Ақын Ақанның туған жылы 1843 жыл, өлген жылы 1913 жыл. Туып-өскен жері — Көкшетау. Ақан сол Көкшетауды мекен қылған Орта жүз арғын, қарауыл Қорамса деген кісінің ұлы. Қорамса бай болған, саудагер болған адам. Ал Ақан билер (феодал) табының мұңын, зарын зар қылған ақын.
Ақан 13 жасқа келгенше Бұхарадан оқып келген Көнтеу деген молдадан оқыған. Он үш жасқа келгенде Ақан молдасының оқыту тәртібіне көнбей, молдасымен ұрсысып, оқуды тастап кетеді. Содан кейін Ақан сауыққа, «жігіттікке» беріліп «сері» атанады. Сұлу киім, жүйрік сәйгүлік ат, құмай тазы, қыран бүркіт Ақанда болады. Қалың Атығай-Қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан саналады. Ақан қасына ылғи әнші, домбырашы, ойыншы, палуан жігіттерді ертеді. Бәріне киімді бірыңғай әсем кигізеді. Бір түсті ат мінгізеді. Бәрін бастайтын әрине Ақанның өзі болады. Өзінің де басында шоқпардай үкі, үстінде асыл киім, астында бүгілген, әсем басқан сәйгүлік. Ақанның әншілігі, үні, ақындығы ешкімді тең келтірмейді. Қай жерде той, қай жерде сауық болса, Ақан сол жерде болып, сауық, ойын-думанның ортасында болады.
Сол замандағы мырзалықты, серілікті көтерген жұрт Ақанды сері атайды.
Ақанның ескі әдет бойынша атастырумен алған әйелі 10 жылдан соң өледі, одан бір ұл, екі қыз қалады. Ұлы тілсіз болады. Әйелі өлгеннен кейін Ақан серілікті бұрынғыдан да басым үдетеді. «Дүние панилықты» күшейтеді... сұлулыққа беріледі. Сұлулықты жырлайды. Сұлулыққа арнап сұлу әндер шығарады.
Көкшетаудың жақсы жерлерін патша үкіметі ала бастайды. Мал азая бастайды. Ақаннан да жақсы жерлерді патша үкіметі біртіндеп қымқырып ала береді. Ақан кедейленеді, ылғи ойын-күлкі, сауық-мереке, думан ортасында жүріп шығарған Ақанның сұлу әндері, жалтылдаған өлеңдері Ақанның нәзік, терең қасіретті екенін білдіреді. Ақанның қасіреті өз табының қасіреті еді. Ақанның «дүние панилығы» да өз табының ішкі сырларынан туған зат еді.
Сөйтіп, Ақан өле-өлгенше сері атанып кеткен ақын. Жақсы жерден, қалың малдан айырылған соң, Ақан серілікті сопылықпен байланыстырған көпшіліктен өзін аулақ ұстауға тырысқан, жазды күні көл басында оңаша жалғыз үй қалып сарнайтын болған. Сондықтан бұған түсінбеген жұрт Ақанды перінің қызымен тұрады деп шығарған. «Перінің қызы адамзаттың сұлу үніне құмар болады екен. Сондықтан Ақанның әдемі сұлу әніне оңашада перінің сұлу қызы келіп Ақанға қосылған екен. Ақанның көл басында оңаша қалып ән шырқайтыны сол» деген сөздерді шығарған. Ақанның өлеңдерінің жұмбақ болатыны да сол — перінің қызына жұмбақтап арнағандығынан...» деп шығарған.
Ақанның көп өлеңдері қолға түспеді. Әзірше осы өлеңдерін теріп, жинап жібердік. Ақанның өлеңдерінен билер (феодал) табының ақыны екені, билер табының санасымен жырлаған ақын екендігі оның өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақанның ірі дарқан ақын екендігі де өлеңдерінен айқын көрінеді. Онсоң, Ақан ақындығының үстіне ән шығарғыш композитор. Оның «Сырымбет», «Ақкөйлек», «Үш тоты құс», «Құлагер» «Қара торғай» деген әндері — қазақ әндеріндегі сұлу әндер.
Бұл жинақта Ақанның шығармаларына толық сын жазбадық. Бұл өлеңдері тек әдебиет тарихымызға дерек бола берсін деп жіберіп отырмыз. Кейін Ақанның шығармаларына толық сын жазылар.
28-сәуір, 1934 жыл.
Алматы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі