Өнерпаздың дарын қуаты мол, алымы кең болғаны әрине мәдениет тарихы үшін үлкен олжа. Табиғи талант терең біліммен, телегей-теңіз ақыл-парасатпен толысып, замананың эстетикалық-ғылыми талап-тілектеріне жауап беріп отырса, қалам қайраткерлеріне одан артық бақыт жоқ.
Белгілі әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжановтың «біздің көбіміз (бәріміз десек те өтірікші бола қойман) қазір универсалмыз. Көп білгендіктен, универсал емеспіз, көп міндет жүктелгендіктен, амалсыздан универсалмыз. Қазақ тұрмысында жұртшылық алдына түспей, білінбей қараңғы, тұйық жатқан мәселелер көп. Соларды ашқың келеді, түсінгің келеді. Әдебиет сыны тарихты білуді керек қылады. Тарих қазақтың экономикасын, ескі әдебиетін білуді тілейді», бір мәселеге екінші, үшінші мәселе жалғаса береді дегенінің тарихи шындықтан туғандығын Сәкен Сейфуллиннің ұлан-ғайыр шығармашылығы әбден айқындай түседі.
Сәкеннің жанкешті еңбегінің бір саласы қазақ әдебиетіндегі сын жанрының өркендеуімен, әсіресе әдебиеттану ғылымының қанат қағып, даму кезеңімен тұстас келетіндігін ұмытпаған абзал. Сондықтан сол кезеңнің үстем ой-пікірінің Сәкенге ықпал жасағанын, екінші жағынан, Сәкен өзінің сыни-ғылыми еңбегімен сол ой-пікірлерге серке болғанын аңғармасқа тағы да болмайды. Өйткені әдеби-ғылыми шығармашылықтың бірде-бір саласы Сәкенсіз өтпегенін С. Мұқановпен М.Ғабдуллин айрықша атап көрсеткені белгілі.
Қазақ әдебиеттану ғылымының іргетасының қалай қаланып, қалыптаса бастағанының көрсеткіші ретінде Сәкен Сейфуллиннің ғылыми-зерттеулеріне, әсіресе фольклористік еңбектерінe назар аударсақ, көп жайдан хабардар боламыз.
Алдымен Сәкеннің қазақ әдебиетінің үлгілерін жинаушы және бастырушы қызметіне тоқталған дұрыс, өйткені идеологияда таптық көзқарас әбден меңдеп бара жатқанда ескі мұраға назар аударудың өзі қауіпті болатын.
Сәкен Сейфуллиннің ғылыми қайраткерлігі ауыз әдебиетінің үлгілері мен жекелеген ақындардың мұраларын жазып алып, жариялауынан бастау алды.
Халық мұрасын жинауға кіріскенде алдына қойған мақсаттары: біріншіден, із-түзсіз жоғалып кетуден сақтау, хаттап, қағазға түсіру; екіншіден, талғап-таразылап, ой елегінен өткізіп, уақыт кәдесіне жарайтындарын тасқа бастырып, жарыққа шығару; үшіншіден, заман талабы мен өскелең өмір алға тартқан қажеттіліктерді өтеу, яғни мектептер мен жоғарғы оқу орындарын хрестоматия, оқулықтармен, қазақ әдебиетінің тарихын баяндайтын еңбектермен қамтамасыз ету еді.
Сәкен жас кезінен-ақ талай өнер саңлақтарын тудырған, сұлулығы «мылқауға тіл бітірген» ақындарға шалқар шабыт берген Көкшені аралап, ақын-әншілеріне, өнер ақтангерлеріне қатысты деректерді, аңыз-әңгімелерді, ертегілерді көптеп жазып алып отырған. Кәрі құлақ шежірелерді, сондай-ақ ақын-әншілердің шығармаларын, ауыз әдебиетінің үлгілерін, небір қиссаларды хас шеберлерге айтқызып, аса қажеттілерін, құндыларын қағаз бетіне түсіре берген. Сал-серілікті биікке көтерген Біржан сал мен Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, өз өнерімен халық жүрегіне жол тапқан Балуан Шолақтың ұрпақтарымен кездесіп, оларды білетін, өнеріне тамсанған азаматтардан мол мағлұматтар жинауы — Сәкеннің бұл игі іске жүрдім-бардым араласпай, шындап кіріскендігін көрсетеді.
Ақан сері, Біржан сал, Майкөт, Қарақожа, Мұсайып, т.б. өнер қайраткерлерінің мұраларын ел аралап жүріп жазып алса, Жамбыл, Кенен сынды халық ақындарымен жүзбе-жүз кездесіп, Жетісуға аты мәшһүр өзге жыршылардың сөздеріне назар аударған.
1921 жылы Омбы, Петропавл, Ақмола, Көкшетау, Қарғаңды, Спасскіні аралағанда да ауыз әдебиетінің үлгілерін тыңдап, әр өңірдің дәстүрін, ерекшеліктерін көзімен көреді. Онан кейінгі сапарларында да ел мұрасын жинайтын шұрайлы, бай өңірлерді айқындап отырады.
Сәкен халық ауыз әдебиетінің мұраларын, жеке ақындардың шығармаларын, айтыстарын жинағанда өзіне үлгі болар Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Б.Радлов, Г.Потанин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, т.б. сынды ғұлама азаматтардың жәдігерлігін естен шығармаған.
Сонымен қатар XX ғасыр басында Қазақтың зиялы қауымы, әсіресе А.Байтұрсынов, X. Досмұхамедовтердің әдебиет үлгілерін жинап, бастырулары Сәкенге әсер етпей қалмады. Сол тұстағы аса зәру мәселенің бірі және бірегейі — орта мектептерге, жоғары оқу орындарына ана тілінде оқытатын оқулықтар жасау, жазу болды. Бұл қажеттілікті алғаш сезген де халқымыздың сол ат төбеліндей зиялылары еді. Мәдениетіміз, ғылымымыз өркендеуге мүмкіндік алған кезде, олар қол қусырып отыра алмады. Осындай қажеттіліктер мен зәруліктер қысып, А.Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М. Жолдыбаев, С.Мұқанов т.б. оқулық жазу ісімен шұғылданды. Олардың мамандықтары әртүрлі бола тұрса да зәру мәселені шешу үшін аянбай еңбек етіп, жан-жақты білімдарлықтың (универсализм) озық үлгісін көрсетті. Осы топтың алдыңғы легінде Сәкен болды.
Сәкен көптеген мақалаларында, сөйлеген сөздерінде, жасаған баяндамаларында әдеби мұраны жинауды, зерттеуді басты міндет етіп көрсетіп, осы бір ізгілікті іске көпшіліктің де атсалысуын, жұмыла кірісуін қалады. Республикамызда бұл жұмыстардың кенжелеу қалып отырғанын жете ұғынып, ел болып, халық болып кірісуге шақырды. 1929 жылы «Ашық хат»жазды 1934 жылы Қазақстан жазушыларының I құрылтайында сөйлеген сөзінде әдеби мұраны жоғары бағалап, оны жинау, бастыру,зерттеу кезек күттірмейтін іс екенін айтты. Тіпті, 1924 жылдардың өзінде-ақ Орынбор қаласында қазақ жастарының клубында жасаған «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» деген дәрісін де осы мәселеге айрықша көңіл бөлген болатын. 1928 жылы Ташкенттегі Қазақ-қырғыз ағарту институтының студенттеріне қазақ әдебиетінің жай-күйі жайында баяндама жасап, білімге сусаған жастардың «шөлін қандырып», әдебиет пен өнердің оларға мәлім емес қыр-сырын, құпиясын білуге жол ашады. Қырғыз, қарағалпақ әдебиеттерінің өркендеуі жөнінде де ой-пікір айтып отырады.
Ол көне мұраларды, жеке ақындар шығармаларын жинағанда мынандай жолдарды пайдаланған:
Қазақтың біраз жерін аралап, көнекөз қариялардың аузынан өзі жазып алды.
Елден естігендерін жадында сақтаған.
Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ ұрпақтарымен кездесіп, біраз деректер алған.
Үкілі Ыбырайды, Жамбылды, Кененді, Иман Жүсіпті, Ғазизді тыңдаған.
Ә.Диваевтан көптеген керекті материалдар алған.
1929 жылдан бастап студенттер арқылы жинастырған.
1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Ашық хат» жазып көпшіліктің көмегіне сүйенген.
Осы арналар оның халық мұрасын жинаудағы қызметін, еселі еңбегін танытса, енді бір сала еңбегі сол мұраларды бастырып, жариялап, насихаттауымен де тағылымды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында соңғы кезде пайда болған «князь» ғылымдар басқалардың тірнектеп жинап, бастырған жарияланымдары бойынша ғана өз топшылауларын, пікірін айтып, атақ-даңққа ие болып жатқаны байқалады. Ал А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Сейфуллиндер ондай игі істі өз қолымен атқарып, азап бейнетін де, рақат қызығын да қатар көріп, толымды пікір айтқан бейнетқор ғалымдардың үлгі-өнегесін көрсетіп, сара жол салып кетті. Оны кейін Б.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиевтер сәтті жалғастыра білді.
Сәкен алғаш рет «Жаңа мектеп» журналында 1926 жылы Құлмамбет пен Майкөт, тама Мұса Байтілеуұлы мен үйсін Қарақожаның «Жанқожа жайындағы өлендерін» жариялады.
1929 жылы «Жаңа мектеп» журналының 12-санында Шөженің Ерденге айтқан өлеңің қазақ еліне аты жайыла қоймаған Мүсіреп биді таныстырып, оның сөздерін бастырғанда көркемдік ерекшелігіне, мән-мағынасына, шығу тарихына айрықша көңіл бөлді. Сәкен осы машығын кейінгі кезде де жалғастырып, 1936 жылы «Әдебиет майданы» журналында «Нәзімбек» жырын жариялады. Халықтың інжу-маржандары 1937 жылы тұтқындалғанда көп папкалардың ішінде кеткен сияқты.
20-жылдардан басталған үздіксіз ізденудің, бейнеттенудің нәтижесінде жиналған мол дүниелерді Сәкен 30-жылдардан бастап ғылым ауқымына тартып, Қазақ фольклортану ғылымына қомақты үлес қосты. 1931 жылы «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын», 1932 жылы І.Жансүгірұлы, Ә.Мәмбет келі, Б.Майлыұлымен бірігіп «Әдебиеттану оқу құралын», 1933 жылы «Батырлар жырының» бірінші томын, 1934 жылы Ы.Алтынсариннің өлеңдер жинағын, Ө.Тұрманжановпен бірлесіп 5-класқа арналған «Көркем әдебиет» оқулығын, 1935 жылы Ақан сері мен Ақмолла ақын өлеңдерінің жинағын, Ш.Құдайбердіұлы аударған «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын бастырып шығарды. Негізгі зерттеу еңбегі 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» деген атпен жарық көрді.
Әрине, жалпыхалықтық сипат алып кеткен әдеби мұралармен қатар қазақ мәдениет тарихында айрықша із қалдырып кеткен дарындардың шығармаларын жинау, жариялау қажеттігі өмірлік талап болғанымен, 30-жылдардағы идеологиялық қыспақ кезінде көп зерттеушілер жүрексініп қалғаны ескішіл, көнешіл, кешегіні насихаттаушы ұлтшыл деген жалған жалаға ұшыраймын деп халық мұрасынан іргесін аулақ салғандар аз болмағаны белгілі. Өйткені 20-жылдардың аяғында А.Байтұрсынов пен Х.Досмұхамедовтің, М.Жұмабаевтың түрмеге түсіп, азап шегуіне осы саладағы еңбектері де себепші болғаны белгілі. Міне, осындай кезде Сәкен Сейфуллиннің халық мұрасының жақтаушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне орасан зор үлес қосып кеткен дарындардың жоқтаушысы болуы айрықша ауызға алатын қаһармандық кадам еді. Тапшылдық қырағылықты талап етіп жүрген «марксшіл сыншыларға» қосылған болып Ыбырай, Ақан сері, Ақмолла, Шәкәрімдердің жинақтарын жариялауы батырлықпен парапар еді. Рас, 20-жылдары Сәкен әдеби мұра төңірегінде пролеткультшылардың ұрандарына іш тартып, артық сілтеген кездері де болмай қалмады. Абай, Сұлтанмахмұт туралы қайшылықты пікірлер айтқан кезі де бар.
Ауыз әдебиеті шығармаларының біразы үстем таптың ықпалын таратады деген сәті болды. Және Қазан төңкерісіне дейінгі «әдебиет нұсқаларының бәрі де бұрынғы замандағы елді билеп үстемдік жүргізген билер, байлар табының үстем санасымен шыққан және сол таптың құралы болған әдебиет» деп пікір айтқанымен фольклорға, көне мұраға деген жанашырлық сезіміне көлеңке түсіре алмады.
Таптық, партиялық талапты 20-30 жылдардағы әдебиеттану еңбектері мен көне мұраға арналған мақалалардан жиі кездестіреміз. Оның негізгі сыры — көне мұраға деген тапшылдық позицияның қатаңдығынан, тіпті қателігінен теріс тұжырым-түсініктер мол болғаны қазір анық көрініп отыр.
Бір кездері пролеткульт шылауында болған Сәкен 30-жылдарға қарай әлгі райынан қайтып, халық мұрасының қадірінің жоғары екенін түсініп, ғылыми тұрғыдан зерттеуге бекінді де өмірінің соңына дейін оның қамқоршы жанашыры болып өтті. Абайды да алғашқылардың бірі болып таныды.
Ал Сұлтанмахмұттың еңбегін бағалауда, мұрасын танып білуде, ілгеріде айтқан пікірін кейін де өзгертпеді.
1932 жылы Өлкелік партия комитеті қазақтың оқыған зиялылары мен ақын жазушылардың бәрі алашорда қозғалысына қатысып, ұлтшылдықты уағыздады деген тұжырым жасап, реті бар болса да, жоқ болса да қара күйе жаға беру жөнінде нұсқау берген болатын. Қазақ тарихының тапшылдық тұрғыдан «заңды» бұрмалануы осыдан өрбіген-ді. Болмаса, 1923 жылы А.Байтұрсыновтың 50 жылдығында сөйлеген сөзінде Сәкен «...Ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді... Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл... Байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл» — деп Ахметті халқын шексіз сүйе білген, ұлтының ар-намысы жолында өз өмірін қиюға дайын екенін жоғары бағалай білген Сәкенге де зордың күші жүргендігін естен шығармау керек.
20-жылдардың екінші жартысынан былай қарай «ұлтшыл» деген сөздің мән-мағынасын теріс айналдырып алдық. Осыдан барып, Қазақ зиялылары «ұлтшыл», «алашордашыл», «советшіл», «төңкерісшіл» болып бөлініп шыға келді де бір-бірлеріне қарсы идеологиялық майдан ашты. Бір ұлттың бетке ұстарлары осылайша жікке, топқа бөлініп, өзді-өзінің қырқысуы Голощекиндерге аса қажет еді.
Осындай кезде әдебиет майданына ұран көтере келген аға ұрпақтың жанын шүберекке түйе жүріп жазған еңбектерінде кездесетін қатқыл пікірлерді дабырайта даурығу, белгілі бір тұлғалар, әсіресе Сәкен мен Сәбиттің еңбектеріне, абыройына көлеңке түсіру, халық көңілін суыту сияқты келеңсіз пікірлер кездесіп жатқаны өкінішті.
Соңдықтан жеке-дара пікірлерін есте тұта отырып, Сәкеннің тарихта аты қалған ақындардың мұрасын зерттеу, бастыру еңбегінің мән-мағынасына әділ бағасын беруге тиіспіз. Тапшылдық көзқарастың шалығы мұнда да кездеседі. Бірақ түтінінің шалқуы түзу екенін, олардың тарихтағы орындарын дұрыс аңғаруға негіз салғанын естен шығаруға болмайды.
«Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» деген жинақты Бұқар, Балқы базар, Шортанбай, Досқожа, Сүйінбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Жанақ, Түбек, Орынбай, Серіәлі, Тоғжан, Құлмамбет, Жамбыл, Майкөт секілді жыр дүлдүлдерінің өлендерін, айтыстарын бастырып шығарды. Кейбіреулерінің шығармалары алғаш рет осы жинақ арқылы баспа бетін көріп, тарихта таңбаланды.
30-жыддары Сәкеннің осы жинақты жариялауы аса батыл жаңалық болумен қатар, көпшіліктің қажетіне жарап, практикалық зәрулікті өтеген еді.
Сәкен: «Бұл жинақтағы ескі әдебиет сөздерінің пікірлері — еңбекші тап мақсатына теріс келетін пікірлер. Ол жайды оқушылар есінен шығармауы тиіс» — деп ескерту жасайды. Бұлай айтуға ол еріксіз барған. Шортанбай, Кенесары қонысынан ауғанда Досқожа ақынның айтқан өлеңін, немесе Бұқар бабамыздың орыс патшасының түбінде өзімізді бағындырып, шұрайлы жерімізді, суымызды, ата қонысымызды біртіндеп алатынын, отарлау саясатын мықтап жүргізетінін болжап, сақтандырып Абылай ханға айтқан ащы өлеңдерін енгізіп отырғандықтан, Сәкен іс басындағылардың, «қырағы көз» сыншылардың жинақты шығартпай қою, күзеп тастау әрекеттерінен қауіптенгені шүбә келтірмейді. «Тапшылдығын» ұмытпай, партиялық «іргесін бермеуге» ниеттенгенін көрсете отырып ыңғайға келетін «кешегі» сөздерді оқушыларға жеткізіп отырды. Мұндай әрекеттер кейінгі кезде «буржуазиялық объективті насихат» деп танылған болатын. Сондықтан әлгі ақындардың аттары түгілі, шығармаларын атағандарды күні кешеге дейін кінәлап келгеніміз өтірік емес.
Досқожаның елеңін жариялағаны үшін Сәкенді саяси қырағылық таныта алмады деп айыптадық. Оларды «ұлтшыл», кертартпа», «өткенді көксеуші» ақындар деп айып тағып, қолдан қоңырау байлап, әдебиетіміздің тарихынан ысырып біраз жыл аластаттық та. Осындай аумалы-төкпелі заманды ескерер болсақ, Сәкеннің 30-жылдары-ақ үлкен істің батыл бастаушысы болып, ұлан-ғайыр әдеби мұраны бүгінгі қауымға жеткізуі ғұлама азаматтық.
Осы жинаққа енген мұраларды Сәкен жариялағанда оқырманға түсінікті болу мақсатын көздеп, әрбір ақынның өлеңдерінің, айтыстарының түп-төркініне, шығу тегіне, айтылған жерлеріне дейін назар аударып, көркемдік сапасына да қатты көңіл бөлді.
Сәкеннің бұл жинағы — ауызекі әдебиет өкілдерінің шығармалаpының басын біріктіріп, құрастырылған алғашқы жинақтардың бірі болуымен айрықша құнды. Әдебиетіміздің өзіндік ерекшелігін танытатын дарындардың шығармаларын хронологиялық жүйемен орналастыру, ғылыми түсіндірме беріп отыру машығымен қазақ әдебиеттану ғылымының аңызына егілген өнімді дәннің алғашқысы.
Сәкеннің өз халқына сіңірер еңбегі әр саладан, тіпті жинаушы, ретіндегі бейнетқорлығының өзі айрықша атауға лайық. Өйткені, өмірдегі сал-серілігі өнер саласындағы мехнатшылығымен ажарлана түскенін көрмеске болмайды. Осы еңбекшілдікті Сәкен жазба әдебиет өкілдерінің шығармаларын насихаттау, зерттеу бағытында қоюландырып тереңдете түскен.
«Көркем әдебиет» деген оқулық (Ө.Тұрманжановпен бірлесіп жазған (Т.К,) қазақ оқырмандарына Абай,Сұлтанмахмұтпен бірге қазан төңкерісіне дейін бірнеше жинақ жариялап, қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқан белгілі дарындар жайында кең ой толғайды. Бұл еңбек қазақ әдебиетінің тарихында болған дарындарды педагогикалық тұрғыдан таныстырушы құрал болумен бірге, қайшылықты пікірлерін айғақтап, көркемдік қуатын әділ сипаттауы тұрғысынан да айрықша құнды дүние.
Абай, Ғұмардың шығармалары көркемдігі, тіл ерекшеліктері жоғары бағаланады. Әдебиетімізге қосқан үлестері орынды ұстамды пікірлермен баяндалады.
«Көркем әдебиетте» Абай, Сұлтанмахмұт, Ғұмар аттарына кей тұста ескілікті көксейді», «ұлтшылдықты жырлайды» деген сияқты сөз қосақтап, біздің түсінігіміздегі «саяси олқылықтарын» тілге тиек етуі — сол тұстағы «қызыл көз саясатшыларды» алдарқатып аталған ақындарды халыққа кеңірек таныстыру, олардың мұрасынан кейінгі ұрпақ көз жазып қалмау мақсатын ойлағандық еді. Біздің бұл ойымызды «көркем сөздің көрнекті шебер ұсталары, классиктеріміз — Абай, Ақмолла, Қарашұлы, Омар, Мәшһүр Жүсіп, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, тағы басқалар» — деген Сәкен тұжырымы растайды. Сәкеннің ғылыми мұраларын ақтарып қарағанда, оқулықтарға кірген ақындар ғана емес, қазақ әдебиетінің әріден жеткен алыптары — Бұқар, Шортанбай, Досқожа, Балқы Базар, Сүйінбай, Шөже, Құлмамбет, Майкөт т.б. ақындар жырлары мен Ақан сері, Ы.Алтынсарин, Біржан сал, Ақмолла, Шәкәрім шығармашылықтары туралы пікірлері де осы сыңайды танытады. Қазақ әдебиетінің асыл тұлғаларын кейінгі ұрпаққа таныстырып, өнегелеу жолына көп күш жұмсағанын көрсетеді. Және келешекте қазақтың жазба әдебиетінің тарихын жасаудың алдын-ала жасалған барлауы болып та көрінеді. Өйткені ол кезде мектеп оқулығын бірден әдебиет тарихына айналдырып жіберу мақсаты әлі күн тәртібіне қойыла қоймаған-ды.
Сондай-ақ Ыбырайдың, Ақан серінің, Ақмолланың өлеңдерін, Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жеке-жеке жинақ етіп, алғы сөз жазып, халыққа ұсынған да Сәкен. Бұлардың қай-қайсысы болмасын өздеріне тән ерекшеліктері бар қазақтың жазба әдебиетінің ірі өкілдері. Оларды мектеп оқушыларына емес, қалың оқушыға арнағандықтан «бәзбіреулердің талап тастамауы» үшін алғы сөз жазуды айрықша қажет тапқан. Кейде түсіндіре баяндап, кейде қысқа қайыруының сыры — өнерпаз тұлғасының саяси тұрғыдан «күрделілігіне» де байланысты еді.
Әсіресе, Сәкеннің Ақмолланы тануға қосқан үлесі зор. «Ақмолла қазақ әдебиет тарихынан да, татар әдебиет тарихынан да зор орын алуға тиіс ақын екені рас» — деп башқұрт-татар-қазақ әдебиеттеріне ортақ құбылыс екенін алғаш айтты. Қазақ әдебиетінен де лайықты орын беріп, шығармаларын жинап, зерттеу керектігіне баса назар аударды. Ақмолла сияқты үлкен ақынның қазақ әдебиетіне олжа саларын ерте ойластырды.
Сәкеннің Ақмолла жайлы айтқан қомақты ойлары бүгінде де толық жүзеге асып болды деу қиын. Рас, ол бастаған бастама ілгерілей беретіндігіне күмән жоқ. Оған Б.Кенжебаевтың басшылығымен У. Қалижановтың арнайы диссертация қорғауы, шығармаларын жариялауы. Б.Ысқақовтың зертеу мақала жазуы қуантарлық құбылыс болғанымен Қазақ әдебиеттану ғылымы үшін аздық етеді.
Шәкәрім аударған «Ләйлі-Мәжнүнді» бастыруы да үлкен ризашылықпен аталуы тиіс. «Дастанды қазақшаға аударған белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы» — деп 1935 жылы ашық жазуы, Шәкәрімнің атын атап, тәуекелге баруы — сол кезең үшін көзсіз ерлікпен парапар еді.
Қазақ әдебиеттану ғылымының алғашқы адымдары мен қолы жеткен табыстарын айтқанда Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» 1-кітап. Билер дәуірінің әдебиеті» деген ғылыми зерттеуі алдымен ауызға алынатын күрделі еңбектің бірі. Бұл еңбегінде Сәкен Қазақтың бай ауыз әдебиетінің ең көрнекті де үлгілі нұсқаларын ғылыми жүйеге салып, оның ішкі жанрларын саралау, көне тарихты көркем туындылармен сабақтастыру негізінде жоғарғы оқу орындарына оқулық жасап берді. Еңбектің осындай қасиеттері оның құндылығын арттыра түсіп, күні бүгінге дейін өзінің мәнін жоймай келеді.
Сәкен осы оқулығын дайындау барысында студенттерге оқыған дәрісінің алғашқы нұсқаларын «Жаңа әдебиет» журналында жариялап, оқушылар пікірлерін алдын ала біліп алған көрінеді. Сол жариялымдарды осы алтыншы томға әдейі қосып отырмыз.
Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ, профессор
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі