Біраздан бері қазақ әдебиетін, әсіресе, қазақтың халық әдебиетін жинаушылар көбейе бастады. Қазақ елі жаңа тұрмыс дәуіріне аяқ басып, мектеп, медреселері көбейіп, тәртіпке қойыла бастағаннан бері, қазақтың мәдениет, әдебиет тарихын зерттеп, бір тәртіпке қою мақсаты — Қазақстанның халық ағарту орындарының алдында шешуді керек қылған түйіндердің бірі болып келеді. Әр зат жаңадан жасалғанда төрт аяғынан нық баса, мүлтіксіз жасалмайтыны белгілі. Қазақ елінің тарихында әдебиет тарихында бірен-саран жазуға өздерінше талап қылғандар да болды. Бірақ еңбекші таптың совет мектебіне лайық тарих кітабы, әдебиет тарихы әлі де жазылып шыға алмай келеді. Былтырдан бері Алматы қаласында Қазақстанның Мемлекет университеті ашылып, білім дүкенін құрып отыр. Университет дегеніміз бұрынғы мұсылман дүниесінің дәрілфүнін делінетін жоғары дәрежелі медресесі. Бұрын ұзынқұлақтан естілетін дәрілфүнінде қазір қазақ еңбекшілерінің жүздеген жастары оқып жатыр. Оқушылар саны жыл сайын көбеймек. Жазылып шыға алмай келген қазақ тарихы, қазақтың қазақ әдебиет тарихы және де басқа осындай тарихтар, енді осы Қазақстанда білімнің ұлы қазаны, ұлы дүкені болып отырған университет маңында жазылып, тәртіптелінуі керек.
Халық тарихын, әдебиет тарихын тәртіптеп жазып шығаруға әдебиет тарихының деректері керек. Болған тиісті мағлұматтар, біраз ескі мағлұматтар, біраз тарихи әдебиет деректері қазір қазақ университеті қарамағында бар. Бұл ескі мағлұматтар дегеніміз, тарихи әдебиет дегеніміз мыналар: ескі сөздер, билер сөздері, ескі батырлар әңгіме-жырлары, қиссалары, ертектері, неше түрлі өлеңдер, әдет-ғұрып жырлары, мәселен: беташар, ау-жар, той бастар, бесік жырлары, жоқтаулар, айтыстар, ескі әңгіме-жырлар, аңшылық әңгімелері, бақташылық әңгімелері, баксы әңгіме-жырлары, тағы басқа осы тәрізді әңгіме-жырлар. Осындай заттардан құралып қазақ әдебиеті тарихынан университетте дәріс беріледі. Дәріс берілу үшін тәртіпке қойылған, тарихи аңғармен құрылған құрал боларлық қорытылған кітап болу керек. Міне сондай керекті кітаптар Алматыдағы Қазақстанның тұңғыш ашылған университеті маңында жазылмақ. Университетте тіл, тарих, әдебиет істерін зерттеп жүрген адамдар жиналмақ. Қазақтың жаңағы айтылғандай ескі сөздері де, ескі әңгіме-жырлары да, өлеңдері де, кітаптары да осы университет қорына жиналу керек. Әркім әр жерде бөлек-бөлек жинап жүргеннен, мына жалпының ортасындағы ұлы қазан тәрізді университетке жиналуы керек. Сол себепті қазақ елінің әр түкпіріндегі әлеуметшілік сезімі бар азаматтардан жоғарыдағы айтылмыш Қазақтың ескі тарихи мағлұматтарын шежіре, билер сөздері, батырлар әңгімелері, жырлары, тақпақтар, ертектер, қиссалар, әдет-ғұрып жырлары (беташар, аужар, жоқтау, айтыс,) үгіт-насихат, болжау, тағы да осы тәрізді сөздерді, әркімнің аузында айтылып жүрген осылар тәрізді сөздерді жазып, жинап, университетке жіберулерін өтініш қыламыз. Кейбір маңызды мағлұматтарға ақша төленеді. (Тиісті ақшасы почтамен жіберіледі). Жіберушілердің қалауы бойынша кей мағлұматтардан көшірме алып, тез жазулары иелеріне қайырылады. Өте-мөте керек болып отырған мағлұматтар: Асан Қайғы сөздері, Бұқар жырау сөздері, Шортанбай сөздері, Ақмола ақын сөздері, Мәшһүр Жүсіптің сөздері, әсіресе: «хал-ахуалы», Ақан серінің сөздері, өлең-күйлері, Жаяу Мұса өлеңдері, Маңмаңгердің Ыбырайының өлеңдері, Шолақ-палуан, Мәди тәрізділердің өлеңдері. Омар Қарашев өлеңдері, әсіресе «Терме» деген өлеңі. Бұлармен қатарлы да ел аузында жатка айтылып жүрген түрліше өлең-жыр, әңгімелер. Қазақтың әндерінің, күйлерінің әңгіме, тарихтары, мәселен: Бозайғыр, Бөзінген, Балбырауын, Акжелен, Сарыжайлау, Қосбасар, Терісқақпай, Қорқыт күйі, Ықылас күйі, Балабақсының күйі, Дайрабай, Тоқа, т.б. осылардың бәрі қазақтың тарихына, мәдениет, әдебиет тарихына керек мағлұматтар болады. Жіберушілерге адрес:
Алма-Ата, Карла Маркса, Дом 77. Преподавателю казах, народной литературы Сакену Сейфуллину.
1929 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі