Ырысқали қартты бала кезімнен білемін. Қабағы шығыңқылау, ашаң жүзді, шоқша сақалды, бір аяғын сылти басатын, қайратты кісі әліге дейін көз алдымда. Ашуланғанда көзінің аласы көбейіп, сұстана қалатын. "Шаш ал десе бас алатын", сонау отызыншы жылдары он жылға ұсталып келген. Кейінгі алған жас әйелінен екі ұл, екі қызалағы бар. Жаздың ыстық күндерінде шалбарының бір балағын түріп қоятын. Себебі жара шығып, ісіп, білеуленген аяғына қара май жағатын-ды. Сүйтіп жүріп тыным таппайды — шөп шауып, совхоздарға вагонмен келіп тұратын мал жемін түсіріп, өзінің уақжандығын жемдеп, сауын түйелерін құдықтан суарып, өріске айдайтын. Жасы келе өзінің сұр есегін мініп жүретін, үйінен қашықтау жердегі той-садақаларға да сонымен баратын-ды.
Бірде есегімен теміржолшыға тас қиыршығын таситын машиналардың жолына қарай бара жатқанын көрдім. Қасында қолына папкі ұстаған, жиырмалардағы жас жігіт бар.
— Ырсеке, ассалаумағалейкүм! — дедім дауысымды көтере.
— Уағалейкүмүссалам! Амансың ба? — деп ол әдеттегіше амандық-саулық сұрасты да, — районная келген қонақ бала еді, таудың үстіндегі ауылға бармақшы екен, таныс шопырларға жеткізіп тастаң деп айтайын деп...
Сөйткенше болған жоқ, "ЗИЛ-130" автомашинасы тоқтай қалды. Енді бір қарағанымда Ырсекең сұр есегімен шоқытып бара жатты...
...Араға жылдар салып, бір кездегі өзім тұрған ауылға барудың сәті түсті. Бұрынғыдай емес, салиқалы, жаны жайсаң ауыл қарттарының қатары сиреп қапты. Көрісіп, сәлемдесу үшін Ырсекеңнің үйіне бас сұқтым. Жасы тоқсанға келген ол көзәйнек киіп, ақ сақалы омырауын жапқан қария болыпты. Баяғы әдетімше ауыз толтырып, дауыстап сәлем бердім. Сәлемімді алып, бетіме бір қарады да, атымды атап "сол емессің бе?" — деді, танығаны ғой. Біз сәлем — сауқат алысқанша Ырсекеңнің кемпірі — Қамқа шешеміз шай қойып, қазан асып тастапты. Мен асығыстығымды айтып, рұқсат сұрап ем.
— Рұқсат жоқ — деді ақсақал, -сендердің сәлем бере келетіндерің қалай, отырар-отырмастан "кетемін" дейтіндерің қалай. Бір талай жерден келіп отырсың және сені көрмегелі қашан?!...
Оны шешей де қоштап жатыр. Үлкен кісілердің көңілін қимай, жайғасып отырып, Ырсекеңді әңгімеге тарттым.
— Қалай, қазір той-садақа дегендей, барып тұрасыз ба?
— Шүкір, әйтеуір, балдар шақырған жерге машинамен апарып-әкеледі.
— Ал, баяғы сұр есегіңіз қайда?
— Ойбүй, ол әлдеқашан "капут" болды ғой, — деп күлді.
— Қалайша...
— Бұл бір қызық әңгіме, — деп Ырсекең лекіте күліп алды, — кезінде бір түрікпеннен сатып алып едім, өзі де аттай болатын, өлеріне көрінді ме, өлде ауырды ма, әбден арыды. Қораға байлап, жем-шөбін алдынан алмай, біраз бағып та көрдім. Бірде мына он екінші разъездегі Бекмұрат ақсақал ас беретін боп, көліктің реті болмай және ол кезде бүгінгідей машина да көп емес, әдеттегіше сұр есегімді ерттеп мініп, жүріп кеттім...
...Бұл күздің қара суық кезі болатын. Таңертеңгілік ашылғандай болған ауа райы әп-сәтте қайта бұзылып, екпіні қатайған өкпек желге енді жаңбыр араласты. Су өтпейтін брезент плащын қымтанған Ырсекең ызғарлы жаңбырдың соңы қарға айналуынан қауіп етті. Ауылдан төрт-бес шақырым ұзағаннан кейін сұр есек басын төмен тұқыртып, сүріншектеп, аяғын санап басатын жағдайға жетті. Жолға шыққанына өкінген қарт, есегінен түсіп, жетекке алды. Бірақ әбден титықтаған жануар жолдың қапталына жата кетті. Неде болса жолдан қалдым ғой деп, Ырсекең жол жиегіне тізе бүкті. Мұнысы әл жинаған сұр есегі орнынан тұрар деп дәмеленгендік еді. Өткен — кеткенді ойша шолып, біраз отырады. Орнынан баяу қозғалып, есегіне таяп келгенде байқады, көзі шарасынан ашылған жануар қимылсыз қалыпты.
- — Бірталай жыл жолдас болған, өзі арам болса да күші адал сұр есегім сөйтіп, ұзын жолдың бойында өліп тынды. Серейтіп тастап жүре беруге обалсынып, жолдан былай сүйреп шығарып, боз төбенің беткейіндегі ағын су тілімдеп тастаған сайдың нән-нән кесектерімен бастырып, көмдім. Жер қазып көме қоюға қолымда күрегім болмады, — дейді Ырсекең, — содан арада ұмытпасам, төрт ай өткенде жиенім тойға шақырып, он екінші разъезге тағы жолым түсті. Қасымда Бөрібай інім бар, е-е, айтпақшы, мына кемпір мен Бөрібайдың үйіндегі келін де бар, машинамен жолға шықтық. Баяғы сұр есекті көмген жерден өте бергенде көзім түсіп кетті. Өлексенің үстіне биіктетіп, кәдімгі адамның тұрпаты сияқтандырып, топырақ үйген, сыртын жайдақ таспен қоршап, басына сырық шаншыпты, оған да шұбалтып шүберек байлапты. Машинаны тоқтатып, Аллаһқа сиынып, не айтарымды білмей жағамды ұстадым...
...Әлде қателестім бе деп ойлаған Ырысқали ақсақал төңіректі шолып, есегі өлгенде өзінің тізе бүгіп отырған жеріне дейін дәл тауып, маңайды барлап шығады да, не болғанын әлі де түсіне алмаған жанындағыларға мән-жайды түсіндіреді. Бұған сенер-сенбесін білмеген олардың көздерін бақырайтып қойып, әлгі "әулиенің" басына шаншылған ағашын алып лақтырып, өзінен-өзі күйіп-піседі. "Ау, отағасы, мұның не алжыған шығарсың тимей-ақ қой", — деген кемпіріне жекіп, сабай жаздап қалады. Жиеннің тойында да болған жайды айтайын деп оқталады да, қой, біреулерге күлкі болармын, жұрт әзілдеп отыр деп ойлар деген оймен өзін-өзі ұстайды.
Жалпы, Ырсекең онша сөзшең кісі емес-ті, даңғойлық, орынсыз қылжақты білмейтін, не айтса да сол бір сарабдал сабырлы қалпынан жаңылмайтын. Және кеше мініп жүрген, өздеріңіз білетін сұр есек өлгеннен кейін "әулие" болыпты деп кімге айтсын?! Жабулы қазан жабулы күйінде қалып, уақыт өте ұмытылар ма еді, кім білсін егер... бір күні таңертең әлгі Бөрібай інісі ентігіп жетпегенде:
— Ой, Ырсеке-ау, масқара, мына көрші ауылдағы түрікпендер жол үстінде, боз төбенің баурайында өмірден өткен кім де болса бұл жолаушы құр адам емес деп, есегіңіздің басын қарайтып, садақа бергелі жатқан көрінеді, — деді ол тізе бүкпестен.
— Қой өтірік болар, "түймедейді түйедей" қылатын қылжақбастардың шығарып жүргені шығар.
— Маған мұны қазір молдашылық қылып жүрген мәгәзінші Бердінің оқудан келген баласы айтты.
Ырсекең шоқша сақалын салалап, ойланып тұрды да:
— Сен машинамен жүрсің ғой? — деді.
— Ия.
— Ендеше кеттік, неде болса барып көрейік.
...Шынында да есек "әулиені" біреулер шындап қолға алғанға ұқсайды. Өткендегі Ырсекең алып тастайтын сырықтың орнына одан биік әрі қалың тақтай орнатылыпты, маңайы келушілердің отырып аят оқуына ыңғайластырылып, тазартылыпты. Мұны көрген Ырсекең Бөрібайға жүр кеттік дегендей ым қақты да, машинаға отырып жатып:
— Ауыл әкімдігіне тарт, — деді.
Ауыл әкімі Ырысқали бала кезінен жақсы білетін Есен Мередов деген түрікпен жігіт еді. Ақсақалдарды қадірлеп, сыйлай білетін, кішіпейіл әкім бұларды орнынан тұрып қарсы алды.
— Түрікпен халқының бір мәрттігі үлкеннің, басшының алдын кесіп өтпейді ғой, олар не айтса да заң. Егер тентек-телі оларды да жүре тыңдаса, ұлы ақын Мақтымқұлының нақыл сөздерін мысалға алып, орнымен айта білсең, қай-қайсысы да бұрылып тұра қалады, — дейді ұзақ жылдар бойы түрікпендермен қоңсы қонған Ырысқали ақсақал,-наным-сенімге бой алдырғыш, ділі мен дініне берік халық. Сонымен тоқ етері менің сұр есегім "әулие" болудың аз-ақ алдында қалды...
Кетер-кеткенше Ырысқали қарияның айтқан әңгімесі ойымнан кетпеді. Ертеңіне машинасымен шығарып салуға келген ініме он екінші разьезд арқылы өтетін жолмен жүруді ұсындым. Әлгі есек "әулие" жатқан жер осы-ay деген шамада машинадан түсіп, бозтөбенің баурайына қарай жаяуладым. Арада біраз уақыт өтсе де, тастақжол мен тебе арасының жақсылап тегістелгенін байқау қиын емес, кезінде бұл араны шиырлаған шынжыр табанды трактордың ізі әлі сайрап жатыр...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі