-ау, — деп бір тоқтап:

— Ісмеке ана ұрының құлағын кестіретін Қозыбақ кім, білесіз бе? — деп сұрады.

— Болатком ағасы, Семейде туып-өскендігің-ау, Қозыбақтың кім екенін білмегенің, ол Қалдыбай атанның немересі. Өз тұсында би атанған. Ол кісінің бейіті Ащы су бойындағы ана бір дөңестегі тасбейіт. Өз тұсында өрге шапқан, әрі шешен, әрі өте ер кісі болыпты, — деп Қозыбақты да тәптіштеп айтып берді.

Әңгімені басынан аяқ тыңдап отырған Әбдірәсіл:

— Болатком інім, бұл әңгімені менде мына Ісмекеңнен естіп кәні болып отырмын. Тек ана жылдар болыстық ел ортасынан кенсе үй салынсын деген бұйрық болғанда, сол үйді Құлақкескен деген жерге салыпты дегенді естіп ойлайтын едім. Ол жерде кімнің құлағы кесілді екен деп, міне бүгін сол болысқа кенсе болған үйдің орнында құлақтың қалай кесілгенін де есітіп отырмын. «Ауылыңда қарияң болса жазулы тұрған хатпен тең, аулыңның қасында басына шығар төбең болса, ерттеулі тұрған атпен тең» — деп аталарымыз бекер айтпаған ғой, — деп сөзшең Әбдірәсіл де бұл әңгімені жандандыра түсті.

Сатай дауы аяқсыз шешіліп, Құлислам соттың ынталана кіріскен тексеруі заң орайына үйлеспей ылажсыз ұйғарым алынды. Ол енді ел ішінің басқа жұмыстарын қарады. Сот съезі аяқталып, жиналыс таралысымен болатком тобы өз жұмыстарына кірісті.

Жазғы демалысында елге келіп, әрі дем алып, әрі болатком сенімімен жана басталған бір ұйым жұмысына басшылық еткен Жұмабек Баймолдин оқуын жалғастыру үшін Семейге аттанды. Қолқабыс комитетінің міндеті Жұмабекке әрі қатшы, әрі серіктес болған Нұрғалиға жүктелді. Ол кездегі жылма-жыл жүргізіп отыратын тәртібімен болыстық, ауылдық кеңестер сайлауы жүргізілді. Осы сайлау кезінде уездік атқару комитетінің нұсқауы бойынша болатком құрамы ел ішінің азаматтарынан сайлау тәртібі қолданылды. Осы сайлау артынан уездік ұйымның тағайындауымен келіп қызмет істеген Ақынжанов уездегі қызметке ауысты.

Жаңадан сайланған болатком құрамына Нұрғали да мүше болып, бұрынғы сол міндетін атқара берді. Жаңадан сайланған болатком ағасы Әбдібақи жасында Семей шаһарында өскен, бастауыш школда оқыған аздап орысша сауаты бар қала тәртібін көрген жігіт еді, болатком қызметін орынды басқарып әкетті. Құн санап ел ішінің тәртібі жаңалыққа көшіп, ауылнай басы бастауыш мектеп ұйымдастыру, сауат ашу оқуы сияқты, мәдениет ұшқыны өрістей бастаған кез болды.

Жана үнем саясатын бетті ауылға бұру уағазын байлар мен атқа мінерлер үстірт ұғынып, өз пайдаларына бұрмаламақ болған әдістері іске аспады. Бетті ауылға бұрудың негізгі мағынасы, ауыл еңбекшілерінің көзін ашып, көңілін ояту екенін жақсы түсінген жастар тобы атқа мінерлерге жол бермеді.

ОН ЕКІНШІ ТАРАУ

Тәтібала кемпір бүгін тіпті ерте оянды. Өзінің әдеттегі ертемен қолға алатын жұмысы таңертеңгілікте сиырларын өргізіп, ауылдан өріс қырқасына асыра айдап салу, онан келген соң желідегі бір-екі бұзауын бас жібінен босатып, ауыл жанындағы шилеуітке өргізу болатын. Тәтібаланың сиырын өргізгендегі үйінен оянған ауыл кекселері де аяқ үстінде болатын. «Байбатша» аталатын шилеуітті бұлақшаның басына шелегін алып келгенде Тойғұлы да отта жайылып тұрған атын жетектеп бұлақшаға келді.

— Немене ертелетіп бір жаққа жүрмексің бе, — деген Тәтібала сұрағына:

— Иә, кеше маған кеңес ағасы, сіз қосшы мүшесісіз. Ана ортадан салған егіннің басына барып шалып тұрыңыз. Тоғанды біреу-міреу бұзып кетпесін. Кейінгі кездерде ана жуан жұдырықтар ұрынарға қара таба алмай жүр. Қосшы ұйымының жұмысы жанданған сайын олардың мазасы кетуде ғой. Қалайда сақ болу керек, — деп еді. Соған бармақпын.

— Е, байғұсым оянайын деген екенсің, жарайды. Бара көр, кешеден бері мен ана қызыл бұрыш жаққа барғаным жоқ. Тағы не жаңалық бар екен, — деп Тәтібала Тойғұлының аузынан жаңа хабар күткендей болды.

— Сіз өзіңіз жаңалықты алдымен естіп, бізге жеткізіп отыратын едіңіз. Кешегі келген жана газеттің сөзін естіген жоқсыз ба, бізге Кәрім оқып беріп таныстырды.

— Ол жүгермек алдымен маған әкеліп оқымай, ана сүмелек әкесімен екеуі жарылқаған екен, не жазыпты?

— Ол Кәрім сізден шүйінші алам, көрімдік сұраймын деп отырған. Өйткені сол газеттің бірінде ана бауырың Татимовтың суреті жүр, бізге көрсетті. Ол өзі жаңадан бір үлкен комиссар болыпты. Соны «таңертең апарып көрсетем» деп отырған. Сондағы газеттің біреуінде ірі байларды жер аударып, мал-мүлкін кәнпескелеп кедейлерге қаратпақ қаулы болады деген хабар да жазылыпты. Осы былтырдан бергі шөп бөлісі, өзара салықтың байларға малдыларға баса жүктелуі әншейін болмаса керек, — деп Тойғұлы жаңалық ашқан кісі болып төпеп айтып шықты.

— Егер дұрыс түсініп ұғынып айтып тұрсаң, мыналарың үлкен жаңалық қой. Шіркін сол сен айтқандай жазылған қаулы болып ана Әбен сияқтыларды ел ішінен құйыршықтарымен шұбыртып аластасақ қой, — деп Тәтібала кіжініп қойды. Тәтібала үйіне келіп шайын отқа қойып күйбеңдеп жұргенде:

— Апа, шүйінші, — деп танауы тәңірейіп бір құшақ газет алып Кәрім кіріп келді.

— Қандай шүйінші. Мына қолындағы қағаздарыңа сұрап тұрсың ба? — деп Тәтібала әдеттегі үн қататын қабағымен Кәрімге қадала қарады.

— Апа, шүйіншінің үлкені ана Мұқамбетқали бауырыңыз бұрынғысынан да жоғарылапты, денсаулық комиссариаты болыпты. Мына газетте суреті бар. Көрімдік бермесеңдер көрсетпеймін — деп еркелене газетті қолына бүктей ұстады.

— Әпкел бері, көрімдікті аямаймын, садағасы кетейін ұрпағымның алтын жүзін көрсетші, — деп Кәрімнің қолынан газетті алып жазып жіберіп Мұқамбетқалидың суретін көріп бетіне басты. Жетіле берсін, жеткіншегім, — деп біраз үнсіз тұрып қалды.

— Кел, отыр мына жерге, маған мына газетте жазылғандарды оқып берші. Әлгі Тойғұлының топырлатып айтып жүргені не хабар? — деп өзі жайғаса отырды. Қазақстан партия ұйымының жұмысы жөнінде Москвада Орталық партия комитеті айрықша қаулы алыпты. Сол қаулыда: кейінгі жылдары яки жаңа үнем саясаты негізінде халыққа жасалған біраз еркіндік, бетті ауылға бұру жайлы кеңшілікті Қазақстанда өңін айналдыра бай құлақтар өтірік өсек таратып жүргені анықталыпты. Капитализм тепкісін көрмеген феодалдық өмірдің ықпалынан айрылмаған көшпелі қазақ даласының бай-құлақтары еңбекшілер тобынан аластатылмай көшпелі қазақ елі социализм арнасына дұрыс қадам баса алмайды. Сондықтан да Қазақстан сияқты елдерде топтап малшы, қойшы еңбегін пайдаланған жер шұрайын бауырына басып иемденген байларды ел ішінен аластату жайлы айрықша шара қолдануды ұсыныпты.

— Қарағым, қайталап оқып шықшы анықтап ұғып алайын. Айналайын, асыл үкіметім-ай — деп Тәтібала кемпір көзінен қуаныш жасын іркіп алды.

— Апа, ал тыңдай беріңіз, — деп Кәрім әлгіден де гөрі байыпты анықтап оқып шықты.

— Айналайын тайпақ ұлым, рақмет ұғындым. Осы газетті маған беріп қойшы, қалтама салып, басыма жастанын жүрейін, — деп Тәтібала Кәрімнен газетті сұрады.

— Апатай, бұл газет ана өзіңіз бастық болған қосшы ұйымы қызыл бұрышының газеті. Сонда сақталады. Мен әдейі сізге әкеліп оқып берейін деп алғанмын, — деп Кәрім газетті бүктеп алды.

— Онда жарайды. Бірақ бай-құлақтардың құйыршықтарының біреуі ұрлап алып отқа жағып жібермесін, деп Кәрімді сақтандырып қойды.

— Е, апа, олар бұл газетті қайдан білсін. Олар ертең тек томырықтанып қамшы үйіруді біледі ғой, — деп танауы тайпия күлді.

— Кәрімтай, мына газеттегі қаулы қолға тисе қамшы кімнің басына үйірілгенің көрсетерміз, — деп Тәтібала кемпір жігерленіп қойды.

Кейінгі жылдары ауыл еңбекшілерінен партия қатарына кіру тілегі біртіндеп өріс алып, әр болыста болыстық партия комитеті ұйымдастырылған-ды. Ел ішіне ағарту-саяси сауат ашу, бастауыш партия ұйымдарын құру жан-жақты жолға қойыла бастаған-ды. Дегелең болысында да болыстық комитет сайланып, оған анада Семейдегі партия оқуына түскен Жұмабек Баймолдин хатшы болып келген болатын. Жұмабек партия ячейкасын ұйымдастыруды, осы Ұзынбұлақ бойынан бастаған. Жұмабектің сол жобалауы орынды табылып, қосшы ұйымына да осы өлке бойы жапырлай жазылды. Осы сияқты нышанның жаңалық сезімінен ұшқын шашқан Ұзынбұлақ бойынан «Қызыл бұрыш» деген ат беріп, көшпелі болса да газет кітап қоры жасалып, сауат ашу, кешкілік оқу мектебі ұйымдасқан еді.

Жұмабек өзінін саяси-жетекшілік жұмысын осы Ұзынбұлақтан бастап, Дегелең болысының бірнеше елді өңірінің жаңа ұйымдардың іргесін көтерді. Бірақ Жұмабек бұл қызметінде ұзақ тұрмады. Оны Губком тарапынан жоғарылатып, Семей уезіндегі бір болысқа болатком қызметіне тағайындап, сонда жіберді.

Қосшы ұйымының ұйтқысы болған қызыл бұрыш отаушысында газетке жазылған жаңалықтарды оқып, елді таныстырып отыру әдет болған-ды. Сол әдет бойынша кешкілікте ауыл адамдары жиналып газет оқиды. Газетті Кәрім байсалды, баяу үнмен талдап оқып, кей жерлерінде отырған жұртқа түсінік бере отырды. Бұлайша көпшілікке түсіндіре газет оқуы оған осы қызыл бұрыштың алғашқы шымылдығын ашқанда Жұмабек өзі бастап айтып берген-ді. Содан алған түсінікті ойына тоқыған жас жігіт дағдыланып алғандығын істеді.

Газеттің біріндегі Мұқамбетқалидың суретін көрген Сейсенбай:

— Тәте, мына бауырыңыз көптен хабарсыз еді. Мүлде жоғарылап барады ғой өзі. Ана жылы бір ат үсті соғып кіші інісін алып кетті деп еді. Ол да бір күні комиссар болып келетін болар деп, — Тәтібалаға әзілдей күлді.

— Е, Сейсенжан, сен де есеге ерінің тимегеннің бірісің ғой. Мұқамбетқалидың жоғарылағанын сен күндегенше қуансаңшы. Ол бір ғана өзінің туысын қолтықтаймын деп жүрген азамат емес. Ол ежелгі теңсіздікті тебірентем, тегістік орнатуға аттанған партияның жауынгерімін деп айтпап па еді, ана жылы. Ол сонысын орындайды. Мына қаулы солардың тілегінен туған болар, — деп мүлде шешіле сөйледі. Мына сөз ана көкейіндегі арманнан ағытылған бір көріп келдік тәрізденді. Отырған жұрт Тәтібала сезіне сүйсініп, бастарын изесті.

Мұқамбетқалидың бұдан үш жыл бұрын бір ат үсті соғып інісін алып кеткенін естігені болмаса, Тәтібала кемпір хабарсыз еді. Мына газеттен суретін көріп және бұрынғы қызметінен ауысып жаңа нарком болғанын біліп бір көркейіп қалды.

Газетке жазылған қаулының барлық мазмұнын түсініп ой толғамағанымен, кейінгі кездегі атқамінерлердің қайтадан еліре сөйлеп, совет тәртібіне өсек таңа ысқыртқан өтіріктерін естеріне алысты. «Әрине, мына ел ішіне сондай бір өзгеріс болмаса, әлі де байлардың не қылшығы қисайды» десіп күбірлесті. Осымен бүгінгі газет оқу, қаулымен танысу аяқталды.

II

Мұқамбетқали Орынборға барып, еңбек наркомы қызметіне тағайындалғаннан бері, ел ішіне келе алған жоқ. Губерниялық қала Семейдің өзіне де бір рет Алтай кендерінің көздерін анықтау, не бар, не жоғын қарастыру ретінде бір рет келіп ат үсті көрініп кеткен. Кейінгі жылдары астана орталығының (Ақмешітке) яки бүгінгі Қызылорда қаласына көшу жағы орталыққа орналасуда басшы қызметкерлердің уақытын аз алған жоқ. Оның үстіне Еңбек комиссары қызметіндегі кезінде жаңа қолға алынып, қозғау салынған өндіріс ұялары ерекше ұйымдастыруды айрықша қамқорлықты қажет етті. Сондықтан да бұл жақтағы ел ішіне көңіл бөле қатынас істей алған жоқ.

Жаңа үнем саясаты ауылды кеңестендіру, ауыл жастарының жаңалыққа талпына оқу-білім саласына өрістеуі, ауыл ішіне де жаңалық ұшқын орнықтыра бастаған-ды. Әсіресе кейінгі жылдардағы шөп көктік бөлісі өзара салықтың салмағын алғы шаруаға аудару қосшы ұйымы сияқты бастауыш кедей тобының ұйтқысы қоюлануы, ауыл өміріне әжептәуір жаңа рух бере бастаған.

Сондықтан да ауыл кедейлерінің оянып, сана-сезімі серги бастағаны байлар мен атқа мінерлерге тікенектей тиіп, мазасыздану шыға бастаған болатын.

Осы сияқты жаңалық жаңғырығы даланы ояту ұшқыны өрістегенін, өңін айналдырған бай-құлақтар өсегі қазақ даласына жаппай конпеске жүргізеді екен, меншікті мүлік болмайды екен деген дейді де тарата бастады.

Жоғарыда айтылған қаулы жобасында осы өсектің салдарынан жобаланып алда бір айрықша науқан күтілгендей дүмпу елестеді.

Мұқамбетқали Еңбек комиссары жұмысын біраз меңгеріп, жоғары бір жауапты орында басшылық тәжірибесіне жаттыққан бұрынғы әскери екпінмен бастайтын қимылды саябырлатып, ойланып істеу жағына ойыса бастады. Алғашында шетел байларының шұқылап, ізін салып кеткен кен көздерінің байлығын ашу, оны өндіріске айналдыру ісімен шұғылдана, жаңадан қолға алынған Еңбек комиссариатының республика көлеміндегі жұмыс салаларын тәртіпке келтіруге ысылғандық, үлкен сенім көрсеткен-ді.

Бір ғана Қарсақпай емес, Алтайдағы Риддер кенінің, Ақжал кенінің жабылып қалған шахталары ашылып, кендері өндіріле бастаса, Қарағанды көмір кенінің байлығы, Екібастұз кені айрықша қолға алынып шахталар іске кірісе бастаған. Өндіріс іргелері бой көтеріп, жұмысшы тобы күлтеленіп, әсіресе жас жалынды қауымның басы қосылуы, жаңалықтың жарқын табалдырығын аттағандай еді.

Осы бір жана басталған енбек жобасын тәртіпке келтіру саласында ықпалды іс басқаруда көзге көрінген Мұқамбетқалиды жаңа бір нарком қызметіне ұсынып, Орталық партия Комитеті жоғары сенім көрсетті.

Орталық партия Комитетінде Мұқамбетқалидың өзін арнайы шақырып, денсаулық сақтау комиссары қызметіне ауыстыру ұсынысы жайында пікірін сұрағанда, Мұқамбетқали өзінің әзілшіл, жайдары мінезіне салып:

— Менің әкем тамыршы, қан алғыш емсек болған екен. Бірақ, мен одан хабарсыз едім. Мені денсаулық ісін басқаруға қалай ылайықты көріп отырсыздар, — деді күліп.

— Бұл сіздің дәрігерлік мамандықтан шолақ екеніңізді білеміз. Денсаулық комиссары болғанда дәрігерлік қызметі емес, сол денсаулық дәрігерлерінің, халық саулығына қамқорлық, етуіне толып жатқан жағдай керек. Оны жүргізу дәрігерлердің өз қолдарынан келмейді. Соны ойластыра білетін өткір де, батыл үкімет тарапынан беделі бар мына сіз сияқты жауынгер жетекші керек. Сол үшін сізге сенім көрсетіп отырмыз, — деген-ді.

Жаңадан тек Октябрь революциясының, Коммунист партиясының қамқорлығынан шаңырақ көтерген Қазақстан республикасында денсаулық сақтау жүйесі әлі жөнді өрістетілмеген-ді. Көшпелі елдің өміріне сәйкесті дәрігерлік жәрдемін көрсетер ауруханалар әлі өте аз еді. Ертеден қала болып, азды-көпті дәрігер жәрдемін көрсетер ұйымдары болғанымен, өте жұпыны болатын. Ол ұйымнан жәрдем алуға көшпелі елдің ауру-сырқауының қолы жетпейтін.

Міне, осындай ауыр күйдегі наркомның міндетін жүктеу, ерекше жауаптылықты тапсыру болды. Қазақстанның өз ішіндегі дәрігер-мамандары өте аз және көпшілігі фельдшерлік мектепті ғана бітірген төмен білімді дәрігерлер. Алдымен денсаулық сақтау орындарының ішкі ұйымдастыру жағын қолға алды. Емханалар тіпті аз және жан-жақты емдеу техника жағынан жүдеу еді.

Оның үстіне кешегі аласапыран азамат соғысынын, оның алдыңдағы дүние жүзілік бірінші соғыс кезіндегі дүрбелең дәурен, ел ішіне тараған алуан түрлі жұқпалы аурулардың да жайылған, өріс алған ізі бар. Ауруханалар көшпелі дәрігер көмегін көрсетер қызыл отаулар керуені ұйымдастырылып, ел ішіне көп тараған, шешек, бөртпе қотыр, іш аурулары кездейсоқ сүзек, тымау, тағы басқаларынан сақтандыру жағын ұйымдастыра қимылдады. Ең қиын болғаны оқыған тәжірибелі дәрігер мамандар жағы өте аз. Оларды басқа жерден шақырғанмен табыла қоймайды. Барға місе тұта енді дәрігерлер оқытатын жоғары оқу орындарын ұйымдастыру, қысқа мерзімді болса да дәрігерлерге көмекші жеңіл-желпі курстар ашу да қолға алынды.

Осы бір жаңа міндеттер, өте жауапты қызметті қолға алғанда Мұқамбетқалидің көз алдынан елестеген бір жағдай сонау бала күннен бері өзі көрген Семей, Қарқаралы қалаларындағы емханалардың бейнелері, ана көшпелі ел ішіндегі сан алуан ауру-сырқаудың өріс алып ем домға зар күйлері болды. Сол жаққа осы бір салада өзгеріс бар, жоғын зерттеп бір соғып танысып өтуді ойланып қойды. Әзірше орталыққа қоныс болған Қызылорда оған, қанаттас Ақтөбе, Шымкент облыстарынын саулық сақтау саласында несі бар, несі жоғымен танысып, бұл жақтағы жайлардан көптеген ойлар туды. Дәрігер мамандарының аздығы бір болса, емханалар жоқтың қасы. Бар дегендердің өзі аты бар, жағдай өте жүдеу. Осында алдағы жұмысты жайымен толғанып жүрген кезінде орталықта айрықша өте бір манызды мәселе қолға алынды.

Ол анадағы Қазақстан партия ұйымының жұмысы жайындағы Орталық партия Комитетінің қаулысына сәйкес, ірі байларды, феодалдарды кәнпескелеп ел ішінен аластатуды жүргізу туралы еді. Сол орталық қаулысы жарыққа шыққаннан бері сан түрлі айтыстар, оңшыл-солшылдар, пікір-талас болып жататын. Оның бастығы кертартпа ұлтшылдар ықпалындағы адамдардың көпірген көлденең керауыз сөздері «Біздің қазақ елі капитализм сойқанын көрмеген, феодалдық белесінен аспаған, көшпелі ел, бұл елдің ұйтқысын бұзып, ұясына бүлік салынбасын. Қазақ елі руға бөлініп, ата-баба ғұрпымен, ағайынның аты ортақ, абысынның асы ортақ деп», атын бөліп мініп, асын бөліп ішіп өмір кешкен халық. Бұл сияқты конфеске жүргізу үлкен капитализм тепкісінде болған елде болатын жайт» деп жанталасты. Бірақ оған жер тәңірісі болып, мыңғыртып мал айдап топтап малшы жұмсап, шен тағып шеру тартқан бай-феодалдардан тепкі көрген, кедей батырақ жұмысшыдан көтерілгендер жол берген жоқ.

Осы бір сонау орталықтан басталып Қазақстан орталығының өзінде айтыс-тартыс желеуіңе айналған мәселе шешілер сәті асыға күтілуде еді. Сол бір өте келелі мәселені шешу мәжілісі шақырылып Қазақстан Орталық партия Комитетінін бюросында қаралып, көпшілік пікірі үстемделіп алды. Қазақ даласындағы ірі бай-феодалдардың мал-мүлкін кәнфескелеп өздерін қоныс аудару туралы қаулы жобасы қаралды. Осы қаулы бірауыздан қабылданып («Советская степь»), бүгінгі «Казахстанская правда», «Еңбекші қазақ» газеттерінің 1928 жылғы 5 сентябрь күнгі сандарында басылып шықты. Заң басылып шыққан газетті ел қолдан-қолға тигізбей ежелей оқып ежіктей талдап, бұл конфескеге кім жатады, кім жатпайды, ел іші дүрліге осыны әңгіме етуде болды.

Ел ішінің алды руға бөлініп «ауыл намысы ата ұйтқысы» дейтін жаңа заманға жанаспайтын көне салттар іргесі ыдырамаған шақ. Бұл конфеске жүргізілгенде ерекше іріктеп дәулеті мен дәреже ықпалы үстем болып келген, адам енбегін еселеп қылқыған жер тәңірісі шонжарларға қолданылуы айрықша ескертілген. Әрине бұл сияқты ұлы науқанды жүргізу үшін әрбір губернияға орталықтан нағыз сенімді партия мүшелері жан-жақты ескеріліп тағайындалды.

Осы сияқты Орталық сеніміне кәміл ие болған өкілдерінің бірі болып Татимов Мұқамбетқали алдыңғы қатарда аталды. Науқанның маңызы жан-жақты ескеріліп, өкілдерді тағайындарда әр губернияның жергілікті жағдайына таныс, сол губернияда кеңес тәртібін орнатуда таныстығы бар адамдарды белгілеу тәртіп болып Татимовты Семей губерниясына өкіл етіп тағайындады. Жаңадан тағайындалған Денсаулық Наркомының жұмысына кірісе бастағанда, мына сияқты төтенше өкілдік тапсырылып, Мұқамбетқали өзінің үйреншікті Семей губерниясына аттанатын болды. Өкілдік тапсырманы естіп, жүру қамына кірісу әзірлігін ескере Мұқамбетқали үйіне келгенде Шәкітай театр жағында еді. Театр шымылдығы ашылып қазақ әйелдерінен сахнаға шығар талапкер қыз-келіншектерді қарастырғанда алдымен театрдың жас ұйымының ішіне кіре, әйел ролін ойнағанның бірі болып үздіксіз қатынасып жүрген болатын. Мұқамбетқалидың алдынан жүгіріп шыққан үрпе-шүрпе екі баласы: — папалай, еркелей қарсы алды. Есейе бастаған Клара Сұниятты қолынан жетектеп, — папа, мына Сұният тентек, жөн ойнамайды, қарашы менің ойыншықтарымның бәрін сындырды, деп көзі бозара томсара қалды. Сұният әкесінен именіп теріс айналып, бұрышқа қарай бүкшеңдеп жүріп кетті. Мұқамбетқали Сұнияттың өзінен жасқана Клараның әкесіне айтқан шағымына мойындай бұрышқа қарай қалтақтай жөнелгені сондай қызықты болып көрінді. Балаларының нәресте қылықтарына сүйсіне Мұқамбетқали Клараны екі қолымен көтеріп маңдайынан иіскеді.

— Көрдің бе, ана Сұният тентектігін мойындағанын, енді ол сенің ойыншықтарына тиіспейді. Өзіне мен жақсы ойыншық әкеліп берем деп Сұниятқа қарап еді. Әкесінің жазғырмайтынын байқап Сұният Мұқамбетқалиға тұра жүгіріп келіп етегінен жармасты. Мұқамбетқали екі баласын екі қолына алып еркелете төргі үйіне келіп екеуін диванға отырғызды. Өзі шешініп:

— Назкен тәтелерің қайда? деп сұрады.

— Ол жаңа магазинге кетті. Мамам оған магазиннен әкелетін тамақтарды айтқан, — деп Клара шып-ширақ айтып берді.

— Ә, онда кішкене демалалық, мамаң да, Назкен де келеді, — деп Мұқамбетқали диванға келіп жайғасып. Біразда Шәкітайдың өзі келді.

— Ә бәрің де үйден кетсеңдер жақсы болған. Мен де балалар Назкен шығып магазинге кетсе, иесіз бола ма деп асығып келіп едім. Өзің де бүгін үйге ерте оралыпсың ғой, деп күйеуіне жайдарылана қарады:

— Жолаушы жүретін болған соң, үйге ертерек келдім.

— Қайдағы жолаушылық. Анық бір жұма орнында отырып қызмет басқармайсың. Мына жана қолға алған наркомыңның жайымен қашан таныспақсың, — деп тексере сөйледі.

— Қызмет бір күндік, не бір айлық емес қой. Мына бір тапсырма бір жолдық, өте бір маңызды науқан. Мұны жүргізуді айрықша сеніммен тапсырып отыр, орталық басшылары. Бұл өзі бір керекті де науқан еді, — деп Мұқамбетқали сөзін келте қайырды. Мұқамбетқалидың «өзі бір керекті де науқан еді» дегенін елей тыңдап Шәкітай:

— Керексіз науқан болғанын естіп көргенім жоқ. Ондай немене елде ерекше маңызы бар екен деген сөзін қадағалай айтты.

— Мен айттым ғой, науқан деген жана дүние жасауда аз болмайды. Мына науқанның маңызы зор деп, кішкене мына жерге отыр — деп қасын көрсетіп өзінін қылжақ әзіліне салып — бұл науқанның ерекшелігі қазақ даласынан бай-жуандарды аластау, яки екінші сөзбен айтқанда ел еңбекшілерін ежелгі қан сорғыш қорқаулардан айықтыру болады. Анау шалқып жатқан далада малшылық пен құлшылықта езіліп жүрген еңбек қауымының есін жиғызып, еңбегін біріктіру осыдан басталады, — деп сұрлана тоқтады.

Күйеуінің мына науқанға ерекше мән беріп құлшына, жігерлене сөйлегеніне ойланып қалған Шәкітай:

— Сонда қандай байларды аластайды?..

— Мыңғыртып мал айдаған, топтаған малшы құлданған, жер тәңірісі болып маңайындағы жұртты сүліктей сорған ақсүйектердің мал-мүлкін алып өздерін жер аударады.

— Олардың мал-мүлкін кімге береді, қазынаға түсе ме? — деп Шәкітай тездете тағы бір сұрақ қойды.

— Олардың малын малы жоқ кедей-батырақтарға таратады. Мүліктері жергілікті жердегі қоғамдық ұйымдарға тапсырылады.

— Онда жақсы болады екен, — деп Шәкітай сұрағын тоқтатып, үй шаруасына кірісті. Ac әзірлетіп, өздері дастарқан басына келгенде тағы да Шәкітай:

— Өзің бұл науқанды жүргізуге қай жаққа баратын болып белгілендің. Алыс жаққа ма — деп тағы әңгімені жүріс жайынан бастады.

— Мен Семей губерниясына баратын болдым, оған өзім сұрандым. Өйткені ол жақтағы байлардың, ақсүйектердің жайынан азда болса таныстығым бар. Өзін аз да болса хабардар болмасаң, жергілікті жердегі адамдар қаншалық белсенді болғанмен аталасына, баталасына бұрмалап адамды адастырады деп сақтандым. Және елді, ауылды көре қайтайын деп те ойладым. Мұқамбетқалидің «елді, ауылды» көріп қайтайын деген сөзін естігенде Шәкітай мүлде қуанып кеткендей болды. Аз ойланып отырып:

— Қали, егер мына балаларды ала барып ана сағынған шешелеріне көрсетіп маңдайынан иіскетсек қандай жақсы болар еді, — деді де томпайып қастарында отырған Клара мен Сұниятқа қарады. Сұният көзі бозарған күйінде бұлтиып ешнәрсені түсіне қоймады. Естиярланып қалған және алдынғы жылы ауылға барып Қопа көлінде көк шалғында апаларымен ойын салып жүргенін ұмытпаған Клара бозғылт көзі күлімдеді:

— Папа, апама апарасың ба? Мен барам, барайын ба, — деп әкесінің мойнына асылды. Оны көре салып бұлтиып отырған Сұният та тұра әкесінің мойнына жабысты. Екеуін екі қолына алып Мұқамбетқали:

— Апаларыңды сағындыңдар ма, онда апарам, — деп екеуінің маңдайынан кезек иіскеп үй ішінде ерсілі-қарсылы біраз жүрді. Екі баланы орындарына отырғызып Шәкітайға:

— Мыналар апаларын сағынған-ау, сол жаққа барам дегенге мүлде қуанып кетті. Ал сенін театрдағы қызметің қалай, ол жер жібере ме? — деп тоқтады.

— Қазір артистер жан-жаққа концерт беріп, ойын қоюға бөлініп әзірленіп жатыр. Мені, жас балалары бар концертке жіберуге болмайды деп осында қалдырған. Егер елге баруға шешсең рұқсат аламын. Театр октябрьден бері ойын қоя алмайды, — деген шешімді сөзін асыға айтып шықты.

— Онда мен ертең жол қағазын, поезд билетін дайындатып жүруге қамданам. Өзің де ана театр басшыларымен келісіп, дайындыққа кіріс.

Қашанда айтқан сөзін қоп қайталап қоқытпайтын әдетімен Мұқамбетқали жол дайындығына кірісті. Алдымен ірі байлар деп ат қойып айдар таққан шонжарлардың әрбір губерниядан алдың ала іріктеліп жіберілген тізімдер тексеріліп, сараланды. Бұл тізім алдың ала жоба. Әлі де жергілікті ұйымдарда анықтала қарап жете тексеріліп, нағыз конфискеге жататын бай-феодалдар біріктелмек. Сол тізімді, барлық қаулы-қарарларды топтастырып қайта-қайта анықтай танысып, ауызша орталық мәжілісінің тапсырмасын ойлана ұғынған Мұқамбетқали үй ішімен Семейге аттанды.

III

Анада газетке басылып, ел құлағын елеңдеткен ірі байларды конфискелеу жер аудару туралы жарияланған хабар жайлы түрлі ұсыныстар үздіксіз жазылып отырды. Алуан түрлі пікірлер айтылып, ел іші дүрлігуде болатын. Сол көтерілген мәселе жан-жақты қорытылып конфискенің заңды жобасы басылып, қай губерниядан қанша байлар конфискеленбек долбары көрсетілген қаулы жарияланды.

Тәтібала кемпір таңертеңгі шайын ішіп әдеттегі қызыл бұрыш үйіне кіріп шығатын дағдылы мезгілінде келіп кірді. Алдынан танауы тампия жымыңдап Кәрім:

— Апа, шүйінші кеше ауданнан мына газеттер келген-ді. Кешкілік болған соң мен қолыма алмаған едім. Бүгін қарасам ірі байларды конфискелеп жер аудару туралы қаулы басылып шығыпты. Әзір губернияға конфискені жүргізетін орталықтан тағайындалған өкілдердің де тізімі бар. Біздің Семей губерниясына өзіңіздің сүйікті бауырыңыз Мұқамбетқали Татимов келетін болыпты. Оқы десеңіз, оқып берейін — деп ыржия күлді.

— О, тампиған танауыңнан айналайын, аузына май. Қане, маған анықтап жайлап оқып берші. Мына біздің қара жүрек Әбен соққан алдымен конфискеге жатар деп Тәтібала жайлана отырды.

— Ал, апа, тыңдай беріңіз, — деп Кәрім қаулыны байыпты етіп жайлап оқып, әрбір ереже буындарын өз түсінігінше мазмұндап айтып отырды. Шен алып, шекпен киіп ел қанау үшін патша үкіметінің қолшоқпары болғандар, дәулет өлшеміне қарамастан ел ішінен аласталады. «Болыс мансабына ие болып, елді борсықтай сорған халықты қақсатқандар да елеусіз қағажу қалмайды» деген буындарын қайталатып оқытып құшырлана тыңдады. «Ә біздің қанды ауыз қағажу қала қоймас» деп Тәтібала кіжініп қойды.

Біразда ауыл адамдары бірінен-бірі құлақтанып жинала бастады. Бәрінін де әңгімесі бұл конфискеге кімдер жатады. Оларды жер аударғанда қайда айдайды, баяғы ұрылардай Итжеккенге жібере ме? Өздеріне ешнәрсе бере ме екен? Олардың мал-мүлкі кімге бөлініп беріледі. Әлде қазынаға алына ма? — деген сұрақтарды шұбыртады.

Олардың бәріне толық түсінік берер жан-жақты мазмұндалған ереже әлі келген жоқ. Мына хабар тек конфискеленіп жер аударылар байлардың долбарлы жобасы.

Болыстық атқару комитеттері де бірден ат қойып, айдар тағып дүрілдетпей, жоғары жерден нақтылы нұсқау күтуде болатын. Бірақ жай қуаттық та жоқ. Әрбір ауылнайға болатком мүшелерінен уәкілдер жіберіліп конфиске тұрғысына жатар деген бағыланның айналасында сақтық шаралары құпия да болса қолданылуда. Олардың сырттай болса да мал-мүлкі бақылауда болатын. Әсіресе үй мүліктерін бытыратпай барынша түгел қолға түсіру жағы қатты ескерілген.

Жайлауға көтерілген елдің алды күзекке оралып, қысқы мал азығы, яки азды-көпті көктігін жинап алу қамына кірісе бастаған. Жазда жайлауға көшпеген Дегелең бауыры, оңтүстіктегі кедей шаруалар да қыс жабдығына кіріскен кез. Тек ана қосшы ұйымы қызыл бұрыш орналасқан Ұзынбұлақтың біраз жатағы әзірше бөлек адыр бастауынан көшкен жоқ. Ауыл маңының оты қашыңқырап, мал өрісі ұзарғанмен үлкен науқанның нақтылы хабарында күту бар. Оның үстіне қыстауының солтүстік алқабындағы Жамбас құдық шілеутіне келіп үй тіккен Әбен аулының өкпе тұсынан бақылау жасауда ауыл ячейкасының алыстағы бір сыры.

Әбеннің Семей жақпен байланысы күшті. Өзінің екі інісі әлі де Жаңа Семейде тұрады. Көріне дүрілдетпегенімен әлі де сауданы кәсіп етеді. Ал өзіне өмірі қолшоқпар болған қанды шенгел Жақсыбай сол қалаға барып бұқпантайлап орныққан. Олармен қатынасы кейінгі күндерде жиіленіп барыс-келісі бар. Егер өзіне мына конфиске қармағы ілінгенін сезді-ақ, бірақ түнде бар жиған-тергенін сонда жөнелтуі сөзсіз. Әсіресе Жақсыбай жауызға сенеді. Өйткені ана екі інісінен гөрі мұны елеусіз көреді. Оның үстіне оның тұрағы да сыртқы елге мәлімсіз.

Осылай жан-жақты болжаммен сырттай бақыланып отырылды. Әсіресе, Семей жақтан қатынас бар, жоғын аңғарлап отырған қосшы қоғамы бір хабар алды. Қосшы ұйымының белсенді мүшесінің бірі Маңке Смайыл баласы кіндіктегі Қопал ауылдарына барған екен. Сол ауылдың Әшімбек деген сергектеу адамы.

— Ой, Маңке белсенді, сендер Жақсыбайдың көзі мүлде жоғалды деп жүр едіңдер. Жоғалмапты ғой. Кеше бір жұмыспен мына Ыңғайдың ауылына барып едім, Жақсыбай сонда отыр. Амандасып жөн сұрассам Семейден келе жатыр екен. Тайланнан Қотанбұлаққа тура тартпай, мына Тасбасқанға келіп, сонан Ыңғай аулына түсіп тынығып отырғанда кездестім. Жайдақ жеңіл арбасы бар көрінеді. «Бір атпен кәсіп істеймін, жаман тұрмаймын» деп ажарлы сөйледі. Шамам келсе белсенділердің көзіне түспей, елді-жерді бір көріп қайтайын деп келіп қалғаным. Қоп болмаспын. Ел ішінде байларды конфискелеп, еншіге қарық боламыз — деп шапқылап жүрген көрінеді. Мына Тайлан жолындағы кездескен адамдардың бәрінің сөзі сол деп өзі шұғыл жүрген адам тәрізді — деп көрген, білгенін дабырлата айтып беріпті. Маңке мына Әшімбек сөзін естісімен тура Бөлек адырдағы қосшы ұйымының қызыл бұрышына тартты. Жақсыбайдың мына жүрісі сезікті жүріс деген ойға келіп, осыны көзден таса етпей бақылап отыру жөнінде қосшы басқармасында шешім түйіндеуді ойлады. Маңке келген қызыл бұрышта бірнеше адамдар бар екен. Өйткені болатком кеңсесінен жаңа почта газеттер келіпті. Әдеттегі ауыл үлкендері Тәтібала кемпір бастаған газет жаңалығын оқытып хабарлатып отыратын. Әсіресе кейінгі кезде ана конфиске хабарын, қаулыны күтіседі. Сол қауымның күткен хабары бүгінгі газетте жете түсіндіріле жазылыпты. Сол орталықтың конфиске жайлы қаулысының әрбір тарауын талдап оқып, тампыш танауын тартып қойып Кәрім өзінше сол қаулыны өзі жазғандай тыңдаушылардың ажарына қарап қояды.

— Мына қаулыға қарағанда біздің Әбен жайынауыз толығынан ілінетін шығар, — деп Тәтібала кемпір қышырланып таңқиған танауын бір тартып қозғалып қойды. — Е, ол ілікпегенде біздің кеңесте ілінетін кім бар, — деп үнсіз тыңдап отырған Жүніс қонышындағы шақшасын алып өкшесіне қағып-қағып жіберіп алақынын шүйірілте-шүйірілте ерніне тастап жіберді. Газет оқытып ұйып тыңдап отырған жұрттың көңілің алаңдатпауды ойлап үнсіз отырған Маңке:

— Мына газетке шыққан қаулының хабарын алып келіп жүр ме екен. Ана «көк ерін» Жақсыбай соққан, мен кеше ана кіндіктегі Қопал аулына барып едім, сонда Әшенбек айтты: «Кеше Ыңғай аулына барып едім, сонда Семейден Жақсыбай келіп отыр екен. Жүрісі суыт көрінді, жеңіл тарантас арбасы бар. Өзі мүлде қутыңдап ширап, қаланың адамы болып кетіпті — деп тамсанып отыр. Әшенбекке аса шешіліп жөнін айтпаған сияқты. Тек «Шамам келсе белсенділердің көзіне түспей елді-жерді бір көріп қайтайын деп келіп едім», — депті. Соған қарағанда ол ана Әбенге Семейдегі достарынан хабар алып сақтандыруға келуі мүмкін-ау деп ойлап қалдым. Соны бейқуат болмай Жақсыбайдың ізіне түсу керек қой, сірә. Бұған қалай қарайсыздар, — деп отырған жұртқа қарады.

— Е, бәсе Әбекең неғылып жан-жаққа шабуыл салмай отыр екен деп ойлаушы едім, — деп Тәтібала кемпір алдымен біраз ызғар төге сөйледі.

Ондай арам жүрістің боларын алда қашаннан-ақ ойлап едік қой. Мына Маңкенің дәл төбесінен түскендей хабарланып келгені дұрыс болды. Қалайда Әбен ауылының Тайлан жолы және Тасбасқан жақ төтесінен келетін жолға аңдуыл қойып күзету керек. Онымен де қоймай жай жүрген елеусіз адам ретінде ана шалдардың біреуі бүгін Әбен аулына қатынастыру дұрыс болар — деп Жүніс оз ойын айтып салды.

— Осы Жүкен ақылы орынды. Енді қоз жазбай аңдымаса болмайды. Ана Әбен аулына Тойғұлы ақсақал қатынассын. Ол кісіден Әбен ауылы сезіктенбейді. Осы отырған елдің ішінен өздерін жақсы көретін адамдар осы Тойекең ғой, — деген ұсынысты Байғабыл жымия сөйледі. Байғабылдың Тойғұлының ақ көңіл, аузына сөз тоқтамайтынын біле тұрып айтқанын есіне алған Тәтібала кемпір.

— Тоқаңа ол ауыл сенер, біз қалай сенер екенбіз. Ана Әбен сұрқия «жай келдіңіз бе» десе, «мені сіздерден хабар әкел деп ауыл кенесі жіберді», — деп айта салып жүрмесе деген сөзін қабағын түйе Тойғұлыға қадала айтты.

— Сен де, мен де айтам, егер сұрай қалса — деп Тойғұлы Байғабылға қарады.

— Әй Тоқ-ay, осынша жасқа келгенше бірауыз жауаптың жөнін білмейсің бе? Ана Қайырболдың ауылы, сол жамбас құдықта отыр. Сонда бір жұмыспен келіп едім, сізге сәлем бере кетейін, — деп бұрылдым дей салмайсың ба. Ал сөзім өтірік болмасын десең, әуелі Қайырболдың ауылына барып із таста. Ондағы бұйымтайын Қайырболдан қарызға ақша сұра. Ол бере де қоймас. Өстіп жүріс-тұрысыңды құбылтып жібер. Бірақ ана Жақсыбайды анықтай біл. Онда келіп пе, жоқ басқа жаққа түсіп із жасырып жүрмесе деп Байғабыл барлық жүріс-тұрысы ақылын айтып берді.

— Ей, жалпылдақ, мына Байғабылдың айтқандарын ұқтың ба, ұмытып қалып бүлдіріп алып жүрме, — деген тапсырманы Тәтібала тағы қайталады. Тойғұлы ұғындым дегендей жымия қарап жүруге қамданды. Тойғұлы Қотанбұлақ жаққа бет алып жөнелгенде, Тулақбай мен Маңке де атқа мінді. Олар Кіндіктіге таянғанда екі бөлінді. Маңке Кіндікті мен Әбен қыстауының аралығындағы Шиліөзекті өтіп, Қарабұлақ кемеріне тартты. Оның жобалап байқамағаны Тасбасқанға қиып түсетін жол бойын шалып Шөладыр жақ алқапты құлдилап кезіп шығу. Егер Жақсыбай Әбен аулынан тура жолға тартпай бұрыла жүрсе бой тасалар із тастар бір бүйрек жол осы. Ал Тулақбай қара биеде отырған Бекмұрза ауылдарына барып, қосшы ұйымының алдағы болатын жиналысы жайында жай хабарлаған болып, содан тура Сырымбай қорасына тартты. Оның ойы Сырымбай қорасының алғы жағымен қиып өтіп, Тайлан жолының Келмембет жақ сілемімен жолды барлап Собалақ қыстауының алдынан жол тоспақ.

Осы екі шолғыншы Әбен аулынан аттанатын құпия жолаушының жүрер деген жүлгесінен аңдуында болды. Бұл кезде Тойғұлы да, Жамбас құдықтағы Қайырболдың аулына келіп жетті. Бірақ Қайырболды ауылынан таппады. Тайландағы Әмірғали аулына бір жұмыспен кетіп қалған екен. Келген адамын таппаған Тойғұлы енді Әбен аулына бет алды. Бір кезде бұл ауылдың жел жағынан жүріп өтуге қорғанатын кездерінде есіне ала жай сыпайы селқос аяңдатып атын Әбен аулының шетіндегі Қатпаның үйіне келіп түсті. Қатпа қайтыс болған. Оның кемпіріне амандасып, атын сонда тастап Әбен үйіне бет алды. Бұрынғы бұрқырап жататын дуыл жоқ. Ауыл үсті қоңыр бейбітшілік. Тойғұлы Әбен үйіне таяп келгенде алдынан Жұманбай шыға келді. Сәлемдесе қоңыр қабақпен:

— Тоқа, жол болсын, қай жақтан келе жатырсыз, — деп тексере сөйледі. Мына Қайырболға бір мұқтаждықпен келіп едім, үйінде жоқ екен. Сонан көптен көрген жоқ едім. Байға бір сәлем берейінші деп бұрылған бетім еді. Бай үйде ме екен, деп Жұманбайға мүләйімси қарады.

— Бай үйде ғой, қайда барады, ана белсенділер үйіңнен ұзап шықпа деп бұйырыпты ғой, естіген жоқ па едің, — деген сөзін Жұманбай Тойғұлыға кекесінді үнмен айтты, бұдан кейін сөз тоқталып Тойғұлы үйге кіргенде Әбеннің үйінде отырған Жақсыбай қипақтай қозғалақтап қоңыр үн қатты. Тойғұлының сәлемін ежелгі әдетінше Әбен ернін жыбырлата алғандай ишара етті де, оған тосырая қарады. Әбеннің мына көзқарасында ұнатпағандық барын байқаған Тойғұлы жай ғана сәлемдесіп үнсіз отыра кетті.

Осы сәтте Жақсыбай тез өзгеріп көптен көрмеген ел сағынған кісі болып:

— Тоқа, жайлы, күйлісіз бе? Ауылыңызға үкімет орнап жақсы болып тұрсыз ба?, — деп әзілдеген болды.

— Шырағым, Жақсыбай, тірі жан тіршілік етеді ғой, ақырындап жүріп жатырмыз ғой. Осы күнде елдің бәрі үкімет болды ғой. Жастар бәрін біз білеміз деп кеуде қағады. Бізге кім басшы болса да, бәрібір емес пе, — деп төмен қарады. Бағанадан тіл қатпай түнеріп отырған Әбен:

— Байларды конфескелейміз, малын бөліп аламыз, өздерін жер аударамыз, — деп даурығып жатыр деп еді ғой. Сен неғып одан түк естімедің. Әлде сен байдың малын үлестіргенде алғың келмей ме, — деп Тойғұлыға қырындай қарады.

— Байеке, біз Құдай деген жанбыз ғой. Оны өзіңіз білесіз, мен біреудің малын талап енші алам деп ойлап көргем жоқ. Берсе де алмаймын. Енді кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда, біреудің малын талап, діннен безер ойым жоқ, — деген сөзін болжырата айтып тоқтады.

— Құдай дегенің дұрыс. Тып-тыныш отырған адамдардың, малын талап, өзін жер аударатын не күн туды екен, сірә, — деп Әбен салпиған ернін жиыра бір тамсанып қойды.

— Құдайдан безгендік қой, — деп Жақсыбай ерні көгере Әбенге мүләйімсіп қарады. Осы бір сәтте бағанадан Тойғұлыға жиіркене қарап отырған Әбеннің қарауыз тоқалы Мейір ернін бұртита:

— Ана Тәтібала қақпас біздің ауыл дегенде аузына келгенін құсады дейді ғой. Қолынан келсе бізді құртпай қоймас. Өзі қосшы дей ме, бірдемеге бастық дейді ғой. Ол қандай ұлықтық? — деп ентіге долдана сөйледі. Тойғұлы долы қатынның көзінен қаймыға есікке қарай тұқыра қарап:

— Мен олардың жиынында кімнің не қызметі барын да білмеймін. Өздері жиналып қазыт оқи ма, әйтеуір күжілдесіп жатады, — деп мұрнын бір тартып қозғалақтап отырды.

— Тоқан момын адам ғой, олардың жұмысынан не біледі. Олар Тоқана қай сырын айтады дейсің. Ана белсенділер бір күні Тоқаңның өзін де бірлі-жарым қаранды ортаға сал деп қолға алады ғой. Олар жер өртемей тоқталмас — деп Жақсыбай көгерген қалын ернін бұртита, булыға сөйледі.

— Тойғұлыны конфескелесе жетісер — деп Әбен жастығына жантая қисайды.

— Жақсыбай, осы жерден қайтпақсың ба? Ана ауыл жаққа да баратын боларсың, — деген сөзін Тойғұлы ағайындық лебізімен айтқан болды.

— Басқа жаққа қайдан барам, ана Ұзынбұлақ бойынан мені аластап жіберген қулар біржолата көзімді жоғалтар. Тек ел сағынып, жер сағынып, мына ұзақ уақыт қасына ерген Әбекеңді бір көріп сәлем берейін деп келіп едім. Осы жерден қайтам, — деді.

— Ал, онда аман-сау бол, күн енкейіп қалды, итпекгеп ауылға жеткенше қашан, — деп Тойғұлы орнынан тұра бергенде Әбен бір жылы қабақпен қарап:

— Тойғұлы, сен бір құдай деген жан едің. Мына Жақсыбай ана жылғы Семейге түсіп кеткеннен ел деп ат ізін салғаны осы еді. Қайтсын байғұс, ел сағынып, жер сағынып келген екен. Және осы күнде байларды, бұрынғы болыстары конфескелейді деген хабарды ел іші алып қашып жүрген соң, бізді бір көріп сәлемдесем деп келе қалыпты. Сен ана аулына Жақсыбайды көрдім деп ашпай-ақ қой. Бас сауғалап ата қонысын тастап кеткен бұда мүсәпір жан ғой деп Әбен мүлде ақтарыла салмақ сала сөйледі. Өзіне өмірбақи бір ауыз тіл қатып адам деп сөз тапсырып көрмеген тұңғиық Әбеннің мына сөзіне буыны босағандай Тойғұлы үнсіз басын изеді. Адамның басына іс түспейді екен, егер іс түссе кімге де болса жалбарынады екен-ау. Мына Әбеннің мені кісі деп тіл қатып жалбарына сөйлеуі әншейін емес, мына Жақсыбай осының бір сұмдығына қолшоқпар болғалы келіп отыр-ау деп ойлап:

— Мен кімнен шүйінші сұрайды дейсіз. Қайырболдың аулынан қайттым дей салармын, — деп қоңыр үнмен Әбенге хош айтты.

Тойғұлы аттанысымен бұрыннан ойласып дайындап қойған «алтын аяқ, ақ күміс» деген сияқты әйелдерінің алтын жабдықтарын кішкене темір сандықшамен кілттеп бір бөлек алтын кесе, күміс ыдыстарды, алтын ақша, сағат жабдықтарды бір сандықшаға салып асыл киімдердің аса қымбатты дегендерін жымдастыра бүктеп, көне шымылдыққа орап, елеусіз ақ жәшікке бәрін салды. Сыртын көне кигізбен орап Жақсыбайдың жайдақ арбасынын артқы жағына елеусіздеу тастап үстінен жарты кесек кигіз, бір көнелеу сырмақ-қоржын сияқты нәрселерді қоқыта бастыра салды.

— Ал, сен енді осы кеште суыт жүріп кет. Әлгі Тойғұлы, бізге айтпаймын деп кетті ғой. Бірақ ел құлағы елу, ана өзінін алғашқы ат тынықтырған ыңғай аулынан біреулер қатынасса да сені әңгіме етпей қоймайды. Мына жиған-тергенді әуелі құдай, екінші сенің басыңа сеніп тапсырып отырмын, егерде біз конфескеге іліксек жаңсақтар азығымыз осы бір-екі жәшіктегі боқтық қой деп Әбен қазыла бар сенімімен сөйледі.

— Мен сіздің дәм-тұзыңызды ұмытсам, тәңірінің дидары харам болар маған. Сіздің бір ауыз сәлеміңізбен басымды оққа байлап келіп отыр емеспін бе. Сіз үшін не көрсем де шыдадым, — деп Жақсыбай күн бата жол тартты.

«Әбеннің үйі толған алтын, күміс талап алсақ-ау деп құлқыны құрып отырған жалаң аяқтар бір құм қапсын» деп Әбен інір қараңғылығына сүнгіп жорта жөнелген Жақсыбайдың арбасынын дөңгелегінен естілетін дүңгір үзілгенше далада қарап тұрды. Тайлан жолына Сұңқарды бауырлай жүретін ауыл арасының соқыр-соқпақ жолына түсуге Жамбас құдықты сырттай, жолсыз бетпен тартты. Ондағы ойы Тайлан жолына Собалақ қорасынан өте берістегі қиыстан келіп кесіп түсу еді.

Күн еңкейген кезде атына тебіне түсіп Тойғұлы да қосшы Қызыл бұрышқа келіп аттан түсті. Тойғұлыны асыға күтіп отырған Тәтібала, Байғабыл, Кәрімдер:

— Ал хабаршы, не көрдің? — деп жапырыла сұрасты.

— Көрдім, Жақсыбай сонда отыр екен, дәл үстінен барғаным. Өздері сескеніп те қалды ма? Ә дегенде күрең қабақ қарап, мен Қайырболға келіп едім, бір мұқтажыммен деген соң жүректері орнына түсті білем. Дұрыс тіл қатып, жөн айтысты. Өмірі мені кісі екен деп тіл қатпайтын Әбен мүлде шешіле сөйлеп Жақсыбайды мүсәпірсітіп отыр екен, маған тапсырғандары көрдім демей-ақ қой болды. Сірә, түрі бүгіндер түн қата жүрердей байқалды, деп Тойғұлы бар көрген-білгенін божырата айтып жеткізген болды.

— Егер бүгін түн қата жүрсе біздің ана жігіттер көз жазып қалмас па екен, — деп Тәтібала дегбірсіздене сөйледі. Онда не ылаж істейміз дегендей ойланып қалған Байғабыл Өміржанға қарады. Өміржан бірден сөз жалғамады. Осы кезде Тәтібаланың он жағында отырған Сейсенай:

— Жақсыбай қу ол маңайдың Боқтанбай адыр жырымдаған өзегінің бәрін біледі ғой. Шамасы келсе ол Собалақ қорасынан асып кеткенше қара жолға түспейді. Ен бір аңдитын жер Собалақ қорасынан аса Сарыапан бекетінің алдынан түсу. Ол үшін қазір осы жерден қос аттап екі жігіт аттануы керек. Олар тұп-тура Қотанбұлақ жазығын қиып өтіп, Тайланға соқпастан Собалақ қорасының Шаған жақ жүлгесін қаға Сарыапанға осы түнде жетпесе болмайды, — деп өзінің топшылаған ойын айтып өтті.

— Сейсен ағаның осы айтқаннан басқа ылажы жоқ, Онда, Өміржан, сен қасына Ержанды алып тез аттаныңдар. Осындағы бар жараулы тұғырды мініңдер, — деп тығыздата бұйыра сөйледі.

— Онда тез аттаналық. Ал Ержеке мінетін аттарды сіз әзірлеңіз, мен үйге барып жол киімін киіп келейін, — деп Өміржан ширақ қимылдады. Ат үсті аттаныс жүрісті құлшына қызықтайтын Ержан жолға мінетін атты ешкімнен сұрамай-ақ өзі сайлап алып келіп дайын етті. Екі жігіт тымақтарының құлағын жымыра байлап алып шоқита тартып берді. Аттарын ә дегенде онша қыстамай желе жортып отырып етін қыздырды. Сонан Тайлан жазығына шыға жолға түсіп алып біраз қара жарыстап жер апшысын қуырды. Атқа тақымы тигенде желіге қимылдайтын Ержан Өміржанның қол аяғын жерге тигізер емес. Тек Тайланның қалын шиетін кесіп өтіп, Собалақ қыстауына өтер жерде біраз аттан түсіп, аттарына демалғызды.

Маңайды шола әрбір дыбысқа құлақ түре айналаны тура қарап келе жатқанда алдарынан бір салт атты шыға келді. Жалтаруға шұғыл Мұрыншақ бұрылысынан шыға келген аттыға ұмтыла тебініп Ержан жанаса беріп:

— Ой, Тулақбаймысың, қай жақтан елеңдеп келесің?

— Сіздер қай жақтан тепектеп келесіңдер. Әлгі Жақсыбайдан хабар жоқ па? — деп Тулақбай еңкейе келіп сөйледі.

— Біз ендеше сені ағасына кездесіп шұрқырасқан шығар деп асығып келе жатыр едік, — деген сөзді Өміржан баяу үнмен жеткізді.

— Мен кешегі атқа мінгеннен, осы жол бойын мына Тайлан алқабын шолып өттім әзір ешкімді кездестіргенім жоқ. Жол жиегіндегі бір қабақшаға келіп аттарынан түсіп, өздері де желпініп аттарының белдігін босатып тынымдаса отырып, ендігі жол шолу жобасын ойласты. Маңке әлі бұл тұсқа келмеген тәрізді.

— Онда не де болса Сарыапан бекетінен өте жол тосқан дұрыс болар. Менің ойымша мына Ержан жолаушылап жүрген кісі болып ана Собалақ аулының қорасына соқсын. Оспақтай сұрап кешелі берлі арбалы жолаушы көзге түспеп пе, білсін. Ержан ол ауылдың адамдарына құдандалы таныс қой, — деп Тулақбай осыны айтты.

— Бұл әбден табылған ақыл, — десіп үшеуі келісті де екі жаққа бөлінді.

— Мен аздап артқа бұрылам, ал сен екеуің жылдамырақ жүріп Сарыапанның Бекетіне жетіңдер. Ол Жақсыбай нені көрмеген жырынды. Мүмкін мына Собалақ қорасына соқпай сол Сарыапанның өзіне Шаған жағынан қиып түсуді де ойлауы ғажап емес, — деп Ержан тағы бір ой салды.

Ержаннан бөлінісімен Өміржан Тулақбай екеуі желе жортып Сарыапан жазығына тартты. Собалақ қорасына шегіне жортқан Ержан әлде қайдан бір жол дүңкілін естігендей болып, елендей атынан түсіп жата қалып жерге құлағын төседі. Дыбыс айқындала түсті. Тек ат тұяғының дүңкілі емес, оған қосарланған арба дөңгелегінің сырғыма соқпасы да бар. «Ә!» деді Ержан ішінен, осы жортып келе жатқан «Жақсекең» болар. Онда мен оған бой көрсетпей алыстан артына түсейін. Не де болса Сарыапанда айқасалық деп ойын қорытып, жолдың солтүстік ығын ала өзекше алқапты қуалай жортып отырды. Біраздан кейін арбалы жолаушы Сарыапан Бекет ойына ат басын тірей келіп, тоқтала бергенде алдынан екі салт атты келіп сәлемдесті. Тулақбай мен Өміржан-ақ шығар деген оймен атын тебініп жіберіп Ержан да жетіп келді.

— Немене, мына бүкіл халық жүріп жатқан қара жолмен жүргізбейсіңдер ме? деген Жақсыбайдың ашулы сөзі құлағына тигенде «батырдың» өзі екен ғой, — деп екпіндете күліп Ержан:

— О, Жақан екен ғой. Ел сағынып, жер сағынып ағаңа сәлем бере келді деп естіп едік. Тіпті асығыс аттаныпсыз ғой, — деп атынан түсті.

— Ойпырым-ау, өздерін шеттеріңнен шежіре болып сайрап тұрсыңдар ғой. Жан-жақтан жамырай шауып, мені қамай қалдыңдар ғой. Осынша неге менің сары ізіме түстіңдер, — деп булыға арбасынан жерге түсіп шұқшия отыра кетті.

— Сіздің сары ізіңізге түсірген мына арбаңыздағы асыл бұйымдар ғой. Оның енді немене бүгері бар. «Сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей жасырып жұмбақтар несі бар, деп Өміржан атынан түсіп, арбаға сүйене келіп үстіңгі бүркеулі текеметті қолымен қайыра көтерді.

— Ой, мына боқмұрын да кісі болып, ел басқарыпты-ау. Немене, қайдағы тығындыларыңды мен қопарды деп естіп едіңдер, — деп орнынан ұшып тұрып текеметтің қайырылған шетінен ұстай арбаға отырмақшы болды. Осы сәтте кейіндеу тұрған Тулақбай:

— Жақа, бұлқынбаңыз енді, ат-арбаңыздың басын кейін бұрыңыз. Не бар, не жоғын өз көзіңізше ақтарамыз, — деп Жақсыбайды арбадан түсірді. Қолынан келер ешбір ылажы жоқ дымы құрыған Жақсыбай кейін шегіне барып отырды.

Осы сәтте екпіндете жорытқан ат аяғының дүбіріне бәрі елең ете қалысты. Сонша болмады, Маңке екен, анадайдан дыбыстай келіп ат басын тіреді.

— О, Жақанды мына Бекеттен тосып алған екенсіңдер ғой, дұрыс болған, — деп Жақсыбайға күбірлей сәлемдесті. Оның сәлемін мыңғырлап қана алғансып:

— Менің ізіме түскен көк жендетімнің бірі мына Смайылдың қуы екен ғой, — деп Жақсыбай зілдене Маңкеге ала көздей қарады.

— Жақа, жасыңыз үлкен. Кімнің қу, кімнің сұм екенін халық айтар. Онан да ана ағаңның үйінен алып шыққан тығындыларды түгендеселік, — Маңке атынан түсті.

— Мына түн қараңғысында қоржынын тінтіп қайтеміз. Онан да атының басын кейін бұралық. Ана Тайландағы Мейірманның бекетіне барайық. Сол жерде әңгімені аяқтармыз, — деп Өміржан жүрісті енді өзі басқара сөйледі.

— Сол дұрыс, Жақаң ағасының тығындысынан не алып шықса да мына текеметтің бүктесінде шығар? — деп Ержан әзілге айналдыра күле сөйледі.

Бұлар Мейірман бекетіне тан ата келді. Түн қата түрі қаша келген бір топ жолаушының жүріс-тұрыстары қосы біріккен жандар емес екенін абайлаған аңқылдақ Мейірман:

— Мына Жақсыбай арбалы, сендер салт, ағаларыңды сағынып Семейден шыққанын естіп алдынан топтана шығып па едіңдер? — деп қалжыңдай сөз бастады.

— Аға сағынудың ағаттығы жоқ қой. Өзі елінен бойын тасалап, бұқпантайлап жүрген соң, ағаның айтылмаған сыр, ақтарылмаған боқшасы бар шығар деп алдынан шығып едік, — деп Манке күле жауап айтты.

— Онда жүрістерің үйлескен екен, төрлетіңдер — деген Мейірманның жайдары сөзі жараса жолаушылар аттарын доғарып жайлана демалысқа отырысты. Өміржан біраз демалыстан кейін Маңкемен оңашалау шығып:

— Мына Жақсыбайдың арбасын қалай ақтарамыз. Осы жерде ме, жоқ ана қосшы кеңсесіне қызыл бұрышқа апарамыз ба? — деген ойын айтты.

— Менің ойымша бұл жерде ақтармалық. Мына Жақсыбайды сол ауыл кеңес мекемесі қызыл бұрышқа апаралық. Сол жерге бұл болатком уәкілін шақырып тәртіппен заңға сүйеп ақтаралық. Кейін бәрі заңды болғаны дұрыс болар, — деп Маңке ойын айтты.

Өміржан Маңкенің ойын құптап Мейірман бекетіне біраз ат тынықтырып, Ұзынбұлақ өлкесіне аттанды. Әлі мынау өзін жол үстінде ұстап қаумалап алып келе жатқан жігіттермен тіс жарып тілдесе алған жоқ. Көгерген қос қыртыс қалың ернін қайта-қайта тістене қыры ұстанып келе жатыр. Қотанбұлақ деңгейінен өте бергенде Жақсыбайға бір сұрқия ой сап ете түскендей болды. Ол кенеттен аттың басын тартып тоқтатты да арбадан түсті. Жігіттер де бөгеле қалып сөз күткендей болды. Тұлан тұта көгерген өңін аз жадырата Жақсыбай:

— Жігіттер, мені ана Әбеннің отына күйдіріп жолымды тосып ұстадыңдар. Енді қысып-қымтар ешнәрсе де қалған жоқ. Мына арбада ана Әбен үйінің ұсақ-түйек боқтығы бар, түгендеп алыңдар. Мені ел ортасына апарып масқараламай босатындар. Ешкімнің қорасына түскем жоқ. Әбеннің өзі сәлем айтып шақырғансып келіп, аманат етіп бергенін алып қайтқаным болмаса, не күнәм бар деп мөлтеңдейді.

— Жақа, мына жерге отырыңыз, біраз тіл қатысып, сыр ашалық, — деп Өміржан атынан түсіп жайлана отырды. Басқалар да аттан түсіп Жақсыбайды ортаға ала отырысты.

Сөзді Өміржан өзі бастап:

— Сізге де, бізге де қазір мәлім болып отырған үлкен науқан үстінде отырмыз. Бүгін бе, ертең бе ана Әбен сияқты жер тәңірісі болған байлар, болыстар конфискеленіп жер ауады. Олар осыны сезіп, үйіндегі дүниесін қайда тығып, қайда көзін жоғалтып елді адастырмақ. Ал сіз болсаңыз сол сияқты аңдуылда отырған байға қолшоқпар болып, оның тығындысын алып кетпек болғансыз. Сондықтан сізді заң тәртібімен тексертіп, мына дүниелерді болыстық тергеу орнынан кісі алдырып тексертіп қағазға түсірмесек болмайды. Сондықтан біз сізді босата алмаймыз. Басқа жағын бара көрерміз. Арбаңызға мініңіз, ерте күнді кеш етпелік, — деп әмір ете сөйледі.

Жақсыбайды алып келіп қызыл бұрыштағы кеңсеге тәртіпті жерде жайғастыра отырғызып арбадағы буылған, түйілген дүниелікті сол жерге алып барып, бірнеше адамнан комиссия құрған болып қаттап жинады. Жақсыбайдың ат арбасын қосшы ұйымының бір мүшесіне бағып күтуге беріп, өзін Өміржан өз үйіне алып кетті.

IV

Мұқамбетқали Семейге келіп түскенде алдынан губерна қызметкерлері құрметтей шығып қарсы алды. Әзірленген қонақ үйге түсіп, бірнеше күндей поезд үстінде жол кешкен балалар да жайлы бөлмеде бой жаза еркелеуде. Шәкітай мен Мұқамбетқали да сағына келіп түскен Семей қаласында өз ауылдарының қотанында отырғандай сезіне дем алды. Келесі күні губерниялық басшылармен бас қосып, губернаға қараған бірнеше уезд елден қанша бай-феодал тізімде, соларды тағы бір анықтай тексеріп шығысты. Осы мәселе көтерілгеннен бері әлденеше екшеліп, жан-жақты тексеріліп, нағыз конфискаға жататын байлардың тізімі жасалды. Сонымен уездерде қонфисқа жумысын басқаратын комиссияның тізімі, қай уезге губернадан кімдер жауапты төтенше өкіл болып аттанады, соны да жан-жақты тексеріп қарап шешім алды.

Мұқамбетқали өзі Қарқаралы уезіндегі конфискені жүргізуге аттанатын болды. Қарқаралы уезіне баруды Мұхамбетқали өзі қалап алды. Оның таңдауының ең басты себебі, ана бір жылғы Қарқаралы уезінде әскери жетекші болып қызмет істегенде уезд қарамағындағы елдің бірнеше болыстарында болып, ел жайынан аздап болса да хабары бар-ды. Және уезд басқармаларында өзіне сенімді бірнеше партия қатарында істеп ысылған жолдастары да бар. Ал тосыннан басқа уезге барып жергілікті белсенділердің жетегінде болғанша өзінің де біраз таныстығы бар уезге баруды лайықты көрді.

Мұқамбетқали Қарқаралыға суыт тартты. Өйткені мына сияқты өте бір маңызды науқан кезінде ел ішімен жүру қолайлы емес, деп ойлағаны орынды да еді. Семейге өкіл болып орталықтан Мұқамбетқали келіпті деген ұзын құлақ хабар да қалашы қатынастан көп кешікпей-ақ жетті. «Тек әрбір болысқа уезден арнаулы өкіл келеді екен. Кімді конфескеге жатқызды, жергілікті қосшы кедей ұйымдары өздері тізімдеп ұсыныс жасайды екен» деген хабар да ел ішіне таралып талқылануда.

Мұқамбетқали Қарқаралы уезіндегі конфисқаны өзі жүргізуге келіпті деген хабарды естігенде Тәтібала кемпір жалғызы Қондыбай тіріліп келгеннен кем қуанған жоқ. «Уезге ел жайын білмейтін бір бөгде өкіл келіп мына Әбен сұрқияның кейінгі жылдарда қол малын ыдыратып дәулет көлемін төмендетіп құлқынға сеніп қағыс қалып қоя ма деп ойлайтын едім. Енді Мұқажан бұл жауызға рахым еткізбес. Қарқаралы уезінің бір кісі жер ауып конфескеленсе осы Әбен болар» деп бар мақсаты орындалардай көңілденіп қалды.

Жалғыз Тәтібала емес, Дегелең тауының алқабын мекендеген кедей-батырақтардың бәрінің де бір арманы орындалардай елестеді. Күні кеше қанды қамшы жендеттері таяғының астында шіріткен тоң мінез қара жүректің ел ортасынан аласталғанын қору қандай шерді болса да шешпей ме? Бұлар сол күнді асыға күтуде.

Әбеннің қалаға жөнелткен дүниесімен ұсталған Жақсыбайды болатком хабарлаған күннің ертеңінде милиция начальнигінің орынбасары және болаткомның бір мүшесі келді. Тексеру жасап, барлық ұсақ-түйек түйме, жүзік сияқтыларға шейін тізімдеді және Жақсыбайдың жүріс-тұрысы тексеріліп, заңды актілер жасалып конфескеленетін байдың дүниесін қалаға алып қашып, байға құйыршық болғаны үшін Жақсыбай тұтқынға алынды. Тексеруді Әбеннің өз ауылында жүргізіп, байдың қандай мақсатпен дүниесін қалаға қашыртқаны зерттелді. Әбен Жақсыбай арбасынан табылған дүниенің жайынан ешнәрсе білмеген кісі болып шу қаракөк танды.

Өздеріңіз көріп отырсыздар, мына ұсақ-түйек әйелдердің жиһазы, мен оны қашыртып тығып не істеймін. Жақсыбай бұрын дәмдес болған адам. Амандасам деп келе қалған екен, соған әйелдер ғой, боқтығын тиетіп жүрген. Мен құдайға сенсеңдер білгенім де жоқ. Маған қараған мал бір тұяғы шашау шыққан жоқ. Орнында, ал әйелдердің боқтығы үшін күйдірсеңдер, билік өздерінде, — деп түлкі шырынға салды. Әбен жауабының ақтарындысын толықтыру әдісімен милиция қызметкері Әбеннің екі әйелінен жауап алғанда үлкен бәйбішесі өте майда лебізбен:

— Байдың айтып отырғаны дәл шыны. Ол кісі мына ұсақ-түйектің ешқайсысын да білмейді. Бұл тіпті біздің де дүние емес, ол ана Семейдегі кіші қайнымыздың үйінің дүниесі еді. Ана бір жылы Семей тұрғындарының әсіресе сауда-саттыққа араласқандардың үйлеріне тінту жүргізгенде сонан сескеніп бізге жіберіп еді. Сонан бері бізде болатын. Соны алып кел деп мына Жақанды жіберіпті ғой. Үкімет құрығынан кім құтылады. Біздің өз дүниеміз сіздердің қарамақтарыңызда, — деп суырыла сөйледі. Жақсыбайды тексеріп жауап алғанда ол мені Семейден жіберген кісі бар еді. Мынау соның дүниесі деген сөз айтпағанды. Мына бұлтарысты ойлап тауып отырған бит ішіне қан құйған Дәмет кемпірдің сұрқия бұлтағы барын тексеріп, жауаптарын қағазға түсіріп милиция қызметкері нәрселерді қаттап өз кеңсесіне алып жүретін болды. Анықтау үшін анау Семейдегі адамның тексерілуі де керек.

Бірде олай бұлтарып, бірде Әбеннің үй ішінің бетіне ілесіп шындықты дұрыстап мойындамаған Жақсыбай милиция қарамағынан босанбай тұтқындалған күйінде болатком кеңсесіне барды. Болатком кеңсесі көшпелі болғанмен өзіндік тәртібі бар-ды. Ол орталық деп Аршалы бұлағынан тігілген бірнеше үйдің айналасы дуылдаған жұрт бірден конфиске жұмысына әзірлік болса, екіншіден басқа жалпы тәртіп бойынша жергілікті науқандар да бар.

Милиция начальнигінің орынбасары болатком мүшесі мен болатком бастығы Тоқсанбаевқа барып тергеу жүргізіп қайтқан жұмыстарын баяндады. Бірі байларды конфискелеу, ел ішінен аластату туралы қаулы хабарын газет бетінде жазыла бастағаннан бері бақылаудағы Әбен сан түрлі сұрқиялық ойға кеткен. Өрістегі ел көзіне түсер малды ешқайда жасыра алмайды. Тек мына сияқты үй ішіндегі алтын, күміс дүниелікті көзден таса етіп, алдағы күнде азық етпек болып еді. Одан да ешнәрсе шықпады. Халық көзі қырағы, қалт еткізген жоқ.

Осы сияқты қырағылық жасап, ел қанаған қан сорғыштың ақырғы сұрқиялығы әшкереленді. Бұл ретте ерекше белсенділік істеген Дегелең баурайындағы қосшы ұйымы ауыл-кеңес азаматтарының тапқырлығын айрықша еске алысты. Басқа байлардың айналасында да осындай бақылау барын айтысып, науқанға әзірлік ойдағыдай десіп гулесті.

Осы кезде Қарқаралыдан тығыз почта да келіп жетті. Алдымен болатком хатшысы қызыл сорғышпен екі жердей бастыра желімденген қалын конвертті ашып:

— Оһо, болатком ағасы күткен қаулы міне келді, — деп Тоқсанбаевтың қолына берді. Болатком ағасы қолына алып, ішінен жүгірте оқып шығып:

— Ал жігіттер, танысыңдар, қаулыға қоса Қарқаралының уездік конфеске науқанын басқаратын комиссияның алқасы көрсетілген және конфеске қай күні басталатын уақыты көрсетілген хатта келіпті. Қатынас қаулымен қайталай оқылып, тегіс танысып шығысты. Уездік конфеске комиссиясының бастығы орталықтан келген уәкіл Мұқамбетқали Татимов деп көрсетілген.

Ендігі әңгіме, алдын ала дайындық ретінде жергілікті партия ячейкасының қосшы ұйымы басқармаларының Дегелең болысынан конфескеге ұсынылған байлар тізімі тағы да анықтала оқылып шықты.

Уездік конфискация алқасының қатынас қағазында «Уезден арнаулы жауапты өкіл барады, оған дейін тізімдегі байлардың мал-мүлкі шашау шығып шашырандылыққа ұшырамау жағы қатты ескертіле айтылғаны да айрықша еске алынды.

Сол күннің ертеңінде Қарқаралы уезінің конфиска комиссиясынан келген қатынастың хабары Ұзынбұлақтағы қосшы басқармасына да жетті. Қатынастың хабары мен конфиска тәртібі басылған газет те келген еді. Қызыл бұрыш кеңсесіне келген қатынас хабарды күтіп отыратын Тәтібала кемпір бастаған жұртшылық іле оқытып жағалары жайлау болып қуанысты. Ендігі әңгіме «Болатком өкілі қашан келеді. Әбен ордасына қашан қобыз күйін тартамыз» болып гуілдесуде.

Біраз үнсіз отырып қалған Тәтібала:

— Мына қағаз да келді, енді өкіл де бөгелмес. Әбен шаңырағына қобыз тартар күн туды, деген осы ғой. Менің бір ойлап отырғаным, бір ұзын сырғауылға қызыл шүберектен жалау байлап дайындап қойындар. Әбенді кәмпескелеуге барғанда сол сырғауылды қызыл жалаумен көтере ұстап барып түселік. Көкіректе шиеленіскен шер түйінін қызыл тудың астында жадыраталық — деп құлшына сөйледі.

— Ойпырым-ау, Тәтен сіз мүлде қайдағыны қайдан ойлап тауып аласыз. Мына ойыңыз тіпті тамаша. Шынында да заманымыздың ұранын жалаумен жалындатайық, — деп Маңке Тәтібала сөзін қоштай кетті. Осы сөзге отырған жұрттың бәрі қосылды.

— Онда мен сол сырғауылды тауып әдемілеп өңдеп қояйын, шүберегін өздерің тауып беріңдер, — деп Тулақбай белсене сөйледі.

V

Қарқаралыға келіп түскенде құрметтеп қарсы алған уезд басшыларына Мұқамбетқали:

— Құрметтеп қарсы алғандарына алғыс айтам. Тек бүгінше маған дем алуға, мына балаларды ана әжесіне апарып амандастыруға рұқсат етіңіздер, — деп сыпайылық істеді. Мұқамбетқалидың Шәкітаймен өзінің кішкене жиендерінің келуін күтіп Қопа көлінің басынан көшіп Шортанды көлінің қарағайлы жақ алқабына үйін тігіп, бірді-екілі биесін байлап Қарқаралыға жақындай отырған Бибі қуана қарсы алды. Қалада қызметте тұратын үлкен ұлы Шәмел бастап ұйымдасып келген қонақтарын аналық мейірбан жүрегімен құшағына алған Бибидің қуанышында шек болған жоқ. Әсіресе, екі кішкене жиендерінің бүлдіршін беттерінен иіскеп, ұрпақтың ұя балапанындай қанат қаққаны жан мәртебесі тәрізденді.

Айтқан уәдесінен айнымайтын Мұқамбетқали ертеңіне ертелете Укомның кеңсесіне келді. Уездік конфиске комиссиясының алқасымен және әр болыстан конфискаға ұсынылып жергілікті ұйымдардың қаулысымен тізімделген байлар жайымен танысуға отырды. Комиссия мүшелері Укомның бірінші хатшысы Сұлтанғалиев, уездік сот мекемесінің бастығы Таппай Қолқашов, уездік атқару комитетінің бастығы Бендектитов қатынасып тізімді тексеріп шықты.

— Сіздердің мына тізімдеріңіз республика комиссиясының қолында да бар, аздап танысқанмын. Әрине, сіздер бәріңіз де бұл уезге қызмет бабымен келіп отырған адамсыздар. Сондықтан мына тізімдегінің бәрі шетінен шонжар, ел қанап бай-феодал болып танылады. Ал осы тізімді тексере қарауда жергілікті белсенді партия активтерінен кімдер болды екен. Соны да бір қарап отсек, — деп Мұқамбетқали өз ойын ортаға салды:

— Сіздің мынау ұсынысыңыз өте орынды. Бізге елге шала таныс қызметкерлер де бөгде. Біздің естуімізше сіз осы уезге қараған елдің азаматы көрінесіз. Және алғашқы ауылды кеңестендіру, үкімет тәртібін орнатуда бірнеше жыл қызмет істейсіз. Сондықтан сіз көп жайларды жақсы біледі деп үлкен сүйеніш етіп отырмыз, — деген сөзін Сұлтанғалиев шешіле айтты. Басқа жолдастар да екеуінің сөзін қостаған ықыласын білдірді де басқа сөз қосарланған жоқ.

Мұқамбетқалидің ұсынысымен алғашқы тізім қорытқандағы мәжіліс жазбасымен танысып, кімдердің қатынасқанын анықтады. «Ала-қулалау араласа қатынасқан екен. Мына мәжіліске екі жақты болып жүрген жолбикелер де қатынасқан екен. Олар кейбір қан сорғыштардың орнына малының саны бар момақандарды тіркеп, ана сұрқияның мал көлемі аз, кәмпескеге жатқызуға, деп аталы ақ иықтарды алып қалған жан болған шығар. Анықтармыз, — деп Мұқамбетқали кейбір тізімге ойлана қарады.

Енді әңгімені қай болысқа жауапты өкіл етіп кімді жібереді, осы жағын сөз етті. Бұл жөнінде де әңгімені Мұқамбетқали өзі бастады:

— Сіздер Қарқаралы елінің қандай руға бөлініп ішінара жат тартар жаны барына бейтаныссыздар және болыс басы өкіл жіберіп ұсақтамайық. Бірнеше болысқа жауапты өкіл етіп осы отырған комиссия мүшелерінен бастап белгілейік, — деген ұсынысын айтты. Оны да комиссия мүшелері бірауыздан құптады.

— Онда сіз өзіңіз қай аймаққа барасыз? — деп Сұлтанғалиев Мұқамбетқалиға қарады.

— Мен осы Қарқаралыға бір ұрымтал үш-төрт болыстағы өкілдердің жұмысын бақылаймын. Олар мына Берікқара Темірші, Кент елдері, — деп Мұқамбетқали ел жобасын білетіндей долбармен айтты.

— Қалған болыстарды қоныс қоғамына қарап бірнеше аймаққа жобалап бөліне аттанамызда, — деді Таппай Құлқашов.

— Онда осы тәртіппен болыстарды қоғамдық өкілдерді белгілейік. Ертеңге дейін өкілдер тізбесін дайындалық, — деп Сұлтанғалиев мәжілісті аяқтады.

Келесі күні қаралған мәжілісте Қарқаралының Семей жақ алқабындағы болыстар екі аймаққа, сыртқы бес ата елдерін үш аймаққа қоғамдап жауапты өкілдер тағайындалды. Абралы, Бөрлі, Дегелең, Сарыту болыстарына баратын өкілді Мұқамбетқали өзі ұсынып Бекбасовты белгіледі.

Бекбасовқа өкілдік қағазды беріп жүргізерде Мұқамбетқали оған бір тапсырма айтты.

— Сен осы бара жатқан елдің біраз жайына таныссын. Оның ішінде ана Дегелең болысында конфискеге ұсынылып отырған бірнеше байлар бар. Оның бірнешеуі малының тобымен, көп заманнан кедей еңбегін қанап байығандар. Ал кейбірінің дәулет көлемі бұл күнде шағындалған. Бірақ ел қанын екі түрлі жолмен судай сапырғандар. Бір жағынан саудамен, бір жағынан болыстық әкімшілігін қолына алып, ел басына әңгір таяқ ойнатып жер тәңірісі болғандар. Олар қазір қайткен күнде де конфиске бұғалығынан құтылу жолына барын жұмсауда. Олар ел ішінің әлі де сана сезімі шалағай кедей-кепшігін көпшілігін өзін қорғатар тіл табады, осыған сақ болғайсың, — деп тапсырды.

Арнаулы өкілдің міндеті жүктелген уезд басшылары белгіленген аймақтарына аттанды. Мұқамбетқали өзі баратын болыстарынан конфеске тізіміне тіркелген бірнеше адамның уездік комиссия атына жазылған арыздарды алып, солармен танысты. Сол арыздардың ішінде бір адамның жазған арызы көңіл аударарлық тәрізденді. Өзінін өмірбаянын айтқанда «Қарқаралының аға сұлтаны болған Жамантай ханның балаларының босағасында әмір бойы малшы болып, сондағы енбек ақысына алған қой тұқымы төлінен өсіп оз алдыңа өріс алғанына аз-ақ уақыт болған. Ол өзінің арызында «Менің атым Мәжел, күні бүгінге дейін мені осы аймақтағы ел «қойшы Мәжел» дейді. Менің, конфиске тізіміне ілініп отырғаным екі қора қойым бар. Оны балам екеуміз өзіміз бағамыз. Керек болса ата қонысым да жоқ. Төренің төлеңгіті боламыз. Сол еңбекпен өсірген қойдың арқасында біраз жылқым да, сиыр, түйем де бар. Малға кедей емеспін, бірақ күні бүгінге дейін бір кісіні жалдап, еңбегін қанағаным жоқ. Малымды бағатын өзімнің балаларым және інімнің бала-шағасы» — деп жазыпты.

Арызбен танысып, не де болса сол Берікқара болысына барып өзім тексерейін деген ойға келіп Мұқамбетқали атқа мінді. Қалаға іргелес отырған Берікқара болатком адамдары, сол қаланын өзінен ере шығып, оның алған бетін аңғарысымен алдың ала түсетін жерін дайындап түсіреміз деген ауылға бармастан, жолда болатком бастығына:

— Сендер мені ана конфискеге ұсынған байларыңның бірі Мәжел Жүсіпұлы деген бар екен ғой. Тура соның ауылына алып барыңдар, деді. Ойда жоқта мына сияқты бет бұрысты бірден түсіне алмаған болатком бастығы:

— Жолдас нарком, ол кісінің ауылы бейқам дайындықсыз еді. Шұғылынан үйіліп-төгіліп бара қалсақ ыңғайсыз бола ма? Қалай болар екен. Алдымен ана сізді түсіруге дайындаған ауылға барсақ деп қапалақтап еді. Оған Мұқамбетқали:

— Оған ешбір абыржымаңдар, айттым ғой, тартыңдар сонда деп, — астындағы кер жорғаны тебіне Жарлы өзенінің алқабында түсе жөнелді. Айтқан бетінен қайтпайтын мінезін бұрыннан білетін болатком бастығы Құрмаш, қасындағыларға қарап:

— Біреуін тезірек жортып Мәжелдің ауылына жетіңдер. Үйін жинастырып, дайындапсын, — деді. Шабарман жігіт ұйтқыта шауып Мәжел аулына келгенде, қаннен-қаперсіз отырған ауыл үрпиісе қалды. Шабарман жігіт келе жатқан қонақтың жайын айтып, Мәжелдің өзі үйі, сырмақ-алашасын сілкітіп үй ішін жинастырып, дайындық жүргізді. Бейқам салдыр-салақ қоңыр мінезді Мәжел алқам-салқам киінген шапанын желбегей жамылып үй сыртында болды. Қоңырқай үйірленген шағын жылқылар өзен тепсеңінде жайылып жатыр. Тек ауылдың күнбатыс алқабында қоңыр бұйраттың беткейінде қайнаған қалын ақтылы қой өріс кезіп жайылып жатыр. Тігілген үйлерде шаңқыған ақ орда бейне жоқ. Бес қанат, торт қанат бозғылт киізбен жапқан жұпыны үйлер. Үй мүлкі дегендей қоз тартар дүние жоқ. Әбдіре кебеже тәрізді жүкаяқ тәрізді қоқырсықтар.

Мұқамбетқалилар келіп ат басын іріккенде алдынан қонақты түсіруге шыққан Мәжелдің өзі болды. Момақан, жасқаншақ Мәжелдің ұсқының көргенде Мұқамбетқали ішінен күліп қойды. «Мына Берікқара болысы конфискелеп жер аударар шонжарын тапқан екен» — деп түйді. Үйге кіре жайлана отырған кезде, сырттан сәлем беріп бір-екі жігіт кірді. Киімдері жұпыны, қимылдары баяу. Амандық сәлемдесулерінің өзі сөзді сатып алғандай әрең дегенде үн қатады. Болатком ағасы Мұқамбетқалиларды үй иесі Мәжел қартқа аз сөзбен айтқан болатын. Мына келген жігіттерді Мұқамбетқалиға таныстырып:

— Мына бір жігітіміз Мәжел байдың үлкен баласы. Ауылы ана бір қырқаның ойында. Сіздерге сәлем бере келген ғой. Мына қасындағы Мәжекеңнің інісінің үлкен баласы. Мына ағасымен ауылдас, тіпті еншілес десем де болады, — деп тоқтады. Мұқамбетқали болатком ағасының сөзін ойлана тыңдады, бірақ пәлендей сөз қосқан жоқ. Қонақ асы да келіп, дастарқан жасалып оз тәртібімен жүріп жатты. Күн еңкейе бұл ауылдан аттанатын болып қонақтар жүруге қамданғанда күні бойы үнсіз отырған Мәжел:

— Шырағым, аты-жөніңді мына жігіттер айтқанымен аузыма түспей жатыр. Сонау жоғарыдан келді дегенді ұққаным бар. Дәм татып, отымыздың басын көріп, дидарыңды көрсеткеніңе рахмет. Табан ақы, маңдай терімен Төре ауылының сарқытынан құралып өсіп-өнген малымыз мына далада жайылып жатқан. Басқа айтарымыз жоқ. Мал да, біз де өздеріңіздің қолдарыңызда, — деп төмен қарап мұңая тоқтады.

— Жақсы, ақсақал, от жаққан жеріңізді, өсірген дәулетіңізді көзбен көрдік. Мәселені бір адам шешпейді, үкіметтің әділ тәртібі бар, қарармыз, - деп Мұқамбетқали қош айтысты.

Мұқамбетқали Мәжел аулынан аттанып шыққаннан кейін жол үстінде болатком бастығын оңашалау алып:

— Мына Мәжел деген кісінің уездік комиссияға жазған арызы бар-ды. Мен кеше сендер дайындаған ауылдарыңа бармай, осында келдім. Сол арыздың қандай шындығы бар екен. Байдың ауылын өз көзіммен көрейінші деген едім. Осы Мәжелді конфискеге ұсынуға қандай дәлелдерге сүйендіңіздер. Ана қойдан басқа еңбек қанаған, ел билеген өктемдігі болған ба екен, — деп сұрақтар қойды.

— Жолдас нарком, конфиске тұрасындағы қаулыда мал жағының саны баса айтылғандығы еске алынып, ауыл белсеңділері өздері ұсынды. Біздің болатком қолындағы мәліметке тіпті елге мәлім жағдайда Мәжел Жүсіпұлының Төре аулының өмірлік қойшысы, малшысы болғанынан басқа ел билеген ешбір мәлімет жоқ. Тек сол Төре босағасында еңбек ақыға алған қойын өсіріп, байып шыққанын ел күні бүгін аңыз етеді. Жанға жазығы бар дегенді естіген емеспіз, — деп барлық шындықты ақтарыла айтып шықты. Болатком ағасының сөзін естігеннен кейін Мұқамбетқали өзінің іштей қорытқан ой-жобасының әділ екенін түйіндей:

— Бұл байламың әзір ішінде болсын, мәселені уездік комиссияда қараймыз. Ал өзіңнің осы маған айтқан сөзіңді сол комиссия алқасына да айтып беруге дайын бол, — деп болатком ағасы Құрмашқа ойлы көзін қадай қарады.

— Мен сізге айтқанымды қайда болса да айтамын. Ол ақиқат, — деп Құрмаш та жігерлене сөйледі. Болатком алқасы дайындаған ауылға келіп Мұқамбетқали өзінің жолдастарымен жайлана қонып демалыс етті. Бұл орташа дәулетті, тұрмысы қала тәртібіне бейім, сондай үй еді. Ертеңіне Мұқамбетқали болатком алқасын тегіс қатыстырып біраз мәжіліс өткізді. Бұл мәжілісте Мұқамбетқали өзіне қарасты болыстардың жайына біраз тоқтап, сөзді өзінің жүріс-тұрысына бұрылды.

Мен осы жерден қалаға қайтам. Онда бір ғана осы біз конфиске жүргізетін аймақ емес, басқа аймақтардан да келіп жатқан арыздар қоп. Мен өзім басқарған аймақтың көлемінде кейбір атақты байларының жайынан азды-көпті хабарым бар. Ендігі ел ішінде конфиске жұмысын болыстық комиссия өзі жүргізгені дұрыс. Бір ескерте айтылар нәрсе уездік комиссияға арызы түскен кейбір байлардың мәселесі уезде қаралып шешілгенше конфескелеуді тоқтата турарсыздар. Ал басқа жағын енді ширақ қолға алыңыздар, — деп сөзін аяқтады.

— Нұсқау сөзіңіз өте орынды. Қолымыздағы үкімет қаулысы негізінде жұмысты бастармыз, — деген сөзін болатком ағасы да сеніммен айтып Мұқамбетқалиды шығарып алуға кірісті.

Қалаға қайтып оралысымен уездегі комиссия жұмысын қолға алған Мұқамбетқали бірнеше конфисқа тізіміндегі байлардың арызын қарастырып, комиссия мүшелеріне де танысуды тапсырды. Комиссия мүшелерінің де кейбіреулері белгіленген аймақтарына барып, болыстық комиссиясының құрамын қарастырып, тізімдермен танысып оралған еді. Конфиска науқанын тездетудің бір тетігі комиссияға түскен арыздарды аудара қарап, ақтара тексеріп комиссияның шешімін шығару болатын. Бірінші мәжілісте комиссияның қараған арызы Берікқара болысына қарасты Мәжел Жүсіпұлының арызы болды. Бұл арызды қарауға тағайындалған күнге Берікқара болаткомының ағасы Құрмаш шақырылды. Арыз берген байдың өзі шақырылды. Комиссия мүшелерінің сұрағына алдымен болатком ағасы сөз алып, анада Мұқамбетқалиға айтқан сөзін бұлжытпай айтып өтті. Мәжелдің өзінен жауап сұрап, арызыңа қосарың бар ма — деген сұраққа:

— Менің байлығымды болысымыз айтты ғой. Сол арызыммен тексеріңдер — деп жыламсырап отыра кетті.

Одан әрі тексеру жүргізудің қажеттігі жоқ деген тоқтам болып сөзді Мұқамбетқали өзі бастады:

— Қазақстанда бай-феодалдарды конфискелеу ел ішінен аластаудың саяси маңызы қаулыда жеткілікті баяндалған. Сол қаулыны негізге алып науқан жүргізер болсақ, мына Мәжел сияқты қойшыны қойың бар деп конфескелеу қаулының өңін айналдыру болар еді. Мен осы Мәжелдің мына жатқан арызын оқып, анығына өз көзімді жеткізу үшін ауылына барып таныстым. Біреуге үстемдік етіп, енбегін пайдалану былай тұрсын, өзі өсіріп, бағып-қағып отырған қойының қызығын да көріп отырған жан емес екен. Мына болатком ағасы да шындықтан аттай алмай әділіне көшіп отыр. Ал комиссия мүшелері Мәжелдің өз сипатын міне көріп отырсыңдар. Мына түсімен мынаны конфискелеу күлкі болар. Менің ойым да, шешімім де Мәжел Жүсіп баласын конфиске тізімінен шығару деп қорытам. Ендігі шешім сіздерде, — деп тоқтады.

— Бұл нағыз әділ шешім, бұған бәріміз де қосыламыз, деп жауапты қысқа ғана айтты уездік партия комитетінің хатшысы, комиссия мүшесі Сұлтанғалиев. Комиссия мүшелері бірауыздан Мұқамбетқали ұсынысын қуаттап, Мәжел Жүсіп баласы конфиске тізімінен өшіріліп, босаған қаулыны алып аулына оралды. Қарқаралы уезіндегі байларды қонфиске-леу науқанының жүргізілетіндегі бір ерекше әділшілік болып көрінген Мәжелдің тағдыры ел ішіне аңыз болып айтылып жатты.

VI

Дегелең болатком алқасы Қарқаралыдан шыққан өкіл Бекбасовтың Абралыға келіп түскенін естіп асыға күтуде болды. Өздерінің тізімдеп, конфискеге ұсынған байларының айласында сақтығын да, бай малынан үлес алатын кедей-батырақтардың тізімін әзірлеп те қойыпты.

Бекбасов та қоп күттірген жоқ. Абралының конфискеге жатқызылған байларының жайынан дайындалған мәлімет қаулылармен танысып, бәрі де орынды тауып тездете қолға алуға міндеттеп аттанған-ды. Дегелең болысына келісімен өзі аттанарда Мұқамбетқалидің есіне салған бір-екі байдың шаруа жайымен, ол туралы жергілікті ұйымдардың қаулысымен танысты. Соның ішінде аса үңіле қарағаны Әбен байдың жайынан жазылған мағлұматқа зер сала қарады. Осы Әбен туралы мәселе қозғалғанда болатком ағасы Абдыбақи:

— Жолдас Бекбасов, Әбен байдың байлығы халықты сауда мен болыстыққа әкімшілік, өктемдік істеген озбырлығы өз алдыңа, ол кісінің осы аз күннің ішінде жүргізген бір қылмысы әшкереленіп отыр. Ол өзінің құйыршығы ел басына әңгір таяқ ойнатқандағы қанды қамшы айдап келген Жақсыбай деген жауызды Семейде қашып жүрген жерінен құпия шақыртып алып, үйіндегі алтын, күміс дүниесін соған тиеп беріп қашыртқан жерінен ұсталды. Сол Жақсыбайды болыстық милиция, тұтқындап, ана Әбеннің мүлкін де қаттап ұстап отыр деп баяндап шықты.

— Мен бұрын да ол кісінің Дегелең болысында істеген сан қиянатын естігенім бар-ды. Мына жана қылмыс езін нағыз жауыз етіп әшкерелеген екен, — деп әдеттегі қысықтау көзін сықсита үн қатты. Бекбасов сөзін одан әрі жалғап, Қазақстанда ұлы байларды конфискелеу аса маңызды зор мәселе екені түсінікті ғой. Соның ішінде енбекші халықтың көкірегін оятып, кеңес үкіметі тудырып отырған осы бір ел тажалы болған байларды аластау ерекше саясат қой. Міне, көрдіңдер ме, жамбасы жерге тигенше жауыздық жолын ізденуін. Алдымен сол Әбенді кәмпескелеуді жүргізіңдер. Ауыл еңбеккерлерінің көпшілігін қатыстырып, қосшы ұйымының туын желбіретіңдер, — деп тоқтады. Онсыз да Әбен конфискесі ерекше науқан екенін түйіндеп отырған болатком ағасы комиссия мүшесінен Нұрғали Файзолланы арнайы аттандырып:

— Анау Ұзынбұлақтағы қосшы ұйымына барып ауыл кеңесі белсенділерін топтап Тәтібала кемпірді басшы етіп Әбен ауылына жетіңдер. Мына жақтан біз де барамыз. Сол Дегелең баурайынан тізімделген малсыз кедей-батырақтарды хабарлап мал алуға дайын етіңдер деп тапсырды.

Нұрғали келгенде Өзенбұлақтағы қызыл бұрыш атанатын қосшы кеңсесінде ауыл кеңес ағасы және Тәтібала кемпір бастаған белсенділер алдынан шықты. Сөзді Тәтібала кемпір бастап:

— Шырағым, азаматтар, сендердің келулеріңді күтіп көзіміз талды ғой. Әлгі конфискені қашан бастатпақшысыңдар, — деген сөзін бұлқына, ентіге айтты.

— Міне, апай, келдік, бастаймыз. Алдымен ауыл кеңесінін қолындағы мәліметпен талдай танысып алалық. Мал алатын кедей-батырақтардың тізімін де анықтап бір қарап өтуіміз керек деп Нұрғали ізетпен жауап беріп жұмысқа кірісе бастады.

Болатком ағасы Қарқаралыдан келген төтенше өкіл Бекбасовтар сөзді келесі күнге байлаған солардың келер алдынан Әбен аулына сайлана барып отыруды ұйғарған ауыл кеңес қосшы ұйымының белсенділері, кедей, батырақтар тобы жан-жақтан жиналып атқа мінді. Тәтібала кемпір анада дайындатып қойған қарағай сырыққа байлаған жалауын Маңкенің қолына беріп:

— Ыбылжымай, мына туды шалқыта ұста. Әкең Смайыл өмірін Әбен малшылықта өткізіп аузы жарып ас іше алмай, тақымы толып тай міне алмай кетіп еді. Бүгін атаңның ақы адал еншісін алатын күнің, — деп біраз тықыртып алды. Кеше кешке жеткен хабарды алып Дегелең бауырындағы ауылдардан да үлес алатын Ыбыш бастаған Жаяу Түсіп тобы да келіп қосылды. Бөлек адырындағы Қайнардан ту желбірете аттанған топ Қотанбұлақ қорығына бет алды.

Ертеңгі күні «кәмпескешілер келеді» деген хабарды қара тұтып отырған Әбен ауылы күңіренген күйзеліс үстінде еді. Кейінгі күндерде жанына өлшенген қосты жылқы қоралы қойды да бетімен жібергендей, бие де байлаусыз, ауыл аза үстінде болатын, сол ауылды оятар үн жаңғырығы естіледі. Ол мына ту желбіретіп келе жатқан конфискешілер үні солардың үні еді. Мынау ән Әбен аулының үрейін онан сайын ұшырды. Бұл топ әнді шырқай, өлендерін айта ауыл сыртынан келіп үйіріле аттан түсті. Ауыл үнсіз тек шабаланып үріп шыққан иттер даусы біраздан кейін о да басылды.

Топ ішінен Тәтібала бастаған Нұрғали екі ауыл кеңес ағасы олармен ілесе Маңке, Тулақбай сияқты белсенділер тобы болып, Әбен үйіне келді. Бұйыға төсегіне қисайып жатқан Әбен басын көтермеді. Кішілік ете халық әдетімен сәлем бере кірген жігіттердің сәлемін де қабылдаған жоқ. Өзі отырған үйіндегі безеу бет тоқал да көгере тыжырайған қабағымен талағы тарыс айрыла Әбеннің аяқ жағынан отырған бойы қозғалған жоқ.

Үйге топты бастап кірген Тәтібала кемпір қолындағы ақ сабауына сүйене отыра беріп:

— Ел басына қара күн туғызып, қамшы ойнатқанда қайратты едің, өзіңнің басыңа күн туғанда бүйіше бүрісіп қалыпсың ғой. Қалай долдансаң да халық қаһарынан құтылмасқа көзің жеткен болар. Онан да басынды көтер. Ана өрістегі малынды қотанға келтірт. Тәңірі біреу, кезек екеу деген — деп ентіге тоқтады. Тәтібаланың табалай да тапжылтпай бәрін мойындата айтқан сөзі ашындырғандай Әбен басын көтере беріп:

— Ә, менің жан алғышым келген екен ғой. Менен немене ат өтті етіп отырсыңдар. Малдарың әне, өзіміз міне, ендігі ие сендерсіңдер. Ала беріңдер — деп көгеріп тұратын, салпы икемсіз ерні быжырайып үн қатты.

— Онда еншіңді алуға дайындал. Қазір болыстық өкілдер де келеді. Ендеше біз малды осы араға әкелдіреміз, — деп Тәтібала орнынан тұрды. Тәтібаладан басқасы сөз қосарлаған жоқ. Бұлар далаға шыққан кезде кіндікті жақтай суыт жүріп келе жатқан бір топ салт аттылар тобы да көрініс берді.

Әбеннің жылқышы, малшыларына ауыл кеңес әмірлі үнмен ана өрістегі малды ауылға жақындатыңдар. Бәрі есепте, бір де бір мал қағажу үйірінен бөлінбесін — деп бұйырды.

Осы әмірді күтіп тұрған жылқышы, қойшы, түйеші дегендер жабырлай атқа мінді. Өздері де бүгінгі үлестен енші алатын әлдеқашаннан күтіп жүрген кедейлер ә дегенше жылқыны өрістен қайырып, ауыл жанына әкеліп қойды. Қотанға иірісті. Түйе саны шамалы екен, оны да сырттан қарайтын малай жігіт тайлақтата айдап келді. Бұл кезде болатком бастығы төтенше өкіл Бекбасовты ертіп олар да келіп түскен болатын.

Өкілдер тобы ауыл сыртындағы кішкене алаңға дөңгелене отырып жиналыс ашты. Жиналысқа конфискеленетін Әбен үй ішімен шақырылып бірінші реттен отырғызылды. Қосшы ұйымының тобы олар өздерінің ретімен келіп орналасты. Сол отрядтағы кедей қауымдары енші алуға келген кедей батырақтар арқан-жібін буына олар да келіп отырды.

Мәжілісті болатком ағасы Тоқсанбаев ашып, сөзді Қарқаралыдан келген өкілге берді. Бекбасов сөзді бастарда көпшілікке арнайы:

— Мен өз тұсымнан сіздерге айтар насихатым жоқ. Тек Қазақстан Орталық партия Комитеті мен атқару комитетінін Қазақстандағы ұлы байларды конфискелеп ел ортасынан аластап жер аудару жайындағы қаулысын оқып сіздерге таныстырам, — деп қаулыны байыпты қоңыр үнмен оқып, әрбір буындағы мағанасын баяндай отырды. Қаулыны оқып болып, енді бүгінгі сіздердің алдарыңызда сол қаулыға барлық жағынан тап келген мына Әбен байды конфискелеу жайынан айтам, — деп Әбеннің қысқаша байлық, феодалдық, ел қанаушылықтағы халыққа мәлім жайын айтып өтті. Сөзін тағы жалғап, Әбен болыс, осы қаулы бойынша бүгін малы конфискеленіп заңды еншісін алып оңашаланады. Уездік, облыстық комиссиядан қай облысқа баратын қаулы бекіп келгенше, осы орнында болады. Қаулы келісімен басқа облысқа жер аударылады. Оған уездік конфиске комиссия алқасының және орталықтан келген төтенше уәкіл Татимов жолдастың тапсырмасы осылай, — деп тоқтады. Бекбасовтың аузынан «орталықтан келген төтенше уәкіл Татимов» деген сөз шыққанда топ алдыңда отырған Тәтібала кемпір:

— Ой, асыл жұрағатым келген екен ғой, — деп орнынан қозғалып:

— Шырағым өкіл баламыз, мен бір сұрақ қойсам бола ма, — деп Бекбасовқа қарады.

— О, апай, сұраңыз, — деп жылы қабақпен қарады.

— Сұрайын дегенім, менің жұрағатым ана Мұқаметқали өзі бұл жаққа келе ме? Өзі салт келді ме? Қазір қайда? — деп сұрақты көбейтті.

— Апай, ол кісі маған жүріс-тұрысын айта қойған жоқ. Бірақ, біз жүрер алдында губерниялық комиссиядан «Семейге тезірек оралсаңыз» деген телеграмма бар деп отырды. Соған қарағанда сірә, ел араламас па деп ойлаймын, — деп тоқтады.

— Көптен көрген жоқ едім. Мына байларды конфискелеп шер түйінін шешкен кезде бір көрсем деп ойлап едім, — деп Тәтібала сапылдаған үнмен сөзін аяқтап орнына отырды.

Сөзді болатком ағасы Тоқсанбаев бастап:

— Қауым, жаңағы уәкіл жолдастың баяндамасын, үкімет қаулысын тыңдадыңыздар. Енді Әбен байдың малынын есебі, бұрынғы саны қарастырылып түгенделеді. Сонан соң алдымен Әбеннің өзіне тиетін еншісі бөлінеді. Одан кейінгі бай малынан енші алатындардың тізімі қаралып, кімге қандай енші беріледі, соны анықтаймыз. Ал қазір ауыл кеңес пен қосшы ұйымы жастардың өкілдері жұмысқа кіріседі деп бұрыннан белгіленген есеп комиссиясына ұсыныс жасады. Есеп комиссиясының мүшелері Кәрім, Маңке, тағы басқалары бар өз жұмыстарына кірісті.

Конфиске хабары шыққаннан бері қадағалай есеп жүргізіп аңдып отырған кедейлер қосшы тобы, есепті лезде-ақ дайын етті. Мал қорасынан қағажу шеткері шығып ауа жайылғаны болған жоқ.

Алдымен ауыл алдыңа тобымен айдап келген жылқыдан Әбеннің өзіне берілетін бірнеше жылқы ұсталып, үйінің жанына маталды. Онан кейін тізім бойынша үлес алатын кедей, малсыз батырақтарға бірден, екіден жылқы берілді. Ал жылқының қалың тобы болашақ колхоз ұйымының орталық малы болады деп қосшыдан белгіленген екі жігіттің алдыңа түсті. Басқа малдардан Әбеннің үйіне күш-келік ретінде бір-екі түйе тағы бір қара берілді. Өзге малдар конфеске ретімен қосшы ұйымының қабылдауында болды.

Мал үлесі біткен кезде ортаға шығып Тәтібала кемпір:

— Уа, айналайын үкіметім, әділдігіңді көзім тірісінде көрдім. Шер — түйінім шешілді. Кешегі ел қанаған қара жүрек бай қанды қамшы Әбенді өз қолымнан конфискеледім. Ал Әбен, мына отырған елдің садақасысың. Ертеңнен қалмай өшір қаранды. Әлгі бір өлең бар еді ғой, ей балалар соны айтып жіберіңдер, — деп өзі даусын шығарды. Осы сәтте:

«Қиратамыз ескі жалғанды,
Жақа тұрмыс орнатамыз.
Жарлықаймыз жарлы қалғанды
Дәулеттен сонда татамыз»

деп Маңке, Кәрімдер бастаған жастар ән шырқады.

Болашақ колхозымызда, сәулетті өмір жасаймыз, — деп қосшы тобы туын шалқытып, малды айдап орталықтарына аттанды


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз