Шоттың басын бассаң,
Сабы маңдайыңа соғады!
Қазақ мақалы
Тұрмыс жүзінде алғашқы шыққан затқа әркім өзінше сынап, өзінше баға беруге ерікті.
Әрбір зат егіз, қоспақ қияпатты. Егіз, қоспақ заттың екі жағы айрықсыз бірдей, айрықсыз тура болмайды. Таудың бір жақ беті теріскей, бір жақ беті күнгей. Уақыттың жартысы күн, жартысы түн, қыс һәм жаз. Әрбір затты «мінейін» десе мін табылады. Тағы сол затты «мақтайын» десе мақтайтын түрлері де табылады.
Тұлпарды да жамандауға болады, көк есекті де мақтауға болады.
Менің жазып шығарған «Асау тұлпар» деген кітапшама кейбір азаматтар «сын» жазған.
1) Қазақстанның аймақтық партия комитетінің орысша шығатын журналында жолдас Тоқтыбайұлы сын жазды (журналдың 2 — 3-санында).
2) Мәскеуде шыққан «Темірқазық» журналының 1-ші санында Төреқұлұлы Нәзір сын жазды.
3) Нәзірдің «сынын» кекетіп «сынға сын» деп «Қызыл Қазақстан» журналында есім орнына «Сым» деген атпен бір жолдас жазды.
4) «Бостандық туының» 8-ші санында тағы да Нәзірдің «сынын» теріс деп көрсетіп С.М. жолдас «Сынға мін» деп мақала жазды.
Бұл жазғандардың ішінде «Бостандық туының» 8-ші санында жазған С.М.-ның «Сынға мін» деген мақаласы тұтас сол номерге басылмаған, мақаланың ақыры жоқ, сол себепті оның ақырының қандай болып шығатыны мәлімсіз.
Ал өзге, жоғарғы айтылған «сындардың» ішіндегі ең байымды, байсалды, ең түзуірек сын Тоқтыбайұлыныкі. Ал ең лаққан, ең шатқан «сын» Нәзірдікі. Нәзір «Асау тұлпарды» қалай болса да ақсатуға, ұрып жығуға тырысып, кітапты оқығаннан, қаламды қолына ұстанғаннан «Асау тұлпардың» мекірелерін іздеген көрінеді.
Meн «Асау тұлпарды» өзім жазып едім деп көкке көтеріп, шаппай бер...» деп. «Топ жарған» деп мақтамаймын. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ...» деп бұрынғылар айтқан. Және «Асау тұлпар» менің өз басымнан шыққан қиял емес. «Асау тұлпар» — қаланың қамытын киген қырдың, Сарыарқаның «Асау тұлпары». Әдебиет тарихында ешбір кітап еш уақытта жалғыз бір кісінің еркімен шыққан емес, әлеумет тұрмысының ағымдарының ықпалымен шыққан.
Келелік енді Нәзірге. Нәзір «сынының» басына Абайдан «бісміллә» келтіреді.
Ол «бісмілләсі» мынау:
Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске,
Боларсың бақадай
Көп түссең егеске...
деген сөздер...
Рас-ақ! Бұл қағида екі кісіге бірдей. «Шоттың басын бассаң, сабы маңдайына соғады» деген. Ал Абайдың бұл қағидасы өз заманында Құнанбайдың тұқымы тәрізді қара қазақты билеген жуан атаның балаларының қолынан орыс патшасының уезной чиновниктері билікті алып, әр елге «болыстық» деген, «волостной старшина» деген дәрежелі қызметті орнатып, оған қазақтың «аталы», «атасызына» қарамай, әркімі «шарға түсіп» таласып болыс болатын болған соң, қара қазаққа хан болған Құнанбай тұқымының билігіне «атасыз», «кешегі тебінгісі тесік» жамандар біраз жал біткен соң таласа бастаған.
Міне, Нәзірдің «бісміллә» қылып келтіріп отырған бұл сөздерін Абай сол Құнанбайлардың аяғынан ала бастаған «атасыздарға», «кешегі тебінгісі тесіктерге» айтқан сөзі:
Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске,
Боларсың бақадай
Көп түссең егеске...
Әрине, Абайға айтуға лайықты-ақ! Қанша тыраштанғанмен «жер астынан жік шыққан, екі құлағы тік шыққан мұндарлар» Абайға, Құнанбайға қайдан жетсін! Абайдың бұл мақалын 1917 жылы большевиктерге қарсы адамдар айтқан. Бұл мақалға қарсы болсақта, біз де бұл «бісмілләні» мысал қылып алып көрейік. Нәзір «сынының» басында өзін жігердей қылып маңыздап, салмақтанып мақтайды. Өзін жақсы докторға теңейді. «Әділ сыншымын» дейді. «Қорықпаймын, көңілге қарамаймын» дейді. Доктордан да артықпын дейді. Тексеруші молда тәрізденеді. Әрине-ау! Олай болса дұрыс-ақ қой! Бірақ «тексеруші» молданың, «білгіш» доктордың, «данышпан» сыншының сөздерін байқап оқи келе, молданың «дүмше» екенін, доктордың «ішірткіші» екенің, «сынның» лақпа екенін көресің.
"Дүмше молда дін бұзар», «доктордың жақсысы дертке дерт қоспаған» деген. Бірақ менің өз басым қазақша жазған сынын тұтасымен Нәзірдің өзіне жаппаймын. Бір қазақ баласына Нәзір айтқан шығар: «Әйтеуір, басқа-көзге төпелеп бәлемді жамандай бер» деп. Ал қазақ баласы сыбанып алып шата берген болар. Өйткені Нәзір қазақша тіл білмейтін. Ана жылы Мәскеуде 8-ші Советтер съезінің уақытында жолдас Жангелдин Нәзір мен жолдас Рысқұловты «татуластырамын» деп пәтеріне шақырған. Жангелдиннің пәтерінде мен де болдым. Жолдас Меңдешев те һәм басқа бір-екі жолдас болды. Сонда Нәзір мен Рысқұлов кінәласқанда үйде қазақтардан басқа һәм Нәзірден басқа ешкім жоқ. Сонда сөзіне түсінбейтін болған соң Нәзір қазақтарға орысша сөйлеген. Һәм былтыр да мен кездескенімде, өзім Нәзірмен қазақша сөлесе алмай, Нәзір тағы орысша айдаған.
Бірақ бәрібір қандай сөз болса да Нәзір болған соң әйтеуір Нәзірдікі дейміз ғой.
Енді Нәзірдің «сынына» келейік. Нәзірдің мені мінеген сынында бір-ақ дұрыс жері бар. Ол менің 1916 жылы айт күнін өлең қылып жазып, оны «Асау тұлпарға» кіргізгенім. Нәзір мені: «исламды білмейді һәм бостандықтың қай күні құшағын ашқанын білмейді» дейді. Рас, менің исламды Нәзірдей білмейтінім рас шығар. Нәзір исламның «бесігіңде» туған адам ғой. Бұл өлең коммуниске керегі жоқ, коммунизм жолына келмейтін өлең екені рас. Бұл — «Асау тұлпарға» қатеден қыстырылып кеткен өлең. Бұл бір. Екінші, Нәзірдің мені үлкен мінеп, мұқатып жамандайтын жері — менің әйел туралы жазған өлеңдерім.
Мені жамандайды: «Сен әйелді сүйемін дейсің», «сүйгіз дейсің» һәм «жалаңаш балғын балтырың дейсің, түріліпті балағың дейсің» деп сөгеді.
Айналдыра қаптырмалармен кекеткенде дәлел қылып тауып алған өлеңдері мыналар:
Маржан, Маржан, қарағым!
Күлімдейді қабағың.
Түріліпті балағың,
Жалаңаш балғын балтырың
Не деген сұлу, жарқыным!..
Маржан, Маржан, жүрегім,
Қолында сенін күрегің,
Жұмыста жүрсің білемін.
Жалаңаш жұмыр білегің.
Мойнымнан құшшы, тілегім!
Маржан, Маржан, мініскер,
Сымбатты, күшті, жұмыскер,
Шын сұлу, таза, біліскер.
Піскен алма қойнында,
Білегіңді артшы мойныма.
Маржан, көзің көмірдей,
Арам ет бітіп семірмей,
Денең күшті темірдей,
Бай қызындай керілмей,
Іс істе, жаным ерінбей.
Міне, бұған Нәзір бұрқырап ашуланған болады. Маржанды жақсы көрме дейді. Маржан сені күрегімен салып қалар дейді.
Сірә, Нәзірдің ойынша жұмыскер әйелге махаббат өлеңдері үйлеспейді, арамтамақтарды жеңіп, дүниенің тұтқасын қолына алған еңбекшіл табының Маржаның бостандықтың Маржаның өлең қылмай, жалғыз-ақ көлеңкеде, саяда «жібек көрпенің» үстінде бұралып «уһ, аһ!» деп отырған бай қыздарына үйлеседі дейтін көрінеді.
Жұмыскерлікті, күректі, жұмыскердің күшті, жұмыр түрілген сау білек, балтырын өлең қылуды «көркемдік» сезімі емес, «Ахлақ» емес дейді.
Керілген, ерінген, еркелеген бикештердің сүрме тартқан көздерін, бояған беттерін, қолдан салған қалдарын өлең қылсақ, бәлки Нәзірше «көркемдік сезімі де» болар еді, «ахлақ» та болар еді. Қайтейін, ғапу өтінем де!.. Біз үйге алмадық! Және Нәзірдің сөгетін өлеңдері мыналар:
Өмірімде іздегенім,
Талмай іздеп көздегенім,
Сен едің, жаным, сен едің!
Бақытым менің жалғыз сенде,
Барлық дүние саған тең бе?
Деп едім, жаным, деп едім,
Ауыл бардық, жүрдік, қондық.
Ойнап киіз үйде болдық.
Жаттың маған тақалып,
Ақырын жұмсақ қол ұстастық.
Жүрегіңе қысып бастың
Қолымды ұстай апарып...
Бұған Нәзір ашуланады: сен өз басыңды ғана ойлайсың дейді. Революция бір бетімен, сен бір бетіңмен барасың дейді. Және де менің 1915 жылы жазған «Жазғы түнде» деген жырымды жамандайды. Жамандағанда бұл ұзын жырдың әйел туралы жазылған бір 4 — 5 жолдарын жамандайды. Ол мынау:
Көріп шыққан жарыңды,
Уағадалы жерде барыңды,
Білдіресің көрініп...
Ерінге ерін тиісіп,
Бал алып тілден сүйісіп,
Жандырар жарың лебімен,
Төсіне қысып төсіңді,
Махаббат жеңер есінді...
Нәзір сөгеді: сен жазғы түнде үйде отырмайды екенсің, жарыңды іздеп қаңғырып жүреді екенсің деп және Нәзірге мына бір кішкене жыр өте жақпайды. Ол мынау:
Надежда, Үміт, Үмилә,
Аққусың, сәулемсің,
Шырағым, Үміт, Үмилә,
Қарындасым, бауырымсың!
Түйін салып жас балдыр
Алма ер жетіп өседі.
Албырап биік саяда
Уыздай болып піседі.
Не шіриді, не құрт жеп
Не бір пәнде үзеді,
Сабағы қурап немесе
Үзіліп жерге түседі.
Сен алмасын биікте,
Сен әлі жас баласың.
Түскеніңді үзіліп
Білмей, қалқам, қаласың.
Міне, бұл жыр да
Нәзір «сыншыға» өте жақпайды.
Міне, «әйел туралы жазған өлеңдерінің бәрі жаман» дегендегі дәлел қылыш келтірген өлеңдері осы жоғарғы өлеңдер һәм оның да кейбіреулері тұтас өлеңдер емес, тек өлеңнің жұрнақтары.
Әйелдің жұмыс қылғанын айтасың, жалаңаш, күшті, жұмыр балтырын, білегін айтасың, әйелге мойнымнан құшшы деп айтасың, піскен алма қойнында деп айтасың, балағың түріліпті деп айтасың деп Нәзірдің бұрқырап мені жамандаулары шын көңілімен айтқаны болса, ол Нәзірдің туғаннан алған тәрбиесінен ғой деп ойлаймын...
Әйтеуір мақсат — бір Сәкен деген «әдепсіз». «жүгенсіз» бар екен деп өзбек ағайын мен татар ағайынның белгілі «тәрбиелілері» бір-бір түкірсін деген шығар деймін. Әйтпесе қазақ тілінде жазылған кішкентай «Асау тұлпардың» не екенін өзбек пен татар қайдан біледі. Ал, білмейтін кітабы туралы Нәзірдің «сыны» оларға неменеге керек?.. Өзбек газеттері мен татар газеттеріне «сын» жазу мақсат, Қазақстанда бір Сәкен деген «әдепсіз, адасқан» адамның бар екенін білдіру емес, «Нәзір деген жалпы тілдің (қазақтың тілінен басқа) бәріне жетік бір «жақсы, білгіш, сыншының» бар екенін паш ету болады». Дұрыс-ақ, кісі өзін мақтау үшін біреуді жамандау керек. Оны газет-газетке жарнамалау керек, сонда атың шығады!
Ал енді мәселеге келейік:
Әйелдің денесінің ашық мүшелерін өлеңге қостың, білегіңді мойныма артшы дедің деп сын тағу зор қате.
Қу молдалардың зәлімдігімен әйелді «нахрам» деп жасырам деп өмір бойына атасынан, қарындасынан һәм өзінін қатынынан басқа ешбір әйел көрмеймін деп кейбір мұсылман халықтары бұзық жолға, бұзық әдетке түсіп кеткен. Мәселен, өмірінде көрмеген соң әйелдің жүзіне құмар болып, әбден шыдай алмаған соң: сақалы, мұрты жоқ балаларды әйелше киіндіріп, бастарына шаш тағып, шашбау байлап, еркектер оңашаға жиналып, ойнатып құмарларын басатын болған. (Мәселен, «Бәтша ойнату»).
Және өмір бойында ерлермен араласып, әзілдесіп сөйлесе алмайтын болған соң, ондай халықтардың әйелдері де бір еркек түстілеу әйелді еркек орныңа ұстап оңаша жиналысып, сонымен ойнап, мауықтарын басатын болған (мәселен: «Сәтенмен ойнау»). Міне, Нәзірдің бізді «әдепсіз» дегенде сүйреп әкелетіні осы болады. Әйелдің білегін, балтырын, балағын өлеңге қоспайтын, білегіңді мойныма артшы, мен сені сүйдім демейтін халықтардың еркектері «намахырам» деп әйелге қарамай, өздері сол әйелге іштерінен өзегі үзілгенше құмар болып, құмарлықтарын басу үшін сақал, мұртсыз еркек балаларды қызша киіндіріп алып ойнататындардың өлеңдері мынадай болады:
Бақ айнала ұшар қаз,
Йүр, балақан, йүр, йүр!..
«Бәтшаман» деп қылма наз,
Йүр, балақай, йүр, йүр!...
«Бәтшаман» деп қылсаң, наз,
Йүр, балақан, йүр, йүр!..
Өліп кетер, бәтша баз,
Майда қадам йүр, йүр!..
Miнe, еркек балаға құмарланып, аузынан суы құрып, өзеуреген осы өлең жақсы ма, жоқ:
Маржан, Маржан, жүрегім,
Қолыңда сенің күрегің,
Жұмыста жүрсің білемін.
Жалаңаш жұмыр білегің,
Мойнымнан құшшы, тілегім, —
деген жақсы ма?.. Қайсысы дұрыс?.. Әрине, шатасқан «құмарпаздықтың» қиялынан шындық дұрыс.
Ал, Нәзір айтар: «Сәкеннің өлеңдері тіпті қазақ әдебиетінің заңымен қарағанда да «ботқа» һәм «әдепсіздік» деп.
Түркістандағы қазақ жігіттері Нәзірдің қолына «қазақша үйрен» деп Абайдың өлең кітаптарын берген, Нәзірдің келтіріп отырған «бісмілләсі» сол Абай кітабынан.
Қазақ ақындарының ішінде Абайдан өлеңге шебер жоқ екені рас.
Ал Абайдың ғашықтық тақырыпты һәм әйелді өлең қылған ретінде сөздерін аралап, теріп алған кісіге Абайдың өлеңдерінің ішінде тіпті бізден аулақ, тіпті сорақы кеткен жерлері бар. Абайды да Нәзір тіпті жақтырмауға керек еді ғой?.. Міне Абай өлеңдері:
Тар төсекте төсіңді,
Иіскер ме едім жалаңаш.
Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып, тай-талас.
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас!..
Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде,
Бой шымырлап, тән еріп,
Ішім оттай күйгенде,
Жүрек балқып игенде...
Жақындай бер жуықтап,
Тамағыңнан аймалат!
Және Абайдың қызы айтады:
...Біз қырғауыл, сіз тұйғын,
Тояттай бер кел де алып,
Гүл шыбықтай бұралып,
Салмағыңа жаншылып,
Қалсын құмар бір қанып...
деп. Абай айтады:
Мұны жаздым ойланып,
Ойда бардан толғанып.
Кірсе ішіңе оқи бер
Бозбалалар қолға алып...
Иығы тиісіп,
Тұмандай көздері.
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын.
Және Абай айтады:
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған,
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған...
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма сияқты тәтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егер де қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіне.
Бетіңді тамағына таяп барсаң,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.
Және Абай айтқан:
...Сай-сайға қыз-келіншек жоғалғаңда,
Аулақта бар арманың қандырарға.
Бозбала іздеп табар сол барғанда
Болғанда тал шымылдық, шалғын-төсек,
Басына жастық болар томардан да.
Міне, әйелге айтқан өлеңдері осындай. Абайдың өзімен билікке таласа бастаған кешегі төмен атаның баласына кекетіп, мысал қылып келтірген өлеңдерін «бісміллә» орнына ала жүгірген Нәзір бұл өлеңдердің мағынасын неге сұрап алмады екен?..
Әттең, әділ тілмаштың аздығы-ай! Нәзір байғұс қайтсін. Нәзірге әйтеуір жамандау керек. Онан соң Нәзірекең менің «Азия» деген өлеңімді жамандайды.
Бұл өлеңді газет-журнал оқитын қазақтың көбі-ақ көрген шығар.
Мен бұл өлеңді Маркстың қағидасына тұп-тура келеді деп айтпаймын.
Бұл өлең Генуйский һәм Гаагский конференциялар болып, Еуропаның патшашыл үкіметтерінің елшілері жиналып, күншығыс Халықтарына арам құлқындарын арандай ашып, обырлық саясаттарын іс жүзінде жүргізбек болып, барлық Азияны тырнақты шеңгелдеріне бүріп алмақ болып жатқанда, Азияның Еуропа құлдығында жатқан Халықтарын қорғамақ болған Совет үкіметінің елшілерін жалғыздап, мүйіздеп жатқан уақытта патшашыл, обыр, жалмауыз, сұм Еуропаның бетіне соққан шоқпар еді. Орысша айтқанда «протест» еді. Шоқпарды, протесті әркім әр түрлі соғады.
(Восточная политика) Күншығыстағы ұлт қозғалысын Совет үкіметі Еуропаның обырлығына қарсы қоюға саясат жүргізіп отыр.
Менің татарды, мадиярды, ғұнды айтып қорқытып, ақырында монғолды Еуропаның есіне салып, монғолдың білегін көрсетіп қорқытқаным — сол Совет үкіметінің Азиядағы ұлт қозғалыстарын Еуропа обырлығына қарсы қоюға саясат жүргізгені.
Бұл сондай пікір, «Нәзір сыншы», мұндай «Күншығыс саясатын» сіз де білсеңіз керек еді.
Бір татардың Англия агенттерімен қосылып Совет үкіметіне қарсы іс жүргізген айыпты адамын Ташкентте тергегенде «Нәзір сыншы» Ташкенттің мұсылмандарының алдында әлгі айыпты адамды прокурор болып қараламақ болып шығып, сол айыпты кісіден мынадай жауап сұрады деп есітіп едім. Нәзір сұрайды: «Сіз өзіңіз мұсылман бола тұра, бұл мұсылмандардың дұшпаны болып жүрген Англияның жағына неге шықтыңыз?..» — деп.
Міне, Нәзір Ташкент мұсылмандарының алдында айыпты адамнан осындай жауап сұраған... Ал онымен Нәзір коммунистігінен, марксистігінен шығып кетіп отыр ма?
Ол бір саясат, бірақ азырақ «демагогқа» мінген саясат. Менің «Азия» деген өлеңімнің ішінде рас, әдеті, антисемиттердің бетіне ұрайын деген де пікір болған. Ол пікірдің өте оғаш көрініп кеткені антисемиттердің өте көптігі. Хатта ондай адамдар ез араларымызда да аз емес.
Бұл еленді «талқандап» жамандағандағы Нәзірдің барлық мақсаты «анау жаман, Марксті білмейді, мен білемін» деген демагогия. Рас, демагог шолақ қашардан да ыңғайлы һәм оңайлы нәрсе!
Әйтпесе Еуропаның ұсталығына, «өнерлеріне», аэроиландарына, машиналарына жалғыз-ақ Бұхардың молдалары ғана қарсы болар.
Және монғол келіп Еуропаға ұсталық үйретеді, ғылым үйретеді деп ешкім айтқан жоқ.
Қазіргі Еуропаға, монғолдың білегін көрсетіп «жауыздығыңды қоймасаң, монғол сені үйретер...» деген сөз, ұсталыққа һәм ғылымға үйретер деген емес. Жауыздығыңды қоймасаң тағы, надан, шикі ет жеген, алақандап қан ішкен, монғолдың ардасы мөңкіп, тулап мойныңды үзіп жіберер деген сөз.
Үндістан, Ауғанстан, Фарстан, Түркия, Мысыр, Қытай—бәрі бірігіп Англияның патшашыл үкіметіне қарсы тұрып, Англияны быт-шыт қылып әлсіретіп, мойнын артына қайырса, Совет үкіметінің қазіргі көңілдегі жерінен шықпас па еді?.. Мұндай қозғалысты қуаттаумен Совет үкіметі коммунизмнің жолынан тайған бола ма? Күнәлі бола ма? Нәзекең айтады: «Азияны Еуропамен жауластыру білімсіздік, ақылсыздық» дейді. Жарайды. Бірақ Нәзірдің бұл ақылын Совет үкіметі неге алмай жүр екен? Нәзір мен лорд Керзиннің жақсы «мәслихатын» Совет үкіметі неге алмай жүр екен? Чичерин неге құлақ қоймай жүр екен?
Және Нәзір айтады: «Әдебиет митинг емес, біздің міндет Еуропаның ұсталығын үйретіп, Кеңес өкіметін күшейтіп, көркейту...» деп.
Пa, шіркін-ай!.. Бұл сөзді біз жаңа есітіп отырмыз ғой!.. Нәзір білгіш бұл сөзді енді айтып отырса, біз бұл сөзді 1917-ші, 18—19 — 20 жылдарда айтқамыз... Нәзірдің мұнысы баяғы «ол жаман, мен жақсы» деген демагогия.
Ал Нәзір: «Еуропаны неге жамандайсың?» десе, Еуропаны жамандамай отырған кісі жоқ. Еуропаны тексеріп сөз қылғанда қазіргі бастықтарымыз екі сөздің бірінде «қартайған», «шіріген», жәләп», «жойылайын деп бара жатқан Еуропа» дейді.
Нәзір менің «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге», Иван мен Мырзабекке» деген өлеңдерімді жамандайды.
Бұларға ешбір дәлел айтпай, құр «әйтеуір жаман» дейді. «Мұндай өлеңдермен кісі революция ақыны болмайды...» дейді.
Нәзірдің өзі де «дәруіш» деп қол қойып, өлең тәрізді бірдемелер жазып жүретін, «жақсыны көрмек үшін» дегендей соларын Нәзір бір жақсы шебер тілмашына қазақшаға перевод қылдырса көрер едік Нәзірдің қандай революция ақыны екендігін. Нәзірдің көкейін тескен мақсаты өзбекше, татарша, қазақша һәм басқаша жазып, «жақсы», «атақты» жазушы болу ғой. Өлеңдерін қазақшаға с удовольствием аудартар.
Ақырында Нәзір менің уақ-түйек переводтарымды жамандайда һәм ол переводтарға нанбайды. «Сәкеннің өз ойынан шығарып жүрген сөздер» дейді.
Олар, мәселен, мына бір уақ сөздер: фарсының ақыны Шеих Сағдидан:
Ән мен күйге түйе де
Шатланар, хайуан десек те,
Сезбейтін оны адамды
Салпаң құлақ есек те, —
деген. Һәм Жапон ақыннан:
Сүйгеніме жасырып,
Түнде жалғыз барсам мен,
Терезе ашып сүйісіп,
Аузынан бал алсам мен.
Арсылдап ит сен мені
Қорқытпа деп «қабармын!»
Тастасам сүйек үрмессің,
Көңілді сөйтіп табармын.
Бұл өлеңдер туралы Нәзір айтады: «Шейх Сағдида мұндай өлең жоқ болса керек еді. Және ол заманда бұл заман түйенің ән мен күйге шаттанғанын көргенім жоқ» дейді. «Ақмоланың түйесі болмаса, өзге жердің түйелері ән мен күйге шаттанғанын көргенім жоқ» дейді.
Әттең, асқан ақылдылық-ай!
Дұрыс, білмеген тілді «білемін» деп мен Нәзір Төреқұлов тәрізді мақтанып шатаспаймын.
Бұл уақ өлеңдерді мен жапонның, фарсының һәм төменгі көрсеткен өлеңді поляктың өз тілдерінен аударғаным жоқ, мен бұл уақ өлеңдерді орысшадан кезі келген уақыттарда перевод қылып кеткемін. Орысшаға өтірік жазған болса переводчиктердің, «тілмаштардың» жаңдары шықсын. Переводчиктердің қолына қарау Нәзірдің өз басында болған іс еді, бұған Нәзір түсінсе керек қой. Енді Нәзірдің түйе ән мен күйді сезбейді, сезсе жалғыз «Ақмола түйесі сезер» дегеніне келейік.
Бұл енді Нәзірдің әйтеуір жамандайын деген ниетпен жамандауға асыра басып жіберіп, артынан Ақмолаға кіжінгенін байқамай көрсетіп алғаны.
«Күйді түйе сезбейді» деп Нәзір білгіш айтады. Ал өзге жұрт: «хайуандардың бәрі де күйді сезеді...» дейді. Біз, сірә, сол «Нәзір білгіштігінен» көрі көптің айтқанын алармыз деймін...
«Би адамның тәнінің негізінің өзінен шығады... Шапқан ат, жүкті түйе, ескек ескен қайықшы һәм балға соққан ұста қандай есеппен билеп ритмический қимыл қылса, олар да сондай қылады. Ритм (би) біртүрлі жақсы сезім туғызады. Һәм сол себепті ритм (би) жалғыз жұмыс қылғанда ғана жеңілдік келтіретін зат емес, ритм (би) өнерлі яки надандығына қарамай барлық адамзатқа бірдей көркемдік ләззатын беретін зат» дейді Карл Бухор.
Міне, жоғарғы айтқанға қарағанда адам болсын, хайуан болсын күйді һәм биді (ритм һәм гармонияны) сезбейтін жан жоқ, сол адам болсын, хайуан болсын күйді һәм биді сезетін жалпы жанның ішінде Нәзір айтқан «Ақмола түйесі де» сезуге керек.
Жалғыз-ақ күйді, биді сезбейтін әлгі Сағди айтқан салпаң құлақ есек болар. Оның ішінде де Түркістанның салпаң құлақ көк есегі болар.
Тағы да Мицкевичтен менің көшіргенім:
Жақсы көрсін десең ит
Жақсы көр итті өзің де.
Ұмытпайтын бұл бір сөз
Лұқман айтқан кезінде...
деген сөз бен жоғарғы жапон өлеңінен көшірген тағы да итке айтқан сөзді мен 1917 жылы Ақмолада бізді большевик болдыңдар деп сыртымыздан балағаттап жүрген бірқатар мырзаларға айтқамын. Оны «не себепті жазған?» деп бұл бір 7 — 8 жол сөзге тамсанып Нәзір «сыншы» басын сындырмай-ақ қойғаны жөн еді.
Және жоғарғы келтірген 4 жолдық «жақсы көрсін десең ит» доп бастаған сөзді Мицкевич өз басынан шығарған көрінбейді, оны Мицкевич те Лұқманнан алған болса керек. Өтірік айтса жаны шықсын.
Міне, Нәзір сыншының «Асау тұлпарды» сынға салғанда, жамандағанда, айналдыра кеткенде дәлел қылып алған өлеңдері осы һәм оған сипай қайырған қазақша жауаптарымыз осы. Әттең өзбекше, татарша жетік тіл білмеймін, егерде білсем Нәзірдің әлгі «мына жақта бір Сәкен деген әдепсіз, білімсіз өлең жазған адам бар, оны біліп қойындар, мен ондай емеспін, мен әдептімін, мен білгішпін, мені біліп қойындар...» деп жазған өзбек газеттеріне де, татар газеттеріне де жазып жіберер едім.
Тілмаштар (переводчиктер) іздесем маған да табылар еді, бірақ Нәзір айтқандай, одан не пайда?..
(Керек қылса, туралыққа қараса, бұл сөз қолдарына түссе, ол газеттің өздері де басар, баспаса керегі де шамалы).
Нәзір сынында жазған: «Азия» деген өлеңді жазғанда Еуропаны жақсы жолға бастайын деген болса, «Еуропаға қазақша жазудан пайда шамалы» деген.
Бұл не деген сөзі?
Бұл «Еуропалықтар қазақша оқымайды, сол себепті оларға қазақша жазғаннан не пайда?» деген сөз болады.
Біз сұрар едік: өзбектің, татардың балалары қазақша оқымайды. Үлкендері ақыны толық, олар оқыса да «Асау тұлпарды» керек қылмайды...
Ал, олар үшін олардың тілінде «сын» жазудан не пайда екен?
Рас, бір зор пайда бар, ол Нәзір Төреқұл баласының атын жариялау. (Афиша, реклама жақсы нәрсе. Қазір бұл тәсілге біздің «трест, бумдар» һәм гумдар да түскен көрінеді).
Қысқасы, «әдебиет митинг емес» деп, әдебиетті ондай нәрселерден таза, пәк сақтау керек деп Нәзір «сыншы» айтса да, өзінің саясат һәм әлеумет ретіндегі бізге кіжінген запыранын «Асау тұлпарға» әкеп төгіп, «қаптырмалы сынын» жазған болған. Жұрт екі сөзді енді қатар салып көрер.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі