Әдебиет деген нәрсе екіге бөлінеді: бірінші жазба әдебиет, екінші — ауыз әдебиет. Қазақ елінде бірнеше жүз жыл бұрын жазу деген жоқ мезгілде ауыз әдебиет болған. Олар осы күнгі жұрттың аузында жүрген мақалдар, тақпақтар, жырлар, ертегілер һәм қара өлеңдер.
Жоғарғы аты аталған ауыз әдебиеттердің қазірде белгілі иелері жоқ. Бірақ түбінен тексергенде сол айтылғандардың шығарушысы, бір иесі болуға керек. Кім қандай сөз айтқаны мезгілінде белгіленіп қалмағандықтан шығарушылар ұмытылып кеткен. Әйткенмен қазақтардың арасындағы сөздерге Қарағанда олардың шығарушылары қазақтың терең пікірлі ұлдары болуға керек. Бұны қазақта «би» дейді. Ол билер шен иелері, өкіметтің сайлаған билері емес, өздерінің өткір тілділік пен сөздің жүйесін келтіріп, әрбір істі өзінше тексере білгендіктен аталған билер.
Мұндай кісілерді қазақтар әр бағамен бағалаған. Мәселен: «есік алды төбе болса, ерттеулі атпен бірдей, елінде қарт болса, жазып қойған хатпен бірдей» деген мақал бар. Бұдан: елінде білгір қарт болса, жазған хатпен бағаланады деген сөз анық көрініп тұр. Қазақтың тұрмыс әдетінде қолданылатын нендей істеріне болса да бұл адамдар көсем болған. Ол кезде ауызша әдебиет болғанмен сөздің үйлесі аса тәртіпке қойылмаған. Бұған ескі, созылмалы, үйлесімі кем жырлардың бәрі дәлел.
*«Еңбекші қазақ» газеті «Сәкен жолдастың оқыған лекциясының қысқаша қорытындысынан алынды.
Ұзартып жазса Сәкен жолдастың баяндамасынан көп сөз болатын еді. Бірақ газет беті тар болғандықтан қорытындысында қысқаша түрін ғана жазып отырмыз. Сондықтан мұны оқушылар Сәкеннің баяндамасының әр жерінің дәні ден ұғуы керек» — деп жариялаған.
Соңғы жылдарда, яғни бұдан 1 — 2 жыл бұрын қазақтар өзбек елімен қатынаса бастаған. Ол кезде өзбекте жазба әдебиет бар кезі. Қазақтар өнерін үйренген. Әсіресе ел қазағының арасына жазба әдебиет таратқан Түркістаннан шыққан қожалар. Ол кезде қазақтың арасына көп таралған Қожа , Ахмет Яссауидің кітабы. Біздің қазақ ақындары соның сөзіне еліктеп кеткен. Қожа Ахмет Яссауи өзінің өлеңінің басын: «бесмеллә» деген сөзбен бастайды. Қисса жазған қазақ ақындары да сол «бісмілләні» қолданған. Зарком, Салсал, Кербала, Мағраж пайғамбарлардың уафаты һәм сол сықылды өлеңдердің бәрі де өзбекке еліктеумен жазылғандар. Жәнеде олардың өздері өзбектен аударған әңгімелер. Бертін бұдан жүз жылға жақын шамасында қазақтар татарлармен қатынас жасай бастаған. Баспасөз жағынан татарлар басқа Россиядағы мұсылмандардан бай болған. Татардың Қазан сықылды ірі қалаларында баспа жұмысы тәуір болған. Міне осы кезде өзбекті еліктеуші қазақ ақындары өздерінің өзбектен аударған қиссаларын бастыра бастаған. Сол басылып шыққан қиссалар жоғарыда аты аталғандар.
Татар мен қазақтың араласы күшейген соң, татарлардың молдалары да қазақ арасына тарай бастаған. Хат таныту жағынан олар қазаққа зор пайда келтірген, бірақ қазақтың тілін аздыруға екінші жағынан залалы да болған. Жазба әдебиетшілер ноғай мен өзбектің шәкірттері болғандықтан, әдебиет деген нәрсе қазақ арасына ана тілінін қалпынан өзгеріп өзбек, ноғай, қазақ тілі үшеуі араласып, түсініксіз болып кеткен. Өлең жазатындар, ауызша шығаратындар өлеңнің ішіне өзбек һәм ноғай тілін кіргізуді таңсық көріп алған.
Хат жаздым қалам алып, қара сия
Сарыойдан ноқта шығар гүлиязия
Жауабым менің айтқан аңғарғайсың
Тілмардың тілмәры бар жаһауазия.
Ғиззатұллабек Зияда уахүрмәтлу,
Көргенде жамалыңды көңілім шатлу.
Бастайын сөздің басын бесмилләдан
Осындай аз ғана білген жат тілдердің сөзін қосамын деп ақыр аяғында өлеңшілер шатасып, адасып, өлеңі мағынасыз болуға айналған.
Сөзім ұшбу беу сәулем-ай!
О дариға ләулік тас,
Бағдад, Мысырда жанбас
Іздесем Хорлан табылмас.
Бұлар әдебиеттің жаңа ғана мағынасызданып келе жатқан бетінде айтылғандар: соңғы кезде түсінбейтіндер көп болған.
Қазақ елі орысқа бағынып, орыс оқуын оқыған кісілер шыға бастағаннан кейін әдебиетшілердің іскерлігі орысқа ауа бастаған. Бұдан былай сөздің ішіне орысша кіргізу мақсат болған. Орыс тілін білген-білмегенде жұмысы жоқ, аз-мұздап білген тілін өлеңнің ішіне кіргізіп қалуға ақындар өте ынталанған.
Құдаша, ыздырастый, амансыз ба?
Құдаша-ай я болмаса жамансыз ба?
Поклон ұшбу хатты жазсам сізге,
Привет қабыл көріп аласыз ба?
Қазақ әдебиеті 1900 жылдан бері шыққан. 1905 жылдың жұмыскер қозғалысынан кейін ұлт сезімі туа бастап, қазақ ақындары тіл түзету деген пікірді жарыққа шығарған. Бірақ сол әдебиеттің азғана уақытында бірен-саран өлеңін қазақ тілімен жазғандар болды.
Мәселен Абай. Абайдың ол әдебиетті туғызған екендігіне дәлел болатын жұмыс емес. Себебі Абай арғы жағында таза қазақ тілімен сөз жазушылардың жолын мықтап ұстап қалған, бастаған жолдың иесі ғана. Абайды қазақ әдебиетінің ағасы деушілік қате.
Қазақ тілін іске ассын дейтіндер - Уфадағы «Ғалия» медресесіндегі оқыған азаматтар. Әсіресе сол кезде «Ғалияда» оқитын Омар Қарашұлы. Бірақ алдында салынып жатқан айқын із болмағандықтан олар да пікірлерін алғашқы кезде жеңді іске асыра алмады. Хатта өздері қазақ тілін жүргіземіз деп отырып, сөздерін ноғайша айтады. Оған Қарашевтің фамилиясын «Қараш» деп қоюы һәс «Тумыш» деген өлеңі толық дәлел. Әйткенмен қазақ тілі ноғайдан бөлініп, өз бетімен жөн табуы керек деген пікірді бастаған Қарашұлы. Соңғы уақыттарда «Ғалия» шәкірттеріне Міржақып Дулатұлы, Байтұрсынұлдары қосылды. Қазақша емле шығаруға күш біріктірісті.
Міржақыптың «Оян Қазақ» деген кітабын оқыған кісі мәслихат-шариғаты, тариғаты, мағрифаты, мағишаты деген сөздерден Міржақыптың кімді еліктегені көрінеді. Жалғыз Міржақып емес, қазақ әдебиетшілерінің бәрі де осы сарынмен тартады.
Көп ой бір жерге жиылса бір жаңалық ашуында сөз жоқ. Бүкіл Қазақстанның оқығандарының қатынасуымен қазақ емлесі деген пікір тергеліп, 13-жылдарда ғана жарыққа шыға бастады. Таза Қазақ тілі мен әдебиет ісіне қатынасқандар сол жылдан бергілер. Бірақ тіл аршылғанмен әдебиетке жаңа негіз салуға жараған әдебиетшіл қазақтан шыға алмады. Ақындары барлығы ноғай һәм орыс ақындарының сөздерінен ұрлап қана жаза алды. Өз миларынан шығарғандары шамалы. Мұның бірі — Мағжан Жұмабайұлы. Жұмабай баласы — ноғай мен орыс ақындарының көшірмесі.
Ендігі бір айтып кететін нәрсе, орыс болмаса ноғай мен қазақтың қайсысының әдебиеті кең һәм сырлы деген сұрау. Бұған айтатын сөз тұрмыс жүйесіне қарап, қазақтың, қыр елінің әдебиеті орыстың мәдениеті жоқ қаласының әдебиетінен бай. Себебі әдебиет тұрмыстың түріне байланулы.
Ел тұрмысы қала тұрмысынан әрине артық. Елде бейнет жоқ. Елдің көретіні қызық. Сондықтан ел әдебиеті қаладан көркем. Ақындарға келсек: Қазақ оқығандарының мәдениет жүзінде ілгергі елдердің әдебиеті анағұрлым күшті, себебі мәдениетті тұрмыспен мәдениетсіз тұрмыстың ішінде өскен екі адамның көңіліне түскен сурет бірдей болмайды.
Кімде суретті көріністер көп болса, соның бір нәрсені суреттей білуі де артық, олай болса қазақ оқығандары әдебиет әлемінде мәдениетті елдің оқыған әдебиетшілерінен анағұрлым кем.
Қысқасын айтқанда, төңкеріске дейін жасап келген әдебиет дәуірінде оза шығып, бәйге алатын кісі қазақта жоқ. Кімде болса, жалпы пікірдің ғана шәкірті «ергежейлінің өлуі жиылып есек жығыпты» дегендей, көптің күшімен атақ алып отырғандарды әдебиетің ағасы деп санауға болмайды.
1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі