Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр түлғалы,
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы...
...Қулары таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер,
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?. —
— деп, ақынның өзі жазғандай ол туралы соңғы жылдары, көп айтылып та, жазылып та жүр. Өйткені ол қалай айтса да, тұрарлық қазақ жырының арналы дариясы сынды. Айшықты өлең жолдарымен де, сөз саптауымен де, нала-мұңымен де ешкімге ұқсамайтын ерекше бір әлем. Кез келген өлеңінен ақиқат көрініс беріп, ақын жүрегінің лүпілі сезіліп, адал жаны жайылып жатыр. Ақын апамыз Фариза Оңғарсынова айтқандай, өлең оңашада түсініп, ой тоқтатып оқитын, сонда ғана адамның сырласына айналатын дүние. Адам көп жиналған жерде ұрандап, қаншама дауыстап оқығанмен өлең нашар болса, құлаққа жеткенмен жүрекке жетпейді.
Жалпы халықтан асқан сыншы жоқ. Ол жақсы мен жасықты, алтын мен мысты өзі-ақ ажыратып алады. Мәселен, көптеген ақын-жазушылар жайында жазылған табақтай-табақтай марапат мақалаларды оқып жүрміз. Бірін-бірі қаншама қолпаштағанмен халық өз бағасын беріп, уақыт өз орнына қояды.
Мұқағалидың өлеңдерімен мұнан жиырма жылдай бұрын таныса бастаған едім. Кейін 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінде оқып жүргенімде екі-үш рет көруге жазды. Алғашында жерлес ақын ағамыз Дүйсенбек Қанатбаевты іздеп, Жазушылар одағына барғанымда көрдім. Ауылдан келген баламыз, қасиетті отаудың табалдырығынан имене аттап, қызыл кілем төселген үлкен дәлізбен жүріп келе жатқанымда, қапталдағы есіктің бірі ашылды да, екі иығына екі кісі мінгендей ірі кісі шыға келді. Үстінде жеңі шолақ ақ жейдесі бар, шалқалай қайырған қайратты қара шашы дудырап көзіне түсіп кеткен. Екі беті қызарып, иінінен дем алады. Әлдекімдермен қызу айтысып, келісе алмай шыққан жанға ұқсаттым. Бұрын тек суретін көріп жүрсем де таныдым.
— Ей, кімді іздеп жүрсің? — деді.
— Дүйсенбекке келіп едім.
— Ол ана жақта ғой, — деп қолымен нұсқады да, шыға жөнелді. Сол кезде газет-журналдарға Мұқағалиды сынап жазушылар болды.
Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен құмар кім көрінген,
Бірақ та,
Білесің бе, ей кім көрінген,
Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!!!
— деп ақын сол мен көрген кездерде жазған сияқты. Ол "Білгішіме" атты өлеңінде де өзін жүргізбей жүрген сыншы сымақтарды әшкерелейді:
Тағы да, тағы, тағы да,
Тағы да сына білгішім.
Кіріп ап менің жаныма
Кір іздеп тағы жүрмісің?!
Бір жырым — менің бір балам,
Мезгілсіз шала тумаған,
Мерзімі жеткен шағында
Шығам деп сыртқа тулаған.
Мезгілсіз өлең тумайды,
Көңілсіз болса кім білсін,
Сыбызғы десем қурайды,
Оны да сына, білгішім...
Мұқағали өлеңдеріне жаңа сөз, соны тіркес іздеп әуреленбейді, өлеңнің құрылымын ерекшелендіремін деп буын сындырып, өзің ойланып тап деп тұспалдап, мысалдап та жатпайды. Ағынан жарылған адал жүрегін, ақындық жүрегін жайып салады. Жеке мұңның өзінен үлкен азаматтық ой туындатады, адамгершілікке, жақсылыққа үндейді. Өзі айтатын "қазақтың қасиетті қара өлеңімен" оқырманымен бірге қуанып, бірге мұңаяды, оның жанына жол табады. Жырлары сондықтан да өміршең болса керек.
Бірде, оны Абай ескерткіші жанындағы жатаған орындықта отырған жерінде көрдік. Жолдас жігітімнің тартынғанына қарамастан ол отырған орындықтың шетіне жайғастық Ол селт етпеді. Қанатын қомдаған тау қыранынша жанары шоқтанып, күбірлеп өлең оқыды. Бізге көзі түскенде ұйқыдан оянғандай болып, жылы ұшырай кетті. Тастүйін кейпінен арылып, жанарына күлкі үйірілді. Өлеңдерін сүйіп оқитынымызды айтқанымызда масаттанғандай бір жасап қалды. Қазір дәл есімде жоқ дала, Алматы жайлы шумақтарын айтты. Арада бір жылдай уақыт өткенде сүйікті ақынымыз қайтыс болды дегенді естідік. Төмендегі арнау атты өлеңім сол кезде жарық көріп еді:
Өлеңімен өрнектеп ел мұратын,
Жыр бәйгеде пырағын оздыратын,
Мұқағали ақын жоқ арамызда
Алматының бір әсем кеші есімде,
Көрдік оны Абайдың көшесінде.
— Мұқағали әне отыр, — деді досым,
— Өлең тұнып ойының кесесінде.
Қыз балтырлы қайыңдар арасында,
Ие болып бір ғажап жарасымға,
Омырауын самалға ашып тастап,
Бізге өлең оқыды нанасың ба?
Шабыт отын үйіріп жанарына,
Оқимын — деп өлеңді қарағыма,
Толғап кетті қазақтың Сарыарқасын
Зер жамылды деп біздің дала мына.
Өлді деуге оны адам қимайды анық,
Көкірегіне отты өлең симай қалып,
Мұқағали ағамыз кетті-ау деймін
Болмысымен мәңгілік жырға айналып!
Иә, енді міне уақыт өткен сайын Мұқаң өзінің ешкімге ұқсамайтын оқшау биігімен тұлғаланып барады. Ол тірі! Оның күнделікті сырласымызға, ән-жырымызға айналған өлеңдері бізбен бірге өмір сүре бермек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі