"Өлінің үрейі риза болса, тірінің мерейі риза".
Халық нақылы.
— Темір-ay, мен туралы жазсайшы, — дейтін кейде Ерболат жездем менің журналистік жолға түсіп, мақала, өлеңдерім газетке шыға бастағанынан хабардар екенін байқатып. Мен де оны сөйлету үшін әдейі мән бермегенсіп, тұмсықты көтеріп қойып:
— Сізді не деп жазамыз? — деймін.
— Менің өмірім, басымнан өткендердің өзі бір кітап боларлық, — дейді Ерекең.
Балалық па, әлде шалалық па мен оның өз аузынан өткен өмірі жайында тыңдауға құлық танытпадым. Бәлкім, оны арамыздан мезгілсіз, ерте кетеді деп ойламаған шығармын. Шынында да ауру сырқаудан ада, тепсе темір үзетін отыз бестегі қайратты жігіт аяқ астынан бақиға аттанып жүре береді деп кім ойлаған.
...Менен бес жас үлкен Тұрсын апам тұрмысқа шыққанда мен он екі жасар бала едім. Білетінім иманды болғыр Бітеген құдамыз бен Илаш құдағи жөн-жоралғысын жасап, біздің үймен араласты. Бітекең жездеміздің әкесі Өтегеннің туған інісі екен.
Миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкеліп, талайды зар қақтырған сұм соғыс бұл әулетті де айналып өтпеген. Естуімізше, Отан қорғауға аттанған Өтеген сол кеткеннен оралмаған, "балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен" тар заманда адамды жағдай билейді дегендей, анасы басқа біреудің етегінен ұстайды да, жалғыз ұлдары Ерболат аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленеді. Зіңгіттей жігіт болып, әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін көңілдері жарасып, апамызға үйленеді.
Сонымен біздің Ерекең жездеміз туралы оны білетіндерден сұрай қалсаңыз, аңқылдаған ақ көңіл, үлкенмен де кішімен де жадырай жөн сұраса кететін кішіпейіл азамат болғандығын айтады. Арамдығы, қулық-сұмдығы жоқтықтан болар, дос-жаранмен арқа-жарқа көңіл көтергенді жақсы көретін. Бірақ, қандайма жағдайда да отбасының шырқын бұзғанын, айқай-шу шығарғанын, біреулермен кикілжіңге барғанын көрген де, естіген де емеспіз. Көңілденген кезде:
Өзенім, менің Өзенім,
Өзенім менің — өз елім!
Болмаса да өз елім,
Өзенді өз елімдей көремін,
— деп әндететіні бар-ды.
Әлі есімде, апа-жездеміз көшіп-қонып жүрген жас отбасы ғой, бір тоқтысын біздің үйге қосып қойған-ды. Мен ата-анамның төрт қыздан кейін көрген мырзасы, үйдегі "атұстардың" үлкенімін, сондықтан болар еркеліктен, тентектіктен алдыма жан салмаймын. Жасым он алтыға толғанда "туған күн жасаймын", деп қиғылықты салмаймын ба?! Ол кездерде туған күнді тойлау деген ел арасында қазіргідей кең етек алмаған, әрі оны тұрмыстық жағдай да көтере бермейді.
— Балам-ау, оған мал керек,ақша керек, қолдағы қозылы саулықтар кілең арық-тұрақ, — дейді әке-шешем бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.
— Ерболат пен Тұрсынның тоқтысы бар емес пе,соны сою керек, — деймін мен де қалыспай, олар бір-біріне қарап, мырс-мырс күледі. Ақыр менің дегенім болды. Сөйтіп, он алтыға толғанымды сыныптастарым, ауылдастарым дүркіретіп тойлады.
Арада төрт-бес ай өткеннен кейін апа-жездеміз қыдырып келді.
— Туған күн жасапсың құтты болсын, — деді Ерекең, байқаймын қарқ-қарқ күлуге шақ қалып тұр.
— Иә, жасағанбыз, — дедім дым білмегендей.
— Тоқты сойыпсыз ғой?..
— Иә, сойғанбыз...
— Ол кімнің тоқтысы?
Жауап қатудың орнына бұрылып бетіне қарап едім, қарқылдап күліп жіберді. Қосып қойған жалғыз тоқтымды бұлар сойып қойды-ау деген ой қаперіне де кірер емес. Бір шалдың борбайына қарап отырған, көп балалы отбасының жағдайын жақсы білгендігі ғой, сол баяғы кіршіксіз, ақ жарқын қалпы. Сондықтан болар, біздің үйдің іші оны өте жақсы көретін-ді.
Мен есейе келе тезірек мектеп бітірсем, жасы пайғамбар жасынан асса да, бала-шағаны асыраймын деп жұмыстан қол үзбеген әкеме көмектессем, ғұмыр бойы тыным таппай тырбана еңбек етіп, талай ауыртпалықты бастан кешкен оны бейнеттен құтқарсам деп қана армандадым. Жұмыс талғамай, жалақы беретін кез келген жұмыс болса жасап кете беруді мақсат тұтқаныммен, мектеп бітіргеннен кейін жолым болмай-ақ қойды. Барған мекемелерімнің басшылары: "әлі он жетіге де толмаған екенсің, өзің әлжуазсып, бойың аласа", деп шығарып салады. Өзіммен бірге мектеп бітірген, төңірегі, тамыр-танысы бар, не бастықтың балалары жұмысқа тұрып кетті. Мен екі айдай жұмыс іздеп, торығып жүргенімде, Жаңаөзеннен Красноводскіге,одан Ақтас ауылындағы біздің үйімізге Ерболат жездем келе қалды. Жағдайымды естіген ол: "Олай болса, мен сені Өзенге алып кетемін, жұмысқа орналастырамын", — деді. "Қайда барсаң да Қорқыттың көрі", деген екен жолы болмай түңілген біреу, маған Өзенде де құшағын жайып тұрған ешкім көрінбеді. Ерекең ертіп барады, барған жеріміз мамандық сұрайды, онжылдықты жаңа ғана бітірген бозбалада мамандық қайдан бола қойсын. Сөйтіп жүргенімде "қалада кәсіптік-техникалық училище ашылып жатыр екен" деген хабар шықты. Сол маңдағы өзім теңдес балалармен танысып үлгерген мен, солармен бірге кәсібін меңгеріп шықтым. Ол кезде барлық сабақтар тек орыс тілінде жүретін, оқытушыларымыз да негізінен орыстар болатын. Тас қалаушы, ағаш шебері, сыршы-сылақшы, электрик, сантехник сияқты жұмысшы мамандықтарына оқыған үш жүздей оқушыдан сегізіміз ғана жергілікті ұлттан едік. Өндірістік практикада бізді ең ауыр учаскеге салды. Жоғары кернеулі, құрастырмалы, алып темір бағандарды дайындап, шел дала арқылы оның желісін тартумен айналыстық. Қыстың қақаған аязды, кейде құм аралас қарлы борасынды күндерінде, жаздың аңызақ аптабында бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келетін-ді. Оң аяғымдағы он үш жасымда футболдан алған жарақатым бар болатын. Сол сыздап ауырып, ісіп, білдіре бастады. Сынығы бітіп, әлдеқашан жазылып кеткендей еді, енді міне, қайта қозды. Дегенмен, өзімді өзім қамшылап, сыр бермеуге тырысып, ауырғанына қарамай, сүйретіліп жүре бердім,ондағы ойым, өндірістік практикамды тезірек бітіріп, ауылға жету, жұмысқа тұрып, әкеме көмектесу еді. Әсіресе, таңертең тұрғанда бүгіп жатқан аяғым жазылмайды. Өзімді өзім күштеп, аяқты уқалап жазып, ауырсынсам да ет қызғасын елең қылмай кете беретін болдым. Бірақ, бұл әдетім де ұзаққа бармады, бір күні төсектен қозғала алмай қалдым...
Менің мұндай халімді көрген жездем де қиналды. Жұмысынан сұранып, қолтығымнан сүйеп, қалалық емханаға алып барды. Рентгенге түсіргеннен кейін дәрігерлер әсіресе, футболшыларда көп кездесетін буын жарақатын алғанымды, бірақ әбден айығып кеткенше емделмегендіктен оның қайта асқынғанын айтып, сол кездегі облыс орталығы Гурьевке жолдама берді. Бұрын барып, көрмеген жерім және өзім зорға жүріп жүрмін, "енді оған қалай барар екенмін", деген күдікті ой қылаң берді. Ол кезде Жаңаөзеннен Гурьевке ұшақ ұшып тұратын, билет тек қана аэропорт басындағы кассадан сатылатын. Апам көзіне жас алып, шығарып салды. Ерекең: "ұшаққа отырғызып кейін қайтамын", деп менімен бірге жүрді. Өзеннің қазіргі автовокзалы тұрған жерден ары қарай аэропортқа дейін мидай дала және көрініп тұрғанымен жеткізбейді. Жусанды, кедір-бұдыр жерлермен жүріп келеміз. Менің жайымды қас-қабағымнан аңғарған жездем: "Асықпа, сәл дем алып ал, үлгереміз ғой", деп қояды. Ал, әлі балаң көңіл мен "қайда бара жатырмын, алда не күтіп тұр", деген өз ойыммен әуремін.
Аэропорт кассасының алды топырлаған адам екен, кезекке тұру деген жоқ, билет ұшақ ұшатын кезде сатылады және билетке қолы жетпей келесі күнге қалып қоюшылар болады екен. Бұл "жау жағаласты" көргенде менің салым суға кеткендей болды. Бірақ, бойлы-сойлы, күш-қайраты бар Ерболат жездем топты жарып кіріп, билет алып шықты да маған ұсынды.
— Ау, мынау екі билет қой, — деймін мен қолымдағы қос билетке қарап, — біреудің билетін қоса алып...
— Жо... жоқ, — деді ол сөзімді аяқтатпай, — маған бір ой келді, сені Гурьевке дейін апарып қайтамын, бір билет менікі...
— Қалайша... ал, жұмыс ше? — дедім мен қуанғанымнан сөз таба алмай.
— Түк етпейді, бригадиріме звондап айтармын, бір есебі болар, — деп қолын бір-ақ сілтеді. Екеуміз қосыла күлдік.
Бұл 1971 жыл болатын. Мен емделіп қайта қатарға қосылдым. Иә, Ерекеңнің шамасы келсе кез келген адамға жақсылық жасауға жаны құмар болатын. Апамыз оның үйге қонақ-қопсы келмей, келім-кетім болмай қалса далаға шығып, танитын немесе жаңа танысқан біреулерді үйге ертіп келіп қонақ қылатын ақ көңілділігін айтып, еске алады. Өйткені, ол бір көргенде кісімен жарқылдай амандасып, жөн сұрасып, сыйласып жүретін. Біреуді сыртынан ғайбаттау, өсек-өтірік айту, алдап кету сияқты жағымсыз қылықтарды ойына да алмайтын-ды.
Кейіннен отбасылы, жұмысбасты болып, әрі ауыл арасы да жақын емес, біз Красноводскіде, олар Өзенде дегендей, араға айлар, тіпті жыл салып көріп-көріспей жүретінбіз. Сондай кезде қыдырып бара қалсақ, құшағына алып, бетіңнен сүйіп, қауқылдап қалатын. "Құдайға да жақсы адам керек", дейді ғой, кейде сол рас-ау деген ой келеді... 1978 жылдың соңында, небәрі 36 жасында Ерекең ойламаған жерден, ауырмай-сырқамай қайтпас сапарға аттанып кете барды...
Сол күндері күздің қысқа ұласқан тұнжыр аспаны мұңданып, бұрынғыдан да тұнжырап, өңменнен өтер қара суық бүрсеңдетті. Дәл сол күні көргендердің айтуынша, Ерекең бір түрлі мұңдылау, көңілсіздеу көрініпті. Таңертеңгілік күндегі әдетімен жұмысқа шығып бара жатып, артына қайырылып тұрып, балаларының үлкені, он үштегі қызы Сәнжанға: "Апаңның айтқанын тыңда", депті де, шығып жүре беріпті. Бұл оның ұядай шаңырағынан қара үзіп бара жатып айтқан соңғы сөзі, бәлкім қоштасқаны шығар... содан қайтып оралмады...
Иә, Ерболат Отаны үшін от кешіп, соғыстан қайтпаған боздақтың бірі — Өтеген сынды есіл ердің жалғызы, артында қалған тұяғы еді. Ерекеңнің қиын балалық шағы туралы еміс-еміс естігенімізбен дұрыс білмегендіктен қалам сілтей алмадым.
Білетінім, бұғанасы бекіп, жігіт боп бой түзей бастағанында Түрікменстанның Красноводск қаласынан азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына алынады. Құдай айдап Маңғыстауға түседі, сөйтіп, атажұртының ауасын жұтып, суын ішеді. Сол-ақ екен киелі өлке магнитше тартады. 1965 жылы жас отау иелері — Ақтауға көшіп келеді. Одан кейінгі жылдары Ескі Өзенде (қазіргі Қызылсай), Жаңаөзенде тұрады. Өзен мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты N3 техникалық транспорт мекемесінде бульдозерші болып, алыс шақырымдарға бұрғылау қондырғысын сүйрейді. Мұнайшылар қаласында балалы-шағалы болды. Міне, Ерекең жездеміздің бақилық болғанына да отыз жыл толып отыр. "Орнында бар оңалар", дегендей, отыз бір жасында қосағынан айырылып, шиеттей бес баламен шырылдап қалса да шаңырағын шайқалтпай бекем ұстаған Тұрсын апамыз бүгінде еңбек ардагері, мұнайшы-зейнеткер, Ақтау қаласында кенже ұлы Көбеннің қолында, немерелерін бағып-қағып тұрып жатыр. Қандайма қиындық көрсе де, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай кәмелетке жеткізді. Қыздары Сәнжан, Бибіжан, Дәмежан бүгінде бір-бір мамандық иелері, екі үлкен қызы Оралбай, Қылышбек сынды өздері теңдес жайсаң жігіттермен тұрмыс құрды, балалы-шағалы болды, бірі Алматыда, екіншісі Астанада тұрады. Ұлдары Беген мен Көбен де жоғары білімді маман, көпшілікке сыйлы да абыройлы азамат боп жетісті, екеуі де жауапты қызметте. Олар Эльмира, Кәмшат есімді келіндермен жарасты отбасы құрып, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіруде.
Мұнайлы Маңғыстауымыз бүгінде танылмастай өзгеріп, атағы төрткүл дүниеге таралды. Бір кездері құйын кезген, сағымды боз даланы осындай ғажайып күйге жеткізген, шын мәнінде ата-бабамыздан қалған жер асты байлығымыз бен оны игеруші еңбек адамдарының қажырлы ісі ғой. Солардың сапында менің жездем, жаңаөзендік мұнайшы Ерболат Өтегенұлы Амантұрлиев та бар. Сонау алпысыншы жылдардың бел ортасында осынау өлкеге омырауын ашып келген ол, "қара алтынды" ел ырзығына айналдыру үшін бар қайрат-жігерін салып, еңбек етті және арқалағаны алғыс болды. Бүгінде арамызда болмаса да оның адамгершіл жарқын бейнесін, есімін оны білетіндер, артында қалған ұрпақтары ұмытпайды.
Ал, өмірде жақсылыққа, адалдыққа жаны жатық Ерекең бақида да бізді, өзін еске алушыларды рухымен демеп, желеп-жебеп жатыр.
Жаның жәннатта болсын, асыл жезде Ерболат Өтегенұлы!...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі