(Абысын-ажын, апа-сіңлі, өсек айтатын мырзаларға)
Мой фельетон, — баритон,
Шалтай-балтай фаэтон.
Шалтай-балтай, шер-мон-тай,
Шұбар байтал, қой қайтар,
Шарла шатып шарлатан.
— Апеке, сен ешнәрсе естідің бе? — Мұны абысын-ажынына жас абысын таңырқаған жүзбен, көздерін жан-жаққа лақтырып, дауысын төмендетіп айтады.
— Ә, ә не болып қалыпты, байғұс-ау?..
Көздерін кеңітіп, таңырқап, таянып, абысын ажасы сұрайды...
...Сүйтті... сүйтті ол өзі... (тамсанып). Солай ма!.. Ә, ә!
Сонымен сөз қозғалады. Кеш болған уақыт, электр шамның жарығында бір кішкене бөлмеде екі адам үстелдің екі жағында бір-біріне қарсы қарап күңкілдесіп, әңгімелесіп отыр. Екеуінің де киімдері қоңыр. Біреуі анығынан әйел, бәйбіше деуге болады. Көзге толық. Біреуі әйел екені, еркек екені дүдамал. Жәмиланың бетіндей семіз, толық, былқыл бет дөңгелек — типыл беті, ағаш арбаның дөңгелегінен тамған қара май тәрізді, іркілдеген шырайы, есіл-дерті құдаға жағу болып жүрген құдашалардың сөзіндей суырылған сөздері бұл адамды әйелге ұқсатады.
Екеуі кейбір жақсы ақындар айтқандай:
Сыбыр-сыбыр... жыбыр-жыбыр...
Күбір-күбір... сыбыр-сыбыр...
Дыбыр-дыбыр... пыш-пыш-пыш...
Сыңқ-сыңқ... қыңқ-қыңқ...
Хи-хи-хи-хи... хи-хи-хи
Біреуі анық әйел, май қарын, былқыл қарын. Оны енді әйел дейін. Біреуі де жаңағы айтқандай түріне қарағанда нағыз жеңгейдің өзі. Һәм отырған отырысынан, гүбірлеп, сыбырлап, пыш-пыштап сөйлеген күңкіліне қарағанда Құтанбай отағасының 2-ші қатынының нағыз өзі деуге болады.
Күбірлеген сөздерінің жұрнақтары: «ойбай-ау, Сыбанбай үлкен үйде кім... туралы әңгіме айтыпты... ол да сөйледі... Құдекем мақтады... осы... күні жек көреді... Мен сөйледім. Екеуі бір-біріне қарап күлді — шіркін өзі жақсы-ақ қой!..» — бұл дүдәмал әйелдің сөздерінің жұрнақтары.
Анық әйелдің сөздерінің жұрнағы мынау:
«А-а, сондай ма!.. Мына жігіт!.. а, солай ма!.. Бетім-ау, мен білуші едім!.. Е, е, бәсе!.. Ол өзі сондай ғой, сөйту керек... сүйтейік.
«Хи-хи-хи!.. Пыш-пыш-пыш!..» Үстелдің екі жағында бір- біріне қарсы қарап екеуі отыр. Екеуі алыстан қараған адамға абысын-ажындай, апалы-сіңлідей біртүрлі жарасқан.
— Ау, жеңгейлер-ау, бұзау еміп кетпесін! Бұзау!.. ау-хау!.. екеуі күбірлейді... Дүдәмал әйел кейбір сөздердің арасында қаймақшыған шырайын тұнжыратып, ағаш арбаның дөңгелегінен тамған қара майдай көздерін жан-жаққа лақтырып, «еркекпін» дегендей қылып та қояды, мынадай сөздер естіледі: эксперимент... ситуация... бұл өзі стимул... қазақ әдебиеті... мен білемін... әрине. Ол дәуір... бұл дәуір... жастарға... период, эпоха, бұлар чепуха... хи-хи-хи, ха-ха-ха! — күңкілдейді, күбірлейді, жырлайды екеуі.
Абысын-ажын жарасыпты, сыбырлайды екеуі.
«Шалтай-балтай, шер-мон-тай,
Шұбар байтал қой қайтар!»
1923 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі