Өлең, жыр, ақындар

Қытай балабақшаларында баланы қалай тәрбиелейді?

Қытай — әлем экономикасының бір бөлшегі. Осыдан елу жыл бұрын әлі дамушы мемлекеттер қатарында жатқан аспан асты елі небәрі қысқа уақыттың ішінде еңсесін тіктеп алды. Бүгінгі таңда ҚХР дүниежүзіндегі экономикасы мықты елдер арасында Америкадан кейін екінші орынды алып отыр. Статистика бойынша АҚШ-та ЖІӨ $20,93 трлн болса, ал ҚХР-да $14,72 трлн құрайды екен. Қалай ойлайсыз? Қытайдың мықты елдер қатарына қосылуына не әсер етті? Бәлкім, халық саны көп болғандықтан ба? Адамы көп десек, онда Үндістанда да қытаймен шамалас адам бар емес пе?! Индия неліктен әлемнің негізгі экономикасы болып кетпейді? Демек, мемлекеттің дамуы халқының санына қатысы жоқ. Меніңше, жұрттың санын емес, сауатын арттыру керек сияқты. Себебі қай саланы алып қарасақ та, сол сфераны дамыту үшін білім керек. Осы орайда білім мектепке дейінгі балабақшадан бастау алатынын атап өткім келеді. Бүгінгі жұмысымда мен Қытай елінде балабақшалар қандай және бүлдіршіндерді мектепке дейін қалай тәрбиелейді, артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталмақпын.  

Бүгінгі таңда ресми мәлімет бойынша 2021 жылы Қытайда 295 мың балабақша бар екен, бұл 2011 жылмен салыстырғанда шамамен 77%-ға артық. Қытайда бала үш жасында кейде екі жастан асқан соң балабақшаға барады. Дегенмен баланың балабақшаға баруы міндетті емес. Ата-анасы қаласа баласын балабақшаға бермей-ақ үйде өзі бақса да бола береді. Бірақ көптеген қытайлықтар баласын балабақшаға бергенді жөн көреді. Себебі мектепке жақсылап дайындалады деп ойлайды.    

Жеке меншік VS Мемлекеттік

Жалпы аспан асты елінде балабақшаның 2 түрі бар. Олар: жеке меншік және мемлекеттік. Қытайда адам саны көп, сәйкесінше балабақшаға баратын балалар да мол. Әдетте қытайлықтар балаларын мемлекеттік мекемеге бергенді жөн көреді. Себебі онда ЖОО бітірген мамандар жұмыс істейді әрі бағасы да арзандау болады. Алайда мемлекетттік балабақшалар тез толып қалатындықтан, ата-аналар жекеменшік балабақшалардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Осы орайда жекеменшік балабақшаларды негізінен Қытайда әртүрлі себеппен тұрып жатқан шетелдіктер ашады. Себебі олар өз балаларына не мемлекеттік балабақшаға орналастыра алмайды немесе айналасындағы балабақшаларға көңілі толмағандықтан өздері қолға алады. Статистика бойынша Қытайда 3 жастан асқан 10 мыңға жуық шетелдік бала әртүрлі балабақшаларда тәрбиеленуде екен. Енді бағасына келетін болсақ, жеке меншік балабақша айына шамамен 2000 юань тұрады. Ал мемлекеттік балабақшада ата-аналар жарты жылға небәрі 3000 юань төлейді. Осы жерде бағадағы айырашылықта кәдімгідей парық бар, жекелік балабақша қымбат екендігі белгілі. Дегенмен бұл ақшаға «бәрі бар» қызметі кіреді яғни баланы күніне 5 рет тамақтандыру, балабақша автобусымен апару, әкелу, балабақша формасы, аяқ киім, рюгзак, төсек-орын және де ақыл-ойды дамытуға арналған түрлі-түсті құралдар жиынтығы беріледі. Бүлдіршін балабақшаға қабылданған кезінен бастап өзге кішкентайлармен бірдей форма киіп, сөмке тағады. Дегенмен форма кию міндетті емес, бірақ ата-аналар балабақшаның берген формасын құп көреді, себебі әр ай сайын балаға жаңа киім алып беріп әуре болмайсың. Осы жерде мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың айырмашылығы бағасында ғана емес, оқыту да бар. Мемлекеттік балабақшаларда баланы еңбекті жақсы көруге, еңбектенуге тәрбиелесе, ал жекеменшік балабақшаларда керісінше мәдени және эстетикалық білімге яғни теориялық біліммен қатар өнерді де үйретуге көбірек көңіл бөлінеді. Жеке меншік балабақшалар қытайлық білім беру жүйесімен ғана шектелмей шетелдің озық білім жүйесін де өз тәжірибелерінде қолданады. Осы жерде ақша жүрген жерде жемқорлық жағы қоса еретіні белгілі. Осы мәселені шешу үшін қытайлар сауалнама жүргізуді дұрыс деп тапқан. Ата-аналар баланың формасы мен оқуы, қысқы жылытуға ғана ақша төлейді де басқа қосымша төлемдер жоқ. Оның орнына әр алты ай сайын баланың әке-шешесінен жемқорлық жағдайы кездесті ме жоқ па сұралып отырады. Бұл жерде олар коррупцияға барынша қарсы тұрғысы келетіндігін көреміз.

«Бірінші сыныпқа барарға дейін төрт жүзге жуық иероглифтерді жатқа білу керек»

Балабақшада оқыту екі кезеңге бөлінеді, әр кезең алты айдан тұрады. Оларға мектепке бармай тұрып-ақ математика мен иероглифтерді оқытуды үйретіп бастайды. Қытайдағы білім жүйесі бойынша балақай бірінші сыныпқа барарға дейін төрт жүзге жуық иероглифтерді жатқа білу керек. Бұдан бөлек оларға табиғат құбылыстары, өсімдіктер мен ағаштардың түрлері туралы да айтылады. Балабақшада бір топта 30 бала болады, оған екі тәрбиеші мен бір тәрбиеші көмекшісі қарайды. Осы орайда әр баланың ойынға қатысуы жіті қадағаланады, себебі Қытайда әрбір отбасында бір ғана бала болғандықтан олар тек балабақшада ғана өзге бүлдіршіндермен сөйлесіп ойнайтындығы ескеріледі.  Балақайлар келе салысымен күнде таңертең мемлекеттік ту көтеріліп, әнұран ойнатылады. Осылайша отансүйгіштікті дамытуды жастайынан қолға алады. Бұдан кейін бүкіл Қытай балабақшаларында таңертең балалар мен тәрбиешілер бірдей би билейді. Бұл биде олар дене бұлшық еттерін қозғалтып, кәдімгі спорт жаттығуларынан гөрі тиімді әрі қызықты деп биді салауатты өмір салтын насихаттау үшін қолданады. Осыдан соң күннің бірінші жартысында балалар қытай, ағылшын, математика, музыка, иероглифтерді оқып, өлең айтуды үйренеді. Мұғалімдер оқушылармен 2 тілде — қытай және ағылшын тілдерінде сөйлеседі. Ай сайын балалар аттестаттаудан өтеді, ал егер бала пәнді жақсы білмесе, мұғалім сөгіс естиді. Сондай-ақ әр маусымда ата-аналармен бірге банкке, поштаға, фермаға, стоматологияға, тауға шығу, саябаққа барып қыдыру сияқты міндетті іс-шара өтеді. Бұл бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайтады.

Сонымен қатар Қытайда жер сілкінісі жиі болып тұрады. Сондықтан балабақшалар мен мектептерде міндетті түрде қауіпсіздік сабағы өткізіледі, онда балаларға жер асты дүмпулері басталса, өзін қалай ұстау керектігі айтылады. Егер ғимараттың құлау қаупі бар болса, басын қолымен жауып, тез арада көшеге атып шығу керектігі, ал егер ғимарат қатты шайқалмаса үстелдің немесе кереуеттің астына тығылып өзін қорғай алатындығы үйретіледі. Сонымен қатар өрт қауіпсізідігі сабағы да өткізіледі. 

Тәрбие

Ал енді тәрбие жағына тоқталсақ. Азия елдерінің студенттері дегенде әдетте көз алдымызға көзіне көзілдірік таққан, кітаптан бас алмайтын оқушылар елестейді. Әрине, бұның себебі оларда оқуға көп көңіл бөлетіндігімен түсіндіріледі. Дегенмен күнделікті өмірде қарасақ, екі қолына бір күрек таппай жұмыссыз жүрген қытайды кездестірдіңіз бе? Өз басым жоқ. Міне осы жерде қараңызшы. Олар оқу ғана емес күнделікті өмірдегі қоғамдық істерге де көңіл бөледі. Балабақшада балаларға туындаған түсініспеушілік пен қиындықтарды өз беттерінше шешуге үгіттейді. Әрине, тәрбиешілер әрдайым көмектесуге дайын. Дегенмен де олар баланың өзі қоғамдағы орын алатын жағдайларды кішкентай кезінен өз бетінше шешіп үйренуін дұрыс көреді, себебі бұл олардың бойындағы көшбасшылық қасиетін дамытып, баланың өз-өзіне сенімді болып өсуіне ықпал етеді.

Бұдан бөлек Қытайда Халықаралық балаларды қорғау күні Жаңа жыл сияқты дүркіреп тойланады. 2 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер ең әдемі киімдерін киіп қымбат қонақ үй залында ортаға шығып өнер көрсетеді. Бұлда балаларға деген ерекше қатынастың бір көрінісі іспеттес.

Кемшіліктері

Дегенмен Қытай балабақшаларының кемшін тұстары да баршылық. Қытайдың оңтүстік аймақтары әдетте жылы. Алайда қыс мезігілінде қанша дегенмен температура төмендейтіні анық. Сол уақытта кейбір балабақшалар жылу жүйесіне қосылмағандықтан ғимарат іші қоңыр салқын, суық болады. Сондықтан балақайлар балабақшаның ішінде қалың киіммен қысқы аяқ киімдерімен отырады.

Сонымен бірге баланы температурасы көтеріліп іші ауырып тұрса да балабақшаға әкеле алады. Себебі бәрімізге де жұмысқа бару керек қой. Ал балаларды есік алдынан медбике күтіп алып әр баланың дене темературасы мен денсаулығын бақылайды. Бұл оларға тұмау сияқты вирусты аурулардың балалардың арасында таралмауы үшін алдын ала жасаған қадамдары. Ал егер бала ауырып тұрса да оны қабылдап, өздері емдейді. Дегенмен тұмау сияқты аурулар ауамен тез таралатындықтан аурудың алдын алу бәрібір де қиын.

Қатал тәртіп

Қытайда бала өз қалауын ысырып, топтағы тәртіпке бағынуды үйренуі керек деп санайды. Ал көнбеген балалар болса оларға қатал қарайды. Осы жерде тәрбиешілер кейде балалармен қатал қарым-қатынасты мектепте одан да қатал болатындығымен түсіндіріп, өз әрекетін ақтап алады. Мектеп жасына дейінгі балалар сабақ барысында тыныш отырып, сыпайылық пен әдептілік нормаларын сақтауды талап етіледі. Ал егер шулап бұл тәртіпке көнбеген жағдайда жазалайды. Жазаға келсек, әр тәрбиеші өз ыңғайына қарай жазалайды. Мысалға бір иммигрант баланы иероглифті әдемі жаза алмағаны үшін баланың саусақтарын кішкене таяқпен ұрған жағдайлар да кездескен. Әрине, осы жерде ата-ана қайда қарайды? Өз баласын қалайша біреуге бұлай ұрғызып отырады деп ойлайсың. Дегенмен қытайлар — балаға қатал тәртіп керісінше пайдалы деп санайды. Қытайлық әке-шешелер үшін баласының мінез-құлқы жақсы әрі үлгерімі де жоғары болса соны ең маңызды деп санайды. Мәселен, ұйқы режимдері шамамен бір жарым сағатқа созылады. Бұл уақытта кейбір балалар расыменде көз шырымын алса, ал екіншілері ұйқысы келмесе де тып-тыныш жатады. Бұзықтық жасап, жастықпен ойнау деген атымен жоқ, себебі тәртіп қатал.  

Баланың эгосын жою

Тәртіп болғаны жақсы. Дегенмен бұл мәселеге екінші жағынан қарасақ мұндай қатал тәртіп баланың шығармашлық бастауларын жанбай жатып сөніп қалуына әсер етеді. Бала өз қалауынша бірдеңе жасауға қорқады, яғни баланың өнертапқыштық қабілеті жоқ болады. Әлемдегі инновацияларды қарасақ бәрі дерлік ережеден тыс жағдайда дүниеге келген. Осы жерде қытайлар неге өмірі үнемі өзгелерден көшіре беретіндігін түсінеміз. Осылайша бала балабақшада үш жыл білім алған соң барып мектепке қадам басады.  

Әлемдік қауымдастықта Қытайдағы оқытуда қатал тәртіп жиі сынға алынады. Дегенмен бір жарым миллиард халықты басқарып, оларды жұмыспен, тамақпен қамту оңай емес екендігі анық. Сол жағынан қарасақ бәлкім қатал тәртіп болғаны да дұрыс па деп те ойлайсың. Бірақ Қытай өз алдына бөлек мемлекет, балабақшада қандай саясат, қалай тәрбиелейді бұның бәрі олардың ішкі ісі яғни бізге қатысы жоқ нәрсе. Сондықтан сынай алмаймыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, өз еліңнің еркін балабақшасында өскенге не жетсін дегім келеді.

Алматы қаласы КМҚК
"№115  бөбекжай-балабақшасының"
тәрбиешісі Шаймұрат Гүлназ

Оқуға кеңес береміз:

Үңгірде орналасқан, жүздеген тұрғыны, мектебі мен баскетбол алаңы бар ауыл


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз