Өлең, жыр, ақындар

Біреуі - жатыр, біреуі - қайтты...

Сарыағаш шипажайында демалып, ауылға қайтатын кезде бір медбике: "Аға, қайтыс қашан?" — деп сұрады. "Олай деп айтпа, аға ауылыңызға қашан қайтасыз, десеңіз, түсініктірек болады", — дедім күліп. Сонан кейін осы сөзге байланысты болған бір оқиғаны айтып бердім.

Алыстағы теміржол стансасының екі жұмысшысы ел астанасындағы теміржолшылардың орталық ауруханасында емделіп жатады. Ол кезде қазіргідей байланыс жоқ. Стансаның кезекшісі астанаға дейінгі стансалардың кезекшілеріне өтіне отырып қана орталық аурухананың бөлімдерімен байланыса алады. Екі аралықтағы әңгімені жолдағы барлық стансалардан тыңдап отыруға болады. Әлгі емделіп жатқандардың туыстарының өтінішімен станса кезекшісі ауруханамен байланысқа шығады. Екі жерлесінің аты-жөнін айтып, жағдайларын сұрайды. "Олардың біреуі әзір жатыр, ал екіншісі қайтып кетті", — дейді дәрігер. Станса кезекшісі "қайтып кетті" дегенді байланыстың нашарлығынан "қайтыс болды" деп түсінеді.

Содан ауыл ақсақалдары жиылып, үйіне естіртіп, жаманат хабардың жатпайтыны белгілі ғой жер-жердегі ағайын-туыс құлақтанып қалады. Басқа көліктің реті жоқ ертеңгі поезбен барып "марқұмды" алып қайтуға қамдана бастайды.

Ал, "бақилық болды" деген адам астана жақтан таң ата өтетін пойыздан түсіп үйіне барады. Содан жұрт бір дүрлігіп басылып, бұл оқиға көпке дейін әңгіме болды.

— Сондықтан да әр сөзді орнымен қолданған жөн, — дедім. Бұған медбике қыз да күліп, кешірім сұрап жатыр. Мен де оған сабақ болсын дегенім ғой.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз