Бір отбасының балаларына кіші шешелерін "мама", ал үйдің үлкен әйелін, яғни бәйбішесін "үлкен мама" деп атау керектігі үйретілген ғой. Дегенмен, сөздің қосарлана айтылуынан "н" әріпі түсіп қалып, "үлкемама" боп айтылып кеткен-ді. Сөйтіп, біздің бір шешемізді ауыл үйдің балалары, тіпті ересектеріне дейін солай атаған. Шындығында оның есімі Сәнім, кенже руының сары кемпір тармағынан, әкесінің ныспысы Сары, анасыныкі Орынай. Шешеміз он үш құрсақ көтеріп, балалары тұрмай тек қана Тұрған, Тұрсын есімді қыздары аман қалыпты. Екі ағасы "шаш ал десе бас алатын" жылдардың құрбаны боп, жақын туған-туыстан жұрдай шалының артында тұяқ қалуын көп ойлапты. Жасы қырықтан асқан өзінен не қайран, екі қызалақ сірә жат жұрттық. Бір күні шалы о дүниелік болса, бір әулеттің орны жоғалайын деп тұр. Жатса-тұрса осыны ойлаған ол қояр да қоймай шалын үйлендірді. Үйлендіргенде де тұрмыс құрған күннің ертеңіне жұбайы соғысқа кетіп, қайтып оралмаған, уылжыған жас келіншек Үмітті алып берді. Бұрын да көрші тұратын екеуі апалы-сіңлілердей еді. Енді жарастығы артып екеуі екі үй болып тұрып жатты.
Үміттен ат ұстар күтіп еді жұрт, бірақ адамның дегені бола бере ме, үйелмелі-сүйелмелі екі қыз дүниеге келді. Бұған Сәнімнің көңілі көншімеді. Ата-баба әруағына сиынып, әулиеден әулие қоймай түнеді. Сөйтіп жүргенде, жасы қырықтың бесеуіне келгенде өзі аяғы ауырлап, ұлды болды. Құдай берейін десе сөз бар ма?! Бұл қуанышты, айтып жеткізу қиын-ды. Құрыштай берік болсын деп сәбидің атын Құрышбек қойды. Төрт жылдан кейін Құрышбек інілі болды — Үміт шешеміз Тұрысбекті дүниеге әкелді.. Оған Рысты, Айман, Шолпан атты қыздар қосылып, өрісті кеңейтті.
Бұл ұзақ әңгіменің қысқа нұсқасы ғана. Шешеміз ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, жетпіс жеті жасында дүниеден озды. Марқұмның көзін көрген ауыл адамдары әліге дейін ілтипатпен еске алып отырады. Өйткені ол үлкен-кішіге жағымды, өсек-аяңнан аулақ жүретін, қулық-сұмдықты білмейтін жан еді...
Бірде ауылдан Ақтауда тұратын қызының үйіне барып, кешқұрым сыртқа шыққанда адасып кетіпті. Көшеде анаған-мынаған жалтақтап қарап, амандасып, жөн сұрасайын десе ешкім қарамайды. Содан тұра қалып: "Шырақтарым, мен жай жүрген кемпір емеспін, адасып жүрген кемпірмін", — дейтін көрінеді. Мұны естіген біреулер күліп, біреулер жөн сұрай бастапты. Сол арада артынан іздеп шыққан күйеу баласы тап болыпты.
Аулымызда теледидардан Мәскеудің орталық телеарнасы ғана көрсететін кез болатын. Әлі есімде кешқұрым диктор келіншек ертеңгі болатын хабарлардың бағдарламасын ежіктеп отырған-ды. Көріп отырған Үлкемама жалығып кетті-ау деймін: "Мына қаншық не деп отыр", — демесі бар ма? Мен де қулыққа басып, "Ойбай, мама о не дегенің, ол бәрін естіп отыр". Ұят болды ғой енді," — деймін өтірік сасқалақтап, әбігерленген болдым. "Ой, кімді алдағың келеді, ол қайдан естісін", — деді. "Шыныңыз ғой, мен қазір артындағы тетігін басамын, ол сізге дүрсе қоя беретін болады", — деп орнымнан көтеріліп, теледидарға жақындадым. "Қарағым, өзің түсінетін баласың ғой, қоя ғой, айтып қайтесің, нағашым құнанорыс болғасын қалжыңдағаным ғой", — деп үлкемама бәйек болды. Ал бізге күлкі керек.
Құрышбек айтады: "Бірде үлкемама тұмауратып жүрген соң бір пәшкі дәрі әкеліп берген едім. Кешке жұмыстан келсем көлеңкеде отыр. Екі беті қып-қызыл. "Құрышжан, қайта-қайта ішіп жүремін бе деп бағанағы берген дәріңнің бәрін бұратала ішіп салдым", — дейді. Не жыларымды, не күлерімді білмедім. Әйтеуір, арты жақсы болып кетті"...
Ол бала кезімде далада ойнап жүрген мені шақырып алып, көжекейінің қалтасынан құрт, немесе қант пен кәмпит алып беретін-ді.. Әсіресе, тойға барып келсе барлық балаларға тәтті үлестіріп, оған өзі де мәз-мейрам болып жататыны әліге дейін көз алдымызда.
Қайран үлкемама-ай... Кейде мен біздердің бойымызда мейірімділік, кішіпейілділік, адам баласына жамандық тілей алмайтын ақ көңілділік сияқты қасиеттердің ұшқыны болса осындай аналарымыздан дарыған-ау деп ойлаймын...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі