Алпысыншы жылдардың ортасына дейін ауылымызда теледидар таңсық болатын... Әлі есімде Қани деген көршілес досымыз екеуміз кешқұрым оның Жасан деген ағайының үйін жағалайтынбыз. Өйткені, бүкіл Ақтас атты үлкен кентте соның үйінде ғана теледидар бар. Иманды болғыр Жәкең ақкөңіл, қабағы ашық жан еді. Біз барғанда үйінде бала толып отыратын. Соған қарамастан "Ей, айналайындар-ай, келіңдер, қане отыра қалыңдар", — деп бәйек болатын. Ағай жоқта өзінің көңіл күйіне қарай өзгеріп отыратын жеңгеміз кейде көріп отырған фильміміз аяқталмастан қуып шығатын...
Ал қазір теледидарсыз отбасын елестету қиын. Оны айтасыз, көп адамның көңіл құртына айналған автомашина, түрлі тұрмыстық бұйымдар мен үй мүліктері мұнан жиырма жыл бұрынғыдай көзі аз емес, кім-кімнің де қолы жететін дүниелер, тек қана ақшаң болсын.
Тұрмысымызға ұялы телефон, компьютер, интернет, электронды пошта дегендер дендеп ене бастады.. Енді автомашинадан шетелдік қымбатырағын таңдайтын болдық. Ақтау қалалық көлік полициясының мәліметіне жүгінсек, он бір мың автокөлікке есептелген қаламызда бүгінде сексен сегіз мың автомашина бар. Есесіне жол-көлік апаты да жылдан-жылға көбейіп барады..
Қазір жастар арасында атыс-шабысы көп, басқа да жаман әдет-қылықты дәріптейтін бейне фильмдер көру етек алды, оны айтамыз қаланың үйлерінің көпшілігінде кабельді теледидарды пайдаланады. Елу-алпыс телеарнаның тәулік бойы көрсетпейтіні жоқ. Бүгінде кітап оқымаса да, теледидар көрушілер баршылық. Әр нәрсеге еліктегіш келетін жастардың қатігездіктен ауыр қылмыстарға баруының бір ұшы осында жатқан сияқты.
Дегенмен, заман бір орында тұрмайды, ақыл-ой ғарышты бағындыруға жеткен. Адамзат өз болашағы үшін қауіпсіздігін де ойлайтын болар. Ендеше, бағытымыз дұрыс, тек алға асығайық, жасасын прогресс!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі