Ақтауда халқымыздың атақты ақын-жырауы Қашаған Күржіманұлының 150 жылдық тойы өтіп жатқан-ды. Жаңаөзеннен кеп, қонақжай іздеп сабылмай-ақ бұрыннан танитын әрі бажалығы бар Бердібай деген азаматтың үйіне қонаға барғанбыз. Ол облыс орталығының үшінші шағын ауданында, энергетикалық колледжге қарама қарсы беттегі екі қабатты ескі үйде тұрады екен. Бердекеңнің қуықтай үш бөлмесі адамға лық толды. Түн ортасы, жақын жерде баратын үй жоқ. Жата кеттік. Біраздан кейін оянып кетсем, қара терге түсіп жатыр екенмін. Үйдің ауасы тыныс тарылтатындай, өте қапырық. Шыдай алмай сыртқа шықтым. Есікті аша бергенім сол-ақ еді, бірдеңе салдыр-гүлдір етіп, біреулер дүркіреп қашқандай болды. "Жігіттік-иттік" деген, қыз-қырқын андып жүрген жігітшіл балалар шығар деп оған аса мән бермедім. Сырттағы шуды естіді-ау деймін үй иесі де шықты. Кеуде кере тыныстап, біраз сергігеннен кейін, орныма барып жата тұрайын деген оймен үйге кірдім.
Таңертең көпшіліктің көзінше Бердекең қолымды алып, алғысын жаудырды. Түкке түсінбей мен тұрмын.
— Түнде сен сыртқа шықпағаныңда су жаңа "Жигулиімді" ұрылар үптеп кетеді екен. Тәңір атқырлар машинаның есігін ашып, енді кірісе бергенде, сен шыға келіпсің, ұрылар бәрін тастап, жан-жаққа қаша жөнелген. Сенен кейін мен шыққанда, машина ақтарылып жатыр, бірақ ештеңені алып үлгермепті. Бүгіннен бастап авто тұраққа қоямын. Сен менің үйіме үнемі қонып, осылайша құтқара бермессің, — дейді Бердекең күліп.
Алғыс та аяқ астынан екен-ау...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі