Казіргі кезде қазақ әдебиетінде көркем аударма жанры кең дамыды.
Бұрын жеке шығармаларды талғап қана аударып не болмаса кездейсоқ аударып келсек, қазір аударма мәселесі белгілі жүйеге, үлкен арнаға түсіп келеді. Бұл көп жылдан бері жиналған тәжірибенің нәтижесі. Енді үлкен классиктердің үзіп алынған жалғыз-жарым шығармасы емес, жүйеге салынған көп томды таңдаулы шығармаларын оқитын болдық.
Бұл сияқты үлкен іс баянды болу үшін, көркем аударма мәселелерін кең талқылап, белгілі бір қорытындыға, пікір тоғысар жерге келіп алған дұрыс болушы еді. Әр жерде жеке-дара мақалалар шыққанмен, аударма мәселесін әлі кең талқылап, белгілі бір талап өлшемін анықтаған жоқпыз. Қазіргі көп аудармаларымызға тән, сонымен бірге бірыңғай аударманы кәсіп ететін маман деп жүрген аудармашыларымызға тән кейбір елеулі кемшіліктерді А. П. Чехов шығармаларының аудармасы төңірегінде сөз еткіміз келеді.
Көркем әдебиет баспасы А. П. Чеховтің көлемді үш томдық таңдамалы шығармаларын басуға кірісті. Жұмыстың дені істеліп қалған. Қазір көлемді екі томы жарыққа шықты. Әрине, қанша қалың болғанмен, бұл үш томдыққа өзі тіліндегі 14 томдық Чехов мұрасы сыймайды. Сондықтан да Чехов шығармаларын қазақ тілінде құрастыруға аса талғампаздық, ұқыптылық қажет. Баспа алғашқы екі томға қарағанда, бұл міндетті тәуір атқарып келеді. Үш томдыққа әр аударушының көңілі қалаған нәрселерді енгізе бермей, ұлы жазушының қолына алғаш қалам алғаннан бастап творчестволық өсу жолын көрсетерліктей кезеңді шығармаларын талғап енгізген. Мұндағы шығармалар хронологиялық тәртібі қатал сақталмаса да, Чеховтің әр кезеңін көрсетумен бірге, тақырып жағынан әр алуан, жазушының өмірді кең қамтыған мол диапазонын танытады.
Ендігі мәселе осы аударманың сапасы жөнінде. Бірінші томның аударылуы жайында «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде бұрынырақта пікір айтқандықтан, қазір екінші томның аудармасына тоқталмақпыз. Бірінші томның аудармасында көптеген кемшіліктер болатын. Чехов шығармаларын көп адам аударған. Олардың ішінде аты белгілі жазушылар да, ысылған тәжірибелі аудармашылар да бар, сонымен бірге қабаттасып әдебиет дүниесінен кәсібі аулақ әуесқойлар да жүр. Аударушылар тізбегіне қарасаң стилі, тәжірибесі әр алуан адамдар. Сондықтан бірінші томда алалық көп болатын. Ауыз тұщытар, сүйсіндірер жақсы аудармамен қатар еш көркемдігі жоқ сөзбе-сөз, дәмсіз, татусыз сіреспе аудармалар жүретін.
Ал, екінші том елеулі кемшіліктері болғанымен, алғашқы кітапқа қарағанда біраз ілгері. Алдымен айта кететін нәрсе: мұнда мағына, ұғым жағынан кейбір жеке жаңылыс, жаңсақ жерлер бар болғанымен, әлі күнге көп сыналып жүрген — түсінбей теріс аударушылық жоқ. Осы бір өте қарапайым, ең алғашқы шарт мұнда орындалған. Бұл әрине, көркем аударманың әліппесі ғана, бірақ, амал қанша, осы әліппенің өзінен көп жаңылатын кездеріміз әлі де аз емес. Екінші томның алғашқыдан артықшылығы жалғыз осы әліппеден ғана емес жалпы көркемдік дәрежесінен. Бұрын Чеховті аударуда көбірек ақсаған Қайнарбаев, Дүйсенбаевтар да әрқайсысы әр дәрежеде ысылып, көркем аударманың тәсілін игеруге жақындай түскендіктері байқалады. Бірақ бұрынғыға қарағанда «иман жүзді» болғанмен, бұл томда да ала қолдық бар.
Чехов шығармалары өзге тілге аударылғанда үлкен ұқыптылықпен бірге, нәзік көркемдікті талап етеді. Өйткені Чехов әңгімелерінің көбі қым-қиғаш сюжетке, қызық оқиғаға құрылмайды. Кей шығармаларда көркемдік бейнелеу, тіл нашар болғанмен, оқиға желісінің өзі-ақ сүйреп шығатыны мәлім ғой. Ал, Чехов шығармалары көбіне-ақ нәзік сезімге, адам характеріне, өмірдегі болмашы оқиғаларға құрылады. Бұл әңгімелердің көбіне-ақ сыры астарында, тереңде жатады. Оны ойлы, жіті көз көреді. Сондықтан да Чеховті өз дәрежесінде аудару — жалпы көркем аударманың көп проблемаларын шешер еді.
Мұндағы ең алдымен көз қуантар, көңіл сүйінтер талантты прозаик Ә. Нұрпеисов аудармалары. Ол Чеховтің өзекті екі шығармасын («Алтыншы палата», «Қанден ерткен келіншек») аударған. Өзінің төл шығармаларында тілге бай және сөзді әсем қолдана білетін Ә. Нұрпейсов сол өнерін аудармадан да іркіп қалмаған. Чехов шығармаларындағы әр түрлі адам сипатының бояуын семдірмей, бір мысқал артық-кем етпей, өзге тілге түсірген.
Бұл кітаптағы түпнұсқаға жуық, автор образдары мен бояуларын жақсы жеткізіп беретін тәжірибелі аударушылар Ғ. Ахметов, F. Оспанов, Ф. Дінисләмов аудармалары. Бұлар шығарманы жете түсініп, автор сөзінің астарын аңдап, сөздің мағынасын жеткізе аударады. Аудармаларында тілге оралымсыз, түсінуге қиын сірестірушілік жоқ. Бірақ осы үш аудармашыға айтылатын бір сын — үшеуінде де суреткерлік жетіңкіремейді. Автор бейнелеуін аудармай жеткізуге тырысса да кейбір нәзік жерлерін аңдамай қалады.
Жоғарыда айттық, бұл кітапта, егер байқамай қалсақ айып бізде, мағына бұрмалаушылық, орыс сөзіне түсінбеушілік жоқ. Әрине том-томдап жүйелі арнаға салынып басылған шығармада ондай нәрсе болса, оны кешіруге болмас еді. Бірақ көркемдік олқылық, оқушыға әсер ете алмайтын сұрқай, жүдеу сөздер, яғни шығарманың өңін қашыру — бұ да үлкен кемшілік. Көркем аудармадағы ең басты, ірі кемшілік.
«Старцев, слушая, рисовал себе, как с высокой горы сыплются комки, сыплются и все сыплются и ему хотелось, чтобы они поскорее перестали сыпаться и в то же время Екатерина Ивановна, розовая от напряжения, сильная, энергичная, с локоном, упавшим на лоб, очень нравилась ему» («Ионыч»).
Осының қазақшасы:
«Тыңдап отырған Старцевқа бір биік таудан тас домалап, үсті-үстіне түсіп жатқандай көрінді. Мұның тезірек домалап түсіп бітуін тіледі ол, сонымен бірге зорланғандықтан албырап кеткен, күшті, қайратты, бір буда шашы маңдайына түсіп кеткен Екатерина Ивановна оған өте ұнайтын еді» (539-бет).
Бұл дәл аударылған мағына жағынан аса бұрмаланған еш нәрсе жоқ. Бірақ аудармада көркемдік те жоқ. Сол беттен осының қасынан тағы бір мысал:
«Екатерина Ивановна отыра қалып, рояльдің баспаларын қос қолдап басып-басып жіберді; онан кейін іле-шала (?) бар пәрменімен тағы басып жіберді, тағы солай, тағы солай баса берді; иығы мен омырауы дір-дір қағып кетті».
Ау, мұны не дейміз? Осы көркем сурет пе? Бұл сөз етіп отырғанымыз А. Елшібеков аударған Чеховтің әйгілі «Ионыч» атты повеске бергісіз ұзақ әңгімесі. Не деген сүреңсіз кедей тіл, не деген олақ құрылған оралымсыз сөйлемдер! Әр сөздің өз орны, реті бар.
«Қос қолдап» бір нәрсені көтереді, не ұстайды, бірақ «қос қолдап» рояль ойнайды деуге болмайды ғой.
Өне бойы сөзбе-сөз сірестіріп отыратын аударушы кейде еркін қазақшаламақ та болады.
«Қос алмаға екі қойны толып та қалған, бұлаң өскен ерке, сұлу, ару... (538-бет)
Орысшасы: «И девственная, уже разбитая грудь красивая, здоровая...»
«Қос алмаға екі қойны толып та қалған...» деген қазақтың қолтума ортақол әдебиетшілері жасаған — әсемдігінен анайылығы басым, талғаусыз сөз Чеховте жоқ, оны Чеховке жапсырудың керегі жоқ еді. «Бұлаң өскен» деген сөз де бұл жерде орнын тауып тұрған жоқ. Ал, архаикалық «ару» деген сөз де Чеховтің реалистік шығармасына тіпті жараспайды.
Сол сияқты аудармашы «Жанчик». дегенді «Жан» деген есімге қосылған «чик» деген (суффикс) «Жаныкем» деп қазақшалайды.
Жалпы А. Елшібеков аудармасынан көзге түсетін екі қиыр қайшылық — бірі орысшаны сірестіріп аудару, екіншісі — орынсыз қазақыландыру. Соңғысы аздау. Осы екеуі екі жаққа қиғаш тартады да нағыз көркем аудармадан аулақ әкетеді.
Сөз арасында айта кететін тағы бір нәрсе бар.
«Я иду по ковру, ты идешь пока врешь, он идет пока врет».
Қазақшасы:
«Мен кілемнің үстімен келемін, сен келе жатырсың әзірше өтірік айтып келесің, ол келе жатыр, әзірше өтірік айтып келе жатыр» (546-бет).
Осының аударылуында қандай мағына бар? Түп нұсқада ол сөз ойнату, жаңылтпаш сияқты нәрсе. Бұл «по ковру», «пока вру» деген сөздердің дыбыс үндестігіне құрылған сөз ойнату. Ал, аударушының онымен тіпті ісі болмаған. Әрине, сөз ойнату (игра слов) екінші тілге көбіне тікелей аударылмайды. Бірақ оның орнына жанама, қазақ тілінде бар басқа сөздерді ойнату керек.
Автордың стилін сақтаудағы бір мұқият қарайтын нәрсе — оның сөйлем құрылысы. Өзге компоненттермен бірге сөйлем құрылысы, сөз саптасы жазушының стилін айқындайды. Аударушыға түп нұсқаның әр сөйлемін айнытпай түсір деп талап қоюға болмас. Кейде бір сөйлемді бөліп, не екі сөйлемді қосып жіберсе, одан келер зиян жоқ. Бірақ автордың жалпы сөйлем құрау тәсілін сақтау шарт. Автор сөйлемін аударушы орынсыз бөлшектемеу керек.
«Городок был маленький, хуже деревни, и жили в нем почти одни только старики, которые умирали так редко, что даже досадно».
Деревнядан да нашар кішкентай қала еді, мұнда кілең қарт адамдар ғана тұратын, олар сирек өлетін, мұнысы тіпті өкінішті де болатын». (233-бет). Сырт қарағанда қазақша аудармасы да түп нұсқадай бір сөйлем сияқты. Ал, тілдің заңына салсаңыз олай емес, бұл төрт сөйлем, грамматика бойынша мұндағы әр үтір қойылған жеpгe нүкте қойылу керек. Осы сияқты шағын сөйлемнің сөзін шолтаңдатып төрт сөйлемге бөлу автордың стилін өзгертіп, керек десеңіз әрін кетіріп, бүлдіріп тұр. Және сонымен бірге аударушы автордың астыртын сықағын аңғармай, текстің бояуын кетіріп алған.
Осы кітапты аударуға қатысқан С. Қайнарбаев, А. Шаншаров аудармаларының кемшіліктері де жоғарыда сөз етілген А. Елшібеков аудармаларының кемшіліктерімен сабақтас. Бұлардың қалам ұстасы ұқсас, өзара стильдес, бірақ бір қиын жері — бұлардың стилі мен Чехов стилінің арасы алшақ.
«Ротшельдке деген өшпенділік пен жек көрушілік Яковты бірте-бірте билеп алған еді» (234-бет).
«Қысқасын айтқанда қым-қиғаш зиян, одан басқа түк те жоқ» (235-бет).
Бұл — С. Қайнарбаев аудармасы. Бұл аударма сөзбе-сөз тура келеді. Ал, бұдан эстетикалық әсер былай тұрсын, тіпті мұның мағынасын ұғу оңай емес. Егер түсіне қалсаң да ойланып, қиналып, онда да қайтадан орысшаға аударып барып, бір нәрсе топшылайсың.
Аударушы сөз үйлесімін, әр сөздің атқаратын қызметін түсіне бермейтін тәрізді.
«Яков істің нашар екенін, енді ешбір порошоктың жәрдемдеспейтінін түсінді» (242-бет).
Осындағы «жәрдемдеспейтінін» деген сөз мағыналық қызмет атқарғанмен жарасып тұрған жоқ. Оның орнына «ешбір порошоктың қайраны болмасын түсінді» десе тілге де жеңіл, көңілге қонымды болар еді. Бірақ аударушы әр сөзді сөйлемнен бөліп, жеке-дара ұғынып, «не поможет» дегеннің орысша-қазақша сөздіктегі баламасын аудырмай түсірген.
«Ол өзінің қандай құмарлықпен сүйетіндігі жөнінде қызға айтқысы келіп еді...
Манюсяға ғашық болғаннан бері Никитинге Шелестовтардікіндегінің бәрі: үйі, оның жанындағы бақшасы, кешкі жайы, тоқымалы орындықтары, күтуші қарт әйелі, ең арты (?) шалдың жақсы көріп, жиі айтатын «көргенсіздік» деген сөзі де ұнайтын» (274).
«Қыз басын шалқайтты, ал ол оның аузынан сүйді, көбірек сүйісу үшін қыздың екі жағын қолымен ұстап та алды...» (157-бет).
Көріп отырмыз, ғашық қызға көңілін тербеткен ынтызарын айта алмай жүрген, сүйген қызының үй-іші, қора-жайы, қысқасы, басқан ізіне дейін көзіне ыстық көрінген жігіттің жайы аудармада осылай болып шыққан. Соңғы үзіндіні қайта оқыңызшы. Неткен салқын, жансыз сөздер тізбегі: Жігіт қызды сүйіп тұр ма, әлде шкафты сүйіп тұр ма?
Біз сынға алып отырған аударушыларға ортақ және бір кемшілік олар қазақтың әдеби тілінің табиғатын жете түсінбейді. Қазақ сөзі жалғауды орынсыз мінгестіріп жалғай беруді сүймейді. Бұл оның табиғатына сіңбеген және зорлық қылмаса, сіңе де қоймайтын нәрсе. Аудармадан мысалдар келтірелік.
«Оның көзқарасында да, жүріс-тұрысында да бір жаңалық батылсыздық, жазықтылық бар еді...» (Елшібеков аудармасы).
Көріп отырмыз, «дық, лық», жалғаулары және де оған жапсырылған «дылықтың», «тыңдықты», «ділікпен» сияқты шұбатылмалы, үсті-үстіне мінгестірілген қосымшалар сөйлемдерді мағына жағынан соншалық көмескілендіріп, тілге оралымсыз ауыр етіп тұр.
Сөз үндестігі дегенде біз тек қана дыбыс қуалаған аллитерацияны айтпаймыз. Орынды жерінде ол да керек. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы» деп Абай айтқан талапты ұсынғымыз келеді. Ал, осы пікір жай қызыл сөз болмасын, соны мысалмен дәлелдеп көрейікші.
«Ей страшно хотелось жить хотелось в Петербург и знакомство с Сашей представлялось уже милым но далеким, далеким прошлым».
«Ол өмір сүруге қатты құштарланып, Петербургке барғысы келді, Сашамен таныстылығы да сүйкімділікпен есіне түседі. Бірақ бұл артта қалып қойған, сонау алыстағы бір шақ тәрізденді».
Ал, осыны былай аударуға болмас па еді?
«Ол үлкен өмірді аңсап Петербургке барғанша асықты, Сашамен танысқан кездері де енді сонау алыста қалған алыс шақтың сүйкімді бір сәті ғана сияқты».
Осылай аударғанда Чехов ойы қазақ оқушыларына қонымдырақ, түсініктірек болмай ма? Және де «өмір сүруге қатты құштарланып», деген сөзбе-сөз аударма автор ойын жете ұқтырмайды. Өйткені автор қыздың бір түкпірдегі мешеу тіршілік, мағынасыз ұсақ өмірден үлкен өмірдің сара жолына шығуды аңсағанын айтып отыр.
Осы күнгі бір байқалатын нәрсе — көркем аудармамен айналысып жүрген бірқатар адамдар, жоғарыда сыналған аударушылар сияқты қазақтың әдеби тілін игере алмай жүргендер. Сондықтан да қазақтың осы күнгі әдеби тілі мен кейбір аудармалардың тілі екі шалғай, аралары кереғap. Чехов ерекшелігі жөнінде көптеп белгілі пікір бар, ол өзге жұрт күнде көріп жүрсе де елемейтін өмір құбылыстарын көріп, соның сырын аша біледі. Бір есептен ол жоқты бар қылатын адам сияқты. Ал жоғарыда келтірілген аудармалар сол Чеховте барды жоқ қылады. Оның себебі көркем аударманың табиғатын түсінбеушіліктен бе екен?
Мүмкін. Бірақ сонымен бірге көркем аудармаға да талант, ерекше дарын керек-ау деген де ой келеді.
Көркем аударма мен ғылыми аударманың табиғаты екі басқа. Көркем аударма ең алдымен адам психикасына — яғни адамның жан дүниесіне, жүрегіне, сезіміне әсер етеді. Айтар ойын образ, сурет, бейнелеу арқылы жеткізеді. Мысалы Чеховтен орыс оқушылары қандай әсер алса, қазақ оқушылары да сондай, ең болмағанда соған өте жақын әсер алуға тиіс. Аударушы болу үшін екі тілді жақсы білу, сауатты, мәдениетті болу, көп зерттеу, іздену шарт, бірақ бұл жеткіліксіз. Аударушы электр қуатын өткізетін трансформатор сияқты. Ол жазушының бар бояуын, сезімін, әсерін, жүрек дірілін бойына сіңіріп, оны өз жүрегінен өткізіп, екінші тілге, оқушыға жеткізуге тиіс. Сонда ғана ол оқушысын толқыта алады. Көркем аударма өнері суық жүрек, салқын ақылдың ісі емес, оған үлкен жан күші, ыстық жүрек керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі