1921 жылы маусым айының орта кезінде «Сарысу» деген өзенді жағалап екі кісі түн қатып келе жаттық. Қарқаралы уезіне қарайтын елдегі бір апайға барып келе жатырмыз. Жездемнен неше жыл қолқалап ала алмай жүріп, енді алып келе жатқан жетегімізде бір атымыз бар. Аузымен құс тістейтін жүйрік. Жездемнің жанындай көретін, тақымына басқан жалғыз аты. Бұрын неше жыл сұрағанда бермеуші еді. Енді қырға почтовойларға көп шығатын болып һәм қазынаға ат алушылар да көбірек шыға беретін болған соң, жалғыз атын қашырып жасырып жүруге бір жағы қорқып, бір жағы беймаза болған соң, һәм бір жағы ақырында мені де қимағандықтан «Көкшыбық» атты күрсініп-күрсініп берген еді.
Өз аттарымыз да мықты, мейіздей қатқан жарау, біреуін өзіміздің болысқа қарайтын Сапақбайдікінен мінгенбіз, біреуін Қосайдар байдікінен мінгенбіз. Қырда ұры қатты. Екі орта елсіз, ұрыдан қорқып түн қатқан едік. Менің қойнымда жеті оғымен оқтаулы наганым бар.
Сарысу бойында бұрын сыңсып отыратын Кіші жүз, Алтай, Тоқа, Тарақты деген елдерден қазір бір ел жоқ. Бұрын ыңыранып, мыңғырып, шалқып отыратын дәулетті елдер соңғы он шақты жылдардың ішінде малдан айырылып, жалпы кедей болып, көп ел бұрынғыдай Сарысуға жайлауға көшіп келе алмайтын болған. Әлі де болса көшуге жүгі сиятын, көшуге шамасы келетін елдердің көбі жаңа тәртіптерге түсінбей, мал салықтарынан қашып һәм көлік салықтарынан қашып мерзімді жайлауынан, ел ортасынан қашып ауа жайылып «Сарысуға» келмей, шет жайлап алыста қалатын болған. Ал аз да болса ендігі Сарысуды жайлайтын аз елдер де қазір Сарысудан көшіп кеткен екен.
Енді Сарысудың ен бойы елсіз.
Түн қатып, түн жамылып, ат ентелетіп біз келеміз. Түн көзге түртсе көрмейтін қараңғы. Жел жоқ. Ауа тынық. Аспанды қап-қара қалың тұтас қара бұлт қаптап тұнжырап төніп, салбырап тамылжыған. Қара бұлт минут сайын қалыңдап тамылжып, лашкер, қалың жаңбыр болатын түрі бар. Ауа біртүрлі ауыр, ыстық, ауаның қапалығынан адамның тынысы тарылады.
Шұқанақ, жарық, томарлардан жалтаңдап, бойлары кішкентай болса да қараңғы түнде шоғырланып, үлкен көрінген бұталардан да аттарымыз және әрбір дыбысқа елеңдеп анда-санда пысқырып, шұлғып, құлақтарын тігіп ентелеп келе жатты. Төңірек тынысын ішіне тартқандай үнсіз, тып-тыныш, ешбір дыбыс білінбейді.
Біз азырақ адасыңқырап кеткен екенбіз. Өлкенің жиегіндегі Әйтеке деген кісінің тамына кез болдық. Сол тамға кез болған соң азырақ бетіміздің бұрылыңқырап кеткенін біліп, енді өзіміздің ауылдардың тұсынан тура шығып жүруге және жаңбыр жауып кетсе өзеннің бойындағы көп тамның, біріне қорғалап паналауға өзенді жоғары өрлеп жүрдік. Өзеннің суы жылда құрып тартылып, азырақ қана арнасының түбінде аттың шашасынан ғана келетін су қалатын. Биыл да сондай екен, арнаның жарынан онша алыс кетпей ақырын жүріп келе жаттық. Өзеннің бойында жарлардан басқа ши, томар, шұқанақтардан басқа жаңбыр жауса паналайтын ешнәрсе жоқ. Жалғыз-ақ жөнді пана боларлық нәрсе — өзеннің екі жағында жағалай салынған баяғыдан бергі үлкендердің тамдары.
Әйтеке тамынан бері екі шақырымдай жоғары өрлеп шығысымен күнбатыс жақтан азырақ, ұйтқып жел тұрды. Жел тұрысымен іле аспан күркіреп, бетімізге жаңбырдың үлкен-үлкен тамшылары тие бастады. Сол минутта қамшылар жағымыздан шарт-шұрт етіп найзағай жарқылдап, жел қаттырақ ұйтқып, екпіндеп жаңбыр да құйып жіберді. Найзағайдың шартылдағанынан, жарқылдағанынан аттарымыз да осқырысып жалт-жалт етті. Қасымдағы Айтжан да: «Ойбай, ал енді өлмей Құлатай тамына жетейік, енді алдымызда көп алыс емес шығар...» — деді.
— «Шу!» деп баса-көктей сүріне-қабына жүріп кеттік. Жаңбыр шелектеп құйып кетті. Түн бұрынғыдан да меңіреу қараңғы болды. Тағы да нақ төбемізден найзағай шатырлап, оты қараңғыда атқан мылтықтың оғындай отқа қып-қызыл қылып алып сілтеген сым темірдей көз ашып-жұмғанша жарқ-жұрқ ете қалғанда аттарымыз да тағы селк-селк етіп, осқырып, селтілдеп үркісті, менің де көздерімнің оты жарқ ете түскендей болды. Жаңбыр екпіндеп құйып тұр. Лезде ыстықтап жеңілтектеніп келе жатқан үсті-басымыз суға малшынды. Үйткенмен көп кешікпей- ақ, жығылған-сүрінгенімізге қарамай ентелетіп аттарымызды осқыртып Құлатай тамына келіп қалдық.
«Құлатай тамы» деген жалғыз там емес, әртүрлі дөңгек, шошақ., төрт бұрышты, жадағай, биік, аласа тамдары бар, жай үлкен, кіші молалары бар, ескі, бұзыла бастағандары бар, бұзылмағандары бар, көп там. Бұл жерге ең алдымен Құлатай байдың тамы салынған соң бұл тамдардың бәрінің сыртынан «Құлатай тамы» деп жүреді. Өлсе де байды құрметтеп, біз тамдардың қасына шегініңкіреп, осқырып бұртаңдаған аттарымызды айдап келе бергенімізде жаңбыр біраз сиректеп, найзағай тағы да әдейі біз молалардың, тамдардың бұзылған, үңірейген-саңырайғандарын көрсін дегендей шарт-шұрт етіп, тамдардың үстін жап-жарық қылып жіберді. Айтжан тамдарға келген соң, өз ауылына келгендей қуанып:
— һа-һа! «Қай тамға енесіңдер» деп, жарық қылып тамдарды көрсетуін!.. Отағасы ғой, Құлекең тамына-ақ қонақ болайық!.. — деп тамдардың, молалардың үсті жаңа жарық болып кеткенде талай тамдардың, молалардың бұзылған, құлаған үңгір-саңғырларын ап-айқын көріп қаттырақ осқырып, қорқып-үркіп шегінген атын айдап тебініп үлкен тамға қарай жүрді. Мен де жетек атты айдап, өз атымды тебініп Айтжанның соңынан жүрдім.
Осқырған аттарымызды тебініп, ақырын айдап Құлатай тамының жанына келдік.
Мен неден екенін білмеймін алаңдап, бұрын талай түндерде жүргенде талай тамдарға, талай тау, тасқа, талай иесіз қораларға түнеп жүргендерімде міз бақпайтын жүрегім азырақ лүпілдегендей болып, көңілім қобалжып елегізгендей болды.
Сүйтсе де аттарымызды айдап тамның ат байларының ық жағына келіп түсіп, аттарымызды байлап тастап, тамның бұзылыңқыраған есігінен ішіне кіріп-кіріп келіп, тамның оң жағына шығып барып, бір-бір тіземізді бүгіп, тамның іргесіне арқамызды сүйеп отырдық. Айтжан отырысымен күбірлеп «құран» оқи бастады.
Тамның іші қараңғы. Жаңбыр шелектеп жауғанын қойыңқыраса да жел басымырақ қаттырақ ұйтқып соғып, Құлатай байдың заманында қалың, биік қылып салған үлкен бутылке тәрізді, төбесі қос тәрізді дөңгелек биік шошақ, төбесін иіп келіп, бүрістіріп, қыштың өзімен қалап жапқан тамын азырақ ызыңдатып, жел өте қатты ұйтқып соққанда азырақ солқылдатқандай болады. Тамның бүрістіріп иіп келтірген туырлығының жоғарғы жағының екі жағында терезенің орнына жарық түсіруге істеген екі тесігі болатын. Бірақ ол тесіктері қазір қараңғыда көрінбейді.
Найзағай жарқылдағанын қойған жоқ. Айтжан күбірлеп құранын оқып болып қолын көтеріп батасын қыла бергенде аспан қақ айырылғандай болып найзағай шатыр-шұтыр еткенде, қараңғы тамның іші көзді ашып-жұмғандай уақыт жап-жарық болып кеткенде, тамның ішіндегі үш-төрт қабырдың ар жағында қара бірдемеге оранған, шатынаған үлкен көздері адамның сыртынан өтіп кеткендей, тамның іргесіне жабысып отырған біреу көзіме елестей қалды. Айтжан бата қылуға көтерген қолымен бетін сипамастан менің жеңімнен ұстап, тартып, дірілдеңкіреп сыбырлап: «Болат... Ойбай... көрдің бе?.. Кісіні көрдің бе?.. Тамның іргесіне жабысып отыр?..» — деді.
Мен де сыбырлап: «Ия, маған да бірдеме көрінгендей болып қалды...» — дедім.
Айтжан: «Сен анық көрдің ғой? Анық кісі... Бізді о да көріп қалды... Ол бізді әбден көрді... Енді қайттік? Ойбай, ақырын шығып кетейік...» — деп, менің жеңімнен тамның есігіне қарай тартты.
Мен өзім де қорықсам да, тамның есігінің қашықтығы бізге де, һәм отырған затқа да бірдей болған соң сыбырлап, ақырын Айтжанға:
«Тұра тұр... Ол бізге қастық қылатын бірдеме болса бізді шығара ма? Егерде адам болса бір сөз қатайық. Егерде бізге қастық қылатын адам болса, аң, хайуан болса да біз де қару қылайық, қорықпа, бәкіңді ал, ашып ал... әйтеуір аянбау керек. Қорықсақ қор болғанымыз...» — дедім.
Айтжан сыбырлап: «Ойбай, өзі адам емес-ау деймін...» — деп қорқыңқыраған соң мен сыбырлап: «Тамға әкелген өзің!.. Енді не көрсек те бірге көрейік, тырп етпе!» — дедім.
Айтжанның сөзіне қарамай қойнымдағы наганды суырып ала бергенімде найзағай тағы да шартылдап жарқ ете қалғанда қабырғаға жабысып отырған адам тағы көрініп қалды.
Наганды төсеп жолдадым:
— Мұнда кім бар?.. Кім мұнда отырған?.. Кімсің, жаумысың, елмісің?.. Жөніңді айт, жау болсаң атам!.. — дегенімде:
— Аллай-ай. Өздеріңіз кім едіңіздер?.. Ағатайлар-ай, өздеріңіз жай кісі ме едіңіздер?.. Мен... бір мүсәпір адаммын жауыннан қорғалап отырған, бағанадан бері сіздерден қорқып отыр едім. Өздеріңіз кім едіңіздер?.. — деп, отырған адам қимылдап орнынан тұра келгендей болды.
Жіңішке қалтыраған даусынан, сөзінен бұл адамды әйел екен деп ойладым. Және бір жақын адамы өліп осы тамның ішіне қойылған шығар да, соған бұл әйел келіп отырған шығар. Бірақ маңында жаяу келерлік жерде ел жоқ болса керек қой?.. Бұл қайдан келіп отырған әйел?.. «Жаңбырдан паналап отырмын», — дейді. Қайдан келіп паналап отыр бұл...» деген ойлар тез лезде ойыма келді де:
— Қорықпаңыз, біз жау емеспіз, өзіңіз әйел адамсыз ғой, мұнда нағып отырған адамсыз?.. Қайдан жүрген адамсыз?.. — дедім. Әйел жыламсырап:
— Мен бір сорлы... Өздеріңіз кім едіңіздер?.. Қай елсіздер? — деді.
Мен
— Тоқамыз, қаракесек жағына барып, түн қатып келеміз... жаңбырдан қорғалап келдік тамға... — дегенімде әйел:
— Ағатайлар-ай, бауырларым екенсіңдер ғой. Маған бір жәрдем қыла көріңіздер... Meн қарындастарыңмын... Мені Арыбайдағы Жоламан Оқас ayылдарына жеткізіп тастай көріңіздер... Мен сол Жоламан Оқастың баласы Құдайберген дегеннің қызымын...» -дегенде қасымдағы Айтжанның да не сөйлегенін есітпедім, өзімнің де тағы нелер сөйлегенімді білмеймін, әйтеуір: Қарағым-ау, Бәтжан... Бәтжанбысың?.. Ойпыр-ау!.. Бәтжан... Бәтжан-ау!.. – деп Айтжан екеуміздің бірдей қараңғы тамның ішіндегі қабырғаларға сүріне-жығыла, малтыға әйелдің қасына қалай барып қалғанымызды білмеймін... Енді Бәтжанның кім екенін келесіде айтамын...
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі