"Пайғамбар да күйеуін сыйлапты" деген бар. Бұл менің құрдасым Дарханның жақсы көретін мақалы. Оның пайдасын да көріп жүр. Әсіресе, қайын жұртына барғанда, бұл мақалды аузынан тастамайды. Бұған олар мәз. Барынша сыйлап жатады. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын басқаратын Ахмет Құбайұлы руы жағынан алсақ, Дарханға қайын аға. Ол бастық та, Дархан оның жүргізушісі. Бірақ оған қарап жатқан Дархан жоқ Кейде көстеңдеп, қайынағасының алдына түседі, айтатыны әлгі мақал.
Бірде алыстағы кеңшар орталығына Ахмет ағаймен сапарлас болдым. Кеңседегі шаруамыз біткен соң кеңшар директоры түскі үзілістің болғанын айтып, шайға шақырды. Дарханым баяғысы, екі езуі екі құлағында. Қол жуып үйге кірерде әдеттегі әдісіне салды. Бастығының алдын орап, төрге оза бергенде, білегінен тартып, үлкен кісіге жол бер деген ыңғай танытып ем, ол:
— Ой, Ахаң қайнағам ғой, пайғамбар да күйеуін сыйлапты де-ген, аха — ха-а... а, — деп күлкіге жеңдірді.
— Шырағым, осы сен ылғи "пайғамбар да күйеуін сыйлапты" дегенді қоймайсың ғой, — деді Ахаң — Пайғамбарымыз Мұхаммед болса, оның күйеу баласы Әзірет-Әлі ғой, ол оны не үшін сыйлаған, соны білесің бе? Өйткені Әзірет-Әлі исламның жауларын тапап, жаужүректігімен қызылбасты мұсылман дініне кіргізген, сондықтан пайғамбарымыздың оны сыйлауы, әр кез құрмет тұтуы құптарлық делік. Ал, сені не үшін сыйлаймыз?
Осыдан кейін-ақ дархан өзінің сүйікті мақалын ауызға алмайтын болды.
— Қазір әйел басқа шыққан заман болды ғой. Ұят, иба, тәртіп-тәрбие деген адыра қалды. Нағыз еркек деп жүргендерің әйелінің алдында құрдай жорғалайды. Нанбасаңыз, әйеліңізге қаттырақ айтып, зекіп көріңізші, жерден алып, жерге салып, әуселеңді танытсын — деп Жәкең ағай көпшілік жиналған бір жерде сөзден сөз туғызғаны бар.
— Әйелге қарсы тіпті әңгіме айтпаңыз, олар мықты ғой, — дейді онда Орынбай деген жігіт.
— Жәке, өзіңіз ойлап көріңіз, олар сіздің шалбар-көйлегіңізді алды, шаш қою мәнеріңізді алды, арақ-шарап, темекіңізді алды, машинаңыздың рулін алды, айта берсе, көп...
— "Баланы жастан, әйелді бастан" демей ме, бәрі өзімізден, — деді Жәкең, — баяғы текті шалдарға ұқсап, босағаға қамшыны іліп қойып, сондай кезде сыдыртып тұрмағасын, әйел басқа шықпай қайтсін?
— Мұныңыз дұрыс енді, Жәке, өзіңіз айтқандай әрбір үйде бір-бір қамшы ілулі тұрмағасын, — деп жатыр Орынбай да оны қоштап.
Қамшы табылар-ау, деймін, мен іштей, оны босағаға іліп те қоярсыз. Бірақ құр ілулі қамшыдан не қайыр? Әңгіме жүректе ғой, ол жоқ қой қазір...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі