Жаңғақтың ойы, Шағадам, Небиттау қалаларының төңірегі қашаннан адай қазақ пен жәуміт түрікменнің ауылы аралас, қойы қоралас қонысы. Гүржі, Ерікті, Оғыланды сияқты кішігірім елді мекендерді атағанда кеңшар мен ауылдық кеңестің орталығы — Аққұйы ауылының шоқтығы биік. Сондықтан журналистік іссапармен оған барған кездеріміз аз болмаған. Алғаш барғанымда ауылдық кеңес төрағасы Бабанияз Моллаевқа жолықтым, қонақ үйі не асханасы жоқ ауылда қайда барарсың, ол үйіне ертіп барды. Үй іші жатсынбай қарсы алып, сый-құрметін көрсетіп жатыр. Әсіресе, анасы ақжарқын кісі екен, аты-жөніме дейін сұрап, бәйек болды. "Мен де қазақтар сияқты сүт қатқан үнді шайын ішемін, түрікменнің көк шайын қаламаймын", — дейді күліп. Бір күн түнеп ертеңіне қалаға қайтып кеттім.
Араға ай салып тағы сол Аққұйыға жолым түсті. Бұл сапарғы шаруам кеңшарда болғандықтан кеңшар кеңсесінде болып, директоры Амансүйін Солтанмәмедовпен әңгімелестім. Жұмысым біткен соң елге қайтуға көлік жоқ, амалсыз ертеңге қалдым. Түскі шайды Амансүйіннің үйінен ішіп, түс қайта ауылдық кеңестің кеңсесіне бардым. Ойымда ештеңе жоқ, аңқылдап кіріп барсам, әнеугүні бірге болған Ораз Моллаевым ернін ғана жыбырлатып, қырын қарайды. Мен оның қылығын түсіне алмай дал болып, "не жаздым" күйге түстім. Мұны Амансүйінге айтқанымда, ол күлді. "Сіз біздің ғұрпымызды білмейді екенсіз. Бізде қонақ бір келіп түскен үйін сол ауылға екінші келгенде аттап кете алмайды. Қонақтың ол үйге екінші келмеуін түрікмендер елемеушілік, әлгі үйдің мейман көңілін таппағаны деп ұғынады. Сондықтан Бабанияздың өкпесі орынды. Егер басқа үйге барғың келген жағдайда да өзің алғаш қонақ болған үйге түсіп, үй иесіне түсіндіріп, рұқсатын алуың керек. Олай жасамасаң, қонағымыз ренжіп, әлде өкпелеп кеткен екен дейді", — деді ол. Мен түрікмендердің мұндай ғұрпын білмейтінімді айттым.
Кешке қарай " Біздің бір зоотехнигіміз келін түсіріп, той жасап жатыр. Барып шықсақ қайтеді?", — деді Амансүйін. Ауласы бар, еңселі үйге кіргенімізде кең дастархан басында қатарласа отырған жас-кәрі сыйлап орын берді. Дастархан үсті әр түрлі тағамға толы, бірақ ішімдік жағы көрінбейді. Бұл арақ-шарапсыз тойдың сәні кірмейтін, жұрт жаппай ішуді модаға айналдырған кез еді. Тағамдарды ауыс тидік, жұрт мәз-мәйрам. Ас қайырылған соң сыртқа шықтық.
"Тәке, есіңізде болсын біз үлкендердің, шал-кемпірдің алдында ішімдік ішпейміз. Басшылар, аздап ұрттайтындар бөлек үйге барып, көрінбей ішеді",— деді Амансүйін.
Түрікменмен іргелеспіз, салт-дәстүрін білеміз дегенмен бұл халықтың біз білмейтін қыр-сыры көп екенін сонда білдім.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі