Әдебиетке тұңғыш еңбегімен келген жас жазушылардан оқушы жұртшылығы соны шығарма күтеді. Көркем идеялық құндылық, тақырыптың актуалдығымен қатар, жұртшылық жаңа шыққан жазушыдан өмірдің тың материалдарын көтеруде әдебиетке қосатын көркемдік өзгешелігі, өзіндік үлесі болуын талап етеді. Осы өзіндік өзгешелік қасиеттерімен ғана жас жазушы өзінің болашақ бағытын белгілеп, жұртшылық назарын аударады.
Әдебиетте жас жазушылардың бәрі бірдей бірден дараланып, өзіндік қасиетін салғаннан аңғарта бермейді. Жастардың әдебиеттегі қалыптасу жолы әр түрлі. Бірақ қандай жас жазушы болмасын өзінің алдындағы әдебиет үлгілерінен қандай дәрежеде болса да үйренбей кете алмайды. Ал талантты жас жазушылар көрнекті әдебиет үлгілеріне қанша еліктесе де белгілі дәрежеде өз стилін, өзіндік дауысын алғашқы шығарманың өзінде-ақ аңғартады.
Ә. Нұрпеисов «Курляндия» романы арқылы әдебиетке жаңа леппен, өзіндік қазынамен келді. Әрине, жас жазушы ұлы орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің көрнекті үлгілерінен көп үйренген және олардың жақсы қасиеттерін бойына сіңіре де білген.
Осындай іздену арқылы, алдындағы үлкен жазушылардың шылауында қалып қоймай, жұртшылық назарын аударатын жаңа сөз, тың образдар ала келген. Роман әбден пісіп жетілген шығарма деген пікірден аулақ бола отырып, біз, ең алдымен, талантын аңғартқан жас жазушының шығармасының сәтті жақтарына, тәуір шыққан образдарына, өзіндік өзгешеліктеріне тоқталмақпыз.
Автор Ұлы Отан соғысының кесек оқиғасын алып, сол арқылы совет адамдарының Отан сүйгіштік сезімін, жан қиярлық ерлігін, асқан моральдық қасиетін суреттейді. Оның негізгі геройлары — күні кешегі ұлы ерлігі жырға айналған біздің замандастарымыз. Адам баласын фашизмнің құлдығынан азат еткен қарапайым совет адамдарын көркем образдар арқылы көрсетуде жазушы елеулі табыстарға жеткен. Ең алдымен, оқушыны сүйсіндіретін нәрсе — жазушы осы адамдарды негізінен суретшіге тән іліп алар аңғарымпаздықпен бейнелейді. Алғашқы кейіпкерлердің тұлғалары көріне бастағанда-ақ суретшінің, қолын танисың. Петр Денисов, Есей, Қожақ, Самед сияқты кейіпкерлер кәдімгі өмірдегі тірі бейнесімен, көзге елестер тұрпаты, қимылымен оқушыны сүйсіндіретін іш-дүниесімен есте қалады. Бұлардан басқа Баян, Миронов, Ғизатуллин, Остапчук тәрізді біркелкі тәуір шыққан кейіпкерлер осы образдарды толықтыра түседі. Курляндия түбіндегі қатты ұрыстарға қатысқан осы адамдардың қимыл-әрекетінен, ерлік істерінен Отан сүйгіштік сезімінен, ұлы мақсатқа қабысып жатқан ой-армандарынан Ұлы Отан соғысының елеулі бір кезеңінің есте қалар көрінісі жасалған.
Романның басты кейіпкерлері — Есей, Денисов, Қожақ. Бұл адамдар оқиғаға басынан аяғына шейін толық қатысады. Есей кіршіксіз таза жанды, Отанға шын берілген, ер жүрек совет жасы. Оның бейнесін сөзінен гөрі ісі баяндайды. Ол ауыр тапсырмаларға өзі тіленіп барады, соны орындауда жан аямай ерлік көрсетеді. Жау тылына рациямен барып біздің артиллерияны дұшпан әскерлері мен пулеметтеріне туралауы, немістер қоршап алғанда зеңбіректен өзіне атуын талап етуі, контузиядан құлағы бітіп қалғанда алдыңғы шептен кетпей, соғыса беруі, тағы да осы сияқты тамаша эпизодтар оның ерлік бейнесін анық сипаттайды. Оны осы ерлікке бастаған сезім Отанға деген зор махаббат; егер керек болса, Отан үшін жанын құрбан етуден ол еш уақытта тартынбайды.
Есейдің жауға деген ызасы қандай мол болса, совет жауынгерлеріне деген махаббаты да сондай. Ол өз қарауындағы солдаттарына адамдық үлкен ықлас, құрмет көрсетеді. Баянға деген аяулы, таза сезімі, махаббатын білдірудегі жасқаншақтығы да оның осы бейнесін анықтай түседі.
Бірақ осы сияқты тартымды Есей образының жетіспей тұрған жақтары жоқ емес. Есейдің бойындағы, Чернышевский айтқан «жан диалектикасының» анық көрінбеуі көп олқылық келтіріп тұр. Былайынша айтқанда, жас кейіпкер Есейдің өсу жолы, оның нағыз совет офицері болып қалыптасуы яғни ой өрісі кеңіп, әскери білім мен өмір сырларына жетіле түсу жолы көмескі шыққан. Романның басындағы Есейдің романның соңындағы Есейден артып кеткені шамалы.
Петр Денисов пен Қожақ ерекше есте қаларлық, сүйкімді кейіпкерлер. Бұларды бастан аяқ өз көзіңмен көріп отырғандай, өздерімен бірге жүргендей боласың. Осы екі жігіт талай рет көрген, қалжыңдасқан, жақсы достарың сияқты. Демек, өз кейіпкерлерін оқушыға әсерлі етіп, тірі күйінде елестете білген автор, сөз жоқ, талант иесі. Петр Денисов ақжарқын, әзілқой жігіт. Оның ішкі дүниесі жазғы күндей шұғылалы. Осы қасиеті майдан өмірінің ауыртпалығын жеңіл көтеруге өзіне ғана емес, өзгелерге де жәрдем етеді. Қиын-қыстау қатер үстіндегі оның жайдары көңілі жолдастарына да ауысады. Майдан өмірінің қаhарлы ызғарына жайма-шуақ жылу енгізеді. Үш адам жау тылында қоршауда қалып, қатерге ұшырағанда да ол әзіл айтып, өз бойынан жолдастарына демеу боларлық күш табады.
— «Әй, Қожақ! Естимісің, фрицтер не деп жатқанын? Курляндия түбіндегі қоршауда жатқан олар емес, біз секілді ғой. Сен бізден парламентер болып баршы, қоршаудағы қол көтерсе қазіргі жол олардікі екенін түсіндір. Бұл иттердің жерден бастарын көтере алмай жатып, «хонде хох» деп қоқаңдағаны зәбір болды ғой, қашанғыдан да», — деп өз бастарына дәл қазір қатер төнгенмен де түпкілікті «қоқайдың» немістерге келетінін аңғартып, достарының көңілін көтереді.
Негізінде Петр Денисов тек қу тілді, сөзуар ғана емес, рухани дүниесі жарқын, болмысынан көңілді, мейірімді адам. Оның жолдастарына деген ықыласы, әсіресе, Қожақпен достығы кісінің көңілін тебірентеді. Қожаққа деген Петр Денисов сезімі ең жақсы ағаның, тәтті жолдастың сезімі. Ол Қожақты қанша әзілдесе де ар жағында достық ықыласы, ағалық қамқорлығы көрініп тұрады. Қалжыңының өзі еркелетіп, арқадан қаққаны тәрізді. Қожақ та, Денисовті бар ықыласымен жақсы көреді, оған ағасындай әбден пісіп жетілген шығарма деген пікірден аулақ бола отырып, біз, ең алдымен, талантын аңғартқан жас жазушының шығармасының сәтті жақтарына, тәуір шыққан образдарына, өзіндік өзгешеліктеріне тоқталмақпыз.
Автор Ұлы Отан соғысының кесек оқиғасын алып, сол арқылы совет адамдарының Отан сүйгіштік сезімін, жанқиярлық ерлігін, асқан моральдық қасиетін суреттейді. Оның негізгі геройлары — күні кешегі ұлы ерлігі жырға айналған біздің замандастарымыз. Адам баласын фашизмнің құлдығынан азат еткен қарапайым совет адамдарын көркем образдар арқылы көрсетуде жазушы елеулі табыстарға жеткен. Ең алдымен, оқушыны сүйсіндіретін нәрсе — жазушы осы адамдарды негізінен суретшіге тән іліп алар аңғарымпаздықпен бейнелейді. Алғашқы кейіпкерлердің тұлғалары көріне бастағанда-ақ суретшінің қолын танисың. Петр Денисов, Есей, Қожақ, Самед сияқты кейіпкерлер кәдімгі өмірдегі тірі бейнесімен, көзге елестер тұрпаты, қимылымен оқушыны сүйсіндіретін іш-дүниесімен есте қалады. Бұлардан басқа Баян, Миронов, Ғизатуллин, Остапчук тәрізді біркелкі тәуір шыққан кейіпкерлер осы образдарды толықтыра түседі. Курляндия түбіндегі қатты ұрыстарға қатысқан осы адамдарды қимыл-әрекетінен, ерлік істерінен Отан сүйгіштік сезімінен, ұлы мақсатқа қабысып жатқан ой-армандарынан Ұлы Отан соғысының елеулі бір кезеңінің есте қалар көрінісі жасалған.
Қожақты сөз қылғанда айта кеткіміз келгені сырт қараған адамға бұл Петр Денисовке ұқсас тәрізді көрінуі мүмкін. Өйткені, екеуі де «күлдіргі» типтер. Бірақ автор негізі біріне-бірі ұқсас осы екі образды шеберлікпен даралаған. Петр Денисов ашық, әзілқой болса, Қожақ қуақы. Оның қулығы көбіне сыртқа ашық шықпайды. Күлімдеп көзіне ғана шығады да оқта-текте жылт етіп көрініп қалады. Өзіне тапсырылған істі, шамасы келгенше, аянбай, адал істейтін Қожақтың ішке бүккен мол ой қазынасы бар тәрізді. Осы кішіпейіл жігіт көп жерде рухани байлығын, ар жағында әлі де ашылмай жатқан күш барын аңғартады. Соғыстың аяқ кезінде командование оны оқуға жібергенде де осы қасиетін бек білген болар.
Біздің өмірімізді суреттеу үшін үлкен шығармаларға көп кейіпкер енгізбеу қиын. Өйткені, басты кейіпкерлердің коллективтің алуан түрлі мүшелерімен қарым-қатынас жасайтыны даусыз. Екінші жағынан, басты кейіпкерлердің образын толық ашу үшін оның өмір сүрген ортасын көрсету қажет. Бірақ аз ғана уақытқа оқиға желісіне байланысты көрініп кететін кейіпкерлердің бәрі есте қаларлықтай суреттеле бермейді. Ал, Нұрпеисов романындағы қуанышты нәрсе, ол осы бір-екі көрініп кететін адамдардың өзін, жылт еткізіп есіктен сығалатып қана қоймай, әрқайсысының заңды орнын тауып, қысқа да болса шебер бейнелеп, есте қаларлықтай етіп бере білген. Олар романдағы совет жауынгерлерінің галереясын жақсы толықтырады.
Мергендік өнерін бейбіт өмірден соғысқа ала келген Сапа бірден-ақ оқушының назарын аударады. Етек-жеңі кең, қимылға олақтау болса да, іске табанды Сапаның бүкіл тұлғасында, сөйлеген сөзінде жігіт ағасы болған қазаққа тән ерекше бір сипат бар. Романның бас жағында ғана кездесетін барлаушы Ғизатуллин де өзінің ер жүрек өжет қимылымен, жалынды бейнесімен оқушының ойын тебірентіп, көз алдында тұрып қалады. Әскери дағды сүйегіне сіңген, әскер өмірінің «романтигі» — ақкөңіл, бір сәт бос қарап отыра алмайтын, «тапалтақ, мұртты капитан» Остапчук; мінезі ұстамды, қиын-қыстау қатерлі жерде сабырлы, соғыс өнерінің шебері кесек бейнелі Миронов; әшейінде іші тар, күйгелек, өмірдің ұсақ-түйегіне беріліп, ішкі мағынасына терең бойлай алмай қалған, бірақ сын сағатта бұрын кәкір-шүкірмен бүркеліп келген шынайы адамгершілік қасиетін жарқ еткізіп қаза тапқан Петрушкин ше? Қимылы іш пыстыратын, қорытынды шығаруға асықпайтын шектен тыс байсалды, іске мығым, қиыншылықта қол беретін артиллерия мастерскойының бастығы Андреев ше?..
Міне, солардың бәрі шебер суретшінің қолынан шыққан жанды бейнелер. Майдандағы солдат семьясының жарастығын келтіретін заңды мүшелері. Бұлардың бәрі мінез-құлқы, ой-жүйелері әр түрлі, көздеген мақсаты бір жандар. Отанға деген махаббат бұларды тату-тәтті солдат семьясына біріктіреді, кең байтақ, көп ұлтты Отанымыздың әр түпкірінен, әр ұлтынан жиналған осы адамдарды біріне бірін қиыспас дос етеді. Солдат достығын жазушы өз батареясынан ауысқан Скориковтың сезімі арқылы жеткізе суреттейді: «Тілегі, талабы бір батареяны тастап кету оған майданға аттанарда үй ішімен айрылысудан да ауыр соқты. Өзі мен батареяның арасын білдірмей беріктеп ұстаған, жасырын күшті жайшылық өмірде байқамапты. Әсіресе, жаңа басталған үлкен істің күн-түн жүріп көп еңбек сіңірген игілікті жеңісі ішінде бірге болмау оның ренішті жанына айрықша бататын секілді...» (100-бет).
Жауға сатылған, опасыз Сайкинді автор бар жанымен жек көріп, жиіркене суреттейді. «Кіші лейтенант жаратылысы кіші көздерін бұрынғысынан да кішірейтіп, қысыңқырап алыпты. Алдындағы бүйірі шекті ұзын мойын әдемі графиннің түбінде ғана жылтыраған сыраға: «Шіркін-ай, бір құюға да жетпей таусыласың-ау» деп қынжыла уайымдағандай, көзін тігіп қадалады.
...Кіші лейтенант Нұржанға айтқан бұл сөзінің соңынан да хе-хе-хелеп ұзақ күлді. Нұржан оның әңгімесін құлақ қойып тыңдамай, алдырған кофесін тауысып ішіп, тұрып кетті. Көңілі қалып кейігені сонша, кетерінде кіші лейтенантпен қоштаспастан, аты-жөнін де сұрамастан шатынаған ашулы көзбен бір қарады да жалт бұрылып жүре берді. Есіктен шығып бара жатқанда ғана, үйдегі көп адамның гуіл кеңесінен кіші лейтенанттың қылғынған адамдай қиқылдаған хе-хе-хесі естілді.
«Бұл не адам? Әлгі сөздерінің іләміне қарашы, тосыннан бір көрген адамға айтып жатқан сөзі әлгі. Заңғардың іші қандай екен, тартпайтын пештің өңешіндей бықсып жатыр ма екен?»
Осы қысқа суреттен сұмырайдың барлық жиіркенішті ұсқыны көрініп тұрған жоқ, па?
Автор өз кейіпкерлерінің мақсат еткен әрекетінің жай-жапсарын ашып, кеңітіңкіреп беру үшін ретті жерінде Совет Армиясының басшылығына тоқтап отырады. Жеке ұрыстарды және майдан участогінің жалпы жағдайын талдағанда Ә. Нұрпеисов, негізінен, тактика жөнінен сауатты екенін, әскери өнерді едәуір зерттегендігін аңғартады.
Романдағы совет генералдарының өкілі Разумов. Тиіп-қашып суреттеліп, дараланып жетпесе де, оның образы біркелкі тәуір шыққан дей аламыз. Автор оның қолбасылық өнерін, тактикалық тапқырлығын, ой-өрісінің кеңдігін тәуір суреттей отырып, совет генералының соғыстағы жеңісіне негізгі себеп болатын сырларды ашады.
Біздің әскер басыларымыздың жеңістерінің ең бір басты себебі олардың өз қоластындағы солдаттарымен моральдық және рухани бірлігінде. Генерал Разумов өз солдаттарының көңіл күйін, хал-жағдайын жіті бақылап отыратын адам.
Жеке бір операция туралы шешімге келгенде де осы жағын көп салмақтайды. Бел буып, батыл қимыл жасағанда да өз әскеріне әбден сеніп жасайды. Разумовтың совет солдаттарына деген адамның қамқорлығын Нұрпеисов қысқа эпизодтармен ашып кетеді.
Генералдың алдыңғы шептегі Нұржанның ротасына келуі, жол үстінде машиналарды батпаққа малтығып қалған авторотаның погонсыз лейтенантымен кездесуі есте қаларлық көріністер. Әрине, Разумов жауынгерлері мен офицерлеріне орынсыз елжіремейді, не болмаса көңілдерін алдау үшін арқаларынан да ерсі қақпайды. Бұл екеуінің де қаһарлы солдат өміріне жарастығы шамалы. Өз қарауындағылардың қайсысынан болсын өмір тәжірибесі, әскери білімі артық, жағдайды әріден болжайтын генерал — солдаттар мен офицерлерге қатал талапкер, көреген сыншы, жақсы ақылшы. «Үстемдікті өз қолында ұстап, алысқан жауыңнан үнемі бір демің жоғары тұрмаса жеңгенің қайсы?» дегенде генерал жалғыз білек пен қару күшін ғана айтпайды. Автор генералдың аузына «жылы сөзді» көп салмаса да, оның бар тұлғасынан, тіпті қарауындағыларға кейігенінің өзінен адамға деген мейірім лебі есіп тұратын тәрізді. Осы генерал мен солдаттардың арасында сөзбен атап беруге қиын бір жақындық сезіледі. Ал, нағыз әкелік қамқорлық деп осы қасиетті айтатыны даусыз болар. Үлкен әскер басы қауіп-қатермен санаспай, қиын кезеңде алдыңғы шепке келгенде Нұржанның, тіпті Нұржан ғана емес, автор мен оқушының да генералдың өмірі үшін бәйек болатыны міне осыдан.
Романда неміс-фашист басқыншыларының жексұрын бейнелері қысқа да болса айқын көрсетілген. Немістердің тек қана қару күші мен өздерінің уставтарында жазылған жалаң соғыс әдісіне сүйенген тактикасы және солдаттарын таяқ күшімен жұмсайтын, олардан мақсат-мүддесі тіпті алшақ неміс генералдары — біздің совет генералдары мен олардың ойлы, терең тактикасына қарама-қарсы полюс. Фашистер кертартпа пруссактардың таяқпен орнатқан қысымшылық тәртібін мұраға алып, таяқтың әмірін ата-бабаларынан да асырып жіберді. Бірақ таяқпен «тәртіпті» болған пруссактар ылғи жеңілумен болды. Гитлер армиясы да соның қырсыққан жолын мықтап құшты.
— «Менің бұйрығымды орындадың ба? — деді Шернер. Орындамағанын орындауға мүмкін емес екенін біле, түсіне тұрып сұрады. Онымен қашаннан сырмінез фон Рубинштейн бұл Шернердің соқтығар алдындағы жөнсіз сүйкенуі екенін байқады. Мұнан әрі ашу отын қоздырмай, ыңғайын алып кішірейе бергісі келді» (95-бет).
Генералдың ұсқыны осы болса, оның өмірінің күші, оны «орындап» жүрген солдаттардың сиқы мынау:
«Бірақ фон Рубинштейннің де, фердинанд Шернердің де әмір бұйрығы штаб босағасынан шыққанша кәрлі болса да, көкала түтінге кіріп, тарсыл-гүрсілдің ішіне барғанда, зәрі сынды. Атыс ішінде ажалды әр минут сайын он рет тосып жүрген адамға «атамын бәріңді де» — деп телефоннан айқайлаған алыстағы генерал, ақыл-есі ауысқан жынды секілденді. Қысым көрген бригада шегіне берді» (92—93-беттер).
Шығарманың жалпы көркемдігі, тіпті тіл мәдениеті жөнінде сөз қылғанның өзінде, оларды шығарманың негіз — мазмұнынан, образдарының бейнелерінен бөліп алу өте қиын. Өйткені тіл ойдың сыртқы көрінісі ғана емес, оның мазмұны екені анық. Ойы сергек, суретші жазушының сөзі де айқын болады. Мұндағы ең қуанышты нәрсе — Ә. Нұрпеисов адам бейнелерін, яғни кісінің сырт пішінін, іш дүниесінің алуан құбылыстарын, осы құбылыстардың адам өңіндегі көріністерін, әркімнің өзіндік бір мінездері мен қылықтарын жіктеп, анық суреттеуге тырысқан және көп жерінде суреттеп бере де алған.
Бұған біздің ерекше көңіл бөлген себебіміз, қазақ, прозасының атақты шығармаларын қоспағанда, осы күнге дейін көп жазушыларымыздың шығармалары осы айтылған көркемдіктің шартты міндетіне толық жауап бере алмай жүр. Мысалы адамның сырт бейнесін, не ішкі құбылысын, қимыл-қозғалысын суреттегенде, бірсыпыра прозаиктер ертеден қалыптасқан сипаттамаларды ала салады. Ал, осы әдіспен жасалған бейне суретшінің қолынан шыққан жанды суреттен гөрі баспадан шыққан плакатқа ұқсайды. Әрине мұндай бейне оқушының көз алдына өзіне таныс, не бір жерде көрген тірі адамды елестетпейді. Ә. Нұрпеисов шығармасының тіл көркемдігіне кеңірек тоқталғымыз келгені де осыдан.
Жас жазушының жақсы бір қасиеті ол кейіпкерінің портретін бергенде сырт пішінін жалаң алып, жансыз сурет етпей, адам өңіндегі құбылысты оның ішкі дүниесімен, мінезінен қабыстыра көрсетеді.
«Оның екі иығы шығыңқы, шалқақ кең жауырынды зор денесіне қарамастан, офицерлік погоны бар солдат шинелі салалы ұзын бойына қолпылдап кең тұрды... Жол азабының қиындығынан ба, жоқ әлде, түн ұйқысы шала болғанынан ба, — әйтеуір жас лейтенанттың сұрғылт тартқан, қоңырқай қансыз бетінде бір қаталдық сұс бар еді. Ағы қызарған шаралы үлкен көздер қараған жеріне аумай қадалады» (32-бет).
Бұл автордың Нұржанды оқушымен алғашқы таныстыруы. Осы үзіндіні жалғастырып оқи берсеңіз, Нұржанның сырт тұлғасы мен қимылы көз алдыңызға елестеп, сол арқылы болашақ кейіпкердің мінездерінің кейбір жақтарын аңғарып қаласыз. Бұл жігітті кітаптан емес, өмірден көріп, жіті көзбен бір шолып өтіп, тосын адамнан алғашқы әсер алғандай боласыз.
Романда соғыс көріністері жақсы берілген. Соғысты көзімен көрген, қанды айқастардың ішінде жүріп ұрыс әсерін өз жанымен сезген адам жазғаны көрініп тұр. Сондықтан да бұл суреттерде жалған көрініс жоқ. Соғыстың жалпы панорамасы болсын, жеке адамның ұрыс үстіндегі қимыл-әрекеті болсын романның негізгі идеясын, жеке кейіпкерлердің образын толығырақ аша түседі.
«Сырттағы өрттің майлы, қара түтіні танк ішіне ұйтқып кіріп, көзге, мұрынға тығылады. Демді, тынысты тарылтқан отты жалын өзекті де күйдіріп өртеп, ұзарып ішке кеткендей. Темір сауыттың саңлау тесіктерінен жылт-жылт жалақтаған қызыл жалын оқта-текте танк ішіне ұзарып кіріп, жанталасқан Орловқа жан-жағынан ұмтылып-ұмтылып қалады. Өз тірлігін кең дүниеден бөлген қапас, қамасау қуыста дем ала алмай тұншығып барады. Басын, иығын темір жарға соғып жүріп, қармалап, қолына ұстаған нәрселердің бәрі де шоқтай басылады. Ешнәрседен дендеп ұстай алмай, түтін арасында қолдары ербеңдеп бір оңға, бір солға ұмтылады. Торға түскен аңдай, сыртқа шыға алмай тірлігінен дәрменсіз үміттенеді... Үстіндегі киімдері күйе бастағанын да сезбейді. Қызыл жалыны жылт-жылт жалақтаған қара түтін қорқынышты үрей туғызады. Жел ұшырған майлы қара түтін бір кезде, танкіні тырнақтарымен бүріп алып, бүгерлеп астына басқан қап-қара жыртқыш құстың аспан жүзін жасырған алып қанатындай боп та көрінеді. Сондай бір қорқынышты үрей алды-артынан бірдей қысып анталай түскен шақ еді. Түтін арасынан:
— Қолыңды бер!.. Тез!.. Тез... — деп жанұшырған жіп-жіңішке жел даусы естілді. Үйіріп соққан ыстық түтін Орловтың көзін аштырмай, қанша аласұрып, жанұшырып бұлқынса да танкінің қызған теміріне басын соға берді. Енді, «киімің өртенді-ау!..» — деп жанұшырған ащы дауыс дірілдеп шықты. «Оңға!.. Оң жаққа бұрыл!» — деп әмір еткендей болды. Орлов екі бірдей қолын созып ұмтыла берді. Сол жерде, әлдеқандай жанның нәзік, бірақ сіңірдей қатты қолын шап етіп білегінен ұстап алды. Жан екпінімен жас бала құрлы көрмей, өртеніп бара жатқан танкіден сүйреп алып шықты...
Орловтың әлі есінде, сол жап-жас қыз түтін астынан дем ала алмай ентігіп шықса да, «жолдасың бар ма? — деп сұрады. «Бар» десе-ақ, оны тастай беріп жалын атқан майлы қара түтінге қайта сүңгитіндей еді» (156-157-беттер.)
Осы тұтас, тамаша эпизод қандай романға болса да көрік бере алады. Және бір көзге түсетін нәрсе автор соншама сөз қазынасын ақтарып көркем, қатал өмір бөлшегінің сыртқы дүлей көрінісі мен ішкі күрделі мағынасын ашқанда сарқылып, қиналмайды, әлі де тынысы кең, еркін жатады.
Соғыс картиналары ұрыстың әр түрлі кезеңі мен әрқилы жағдайында романның басынан аяғына дейін мол берілген. Қанды айқастың әсері әр алуан адамдардың сезім елегінен өткізілген. Бұл романдағы соғыстың суреті мен әсерінің толықтығы да осыдан.
Нұрпеисов жазушының негізгі құралы — тіл жөнінен көп ізденген. Ол кей жерде әдебиетте қолданылмай ескіріп бара жатқан қазақтың төл сөздерін аршып алып жақсы пайдаланған. Сонымен бірге халық тілінде қалыптасқан ұғымдарды да мол кіргізген. Бірақ ол халық аузындағы сөздерді алғанда оларды жаңғыртып, жаңа мағына беріп пайдаланады. «Бес-алты жүз оқ түйрелеген бес-алты метр жерден жараланбай аман өткен өзін, өрттен қалған бір шоқ қамыстай көреді» (58-бет). «Бұл Шернердің соқтығар алдындағы жөнсіз сүйкенуі екенін байқады» (95-бет). «Осы апандарға қарап, өздерін атып жатқан ауыл арасының ит-күшігіндей жақындағы уақ миномет, жеңіл зеңбірек емесін шамалады» (31-бет). «Осы жағдайды ескерген комсомолецтер минадан қорқып «қашық та болса жақсы жолға» түсті» (294-бет). Міне, осылардың бәрі халық аузында әр түрде айтылып жүрген сөздер, бірақ осы романның ішінде олар түп нұсқасының көркемдігін сақтап басқаша жайтты әсерлі баяндайды.
Халық тілін жақсы білетін және оны өз шығармасында мол пайдаланған жас жазушы тың сөз образдарын, соны бейнелеу құралдарын іздеуде де көп жұмыс істеген. Ол осы мақсатта да елеулі табысқа жеткен. Романда бұрын әдебиетімізде көп кездеспеген жаңа суреттер жиі кездесіп отырады. «Демі алқымына тығылып ақырын леппен сыбырлап айтқан оның үрейлі даусынан-ақ, Есейдің бойы мұздап, жүрегі су ете қалды». «Бұл майор күн көрмей үйде өскен өсімдіктей, қан-сөлсіз ұзын арық неміс болатын».
Осы жаңа сөз образын ізденуде жазушы орыс әдебиетінің үлгілерінен көп үйренген. Кей жерде орыс әдебиетінде бар суреттеу нұсқаларын батыл қолданады. «Жапырақтары сарғайып, мүлгіп тұрған біркелкі мағынасыз ағаштар жанды жабықтырғандай... Қанша қадалып қарасаң да баяғы бір қозғалмайтын, өзгермейтін, тынышталған толқынсыз теңіз түбіндей жансыз, тілсіз бітім» (182-бет). Бұл бейнелеулер бұрын қазақ тілінде қалыптаспаған. Автор оны табиғаттың сыртқы көрінісі ғана емес, ішкі сырын ашу үшін пайдаланып отыр. Осы соны сөйлемдер талантты адамның аузынан шыққандықтан қазақтың әдебиет тілін жатырқамай бірден үйлескен.
Романның жақсы жақтарына сүйініп, автордың үлкен үміт күттіретін талантына қуана отырып, бұл шығармадағы елеулі кемшіліктерге тоқталмасқа болмайды. Жас жазушыға оның кемшіліктерін бүгіп қалмай, осы бастан қатты айту керек.
Бұл шығарманың ең басты және ірі кемшілігі романдағы оқиға болсын, немесе кейіпкерлер болсын қай-қайсы да басынан аяғына дейін даму жолын толық өтпейді. Сондықтан да өмір бөлшегінің адам образдарының бас-аяғы келтек келіп, роман — үлкен тарихи оқиғаның заңды белесінен гөрі үзіп алынған хроникаға ұқсап кетеді. Біз осы пікірдің ұшығын жоғарыда Есей образы туралы айтқанбыз. Ол шынында жалғыз Есейдің басындағы хал емес, романдағы кейіпкерлердің көпшілігіне тән жағдай. Жоғарыда біз атап өткен біркелкі тәуір шыққан кейіпкерлердің өзінің өсу жолдары көбіне көмескі келеді. Екіншіден, ел басына күн туғанда жан аямай ерлік етіп жүрген адамдар тек қана жаратылысынан батыр емес, оның үстіне совет қоғамында тәрбиеленіп, шыңдалып өскен адамдар ғой. Ал, соңғы жағдай романда жөнді ашылмаған. Ең бір есте қаларлық кейіпкер Петр Денисовтің бұрынғы өмірі жайында автор қысқа ғана анықтама береді. Басты кейіпкер Есейдің бұрынғы өмірі туралы оқушы ешнәрсе біле алмай-ақ қояды.
Біз автордың стиліне, сюжет құру әдісіне қол сұғудан аулақпыз. Оқиға он жылды қамти ма, болмаса екі айды қамти ма, ол жағы автордың билігінде. Бірақ совет адамдарының жанқиярлық ерлігінің түпкі себебін ашуға жазушы міндетті.
Автор алған оқиғасын толық меңгере алмаған. Көбіне жазушыны жеке оқиға билеп, шығарманың жалпы желісінен тайдырып әкетеді. Әскер тілімен айтқанда, жергілікті маңызы бар алдыңғы шепті бұзып, тактикалық жағдайды жақсарту үшін жүргізілген Джукстэ ұрысына автор қалың романның жартысынан көбін берген. Соғыс туралы романдар тарихында мұндай шамалы ұрыс қимылына осынша көп тоқталған жазушыны көрген емеспіз. Жас жазушының бұл талабы романға пайдасын тигізбеген. Осының салдарынан автор үлкен күрделі оқиғаларды даралап баса көрсете алмай, кішігірім оқиғалар топанына батырып алған. Жау тылына өтіп, өз батареясын рациямен басқаратын, қиын-қыстау кезеңде жау қолына тірі түскісі келмей, снарядты өзіне атуын сұранатын Есейдің ерлігі өте бір есте қалатын эпизод, бірақ осы оқиға дәл осы күйінде, не осыған ұқсас түрінде бірнеше рет қайталанғандықтан алғашқы күшті әсерін жойып алады.
Тағы бір мысал. Романның бас жағында күзетте тұрған Қожақты көреміз, Ол түнде келе жатқан адамдарды көзі шалып алыстан тоқтатады. Бұл оның қызметке адалдығын, қырағылығын көрсету үшін керек. Бірақ осы кішкене эпизодты жалғасынан дерлік төрт рет сол күйінде қайталағанда автор не ұтты?
Есейдің екі рет тұтқынға түсуі романға үлкен мін болып тұр. Және екеуінде де тұтқынға орынсыз түседі. Біріншіден, ауыр артиллерия командирлерінің үзіліп қалған телефон арқылы жоғарыдан бұйрық күтіп, шегініп кеткен жаяу әскерден қалып қойып, жау қоршауына түсіп қырғынға ұшырауы ерлік емес, қиын кезеңде өз тарапынан батыл байлам жасай алмағандық. Есейдің екінші жолы тұтқынға түсуі тіпті кездейсоқ. Ал, бұл екі оқиғаның екеуі де романның логикасына қарсы. Өйткені алдында біз көрген, жау қолына түскеннен қаза тапқанын анағұрлым артық көретін Есейдің тұтқынға түсуі тіпті заңсыз. Бұл авторға аяқ жағында сұйылып бара жатқан роман оқиғасын аз да болса қоюлату үшін керек болған. Мұндай көркемдік шындыққа қарсы келетін жерлер бұл шығарманың әр жерінен кездесіп қалады. Мысалы жайдары жаны бар Петр Денисовтің немістерден қорлық көрген ағасымен кездескендегі жан түршіктірер қаталдығы да кітапқа ызғарын тигізіп, оқушыны шіміркендіреді. Сюжет желісін шиеленістіру үшін көркем шындықты бұзу жас жазушыға қауіпті дерт.
Негізгі идеяны ашуға пайдасы жоқ орынсыз қоспалар мен ұсақ-түйек эпизодтардан және керексіз қайталаулардан романды әлі де көп аршу қажет.
Пісіп жетпеген дүмбілез образдар да жоқ емес. Скориков автордың ойынша басты кейіпкердің бірі болуға тиіс. Бірақ оның бейнесі солғын шыққан. Әр жерде дайын ақыл айтқаны болмаса, ол өзіндік ерекшелігі бар, ісі бар адам емес. Негізінде Есейдің көлеңкесінде қалып қояды.
Тайнов, полк командирі Бобров, майор Борзых және де басқа кейбір кейіпкерлердің елеулі қасиеттері аңғарылмайды, бейнелері көмескі, елеусіз қалады. Жазушы өз шығармасындағы әрбір кейіпкерге, оның ішінде басты кейіпкерлеріне өте жауапты болу керек.
Есей мен Баянның арасындағы махаббатты автор дұрыс суреттей алмаған. Бұл жерде ол тағы да шындыққа қарсы шығады. Егер окопта отырып (135—136-беттер), Есейдің болашақ жарын аңсап арман етуі өте орынды болса, Баян мен Есейдің алғашқы жолыққанда, қанды қырғын үстінде бірден елжіресе қалуы орынсыз.
— «Ай, ағай-ай!.. «Болмасын деген оңбасын» деген еді.
Менің ісімнен өз басыңызға залал келетіндей қиылдыңыз, ғой, тіпті, — деді». Қым-қиғаш ұрыс үстінде осы мәнерлі сөз құрамасы мен жасанды наздың орынсыз екені анық.
Автор анда-санда іліп-қақпа сөзбен қағыстырғаны болмаса, Баян мен Есей арасындағы махаббат сырын ашпайды. Оқушы бұл екеуінің арасындағы махабатты өзге жұрттың өсек-аяңынан ғана аңғарады. Біріншіден, орынсыз қылжақ, ұсақ өсек майдандағы совет жауынгерлері мен офицерлеріне жат мінез. Екіншіден, екі жастың ашық сырласып сүйісуіне еш нәрсе бөгет болмасқа керек еді.
Махаббат — адам жанының ардақты сезімі. Адам бойындағы жақсы қасиеттер де осы махаббат арқылы көрінеді. Сүйіспеншілік ерлікке талпындырады. Махаббат көзі көреген, сүйіскен жандар ерекше рухани сезіммен бір-бірінің өзге адам аңғармайтын ерекше қасиеттерін көреді Содан барып сезімнен туған махаббат, ақылды, берік достыққа айналады.
Бұл жағдайды біз Есей мен Баян арасындағы сүйіспеншіліктен көре алмаймыз.
Романда әлі де тіл мәдениетінің кемістігі, жазушының тәжірибесіздігі аңғарылады. Роман бастан-аяқ күрделі, құрмалас сөйлеммен жазылған. Мұндай бір ырғақтылық оқушыны жалықтырады. Осы шұбалаңқы сөйлемдер автор суреттеп отырған шартта-шұрт соғыс қимылының қарқынын бәсеңдетіп, қызу әсерін суытып жібереді. Грамматикалық жағынан қате, орынсыз шұбалаңқы сөйлемдер шығарманың көркем тіліне нұқсан келтіреді. Ә. Нұрпеисов біраз жерде осы бояуын орынсыз қоюлатып жіберген. Оның ойынша, өзінен өзі анық нәрселерді теңеу жамамай айтса көркем болмайтын тәрізді. Бұл, әрине, қате пікір.
Жас жазушы қазақ әдебиет тілінің шеберлері Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтың әсеріне түспей кете алмаған. Көп жерінде, осы екі шеберге тура, ашық еліктеген. Үлкен жазушылардан үйрену өте қажет, бірақ олардың көлеңкесінде қалуға болмайды. Ә. Нұрпеисовтың өз даусы бар, үлкен жазушылардан шеберлікке үйрене отырын, сол өз даусын шыңдауы керек.
«Курляндия» Нұрпеисов Әбдіжәмилдің алғашқы адымы, қазақ прозасына қосқан тұңғыш үлесі. Бұл шығармамен жас жазушы үлкен үміт күттіретін талант екенін аңғартты. Әдебиетімізге жаңа образдар енгізді. Бірақ бұл роман төрт аяғынан тік тұрған, жұмыр шығарма дәрежесіне жеткен жоқ, әлі де қайта оралып көп жұмыс істеуді керек етеді. Талантты жас жазушының бұл кемшіліктерді түзеуге, бұдан былай да терең идеялы, көркем, соны шығармалар жазуға күші әбден келеді.
1951
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі