12-апрельде Орынбор қаласының театрында қазақтың тарихи тұрмысынан алған Анненкова Бернардың орыс тілінде жазған «Бекет» деген бес бөлімді драмасы қойылды.
Бұл драмада жазылған оқиға — қазақтың тұрмысында болған әңгімеден алынған. Қазақ алғашқы орыс патшасына қараған заманда Есет әм Бекет батыр дегендердің қазақты орысқа қаратпаймыз деп, Қазақстанның бір шетінен бунт көтерген екен деген әңгімені едәуір жан білетін шығар. Бекет батыр және неше заман хандық қып қазақ халқын қан жылатып бір шыбықпен айдап келіп, ақырында «өзінен зорлар» шығып, орыс патшасының әскерлері, төрелері, жандаралдары келіп Қазақстанға тұяқты шеңгелдерің сала бастаған заманда, қазақ халқын орыстың «ақ патшасына» бағындырып, өздері ол «ақ патшаның» төрелеріне жағынып, «сұлтан», «төре», «правитель» деген дәрежелер алып, қазақтың нашарларының желкесіне мінуін қоймаған төрелерге де қарсы болған екен, қарсы болғандығы сол Жантөре төренің баласы Арыстан төрені өлтірген дейді.
Өзінің досы Шернияз деген ақсақал «ақ патшадан» шен, дәреже алу үшін Бекеттің бунттың бастығы екенін Арыстан төреге білдіріп, онан соң Арыстан төрені Бекет өлтірген соң, тағы да «ақ патшадан» дәреже алу үшін Бекетті ұстатып, Бекет Сібір айдалған. Соңынан Бекеттің қатыны барған. Бекет Сібірден қашқан. Қашып қайта еліне келген. Міне, осы әңгімелерден Анненкова Бернар деген орыс әйелі бұл драманы орыс тілінде жазып, шығарып, орыс театрында ойнатып отыр.
Драма қалай жазылған?.. дегенде айтатынымыз: драмалығы сұрыпталған, көркем тілмен жазылған. Қаһармандарының бәрі, Бекеттің баласына шейін әдебиет жүзінде белгілі екі түрлі сипатты, екі түрлі типті адамдарды көрсеткен.
1) Бір түрлі сипатты адамдар: Бекет қатыны һәм 12 жасар баласы, әм Бекеттің тұтқын болған екі жолдасы, әм кәрі анасы бәрі де еңбекшіл табының көзқарасымен қарамай, ұлт ұжданымен, ұлт рухымен қарағанда дұрыс сипатты, үлгілі типтер. Әрине Бе¬кет хан бір патшаға қарсы тұрған еңбекшіл таптың қамқоры бола алмайды ғой. Бекетті ұлттық батыр, қолбасы қылып көрсеткен.
Қатының Бекетке лайық ер, жауды жеңуді сүюші, сенімді, кеңшілікті сүюші жанқияр жолдас қылып көрсеткен. 12 жасар ұл баласын ата жолын қуатын орынбасар қылып көрсеткен. Шешесін баласы үшін жан қиятын жақсы ана қылып көрсеткен.
Тұтқынға түскен екі жолдасын жауға бермейтін қылып, Бекет тәрізді жолдасын суреттеген.
2) Ал енді екінші сипатты, екінші түрлі типті адамдар: өздерінің қара бастарының пайдалары үшін көпшіліктің басын сатқан, арын, имандарын сатқан теріс сипатты адамдар.
Олар: Арыстан төре, Шернияз әм әскер бастықтары.
Бұл драманың дұрыстығын, шындығын тексеріп қарамай-ақ қалай ойналғаны туралы бір-екі сөз айталық.
Шындығын тексеріп қарамай-ақ қояйық дегенім: Бекет бунт бастағанда, қазақтың жалпы қара бұқарасының төмен табының қамын ойламай-ақ қойып, Қазақтың қамын тұтас ойлап бунт шығарды деу әм өзі хан болу үшін емес, қазақ халқын патшаға, ханға, сұлтанға, төреге бағындырмаймын деп, Халықтың бостандығын іздеп бунт шығарды деу ете қиын жұмыс.
Әйтеуір Бекет біреу болса да қазақтың сұм жалмауызының тұқымы Арыстан төрені өлтірді, сонысына көп-көп рақмет айтып, ерлігіне риза болу керек. Енді «Бекетті» қалай ойнағаны туралы бір-екі сөз айтып өтелік.
Бекеттің өзін Орынбордың белгілі артисі Маслов ойнады. Шешесін жазушы Анненкова Бернардың өзі ойнады.
Қатының Орынборда драма шеберлігінде әйелдер арасында ең бір жақсы ойнайтын артистка Биранская ойнады.
Арыстан төрені Орынбордың белгілі артисі Савинов ойнады. Сібірдегі түрме бағын күзететін күзетшінің рөлін Орынбордағы атақты халық артисы Каренин ойнады.
Шерниязды артист... ойнады.
Масловтың өзінің батырларға біткен денесі театр майданында шеберлігімен Бекетке бір түрлі лайық, сай, дұрыс келді.
Ауырлықтың ең көбі Бекетті ойнаған Масловқа түссе де, Маслов өзінін белгілі рухты шеберлігімен жақсы ойнады, бірақ суық тигеннен қарлыққан дауысы кемдік қылды. Шешесін Анненкованың өзі көңілдегідей шығарды.
Қатының ойнаған Биранская, Бекеттен соңғы қиын роль соныкі болса да, өте жақсы шығарды. Биранскаяның денесі қырдың қайратты әйелінің денесіне лайық әм даусы да оған лайық және оның жақсы ойнайтындығы театр мінбарында өзінің артист екенін ұмытып кетіп, рөліне жан-тәнімен кіріп, кітаптағы жазылған әйелдің шын өзі болып, соған барлық рухпен беріліп ойнады. Кітапта жазылған әйелдің рөлін «ойнамайды», сол әйелдің «өзі болады», бұл жақсы артистердің сипаты. Арыстан төренің рөлін ойнаған Савинов та өз рөлін жақсы шығарды. Әсіресе Савиновтің денесі, түрі қазақ төресінің, баласының қияпатына өте дұрыс келді. «Правитель» болған «алдияр» ауыр айбатты келмейтін бе еді деп айтатын да болар. Ол қате. Савинов дәл қазақ төресінің баласының рөлін шығарды.
Шерниязды ойнаған артист те өз рөлін жақсы шығарды. Әм әскери тергеуші, тұтқынға сақтаушы ұлықтың рөлін ойнаушы артист те жақсы келтірді.
Каренин белгілі өзінің шеберлігімен өз рөлін жақсы шығарды.
Қысқасын айтқанда, ойнаушылардың бәрі де рольдерін бір-түрлі жақсы, дұрыс шығарды. Қазақтың киіз үйінің іші театрда ең бірінші жақсы болып, ең бірінші дұрыс болып көрінгені осы. Қазақ тұрмысынан жазылған оқиғалардың ең бірінші жақсы болып қойылғаны осы шығар. Театрға жиналған кісінің саны да өте көп, театр лық толық болды.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі