«Ел» деген сөз, «жұрт» деген сөз, әрине сөкет емес.
Бұл сөздерді айту айып емес. Бірақ, «ел» деген, «жұрт» деген сөздің айтылатын орны бар, айтылатын кезі бар. Әрине, әрбір сөздің де айтылатын орны, айтылатын кезі бар. Әрбір сөзді айтқанда, қандай ұғынысқа айтып отырғанын айтушы, яки жазушы айқын біліп айтуы керек...
Бұрынғы патша заманында, татардан шыққан белгілі ұлтшыл көсем Жүсіп Акшораұлы деген кісі «Түрік жұрты» деген журнал шығарып тұрды, Ақшораұлының мақсаты: патшалардың қанды тұяғында иленген, еріктерінен айырылған «Түрік жұрттарын» оятуға, бірлестіруге, өзінің еркі үшін күреске шақыру еді. Патшаның заманында «түрік жұрттарын» сол патша саясатына қарсы күреске шақыру орынды іс еді. Орындысы былай тұрсын, дұрыс іс еді.
Ақшораұлының ұранына дауыс қосқандай, қазақтан шыққан ұлтшыл көсемдер Ахмет, Міржақып та патша заманында, патшаның урядник, приставтарының арам етіктерінің табанымен езілген нашар елдің «елім-ай, жұртым-ай!»... деген зарын күйледі. Әрине, бұл да патша заманында орынды, дұрыс іс еді.
Ал, «түрік жұрты» деп, «елім-ай, жұртым-ай» деп, жалпақ елдің, түгел жұрттың атынан зар илеп, жыр жырлап, күй күйлеуі қазір дұрыс па?.. Әрине дұрыс емес!.. Дұрыс емес екені: «Руссиядағы түрік жұрттары» татар, Қазақ, башқұрт, өзбек, қырғыз, түрікпен тағы басқалар, бұрынғы патша замандарындай, қазір табан астында езіліп жатқан жоқ.
Руссиядағы бұрынғы езілген «түрік жұрттары» қазір сол Руссиядағы өзге жұрттардың бәрімен тең, қазір Руссиядағы барлық жұрттардың өз еріктері өздерінде, өз биліктері өздерінде. Біріне-бірі үстемдік қылып отырған жоқ. Бірін-бірі жаншып, бұрынғыдай зорлық қылып отырған жоқ. Сол себепті, — «елім-ай, жұртым- ай!..» деуге қазір орын жоқ... ол бір...
Қазір Руссиядағы «түрік жұрттарының» (тек, түрік жұрттарының ғана емес), қазір, Руссиядағы барлық жұрттардың«бұрынғы еркінен» айырылып отырған, не айырыла бастаған соң, зар илеп отырған жүзінен он бес-жиырмасы ғана шығар, (15 пр-т), (20 пр-т) яғни, үйдегеніміз, тек біраз ғана байлары шығар. Қайта, әр жұрттардағы байлардың өздері де әлі түгелімен, «еріктерінен» айырылып біткен жоқ. Сол себепті, қайта, зар илесе, «әлі де байлар еркінен тегіс айырылып біткен жоқ», деп, біраз кедейлер зарлауға мүмкін. Руссияда патша құрығанына он жыл болды. Патшамен бірге, оның обыр саясаты да құрыды. Қазір Руссияны пролетариат (жалшылар) табының әкімшілігі билеп отыр. Пролетариат табы, ешкімнің қай жұрттық, қай елдік екеніне қарамай, ұлтқа бөлмей, барлық жалпы еңбекшілердің тілегін көздейді. Пролетариат табы, «түрік жұрттары» болсын, орыс жебірей, неміс жұрттары болсын, бәрінің бірдей қалың еңбекші, жалшы кедейлерінің тілектерін көздейді және қай жұрттікі болса да, пролетариат табы және оның үкіметі, байлар тілегіне қарсы.
Қазір, бір «елдің» байлары мен еңбекшілерінің тілектері үйлеспейді. Сол себепті, қазір, Руссиядағы барлық жұрттардың, оның ішінде түрік жұрттарының, оның ішіңде қазақ жұртының қалың еңбекшілерінің тілектері байлардікімен бір емес. Әр жұрттың, қазір енбек сорған байлары мен еңбекшілерінің тілектері екі басқа.
Еңбек сорған байлар мен енбекшілердің тілегі бір деп, не байлар ғана айтады, не байлардың сөзін сөйлегендер ғана айтады. Не сана-сезімі қараңғы кісілер ғана айтады.
Рас, бір әлсіз жұртты бір әлді жұрт басып алып, өзіне бағындырып, жем қылып отырса, әлді жұрттың тырнағынан құтылу жолында әлсіз елдің байлары мен еңбекшілерінің уақытша тілегі бірігуге мүмкін. Әрине, әлсіз жұртты басып алып, бағындырып, жем қылып отыратын тұтасымен бір «әлді жұрт» болмайды, тек, сол елдің әкімшілігін қолына алып отырған байлар табы ғана болады.
Және, бір жұртты ақсүйектер билеп отырса, сол ақсүйек тұқымынан билік алу жолында да сол жұрттың байлары мен еңбекшілерінің тілек-әрекеттері уақытша бірігуге мүмкін... Мысалы: басып алып жем қылып отырған әлді елдердің шеңгелінен құтылуға және ақсүйек халифа билігінен құтылуға көтеріліс жасап, күрес ашып, ана жылы, 1919 — 1920 жылдарда Түркияның уақ байлары мен еңбекшілерінің сол жолда тілектері бір болды. Еуропаның әлді жұрттарының аранына қарсы көтеріліс жасағанда Қытай жұртының да байлары мен еңбекшілерінің тілегі — ерікті былтырға шейін бір болды...
Өз еркі өзінде отырған жұрттың байлары мен еңбекшілерінің ешуақытта тілегі бір болмайды. Байлар мен еңбекшілердің тілегін бірге санап, екеуінің жігін айырмай, «елдің қорғаны» — мен, «жұрттың қорғаны» — мен, «елдің атынан айтамын», «жұрттың атынан айтамын» деу, байлар табының пайдасын сөйлегендік. Байлар табының «жырын» жырлағандық!.. Ал, «еңбекші ел» десе, пәлен жұрттың еңбекшілері десе, онда, әрине, ол елдің еңбек сорған байларын қоспай айтқандық. Әрине, олай айту теріс емес...
Еңбекшілері мен еңбексіз еңбек сорғандарын айырмай, «ел» дегенде, «жұрт» дегенде, сол елдің еңбексіз еңбек сорған байларын да, еңбекшілерінде бірге айтқандық болады. Оған дәлел үшін Жүсіпбек Аймауытұлының «Ел қорғаны» — деген пьеса кітабын алып қарайық.
«Ел қорғаны» — деген сөз «елге қорған» атану, бұл сөздің негізгі жұмысын тексермей алғанда, сана-сезімдері жетілмеген «ел» ішінде, «қызықты», «қымбатты атақ» болуға мүмкін. «Ел қорғау» ісі болып өткенде, сол «қорғаудың» барлық ауырлық салмағы қалың еңбекшілердің үстіне артылады да, біткен істің пайдасын, жемісін еңбек сорған еңбексіз байлар ғана көреді. Бұл — тұрмыс тарихынан белгілі әңгіме... «Елдің» сана-сезімдері жетілмеген еңбекшілері мұны сезсе де, «ел қорғау» — дегенді мойындарына «міндет» санауға да мүмкін, «ел қорғаны» деген «атақты» қымбатты санауға да мүмкін. Жүсіпбек сана-сезімдері жетік адам... әрине, оған да «ел қорғау» — «қымбатты» көрінуге мүмкін. «Ұлтшылдар» — «елді» «алаламай», «қорғап» жүрген болады. «Елді» «алаламай» ұлтшылдарға қорғатады.
Ал, Совет үкіметінің заманында, — «елді» «ұлтшылдарға қорғатып» қоя бермейді. «Елді» енді, «ұлтшылдар» («елшілдер», «жұртшылдар») қорғай алмайтын болған соң, ұлтшылдарды (елшілдерді, жұртшылдарды), оларша, енді Совет үкіметінің азаматтары қылу керек. Коммунист қылу керек... коммунист «болу» керек.
Жүсіпбектің жазған «Ел қорғаны» деген пьеса кітабын 1925 жылы Қазақстанның Оқу комиссариатының жанындағы білім ордасы бастырған.
Бұл кітабындағы Жүсіпбектің «елін» қорғататын батырлар совет туының астына кірген «бәлки» коммунист те болған қазақ оқығаны мен сол оқығанның үгітімен қызыл отрядқа кірген кедей жігіттер.
Совет үкіметінің атынан елге шыққан әлгі оқыған жігіт «Ел қорғауға», сол елден қызыл отряд, милиция жасауға үгіт сөз айтқанда, байларға, кедейлерге — бәріне бірдей айтады. Бірінен бірін «алалап болмайды». Бәріне бірдей сыпайы, әдемі, қызулы сөздер сөйлейді. «...Е, қауым, әлеумет!.. Елдік қылайық, жұрттық қылайық!» — деп зарлайды.
Жиылыста отырған қазақтың байы мен кедейлерін жіктемейді. Бәрін «бірдей» көрген болады. Бәріне бірдей «зарлайды».
— Әлгі, «алашордамыздың әскері қайда жүр? Алашордамыз бар ма?» деп сұраған байға:
— «Алашорда азаматтары қашып кетті. Енді алашордадан қайран жоқ»... деп қынжылғандай болады...
Тағы да, байдың: — «...Алашқа автономия аламыз, өз алдымызға жұрт боламыз, дейтін солар емес пе еді? Өздерін қазаққа не пайда келтірмексіңдер?» дегеніне большевик болған оқыған қазақ айтады:
— ...«Біз де қазаққа автономия алу жолындамыз. Бірақ, біздің көздегеніміз байлардың автономиясы емес. Елді кедейге билететін автономия алмақпыз. Алашорданың басындағы бұрын патшаға қызмет қылған төрелер, ақсүйектер, ескі оқығандар болатын. Олар саясат білмеді, төңкерістің бағытын болжай алмады, олар адасты. Адасқандығын кейбіреулері жаңа білді. Енді бізге қосылып жатқандары да бар. Ахмет Байтұрсынов, — қазаққа пайдалы үкімет осы, большевик үкіметі деп, кеңес жұмысына араласты... Большевик жолы Қазаққа зиянды болса, Ахмет оларға қосылмас еді... О кісі Қазақтың автономиясын алуға Мәскеу барды...» — дейді.
Міне, Жүсіпбектің «Ел қорғауға» елге шыққан коммунист әлеуметке, оның ішінде байға айтқан сөздері осындай... «Біздің көздегеніміз байлардың автономиясы емес, елді кедейлерге билететін автономия» — дейді де:
«...Алашорда азаматтары қашып кетті. Енді алашордадан қайран жоқ. Алашорда басындағылар ескі оқығандар еді. Олар саясат білмейді...» — деп қынжылғандай болады. «Егерде олар саясат білгенде, мұндай болмас еді» — дегендей қылады. «Енді алашордадан қайран жоқ» — дейді. Бірақ, өйткенмен бір тәуір жері, — «Ахмет Байтұрсынов қазақтың автономиясын алуға Мәскеу барды...» — деп қанағаттанып тындырады.
Сөйтіп, оқыған большевик... қазақ не онда, не мұнда жоқ, қосақ арасында бос кетіп отыр. Қайткенде шығыннан толас боласыздар? Мал-жанға қайтсеңіздер ие боласыздар?.. Сендер де «ел екендіктеріңді» білдіріп, отряд болуға жігіт беріңіздер, біз қару-жарақ берейік, сөйтіп, ел өзін-өзі қорғасын...» — деп ақсақалдарға, байларға, бұқараға қақсайды.
Қысқасы, Жүсіпбектің «Ел қорғанындағы» «ел қорғауға» елге шыққан оқыған жігіті, большевик болғанда «ел қорғау» үшін ғана болған болып шығады. Ол, алашорданың басында болған ескі оқығандардай «саясатты біле алмаған ғана» болып шықпайды. Ол — саясатты біліп, «ел қорғау» үшін совет үкіметіне сұғынып, большевик партиясына кірген болып шығады. Оның қорғайтын «елі»: ақсақалдар. байлар, билер, кедейлер, бәрі болады. Ол, байларды, кедейлерді, билерді «алаламай», жіктемей «қорғаймын» — дегендей қылып соғады.
Қаладан келген оқыған большевиктің «ел қорғау» қамын айтқан үгітіне жиналған әлеуметтің ішінен, тек, еті тірі кедей жігіттер ғана суырылып шығып, байларға қыр көрсетіп, отрядқа жазылады.
«...Бізге енді атты кім береді, жолдас, соны айтыңыз» — дейді, оқыған: «...сендерге атты «ел» беру керек»... — дейді.
Оған, отрядқа алдымен жазылып тұрған Әбіш деген жігіт: «...ел бермесін атты — байлар берсін! Ел берсін десеңіз, мына отырған байлар кедейлерге шығын қылып салады. Қолымызға мылтық беріңіз, атты кімнен алуды өзіміз білеміз!..» — дейді.
Большевик болған оқыған, оған сүйсініп «бәрекелді-ай!» — дей алмайды!..
Міне, Жүсіпбектің «Ел қорғаушысы» осындай.
Ал «Ел қорғауға», қызыл отрядқа өзі тілеп кірген және ауылды қанаған банды-офицерлерді өлтірген Жүсіпбектің Ораз деген жігіті ашықтан-ашық байларды «ел» дейді.
Ораз Байбек байға айтады: «...елді қорғап жүр. Сен ел емеспісің?..» — дейді.
Және, Ораздың банды-офицерлерді неғып өлтіргенін бұл арада айта кетуге болады. Ораз бір ауылда отырғанда үстіне бандылар келіп қалады. Ораз мылтығын тығып, дереу бандыларға барып сөйлесіп, соларға жігіт болады.
Бір үйге кіріп, бандының офицерлері тынығуға жатады. Екі-үш банды-солдат ауылды тінтеді. Бір құран тауып алып шығады. Екінші үйде бір жас әйелді зорламақ болып ойбайлатады. Ораз ойбайлаған әйелдің «сүндетсіздерге» рәсуа болып жылаған дауысына, бандының «дәретсіз» қолында жүрген «жарықтық» құранға шыдай алмай, намысы қозып, қимылдап, жылдам бандының сүйеулі тұрған мылтығын алып, бандыларды атып өлтіреді... Бұл арасы да сана-сезімдері қараңғылау адамдарға әсер етуге лайық... Және де сана-сезімдері онша қараңғылау емес адамға да бір «әсер» беретін жері бар. Ол мынау: қызыл отрядқа ең алдымен тілеп кірген «Ел қорғаны» әлгі Әбіш деген жігіт қызыл ту қылып алып шығуға қызыл шүберек іздегенде:
— Қатындардың дамбалы болса да, табындар! — дейді.
Міне, Жүсіпбектің «қорғалған» «елі» Байбек байлар сияқтылар. Ал, «Ел қорғаушылары», әлгі, «алашорда» азаматтарынан енді қайран жоқ деп байларға, ақсақалдарға, билерге қынжылған оқыған мен жаңағы Ораз бен Әбіштері...
Міне, «Төнкеріс рухымен» жазылған жақсы кітап деп, 1925 жылы басып шығарған, бүгінге шейін театр үстіртінен (сахнасынан) түспей ойналып келе жатқан кітабымыз осы. «Ел қорғаны» дегеніміз осындай!..
Жүсіпбекке: «Неге бұлай жаздың?» — деп кінә қоюға бола ма!
Менімше кінә қоюға болмайды.
— Неге? — дейсіз ғой.
Неге десеңіз:
Бұрынғы патша заманындағы айтылуға тиіс «елім-ай», «жұртым-ай» деген күй патша түскен соң айтылуға тиіс емес болды. Патша заманында айтылуға тиіс «елім-ай», «жұртым-ай» совет үкіметінің тұсында еңбекшілері мен байын айырмай айтылса, онда, енді, ол «елім-ай», «жұртым-ай» тек байлардың ғана зары болатын болды. Ал совет үкіметі байлардың ашық айтқан зарын онша бетімен қоя бермейтін болған соң, «елім-ай», «жұртым-ай» өзгеріп, тек «ел», «жұрт» делінетін ғана болды.
«Алашорданың» басында болған аңғал ескі оқығандарша, Міржақыпша: «елім-ай», «жұртым-ай» деп, енді, еңбекші таптың үстемдігі жүріп тұрғанда «байлар үшін» аңғалақтамай, «алашорданың» басында болған ескі оқығаңдардай емес, «саясатты жақсы білетін» жас оқығаңдар, совет үкіметі орнағалы «ел қорғаны» — дейтін болды. Екі сөзінің бірінде «қазақ елі» — дейтін болды.
«Қазақ жұрты» дейтін болды. «Қазақ жұртшылығы» дейтін болды. Коммунист партиясында жоқ Жүсіпбек былай тұрсын, тіпті кейбір «саясатты жақсы білетін», коммунист болған оқыған адамдар да сөйтіп соғатын болды.
Бұл «қазақ елі», «қазақ жұрты» деген сөздер жаңа жаза бастаған кейбір жігіттердің де жазғандарында көп кез келеді. Патша түскелі әлеумет істеріне қатынасып, газет-журналдарға сөз жазып, әдебиетке қатысып келе жатқандардан көбінесе, «қазақ елі», «қазақ жұртшылығы» деп қоймай келе жатқанының бірі Ғаббас Тоғжанұлы. Ғаббас қазір баспаның басында жүрген қызметкерлердің бірі болғандықтан мұны айтпасқа болмайды.
Әрдайым, тапшыл бағытты мықты, айқын ұстап отыру тап тартысында, сол өзі жолына түскен таптың қазанына әбден қайнап шықпаған адамдарға қиын болатыны рас. Ондайлар түгіл әуелі, тап тартысында тақымдасып шыққан адамдардың да талайының қателесіп, тап жолынан кейде ауа басып қалып отырғандарын да білеміз.
Плеханов айтады:
«Бір таптың әсері, тек сол таптың бағытындағы жазушыларда ғана болмайды. Сол тапқа қарсы күрес ашып жүргендердің өздеріне де сол таптың әсері тиіп отыруға мүмкін» — дейді.
Бұл сөздің дұрыс екендігіне шүбә болмау керек... Кейде қателесіп, тап жолынан ауа басып қалып, түзеліп отырған адамдар бір жосын. Ал, бір сарыннан онша айқын өзгере қоймай келе жатқан жазушылардың қателерін көрсетпеске болмайды. Ғаббастың жазғандарын қарап отырсаңыз «еңбекші» деген сөз анда-санда ырымға бір кез келсе, «Қазақ елі», «қазақ жұртшылығы» деген сөздер өте жиі кез келеді.
«Еңбекші қазақ» газетінің қолға түскен бір-екі-үш номерлерін алып қарайық... Міне, 1926 жылғы октябрьдің 29-ы күнгі номерінде, Ташкендегі ашылған Педвузды құттықтап жазған сәлем сөзінде Ғаббас бүй дейді: «...күні кеше хат танырлық мектепке зар болған қазақ елі, бүгін міне, ірі оқулы, білімпаздар шығаратын институт ашайын деп отыр. Қазақ елінің тарихи ұлт болу жолында бұл институттың мәні зор... Тұңғыш институтымыздың көп жасауына, қазақ жұртшылығы атынан «Енбекші қазақ» құтты болсын айтады. Көгер, қазақтың жоғары дәрежелі түңғыш институты!..» — дейді. Және сол жылғы, «Еңбекші қазақтың» 6-шы сентябрінде шыққан номерінде де көбінесе, «Қазақ елі», «Қазақ елі» — дейді, және сол жылғы сентябрьдің 13-нде шыққан номерінде көбінесе, «Қазақ жұртшылығы», «Қазақ жұртшылығы» — дейді.
Міне, Ғаббас, бүгінге шейін осылай жазып келеді. Бұл әшейін мысал үшін ғана. Және. олай деп жазушы, баспамыздың басында отырған қызметкерлердің бірі болған соң ғана бұл арада көрсетіліп отыр. Жалғыз Ғаббас емес бірсыпыра кісілер бүгінге шейін осылай жазып келеді.
Сондықтан «ел» деп, елдің еңбекшілері мен енбексіз еңбек сорғандарын айырмай жазасың деп, Жүсіпбекке үлкен кінә қою қиынырақ көрінеді...
Өйткенмен бұдан былай «елдегі» байлар мен еңбекшілерді қосақтауды қою тиіс... Әзір осымен доғардық, керек болса, тағы да толығырақ жазармыз...
1928 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі