Шолпан 1926 жыл, 18-сентябрьде Ақмола уезінде «Майбалық» деген көлдің жағасында ауылда 23 жасында өлді. Әкесі сол «Майбалық» көлінің жағасын мекен еткен, Имамбай деген бір момын, нашар адам еді.
Шолпан өзінің қысқа өмірінің ішінде қазақ әйелінің бұрынғы үйреншікті кемшіліктерін басынан кешірген. Шолпан бала күнінде Ақмола уезіне қараған Темеш деген елдегі Алдоңғар деген байдың Бөкей деген ұлына айттырылады. «Қалыңмал» беріп, қазақ дәстүрімен 1918 жылы Колчак заманында Бөкейге алып береді. Шолпан Бөкейді ұнатпай жүріп, қызылдар келгенсін Совет үкіметі орнағанда бостандық алып шығады (1921 жылы). Әрине, бұл қазақ дәстүрімен өмір сүрген ел ішінде Шолпанға оңайға түспеді. Көрген мехнат кемшіліктер көп болды. Мұнысын Шолпан мысал қылып өзінің «Қарға мен бұлбұл» деген өлеңінде айтады.
Содан Шолпан талпынып оқу іздеген. 1928 жылы Ақмолада коммуна мектебінде тәрбиелеуші болған, 1924 жылы Орынборға келіп өлкелік қурсында оқыған. Ең алғашқы елеңі 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылып шыққан. Міне сонда-ақ Шолпанның қандай болатыны аяқ алысынан көрінген еді. Соңда-ақ аяғындағы темір кісенін қиратып шыққан тұлпардың тайы екені көрінген еді.
Шолпанның көбінесе жазғандары өзгеріс (революция) және оның мейрамдары туралы, қазақтың нашар әйелдерінің бақыты туралы, жұмыскер, кедей, қызыл әскер, жастар, кедей еңбекші таптың дұспандары туралы жазылған. Әсіресе жолдас әйелдеріне күш, қайрат беруге көп талпынған. Мәселен, Қалима атты бір жолдасына былай дейді:
Кейде қайғы жас көңілді талдырар,
Еріксіз кеп жас жүректі жандырар,
Мұндай қайғы, қара тұман күндерде,
Тұрмыс заңы әлі-ақ артта қалдырар.
Өмір болса, жақсы, жаман көрерсіз,
Табиғаттың талқысына көнерсіз,
Ауыр тұрмыс, үнем баста тұрмайды,
Тірлік болса, әлі-ақ бір күн жеңерсіз.
Өмір деген жазғытұрғы жаңа бұлт,
Бүгінгі тұман, ертең болмақ ол жарық.
Үмітті боп тез құтылып кетуге
Шыдамды бол салқын қанмен қарсы алып —
дейді Шолпан.
Әрине, мұндай «Шыдамды бол», «көнерсің» дегенде, есекше «көніп» жүре бер деген емес, «салқын қанды, сабырмен қайрат қыл, қайсарлыққа үйреніп күрес, жеңбей қоймассың» деген мәнде айтқан.
«Үлгілі сөз,
Бола ма кез,
Оқып, біліп жазбаса.
Алтын мен жез,
Алынбас тез,
Еңбектеніп қазбаса.
Тіліңнен шығар,
Басқалар ұғар,
Көңілдің шерін қозғаса», —
деген.
1921 жылы өзінің талпынған тілегін айтып, Ақмолада жүргенімде маған жазған 3 — 4 өлең хаттары бар еді. Ондай хаттарды басқа жақын жолдастарына да жазған болуға керек. Сондайлары да жиналып, екіншіде басылар.
Үзілген қызғалдақ, қиылған көк шыбық қалды көміліп топырақ астында, өзі кетсе де Шолпанның сөзі қалды артында.
Майданға шығып тарпынған.
Арқанын үзген жас тұлпар,
Бостандыққа талпынған
Байлауын үзген жас сұңқар.
Құлашты жазып ұзаққа
Аттай алмай қиырды,
Шыға алмай шырқап биікке
Үзіліп қанат қиылды...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі