Оқушы зор құрмет тұтатын сүйікті жазушысына тағы кездесті. Бұл жолы жазушы көркем шығарма емес, туған әдебиет туралы ойларын ұсынды.
Мұхтар Әуезов тек қазақ оқушыларына емес дүние жүзі оқушыларына белгілі жазушы. Ол өзінің әлемге әйгілі шығармалары арқылы қазақ әдебиетін биік сатыға көтерген адам. Енді жазушы өз әдебиеті туралы көп жыл толғанған ойларын ортаға салды. Жаңа кітапқа автордың ұзақ жылдық әдеби-зерттеу еңбектерінің ірілері сараланып алынған.
Ғалым-жазушының кітабы ұлы ақын Абай туралы зерттеу еңбегінен ашылады. Бүгінде Абай тану (Абай ведение) ғылымы бізде кең өріс алғаны белгілі. Қазақ әдебиетшілері (тіпті тек қана қазақ әдебиетшілері емес) Абайдың шығармаларын, әлеуметтік қызметін, өмірбаянын жан-жақты, терең зерттеп келеді. Қазақтың әдебиеті тану ғылымында Абай жөніндегі еңбектер көп толықты Ұлы ағартушы — ақынның философиялық тарихи-әлеуметтік мәселелерге көзқарасы, шығармалары сан салаға бөлініп те зерттеледі және көп зерттеушілер жеке саласын ғана оқшаулап алып бір арнаға үңіліп қазбалап, тінткілеп зерттейді.
Ал, Абай туралы көптеген өлең, жыр, публицистикалық мақалалар да осы ғылымға жанай қосылып, біздің классигіміз жайындағы қазынаны молайтып, ажарландыра түсетіні анық. Абай туралы өзгеше биік, көркем еңбек осы автордың дүниеге әйгілі, классикалық эпопеясы екені айқын. Бұл шығарма, өзге тарихи ірі қасиеттерін бөлек қойғанда, ұлы ақын жайындағы ең тереңді кең, баға жетпес ғылыми еңбек болып саналатыны белгілі. Әрине, бұл аталған көркем шығарма Абай туралы бар зерттеудің шоқтығы болғанмен, өзге таза ғылыми, сын зерттеулерді жоққа шығармайтын, өз алдына бір алуан дүние.
Ал енді осы бір адам жазған көркем шығарма мен ғылыми зерттеу еңбекті алып қарасаңыз — ең алдымен біріне-бірі көлеңкесін түсірмейтін туындылар екенін, яғни «Абай жолы» эпопеясын оқып ұлы ақын туралы бар сырғa қанған адам, енді сол тақырыптағы зерттеу еңбегін сүйсіне оқып, ақын туралы мағлұматын арттырып, тереңдей түсетінін байқаймыз.
Екіншіден бұл еңбек Абай тану ғылымының, мүмкін төл басы болмас, бірақ оның бас арнасы, жинақты жүйесі екенін аңғармасқа болмайды.
Осы еңбектің екі сападағы қасиетін атап өткен жөн болар еді. Бірінші — бұл ұлы ақын туралы кең де терең, жан-жақты ғылыми еңбек. Автор ақынның дәуірін, сол кездегі қазақ халқының қоғамдық даму сатысын, әлеуметтік жағдайды, ақынның шыққан ортасын, сол өмірдің ақын шығармаларындағы орнын маркстік-лениндік ілімге сүйеніп жан-жақты, терең талдайды. Сонымен бірге Абайдың философиялық, әлеуметтік көзқарастарын да саралап ашады. Абай шығармаларындағы қоғамдық мотивтермен қоса терең әдеби-теориялық талдау арқылы оның поэтикасының сырын ашады. Абай шығармаларының бас алар негізгі үш бұлағын дәл суреттеп береді.
Ал, екіншіден — бұл ой саралығы, тіл көркемдігі,ұғынықтылығы жағынан нағыз көпшілік оқитын қызғылықты шығарма. Мұнда тек әдебиетке тәнті теориялық жайттардың өзі, түсініксіз терминдер арқылы емес, шынайы әдеби тілмен, бөгде адам жатырқамайтын ұғынықты қонымды түрде айтылған. Одан шығарманың ғылымдық жағы әлсіреп, теориялық пікір долбарға айналып кетпейді. Бұл осы еңбектің көпшілік оқушыны тартатын, халыққа Абайды насихаттайтын, сондықтан да көбірек басып таратуды керек ететін жағы.
Осы тақырыпты М. Әуезовтің көп жылдар жан-жақты зерттеп келе жатқаны мәлім. Автор көп ойланып, көп зерттеп бұл еңбекті кемеліне келтірген. Әсіресе маркстік-лениндік ілім тұрғысынан тереңдете қарап, қоғамдық таптық жағдайларды анық саралаған. Сонымен бірге қайсы бір тұста асыра айтылған сыңар езу, дөкір сындардан ығып, жалаң социологияға ойыспаған.
Жоғарыда біз сөз еткен үлкен еңбекке жалғас «Орыс классиктері мен Абай», «Абай еңбектерінің биік нысанасы» деген екі мақала жазған автор оны жаңа ой, пікір, бақылаулармен толықтыра түседі. Әрине, соңғы мақалалар әр кезде бөлегірек жағдайда жазылған сияқты, басында бәрі біртұтас еңбек есебінде ойланбаған да шығap. «Орыс классиктері мен Абай» деген мақаланың кей жерлері алдыңғы еңбекпен сарындас. Алдыңғыдағы айтылған кейбір жеке жағдайлар осы соңғыда дәлірек қайталанатын кезі ұшырасады.
Ғалым жазушының Абай шығармалары туралы ғылыми еңбектері әр алуан. Жоғарыда аталған қазақ тілінде зерттеулеріне әр саладағы орысша мақалалары ұштасады. «Идейно-культурные искания Абая», «Великий сын народа» деп аталатын еңбектер ұлы ақын шығармалары бүкіл қазақ әдебиетінің даму процестерімен астастырып осы саладағы зерттеу еңбектерді толықтырып, тереңдете түседі. XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің шырқау биігі болған Абай творчествосының сырын ашып, оның келешектегі халықтың мәдени, рухани дамуына еткен әсерін анықтайды. Яғни Абай шығармалары қазақ әдебиетін ғасырлық тарихымен тығыз байланысты түрде зерттеледі. Мұндай тарихи өрісті кең қамтыған, терең толғамды еңбектер бізде көп емес.
Осы тамаша кітапқа Әуезов талантына лайықты, қазақ, қырғыз әдебиетінің ірі жанрларына арналған, түбегейлі проблемаларды көтерген кесек еңбектер кірген. Қазақ ертегілері туралы, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу «Қыз Жібек» лироэпостары туралы автор келелі пікірлер айтады. Дүние жүзіне әйгілі қырғыз халқының «Манас» эпосы жайындағы ірі еңбек өз алдына бір төбе.
Ең алдымен ескере кететін нәрсе — алдыңғы аталған және кейін келер еңбектері сияқты автор халық әдебиетінің осы үлгілеріне де маркстік ілім тұрғысынан жан-жақты терең талдау жасап, бірыңғай ағым (единый поток) теориясына қарсы, талқылаған жанрлары мен шығармаларының әлеуметтік, таптық мәнін, қайшылықтары саралап ашады.
Халық творчествосының ең ескі және аса мол түрі — ертегілер. Бұл бізде әлі жете зерттелмей келе жатқан» жанр болатын. М. Әуезовтің «Ертегілер» атты көлемді еңбегі осы саладағы зерттеулерге негізгі арна, жүйесі болары анық. Автор қазақ ертегілерін саралап, жүйелеп бөліп анықтайды. Олардың туған дәуіріне, көркемдік ерекшеліктеріне жақсы тоқталып, келелі, түйінді пікірлер айтады. Сонымен бірге қазақ ертегілерін дүние жүзі халықтары ертегілерімен сабақтастырып зерттейді. Бұл өзі тұйықталған жүйелі ғылыми курс есебіндегі еңбек. Автордың қазақтың белгілі екі лироэпосы туралы келелі мақалалары жайында да осыны айтпақпыз. Teк бұл арада «әттең» дегізетін бір нәрсе бар. Ол — осы eкі еңбектің алдында қазақтың жалпы ғашықтық жырлары туралы талдау мақала болса — сонда бұл өзі халық поэзиясының үлкен бір жанрын түгел қамтыған, бас-аяғы тұйықталған тұтас ірі еңбек болып шығар еді.
Кітаптағы аса қызықты, ірі еңбек «айтыс» туралы. Қазақ ауыз әдебиетінің осы бір ерекше қызғылықты жанрын автор ғылыми үлкен эрудициямен жан-жақты талдап толық тексереді.
Бұл өрелі еңбекті сүйсіне бағалай отырып, айта кеткіміз келген кейбір жеке пікірлер бар. Автор айтыстың таптық әлеуметтік сырын аша талдайды. Осы тұрғыда кейбір айтыс ақындарының феодалдық санасын, үстем тапты — өз руының мықтыларын мадақтайтынын айтады. Ондай ақындарды үстем тап жыршыларына жатқызады. Бұл орынды. Ал енді осы арада мынадай бір жағдайды ескере кетсек. Әдетте, көп ақындар айтысы өз руының мықтыларын мақтаудан бастайды. Әрине, бұл сол кездегі қоғамдық феодалдық санадан туған. Ал енді осыдан әрі екі ақын қағысқанда бірінің мақтап бетке ұстағанын бірі әшкерелеп, жеріне жеткізіп, мінеп сынайды. Осылай басында екі жақтай мадақталған жуандар қақпақылға түсіп, кезек сыналып, олардың озбырлық мінезі әшкереленеді. Сөйтіп өз басы феодалдық қоғам тұрғысынан артыла алмаған ақындардың өзі, өш алу мақсатымен болсын сөз ретімен объективтік түрде сол қоғамның шонжар өкілдерінің сыншысы болып шығады. Айтыс поэзиясының табиғатына тән сыншылдық көбінесе-ақ осы жанрды халықтық, демократиялық жағына тарта беретінін анықтап, айтыстың сатиралық табиғатын аша түскенде жақсы болтын еді.
Автор осы кезге дейін даулы боп келген Біржан мен Сараның айтысына баса тоқталады. Бұл айтыстың шығуы жөнінде өз пікірін, аралық сөзін айтады. Қиғаш екі пікір болатын — бірі Біржан — Сара айтысы тек сол автордың ғана сөзі, өзге ешкімнің қатысы жоқ дегенге тірелсе, екіншілері ондай айтыс болмаған, мұны шығарған Әріп ақын десетін. Ал, Мұқаң бұл айтыс болған, оны Әріп жазып алып, редакция енгізген деген пікірге келеді; және бұл айтыстың негізгі салмағын Біржан мен Сараға аударады. Әріптің еңбегін редакторлық дәрежесіне жақындатады. Қарапайым көзге көрініп тұрған бір жайтты айта кеткіміз келеді. Бірінші — бұл айтысты өлеңдік жағынан тексергенде — ол ауыз әдебиеті емес, жазба ақынның шығармасына аса жуық. Мұнда суырып салма ақындар айтысында шартты түрде жүретін көп қайталаған сөз нақыштары, мәтелдер жоқ. Екінші аса қатты ескеретін нәрсе: Сара мен Біржан сөздері стильдік жағынан, образ, бейне, теңеу, ритмика жағынан соншалықты ұқсас — екеуінің сөзін екі ақын айтты деу мүмкін емес. Және де Қазақстанның екі шалғайында туып-өскен, бірі еркек, бірі әйел, екі ақынның бүкіл поэтикалық жүйесі соншалық ұқсас болды деуге сену қиын. Ал, Біржан мен Сара айтысы аталатын көркем шығарма жайына келсек, бұған кім де болса бір талантты ақынның мықтап араласқаны және соның авторлығы шығарманың өзінен көрініп тұр. Соңғы кездерде осы айтыс туралы әр қилы пікірлер айтып, әр түрлі деректер келтіріп жүр. Бірақ солардың көбі осы «айтыстың» поэтикалық жүйесін, стиль бірлігін тексермей, көбіне кәрі құлақ, ескілердің сөзіне сүйенеді. Ал, біздіңше мықты деректі «айтыстың» өзінен, оның өлең табиғатынан іздеген жөн.
Қазақтың халық поэзиясының айрықша жанры — айтысты жан-жақты, қызғылықты талдаған автор, кейін өлең сөздің өрен жүйрігі Жамбылдың айтыстағы өнеріне бөлек тоқталады.
Бұл өзі өте қызғылықты, отты жазылған мақала. Тек осының бас жағында автор интуицияның ақын творчествосындағы рөлін тым баса айтқан сияқты. Екіншіден, бұл мақаланың едәуір жері алдыңғы «Айтыс» атты еңбектің кей жерін қайталайды. Алынған мысал да, айтылған пікір де дәл келіп отырады. Өйткені алдыңғы еңбекте автор Жамбылдың айтыс өнеріне біраз тоқталған. Осы айтылған екі мақаладағы жеке басылғанда байқала бермейтін ұқсастық енді екеуі бір мұқабаның ішіне кіргенде орынсыз болып тұрған сияқты.
Кітапқа советтік дәуірдегі қазақ әдебиеті туралы екі мақала енген. Оның бірі «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» деп аталатын қазақ поэзиясы туралы мақала. Бұл мақалада қазақ совет поэзиясының бар аумағы түгел қамтылмағанымен, осы күнгі поэзияның қызғылықты, түбегейлі мәселелері қойылған.
«Октябрь өркені» деген мақала негізінен шолуға құрылған да бүгінгі әдебиетіміздің аумағын қамтып, оқушыға қазақ совет әдебиетінің көп жағдайларын паш етеді. Ол кітаптың әдебиет танудағы маңызын толықтыра түспек. Тек «Традиции русского реализма и казахская литература» деген мақалада автор осы дәстүрді социалистік реализммен ұштастырып бойына мол сіңірген қазақ совет әдебиетіне кеңірек тоқталып, осы сапардағы біздің табыстарымыз бен қиыншылықтарымыздың сырын аша түскенде жақсы болатын еді.
Көпке мәлім, Мұхтар Әуезов бүкіл совет әдебиетінің үлкен қайраткері. Білікті, ойлы жазушы қазақ әдебиетін жеке-дара бөліп алмай, көп ұлтты социалистік әдебиеттің даму жолымен тікелей байланыстырып зерттеді. Өзбек, тәжік, украин, азербайжан әдебиеттерін сабақтастырып, өрелі пікірлер айтты. Бір өкінішті жағдай сондай өрістi мақалалар бұл кітапқа кірмей қалған екен.
Аса көрнекті жазушы, ойшыл ғалым көп жылғы зерттеу еңбектерін жарыққа шығарды, мұнда қазақ, қырғыз әдебиетінің ең күрделі жанрлары, ірі өкілдері жан-жақты кең тексеріледі. Және де қазақ әдебиеті жекелей алынбай, оның көп мәселелері дүние жүзілік әдебиеттегі құбылыстармен астастырылып биік тұрғыдан зерттеледі. Бұл кітапты оқып шыққан адам қазақ әдебиетінің үлкен курсын өткендей білім алады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі