Енді театрдың «Хан Кенені» ойнауы туралы бір-екі ауыз сөз айтайын: толықтауын кейін айтармыз...
«Айман-Шолпан» мен «Хан Кене» — қиын пьесалар. Қиындығы сол: «Айман-Шолпан» әртістің әртістік ойнаушылығымен бірге әртістің сомдалған, әдемі, жарамды дауысын керек қылатын пьеса. Міне сондықтан «Айман-Шолпан» әртіс таңдайтын, әртісті сынайтын пьеса. Сондықтан «Айман-Шолпандағы» бірсыпыра басты ролдерді әртістер көңілдегідей шығара алмай қойды. Әсіресе, Әлібек, Арыстан рөлдерін шығара алмай қойды...
Ал «Хан Кене» де әртіс тандайтын, әртіс сынайтын пьеса. Әрине қандай пьеса болса да әртісті сынға салады. Бірақ, мұндай пьесалар өте-мөте әртіс таңдайды. Ал осы екі пьесада әртістер өздерінің қандай екендіктерін көрсетті? Театр қандай екенін көрсетті?
Менің қарауымша, «Хан Кененің» бас адамдарын ойнаған әртістердің (Наурызбай рөлін ойнаған Елубай, Бопай қыз рөлін ойнаған Мәлике, Кәрібоз рөлін ойнаған Қапан) үшеуі де пьеса бойынша рөлдерін жақсы меңгеріп ойнады, өздерінің қиын ірі ролдерді де меңгеруге жарап қалғандықтарын көрсетті. Хан Кененің рөлін ойнаған Қалыбек те Кененің пьесадағы рөлін тәуір алып барды. Бірақ, бәрінен қиын рол Хан Кененің ролі еді, сондықтан Қалыбек Кененің ішкі жан, сезім кұбылыстарын тапқан, яки қою түрде көрсете алмады. Бүл 4 әртіс — Елубай, Қапан, Мәлике, Қалыбек және Серке біздің театрдың бас әртістері. Сондықтан, бұл күнде бұларға жүктейтін біздің міндетіміз де жеңіл емес деп білу керек... Бұл төрт әртістің тұрпат, сурет, бет құбылысы, шырай, ойын, үн, қимылдарындағы мен байқаған уақ кемістіктер мыналар болды.
Бұл 4 әртістің төртеуі де кейде қызулық қимылының мөлшерін сақтай алмай қалатын сияқты. Ал Қалыбек жан құбылысын кейде жеткізе алмай қалады. Және, бұлар кейде үн кұбырлысының да мөлшерін сақтай алмай қалады. Әсіресе Мәликеде бар ол мінез. Бұл үн құбылысының мөлшерін сақтай алмай қалу біздің әртістердің бәрінде де бар. Бірақ Елубай, Қапан, Қалыбек, Мәлике сияқты ірі әртістеріміз бұл кемістікті де жеңуге тиіс.
Қалай дегенмен бүл 4 әртіс қабырғалы әртіс болып қалғандықтарын көрсетті. Бірақ, енді, бұлар ойнаған рөлдерінің ішкі сезім, жан құбылыстарын типіне қарай тереңдетіп, қоюлатып, шаңқандатып көрсетуді алдарына қоюлары керек. Үн құбылыстарының, қимылдарының мөлшерлерін анықтауға тырысулары керек.
Онан соң, Бұғыбайды ойнаған Серке көңілдегідей шығара алмады ғой деймін. Оның көңілдегідей шығара алмағаны Бұғыбайдың Бұғыбай болып жазылмай, «командир» болып жазылғандығынан ғой деймін. Әйтпесе, Серке де басты ірі әртістеріміздің бірі емес пе...
Ал батырлардың рөлдерін ойнаған әртістер батырлардың тұрпат, суреттерін шығара алмады. Мұны режиссер көбірек ойлауы керек еді.
Онан соң, театрымыздың айтарлық жетістіктерінің бірі — қазіргі театр үйіндей тар аялы сахнаға бірінші мәртебе тірі атты шығаруы. Рас бұл жетіскендік. Наурызбай, Кенесарының пайдасына яки бөтен пайдасына шығып кеткендігі болмаса, қазақ театрына тірі атты шығара білгендік айтарлықтай жетіскендіктің бірі болуға тиіс. Онан соң «Хан Кененің» ойынының кей кездерімен қабаттасып отыратын Қорқыт күйлеріндей күйлерден басқа күйлері де театрымыздың ірі жетіскендігінің бірі. Бірақ бұл күйлерді Кенесары мен Наурызбайларды көтермелеуге пайдаланған («Ақбоз ат» сияқты). Егер осы күйлер Кенелерге емес патша үкіметіне қарсы қозғалыстың пайдасына жұмсалса орынды болар еді.
Бірақ, біздің театр әлі де киімге кедей. Қаһармандар аста киіп жүрген киімдерін соғыста да киіп жүреді. Кенесарының әкесінің асында киіп жүрген қызыл, жасыл барқыт киімдерін бәрі де соғыста жүргендерінде де киіп жүрді. Сондай нәрселерден өздері де тұрмысқа жанаспай жүрсе, театрдың ұтылуы күшейе береді...
Бүл жағдай «Айман-Шолпанда» тіпті оғаш тұрады. Ала шапан, барқыт шалбар киіп, қолына шолақ қамшы ұстап тойға барған Көтібар батыр, оқалы тонды інісі Арыстан Маман сияқты дүрілдеп тұрған «ойда орыс, қырда қазаққа» ықпалы жүріп тұрған, елден асқан байдың ауылын шауып, қыздарын жесір қылып алып қайтады. Сонда өзі екі-ақ кісі, қолдарында шолақ қамшы, бірінің белбеуінде қарыстай тана кездік... Осының өзі күлдіргі. Бірақ театрдың, не болмаса, пьесаның пайдасына шығатын күлдіргі емес!..
Иә, мен бұл арада «Айман-Шолпанды» айтып кеттім. Бұл туралы кейін сөйлесерміз...
«Хан Кене» пьесасын ойнағанда театрдың киімге әлі де кедей екендігі айтарлықтай көрініп қалды. Қалай дегенмен, театрымыз әлі де ілгерілер деп сенеміз. Ал «Хан Кене» пьесасы түзелер деп сенеміз!
3-маусым, 1934 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі