«Жалын» жазушыларға ұсынған анкетасында әрқайсымызға «табаны күректей» он сұрақ беріпті. Шынымды айтайын, әрқайсысы бір дискуссияға мол арқау боларлық, ірі сұрақтар, көбі-ақ көкейкесті мәселелер. Осы он сұрақтың қай-қайсына да кең тебіреніп, осы мәселелерді жеке-жеке алып, дискуссия ашса да болар еді. Қазір бұл сұрақтарды түгел қамтымай-ақ кейбіреулері жайлы көкейде жүрген ойымды қысқа ғана айтқым келеді.
«Замандас бейнесін жасаудағы қиындық неде? Замандас бейнесі... Осы сөзді көп айтамыз, көп талқылаймыз. Әлі де бұл мәселеге аз қиналмайтын болармыз. Менің бір байқағаным осы сөзге беретін жауабымыз жауыр боп барады. «Біз замандас бейнесін жасай алмай жүрміз... Өйте алмай жүрміз... бүйте алмай жүрміз... жеткізе алмай жатырмыз...» Жауабымыздың сыңайы осылай боп келеді. Ау, сонда бүкіл әдебиетіміз не бітіріп жүр? Именбей айта аламын, замандас бейнесі біздің әдебиетімізде баршылық. Ол бейне талай-талай талантты жазушыларымыздың шығармаларында жүр. Тек соларды көре білетін сыншы аз ба деп ойлап қалам».
«Замандас бейнесі қандай болу керек?» деп таласамыз да, айтыса-айтыса келіп бәріміз бір эталонға тоқыраймыз. Сонда бәріміз жиналып бір-ақ образ жасауымыз керек пе? Жоқ, біздің замандастарымыз сан алуан, сан қилы, олардың бәрі періште емес, жақсысы, жаманы бар, неше түрлі қайталанбас характерлер олар. Аузымызды қу шөппен сүрте бермей, сол барымыздың сырын ашып көрсете білуіміз керек. Біз жазушы шығармасынан замандас бейнесін іздегенде алдымызға айнымас үлгі қылып іліп қоятын эталон емес, қызғылықты характерлер, образдар іздегеніміз жөн-ау деймін. Әдебиетте, әлбетте, соны, тың бейнелер керек десеңіз, ойда жоқ тосын образдар таң қалдырады. Ал, эталон, тосындығы былай тұрсын қай уақытта жаңалық болып еді?
«Сынның басты міндеті неде?» Сынның басты міндеті ертеден-ақ анықталған болар. Бірақ «Жалынның» осы сауалды қоюы себепсіз болмас. Сынның түбегейлі міндетінің бірі әдебиеттегі терең құбылыстарды ашу, сол құбылыс болып келген шығармаларды тани білу деп ұғам өз басым. Осы күнгі кітап тасқынының ішінен, біздің сынымыз жасығы мен асылын ажыратып алып жүр ме? Бар кітапқа жазылатын сын бір қалыптан шыққандай. Бас жағында мақтайды, азғана сын айтады, қорытады. Бар айырмасы мақтау мен даттау — бірінде азырақ, бірінде көбірек. Ал, кейде сондай екі кітаптың көркемдік дәрежесінің, мән-мағынасының арасы жер мен көктей екенін, бірінің әдебиет үшін жаңа сөз, бірінің екі күндік өмірі жоқ өлексе екенін ондай сыннан ұғамын деп ойламаңыз.
Біздің әдебиетте ірі құбылыс болған үлкен, ұлы шығармаларымыз алдымен Одақты, қала берді дүние жүзінің басқа елдерін «шулатады да» соның жаңғырығы өзімізге қайтып оралады. Бұл сірә тек біздің басымызға ғана тән кемшілік болмас. Мысалы әлемге аты әйгілі, түріктің күлдіргі жазушысы Эзиз Несин алғашқыда өз елінде еленбей жүріп, Италияда дүние жүзілік конкурста бас бәйге алғаннан кейін барып өз Отанында әйгілі болған.
Бірақ шынайы сыншы деген әдебиеттің көрегені емес пе? Ол дайын қалыптасқан пікірді қайталамай, көңіл көзімен жаңаны көре білуі керек. Ендеше өз әдебиетіндегі жаңалық, керек десеңіз ұлылық әкелген шығарманы сол көріп, жаңа құбылысты, көркем ойымызға енген жаңалық пен биіктікті сол байқап, сол шығармалардың жаңа пайда болған құбылыстың сырын ашып, оқырманға да, әдебиетке де паш етуі керек емес пе. Сынның өзі биік ғылыми әдеби дәрежеде болу керек дегенге кім дау айтады. Әдеби сыннан соны, тың бейнелер керек десеңіз, ойда жоқ тосын образдар. Сондықтан да болар, біздің шын мәніндегі мықты туындыларымыз бәрінен де қатал, мықты «Уақыт» атты сыншының пікірін көбірек тосатын болып жүр.
1975
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі