Қазан мерекесі болатын. Қай кезде де жолаушылар арылмайтын қалалық автовокзалда адамдар ерекше көп. Бірі кіріп, бірі шығып сапырылысқан жұрт. Кенет омырауы жарқырап есіктен кірген ұзын бойлы кісі жұрт назарын өзіне аударды. Қолындағы таяғын тек сәндік үшін ғана ұстағандай еңсесін биік тұтып, нық адымдаған ол көзіме оттай басылды. "Япыр-ау, шынымен Жәкең бе?" деп ойладым. Қыран қабағының астындағы өткір жанарына көзім түскенде таныдым. Самайын қырау шалып, жүзінен үлкендіктің белгісі аңғарылғанымен сол өр тұлғалы қалпы. Кассадан билетін алып, сыртқа беттегенде, ілесе шығып сәлемдесіп ем. Сені қайда көрдім дегендей жүзіме көз тоқтатты. Есімімді атағанымда ойланып тұрды да, есіне түсіргендей жадырап сала берді.
Қолыма қалам ұстатып, бастауыш сыныптарда оқытқан аяулы адаммен араға жиырма жыл салып осылай кездейсоқ кездестім.
— Үйге жүр, қарағым, мына жиырма жетінші микроауданда тұрамын. Айтпақшы, Жаңаөзенге жол жүріп барамын деген екенсің ғой, онда адресімді ұмытпа, — деді ол.
.. .Жақай Сарбасов Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысты. 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына азаматтық борышын өтеуге аттанған ол туған жерге араға алты жыл салып оралды. 138-ші атқыштар дивизиясы атты әскер барлаушыларының взвод командирі ретінде қанқұйлы жауды өз ұясында талқандағанға дейін саптан шыққан жоқ. Кабардин-балқар жеріндегі Прикладный қаласы маңында болған ұрыста алғаш рет, ал Карпат бойын жаудан азат ету жолындағы шайқастардың бірінде екінші рет жарақат алды. Екеуінде де жауынгер достарының арасына тезірек жетуге асықты.
Қашаннан көзі ашық, көңілі ояу Жәкең майдандастарының суреттерін, уақыт табынан сарғайған хаттар мен газет қиындыларын асыл қазынасындай сақтап келеді. Олардың арасында Карпат бойын, Чехословакия мен Венгрияның көптеген қалаларын жаудан азат етуге қатысқаны үшін Суворов орденді, Қызыл тулы Карпат дивизиясының командирі полковник Васильевтің Жоғарғы Бас қолбасының бұйрығымен берген алғыс хаты да бар. Әсіресе, бес барлаушы — Орлова, Бабенко, Антропов, Ковальчуктың ортасында отырған суретіне сол бір жалынды жылдар көз алдынан елестеп өткендей ұзақ қарады.
Сол жақ қолтығында отырған бала Саша Ковальчукты өзінің қандас бауырынан кем көрмейтін. Карпат жерінің ой-шұқырын жетік білетін, ержүрек жас барлаушы көп көмектесті. Бірде барлау кезінде бұлардан оқ бойы ұзап кеткен ол көз алдарында жау отрядының қоршауына түсіп қалғаны бар. Мұны көріп келе жатқан барлаушылар сан соқты. Жауар бұлттай түнере қалған командирінің ойын сезді-ау деймін: "Күшіміз тең емес, Жәке, кейін қайту керек", — деді барлаушы Бабенко. "Жоқ, құтқаруға тырысып көрейік", — деп қысқа жауап қайырды. Жықпыл-жықпыл аңғарды қуалап, жаудың алдын орағытты да, тұтқиылдан оқ жаудырып, шабуылға шықты. Тізеден асқан қардан малтығып жүре алмай келе жатқан дұшпанның көбін ұзатпай жер құштырды. "Саша, жат" деп айқай салып, балаға ұмтылды. Оң аяғының жылан шағып алғандай дыз ете түскенін елемеді. Балаға жете жығылып, бауырына басты. Жылап көріскен Саша мойнынан құшақтап айырылар емес. Жау тобы бұларды көп деп ойласа керек, орманға шегінді. Ет қызуымен сезбепті, оқ оң аяғының қоң етін тесіп өткен екен, ауырсынып орнынан тұра алмады.
Қанға боялған ақша қар үстінде ұзақ жыл көріспеген бауырлардай қос барлаушы — қазақ пен орыс құшақтасып жатты.
— Соғыстан кейін офицер болуды армандайтын, мақсатына жетті ме екен, — дейді Жәкең суретке қарап күбірлеп.
Жақай Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін "Қызыл жұлдыз", I дәрежелі Ұлы Отан соғысы, III дәрежелі Даңқ ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.
Жеңістен кейін 1945-1946 оқу жылында Жәкең біздің ауылға мұғалім болып келеді. Мұндағы мектептің директоры да, төрт сыныпқа сабақ беретін мұғалімі де өзі болды. Түске дейін екі сыныпты, түстен кейін екі сыныпты оқытады. Балаларды соңынан ертіп, мектепке қарай келе жатқан, ауыл сыртындағы тақырға оларды жинап алып, жарыстырып, күрестіріп күле қарап тұрған оның бейнесі әліге дейін көз алдыма елестейді. Ол бізге Отан соғысының отты жылдары, майданнан қайтпаған ауылдастары жайында әңгімелейді. Бірақ өзі туралы айтқанын естіген емеспіз.
Ауыл мектебінде отыз жылдан астам еңбек еткен Жәкең сол мектептен құрметті демалысқа шығыпты. Зайыбы Мақпал жеңгей екеуінің тәрбиелеп өсірген сегіз ұл-қызы қазір халық шаруашылығының сан-саласында еңбек етеді. Тұңғышы Сағида байланыс қызметкері, Зина — тігінші, Зағипа — бухгалтер, Жарылқасын — электрик, Оңдасын — пластмасса бұйымдары зауытының шебері, Роза — есепші, еңбекті оқумен ұштастырып, политехниқалық институтының кешкі бөлімінде оқитын Нұрадин слесарь.
— Сұм соғыстың жан түршігерлік көріністерін өз көзімізбен көрдік. Біздер, ардагерлер, еліміздің бейбітшіл саясатын шын жүректен қолдай отырып, осы бағытта жүргізіліп отырған игі шараларға белсене қатысамыз. Жастарға адамгершілік, патриоттық тәрбиеге жауаптымыз, — дейді соғыс және еңбек ардагері Жақай Сарбасов.
21.01.1987 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі