Өткенде бір қыз бала маған қоңырау шалды. Мамамызға, туған күніне құттықтау берейік деп едік — дейді. Қапелімде не айтарымды білмей қалғанымды сезді-ау деймін. Мен Алпамыстың қызымын ғой, — дегенді қосып қойды. Есіме Алпамыс түсті.
Қарт Каспийдің бір бүйірі, Қазақстан мен Түрікменстанның шектесетін жері — Қарабұғазкөл. Минералды тұздардың бай қоры жинақталған бұл өңір кезінде өндірісі өрлеген, атағы алысқа кеткен жер еді. Мұнда натрий сульфаты, бишофит, эпсомит, глаубер тұзы сияқты химиялық өнімдер өндіретін, бұрынғы одаққа әйгілі Қарабұғазсульфат өндірістік бірлестігі жұмыс істеп тұрды. Онда негізінен Бекдашы, Омарата, Алтыншыкөл кенттерінде тұратын қазақтар еңбек ететін. Жалақыға қоса жетпіс пайыз аудандық үстеме төленетіндіктен ақша іздеп келген орыстар, украиндар, әзірбайжандар жұмыс істеді. Ал, негізінен алғанда Қарабұғаз байлығын игерушілер отызыншы жылдары Маңғыстаудан ауып келген қазақтар еді. Түрікменстанда шығып тұрған қазақ тіліндегі жалғыз газет "Жұмысшының" тұсауы 1932 жылдың мамырында "Қарабұғазкөл жұмысшысы" деген атпен Қарабұғазда кесілді.
Міне, Алпамыс қазыналы бұғазды алғаш игерушілердің бірі — Бөлекбайдың екі ұлының кішісі. Бөлекендердің кезінде қолмен сульфат өндіру, ауыр тәшкіні айдау жұмысына жігіттің жігіті ғана шыдайтын. 1952 жылдары, Алпамыстың алты айлығында әкесі де, оның інісі Оңайбек те ауыр жұмыстан және аурудан қайтыс болды. Шиеттей үш бала-Қосай, Тілек, Алпамысты Ақбибі шешей тістелеп жүріп өсірді. Қос ұлы қос үй болып, қызы Тілек те теңін тауып, шаңырақ құрды. Ұл-қызы үбірлі-шүбірлі боп, жапырағы жайылғаннан кейін сексеннің сеңгіріне іліккен Ақбибі шешей бала-шағасының алдында бақиға жол тартты.
Мектепті, онан кейін Таушықтағы механизаторлар даярлайтын училищені бітіріп, бұғанасы бекіген Алпамыс әке жолын қуып, сульфатшы болды. Қолы бос кездегі машығы — әдеби кітаптарды, газет-жорналдарды оқу. Сөйтіп жүргенде Толқын есімді ауылдас қызға үйленіп, бала-шағалы болды. Зайыбы дүкенші, өзі механизатор, сульфатты бұрынғыдай қолмен емес енді арнаулы сыпырғышы бар машинамен жинайтын болды.
Жетпісінші жылдардың соңы-ау деймін, бірде аудандық газетге қызмет істейтін бізге Алпамыс депутаттыққа және де анау мынау емес КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланатын болыпты, —деген хабар дүңк ете түсті. Жұрт сенер-сенбесін білмеді. Елден ерек ештеңесі жоқ, қарапайым жұмысшы, озаттар қатарында ағасы Қосайдың есімі жиі аталғанмен мұныкі аталмайды. Өзі ең азы коммунист те емес, енді бірде қой Алпамыс емес Боққара Айжарықов деген жігіт болатын болыпты. Тепловоз машинисы, "Құрмет белгісі орденінің иегері көрінеді" деген хабар да жетті. Дегенмен біраз күндерден кейін ірі еңбек ұжымдары КСРО Жоғарғы Кеңес депутаттығына «Қарабұғазьсулфат»өндірістік бірлестігінің жұмысшысы Алпамыс Бөлекбайұлы Аманжоловтың кандидатурасын ұсынуды бастап кетті.
Редакцияда жұмыста отыр едім, Алпамыс келді. Үстінде су жаңа шолақ тоны бар, күлімсіреп тұр. Сәлем-сауқаттан соң үстіне көз жүгіртіп:
— Сен, уже киініп алыпсың ғой, — дедім бір жағын әзілге бұрып.
— Мынау ма, Бердібайдікі, жылатып зорға сұрап алдым, — деді. Бердібай дегені туған жездесі.
— Сенде бұрын мұндай белсенділік жоқ еді, қалай болды өзі?
Алпамыстың айтуынша жоғарыдан нұсқау келген. Онда " Қарабұғазсульфат" өндірістік бірлестігінен депутат сайлануы тиіс, ол жергілікті қазақ ұлтынан, жастайынан жетім қалған, партияда жоқ, жұмысшы болуы шарт екен. Қай жағынан да Алпамыс сай келеді. Депутаттықты естіп, өздері ұмтылғандар болған, бірақ бірінің жасы өтіп кетсе, бірінің төрт құбыласы тең. Сонымен жүгірген алмайды, бұйырған аладының кебі кеп депутаттық мандат Алпекеңе бұйыратын түрі бар.
— Мені обкомның орготделі шақыртып жатыр. Сен түркіменше жақсы білесің ғой, менімен жүрсейші, — деп тұрып алды.
Содан екеуміз Красноводск обкомына бардық. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі арықша келген, мұрны пышақтың қырындай, көзі алақ-жұлақ еткен түрікмен жігіті екен. Сәлемдесіп, жағдайды білгеннен кейін іс қағаздарын ақтарып қарай бастады. Бір кезде маған қарап:
— Сіз шыға тұрыңыз, — деді. Сәлден кейін Алпамыс та шықты.
— Сұрамайтындары жоқ екен, — деді күмілжіп.
— Е, не дедің?
— Сүндетке отырдың ба? — деп сұрады орысшалап.
— Сен не дедің?
— Иә, сама сабой, дедім, ол біраз күліп алды да, «олай деп айтушы болма, егер біреу-міреу сұрай қалса кәрі шешем бар, есімді білмейтін кезде сол сүндетке отырғызыпты дерсің деді, — дейді Алпекең.
Енді бірде депутаттыққа кандидат ірі кәсіпорындар мен елді мекендерде жұртшылықпен кездеседі екен дегенді естіп, хабарын білмекке аудандық комитетке барсам, бір кабинетте шалқайып Алпамыс отыр.
— Оу, сен жайбарақат отырсың ғой, бірнеше жерде сенімен кездесу өтеді деген хабар бар. Дайындық қалай? Айтатыныңды жазып алдың ба?
— Өздері жазып жатыр, соны оқып беремін. — деп күледі. Жазған құлда жазық жоқ дегендей, содан Алпекең КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, Мәскеуге бес жыл сессияға барып тұрды. Әрине, сол бір құрсаулы кезеңде халық қалаулысы деп атын далитқанмен депутат та жоғарының айтқанынан шықпайтын. Алпекең қолдан келгенше қызметтенді. Біреулерше аяқ астынан өзгеріп, шіренген жоқ. Сол баяғы қарапайым қалпы, қоңыр тірлігі. Бірде өкпесіне операция жасатып, Мәскеуде қайтыс болған жігітті ұшақпен Бекдашыға алып келуге күшін салды. Көмекке зәру болып келгендерден аянып қалған жері жоқ. Кейін біреулер әңгіме қылды.
— Алпамыс депутат болған кезде бәрі қолында еді, басының пайдасын білмеді. Жоғары оқу орнына түсіп алуы керек еді, оны ойына да алмады. Ең болмаса автомашина алуына, еңселі үй салдыртуына мүмкіндік туып еді ғой. Алпамысқа айтқызсаңыз, қолды бір сілтейді: — Бұйырмыстан артық ештеңе жоқ, — дейді ол, — соның бәрін арқалап кетеміз бе, қалар-ау бәрі де...
— Алпеке, сен енді анау-мынау емес КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болдың ғой, ең болмаса бір рет те қызыл книжкіңнің пайдасын көрмедің бе?
— Неге көрмеймін, көрдім, — дейді ол, — Бірде Красноводскіде қыдырып жүріп аңдамаппын ауылға — Бекдашыға ұшатын соңғы ұшақтың уақыты болып қалыпты. Мұнан қалсам ертеңге қаламын, бұл еш себепсіз жұмыстан қалды деген сөз. Қала менен аэропорттың арасы бірталай жер, әрі биік таудан шығу керек. Бұған кез келген көлік келісе бермейді. Сағатыма қарасам, санаулы минуттар қалыпты. Не де болса тәуекелге мініп, такси ұстадым. Жүргізушінің жанына жайғасқаннан кейін шопырға қарап: — Аэропортқа тарт, асығыспын, ұшақ ұшқалы тұр, үлгеруім керек, — дедім. Бірақ шопырым тұмсықты келген әзірбайжан екен асығар емес. Есінеп алып, ыңылдап әнге салады. Шыдамай кеттім сағатымды көзіне тақап: — Міне көрдіңіз бе, ұшақтың ұшуына он бес-ақ минут қалды, — дедім. Ол өзіме бас салды: — Қанша ақша бересің, үш-төрт есе төлесең жетістірейін, — дейді. Зығырданым мұнша қайнамас: — Сіз кіммен сөйлесіп отырғаныңызды білесіз бе? — деп депутаттық куәлігімді суырып алып көрсеттім. Жаңа ғана немқұрайлы отырған ол ұйқысынан оянғандай алақ-жұлақ етіп, еңсесін тіктеп, жүрдек "Волганың" жылдамдығын көтеріп жүйткіте жөнелді. Және жақ жаппай сөйлеп те келеді:
— Жерлес, мына ағаңның бір білместігін кешіре гөр. Мен сізді зыр еткізіп қазір-ақ жеткіземін. Ешқандай ақша да алмаймын. Қалаға келсең, мені іздеп тап, Юсуф Мамедов десең таксидегілердің бәрі біледі. Қалаған жеріңе өзім тегін апарамын. Құдайақы кешіріңіз, шиеттей балаларым бар еді, жұмыс тан қағылсам, күндері не болмақ, — деп аяқ астынан мүсәпір болды да қалды. Бір жақсысы ұшаққа жеткізіп салды-ау, әйтеуір. Алпамыстың жаны таза, құдай деген ақ пейіл азаматтығымен қатар жұртты күлдіретін Қожанасырлығы да бар. Қазір ол Өмірзақ кентінде тұрады, мектептің жылу орталығында жұмыс істейді. Зайыбы Толқын екеуі бірнеше ұл-қыз өсірген, немере сүйген ата-ана. Бар бол, Алпамыс, жасай бер!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі