Мен кеше "халық жауының" баласы едім,
Бетегеден биік, жусаннан аласа едім,
Өкпелесе біздейлер өкпелесін,
Сталинге не өкпең бар, аға, сенің...Есенғали Раушанов
Әкем бұл туралы өмір бойы шешіліп әңгімелеген емес. Тек қана: "Біз үш тумалас едік, өзімнен үлкен Көпжас, Жарас деген ағаларым бар еді", — дейтін. Үш ұлдың кенжесі біздің әкеміз — Мыңжас екен. Ағалары жөнінде сұрай қалсақ: "Баяғы ашаршылық кезінде ұсталып кетті" — деп жауап беретін. Мән-жайды кейін анамнан естідім.
1928 жылдары Қазақстанда Голощекин "Кіші Октябрь" атты асыра сілтеуін бастаған кезде үріккен ел түрікмен, қарақалпақ жеріне қарай дүркірей көше жөнеледі. Әкеден жастай қалып, еңбекке ерте араласқан, бай ағайындарының малын бағып, аз ғана дәулет жиған үш жігіт те туған Маңғыстауын тастап, кетуге мәжбүр болады. Әкемнің туған жері Форт-Шевченко, ал анам: "бала кезімізде Жем, Сағыз бойларында көшіп жүретін едік", — дейді. Мал өсірумен ғана айналысқан көшпелі халықты ата мекенінде тек мал ғана ұстап тұра алған. Малдан жұрдай болып тоналған ауыл жұрты енді күн көріс жағдайын ойлап Каспий теңізін жағалап, Шағадамға (қазіргі Красноводск қаласы) қарай босқан, кейбір ауылдар темір жолды бойлап, Ташкентке дейін асып кеткен. "Қазіргі Қазақстан шекарасынан шығып, шұбырындыға ұшыраған шаруалар саны 1 миллион 31 мыңнан асқан. Олардың шамамен 165 мыңы республика шеңберінен ғана емес, Одақ шекарасынан біржола шығып, көрші Қытай, Монғолия, Ауғанстан, Иран, тіпті сонау Түркия жеріне жетіп, кейін өз Отанына қайта алмай қалған. Ал көршілес республикалар мен Ресей Федерациясына қоныс аударып, сол жерлерде орнығып қалғандар саны 450 мыңдай", деп жазды бұл туралы "Қазақ әдебиеті" газетінде демограф, педагогика ғылымдарының кандидаты Мақаш Тәтімов. Красноводск маңында Иранда, Ауғанстанда тұратын ағайындарынан хат-хабар алып тұратындар аз емес. Біздің көршіміз Әлпия шешейдің радиоқабылдағыш арқылы Ираннан аптасына бір рет берілетін қазақша хабарды сарыла күтіп, домбырамен қосыла шырқалатын зарлы әндерді тыңдап, жылап отырғанын талай көргенбіз.
Отызыншы жылдары әкелеріміз еліміздегі ірі химиялық тұздардың кен орны — Қарабұғазда еңбек етіп, оның байлығын ел ырзығына айналдырушылардың алғы сапында болған. Ол кезде жұмыс өте ауыр, барлық іс қол күшімен атқарылады. Ел ішін аштық жайлаған, азық-түлік тапшы, жұмысшылар лас, суық барақтарда тұрған. Бұл әсіресе, бұрын мал соңында жүріп қалған көшпенділерге қиын тигені белгілі. Оның үстіне шолақ белсенділер шығып, жұртты тықсырып маза бермеген.
— Әсіресе, елден ерекшеленуге тырысып, бұтына галифе шалбар, аяғына былғары етік киіп көрінгенге ызғар шаша қарап жүретін шикіл сары жігітті көретін едім, бар бәле содан келіпті, — дейді анам. Жұмысшыларға дігірлеп қоймаған соң, әкейдің үлкен ағасы Көпжас: "көптен ұлы емес, осының қол-аяғын байлап тастайтын екен" — депті. Бұл сөзді әлгіге біреулер жеткізсе керек, сол күні түн ортасы ауғанда үй ішіндегілер тарс-тұрс қағылған есік дүрсілінен оянады. Алдымен үйге ентелей енген денелі қазақ:
— Тұрлыбекұлы Көпжас осында ма, айда бізбен жүресің, — дейді. "Алғашында істің мән-жайын ұғына алмай селтиіп тұрып қалыппыз. Тек енем ғана дауыс салып, жылап қоя берді. Мен сыртқа шыға келсем, есіктің сыртында және аулада түсі суық екі адам тұр, үйге қайта кірдім. Ертеңіне біреулер келіп, үйді тінтті, бірақ ағалы-інілінің үшеуі де сауатсыз болатын не таба қойсын", дейді анам.
Көп ұзамай бір ауыз сөзі үшін "халық жауы" атанып ұсталған Көпжастың інісі Жарас та тұтқынға алынады. Әжеміз Тойған екі ұлының соңынан іздеу салып, талай кеңсені тоздырған. Бірақ нәтиже шамалы. Бір күні ол әлгі шикіл сары белсендіге тап келіп, ұлдарының жайын сұрапты. "Кішісін білмеймін, үлкен ұлың енді қайтып оралмаса керек, үкіметке қарсы сөз айтқан адам оңатын ба еді" деген жауап алған. "Үлкен қайнаға сол кеткеннен хабарсыз кетті. Араға он жылдай салып, кішісі оралды. Сібірдің бір түкпіріндегі лагерьде ит қорлықпен күн кешіпті. Елге әбден титықтап жетті. Содан қайтып оңалған жоқ, өз қолымызда қайтыс болды", — деп әңгімелейді анам.
Маңғыстаудың көптеген қазақтары Красноводск-Ташкент темір жолы бойындағы станциялар мен разьездерді мекендеді. Күні бүгінге дейін тұрып қалғандары бар. Әсіресе, олар Красноводск, Небиттау сияқты ірі өндіріс ошақтарының маңына мол шоғырланған. Бұлардың қазақ мектептері бар. Солардың бірі — Маңғыстаудан біздің әке-шешелерімізге ұқсап ауып барып, сол жерден майданға аттанған Кеңестер Одағының Батыры Мәди Бегеновтың атында. Қазақ тілінде "Жұмысшы" газеті, "Атырау" атты тележурнал бар.
Әкеміз өмірінің ақырына дейін, қырық жылдан астам уақыт бойы темір жолда еңбек етті. Бес қыз, төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Өле-өлгенше оның аузынан бұл әңгімені естіген емеспіз. Бұл да отызыншы жылдардағы жеке басқа табынушылықтың, ешнәрсені ашық айтуға үйренбеудің, қорқасоқтықтың зардабы болса керек.
— Ол тек қана туып-өскен жерін сағынып:"Қайран, Маңғыстауым," — деп отыратын. Тарихымыздың ақтаңдақ кезеңі атанған сол кездерде біздің әкейлер сияқты мыңдаған қарапайым шаруалар жазықсыз жапа шегіпті. Өткеніміздің көлеңкелі тұстарын да бүркемелемей ашық айтатын шақ туды. Өйткені, өткенсіз бүгін жоқ.
18. 01. 1989 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі