Өлең, жыр, ақындар

Бастау бұлақ

Жазушылық неден, қайдан басталады?

«Балдырған» журналы осы сұрақты менің алдыма қойғанша, бұл жайлы ойланған жоқ едім. Кім де болса бір күнде жазушы болмайды. Жүре келе, жетісіп толыса келе, жазушы болады. Бұл қалам ұстаған адамның тіршілік кәсібі, өмір мақсаты.

Әйтсе де, менің алғаш қалам ұстап өлең жазған күнім есімде қалыпты. Соғыстан үш-төрт жыл бұрын Ақтөбе облысының Қарабұтақ деген қиян шеттегі бір ауданында бесінші класта оқып жүргенмін. Интернатта жатамын. Ол тұс елдің жұпынылау кезі болатын. Аудан орталығы да шағын. Біздің жатақханамыз да саманнан салған шағын үй. Едені жер, терезелері кішкене. Күз айының күңгірт кешінде, күңгірт бөлмеде кітап оқып отыр едім. Талшыбықтай сидаң, сопақ бетті аққұба бала кіріп келді. Бұрын екеуміз мықты дос болмасақ та, жақсы танимын, бұл Қуандық деген бала. Оқуды менен гөрі ертерек бастаған бірер класс жоғары оқиды. Мендей емес, Қуандықтың мінезі ашық, баурап, кісінің іші-бауырына кіріп кетеді. Сондай сүйкімді мінезі үшін оны үлкен-кішінің бәрі жақсы көретін. Қуандық кірген бойдан мені де баурап алды.

— Не ғып отырсың? — деді ол.

— Кітап оқып отырмын.

— Кітабыңды қой. Мен саған қызық көрсетейін.

«Қызық көрсетем» деген соң, кітапты атып ұрдым. Қуандық сырма көкірекшесінің қойнынан қос қабатты бүктеген дәптерін суырып алды. «Мұның ішінде не қызық бар екен?» деп, Қуандықтың қолындағы дәптерге мойнымды созам. Бірақ, көзіме жазудан басқа еш нәрсе түспейді. Менің мына түрімді көрген Қуандық маған құпия кескінмен қарап, саусағын шошайтып, ынтығымды қоздыра түсті.

— Бұл не? — деп сұрадым, шыдай алмай.

— Бұл ма? Бұл — өлең.

— Е-е, өлеңді оқып жүрміз ғой, — дедім қызығым басылып.

— Жоқ, бұл менің өлеңім.

— Сонда... өзің шығардың ба?

— Өзім шығардым.

Менің ынтығым қайта қозды. Қуандық мені одан әрі ынтықтыра берсе, айнытып алам ба деп қорқып, өлеңдерін суылдатып оқи жөнелді. Мен аузымды ашып қалдым. Айна-қатесі жоқ, кәдімгі өлең. Тіпті ұйқасы бар. Ал, ендеше, ойна Қуандықпен! Күні кеше көп баланың біреуі еді. Тіпті бала болғанда мықты да бала емес. Тозығы жеткен ескі киімінен бойы өсіп кеткен, жейдесінің жеңі шынтағынан, шалбарының балағы тізесінен келеді. Қол-аяғы сидиып жүрген бір сопақ бала. Енді, келіп... Мен оған бір кереметті көргендей қараймын. Оның мұндай құдіреті барын кім білген?!

Мен бала кезімнен ақындықты екінің бірінің бойына дарымайтын киелі қасиет деп ойлайтынмын. Ақын адамның аруағы барына сенетінмен. Күнде бірге ойнап жүрген Қуандықтың көз алдымда, аруақты адам боп, қомпиып шыға келгені де содан. Онымен тұрмай, Қуандықтың өлеңдері маған жел берді... «Апырай, мен де жазсам ба екен?» деп, арқам қоза бастады. Айтпасам да менің осы ойымды сезгендей Қуандық қоштасарда мені қорқытып кетті:

— Өлең жазған кісі түбінде ақын боп шығуы керек. Ал, босқа әуре болып, ақын бола алмай қалса бар ғой... Онда... онда ол жынданып кетеді, — деді.

Оңаша қалған соң мен қатты қиналдым да, қатты толғандым да. Делебем қозып кеткен, өлең жазғым-ақ келеді. Көңілімде бір нәрсе толқиды. Қолыма қаламымды алам. Ал, жазайын десем... Қуандықтың жаңағы сөзі зәремді алады. Қараптан-қарап жүріп жынданып кетсем... Сағаттан артық қиналдым. Ақыры, толқып-толқып келіп тәуекелге бел будым. Қорқыныш пен талап тартыса келе, талап жеңді. Сол кеште отырып алып... бір емес екі өлең жазып шықтым.

Балалық аңқаулық болса да бұл менің әдебиетке аяқ басар сапарда алған алғаш бөгетім еді.

Екінші бөгет — үлкен бөгет кейінірек кездесті. Сол оңай жазылып кеткен өлеңдердің ізін суытпай, біраз боратып жазып тастасам... Олардың бәрі ұйқас болғанмен, өлең болмай шықты. Қиналыс, күйзеліс басталды. Сол қиналыстың аяғы, ақыры, мені өлеңнен аулақтатып, әдебиеттің басқа саласына алып кетті. Ол басқа жанрдың оңайлығы емес, менің соған оңтайлығым болса керек. Өйткені, әдебиеттің оңай саласы жоқ.

Шынында жазушылық неден басталады?

Ол алғашқы таңырқаудан басталады. Бұл менің сөзім емес, көптен айтылып келе жатқан сөз. Ақиқат сөз.

Көктемгі көк адырда жас баланың асыр салып ойнағаны, қозы, лақ қуған қызығы, алыс көкжиекке, шыққан шұғылалы күнге, қиян биіктегі бүркітке қарап таңырқай қуанғаны — осының бәрі ақындық сезім. Ақын болар, не болмас, бірақ осындай сезім ер балада, бала ғана емес үлкенде де болуға тиіс. Қуана білмеген, таңырқай білмеген адамның жаны жарлы.

Кішкентай кезімдегі бір сезімім әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Оны шығармама да кіргіздім. Көшпелі ауыл жазда киіз үйде болатыны белгілі. Балалар әдетте кештеу оянады. Сен оянғанда түндік ашулы болады. Көзіңді ашып алғанда ең алдымен күлдіреуіштің ар жағынан көкпеңбек биік аспанды көресің. Ертеңгі саф таза салқын аспан көкірегіңе қуаныш болып құйылады. Сол қуаныш бір күніңе жетеді. Алдыңда талай тамаша қызықтар күтіп тұрғандай көңілің алып ұшады.

Дүниеде біраз жасап келе жатсам да әр көктемнің мен үшін керемет сиқыры бар. Тұрмыстан қанша опық жеп, реніш көрсең де көктем көкірегіңе нұр құяды. Жаныңды баурап, жақсы үмітке, тәтті қиялға жетелейді. Көктем сайын дүниеден өтіп кеткен таныстарымды аяймын. Шіркін-ай, солар осы көктемді көре алмай кетті-ау деп қынжылам. Әрбір көктемді көрудің өзі — бақыт.

Әрине, адам бала кезінде өз сезімін өзі байқамайды. Ол өмірдің бар сыры мен қуанышын есепсіз жұта береді. О да — бір жақсылық. Бірақ солардың ішіне табиғаттың сырына көкірегі жабық табиғаттың үніне құлағы кереңдер де бар.

Жазушылық неден басталады деген сөзге мен қосымша — жазушылық жақсылықты, сұлулықты көруден басталады дер едім. Күндердің бір күнінде ауыл сыртындағы сарғайып жатқан сары адырдың ғажайып сұлулығын, жаныңды тебіренткен сырын ұғасың, өзің күнде көріп жүрген адамыңның кенет бұрын байқамаған жақсылығын көріп қайран қаласың, күнде шырылдаған бозторғай даусы енді құйқылжыған ән болып көкірегіңе құйылады. Осылай дүние сырына көзің мен көкірегің қоса ашылады. Жазушылық пен ақындықтың бастау бұлағы, тұнығы осы, әр жағын өмір толтырады. Жұрттың бәрі ақын болмайды. Бірақ ақын жанды адам көп болу керек. Бұл айтылғандар барша ақын жанды, сергек, сезімтал адамдарға тән қасиет. Жұрттың бәріне керек жан сұлулығы деген де осы.

Бүгінде белгілі ақын, драматург болған Қуандық Шаңғытбаевтың бала кездегі айтқан сол сөзі әлі есімнен кетпейді. «Ақын болам деп бола алмаған адам жынданып кетеді» деп қорқытып еді ол мені. Кейін есейе келе, ойлап қарасам, осы сөздің жаны бар сияқты. Өйткені әр шығарма жазғанда жынданбасаң да жынданғанға бергісіз қиналасың.

1973


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз