I
Әдебиет адам баласы хат жазуды білгеннен кейін туған нәрсе. Адам баласының тұрмысының түрі, тұрмысқа көзқарасы, өмірінде тіршілік қылу жолында сансыз еңбекпен алған тәжірибе, білімдері халықтың көкірегіне орнаған иманы. Жақсы тұрмыс іздеу жолында әм тұрмысын жақсылау жолында, адам баласының табиғатпен, бір-бірімен жауласып тартысқандары, әлеумет істерінің бағыты, ағындары, осының бәрі қай заманда болса да, қай жерде болса да баяндалып қағаз бетіне түссе, соны әдебиет дейді. Әдебиет әр түрлі:
Өнер, білім туралы жазылған сөздер, кітаптар бар, олар — өнер, білім әдебиеті.
Шаруашылық, әлеумет, саясат туралы жазылған сөздер, кітаптар болады. Олар — шаруашылық, әлеумет, саясат әдебиеті.
Бұлар былай тұрсын. Бұл күнде көбіне «әдебиет» деп көркем әдебиетті айтады. Ол мынау:
Әр заманның әм әр замандағы халықтың тұрмысы қандай, әм тұрмысқа көзқарасы қандай екендігінен анықтап мағлұмат беру үшін жазылған сөздер. Және әр замандағы халықтың әр тараптарының көкірегінде имандары қандай болған екендіктерін суреттеп, мағлұмат беру үшін жазылған сездер. Және сол әр таптың адамдары тұрмыстарын жақсылау үшін қылған әрекет-амалдарын әм махаббат, бақыт іздегендері қандай болғандығын баяндап, суреттеп жазған сөздерді, кітаптарды көркем әдебиет дейді, не тек әдебиет дейді.
Осы күнде «әдебиет» дегенде әм әдебиет туралы сөз айтқанда сол көркем әдебиетті айтады.
Көркем әдебиет халықтың жақсылы-жаманды тұрмысынан жазылған ғибратты хикая. Халықтың жақсылы-жаманды тұрмысын халықтың алдына суреттеп әкеп, ғибрат, үлгі үшін салған көркем сөз.
Көркем әдебиет, мәселен: роман (ұзын хикая), әңгіме, драма, пьеса (театр кітаптары), өлең, жыр — осыларды әдебиет дейді.
Әдебиеттің туған жері — Азия. Азиядан Еуропаға жайылған, одан жалпы жер дүниеге жайылған.
Әдебиет айна мысалды. Ол айнаны адам баласы алдына қарсы ұстап келе жатқан тәрізді. Адам баласының түрі, қияпаты өмірінде бірте-бірте әлденеше түрге түсіп отырмақ. Адамның түрі өзгерсе, айнадағы суреті де өзгереді. Халықтың тұрмысы өзгере бастаса, халықтың көкірегіндегі иманы өзгере бастаса, білімі өзгере бастаса, әдебиеті де өзгере бастайды.
Адам баласының тұрмысының әм дүниеге көзқарасының өзгергеніне қарай әдебиет те өзі туып, дүниеге таралып жайылғаннан бері талай түрге, талай жайға, талай ағынға түсті, талай дәуірге түсті.
Әкелелерінің тұрмысын алдарына суреттеп беріп, жақсылықтарынан үлгі беріп, жамандықтарынан сақтандырып, әдебиет адамды түзейді. Кейінгі жас буынды тәрбиелейді. Әдебиет —үлгі.
II
Әуелі мысал хикаялар жазылған. Бұлар жазылғанда қаһарлы патшалар туралы, патшазадалары туралы, қол бастаған қаһарман, батырлар туралы, олардың соғысы, жекпе-жектері туралы жазылған. Бұлар туралы өлеңдер жазылған. Дүниені пәни қылып, мал-мүліктері мен тәж-тақыттарынан безген, ғашықтықтан мәжнүн болған патшазада, ғашықтар туралы жазылған. Патшалардың нөкерлері, салтанаты туралы жазылған.
Олардың нөкерлі, күтулі қатын-қыздары тұрмысынан, олардың жұмақтай көркем зейнетті сарайларының, бау-бақтарының жайлары жазылған. Әдебиеттің бұл нұсқасы Азиядан көшіп Грецияға, Италияға барып, туып, өсіп, гүлденіп толған. Бері келе , әдебиеттің бұл нұсқамен, бұл бағытпен барысы кеңейіп, көркейіп келіп театр жасалған. Бұл бағытты әдебиет өзінше толған соң кітапты, театр кітабын қалай жазу керек деп, шарттар жазылып, әдебиет әм театр сол шарттармен жүре бастап, дәуірлеп, шарасынан асып, көркейіп, жалпы Еуропаға жайылған. Еуропаның әдебиеті сол нұсқа мен сол бағытта, сол дәуірде кеңейіп, гүлденіп келген. Міне, бұл дәуір XVII ғасырдың ақырына шейін толықсып келді. Бұл дәуірді классицизм дейді. Классицизм Италиядан, Грециядан жалпы Еуропаға жайылған.
Еуропаның әуелгі зор жазушыларының бәрі сол классицизм үлгісімен жазып, соған еліктеп көркем сөз, шеберлік, көркем іс жалғыз-ақ ескі Италияда болады деп
III
Классицизмнің жолы сол — жазушы жазғанда қылдан таймай белгілі үлгімен жазады. Жазылған сөздің әр мүшесінің қиықтары дәл, түгел келіп отырады. Сөздің әр мүшесі өлшеулі болады. Сөздің рухы, ызбарлы әуені болады. Театр кітаптарын жазғанда театр майданына көрсетілетін оқиғалар бір жерде, бір уақытта болулары керек. Оқиғаға қатысқан қаһармандардың, геройдың сөздері күшті, ызбарлы, суық әуенді болу керек.
Ескі Италия Грецияның бұл түрлі көркем әдебиетің, шеберлігін, көркем заттарды жаратуларын ұнатты. Көркем заттар мыналар: сурет, әдемі сарай, үй, сырнай, күй. Әм сол ескі Италия Грецияның классицизмінің жоспарымен жазды. Еуропаның атақты жазушылары мыналар: Гете, Шиллер, Шекспир әм басқалар.
Бұларға күллі Еуропа жазушылары еліктеп жазды.
Еліктеу келе-келе кез жұмып еліктегенге айналды. Мәселен, Руссияда Херасков деген жазушы ескі Грецияның Гомер деген ақынының «Иллиада» деген қаһармандар, тәңірлер тұрмысынан (тәңірлер дегені — ескі Италия, Греция дінсіз болған) өлең жырмен жазылған хикая кітабына еліктеп, «Руссияда» деген өлеңмен жазылған кітап шығарды. Бұлардың жырлары ылғи зорланып, әуеленіп, салқын ызбарланып отырады. Әрбір өлеңдері басталғанда, зорланған, әуеленген сөздермен басталады.
Гомердің Иллиадасының әрбір бөлімдері мынадай сөздермен басталады. Мәселен, казіргі ақындардың «таң атты, күн де шықты алтындай боп...» деп айтатын сөздерінің орнына былай дейді: «Встала из мраки моладая, золотыми перстами эрое».
Оның қазақша мәнісі мынау:
Алтын қолды мүбәрәк,
Тәңірдің көркем жас қызы,
Тұманнан шықты жарқырап.
Бұған еліктеп Руссияның XVIII ғасырдағы ақыны Херасков өзінің «Руссияда» деген жырмен жазылған кітабын былай деп бастаған:
«Пою Россию освобожденную
От ига варваров татар»
Оның қазақша мәнісі мынадай болады:
« Руссияның жырлаймын, —
Аң-хайуандай татардың
Құлдығынан құтылған...»
Хресков Иллиядаға еліктеп, кітабын соған ұйқас «Руссияда» қылған. Осындай рухпен орыстың Екатерина деген қатын патшасын мақтап жазған Державин деген ақыны бұған азырақ еліктеп жазып жүрді.
«О богоподобная царевна,
Киргиз-кайсацкой орды!»
Оның мәнісі мынадай болады:
«Уа, қазақ-қырғыз ордасының тәңірдей патша ханымы!»
(Екатеринаны Державин бір мақтап өлең қылғанда қырғыз-қазақтың патша ханымы деп айтқан. Өзін қырғыз-қазақтың, патша ханымы деп айтқан. Державин Руссияның ең алғашқы ақыны, өзі христиан дініне кірген ноғайдың мырзасы екені рас).
XVIII ғасырдың ақырынан бері әдебиет патшалардың, патшазадалардың һәм қаһарман батырлардың қапасынан кеңшілікке шығып, жалпы халыққа бірдей бола бастайды.
XVIII ғасырдың ақырынан бері әр реттен халық алға басып, әдебиет классицизмше «ханзадалардың», батырлардың тұрмысынан ғана белгілі шартпен жазылуды, әуелі зорланған суық ызбарлы рухпен жазылуды тастап, жаңа жол іздей бастайды. Жаңа жол іздеуге себеп — жалпы халықтың сауаттанып, оқу-білім халыққа тарағандық. Халық дәулетінің бір қолға жинала бастап, әрі байлар шыға бастағандық. Бұқара Халықтың көзі ашылыңқырап, классицизмнің үлгісімен жазылған әдебиеттің жалпы Халыққа жат екендігін әбден көріп, одан жеріп, жалпы халықтың оқыған жастары өздеріне сүйкімді жан азығын іздегендік.
Классицизмнен жеріп, оны жат көріп, әдебиетке жаңа түр іздеген, әрине, жастар.
Жастарға әдебиеттің жаңа жолын іздеткен, түрін іздеткен сол XVIII ғасырдың ақырында Еуропада әлеумет майданына шыққан жұмыскерлер табы — пролетариат.
Жұмыскерлер табын туғызған сол XVIII ғасырда жетіліп, дәуірлеген капитал. XVIII ғасырдың ақырында, XIX ғасырдың басында жұмыскер мәселесі әлеумет ісінде бір негізгі зор мәселе болып шыға бастады. Бұл төменнен жоғары кернеген жұмыскерлер табына, XVIII ғасырдың ақырына шейін гүлденіп, толықсып келіп, бір қалыптан аса алмай тіреліп тоқыраған классицизмді қалдырып, әдебиетке жаңа жол салдырған Еуропаның күшейе бастаған капитализмі һәм онымен қатар тағы да ұйысып, капиталмен күрес майданында ысылып, білім ала бастаған, жауық жеңбей тынбайтын тарихи күш — жұмыскер табының дүмпуі, пролетариат капитализм дүниесінде күшейе бастаған соң, Еуропаның әр елінде ұлт сезімі ояна бастады.
Ояна бастаған ұлт сезімі сол уақытқа шейін Еуропа әдебиетін қапаста ұстап, сол қалыптан шығармай келе жатқан Италияның көркем сөз шеберлігіне (Итальянскому искусству) еліктеуді тастатып, классицизмді тастатып, отан — ұлт өнерлерін, ұлт тарихы шеберліктерін майданға шығарта бастады. Шеберлік, көркем сөзге ерік, бостандық керегін айта бастады. Не нәрсеге болса адамның рухы, қиялы ерікті дей бастады. Адамның еркін рухы, еркін қиялы ешбір тәртіпті білмейді, әрбір жаратылған зат көркемдікті мақсат қылады, көркемдікке ұмтылады. Ол көркемдікті жалғыз-ақ өзінен ғана табады. Тіршіліктің барлық көркі адамның жалғыз өзінде ғана. Әдебиет адамның рухын, табиғатын таза, көркем, нәзік, биік әуелі қылып тәрбиелеуі керек деді.
Міне, бұл түрлі әдебиетті романтизм деді. Романтизмнің және бір белгісі мынау: дүниеде тәңірдің жаратқан екі тілі бар. Біреуі табиғат — жаратылыс (природа), біреуі — көркем сөз шеберлік (искусство). Жаратылыстың тілімен тәңірі өзінің бар екенін білдіреді. Көктің, бұлттың күркіреуі, жасылдың жарқылдауы, желдің соғуы, есуі, қамыстың сылдыры, судың сарқырауы, жапырақтардың сыбыры — міне осының бәрі адам баласының ақылы жетпейтін жасырын сырларды сөйлейді. Бұл — тәңірінің бір тілі. Ал тәңірінің екінші тілі — шеберлік. Мұнымен де тәңірдің жасырын сырлары білінеді. Сөйтіп романтизм көркемдік, ұлттық шеберлікпен тәңірді, жаратылысты, дінді бәрін бірге қосып қояды.
Романтизм ең әуелі Германияда туды. Романтизм туған уақытта Еуропада зор тарихи, саяси оқиғалар болған қарсаң еді.
Францияның XVI Людовик деген патшасын Халық тағынан түсіріп, өлім жазасына бұйырып, басын алды. Одан Наполеон шығып күллі Еуропаны жаншып,өзіне бағындырды. Оған әр жұрттың ұлт намысы оянып, әр ұлт «намысы, ары» үшін Наполеонға қарсы тұра бастады. Еуропа долы жүргендей күңіреніп, әлекке түсіп, бұрынғы ұйқысынан ояна бастады. Бір түрлі өнер-білім, нақлият тууына шаруашылық һәм саясат өзгерістері себеп болады.
Романтизм барлық Еуропаға, барлық жер дүниеге жайылып, классицизмді әдебиет тарихында артта қалдырып, ер жетіп, гүлденіп, толықсып, дәуірлей берді.
Әрине, әр жаңалыққа ескілік қарсы тұрмай қалған емес. Жаңалық пен ескілік ешбір уақытта тарих жүзінде күреспей, майдандаспай қалған емес.
Мұсылман дүниесіндегі «усул жәдид» пен «усул қадимның» күресі тәрізді, тарих жүзінде әр жаңалық пен ескілік күреспей қалған емес. Сондай-ақ жаңа туған романтизм мен қартайған классицизм қатты күрескен. Күрестің зорлығын мынадан білуге болады. Францияның атақты Гюго деген жазушысы ең алғашқы классицизмнің тар матауын тастап, королдардың ғана тұрмысынан, олардың бақ құмарлық, «әуейленген ғашықтық» қаһармандықты жоғары тұтқан ар-намыстылықтарын ғана жазуды қойып, жай бұқара Халықтан шыққан бір ерді бір король қызға таластырып пьеса жазған. Пьесаны жазғанда классицизмнің ережесі бойынша барлық оқиға бір орында, бір күнде болатын қылмай, әлденеше орында, әлденеше уақиға қылып һәм пьесаның сөзін патша, королдардың сарайындағы «құп, тақсыр!» «алдияр тақсыр!» деген тәрізді сұм сөздерді жазбай, бұқара халықтың сөзімен жазған. Бұл пьесаны ең алғашқы театрға қойғанда жиналып көрген жұрт күлкі, мазақ қылған. Жиналған жұрттың ішіндегі аз ғана сол жаңа жолды қуаттаушылар болмаса, өзге әлеумет пьесаны келеке қылып, ертеңінде барлық газет-журналдар мазақтап «сын» жазып, ақырында таластың күшейіп кеткені соншама, бір-екі жігіт, біреуі жаңа түрмен шыққан пьесаны мақтап, біреуі жамандап, екеуі жекпе-жекке шығып, біреуін біреуі өлтірген. Бұл әдебиет тарихындағы Гюгоның атақты пьесасының аты «Эрнани» еді.
Әрине, ескілікті қуаттап, жаңалықты жау көріп, жаңалықты кірпідей көргендер һәм жаңалықты «әдепсіздік» деушілер «жоғарғы стильдің» мырзалары һәм олардың құлдары болған. Бұл тарихтың әдеті әр заманда, әр дәуірде мейлі әдебиет жүзінде болсын, мейлі басқа бір өнер-білім жүзінде болсын жаңалықты алғы «бұзықтық», «әдепсіздік» деп санамақ. Бірақ, бірте-бірте ақырында жаңалық, жаңа ой, жаңа жол, жаңа мақсат жеңбек. Өйткені ол жаңалықтарды туғызып отыратын ілгері басып келе жатқан тұрмыс, тіршілік, сонымен романтизм дәуірледі. Романтизм ережесінің бірі — әдебиетті көркем айна деп тану. Бірақ ол байлар мен оқығандар үшін ғана керекті көркем айна. Әдебиет адамның «рухын көркемдікке шақырмақ». «Адамды тәңіріге жақындастырмақ». Әдебиет тұрмыстың «лас», «былғаныш» жақтарына айналмай отырмақ. Әдебиеттің бұл романтизм дәуірі XIX ғасырдың ортасына шейін келді.
Романтизмнің алғашқы бастықтары Германияда: тек ағайынды Гримдер. Францияда: Шатобриан, Руссо. Англияда: В.Скотт, Байрон. Руссияда: Карамзин, Жуковский.
XIX ғасырдың басқы кездерінде Еуропаның жалпы әдебиетінде сол уақыттағы Еуропа әлеуметінің тұрмысқа риза еместік жалпы қасіреті жазылды. Әдебиеттің бұл күйінің бастаушысы Англияның жазушы ақыны Байрон болды. Байронды кеп жазушы үлгі қылды.
XIX ғасырдың орта кезінен бастап әдебиет дүниесінде романтизм бірте-бірте ескіре бастады. Оның ескіре бастаған себебі: сол кезде жаңа зор машиналар шығып, капитал ұлғайып, жұмыскер табы көбейіп, Еуропада жұмыскер табы (пролетариат) кернеп күшейе бастады. Әлеумет істерінде жұмыскерлер мәселесі бірінші орында болып, жұмыскерлер тұрмысы туралы, жұмыскерлер мақсаты туралы сөздер күшейе сөйленіп, жұмыскерлер ұйысып тізе қосып, байлармен басымырақ күресе бастады да, жұмыскерлер тұрмысынан әдебиет жазылып шыға бастады. Маркстың «Жер жүзінің жарлылары, бірігіңдер!» деген ұраны жайыла бастайды. Енді әдебиет айнасына Халықтың жоғарғы табының құр көркем қызықты зейнетті, тәтті, тоқшылықты, шаттық жақтары ғана түспей, халықтың төмен таптарының ащы, ауыр, қиыншылық, аш-жалаңаш жайларынан жазыла бастады. Әдебиет кедей мен байлар табының бір-біріне жау, қарсы екенін көрсете бастайды. Әдебиетке сол уақытқа дейін шетте қалып келе жатқан жұмыскерлер табы да ортақ бола бастады.
Барлық халық тұрмысының әдебиет айнасына күнгей беті де, теріскей беті де түсе бастаған соң халықтың жоғарғы таптар тұрмыстарымен қатар, төменгі таптарының да тұрмыстарының суреттері түсе бастаған соң әдебиет енді жалпы Халық тұрмысының шын айнасы бола бастады. Тұрмыстың тек көркем жағын ғана суреттемей, әлеуметтің әр табының дүмпуімен әдебиет енді тұрмыстың нашар жақтарын да суреттеп, тұрмыстың шын суретін көрсете бастады. Әдебиет енді бұрынғыдай тұрмыстың нашар жақтарын жасырмайтын болды.
Бұл — тұрмыстың екі бетін бірдей көрсететін ережелі әдебиетті реализм деп атады. Реализм сол XIX ғасырдың ортасында туып, ер жетіп есіп, қазіргі біздің уақытымызға шейін көркейіп, жер дүниеге жайылып келді.
Реализмге де әлеуметтік «мырза жанды», «мырза таңды» нәзік табиғатты таптары қарсы болып, кірпіше жиырылып, «жеркеніп» баққан. Бұл жаңалықпен де күресіп баққан. Бұл үшін де біреу ескілікті қуаттап, біреу жаңалықты қуаттап, әлеумет екі тапқа бөлініп майдандасып, қыза-қыза қан төгіп те ұрыс қылған. Реализмді де кекетіп жыланша шағып баққан. Мәселен Германияда Кауфман деген жазушы «Күн шығардың алдында» деген пьесасын жазып, оны алғашқы театрға қойғанда театрдағы халық ду шуылдап, айқайлап, жанжал шығарып, жазушыны ианаттап, қара-қаттаған. Бірақ мұндай жаңалық жеңбей қойған емес.
Классицизмдей өліп қалмай, дүние әдебиетінде реализммен араласып романтизм де келді. Бірақ әрине романтизм бұл уақытқа шейін реализммен араласып келгенмен, неше түрге түсіп, әшейін жалпы әдебиетке қосымша артық астар, артық бояу тәрізді болып қана келді.
Реализмнің алғашқы бастықтары Францияда: Бальзак, Эмиль Золя; Англияда: Диккенс; Руссияда: Пушкин, Гоголь, Толстой, Куприн; Германияда: Гейне, Кауфман. ХІХ ғасырдың ақырынан XX ғасырдың басынан бері бүгінге шейін бұл романтизм мен реализмнің өздері де түрлі қияпатқа, түрлі формаға, түрлі үлгіге, түрлі ағымға түсіп келді. Ол түрлі ағым дегендеріміз мыналар:
Модернизм
Декадентство
Символизм
Мистицизм
Натурализм
Футуризм
Иммажинизм һәм басқа әдеби уақ ағымдар. Бұлардың әрқайсысы туралы келешекте айтармын. Және 1917 жылғы Октябрь төңкерісінен кейін Руссияда жұмыскерлер табы үкіметті, мемлекет тізгінін, мемлекет тағдырын өз қолына алғаннан кейін Руссияда жарлы табының әдебиеті, жарлы табының шеберлігі туа бастады. Бұл Руссиядағы халықтардың тұрмысының тарихы өзгерісінің кезінде байлар табымен қан майданға шығып, тұрмысқа серт айтып, басын бәйгеге тігіп күресіп, белдескен заманда туған жарлылар табының жас әдебиеті қазіргі уақытта анықталмаған, бір қалыпқа түспеген түрлі қияфатта. Мұның да қандай түрлерде екенін келешекте айтармын.
1922 -1923 жылдар
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі