Өлең, жыр, ақындар

Көшпелі дәуірдегі қазақ әдебиетінің күйлерінен

«Көшпелі дәуір»деп төңкерістен бергі, еңбекші тап әкімшілігі орнағаннан бергі дәуірді айтамыз. Еңбекші тап пролетар әкімшілігі мәңгі тұруды мақсат көріп орнаған әкімшілік емес екені белгілі. Еңбекші тап әкімшілігінің мақсаты адам баласының тап-тапқа жіктелуін жойып, жер үстіне тапсыз тұрмыс жасау ісіне басшылық етіп, жалпы адам баласын социал (тегісшіл) дәуіріне жеткізу екені белгілі. Сондықтан еңбекші тап әкімшілігінің дәуірін көшпелі дәуір дейміз.

Әкімшілікті еңбекші тап таласып-тартысып қолына алып шыға келген кезде байлары бұға қалғандай болды. «Әлде қайтер екен!..» дегендей жаңа әкімшілікке қадала қалғандай болды. Қазақтың кедей, жарлы табының бірен-саран сана-сезімдері оянғандары әкімшілікке таласқан, әкімшілікті қолға алған Ресей пролетарының ұранына ат салысты. Ал қалың, қараңғы көпшілігі, әсіресе мәдениет, өнер-білім дүкен құрған жерлерден алыс жатқандары большевиктік «Совдептің» дүбірін есітіп құлақтарын түріп, тігіне тыңдап, қалаға қарай қадала қалды. Байлардың көсемдері мен сары езу балапандарының жалпы елге жарлаған үгіттерінің Арқасында: «Большевиктер ел талайды» деген лақаппен қатар кедейлер арасында: «Большевиктер байлар мен кедейлерді теңдестіреді екен, байлардың малдарын кедейлерге бөліп береді екен...» — деген лақап тараған. Кедейлердің көпшілігі елегізіп осының төркінін байқай қалғандай болды. Ә дегенде, әр жердегі, қызыл мен ақтың әскерлерінің қағысқан-соғысқан, жүрген жерлеріндегі кейбір байлардың аттары ғана мінілгені болмаса, жалпы байдың малдары қозғалынбады. Әкімшілікті жаңа ғана қолына алған еңбекші таптың үкіметі ә дегенде барлық күш-қуатты әрбір аймаққа, әрбір жерге үкімет құруға шұғылданды. Әр жердегі қашып жүрген байлар әскерінің қалдықтарын құрту шараларын істеуге жұмсады. Бұзылған, қираған, бүлінген темір жолдарды, фабрика-зауытттарды түзету істеріне жанталасып кірісті. Жалпы күйзелген шаруашылықты көтеруге ұран салып белсене қимылдады. Онымен қатар барлық еңбекші тапты ұйымдастыруға кірісті.

Ол кезде еңбекші таптың және оның туының астындағы төңкерісшілердің саны да аз еді. Қызметкерлері аз, және тәжірибесі аз еңбекші тап үкіметі, жаңағы айтқан: бір жағы бүлінген, қираған шаруашылықты түзетумен болып және әрбір аймаққа, әрбір ауданға үкімет құрумен болып және шаруашылық, жоқшылық, тапшылықпен күресумен болып, екінші жағы ақтардың әр түкпірде қашып жүрген қалдықтарын қуалаумен болып жүргенде біраз уақыт өтті. Ал, қазақтың бұға қалған байлары сол кезде бойын жиып алып, жаңа заманға жаңа тәсіл іздеді. Жылмаңдап неше түрлі лаж құруға кірісті. Байлардың көсемдері мен сары езу балапандары, пысықтары — қулықтарын өзгерте қойып, сырттарын бояп ұры итше жылмаңдап, советтің кең қазанының маңына тіміскіп кіре бастады. Кооперативке кірді. Мектепке бала оқытуға кірді. Кейбіреулері ебін тауып, партияға кіре бастады. Газет маңдарына тұмсықтарын сұға бастады. Байлардың көсемі «алашорда» бастықтары сол тәсілді қолданды...

Сөйтіп қызметкерлері аз, тәжірибесі аз еңбекшілер үкіметі ауыр, ірі істермен алысып жатқаңда, Қазақ байларының көсемдері мен олардың сары үрпек балапандары советтің майлы қазанының шетіне кіріп алды. Әсіресе салынбай жатқан салт-сана майданының бекіністеріне кірісіп алды. Бұққан байдың көсемдері мен сары езу балапандары салт-сана майданының бекіністеріне кіріп-кіріп алып, ептеп боямалап өздерінің мақсаттарын, өздерінің армандарын қалың еңбекші елдің санасына кіргізуге аласұрып кірісті. Көркем әдебиетті қолдарына алды. Әсіресе, сол көркем әдебиет арқылы қазақ еңбекшілерін советтің Коммунист партиясының ықпалына түсірмеуге зар қағып әрекет қылды.

Еңбекші тап үкіметінің өзге тығыз істерден қолы босай алмай жатқанын пайдаланып, бүркеніп, боянып советтің кең қолтығына кіріп алған байлардың көсемдері мен сары үрпек балапандарының көбі әдебиетші, газет-журналдарға сөздер жазып, жазушы болып кетті. Баяғы «аңқау елге арамза молда» дегендей бәрі «молда», бәрі «жазушы» бола қалды. Газет-журналдарға жазған сөздері арқылы — совет үкіметінің істеріне, саясатына ықпалдарын жүргізуге тырысты. Совет үкіметінің Коммунист партиясының бұлардың бірсыпырасына сенгендігінің арқасында, уездік, губерниялық, аймақтық мекемелерге кіріп-кіріп алған, бүркенген байлар көсемі «алашорданың» сары үрпек «бөбектері» совет үкіметінің Коммунист партиясының істерін әуелі ағаларының кеңестеріне салып алатынды да шығарды. Совет мекемелеріне сол ағаларының пікірлерін ұсынатын әнге басты.

Совет үкіметі орнаған кездегі бұғып қалған, қаладағы және қалаға таяу жерлердегі саудагерлер, қырдағы байлар, байлардың батагөйі молда-ишандар, бұрынғы болыс биекелер бойларын жазып алды. Елдегі кооперативтерге, мекемелерге ықпалдарын жүргізіп отыруға бет түзеді. Қаладағы көсемдері сары езу балапандарымен үн қосып, кедейлерді кекететін болды. «Бұрынғы дәуірлері бірте-бірте қайта айналып келеді...» деген үміттерін сездіретін болды. Шаруашылық, тапшылық ретінде қиындық көрген кедейлерге мырсылдап: «...е, балшайбектер кедейді жарылқамай ма?.» дейтін күйлерге басты. Отарба, фабрик-зауыттар оңдалмай, жалпы мемлекет шаруашылығы түзелмей жатқан кездердегі асығыс шыққан, сапасыз, нашар қолды нәрселерді жұрттың алдында кекететін болды.

«...е, бұл большевиктің шығарған нәрсесі ғой, шіркін, бұрынғы некеңнің кездемелері қайда?!!» деп даусын созып, аузын ашып, көзін жұмып, басын изейтін болды. Бері келе түзеліп шыға бастаған нәрселерді: «...е, бұл некендікі ғой!..» дейтін болды. Қырда, кей жерлерде ашыла бастаған коммунистік жастар ұяларын, жақсыларын да, жамандарын да түгелімен жамандауды күшейтті. Бұлар «шайкелер» дейтін болды.

Ал, қаладағы көсемдері, «алашордалар» мен сары езу балапандары совет үкіметіне жарыса өз армандарын іске асыруды күшейтуге әрекет етіп жатты. Тіпті бұлардың именбей жүгенсіз, қағусыз басынып кеткендері ол кезде сондай еді: «...Қазақтың ақ ниетті жастары коммуншыл жастар ұйымына кірмесін. «Қазақ жастарының» ұйымдарын ашсын. Коммуншыл жастар ұйымына кірсе адасады, онда Жашейке «шайке» болады»—деп советтің өз газеті арқылы жар салды. Бұлай деген Ғаббас Тоғжанов ол пікірге, «Еңбекші қазақ» басқармасы да «қосыламыз»... деп ескерту жазды. Ташкендегі совет өкіметінің атынан шығып тұрған «Ақ жол» газетінің шекесінде «алашорданың» Міржақыбы отырды. («Ақ жол» деген бұл газеттің атының өзі де екіталай мағыналы, астарлы мағыналы еді). Ташкендегі Совет үкіметі қазақ еңбекшілері үшін ашқан оқу институтының шөкесінде бірталай сыбайластары мен «алашорданың» бір «кәллесі» Досмұқамбетовтар отырды. Бұлар Қазақтың еңбекшілерін өз «салттарында» тәрбиелеп, әр түрлі кітаптар, журналдар жазып, совет ақшасына бастырып шығарып жатты. Бұлар қазақ әдебиетіне өздерінше баға беріп, өздерінің белгілі бықсық аю соқпақ жолдарын көрсетіп жатты. Омбыңа, Қызылжарда, Совет үкіметінің атынан шыққан «Бостандық туы» газетінің желкесіне «алашорда» жазушысы Мағжан Жұмабаевтар мінді. Оның қасында бұлтылдап Тоғжановтар жүрді. Семейде Совет үкіметінің атынан шыққан газет-журнал да «алашорда» шеберлерінің қолында болды. Орынбордағы Совет үкіметінің атынан шыққан қазақ газетінің төрінде де көбінесе «алашорданың» әлекелерінен бата алғандар отырды. Мәселен: Ысмағұл Садуақасовтар. (Ол кезде Ысмағұлдың бұлтылдап лақтыратын тобы Тоғжанов еді де, шиырып қоятын зырылдауық қоңырауы Байдилдиндер еді).

Сонымен, Совет үкіметі темір жол, от арба, фабрик, зауытты біраз жөндеп, үкіметті нығайтып, байлардың шашыраған қарулы «шайкелерін» құртып, тәжірибесін молықтырып, етек-жеңін жинап алғанша және ауылдағы қалың еңбекшілердің шаруашылығы оңалып бойын жинағанша, өзгеріске әбден түсінгенше, Қазақтың қырдағы байының, молдаларының, қаладағы саудагерлерінің, олардың оқығандары мен көсемдерінің сары үрпек балапандарының әрекеттеріне жөнді, жеткілікті қағу болмады. Ол кезде қағу болуға да мүмкін емес еді.

Міне, сол кездегі қазақтың көркем әдебиетіндегі үстем сарын Қазақтың сол байларынікі еді. Ал, және ол кезде еңбекші тап туының астында саясат ретінде шындап майдандасып жүрген бірен-саран әдебиетшілердің шығармаларынан сол байлар салт-санасының, ескіліктің әсерлері көбірек шалынатын еді. Бұл туралы, Руссияда Маркс ғылымының негізін салушы Плеханов айтқан: «Әр таптың, әрбір қоғамның ықпалы, әсері сол тапқа, сол қоғамға қарсы соғысып жүрген адамға да тиюі мүмкін...» деген.

Және де кей кезде бір адамдар саясат ретінде төңкерісшіл-жаңашыл таптың шоқпарын аянбай соғып шықса да көркем әдебиет, көркем өнер ретінде ескішіл таптың салт-санасынан шыға алмай жүреді. Мұндай жағдайдың болғандығы да жалпы тарихта белгілі нәрсе. Саясат ретінде төңкерісшіл болып, көркем әдебиет, көркем өнер ретінде ескішіл болғандар аз емес.

Сондай-ақ, біздің қазақтың да талайы, саясат ретінде еңбекшіл тап туының астына кіріп, большевик болып іске кірісіп жүріп, Көркем әдебиет ретінде ескішіл сарынды қуаттап жүрді. Ондайлар қазірде, міне, Октябрь төңкерісіне он бір жыл болғанда да аз деуге болмайды. Сонымен Көркем әдебиет ретінде еңбекші таптың мақсатына қарсы сарын үстем болып келді. Байлардың шебер көсемдерінің көбі «жазушы» болып алды. Сары үрпек балапандары қоразданып, «ділмәрсіп» алды. Тіпті бұрын «некеңнің» заманында қазақтың жалпы тілін жылмағайланып менсінбеген кейбір дүмбілез мырзалар да қазақша «әдебиет» сөздер «жазатын» болды. Ал Халел Досмұқамбетов тәрізді «алашорда» қу мүйізі өзінің, неше жыл оқып тапқан дәрігерлігін тастап, әдебиетші болып, кітаптар жазып шығара бастады. Қазақтың бұрынғы батырлары туралы байлар құлқымен бұрынғы айтылған өлеңдерді жинап, оған тағы да елдегі өлеңшілерге жаңадан өлеңдер қостырып кітаптар шығарды. Мәселен: «Аламан», «Исатай — Махамбет», «Кенесары — Наурызбай», «Қыз Жібек», және тағы да осындайлар. «Алашорданың» Әлихан Бөкейхановы өзінің неше жыл оқып тапқан шаруашылық, есепшілік кәсібін тастап, ол да «әдебиетші» бола бастады. Осыларша тырбанған, бұлардың одақ, қарашылары да аз болмады. Еңбекші тап көсемдерін — большевиктерді «доңыздар!.. Қоңыздар!..» деп лағнаттаған Мағжан Жұмабаев өлеңдерін бастырып таратты. Таратқанда, жай таратпады: «міне қазақ еңбекші табы, әдебиет ретінде мынадан үлгі алыңдар!..» деп таратты. Ебін тауып комсомолға, не Коммунист партиясына кіріп алған кейбір тыштырайған (алашшыл) «шікірелер» әдебиет кештерінде, сау ық ойындарда өздерінің жырларына, өздерінің әндеріне басып жүрді.

Сонымен іс жүріп жатты... Совет үкіметі күн санап нығайып бекіне берді. Темір жолдарды ондап, біртіндеп тәртіптеп жүргізді. Ашаршылықты өткізді. Фабрик-зауыттарды түзеп біртіндеп жүргізе бастады. Жаңа шаруашылық,саясаты жүре бастады. Фабрик-зауыттар біртіндеп жүре бастаған соң, жалпы еңбекші Халықтың ділгір болып отырған керек-жарақ нәрселері біртіндеп дамып шыға бастады. Ауылдағы қалың еңбекші халықтың да шаруасы біртіндеп көтеріле бастады. Совет үкіметіне қарсы әр жерде түстерін біресе аққа, біресе жасылға бояп әрекет қылып жүрген байшыл жаулар біртіндеп мылтықтарын тастай бастады. Совет үкіметі біртіндеп нығайып, тәжірибесі артып, етек-жеңін жиып алды. Енді салт-сана майданына да назарды бұрынғыдан көрі салыңқырай бастады. Газет-журналдарға бұрынғыдан көрі жете қарай бастады. Онымен қатар еңбекші таптың бірлі-жарымды жазушылары санама болса да, аз болса да, және саясат, әкімшілік, шаруашылық істерінің ауыр жүктерінің астында жүрсе де біртіндеп жазу ретінде тәжірибелеп, салт-сана майданына шығыңқырады; көркем әдебиет ретінде үн шығара бастады.

Газет-журналдардың бастарынан «алашорданың» Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сықылды белгілі ірі жазушылары кете бастады. Және де ішке кіріп алып, Совет үкіметінің ішінен шалмақ болып жүрген, «сансыз қырлы, сансыз сырлы» болмақ болып, кез келген іске «қырағылық» қылмақ болып өздерінше зар қағып заң айдап жүрген Ысмағұл Садуақасов, Ғаббас Тоғжанов қолдарынан газет-журналдар басқа қолдарға алынды. Және де ішіне кіріп алып, Совет үкіметінің ішінен шалмақ болып жүрген «алашорданың» екінші келкі жазушыларынан Жүсіпбек Аймауытұлдары Совет үкіметінің жоғарғы мекемелерінен ысырылды. Бірақ, «алашорда» жазушылары совет мекемелерінен ысырылған соң, мекеме істерінен қолдары босап, қазақтың бүркенген байларының, саудагерлерінің жаңа әдістерімен, Көркем әдебиетке бұрынғыларынан да мықты сыбана тұтынды. Бүркенген, жаңа әдіс қолданған алаяқтар «алашорданың» арманын көркем әдебиет арқылы неше түрлі сабақпен боямалап, бүркеп, перделеп күтетін болды. Өйткенмен, оларды тақымдап еңбекші тап туының астына, жақсы-жаман болсын біртіндеп жаңа жазушылар қосыла бастады. Әрине, әр нәрсе дегенде мүлтіксіз толық болып шықпайды. «Ер қосы жүре түзеледі»... Еңбекші тап туының астына қосыла бастаған әрәдік жазушыларының қаламдары Көркем әдебиет майданында көпке шейін тәлтіректеп келді. Сандары аз, оқулары аз, тәжірибелері аз болғандықтан және қазақ еңбекшілерінің жалпы сезімдері, салт-саналары екшеліп айқындалмағандықтан, еңбекші тап туының астына әредіктеп қосыла бастаған жазушылар қазақтың әр түрлі кезде шыққан әр түрлі тәсілді байшыл жазушыларымен біразға шейін белдесіп тіресе алмады. Тағы да оған қосымша: қазақтың байшыл жазушыларының боянған әдебиетін қазақтың саны көп байшыл оқығандары қуаттап көтермеледі. Әр жердегі Советтің мектептеріне кіріп алған, ескі салт-сананы қуаттаған, біліп істейтіні бар, білмей істейтіні бар оқытушылар да көтермеледі. Олар былай тұрсын, тіпті ебін тауып комсомолға, Коммунист партиясына, Совет мекемесіне кіріп алған қазақ оқығандарының талайы байлардың санасын сарындаған көркем әдебиетті сүйгіштеді. Ептеп, сүйген сусындары, сыра ішіп алса, сүйген ойындары, не карта ойнап отырса, құлақты салпитып жіберіп Міржақыптың өлеңін ыңырсып қойып жүрді. Сөйтіп жүріп еңбекші тап туралы жазылған шығармаларды андып, солардың міндерін іздеп, олардан түймедей мін тапса, түйедей қылып көтеріп жұртқа жар салып жүрді.

Бұлардың жазғандарын жамандап, шығартпауға лаждар жасады. Газет-журнал бастарынан, Совет мекемелерінен ысылыңқыраған «алашорда» жазушыларына, газетшілеріне қамқорлық қылып, оларды еңбекші таптың ақшасымен жоғарғы оқуларға жіберді, жазушылық шеберлігін, білім көбейтетін зор институтқа, университетке жіберді. Ташкендегі «Ақ жол» газетінде болған Сейітәзім Бірімжанұлы деген «алашорданың» бір «балуанын» тіпті Германияға оқуға жіберді, тағы да бұлардан басқа «талапкерлерін» еңбекші тап ақшасымен оқуға орналастырды. Қазынаның түрлі тапшылыққа шыдап, сан қиындықпен жинаған ақшаларын аямай, мың-мыңнан лақтырып, «алашорданың» жазушылары: Жұмабайұлы, Аймауытұлы, Кемеңгерұлы және басқаларының жазғандарын әдемілеп бастыртып жатты.

Өйткенменен еңбекші тап туының астына топтана бастаған жазушылар көріне бастады. Мәселен, Сәбит шықты. Бейімбет келіп қосылды. Самат пен Шолпан шықты. Біраздан соң Өтебай шықты. Елжас пен Ғабит шықты. Мәжит келіп қосылды. Соңғы кездерде Қалмақан, Асқар шықты. Тағы басқалар шыға бастады.

Әрине, бұлардың көбінің жазғандарының бәрі бірдей түп-түгел мән жағынан болсын, сыртқы түр жағынан болсын, кемшіліксіз деп мен айтпаймын. Қай жағынан болса да кемшілік бар. Жоқ болуға мүмкін де емес. Газет-журналдың бастарынан және Совет мекемелерінен ысырылған соң, «алашорда» жазушыларының жазғандары қазақ газет-журналдарынан бір-екі жылдай толық орын ала алмай жүрді. Тек, Түркістан Совет республикасының Ташкенде шығарып жатқан қазақ газет-журналдары ғана «алашорда» жазушыларының жазғандарын ірікпей басып жатты. Қазақстандағы Совет үкіметінен жылысқан «алашорданың» балуандарына Ташкент қонақ үй тәрізді болып тұрды. «Көп тұрмассың-ау!» деп, құлауын күтіп жүрген Совет үкіметі ол екі арада, күнбе-күн, жылма-жыл нығая берген соң және өздерінің біразы Қазақстанда қызметтен қуылған соң, боямалап жазғандарына газет-журналдардың беттерінен оңайлықпен орын беріле қоймай жүрген соң азырақ маңдайларына тас тиіңкіреп, «шөміштен» қысылыңқырап жүрген бірсыпыра «алашорда» балуандарының біразы енді тағы да тәсілдерін өзгертті.

«...Біз адасқан екенбіз. Совет үкіметі дұрыс екен. Коммунистердікі жөн екен. Біз енді түзу қызмет қылуға бел байладық!..» — деп бұлар тағы да іске кірмек болды. Ептеп кейбіреулері кіре де бастады. Ол кезде ауылдағы қазақтың пысық байлары, қаладағы және қалаға жақын саудагерсымақ қулары да тәсілдерін өзгертіп, Совет үкіметіне жағынып, талай жерлерде жергілікті мекемелерді дөңгелетіп алған еді. Газет-журналдарда: Аймауытұлы, Кемеңгерұлы. Олардың сыбайластары Совет үкіметіне жолдан қосылған жолдас «Жолбике..» деген сөздер шыға бастады. Тағы да «алашорданың» бүркенген ділмарлары қазақтың көркем әдебиетіне «сын» жаза бастады. Аймауытов, Кемеңгеровсыз қазақтың Көркем әдебиеті болмайды... дегендей күйіске салынды. Енді, Мағжаннан үйренбеген адам жазушы емес дегендей сұмдықты еппен айдай бастады. Қазақтың көркем әдебиетіне «сын» жазған болып, бұлар саясатқа «ғылым» қағидаларымен, «ғылым дәлелдерімен» бүркеп, астарлап, жөн айта бастады.

Еңбекшілер табының тапшыл жолымен жазылған немесе еңбекші тап мақсатын, тілегін айтпақ ниетпен жазылған көркем әдебиет журналдарына көріне кедергілер істеле бастады. Енбекші тап мақсатын айтпақ болып жазылған шығармаларға міншілер, пысықсынған «сыншылар» көбейе бастады. Октябрь төңкерісінің жемістерін қорғамақ бағытты шығармалардың кемшіліктерін, жетімсіздіктерін, түймедейін түйедей қылып көптіріп мінеп, майданнан қуалауға тырысушылар көбейді.

Көркем әдебиетте еңбекші тап үстемдігін, еңбекші тап салт-санасының үстемдігін, соның басшылығын жазушыларды қуаттамайтын болды. Ондайлардың жазғандарын күйелі кесеумен түртпектейтін болды. «Бұлардың шығармалары көркем емес, сурет жағынан он екіде бір нұсқасы жоқ».. деген. «Бұлардікі күшеніп жазылған... Қазаққа түсініксіз... көркем әдебиетке жатпайды»... деп айқын еңбекші тап мақсатын жырлағандарын жамандайтын болды. Ал, не дер екен дегендей, сырты көркем жазылған шығармаларын «бұл еңбекші тап жолына келмейді... бұл жазушының, әшейін, өзінің қиялы... ондайларды жазуға болмайды... Мұндайлармен күресу керек»... деп соғатын болды. Бүркенген байлардың, «алашордалардың» армандарын жырламаған азын-аулақ жазушылардың қия басқандарын андып, тымпиған өкін шік «сыншы» болмыстардың қараға малынған кір қаламдары сүйреңдеп алды, бүркенген байлардың көксеген жазушылардың шығармаларын «сынаған» болып және бірінің «сынына» бірі «ырза» болып, бірінің «сынына» қарсы тағы да «сын» жазған болып, «алашорда» тәсілдерімен бүркенген бай арманын көксеген жазушылардың жасыруға мүмкін болмаған айыптарын айтқан болып, екшеп келгенде нәзік ептермен мақтап, дәріптеп, қалың жұртқа жаятын болды. Ондай бүркенген тәсілді, ондай қулықты амалдарды ә дегенде тезінен байқай қою қиын... Және саясатты басқарып отыратын мекемелер күнбе-күн көркем әдебиетті тексеріп оқып, бақылап отырмайтындықтан «алашорданың» әр түрлі тәсіл қолданған палуандары салт-сана майданында, көркем әдебиет майданында, қара құсша қанатын тағы да жайып алды. Бүркенген бай-мұрадан көксеген көркем әдебиетшілер және сыншысымақтар әуелі бір қосында болса да Совет үкіметі олардың тілегінше болмай, орныға бастағаннан кейін айқындалған үш түрлі әдіс қолданып, үш түрлі қосынға жіктелді. Майдан күйі, майдандағы күрес шарттары бұлардың қосының үшке бөлінбеу еркіне қоймады. Әрине, неше түрлі құралдары, неше түрлі тәсілді әскерді қосын-қосынға бөлу — соғыстағы әскер құрылысының дүниеге жария әдіс екені белгілі нәрсе...

1-ші қосынға бөлінгендер — Совет үкіметіне қарсы әрекеттерін айқындап жүргізушілер. Бұлар өздеріне тым қауіпті кездерде ғана бүркеніп, егерде азырақ бойларын жазатындай күйге іліксе бүркенбей-ақ ақырып ұран салып әрекет етушілер, Көркем әдебиет ретінде бұлардың жыршысы Мағжан Жұмабаевтар еді.

2-ші қосынға бөлінгендер — Совет үкіметіне қарсы әрекеттерін бүркеп, перделеп жүргізушілер. Бүркенуді әндеп, күрес тәсілдерін молайтуға Советтің күшін пайдаланып, ебін тауып совет мектептерінен оқытып, «Қазақстанда — социалдық тұрмысын жасауға болмайды...» деген ішкі пікірлеріне «ғылым» қағидаларынан «дәлелдер» іздеп табуға тырысушылар. «Бұл күйінде қазақтан коммуншыл бола алмайды. Болғандар, болдық деп жүргендер коммуншыл емес» деген «қағидаларына» «тұрмыстан» «дәлел» келтірген болып, Көркем әдебиет бағыты «бұқарашыл» болу керек дейтіндер көркем әдебиетке өздерінің салт-саналарын, өздерінің суреттерін үстем қылуға тырысушылар. Бұл екінші қосынның Көркем әдебиеттегі көрнекті жазушылары: Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгерұлдары және басқалары.

3-ші қосынға бөлінгендер — жаңағы екінші қосынға бөлінгендерден де анағұрлым икемшілер, ептілер. Совет үкіметінің ішіне тола кіруді қолданғандар. Бұлар тәсілдерін, әдістерін тіпті әдемілеп өңдеп бояй білгендер. Бұлардың жазғандарына көзді қадай қарамасаң, жете абайлап, аударып, ақтарып, талдап тексермесең, сыртқы бояуларының ішіндегі дәндерінің қандай екенін оңай ғана сезе алмайсың. Бұлардың жазған сөздерінің сырттары жып-жылмағай, әп-әдемі, тәп-тәтті болып келеді. Бұлар пікірлеріне дәлелді көбінесе марксшыл жазушылардан іздеп, құрастырып «табуға» тырысады. Бұлар: «Қазақстанның қазіргі тұрмысында пролетар әдебиеті жоқ... түбінде Қазақстанда фабрик, зауыттар гулеп қаулап көбейсе, сонымен жұмыскерлер қаптап көбейсе, сонда пролетар әдебиеті болады... Қазір ешкім пролетар жазушысы емес... Болуға да мүмкін емес. Пролетар жазушылары әлі қазақ дүниесіне келген жоқ...» деп қана қояды. Қазақстанда пролетариат үстемдігін жүргізу «зорлық» екенін өз-өзінен шығарып қояды. Бұлар, ана бірінші, екінші қосындарындағы жазушыларының жұрттан жасыруға мүмкін болмай қалған айыптарын құнжыңдап мінеген болады. Олардың ішкі дәндерін бүркеуге мүмкіндігі бар шығармаларын еппен дәріптейді. Ішкі дәндерін бүркеуге мүмкіндігі бар жазушыларын Көркем әдебиет ретінде «Совет үкіметінің жолдастары, жолдан қосылған «жолбикелері» деп не дегенмен қазір, бұлардан артық жазушыларымыз жоқ...» деп, езулерінен көбік шашыратады. Бұлар қазақ ауылындағы қу, атқамінерсымақтар тәрізді. Қазақ ауылында біреуден бір шет кісі ақы даулап келіп, ақысы бар кісімен дауласса, ауылдың қу атқамінерсымағы араға түседі. Сол қу атқамінерсымақтың өзін арқа тұтып, кісінің ақысын бере қоймай отырған ауылдасын құнжыңдап әлгі қу сөккен болады. Тіпті, кейде: «ана біреу тие береді» деп жылаған баланың көңілін аулағандай, — «қоя берші, осы қолымды!..» — деп ана кісіге ақысын бермей отырған әмпей ауылдасына ұмтылған болады... Оны көріп, ақы сұрап отырған аңқаудың көңілі ырза болып, әлгі қудың айтқан бітіміне ырза болып кетеді. Бірақ, ақысын ала алмай кетеді. Және, бұл бүркенген байдың көркем әдебиеттегі үшінші қосыны — базардағы жалдаптар тәрізді. Кейде, алыпсатарлар жалдаптың ниеттестері базарға мал алып шығады. Мал керек қылғандар базарда, әлгінің малына, әрине мөлшерлі нарқымен баға бере бастайды. Малын көріп қамалап, кемшіліктерін көрсетіп айналдыра бастаған кезде мал иесіне алыпсатарға ниеттес жалдап келіп килігеді. Келе-ақ малға баға берушілер жағына шығады. Тымырайып, омыраулап жұрттың алдына шығады. Баға берушілердің малдан тауып тұрған анық кемшіліктерін о да тәштитіп тұрып көрсете бастайды. Малды көріп, саудалап тұрған аңқау шаруалар болса, аузын ашып, жалдапқа жол беріп анырайып тұрады. Аңқау шаруаларды аузына қаратып алған соң жалдап тайтаңдап, білгішсіп, малдың аңқаулар байқамайтын сыпаттарын ептеп мақтайды...

«...Ана арасы жаман... мына арасы жаман... Бірақ не керек базары кұрғырда қазір осыдан артық мал жоқ...» деп шытынады. Ақыры малды көңілдегі бағаларына өткізеді. Ал; жалдаптармен ниеттес емес бір ел шаруасы базарға мал әкеліп салса да, жалдаптар барып килігеді. Жалдап бет ниеттес, алыпсатарлар малды қамалап, малды саудалап тұрғанда, олар мен мал иесінің арасына жалдап қу келіп түсе қалады. Енді, бұл мал иесі жағына шыққан болып соғады. Малдың тізгінін мал иесінің қолынан жұлып алып, малды кеміне саудалап тұрған алыпсатарлардың малды «жөнсіз кемітуіне» қарсы сөйлеген болып шығады. «...Момын малын бүйтіп жөнсіз кемітулерің орынсыз...» деген болып тысырайды. Мал иесі аңқау шаруа, аңырайып, жалдапқа жол беріп, аузын ашып тұрады... Ішінен «апыр-ай, мынау бір өзгелерден кері жөн сөйлейтін «әділ» адам екен?!» деп те қояды. Мал иесінің оған сене бастағанын сезіп, жалдап енді, әділ адамсып, білгішсініп секиіп, ұртын томпитып алады... Бұл мал — жаман мал емес... Бірақ ана арасы, мына бір арасы кемдеу екені рас. Мына бір арасын қазіргі базар көтермейтіні де рас... Мына бір жерінің ақауы бар екені рас... Мына арасы кетік, мына арасы сетік... мына арасы кемтік... мына арасы молтақ... мына арасы солтақ... мына арасы олпы... мынасы солпы екені де өтірік емес... Бірақ малды онша жамандауға болмайды. Қайтесің, қазіргі базары құрғырдың бәрі осы! — деп тынады. Мал иесі аңқау момын есінен адасады. Малын, ақыры жалдап қудың айтқан бағасымен сатады. Міне, бүркенген байдың үшінші қосындағы көркем әдебиетшілер мен «сыншымыз» деп жүргендер жаңағы айтылған ayылдағы атқамінерсымақ қу мен базардағы жалдап қулар тәрізді... Бірақ еңбекші тап, қазір, аңқаулықтан кете бастады. Көркем әдебиеттегі бүркенген бай қуларының да қулықтары сезілетін болды. Бұл бүркенген байдың көркем әдебиеттегі үшінші қосынындағы қулары ділмарсып екі айтып, «қазақ жұртшылығы» деп соғады. Бұлар еңбекші тап үкіметін өздерінікі қылмаққа тырысады.

Әрине, бүркенген байдың көркем әдебиеттегі осы үш қосынының үшеуі де еңбекші тап мақсатын, еңбекші тап басшылығының екпінін айқынырақ суреттеген жазбалардың баспа жүзінде көрінбеуіне жандарын сала қиналмайды. Ал, ондайлар баспа жүзінде көрінетін болса, қап тесер тышқандар «тесе қарап», соның «міндерін» тапқан болып, түймедей кемшілігі болса, түйедей қылып дабырайтып, «қазақ жұртшылығына» жар салуға асық болады...

1929 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз