Қандай қоғамдық құрылыс болмасын экономика негізін құрайды. Елімізді жетпіс жыл бойы билеп келген кеңестік жүйе келмеске кетіп, тәуелсіздік нарықтық қатынастарды ала келді. "Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды", — дегендей көбірек ақша табудың, өзімізге табыс түсірудің жолына түстік. Бұлайша еңбектенудің өзіңе де, жұртқа да пайдалы тұстары көп. Мәселен, Ақтаудың мал базарына бара қалсаңыз, сол бойда алған қойыңызды сойып, жіліктеп, бас-сирағын үйтіп, ішек-қарынын аршып беретін қызмет бар. Бұл қала қазағына өте керек. Немесе той-садақа үшін киіз түріндегі құрастырмалы, кең үйлерді алыңыз. Арнаулы үстелдері, төсеніштері бар бұл үйлерді өздері әкеліп, құрып береді. Тек ақысын төлесеңіз болды. Көп қабатты, тар үйлерде тұратын қазекеңе мұнан артық не керек?!
Дегенмен, кейде ақша табудың жөні осы екен деп артықтау сілтейтіндерді көреміз. Сәл ғана қар жауып, көше тайғақ болса таксилер құнын әп-сәтте шарықтатып әкетеді. Жексенбі күндері кешке қарай Жаңаөзеннен Ақтауға жету қиын. Такси былай тұрсын, шұбырып жататын "Газелдер" сирексіп, олардың да автовокзалға келгені бағаны екі еселейді екен. Қаламасаң өзің білесің, өйткені жолаушы жеткілікті, соның өзіне таласып-тармасып отырып жатыр. Шағымданғаныңмен нәтиже жоқ, иесі-жекеменшік.
Ал, қарапайым жандарды алдап, отырғызып кететіндердің қасында бұл айтылғандар "ойыншық" сияқты. 1994 жылы "Бойтұмар" атты жыр жинағым жарыққа шығып, қалтаға азын-аулақ ақша түсті. Әйеліміз екеуміз келісіп, балаларға сол кезде жаңа шығып жатқан жапон магнитафонын, ал үйімізге кілем алғымыз келді. Алдымен балалардың бұйымтайын орындап, енді кілем жақты араладық. Менің көзіме парсының төсеулі жатқан, түкті кілемі оттай басылды. Соны алғым кеп, айналшықтап, тұрып алдым. Неде болса саудаласып көрелік деп, иесін іздеп едік көріне қоймады. Әркімдерден сұрастырып тұрғанымызда "иесі менмін", — деп қысқа тонын желбегей жамылған, мұртты жігіт шыға келді. Бағасын төлеп, кілемді бүктеп иыққа салып алып, базардан шығатын қақпаға қарай тартып келемін. Мен — алда, әйелім артымда. Бір кезде: "Тоқтаңыздар, менің кілемімді қайда алып бара жатырсыңдар!", деген әйел даусы мойынды кейін бұрғызды. Отыздар арасындағы әйел, жанында жасаңдау келіншек бар, келе кілемге жармаса кетті. Айтатыны: "базар жанындағы қоймаға кетіп едім, келсем кілемім жоқ, сіздер алып барады деген соң жүгіріп жеткенім осы, ойбай-ау, бұларың қалай?" — дейді. Біз де болған жайды айтып жатырмыз, тыңдайтын емес, у-шу болып, кілем алған жерімізге қайтып келдік. Әлгі жігітіміз ғайып болған. Сол жердегілерден сұраймыз, ешкім, ештеңе білмейді. Кілемнен біз де, иесімін дейтін әйел де айырылатын емеспіз. Содан ішкі істер бөлімінің жігіттері келіп, бөлімшеге алып келді. Танитын жігіттер кездесе қалып: "Оу, Тәке, бұл қалай болғаны", — дейді. Бәрін басынан қайта баяндаймын. Олар алаяқ, ұрыға шарасыздықтан алақандарын жаяды. Сөйтіп, кілем сатушы әйелге де ақша төлеуге тура келгені бар...
Сөзімнің тоқетері — қаншама нарық дейік, ақша дейік бұрынғы ата-бабамыз бәрінен жоғары қойып келген ар-ұятымыз төмендемесе екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі