Күн сұрғылт салқын еді. Түрсіз Бетпақ бүгін тым түрсіз еді...
Сұлу екеуіміз бір күні әлгі Ақберген деген жігіттің аулына келдік. Мұның аулы екі-үш үй екен. Ақберген әлгі Мәдібектермен Ақмолаға барып, ел соңынан бір қос болып келген бес кісінің бірі. Сұлу екеуіміз аттан түсіп, аттарымызды үйдің белдеуіне байлап, Ақбергеннің үйіне сәлем беріп кіріп келдік.
Күн сұрғылт салқындау еді. От пенен ет керек күн еді... Кіріп келсек, үйде қазан асулы, қазан астында маздап қызып баялыш оты жанулы, бір жастау әйел от жағып отыр. Шымырлап қайнаған қазаннан Бетпақ қойының дәмді етінің иісі шығады. От басында Ақберген отыр. Ақберген бір жуантық бізбен бірдемені шұқылап істеп отыр. Ақбергеннен жоғары, төрде қазықша шаншып, іші ауырған кісіше сыздап, бір орта жастан асқан кісі отыр. Ақберген ұшып түрегеліп бізбен амандасып:
— Жоғары шығыңдар! — деп күлімдеп қалды.
Төрдегі ширатылған кісіден біз төменірек отырдық. Ол бізбен асықпай ғана ширатылып, жоғарыдан төмен қарап амандасты. Сұлу мен Ақберген бір-біріне жымыңдап қарап сөйлеседі. Мен төрдегі кісіге қараймын. Орта бойлы, сопақтау, ашаңдау бетті, қыша мұрынды, сары құба кісі. Үстінде қоңыр күпі, жағасы түлкінің пұшпағы. Басында ескілеу, кірлеу түлкі тымақ. Өзі шарта жүгініп отыр. Мен бетіне қадала қарасам, түсін суытып, ширатылып, көріне маңызданып, сәл қозғалып, көзін жұмып қояды. Кейде тіпті көзін едәуір жұмып отырады.
Мен ішімнен: «Мынау не пәле тағы да!.. Бұл Бетпақта мұндайына «Тәңір Бұты» болады екен-ау!.. Бұ да әлгі Нұрмағамбет сияқты бір «паң-ау!» — деп қоям.
«Бірақ бұл Нұрмағамбетке сәл келіңкіремейді-ау!» — деймін тағы ішімнен.
— Мына бала кім? — деді. Ақберген:
— Бұл әлгі Сәкен деген балаңыз осы! — деді. «Паң» терең ойлы жүзбен, «мағыналы» үнмен жай көздерін кішірейтіңкіреп, басын изеп, даусын созып:
— А, а, сол ма!.. — деді.
Соны айтып «паң» өте ширатылып маңызданып қозғалып қойды.
Мен де Ақбергеннен «Тәңір Бұты», «Паңды» сұрадым.
— Бұл кісі кім? — дедім.
Ақберген бетін жұқалау күлімдетіп:
— Бұл кісі біздің әкемізбен бір туысқан кісі, еститін шығарсыз, болыс... Шоқай деген кісі. Бұл кісіні болыстыққа бекіткен бұйрығын әнеугүні мен Ақмоладан алып келіп едім. Бұл кісіні болыстыққа бекіткен бұйрық қағазын жаңа ғана өз қолына табыс қылып отыр едім. Мына ойып отырғаным бұл болыстың мөрі еді!.. — деді.
Ақберген бізбен шұқып ойып отырған, бір дөңгелектеген кішкентай қайрақтасты көрсетті.
Мен енді аздап андай бастадым.
— Болыс, әлгі сізді бекіткен қағазыңызды мына Сәкенге оқытыңызшы! — деді Ақберген.
«Болыс» баптанып, төс қалтасынан бір бүктеулі қағазды алып маған берді. Мен қағазды алып ашып қарасам: орысша жазулы бір мөр басылған бір тарақ қағаз. Мөр — Ақмоланың бір ескі судьясының бұрын біреуді жауапқа шақырған шақыру қағазы екен.
Мен «бұ қалай?..» — дегендей Ақбергенге қарадым. Ақберген маған:
— Әлгі, Ақмоладан мен әкелген, ояздың мына кісіні болыс қылып бекітіп жіберген бұйрығы ғой! — деді. Ол үйдегенде болыс маған:
— Оқып естіртіп айт! — деді.
Мен оқыдым. Орыс сөздерін естігенде Шоқай болыс бұрынғыдан да арман қоқиланып, Сұлуға бір қарап, Ақбергенге бір қарап, маған бір қарап отырды.
— «Болыстыққа» бекінген бұйрығыңыз қайырлы болсын! — деп, мен қағазды болыстың өзіне бердім.
Болыс болыстық қағазын алып қайтадан баптап бүктеп, қалтасына салды. Сөйтіп отырғанда дүбірлетіп бір атты кісі үйдің сыртқы босағасына келді. От жағып отырған әйел тысқа шықты. Үйден шыққан әйел мен атты кісі қысқа-қысқа сөз қатысып, бір ауыр нәрсені түсіргендей дүрсілдетіп түсіріп, түсіп, белдеуге атын ба, жоқ басқа бірдемесін бе, байлады. Сөйтіп, тез есікті ашып, бір жігіт пен үйден шыққан әйел бір тайыншадай семіз қара қоңыр құнан қойды май құйрығын шайқалтып үйге алып кірді.
Ақберген жігітке қарап, қойға қарап: Ә-ә, әкелдің бе!.. Қаны, енді, бата қылдырып сойып жібер!.. Бата қылыңыз, болыс! — деп қолын жайып, болысқа қарады.
Болыс қоразданып маған бір қарап, Сұлумен, Ақбергенмен қоңыр құнан қойға бір қарап, ишанша салмақтанып, қолын көтеріп бата қылды. Қоңыр қойды іркілдетіп, жігіт пен қатын тұғжыңдасып жығып, бауыздап союға сәл сасқалақ тасып жатыр.
Сұлу Ақбергенге:
Болысқа қойыңның бір таңдаулысын сояйын деп жатыр екенсің! — деді. Ақберген күлімдеп:
Болыстың сыбағасы әлі кейін болады. Болыстың қазіргі түстігі мына қазанда қайнап жатыр. Ал мына қой сіздерге бұйырған, нағыз адал орнына жұмсалған қой болып отыр. Бұл... жаңағы, мен ояздан әкеліп берген болыстың қағазының сүйіншісіне болыстың маған беріп отырған сүйінші қойы, — деді.
Мен де таңырқап аузымды аштым, Сұлу да: «Әһ, солай ма?» деп, іші қызғанғандай немесе ішіне күншілік кіргендей аузын ашып, қозғалақтап қалды.
— А, а, болыстың сүйіншіге берген қойы екен ғой!.. Әй, болыс мырза-ау! — деді көтеріңкі дауыспен.
Көп аңшылардың ішінде біреуі бір қызыл алтай түлкіні жайнатып аппақ қардың үстіне умаштап алып жатса, көп мергендердің ішінде біреуі бір марқасқа текені атып жығып домалатып жатса, өзгелердің көздері қызығып, іштеріне күншілік кіріп, іштерінен тағдырға өкпелей қалатын сияқты болатын еді. Сұлу да сондай күйге түсе қалғандай болды. Қайтсін енді Сұлу байғұс! Сұлу жалаңаш кедей адам. Тек, әйтеуір еті тірі адам. Әйтеуір сұлу. Бірақ сұлулық ас бола ма! Сұлулықты берген тағдыр байлықты неге аяды екен? Мынау Ақберген дөңгелек жақсы орташа ауқатты, малы өз керегіне жететін жігіт. Бұл аш емес. Бұл онша семіз қойға мұқтаж адам емес. Сүйтсе де, тағдыр мұның «салуы» аузына, «ырысты» несібесіне мына Шоқайдың май құйрық қоңыр қойын түсіріп отыр. Ал Сұлудың үйіндегі қара көжесінің қатығы жоқ. Сонда да Сұлудың «салусыз» аузына Шоқайлар кездеспейді. Шоқайлардың семіз шелді қойлары Ақберген сияқтыларға бұйырады!.. Міні, Сұлудың көңіліне осы «өкпелер» кірді ғой деймін!
Енді ет піскенше сөйлесіп, күлісіп отырдық. Жігіт пен қатын майлы буын бұрқыратып, іркілдетіп қоңыр қойды сойып жатыр. Қараймын: қойдың сүбе майының қалыңдығы үш елі. Қойдың терісі мен семіз шелді қыртысының арасындағы сұйық майын түсірілген терісіне іркіп, шұңқыр тостағанға құйып алып жатты.
Ақберген мөрді түтінге ұстап, қалтасынан бір қағаз алып, мөрдің ысталған қарайған бетін демімен демдеді, қағазға басты. Мөрдің таңбасын өзі көріп, Шоқайға білдірмей маған көзін қысып қойып: «Мына болыстың мөрін көрші, міні, жақсы болған жоқ па?» — деді.
Қолындағы мөр басылған қағазды және бандадан бері бізбен шұқылап отырған жаңа қағазға басқан дөңгелек текшелеу кішкене тасты маған көрсетті.
Сұлу екеуіміз Ақберген ойған болыстың мөр тағын және қағазға түскен таңбасын көрдік. Шынында, болыстың мөрі тіпті әдемі болып ойылыпты. Мөрдің өзі және ұстауға тым ыңғайлы, мөрдің бетіндегі ойылған сөздері кестедей болып әдеміленіп ойылған. Ойылған, қағазға түскен сөздері «Шоқай болыс» деген сөздер.
Болыстың өзі бізге:
— Жақсы ойылып па? — деді. Мен:
— Әдемі болыпты! — дедім.
— Енді болды ма? — деді Ақбергенге. Ақберген:
— Енді болды! — деді. Шоқай маған:
— Қані! — деп сұрады.
«Болыс» қағаздағы мөр таңбасын көріп, менен мөрін алды да, ұстап айналдырып қарады да, түсін бұрынғыдан да жаман суытып, маңызданып, жай қимылдап, қалтасынан орамалын алып, шетіне мөрін түйді де сол төс қалтасына салды.
Ақберген болысқа:
— Қайырлы болсын енді! — деді. Сұлу да жымиып:
— Қайырлы болсын! — деді.
Болыс шарта жүгініп отырған бойымен зор мәнмен нығызданып:
— Айтсын! — деді де, отырған біздерден биік жоғары көтерілуге қиялға берілгендей, көзін жұмды...
Мен ішімнен күліп:
«Айқай, шіркін, Бетпақдала-ай, мұндай да балаң бар екен- ау!» — дедім.
Ақберген тағы да Шоқайға білдірмей, маған көзін қысып қойып:
— Сәкен, сен бұл болысты сырттан білетін шығарсың. Болыстың «Ақлақ», «Бесқырқа» деген екі бәйгі атының да даңқы сіздің елдерге барып жататын шығар? — деді.
Мен енді Ақбергеннің ымбалымен:
— Иә, болысты мен сырттан еститінмін. Екі атының да жүйріктігі дүңкілдеп естіліп жатушы еді! — дедім.
Мен сүйдегенде, болыс көзін ашып маған қарады да:
— «Ақлақ» ат көбірек естіле ме, «Бесқырқа» көбірек естіле ме? — деді. Мен:
— «Ақлақ» атыңыз көбірек естіледі! — дедім. Болыс:
— Дұрыс, дұрыс! «Ақлақ» аттың аруағы артық... Бірақ шынында, одан да «Бесқырқа» жүйрік! — деді. Ақберген жымыңдап, маған:
— «Бес қырқаны» болыс қазір мініп келіп отыр, сен сыншысың ғой, ет жеген соң көріп сынап бер! — деді. Мен:
— Жарайды, көрейік!.. Болыстың «Аққал» атын да көрсек, ол қазір семіз шығар? — дедім. Ақберген:
— Я, Аққал атты көріп сынап бер... Бірақ ол қазір семіз емес... Жаздай оны болыстың Бүйен бай деген батыр баласы мініп семіртпеді! — деді. Мен:
— Болыстың баласы батыр ма?.. — дедім. Ақберген:
— Ойбай, батыр! — деді. Мен:
— Кәдімгідей, найза ұстап жау түсіре ме? — дедім.
Ақберген:
— Жау көп кез болмайды, әйтпесе бір жауды жібермес еді... Өзі егескен жерден барып мал алып келеді! — деді. Мен:
— Бірақ болыстың баласының есімі келісімсіз екен... Батырлардың есімдері де өзге көпшіліктен бөлектеуі жарасады ғой, мысалы: Тарғын... Қамбар... Алпамыс... Сайын деген есімдер батырларға лайық болып тұрады, «Бүйен бай» деген сәл келісімсіз деу екен! — дедім.
Болыс көзін ашып маған қарап:
— Мына Үйсін деген елде бір Бүйен бай деген атақты ұры болды. Біздің ел мына Шуға келісімен ол қасқырша тиіп, елді ылғи шулатып жатушы еді. Балаға ырым қылып соның атын қойған едім! — деді.
Мен үлкен хикметке түсінгендей басымды изеп:
— Ада!.. — дедім.
Ет түсіріп, ет жеп болған соң Шоқай болыс аттанды. Ол аттануға тысқа шыққанда, біз де болысты аттандырып, «Бес қырқасын» көруге тысқа шықтық. Болыстың «Бес қырқасы» бір нашарлау, сөлекеттеу қара кер ат екен. Біз көргеннен кейін, болыс тағы да «көздерін суарсын» дегендей, «Бес қырқаға» мініп алып шіреніп тұрды.
Мен енді қайтер екен деп:
— Анықтап қарағанда, мына «Бес қырқа» дегеніңіз онша мақтауға тұратын ат емес екен! — дедім. Шоқай болыс маған ала көзімен қарап:
— Ада? — деді.
Мен тағы да:
— Атыңыз құр әшейін бір жаман тұғыр екен! — дедім.
Шоқай болыс маған: «Еке, сен не білесің!» — дегендей және «бендені елемеймін» дегендей қабақпен ызбарланып қарады да көзін жұмды...
Шоқай кеткен соң Сұлу екеуіміз күліп, Ақбергенді жауапқа алдық:
Мен: «Әй, бұл не деген адам?.. Сойған семіз қойды шын сол берді ме?.. Бұл ұят емес пе, мұның не?.. Және әкеммен бір туысқан адам дейсің ғой?.. Өзінін үйінің адамдарының бәрі де өзіңдей ғой шамасы?.. Ә, солай ма?.. Баласы да өзінің сыңары ғой,сірә?.. Бірақ сенің мынауың тіпті өзге елден ұят емес пе?» — дедім.
Ақберген мен Сұлу күлді:
— Оның несі ұят!.. Өзі әжептәуір бай... Сен жемесең де бәрібір біреу жейді оны... Онан да өстіп ойын қылып, кісінің өзі жегені жақсы... Бәрібір ол өстіп жаратылған соң, өстіп кетеді, — десті.
Ақберген: «Бірақ өзі Қожанасыр сияқты қу! Баласы да өзіндей және онысы қу емес, жуас, қорқақ. Баласын жуас демей, әдейі өтірік «ұры, батыр, мықты, өжет...» — деп, жұртқа «болмағанды болды» деп жәйіп жүреді. Онысы — жұрт қорқып қаймығып жүрсін, малыма тимей жүрсін дегені. Және әлгі аттарын да өтірік жүйрік деп мақтап. «Аққал», «Бес қырқа» деп жүргені де қулық.
«Ойбай, оның аттары жүйрік, баласы ұры, баласы батыр» деп, жұрт сырттан қаймығып жүрсін деген қулығы! — деді.
Meн ішімнен ойланыңқырап, азырақ таң болып тұрдым.
Әлде мұның өтірік болыс болып, семіз қойын беруі де қулық па екен?.. Оны жұрт балаша алдаса, балаша келемеж қылса, ол Қожанасыршылап жұртты мазақ қылып, «қулығын асырып» жүрмей ме екен?.. — деген ой да келіп кетті...
Нақ осы «болыстықтың» соған тиетін пайдасы жоқ па осы? — дедім Ақберген мен Сұлуға.
Ойбай, ол: «Мен болыспын, — менің алымым, сыбағам қайда?» — деп, жазғытұрым уақытта үйлерден семіз жылқының қазыларын, семіз қойлардың жамбастарын жинап алып жүреді!.. — деді екеуі.
Солай ма?.. Ә-ә, бәсе! Айтқаным келсінші!.. — дедім мен.
Сұлу таңырқай-таңырқай томсарып:
— Былтыр менің көзімше Алтыбайдың үйіне келіп: «Менің сыбағам қайда?» — деп отырып алды. Сонсоң Алтыбайдың сары қатыны «Болыстың сыбағасы» деп бір семіз қос қазысын алып шығып, Шоқайдың атының қанжығасына байлап берді. «Болыс» семіз қазыны қанжығасына байлап берген соң, атына мініп жағалап жүрді:
— Міні, мен «болыс болғалы» Алтыбай үйі жыл сайын жазғытұрым өстіп сыбағамды беріп отырады. Ал бұл үйдің маған қойған сыбағасы қайда? — деп басқа үйлерден де алып жүрді, — деді.
— Жұрт бере ме мұның үйтіп сұрағанына? — дедім.
— Жұрттың көбі әйтеуір береді... Мұның «болыспын» дегенін қызық көріп, ойын қылып еркелетіп қоя береді мұны, — деді Ақберген...
— Бәсе, Шоқайды жұрт ойын қылса, Шоқай жұртты ойын қылып жүргені ғой ол! — дедім...
«Мәңгі жасаған, Қожанасыр!.. Сен Бетпақта да жүр екенсің ғой!» — дедім ішімнен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі