Сол күні Қошоба ауылынан шығып, жүз сексен шақырымдай жердегі Қарабұғаз қаласына жол тартқан жиырма жігіттің ішінде Сұлтан да бар еді. Бұл оның аудандық әскери комиссариатқа екінші сапары. Жетектегі екі түйеге жігіттер кезек-кезек мініп, аяқ суытады. Басқалардан жасы кіші болса да, өзін ересек санаған Сұлтан сыр бермейді. Жаздың күні қандай ұзақ болса, жол да сондай, жеткізбейді. Тас төбеден шақырайған күн тапжылар емес. Аялдаған кезде құтыдағы жылымшы сумен ерін шылайды да, жүріп кетеді. Көкшіл сағымы көлкіген сүреңсіз шел даланы таспадай тілген ақшаңдақ жолмен кәрі Атырау жағасыңдағы қалаға таяған сайын Сұлтанды бір ғана ой мазалауда: "Тағы да кейін қайтармаса екен". Оны кейін қайтармады. Бұған Сұлтанның туған жылына бір жылды қосып айтуы себеп болса керек. Көкейге түйген ойының сәтті шешілгеніне қуанған Сұлтан он жеті жасында майданға аттанды.
* * *
Өзінің жауынгерлік жолын автоматшылар ротасында бастаған кіші сержант Сұлтан Балхаев бүкіл Украинаны, Белоруссияны, Литваны, Шығыс Пруссияны жаяу жүріп өтті. Ол Курск иініндегі шайқастарға да қатысты. Бірде оның бөлімшесіне сол аудандағы жау күшінің орналасуы жөнінде мәлімет түсіру тапсырылды.
Сұлтанның тобы жау тылында алты сағаттан аса болып, орманның алдын ала жоспарланған тұстарын шолып, картаға белгілер соқты. Қарауындағы жігіттерімен аса сақтық пен табандылықты қажет ететін тапсырманы ың-шыңсыз орындаған Сұлтанның көкірегін қуаныш кернеді. Жауынгерлеріне ризашылықпен қарап қояды. Қырғыз Омаровтың жасы 38-де болса, орыс Сема он жетіге жақында толған-ды. Ұлты да, жасы да, мінез-құлқы да түрлі-түрлі осынау жандар бірге туған бауырларындай ыстық. Жалғыз аяқ соқпаққа түскен олар тезірек асып кету үшін ширақ басып жүріп келе жатты.
— Командир, фрицтердің әлгі дзотын байқадыңыз ғой? Өте мықты, біздің адамдардың талайын жер құштырады-ау. Көзін құртып кетсек қайтеді? — деп сыбырлады Сема. Жүзінен балаңдықтың табы кетпеген оның отты жанарынан қайтпас қажыр аңғарғандай болды.
— Тапсырмада белгіленбеген, — деді бұл ұсынысты ой таразысына салып тұрып.
— Алдыңғы шепте тұр ғой, граната жаудырып, бұзайық та, тартып кетейік.
Осындай тоқтамға келген топ ымырт қараңғылығын жамылып, жау шебінде сәл кідірген еді. Біраздан кейін жау дзоты қызыл жалын құшты. Шаң-шұң дауыстар естіліп, аспанға ракеталар атылды. Әр тұстан із тастаған автоматшылар бұл кезде ұзап та кеткен еді.
Көп ұзамай автоматшылар тобы әкелген мәліметтердің құндылығы анықталып, топ мүшелері наградаға ұсынылды.
* * *
Харьков қаласын азат еткен кеңес әскерлері гитлершілдерді Днепрге тықсырды. Сұлтан қызмет ететін 92-гвардиялық Харьков полкі 1943 жылғы қыркүйекте Днепрден өтті. Сұлтан соғыс кезінде көптеген қалалар мен селоларды көрді. Алайда, сол бір Бородавка деревнясы күні бүгінгідей көз алдында. Осы деревняда өші қалғандай жау үсті-үстіне шабуылдады. Автоматшылар ротасы зор шығынға қарамастан табан тіреген окоптарын күні бойы қорғады. Түнге қарай ғана шабуыл тынып, күндізгі оқ гүрсілі толас тапқандай болды. Қолқаны қапкан оқ-дәрі исі сейіліп, күздің қоңыр самалы есті.
Таң елең-алаңда жанына екі автоматшыны ерткен Сұлтан барлауға шықты. Фашистер техникасын осы тұсқа шоғырландырып жатты. Орманның қалыңдау тұсына жасырынған жау "тигрлері" мен "пантераларының" тұмсығы сораяды. Барлаушылар жаудың шайқаска мықтап дайындалып жатқанын көрді.
Бұл жөнінде біздің командованиеге мәлімдеме беріліп, шұғыл шаралар алынды. Таң ата жер солқылдағандай болып, фашистердің тегеурінді танктері шабуылға шықты.
Жаудың он төрт танкісі қатарласа жылжып, окопқа таяды. Олардың соңын ала жаяу әскерлері ілесті. Алдыңғы белеске жақындаған танктің үшеуі өрт құшты. Қалғандары жиілете оқ шығарып, алға ентелеп келеді. Бүкшеңдей жүгірген жау солдаттарын қарауылға алған Сұлтан автоматшылары оқ септі. Кенет бастан тиген ауыр соққы есеңгіретіп жіберді. Миына ине сұғылғандай әсер алды. Есін жиғанда көз алдындағылар шырқ көбелек айналып бара жатты. Бойын зорға билеп, окоп түбіндегі бір бума гранатаны қолына қысып ұстап, жау жаққа көз тікті. Бет-аузын қан жапқан оны рота командирі Якименко қолтығынан демеді.
— Бұйырамын, жедел медсанбатқа барасың! — деді ол.
Алғаш медициналық көмек көрсеткен ақжарқын санитар жігіт жақ сүйегінің жараланғанын, тілінің де зақымданған болуының мүмкін екенін айтып, қолына блокнот пен қарындаш ұстатты. Жақ ашуға тыйым салды. Медсанбатта ұрыстың барысын білуге құштар жаралылар Сұлтанды ортаға алды. Әсіресе , екі жауынгер мұның жанына келіп, сұрақ қоюмен болды:
— Бородавка түбінен бе? — Сұлтан басын изеді. — Біздікілер жауды тоқтата ала ма? — Сұлтан басын изеп, бас бармағын көрсетті. Ашуланған бірі: "Сайтан алғыр, қорыққаны сонша, тіпті тілден айырылыпты," — деді. Міне сонда санитардың блокноты мен қарындашы кәдеге асты.
1710-арнаулы эвакуациялық госпитальдың хирургі Мухин мен емдеуші дәрігер Иконниковке Сұлтанның сынған жағын емдеу оңайға түспеді. Оның алты айдан кейін ғана қатарға қосылуына мүмкіндік туды. Жүзіндегі тыртық пен тілдің білінер білінбес ақауы сол ауыр жарақаттан қалған белгі.
* * *
1944 жылғы маусымда 97-атқыштар дивизиясы Витебск қаласын азат ету жолында кескілескен шайқастар жүргізді. Гвардия аға сержанты шеніндегі Сұлтан осы дивизияның 136-атқыштар полкіндегі автоматшылар ротасы взвод командирінің көмекшісі болатын. Атыс кезінде командирі оққа ұшты да, Сұлтанға шабуыл алдында взводты басқаруға бұйрық берілді.
"Отан үшін алға!" деген дауыс естілгенде жауынгерлер жаңбырша жауған оқ астында жау траншеяларына қарай ұмтылды. Алдыңғылар қатарында окоптан көтерілген Сұлтан бірнеше метр жүгірді де, жолай кезіккен траншеяға бұрылды. Карсы алдынан атылған автомат оғы жердің шаңын бұрқыратып жіберді. Окопқа бұққан Сұлтан кейін шегіне түсіп, өзін нысанаға алған жау автоматшысының орналасқан жерін көргісі келді. Шегіне бергенде екінші тұстан атылған оқ жолын бөгеді. Бұл бұрын байқамаған жау дзотынан «сөйлеген» пулемет еді. Екі оттың ортасында қалған Сұлтан бас көтере алмады. Ажал сепкен жау автоматшысы өз нысанасын іліктірмей қоятын емес. Сәл бөгелсе, аңдысу жаудың жеңісімен шешілмек. Сұлтан соңғы гранатасын оқ шыққан тұсқа дәлдеп лақтырды да, автомат үні өшкен мезет ышқына алға ұмтылды. Кешіккен жау пулеметі оның орнын "сипап" қалды. Гранатадан өлген неміс автоматшысы траншеяға асыла құлапты. Оның дәл жанынан бір жәшік неміс гранатасын тапты. "Енді соғысуға болады", деп ойлады да, жау дзотының амбразурасына бір-бірлеп жеті граната лақтырды. Пулемет үні өшкенде уралап, жауынгерлерді шабуылға көтерді. Дзоттан тоғыз неміс солдаты қолын көтеріп шықты. Олардың соңын ала эсэстік обер-лейтенант көрінді. Есік алдына бөгелген ол пистолетін Сұлтанға кезене берді. Оның қимылын бағып үлгерген Сұлтан бұрын атты...
Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Сұлтан екінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
* * *
Ұлы Жеңіс күні келіп, фашизм өз ұясында талқандалғаннан кейін Сұлтекең туған жерге оралды. Қошобаға сондай-ақ өзімен бірге майданға аттанған Қыдырша Тәңірбергенов, Берекет Тасқараев, Қалаушан Қарабалин сияқты ауылдастары да қайтып оралды. Көпшілігі майданнан қайтпады...
Бейбіт өмірде Сұлтан метеоролог мамандығын қалады. Ол ауа райын бақылау станциясының инженер-бастығы болып қырық жылдай еңбек етті. Өз ісінің үздігі атанды. Көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Қазір Ақтау қаласында тұрады, өзі де, зайыбы да құрметті демалыста. Олар он бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Науан Жаңаөзен қаласында тұрады, автоколонна бастығы. Бір-бір шаңырақ иесі болған Қосай мен Абай Ақтау қаласының тұрғындары. Раиса, Қарлығаш, Гулимат есімді қыздары да тұрмыс құрған, балалы-шағалы. Гүлзирасы осында акушерка. Юнисі де қызмет істейді. Жанарыс, Бекарыс — мектеп оқушылары.
Жылда көктем туып, Жеңіс күні таяғанда 28-гвардиялық Харьковтық екі мәрте Қызыл тулы атқыштар дивизиясының және 97-ші Витебскілік Кутузов жөне Суворов орденді атқыштар дивизиясының ардагері Сұлтан Жақышұлы Балхаевтың атына Москвадан, Ленинградтан, Куйбышев пен Бакуден, Таллиннен, ұлан-ғайыр Отанымыздың түкпір-түкпірінен хаттар ағылады. Міне, мына бір хат Ашхабад қаласында тұратын полктасы Юрий Николаевич Башкуриннен: "Қадірлі Сұлтан, сізге Одессаның жауынгерлік даңқ музейінде сақтаулы тұрған 28-гвардиялық атқыштар дивизиясы ардагерлері суретінің көшірмесін жолдап отырмын. Мықты денсаулық, белсенді іс-қимыл, табыс тілеймін. Жастарға байырғы гвардияның тот баспайтындығын көрсетіңіз."
Осындай хаттарды ол 92-гвардиялық атқыштар полкының парторгы қазір Түрікмен КСР ДОСААФ Орталық комитетінің төрағасы, генерал-майор Аман Розаевтан, автоматшылар ротасының командирі, қазір отставкадағы подполковник И.Я.Василенко, 136-атқыштар полкының штаб бастығы, отставкадағы полковник А.Ф .Хохлов сияқты бұрынғы қанды көйлек қаруластарынан да алды.
Оған отыз бес полктасы, олардың балалары мен туыстары хат жазады. Сондай-ақ Кеңес Армиясының бес ардагерлер комитетімен хат алысады. Сұлтан жауап жазудан жалыққан емес. Ардагерлер музейлеріндегі кездесулерге бірнеше рет қатысты. Ол қарулас достарын іздеп, өзі құрамында соғысқан дивизиялар мен майдандар ардагерлер комитеттеріне хабарлап, Украина, Белоруссия, Литваның орталық газеттеріне мақалалар жазды. Сол үшін де алғыстарға бөленді. Қарақалпақстанның "Советтік Қарақалпақстан" газетінде Сұлтекеңнің "Мен сені іздеп жүрмін" атты мақаласы жарық көрді де, ол көп ұзамай қырық жылға жуық көрмеген майдандас досы Қыдырбай Сабыровпен қауышты.
Елгезек те жаны жас ардагер жастарға интернационалдық және патриоттық тәрбие беру ісіне де белсене араласуда.
22.05.1987ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі