"Азырақ тұрып ортаңда
Көңіліңде тұрсам көбірек"
М. Сатыбалдиев
Ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің өлеңдерімен ең алғаш "Шулайды толқын" атты жинағын оқығанда танысқан едім. Осыдан кейін-ақ ол іздеп жүріп оқитын ақындарымның біріне айналды. Қарапайым, жылтырауық сөзден ада, өткір де ойлы, кейде асқақ пафосты жырлар баурап алатын болды. Оның бір өлеңдері найзағайдың жарқылындай селт еткізсе, екіншілері бал бұлақтың сылдырындай әлдилейді:
...Ізгілік деген кітапқа
ылғи қосып бір жүрген бай тарау,
Атырау елі,
өзіңмен күллі қазақтың бағы байтақ-ау!
Мен мұны айтам
Алатаудың да басына шығып шалқайып,
Мен мұны тіпті
Дүниенің түгел төрт бұрышына да айтам-ау!
— деп тебіренеді. Ол Атырау өлкесі — бүгінгі Маңғыстау жайында. Меңдекеш өлеңдерін боямалап жатпайды, бос даурықпаға да құмар емес-ті. Сөз патшасы — қасиетті өлең өнеріне асқан жауапкершілікпен қарайды. Өлеңдерінің бірінен-бірі тартымды болуы да сондықтан болса керек. Қай өлеңін алсаң да, өз соқпағы бар жолаушыдай өзінше түйін түйеді. "Жігіт сыры" деген өлеңінде былай дейді:
Менің жарым болсаң сен,
Досым түгіл қасым келген кезінде,
Аяғыңның ұшымен жүр, көз ілме.
Ең бастысы — мен көтерер қайғыға
Егілсең де менен бұрын езілме!
Менің жарым болсаң сен,
Аруағын шошындырма бабамның,
Қабағына мұз қатырма анамның.
Мұның бәрін жүрдім-бардым тыңдасаң,
Кемігені деп білемін бағамның!..
Ер жігіттің көңіліне күйттеген ойы, жарына айтар сыр — тілегі міне осындай. Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Мырзалиев Меңдекештің өлеңдеріне айтқан пікірінде былай дейді:
— Бұдан жиырма шақты жыл бұрын өзара жарыса келген жас ақындардың үшеу-төртеуі болмаса, көбі дерлік бірінің көлеңкесінде бірі қалып қойды. Меңдекеш оны жақсы түсінді. Өзінен сәл бұрынырақ шығып үлгерген қаламдас достардың тығыз тобын құр кеудемен немесе лепірме өлең лебімен бұзып өту мүлдем мүмкін емес еді. Сондықтан ол өнердің ең дұрыс және қысқа жолын таңдады. Ол жол — бозөкпе болып босқа шаппай, төте шабу, өзіне де, өзгеге де қасиетті нәрселерді ғана жырлау, аз жазсаң да, саз жазу, әр кезекті өлеңіңді ең ақырғы өлеңіңді жазғандай жаныңды жеп жазу жолы болатын.
Бұл пікірдің дұрыстығын Меңдекеш мына өлең жолдарымен-ақ аңғартады:
Бетіме ызғар беттей ме,
Тұрғанда өрттей тұтап мен,
Айқаста жықсам жетпей ме,
Жалғыз-ақ палуан кітаппен...
Күшіне көптің сыйынғам,
Көптіктен қашқам жоқ, шырақ,
Өмірдің заңы-қиын заң,
Аз-аздап алу, көп сұрап.
Одан мен сірә, қорқам ба,
Өкінбен нұрлы төңірек,
Азырақ болып ортаңда,
Көңілінде тұрсам көбірек.
Тірліктегі жалған марапаттан гөрі ақын арамызда аз болғанмен көңілде көбірек қалуды қалайды. Өзінің ақындық парызын жанымен түсініп, күрмеуге келмейтін қысқа жіптей ғұмырын осы жолға сарп етті. Меңдекештің өлең өнерінде құрыштай шыңдалып, діттеген мақсатының биігін бағындыра бастағанын байқау қиын емес-ті. Мұны оның "Ақ моншақ", "Күн шуағы" атты жыр жинақтарынан, баспасөз беттеріндегі өлеңдерінен аңғаруға болады. Меңдекеш "Қызғыш құс" атты жыр кітабын аяқтай алмай кетті. Қазір "Қызғыш құстың" мазмұн-мағынасымен, жазылу желісімен де біртұтас, кесек дүние екендігі айтылып жүр.
Жырсүйер қауым бүгінінен ертеңі биік көрінетін ақыннан зор үміт күткен болатын. Оны үлгі тұтып, жыр жазу мәнеріне қызыға көз тігіп жүрген жастар, біздер ол кенеттен қайтыс болды дегенде қатты қиналғанбыз:
Жырыңды сенің оқыған шақта сүйсінуші едім,
Кеудеме менің ақпа да төкпе күй құюшы едің,
Жарық жұлдыздай жарқ етіп ағып түстің-ау,
Егіліп іштей күрсінудемін...
— деп басталатын "Арнау" атты балауса өлеңім сол кезде туған еді.
Жүйрік уақыт азамат ақынның асыл жырларын, ел деп соққан ғашық жүректің лүпіліне толы өлмес өлеңдерін өшіре алмады. Қазір ол жайында айтылып та, жазылып та жүр. Республикамызға әйгілі ақын Қадыр Мырзалиев Меңдекеш Сатыбалдиевтің шығармашылығы жайында "Жұлдыздың жарығы" атты мақала жазып, зор баға берді. "Мәдениет және тұрмыс", "Жалын" сияқты журналдардың, газеттердің беттерінен жас ақындардың Меңдекешке арнаған өлеңдерін кездестіруге болады. Мәселен:
Қанаттай жеңіл ашылған кезде беттері,
Ақынның сонау сүйікті соңғы дәптері,
Көрікті ойды шартараптарға жеткізер
Көгілдір жерге көңілінен ұшқан кептері,
— деп жырлайды жас ақын Орынтай Молдахметова Меңдекешке арнаған "Ақын дәптері" деген өлеңінде. Ал белгілі ақындарымыздың бірі Фариза Оңғарсынова оған "Ескерткіш" деген өлең арнады. Онда мынадай жолдар бар:
Өкіндірдің еліңді ерте кетіп,
Біз қамықсақ тірлікте келте-кетік,
"Біздің қарлығаштар!" — деп шашымыздан
Сипайтұғын сен жоқсың еркелетіп...
Өлең былай аяқталады:
Жүректерде жырың жүр, өзің жүрсің,
Тегі осы сен өлмеген шығарсың-ау!
Иә, ақын жырлары көп жүрегінде сақталуда. Ұрпақтан ұрпаққа мирас боп қала береді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі