Бұрыннан сырттай таныстығым бар Ораз Құдайбергенұлымен шипажайда кездесіп қалдым. Кезінде аудан, облыс көлемінде басшы қызметтерде істеген, көпті көрген, сыйлы кісімен сөзіміз жараса кетті. Бірде әңгімеміз аты-жөнін бүркемелеп біреудің сыртынан домалақ арыз жазғыштарға кеп тірелді. Талайды опындырған, тіпті, сонау "шаш ал десе, бас алатын заманда" су түбіне жіберген бұл дерттің түп-төркіні көреалмаушылықта, күншіл қызғанышта жатқандығы кім-кімге де аян.
— Менің өз басымнан сондай бір жағдай өтті, — деп бастады әңгімесін Орекең, — жаспын, жоғары оқу орнын бітірген бойына комсомол жұмысына шақырылдым, көп ұзамай аудан комсомол комитетін басқардым. Бірде жаздың ыстық күні алыстағы мал шаруашылықтарын аралап келе жатып, орта жолдағы тау баурайындағы Қосбөгет ауылына соғуға көңілім ауды да тұрды. Өйтпегенде ше, мұнда өзіммен институтта бірге оқыған Таңатар, Талғат, Мұрат, Дөңбай тұрады, алдымда екі күн демалысым бар деген оймен ұлы жолдан бұрылып, Қосбөгетке тарттым...
Сөйтіп, Ораз өзімен бес жыл бойы бір бөлмеде жатқан, сыралғы досы Таңатардың үйіне кеп табан тірейді. Олар да мәз, кішкентай қара домалақтары Ерлан мен Нұрланға дейін алдынан жүгіріп шығып, кішкентай қолдарын ұсынды, ал, Таңатардың екі езуі екі құлағында. Мұның "уазигін" көрді ме, әлде хабарды естіді ме курстастары түгел жинала қалды.
Қос бөгет бұл өңірдегі табиғаты ерекше ауыл. Әр үйдің ауласы көк желекке малынған, шаруашылықтың да үлкен бау-бақшасы бар. Ауыл төңірегінде бірнеше бұлақ ағып жатыр. Оның ішінде суы молы да, ауылға жақыны да Көкбұлақ. Оның жанындағы үлкен су бассейнінің маңы жаздың ыстығында баладан арылмайды. Сонымен Таңатар бір тоқтыны сойып, көптен көріспеген досына қонағасы береді. Достарының "мына ыстықта несіне асығасың, күн ұзақ қой, кешкі салқынмен жүріп кетсең қала дегенің мына тұрған жер", деген сөздері қамшы болып, Ораз біраз бөгеліп қалды. Кілең қатар-құрбы кеу-кеулесіп, Көкбұлаққа барып суға түседі. Жасыратыны жоқ, ол кездерде арақ-шарапсыз дастарқан жайылмайтын-ды. Сол ретпенен достарымен қауышып, көңілін бірлеген ол сыйластықпен қоштасып, түс қайта қалаға қайтады.
— Дүйсенбі күні ойымда ештеңе жоқ әдеттегі қызметіме кірісіп кеткенмін. "Аудан басшысы шақырып жатыр", деген хабар жетті. Өзім де іссапарым жайында кіріп шыққалы отырғанмын. Сол кездегі бірінші хатшы Мәкең, Мақсат Аханов алды кең, жайлы кісі еді. "Ораз, сен жас та болсаң ауданның бір басшысы екеніңді білесің бе? Білсең өзіңді сол қалпында ұстауың керек. Бүкіл жұрт үміт артып, сендерге қарап отыр, көрсеткен үлгілерің сол ма, балаға ұқсап ауылдың қақ ортасындағы бұлаққа суға түсіп.." деп бірталай әңгіме айтып тастады, — деді Орекең.
"Сөз сүйектен өтеді", дегендей Ораз ұяттан өртеніп кете жаздайды. Содан бері екі-ақ күн өтті, ол да демалысқа түсіп тұр, кім екен жеткізіп үлгерген, не деген жеделдік деген ойлар Оразға маза бермеді. Ары ойлап, бері ойлап, мұның кешегі төрт жігіттің бірі, дәу де болса, Дөңбайдан келгенін жобалады.
— Көп араласпай, шеттеңкіреп, "ішімдегіні тауып ал" дегендей сығырая күліп тұрысы ұнамап еді. Сол екенін біле қойдым. Аудандық қаржы бөлімінде қызмет істейтін, бірінші басшыға жампаңдап, жақсыатты көрінгісі кеп жүрген немере ағасы Төлеу бар, домалақ арызды сол арқылы ызғытқан болды, ол сірә жедел жеткізе білетін қу, — деп күледі Ораз аға, — Содан «досым» Дөңбайды бір көрсем, қылығын бетіне басып айтсам деумен әлі келемін...
— Ой, Ореке-ай, одан бері неше жыл өтті?
— Қырық жыл...
— Сол кезде неге айтпадыңыз?
— Соның сәті түспей-ақ қойды ғой. Бірде сол ауылға уәкіл болып барып, мәдениет сарайында жиналыс өткіздім. Жиналыстың аяғын ала менің жоғарыда айтқан достарымның бәрі кеп сәлемдесті, ал Дөңбай жоқ. Содан әдейі оның қызмет істейтін мектебіне бардым. Ойым жұртқа дабыра қылмай, баяғы бірге жүргенімді малданып, әзілге сайып, қылығын бетіне басып ұялту еді. Директордың кабинетіне кіргеннен Дөңбайды сұрадым. "Ол осында", — деді мектеп басшысы. Содан іздеп келіп кетсін, оған қосылып орынбасарлары да аяғынан тік тұрды. Олардың айтуынша, менің мектепке келуімнің сол-ақ алдында жүрген Дөңбайым жер жұтып кеткендей, еш жерде жоқ...
Бірер айдан соң сол ауылға тағы жолым түсті. Мектептің жанынан өте бере есік алдында тұрған оның директоры Сәкенге көзім түсіп, машинаны тоқтаттым. Дөңбайдың жағдайын сұрадым. "Ореке, досыңыздың жағдайы жақсы, қазір сабақта, қаласаңыз осында шақыртайын", — деп мектепке кіріп кетті. Біраздан кейін қайтып келді. "Япыр-ай, Ореке, сізді күттіріп қойғаныма кешірім өтінемін. Жап-жаңа ғана ауырып тұрмын деп, орынбасарымнан сұранып кетіпті. Әлде үйіне бала жүгіртейін бе?", — деді. Директорға алғысымды айтып, жөніме кеттім.
— Содан кездеспедіңіз бе?
— Жоқ. Көшеде сонадай жерден мені көре қалса бұрылып, ізім-қайым жоқ боп кетеді.
— Неге екен?
— Оның себебі, жаныңнан да арың артық, ал, өлімнен ұят күшті.
Дөңбайдың мені көруге жүзі шыдамай, кешірім сұрауға жігері жетпей жүргені.
Бес күн тірлікте ешкімнің ала жібін аттамай, арың мен ұятыңды биік ұстап, жүзің жарық болып жүргенге не жетсін!
Ораз аға осыны айтты да, ойланып қалды. Өз қателігін мойындап, бас төре батылдық керек-ақ. Ұят түсінгенге өлімнен де күшті боп тұр!... Енді екеуі бұ фәниде кездесер ме екен...ей, қайдам...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі