Антон Павлович Чехов өзінің жора-жолдастарының арасында отырғанда, ауыр күрсініп: «Мен өлгесін бір жылдан кейін менің шығармаларым да өледі», — деген екен. Осы сөзді ертеректе бір жерден оқығаным бар. Бірақ кімнің жазғанынан оқығаным есте қалмапты. Содан «осы дәуде болса Максим Горькийдің «А. П. Чехов» деген естелігінде болар» деп соны қайыра оқып шықтым. Онда бұл сөз кездеспеді. Ал, оқығаным бар болсын — Горькийден кейін Чехов жайлы сөз айту тіпті қиындап кетті. Ол бір — дәудің алдында буыным қалтырап, аруақтың мысы басқаны ғана емес. Мені дірілдеткен — Горький көзімен көріп және бұлжытпай дәл айтып берген Чехов бейнесінің пәктігі. Чеховтің жасандылықты, әсіре қызылды жек көргені көпке мәлім. Ол дүниеде кішіпейіл, өзін қораш тұтқан екі адам болса бірі, біреу болса өзі. Осы кішіпейіл, қарапайымдықтың да шалып тұратын нұры, шарпитын лебі бола ма деймін. Тағы да сол Горькийдің айтуына қарағанда Чеховтің өзі ғана емес, оның қасына жолағандар да өзін «біліктірек, тереңірек» көрсеткісі келген қызыл сөздер мен жалынды мінезден лезде айығып, кәдімгі табиғи қалпына түседі екен.
Бұл жазушы жайлы сөз айтудың қиындығы сол — бір жағынан оның ұлылығына табынып, талантына таңырқамасқа жорық жоқ, ал екінші жағынан Чехов тұлғасы бір мысқал жалған айту былай тұрсын, титімдей әшекейді, әсіре қызылды көтермейді. Оның даңқы — әлемді жаңғыртып күркіреп аққан өзен емес, тереңнен тепсінген тұңғиық оның сұлулығы — жалт-жұлт еткен қызылды-жасыл бояусыз, әшекейсіз шынайы сұлулық.
«Мен өлгесін бір жылдан кейін менің шығармаларым да өледі», — деген жазушы дүние жүзілік әдебиетке тұтас бір ғасыр боп қалды. Әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэй өзінің жастау кезінде тамаша бір жаңалық ашыпты. Ол: «Чеховтен кейін Чеховке дейінгі прозамен жазуға болмайды», — деп түйген екен. Демек Чехов әдебиеттің арғысын берісінен ажыратып тұрған үлкен жота болған ғой. Сол Хемйнгуэйден бастап, дүние жүзінің соңғы елу алпыс жылдағы талай-талай үлкен жазушыларына Чеховтің әсері тиді.
Чехов арғы-бергі замандағы ең шыншыл, ақаусыз шындықты жазған, әрі өмірдің мың қатпар қыртысын түгел көрген көреген, мерген жазушы болды. Енді оны оқығаннан кейін «осы тәуір-ау» деген талай жазушылардың өздерінің көп жайттарды ойдан шығарғаны, біраз оқиғаны қолдан құрағаны көрініп қалатын болды. Хемингуэй сөзінің мағынасы да осында тәрізді. Дүние жүзілік әдебиетке жасаған Чехов әсері — барған сайын әлсіреудің орнына күшейіп баратын сияқты. Арғыларын қойғанда Ремарк, Моравиа, Олдингтон, кейінірек жарқырап көзге түскен Сэлинджер, Бель сияқты жазушылардан да Чеховтің әсерін танығандай боламын. Жалпы батыстың бүгінгі әдебиетінің алдыңғы қатарлы өкілдері — Чеховтің қоспасыз таза шыншылдығын, Достоевскийдің сезімтал, қамкөңіл сыршылдығын ұштастырып қызғылықты бір бағыт белгілеген.
Кейінгі кездегі батыста да, біздің елде де документті прозаға көбірек бой ұрушылық та осы әсердің жалғасы ма деп қаласың. Бірақ Чехов қанша реалист болса да, жер бауырлаған қанатсыз натурализмге бой ұрған емес. Ұғыну үшін оның поэзия мен лирикаға толы «Дала» атты повесін оқып шықсақ та жеткілікті. Шынында да осы бір ғажайып повесть тұрған бойы, дала туралы жыр, табиғатқа деген тебіренген сезім.
Әрі-беріден соң Чехов деген жеке адам, жазушы ғана емес көркемдік ойдың жаңа сатысы, әдебиеттегі үлкен бір сарқылмас арна болып елестейді. Осы арна қазақтың жаңа ғана қаз тұра бастаған прозасына Бейімбет Майлин бейнесінде келді. Біз Бейімбетті қазақтың Чехові деп мақтанышпен атай аламыз. Бірақ бұл сөзден Майлин Чеховке жалаң еліктеуші немесе Чеховтің қазақша көшірмесі деген ұғым тумасқа керек.
Чехов ұлылығының бір сыры — оған ешкім тікелей, жалаң еліктей алмайды. Чеховке ұқсады деген жазушыларымыз — Чеховтің көркемдік, эстетикалық принципін ұстанып, өз халқының өмірінің сан қилы қатпарын қопарып, тыңнан жол салушылар ондайлар әр халықта бар.
Чехов біздің бүгінгі әдеби тәжірибемізге де үлкен ықпал жасауда. Ауыл шаруашылығы, өндіріс туралы романдардың жасанды, дайын конструкциясын сындыруда схематизм мен штамптан арылуда Чехов өнегесінің орны ерекше. Өйткені, ол өмір құбылыстарын автор қиялында дайын тұрған шығарманың сюжеттік заңына иіп әкелген жоқ, әрқашан оқиғаның дамуын өмірдің өз логикасына бағындырды. Жұрт күнде көріп аңғармай жүрген нәрселердің ерекше сырын аша білді. Сөйтіп ол жазушы көзі көре білсе — өмір деген дүниенің түпсіз терең екенін, оның алуан түрлі сарқылмас сыры барын көрсетіп кетті.
1970
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі