Жас талантқа тәжірибелі, көксе маманның сын айтуы өте қажет. Әрине, ондай сын ең алдымен педагогикалық, ұстаздық сын болмағы шарт. Ал ұстаздық сынның аса жауаптылығы өз алдына, ол сонымен бірге ерекше ұқыпты, ақаусыз әділ болуды талап етеді. Жас таланттың осал жағын, әр кемшілігін талдап түсіндіріп, сонымен бірге жаңа талап әдебиет, искусство дүниесіне не әкелді, оның жақсысы қайсы, талантының бейім тұрған өскелең жағы қайсы деген сұрақтарға талдап жауап беріп оны жаңа биікке меңзеу керек. Әр жас автордың әлді, әлсіз жағының сырын ашып, екеуін бірдей сарапқа салмай, бір беткей кеткен сыңаржақ сын ұстаздық міндетін атқара алмайды.
Осы тұрғыдан жас драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» пьесасы және сол пьеса бойынша жасалған Қазақтың академиялық драма театрының спектаклі жайында біраз сөз айтпасқа болмайды. Бұл пьесаны жас драматург жазған, оны қоюшы театрдың жас режиссері Ә. Мәмбетов, музыкасын жазған жас композитор Ғ. Жұбанова, декорациясын жасаған театрға соңғы жылдары келген жас суретші М. Ержанов. Спектакльде негізінен жас артистер ойнайды.
Сөз жоқ, пьесада елеулі кемшіліктер бар. Солай бола тұра осы пьеса көрушілерді не себепті сүйсіндірді? Сахнаға және сахна болғанда үлкен сахнаға, алғаш шыққан жас драматург — комедиограф қандай жаңа лебіз, соны дүние әкелді? Қандай ерекшелігімен көз қуантты?
Әрине, алдымен тақырыбын айтуға болады. Сахнамыз бен көрушілер сусап отырған бүгінгі күннің тақырыбы бірден назар аударуы хақ. Жас драматург сахнаға совет жастарының жарқын өмірін шығарды. Бірақ тақырып өзінен-өзі шығарманың сапасын белгілей алмайды. Сонда шығарманың көрушілерді қызықтырған сәтті табысының себебі неде? Оның ең бірінші себебі осы күнге дейін ат төбеліндей қалам иелерімен тұйықталған қазақ драматургиясына жаңа дауыс, жас лебіз қосылды. Мейлі, ол әлі кемеліне келіп, шеберлік тәсілін меңгере алмай жатқан шығар, бірақ қара дүрсін соқпаққа түспей, көрген өмірін өз елегінен өткізіп, өзінің көркемдік тұрғысынан суреттеп, өз машығын, өз почеркін аңғарта келді. Ең алдымен жұртшылықты сүйсінте қуантатын нәрсе жас талап — көңілді жарқын талант иесі екен. Ол біздің бүгінгі жайдары өмірімізге жарастықты. Жас автордың кейіпкерлері нағыз қуақы, тапқыр, өткір тілмен сөйлейді. Және олардың сөздері әдейі екшеп алынған афоризм, тұрмыста қолданыла бермейтін ойдан шығарылған нақыл сөздер емес, күнделікті өмірде айтылып жүрген ұтырлы, ұшқыр сөздер. Айта кететін нәрсе — біздің кейбір пьесаларда әшекейлі, нақышты сөздер көп қолданылып шығарманың реалистік арқауының ажарын бұзып тұрады. Жас жазушы ондай шалағайлықтан сақтанған. Кейде сөзуарлыққа салынып, автордың орынсыз тіл безеп кететін жерлері бар. Ол жастықтың, тәжірибесіздіктің салдары Ш. Айманов айтқандай: «пьеса тілінің жақсы жағы: ол көпке түсінікті, бірсыдырғы жатық» болуында емес, егер тіл ондай болса сұрқай, сүреңсіз болар еді, комедияға лайықты ойнақы, шенеген адамын шегелеп тастағандай өткір, тапқыр, ақылды болуында. Біз «ақылды тіл» деген теңеуді әдейі алдық. Пьеса тілі ақылды ойлы тіл.
Жас жазушы талантының күшті жағы адам характерлерін, жеке образдар жасай білуі, ал осал жағы сол характерлерді қағыстырып, оқиғаны бір арқауға өріп композиция құруға келгенде олақтығы. Пьесада жеке дараланған, бір-біріне ұқсамайтын соны тың характерлер, образдар бар. Мысал үшін пьесадағы жағымсыз деп аталатын үш кейіпкерді алайықшы. Психологиясына капитализм мен феодализмнің қалдығы мол сіңген, сырты сүйкімді, жас та болса айлалы, әккі, мансапқор Сапар, я болмаса тұрмыстың жеңіл жағына бой ұрып, өмірден мағынасыз ұсақ қызық іздеп, құралақан қалған Арыстан — бұл екеуі бір-біріне ұқсамайды. Арыстанның арманы болымсыз, әйтеуір бір жерге «тырнағын іліктіру» болса, Сапар әріге, биікке ұмтылады. Әрине, Сапар Арыстаннан әлдеқайда ірі де, зиянды да.
Ал Марфуға ше? Жалған тәрбиеден, татымсыз ортадан жұққан Марфуға бойында көп міндер бар. Оның бәрін автор комедия заңына сәйкес күлкілі етіп береді. Осы кейіпкер кейбір жағдайларда драматургиямызда А. Корнейчуктың Аға Щукасынан бастап көбірек суреттелген дағдылы мещанка әйелдерді еске салады. Алғашқыда жас драматург сол жауыр болған дағдылы дайын образды қайталап кетпес пе екен деп қорқып та қаласың. Бірақ ол күдік бекер болып шығады.
Автор бұл образды тың, жаңаша шешеді. Шындап үңіле қарасаңыз, Марфуға тәрбиенің құрбаны, бірақ көптеген жаман әдет әлі де бойына сіңіп болмаған. Ал, жаны жақсы, баладай ақ көңіл, ар жағында қалтқысы жоқ. Оның совет жастарының жақсы ортасына түскеніне, Сұңғат, Әнуар, Жәмилалар арасында жақсы өнеге көріп, жарқын жолға шығарына көруші сенеді.
Жағымды кейіпкерлердің ішінен Әнуар мен қарт қойшы Бекен образдарын ерекше атап кеткен жөн. Бір ескеретін нәрсе біздің драматургияда бүгінгі заманғы жағымды кейіпкер образы көбіне қалтқысыз, қимылы аз, құрғақ ақылға құрылады. Ал, Әнуар ондай жалаң қабат, қара-дүрсін емес. Басында қайғысы бар, өз сезімін білдіруге олақ, мінезінің де олпы-солпы жақтары жоқ емес. Бірақ оның жаны жақсы, жақсылыққа құмар, жамандыққа өш. Өмірдегі зұлымдықпен алыса білетін, қайратты жас. Әнyap Сапарға ақыл айтып, уағыз оқып жатпайды. Ол Сапардың жағымсыз мінездерін ащы мысқылмен әшкерелейді. Жас автор жағымды кейіпкердің аузына сыры кеткен құрғақ ақыл салмай, оның қолына сатираның өткір құралын ұстатқан. Мұндай сәтті жаңалықты ескермеуге болмайды. Авторды да, артисі Ноғайбаевты да Әнуар образы үшін сөгу қиянат. Жоқ, керісінше, оларға: жақсы образды, жастарымыз аңсаған жарқын бейнені сәтті бастадыңдар, енді осы бағытпен, біздің заманымыздың жағымды кейіпкердің образын жалаң стандарттан шығарып, жандандыра, толықтыра, ажарландыра түсіп, рухани дүниесін тереңдете, байыта түсіп, оның шын өмірдегі орнына сай ірі тұлғасын жасаңдар деген тілек арту керек.
Ал жас автордың осал жағы — жақсы, тың образдар жасай отырып, кейде эпизодтық образдарды бір-екі штрихпен аша отырып, көбіне сол образдарға драматургиялық толық жүк тауып бере алмай қалады. Пьесадағы бар адамдардың тағдыры мен іс-әрекеті шиеленісіп, бар арқауға — негізгі тартыс төңірегіне өрілмегендіктен көп жерде шығарманың жібі босап кетеді де кейбір кейіпкерлер оқиғадан тыс, шеткері қалады. Мысалы, өсекші кемпір мен Арыстан пьесадағы оқиғаға араласпай, сырт жүреді. Оларды тіпті шығармадан зиянсыз-ақ алып тастауға болады. Ал, колхоздағы картина сахналық жағынан әп-әдемі істелгенмен пьесадағы оқиғаға тіпті қатынассыз, тек «Сапар оңбаған адам» деген пікірді айқындай түсу үшін ғана алынған бөлек эпизод.
Шығарма жасау негізінен екі кезеңге бөлінетін сияқты. Бірінші, адам образдарын, характерлерін жасау, екінші, соларды негізгі идеяға сәйкес қарым-қатынасқа келтіріп, әрекетке көшіру. Жайбарақат айтқанда алдымен құрылыс материалдарын істеу, содан кейін үй салу сияқты. Ал, жас драматург жақсы кірпіш құюға біраз машықтанып қалғанмен, соны қаластыруға әлі олақтау. Оның шеберлік жолында көп ізденетін бағыты — шығарманың архитектоникасын жасау, композиция құру шеберлігі. Пьесада ең алдымен негізгі конфликт — тартыс арқауы мықтап тартылу керек те жанама тартыстар негізгі конфликтіге бағынып, соны толықтырып, дамыта түсуге қызмет етуі керек.
Ал осы пьесаның сахналық өмірі — спектакльден жалғыз Ш. Жандарбекова ойнаған Марфуғадан басқа іліп алар еш нәрсе таппаған Ш. Айманов пікіріне дау айтпасқа әддіміз жоқ. Ең алдымен актерлер ойыны жөнінде. Жеке рольдерге тоқталмастан бұрын бір айта кететін нәрсе — осы спектакльде машықты жақсы ансамбль бар. Әр актер өз міндетімен бірге, ойын спектакльдің негізгі талабына бағындыра білген. Мен бұл арада көрушілер конференциясында әділ де жақсы бағаланған Ш. Жандарбекова, М. Сүртібаев, З. Досанова, Ы. Ноғайбаевтар жасаған басты кейіпкерлердің образдарына тоқталып жатпақ емеспін. Тек театр сынындағы бір жағдайды ескерте кеткім келеді. Әдетте сыншылар басты роль ойнаған артистер мен белгілі ірі актерлердің ойынына ғана тоқталады. Әртүрлі себептермен үлкен рольдерге қолы жетпей қысқа, эпизодтық роль ойнап жүрген актерлер тілге ілінбейді. Осы бір әділетсіздікті әрі актер, әрі режиссер Ш. Аймановтың ескермегені қынжылтады.
Спектакльде екі-үш қана көрінетін қойшы Бекен образын алыңызшы. Атақ, даңқтан қағыс, театрдың қарапайым ескі артисі Р. Сәлменов осы шағын образға қаншалықты терең мағына берген. Сәлменов ойнаған Бекенде халықтық көп қасиеттер бар. Қарапайым еңбек адамы сабырлы да ойлы. Халықтай кең пейілді, тұрған бойы мейірім. Осындай кең пейілді мейірбан адамның Сапардың опасыздығына қатты толқып, ызаланып, оған лағнет айтатын жері қандай күшті шыққан.
Боранкүл образының пьесадағы оқиғаға қатынасы аз екені рас. Бірақ, осы рольді ойнаған, осы кезге дейін көзге түспей жүрген жас артиске Қанабаева ерекше бір талант ұшқынын аңғартқанын неге ескермейміз? Ол ойнаған Боранкүлді театр тілінде характерлі образ дейді. Мүмкін жас актриса талантының бір қыры сол шығар. Қалай болғанда да актриса нанымды, жанды образ жасады. Сондай бір салдырлақтау, қимылы ірі, тілі өткір, ақкөңіл, аңғал қазақ әйелін әр ауылдан көрген сияқтымыз. Ескі танысыңдай көзге оттай басылады. Жас актриса жасаған образын нағыз шын өмірден алған. Қай актерге болмасын нағыз құнарлы образды халық арасынан табасың, бақылап, зерттеп көңілге түйе біл, өмірге тереңірек үңіл деген тілек арту керек.
Жеке кейіпкерлердің көңіл күйін, оқиға мағынасын ашатын сырлы музыка және түгел спектакльдің әуенін аңғартатын жайдары, көңілді музыка жазған Ғ. Жұбанова және кейіпкерлердің әрекеттері мен оқиғалардың мағынасын аша түсетін төңірек бейнесін — декорация жасаған жас суретші М. Ержанов еңбектеріндегі құлақ құрышын қандырар, көз қуантар жаңалықты талдауға шағын мақаланың көлемі көтермейді. Бірақ режиссер жұмысы жөніндегі сөз етіп отырған мақаладағы әділетсіз пікірге тоқталмасқа болмайды. Талапты жас режиссер Ә. Мәмбетовті ылғи құлаумен келе жатқан «қадамы құтсыз» жан етіп көрсету әділет емес. Мәмбетов тәжірибесі аз болғанмен көп ізденетін жас. Ол бірнеше спектакль қойды. Оның Жамбыл облыстық театрында қойған Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісі», Гурьев облыстық театрында қойған Штейннің «Жеке бастың ісі», Қазақтың академиялық драма театрында қойған «Жалғыз ағаш орман емесі» сәтті шыққан, жас таланттың өз машығын танытқан еңбектер.
Жас режиссердің осы соңғы спектаклін сәтсіз деген пікірге қосыла алмаймыз. Ш. Айманов сын айтқанда пьесаның жанрын, кейіпкерлердің қандай ортадан екенін ұмытып кететін сияқты. Ол сахнадағы көңілді, күлкі көріністерді ұнатпайды. Режиссер студенттер тұрмысын ұсақ-түйекті қазбай-ақ жеке детальдер арқылы нанымды, айқын көрсете отырып, жастар өмірінен әзіл, қалжыңға, көңілді күлкіге толы жастық шаққа лайық жайдары спектакль жасаған. Рас, финалына дау айту керек, ал одан басқа спектакль түгел комедиялық планда шешілген. Көп көріністерді талдап жатуға уақыт болмағандықтан сыншы ұнатпаған Әнуардың кастрюль ала жүгіретін көрінісін алайықшы. Әнуар сүйген қызынан айрылып қайғы-қасірет үстінде отыр. Оның күйзелісін мұңлы музыка айқындай түседі. Осы кезде бір студент келіп Әнуарды мазалап кастрюль сұрайды. Ол оны түсінбейді. Студент кетіп екінші рет есік қағылғанда, ашулы Әнуар тағы кастрюль сұрауға келген екен деп ойлап: «Мә кастрюль» деп кіріп келе жатқан адамға кастрюльді ұстата салады. Сөйтсе ол басқа кісі. Режиссер Әнуарды қайғы-қасіретке батырып, сол жерден нүкте қоймайды. Өйтсе комедияның шырқы бұзылар еді. Ол драмалық қайғылы сахнаны психологиялық жағынан нанымды өзгертіп, комедиялық көңілді арнаға түсіреді. Сөйтіп жанрға алалық кіргізбей, бір мақсатқа, көңілді комедия мақсатына бағындырады.
Алғашқы және соңғы актының басында әдемі жасалған көрініс — Сапардың гүлден гүлге секірген көбелек сипатында көріну, спектакльдің бас-аяғының Маяковскийдің жасалған жастарды әшкерелейтін жалынды жырымен көмкеруі — шығарманың идеясын айқындай түсетін сәтімен табылған жаңалықтар.
Ә. Мәмбетов ізденіп, өсіп келе жатқан талантты режиссер. Бірақ оның бойындағы басты кемшілік сөз мағынасына терең үңіле алмай жүр. Сондықтан да актер сөздері көрушіге жүдеп жетеді. Жас режиссер актерлерге әр сөздің сырын, астарын ашып бере алмайды. Комедиялық күлкі көріністерді құбылтып, жақсы ойнайтын режиссер кейбір жан тебірентер драмалық сахналардың шешімін таба алмай жүр.
Шағын мақалада спектакль сияқты жиынтық шығарманы түгел талдау қиын. Бірақ бәріміз бірдей бас иетін, сынның берік қағидасы болса екен дейміз, ол: аз айталық, көп айталық, тек әділ, жақсы мен жаманын дәл айталық. Бізде тасқа басылмаса да көп адамның көңіліне ұялаған бір ұғым бар. Ол мысалдап айтқанда мынадай: сынның хирургі аппендициті бар шығарманың бүйрегін кесіп тастаса, «ие, ниеті дұрыс қой, әйтеуір сол шығарманың ішінде бір кінәраты бар еді» дей саламыз. Олай болмасқа тиіс. Әсіресе жастар еңбегіне ұқыпты болу керек. Жас жеміс ағашының артық бұтағымен қоса нәрленіп, бас жарып келе жатқан бүртігін қиып тастау қандай қиянат. Айманов сынының ішіндегі кейбір орынды пікірлерді жоққа шығарғымыз келмейді. Тек жастардың негізінен сәтті еңбегін жеке кемшілігіне бола жоққа шығармаңыз, жаманымен бірге жақсысын да көре біліңіз, сөйтіп ағалық, ақаусыз әділ сын айтыңыз демекпіз. Ондай ұстаздық сын өскелең жастардың өрісін кеңітеді.
1967
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі