Қазір ойлап отырсам, одан бері де бірталай жылдар өтіпті. Біздің үй аудан орталығынан қашықтағы ауылда еді. Ол кезде жаңа ғана ес біліп, етек жапқан ойын баласы екенбіз-ау?!. Шіркін, ақ әже-ай, деймін кейде еске алып, барсың ба, әлде...
Томашадай ғана қара кемпірді ауылдың кәрі-жасына дейін ардақ тұтатын. Әлі мектепке бармаған бүлдіршіндерінен бастап, ата сақалы аузына түскен егделеріне дейін оны ақ әже деп атайтын-ды. Оның шын атының кім екенін де жұрттың көбі біле бермейтін. Той-садақаларда ауыл ақсақалдарының: "Ақ әжең шақырусыз қалмасын, шырақ, ақ әженің үйіне кіре қайтарсың", — деп жатқанын талай естідік. Өңі қараторы болғанмен, ақ пейіліне, мейірбан жанына қарап ақ әже атанған болар, бәлкім.
Ауыл іргесінде қозыкөш жердегі қара көзге шалынатын үлкен төбе бар болатын. Оны ауыл адамдары "Жеңіс төбе" деп атайды.
Қырық бесінші жылғы ұлы жеңіс күні жақын жердегі ауылдардың адамдары тайлы-таяғы қалмай жиналып, осы төбенің басында ұлан-асыр той жасаған көрінеді. Біздер ойнап жүріп, осы төбенің басында әжейдің жападан-жалғыз отырғанын жиі көретінбіз. Ештеңенің мәнісін біліп, байыбына барып жатқан біз жоқ. Жүгіріп, асыр салып қасына да баратынбыз. Ол ауылдан шығып, құба жонға қарай көсіліп жатқан ақ шаңдақ жолға қарап, төбе басында сарылып ұзақ отыратын. Алыстан бір қарайған көрінсе, көзін қолымен күннен көлегейлеп үңіле қарайтын-ды. Кейде өз-өзінен күбірлеп сөйлейтін, көкірегі қарс айырылып күрсінетін, мұңды дауыспен сызылтып ән де салатын.
— Бейшара, жалғыз ұлын әлі күтіп жүр, — дейтін ауыл адамдары ол туралы.
Ел арасында ақ әже жөнінде әркім әрқилы әңгіме айтатын. Бірде әжеймен бірге өсіп, қашаннан көршілес отырған Есназар қария біздің үйдің жанында отырып, менің әкеме ол туралы былайша сыр шерткені бар:
— Сонау Жаңаорпа құдығында отыратын аңшы әрі домбырашылығымен аты шыққан Төребек дегенді естіген шығарсың? Соның ұлы да, қызы да осы болды. Есімі — Ұлбала. Жастайынан-ақ менің қалыңдығым болсын дейтіндей сұлу әрі ақылды еді. Ауылдың талай жігіттері ғашық болып, атын әнге қосып айтатын. Жасыратыны жоқ соның бірі мен едім, — деді Есназар қария, — бірақ ол біздің бәрімізге де пысқырмады. Қаладан келген мұғалім жігіт Балтабайға тұрмысқа шықты. Алғашында қызғанып жүрсек те, Балтабайдың оған жар боларлық мәрт жігіттігін көріп, басылғанбыз. Не керек алайда қатігез тағдыр Ұлбаланы ерте бастан-ақ еркелетпеді. Отау тіккеніне жыл толар-толмастан кенеттен Балтабай қайтыс болды. Ажал дегенді қарашы бір күн ауырып жатып, кенеттен дүние салды. Қолдан келер дәрмен жоқ, қатты қиналдық. Ой, сондағы Ұлбаланың жылағаны-ай сай сүйекті сырқыратты. Иманды болғыр Балтекеңді шын сүйеді екен, пақыр, — деп, қария сол бір сәт көз алдына оралғандай батар күннің қызғылт арайына малынған көкжиектен көз алмай ұзақ отырды да, әңгімесін қайта жалғады. — Ері қайтыс болғанда Ұлбала жүкті қалған екен. Көп ұзамай босанды да, дүниеге Қанат есімді ұл келді. Ұлбаланың ендігі бар қуанышы, алданышы сол болды. Жас та сұлу келіншекке қырындаушылар да, сөз салушылар да көп еді. Бірақ, Ұлбала ерге шықпады. Қанатсыз тіршілік жоқтай көрінетін оған. "Қанатжаным, ботақаным менің, қоңыр қозым" деп отыратын ылғи. "Жассың, әрі ажарың бар, біреудің етегінен ұстасаң қайтеді" деп, ақыл айтушыларды тойтарып тастайтын: "Қанатым, қарашығым тірі болсын, басқа ештеңенің керегі жоқ".
Өсе келе Қанат та әкесінен айнымай қалды. Сұңғақ бойы, қақпақтай жауырыны, жүріс-тұрысы құдды Балтабай дерсің. Сабаққа да алғыр болды. Ұмытпасам, Қанат мектебін бітіріп, қызметке араласа бастаған жылғы жаздың ыстық күндерінің бірі еді. Тірліктің жұмысы таусыла ма, мал қорада оны-мұны істеп жүргенмін. Бір кезде құлағыма шапқан ат тұяғының дүрсілі естілді. Сыртқа шықсам, тортөбел атты терге көміп келген колхоз есепшісі Құлахмет екен. Лезде көрші-қолаң жиналып қалды.
— Аға, орталықтан суық хабар келді, — деді ол аттан түсіп жатып. — Герман деген ел бізге қарсы соғыс бастапты. Ел дүрлігулі. Ер-азамат түгел майданға алынатын болыпты. Сейітқазының мұғалім баласын көрдім, өзі сұранып кетем деп жүр.
Төбеден түскендей соғыс деген суық сөз бәріміздің жүрегімізге инедей қадалды. Мен есі кеткен жанша не дерімді білмей, мәңгіріп тұрып қалыппын. Соғыстың адам баласына жақсылық әкелмейтінін әркім-ақ сезетін сияқты. Жиналған жұрт сілтідей тынған. Тылсым тыныштықты Ұлбала бұзды:
— Соғыс деймісің, мына сөзің сұмдық қой, — деді ол. Мен Ұлбалаға көз тастадым. Дауыл соғып, күн көзін қара бұлт басқандай, оның нұрлы жанарын да мұң торлап үлгеріпті.
Содан ауылдың бақытты өмірі күрт өзгеріп сала берді. Азаматтар майданға аттанып жатыр. Бір күні Қанат та кететін болып келді. Оны бүкіл ауыл болып шығарып салдық.
— Апа-ау, ел басына ауыр күн туды ғой. Қамықпай, беліңді бекем бу, біз әлі-ақ жеңіспен ораламыз, — дейді Қанат соғыс тез бітетіндей, бұлар барса, жауды жеңетіндей көріп.
— Құлыным-ай, бұл сұм соғыс шамалыда бітер деймісің. Қайтейін енді бетіңнен жарылқасын, жалғызым, жауды жеңіп қайтыңдар, — деді Ұлбала ботадай боздап. Ауылдан таспадай созылып жатқан ақ шаңдақ жол үстінде тұрып қайран ана өзінің соңғы қуанышын қайтпас сапарға шығарып салған екен-ау сонда.
Қайғы-қасіретке толы қиын-қыстау жылдар жылжып өте берді. Талай боздақтар туған жерден жырақта, ұрыс даласында көз жұмды. Халық жеңісті асыға күтті. Ол күн де келіп жетті. Ақ түйенің қарны жарылып, аман қалған жауынгерлер елге орала бастады. Әрбір келген адамды іздеп барып, Ұлбала ұлын сұрайтын. Ол үйдегі ескі сандықтың түбінде жатқан "Ұлыңыз ерлікпен қаза тапты" деген қара қағазға да сенбейді. "Қара қағаз келіп, қаза тапты деп жүргенде оралып жатқандар аз ба? Бәлкім, Қанат-жаным да бір күні келіп қалар", — дейді байғұс. Мұнысы өзін-өзі алдарқатуы шығар қайдам, әйтеуір соғыс біткелі де бірталай жыл өтті. Алайда Ұлбала әліге дейін үмітін үзбей, жолдан көз алмай келеді. Оған не дерсің. Талай рет жұбату, көңіл бірлейтін сөздер айтылды да. Бірақ, ол күтуін, сұрау салуын қоймайды, — деп әңгімесін аяқтаған еді Есназар қария.
...Бойына табандылықты, кіршіксіз адалдықпен ана махаббатын дарытқан Ұлбала әжейдің абзал бейнесі көкірегімде қалып қойыпты. Ол бейне бір дара өскен, кәрі емен секілденеді. Тіпті күні бүгінге дейін өмірде қайсарлықты, болаттай беріктік пен пәктікті көрсем, сол томашадай қара кемпір, Ақ әже ойыма оралады. Өліге дейін төбеге шығып, ұлын күтіп жүргендей боп елестейді маған...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі