ОРАЛ ГУБЕРНИЯСЫ
8-қазанда сәске кезінде Орынбордан шықтық. Мінгеніміз автомобиль. Орал өзенінің көпірінен өтіп, күнге қарсы, Орал губерниясына бет алып, сырғаната жөнелдік. Күн ашық, азырақ салқындау болғанымен, күзге салымғы жанға жайлы шуақ күн.
Қаладан ұзағанша жолдың кедір-бұдырынан бұлтаңдап жайырақ жүріп отырып, қаладан ұзап үлкен жолға түскен соң, автомобильді қаттырақ жүргізіп, бірте-бірте қыздырып, гүрілдетіп Орал губерниясы қайдасың деп жөнелдік.
Селдіреген боз шөпті, түрсіз, көріксіз, көңілсіз дала. Көлбеген кең дала. О жер, бұл жерде көрінген қара: шабылып үйілген пішен, ілбіген егіз, не түйе, не аттың соңында өзі де бүкшеңдеп жер жыртып жүрген адам. Қарайған үйшік. Доғарулы арба.
Көсілген кең дала, далада көрік жоқ, көрік жоқ дегенім: мал жоқ. Жыланша иреңдеген жол. Жолмен дүрілдеп қарсы сабалап беттен ұрған сары желді қақ жарып, екпіндеп, аңқылдап, күрсілдеп, екі жақты кезек сабалап автомобиль келеді. Дала бір қалыпта. Көз тоқтайтын көрік жоқ. Түйдектеп қаптаған қалын бұлттай қалың ой басқа жиналуда. Автомобиль желмен ерегесіп ызыңдап, өршіп, екпіндеп жүйткиді. Бір қалыпты көңілсіз, түрсіз, сұр дала бұлдырлап, айнала жүгіріп артта қалуда. Ентіге асығып, зырылдап автомобиль жүгіруде. Қара бұлттай жиналып қаптаған қалың ойдан алып қашып, автомобиль жұбатпақ болғандай, шайқалта тербеп, қоймастан изеп, алдандырып ырғайды. Анда-санда жолмен келе жатқан мыжырайған жүдеу өгіздерге ескі салдыраған ағаш арба жеккен жүргінші қазақтар кездеседі. Гүрілдеп құтырып келе жатқан автомобиль алыстан сақтандырып арқырайды. Жүргінші сорлы қутыңдап, ербеңдеп, өгізін қақпалайды. Өгіздер тұғжыңдап, қырындап, жолдан шығып, бүлк-бүлк желеді. Ағаш арбаның сынық дөңгелегі қиралаңдап, қыңсылап жылағанын жиілетеді...
Екі-үш казак-орыс поселкелерін басып, аралап өттік, бұлардың да түрі көңілсіз. Себебі кедейлік.
«Елек» деген ояздық қаланы басып аралап өттік. Бұ да сол поселкелер тәрізді. Көшеде ойнап жүрген балалар шуласып, тас атқылап қалады. Өйткені одан басқа, балалардың күн ұзын істейтіні жоқ.
Тәрбие жоқ.
Бірнеше ауылдарын аралап өттік. Киіз үй көрінбейді. Қайдан болсын?.. Жұрттың көбінде қой тұқымы жоқ. Әм қойдан басқа малдың да тұқымы шамалы. Қазақтың бәрі балшық үйлерде. Көбі үй емес, үйшік. Бір үйдің маңында екі-үш, болмаса одан да көп бұзылып қалған үйдің үйілген балшықтары. Сыпыра кедейлік, сыпыра жарлылық. Жай қыбырлап күнелту. Күн санап өмір өткізу.
Автомобиль қорасына кірді. Қазақтар көбірек жиналып бәрі таңырқап, шұқылап, айналып автомобильді қарап жатыр. Кейбір үлкендері балаларға: «Әй, қойсаңдаршы, «автомобильді» көрмеп пе едіңіздер?.. Былай тұрсаңдаршы, шіркін!» — дейді.
Жас жігіттің үйіне кірдік. Үйі қаракөлеңке. Үйінің іші тозаң, қоныс сасиды. Иісі шыққан кәресін шамын жақты. Үй — лас, кірлеу.
Қайтесің?.. Қазақ үйінің көбі сондай. Шешініп тысқа шықтым, жан-жаққа қараймын, мал көрінбейді. Маңайыма жиналып келген қазақтардан сұрадым: «Ең байларыңның малы қанша?» — деп.
«Ең байымыздың он шақты қойы бар, бес-алты сиыры бар, бір аты бар...» - деседі.
Жан-жаққа қараймын: ешбір бейсеубет тыста жүрген мал көрінбейді. Бірен-саран үйлердің алдында бірлі-жарым қара мал көрінеді. «Қазір не күн көріп отырсыңдар?.. Енді, мына қысты күні қайтесіңдер?» — дедім.
«Қазір әйтеуір жалғасып-ұштасып отырмыз... Қысты күні тағы да құдайдың салғанын көрерміз деп отырмыз...» — десті.
Киімдері де тозған. Кейбіреулері ғана жинақты.
Біраз сөйлесіп үйге кірдім. Шай іштік. Қазақтар да бірте-бірте жиналып үйге отырды. Әр түрлі шаруалары туралы сөз сұраймын. Жауап береді. Өздері де сөз сұрайды. Мен де түсіндіріп жауап беремін.
Жұрт тараған кезде, біраздан соң бізді үйіне ертіп әкеп қондырған үй иесінің жігіт баласы: «Сізден қатты ұялып отырмыз, қазақтың әдеті бойынша мал соя алмай отырғанымызға», — деді.
— Ойбай, неғыласың, бізге малдың керегі жоқ. Біз тамақ ішпейміз. Шай іштік сол болады, әуре болып ұялмай-ақ қойыңыз, — дедім.
Жатар уақытта: «Тарыдан істеген бір ас бар еді, ішесіз бе?..» — деді.
— Жоқ, неғыласың, менің ас ішкім келмейді, міне, жолдастарым ұйықтап қалды... — деп, мен де жаттым.
Ия, хал осындай. Орал губерниясы жалпы кедейлікке түскен.
Ертең ертемен жүрдік. Жолшыбайғы халықтың кедейлігі жалпы бір қалыпты.
Жол бойында келе жатқан жүргінші көресің. Жүк алып келе жатқандардың ат жеккендері көрінбейді. Көбінесе өгіз жеккен, өгіз болғанда қазақтардың жеккендерінің көбі жас өгіз, тайынша, ұрғашы сиыр әм бұзаулы сиыр жеккендері де бар. Рыдуан арбаға бір сиыр, бір түйе жеккендері де бар. Арбалары ылғи төрт аяқты ағаш арба. Тасығандарының көбі пішен, отын әм азын-аулақ астық. Орал қаласына келдік. Қазақтар «Теке» қаласы дейді. Казак-орыстар «Жайық» қаласы деген екен. «Орал» қаласы деп қашан аталғанын білмеймін.
Қаланың өзінің кедейлігі барлық Қазақстанда жоқ шығар. Қираған, бүлінген, құлаған, үңірейген қала. Тап соғыстан қалған зардап, тап соғыстан қалған қаланың жарақаты көпке дейін бітетін емес. Бір сау қалған үйдің маңайында екі-үш бүлінген, үңірейген, аңырайған үйлер. Әлі де болса бірте-бірте бүліне беру тоқталған жоқ. Театр жоқ. Кинотеатр жабылудың алдында. Барушы аз. Көрсететін суреттері де нашар. Үйінен тамшы ағады. Отырған аз ғана халық шекілдеуік шағады. Үйінің өзі тар. Қысқасы, қай жерге барсаң да кедейлік.
Школдарын, оқу үйлерін араладым. Жалғыз кеңес, әм партия школасы жақсы, өзгелері нашар. Школдары: педтехникум, промтехникум школа, ауылшаруашылық школасы, кеңес-партия школасы, 2-басқыш школасы.
Бұлардың қай жағынан болса да кеңес-партия школасынан басқаларының жайы нашар. Қазақтан оқушылар аз. Бұрын тіпті қазақ балалары жоқ болады екен. Биыл ғана аз-аздап қазақтан алыпты. Онда жалпы саясаттың бағытымен әм Орынбордың көрсетуімен алған болса керек.
2-ші басқыш школа дегендерінде бір де қазақ жоқ. Білмеймін, бұрын мұнда оқу ретінде Орал губерниясы, Орал қаласы не істегендерін. Бұрын 4 — 5-ақ қазақ балалары оқиды екен!
Әлгі Оралдың «кедейшіл» жігіттері әм «қазақшыл» жігіттері не көріп жүргенін білмеймін: бұлардың бәрі де өздерімен болып, оқу ісіне қарамайды. Білмепті, көрмепті!
Биыл ғана біздің жолдас Нұғыман Залиповтың көрсетуімен ғана, азын-аулақ қазақ жарлыларының балалары алыныпты.
Партия істері де, әм ұйым істері де өте нашар. Әйел әм жастар арасында іс жоқ. Бұлардың басқарушыларымен сөйлесіп, мұның лайықсыз, нашар екенін айтқан болдым. Оқуда қазақ әйелдері де жоқ екен. Кеңес әм партия школасына қазақтың бес қызын алатын болды. Мұның үшеуін Жымпиты уезінен жіберттім.
Әр мекемелерді аралап көріп, 10 шақты күннен соң Жымпиты жүрдім.
ЖЫМПИТЫ УЕЗІ — «АЛАШОРДА» ОЙНАҒЫ
Орал қаласынан Жымпиты уезі 130 шақырымдай. Біз Орал қаласынан күндіз сағат 12 шамасында шықтық. Мінгеніміз — автомобиль. Жымпиты Орал қаласының күншығыс-оңтүстік жағында.
Жүйткітіп қаладан шығып, Орал өзенінен салған ағаш көпірден өтіп, өлке бойының кедір-бұдыр жерлерінен жайырақ жүріп отырып, қырға, жазыққа шыққан соң, қара жолмен қаттырақ басып аңқылдадық. Жел біресе оң жағымыздан, біресе сол жағымыздан сабалап, желдің дыбысынан автомобиль үстінде келе жатып сөйлескен сөздеріміз бастарымызды таяп қатты дауыстағанда ғана естіледі.
Жол бойы көзге түсетін баяғы кедейлік, баяғы нашарлық. Жол бойы жүріп жатқан саудыраған ағаш арба, рыдуан. Жеккен көліктері — мойындары ырғайдай өгіз, көбі тайынша, құнажын. Сиыр жеккендер де бар.
Парлап (жұптап) бір сиыр, бір тайынша жеккендер де бар. Арбаның үстінде зеңгіген қазақ. Бізді көргенде көш жерден ерінсе арбасынан түспей, ерінбесе арбасынан түсе қалып, тырбаңдап жолдан бұрып өгізін қақпайлайды. Біз келіп қасынан сыдыртып өте шығамыз. Кейбіреулері аңырайып қала береді. Кейбіреулері айқай салып, қолын сілтеп қалады...
Жол бойы қазақтың қыстаулары да кез болды. Үйлерінің маңайында қыбырлаған қара көрінбейді. Жалғыз-ақ шәуілдеп «Майлыаяқ» шығып, біраз жерге шейін шығарып салып қайтады.
Екі көзім жан-жақта. Көзге қара-құра көп түспейді. Тау жоқ. Бұтақ жоқ, көл жоқ, өзен жоқ. Жалғыз-ақ бір-екі өзенсымақтан өттік. Бұлар құр үңірейген қуыс жар. Жағаларында бұта, тал, қамыс көрінбейді. Сулары ащы тәрізді, түрлері жаман. Қараймын, құр белең-белең тартқан сары дала. Анда-санда шауып үйіп қойған пішен көрінеді. Кей жерлерде шөмеңдеп жер жыртып жүрген адамдар көрінеді. Кей жерлерде бірен-саран мал көрінеді. Белең-белең тартқан сары дала, шұрқырап қау жерді иіскеп жатқан қалың жылқы жоқ. Будай болып қаптап, жайылып жатқан қоралы қой жоқ. Өркештері баладай, жүргенде дір-дір ететін маңқайған түйелер жоқ. Жылмиған, өң жоқ, түс жоқ боз дала.
Жерінің топырағы көбінесе боз. Шаң...
Күн еңкейген мезгілде Жымпиты қаласына келдік. Қаланың жанындағы бір жымпиған, жылмиған, өзеншіктен салған кішкене тақтай көпірден өттік. Қалаға кірдік, қала қазақ қаласы, қалада орыс тіпті аз ғана; бірақ қаланың өзі қала емес, орыстың поселкесінен кішкене, шикі балшықтан салған қазақтың үйлері әм үйшіктері. Көше жоқ десе де болады. Қаланың ортасында төбесін шатырлаған 3 — 4 үй бар. Сол үйлерде — мекемелер. Қала әлгі өзеннің жағасындағы бір сортаң жерге салынған екен. Азғантай дымқыл жаңбыр болса, аяғың жерге жабысып қалады. Галошыңды алып жүру қиын. Қаланың ішінде балшықтары төбе болып езіліп, үйіліп жатқан бұзылған үйлердің орындары көп.
Қаланың шетінде екі тәуір үй бар. Біреуі қызыл күйдірген тастан салынған, патша заманында қазына салдырған қызыл үй. Бұл бұрын аурухана үшін, школа үшін әм болыс мекемесі үшін қазына тарапынан салдырылған үй. Қазірде мұнда аурухана әм балалар жатады.
Екіншісі доктор Көсепғалиевтің үйі. Басқа шатырлы үйлер — мекемелер тұрған үйлер. Көбі бір бөлмелі, екі-үш бөлмелі аласа үйлер. Біз қазақ жігіттері жиналып тұрған шетірек үйге таман қомға келіп тұра қалып, қайда түсеміз деп сұрадық. Бізді уездік исполкомға алып келе жатып, жолдағы уездік партия комитеті мекемесінің алдына тоқтадық. Мекемеден комитеттің хатшысы шығып, бізге даярлаған пәтерлеріне алып келді. Сол екі арада қазақтар, ноғайлар да бәрі жиналысып, автомобильдің соңынан еріп, ентелеп, біздің тоқтаған үйіміздің жанына келді. Біз үйге кірдік. Кішкене 5-6 терезелі, екі бөлмелі, шатырсыз шикі тастан салынған үй. Иесі татар.
Шешініп отырдық. Жуындық. Бізді оңаша тастап кетті. Жуынып, шай ішіп тынығып отырдық. Кеш те батты.
Біз Жымпитыға қазанның 18-де келгеміз. Ол күні тынығып, ертеңінде, 19-күні уездік исполкомға әм партия комитетіне бардық.
Әдейі көзімізбен көріп, өткізуге келген Жымпитының уездік кеңес жиылысы 20-да ашылмақ еді. Ал елден уәкілдер әлі толық келе қойған жоқ екен. Аз-маз істерімен таныстық. Қала өте кішкентай. Өзі қазір кедей, әлсіз, нашар. Школа, мектеп жоқ. Жалғыз-ақ біраз балалар жатқан екі үй бар. Сол балалар ғана оқиды. Онан соң татарлар мектеп ашпақ. Театр жоқ. Бір клуб бар. Сонда анда-санда қазақша әм татарша ойындар (спектакльдер) қойылады. Кинематограф жоқ. Бір мешіт, бір шеркеу бар. Өзге керекті заттары жоқ болса да, Орал губерниясында мешіт, шеркеу әр ауылында-ақ бар. Дүкен жоқ. Уақ-түйек балағандар бар. Олардың өзі де кедей. Қалада жұмасына бір мәртебе базар болып тұрады. Бұл базар патша заманынан, әлгі аурухана болған қызыл тас үй салынғаннан бері болып келе жатқан базар екен. Базарына қаланың жан-жағынан, уезден әм басқа көршілес уездерден де халық көп жиналады екен. Базарға әкелініп түсетін малдар: тірі мал, әртүрлі өлі мал; қой, сиыр, түйе, жылқы, тері-терсек, май, ет, астық, отын, ағаш, пішен әм басқа сондай заттар.
21-не шейін кеңес жиылысы ашылмады. Бірақ қазақтың жаудырған арыздары бізді жұмыссыз қылған жоқ. Көбі салықты ауырсынған кедей сорлылар. Онан соң «зорлық қылды», «сайлауды теріс істеді» деген арыздар. Мен арыздың көбін қасымдағы Орал губерниясының кеңес комитетінің төрағасы Киселевке сілтеп отырдым.
Қаладағы іс басындағы жігіттермен танысып сөйлесіп, қаланың әм уездің хал-жайын білген болып жатырмыз. Уезде бір де орыс жоқ. 12 болыс шикі қазақ. Әрі болса барлық Қазақстанда, бері болса Орал губерниясында оқығандары көп уез — осы Жымпиты уезі. Доктор да мұнда, юрист те мұнда, полковник те мұнда, полицмейстр де мұнда, чиновник те мұнда, агроном да мұнда, прапорщик те мұнда, сорлы учитель де мұнда — міне осының бәрі де осы Жымпиты уезінде туған. Көбі қазір жоқ, бірақ қазіргі бары да көп. Талайы күллі Қазақстанға белгілі қу мүйіздер осы Жымпиты уезінен шыққан. Жымпиты уезі қазақтың түрлі партиясына да бай, әңгімесі көп болған уез. Бір заманда Жымпиты уезі «Алашорданың» ойнағы болған, алашорданың Қазақстанда ту тіккен жері Жымпиты болған. Жымпитыда «Алашорданың» күнбатыс үкіметі болған. Әскері болған. Әскер бастықтарын даярлайтын школдары болған. Әскери уәзірі болған. Қазір қазақтар ол заманды «ханның» заманы дейді. Бір қазаққа мен: «Хандарың кім?» — дедім.
— Е, білмеуші ме едіңіз?.. Жаһанша емес пе?.. — деп қазақ таңырқап маған қадала қарап: — Сіздің затыңыз кім болады? Не ел боласыз?.. Қай жердікісіз?.. — деді.
Уай, бір заманда олар да бір гүрілдеп жүрді-ау! — деп біреулер қояды.
"Алашорданың» туын тіккен үйінде қазір жетім балалар жатады. Ханның жатқан үйінде қазір партия комитетінің мекемесі бар. Ханның бас уәзірінің, «ханның ақылгөйінің» — Халелдің жатқан үйінде қазір бір мекеме тұрады. «Алашорданың» казак-орыс офицерлерінен оқыған юнкерлері — прапорщиктері (әскер бастықтары) қазір тозған. Кейбіреулері қазір Коммунист партиясына кірген.
Жымпиты жігіттерімен сөйлесіп, әңгімелесіп тыңдап отырсаң, едәуір қызық қылып «Алашорданың» үкіметіне солдаттардың қарсы бунт шығарғанын сөйлейді. «Алашорданың» қазақтың үй басына жалпы салық салып жинағанын айтады. Хандардың пәтерлерін күндіз-түні солдаттардың күзетіп тұратынын сөйлейді, қысқасы «Алашорданың» аз ғана күнгі ойнағы талай әңгіме қалдырып кетіпті.
22-сі күні уездік кеңес жиылысы ашылды. Жиылыс клубта ашылды. Жиылысқа келгендердің ішінде орта дәрежелі оқуы бар 30-дан аса уәкілдер бар екен. Жоғарғы дәрежелі оқуды бітіргені біреу-ақ. Мұның біреу болған себебі — көбі бытырап кеткен. Әм кеңес сайлауына кірмейді.
Бірақ осынша оқығандары бар жер бола тұрып, Жымпиты уезі әр нәрседен көп артта қалған екен. Әйел мәселесі бұларда әлі бұрынғы күйінде, хатте бұрынғыдан да жаман. Уездік кеңес жиылысына бір қазақ әйелі келген жоқ. Болыстық әм ауылдық кеңестерге бір әйел өтпесе керек. Жымпитының уездік атақты қаласында бір мектеп жоқ.
Әкімдікке таласып сүзіскен еркектер (ерлер емес, еркектер) сайлау бастарына әйелдерді сан көбейту үшін әкеліп, өздері кеңестерге кіріп-кіріп алса керек. Сөйтіп Жымпитының уездік жиылысына да ешбір ел бір әйел өткізбепті. Өздері қампайып- қампайып оқып алған дәулер кейінгі жастарды оқыту үшін Жымпитыға бір мектеп аша алмапты. Жиылыста дәл оқу мәселесі қаралды. Әм Жымпиты қаласында мектеп ашпақ болыпты.
Әйтеуір ең тәуір жері — қазіргі сол Жымпиты уезін басқарып жүрген жастар талапты. Олардың өздерінің көп оқулары жоқ, бірақ ниеттері, екпіндері, беттері жақсы.
Жиылысты көңілдегідей өткіздік. Бұрын жиылыс әм кеңсе істері орыс тілінде әм қазақ тілінде болады екен, бұл жолы жиылыс жалғыз қазақ тілінде ғана болып, кеңсе істері де қазақ тіліне көшті. Бұған жиылыстағылар өте көңілді болып, Ленинге, Калининге қазақ тілінде құттықтап сәлем хат жіберді.
Жиылыс ашылған соң уәкілдерге арнап жастар сауық кешін жасады. Сауыққа өздері бұрын ойнап жүрген «Қызыл сұңқарларды» қойды. Үйінің нашарлығына қарамай, көп керекті нәрселерінің жоқтығына қарамай, жастар сауық кешін тәп-тәуір өткізді.
24-ші қазанда жиылыс бітті. Уездік исполком сайланды. Он бір адам. Бұрын исполкомның төрағасы орыс екен, енді қазақ болды. Жымпиты уезінде оқыған адамдар көп болса да, қазақша газет, журналды көп оқымайды екен. Қазіргі іс басында жүрген жастар бастап халық арасына біраз «Еңбекші қазақ» газетін таратты. Және менің тапсыруым бойынша үш қазақ қызын Орал қаласына кеңес әм партия школасына оқуға жіберді.
Жиылысы бітетін күні базарлары болды.
Базар маған ұнады. Базарға келіп түсетін нәрселер жоғарғы айтылғандар. Базары толық, базардағының бәрі қазақ шаруасының жемістері. Келушілер қазақ. Аз-маз орыстар да бар. Ауыл шаруасының шығарған нәрселері көп арзан. Халықтың кедейлігіне қарамай нәрсенің бағасы бұрынғысынан көп төмен. Себебі халыққа ақша қажет. Қала шаруасының бағасы бұрынғыдан көп қымбат. Кедей халық онан сайын жәбірленуде.
Базарында халық көп. Құмырсқаның илеуі тәрізді. Алып жатқан, беріп жатқан, саудаласып, дауласып жатқан халық.
Базардың ішіндегі бұзылып, жер болып қалған үйдің төмпеш балшығының үстіне шығып базарға айнала қарап тұрып, болашақта Жымпиты Қазақстанның үлкен бір қаласы боларын ойладым.
Шіркін, «Алашорда» білмей орнаған жоқ екен. Жымпиты уезі Қазақстанның бір кедей әм шикі түкпірі екен. Қазақ арасында, қазақ кедейінің арасында іс істеймін деген кісі Жымпиты уезіне келетін екен. Мұнда «Алашорданың» әкімсымақтары Жымпитының кедейлерін қоя тұрып, әуелі байлары үшін де ешнәрсе істей алмаған екен. Базарын жаяу аралап жүрдім, халық өте надан. Мәдениеттен, өнер-білімнен өте алыс. Қазақстанның өзге түкпірлері де шикі надан ғой, бірақ оқығандарының көптігіне қарағанда, Жымпиты өте-мөте надан. Оқыған, білгіш мырзалары өзі кедей, өзі надан халықтан қараларын үзіп, өз беттерімен кеткен көрінеді. Менің мұныма кейбір оқығандардың шамданатындары да болар. Бірақ шыны осы.
Надандығының бір белгісі Жымпиты қаласында тәртіпті бір мектеп аша алмай отырып елдегі шырайлы жігіттері, сүзілген молдалары елден ақша жинап, мал жинап ноғайдың Уфадағы мүптілігіне кіруге тілеп отыр. Ел арасында кей жерлерде мұқтасип қазы сайлапты. Әйел мәселесін қазылар өз қарамағына алмақшы. Мүптиден алған қағаздары да бар. Бұл туралы менімен де сөйлесті.
Miнe, Жымпитының сыдыртып қарап өткендегі жәйі осы. Қазіргі халы қайғылы.
Бірақ қалай болғанмен Жымпиты уезі кеңес үкіметінің саясында келешек тұрмысы байып гүлденетін, болашағы зор түкпір.
Іс біткен соң кешке жақын қош айтысып қаладан шығып кеттік.
ОРАЛ ҚАЛАСЫ
26-шы қарашада Орал губерниясының губерниялық кеңес жиылысына келген уәкілдердің жартысынан азырағы қазақ, көбірегі орыс. Жиылыста қаралған мәселелер мыналар:
Кеңес республикалары одағының қазіргі жайы, губерниялық кеңес комитеті басқармасының жылдық істеген істері туралы баяндамасы, ауыл шаруашылығы туралы баяндама, кіріс-шығыс, қаражат туралы баяндама, губерниялық кеңес комитетін қайта сайлау, әм уақ мәселелер.
Жиылыс көңілді болып ашылып, көңілді болып басталды. Жолдас Авдеев екеуіміздің бірдей қазақ тілінде құттықтағанымыз жиылысқа өте ұнады.
Жоғарғы айтылған мәселелерді жиылыстағы уәкілдер өте ықыласпен тексеріп қарап, әр мәселенің кем жүрген жерлерін айтып, өздеріне тиісті қаулылар қылып, қарар шығарды.
1-желтоқсан күні жиылыстың өзге мәселелері қаралып бітіп, жаңадан губерниялық кеңес комитеті сайланды.
Комитетке 15 қазақ, 10 орыс сайланды. Себебі губернияның жартысындай қазақ, жартысындай орыс екен. Және осы сайлауға шейін губерниялық комитет мүшелерінің көбі орыс, азы қазақ болып келген екен.
Енді бұл жолы 12-ші жалпы ресейлік коммунист партиясының ұлт мәселесі туралы шығарған қаулысы бойынша губерниялық кеңес комитетіне қазақтан кісілерді көп кіргіздік. 2-ші, бұл губерниялық кеңес комитетіне қазақтан кіргізген себебіміз, кеңселерде қазақ тілін жүргізудің мақсаты болды.
Және кеңес комитетіне қазақтан мүше көбірек кіргізгеніміздің 3-ші себебі мынау:
Қазақ халқының бір үлкен дерті ұлықтыққа, атаққа, дәрежеге құмарлық. Ал Орал губерниясының бұрынғы оқығандары, шпеллигенттері ұлықтыққа өзгелерден өте құмар. Орал губерниясының зор оқығандары өзге губерниялардан көбірек. Ол көп болған себебі, әрбір оқығандары өз бастарына «дәреже» іздеп, біреуімен біреуі аспақ болып, бәсекемен оқығандар.
Бұдан бұрын бір мақаламда жазғамын, Орал губерниясында: юрист, доктор, агроном, полковник, прапорщик, чиновник, полицмейстр әм және фельдшер, учительдердің көп екендігін айтқамын.
Miнe, «ұлықтыққа, әм атаққа, дәрежеге» құмарлықтың белгісі — «алашорда» деген хандардың қуыршағы ең алдымен осы Орал Губерниясында туған. Бұл қырық түрлі жынның ойнағынан туған арамза «алаш» маңайына Орал губерниясының бірлі-жарымды оқығандарынан бәрі-ақ жиналған. Оралдың сары даласына бұлар құтырған сиырдың жыны басылған болса да, бұлардың құйыршықтары, бұлардың көлеңкелері Орал губерниясында таусылмай келе жатқан тәрізді еді. Онымен қабат баяғы ұлықтыққа құмарлық та қалған жоқ еді әм ұлықтыққа құмарлықтың арқасында оқыған жігіттердің кейбіреулері қарап жүрмей, сөзден сөз туғызып, еңбекшіл халыққа керекті істер жұмыстары болмай, коммунист партиясының нұсқаған жобасымен жүрмей, қаңғырақтап, өз беттерімен өздерінің «орындарын» ғана іздеп жүруші еді.
Міне, сол себепті де «енді қайтер екенсің, енді кімге кінә қылар екенсің» дегендей, қазақтан губерниялық кеңес комитетіне кісілер көбірек кіргізілді.
Жоғарыда мен Орал губерниясының оқығандары туралы қаттырақ жаздым, оныма ғапу өтінем. Бірақ ең жақсы жері, қазір еңбекшіл халыққа шын кызмет қылмақ ниетінен аз ғана оқыған зейінді, екпінді біраз жастар бар. Олар да қазір әртүрлі қызметте. Бұлардың ниеті, жолы түзу. Ескі кірдің көбін осылар жуады.
Енді Орал қаласының мектеп, школаларының жайына келейік. Орал қаласында қазақ тілінде бір де мектеп жоқ. Орал қаласында қазақтың уақ жетім балалары тәрбиеленетін екі үй бар. Бірінде еркек балалар, бірінде қыз балалар тәрбиеленеді. Хатте бұл екі үйлерде де қазақша оқытатын қазақ мұғалімдері жоқ. Қазақ мұғалімдері жоқтықтан емес, Орал губерниясында оқығандар һәм мұғалім, учительдер өте көп, бірақ бұлар еңбекшіл халықтың балаларын оқытпайды.
Бұларды «комиссар» қылу керек. Бұларға көп жаловния беру керек.
Mен қыз балалар жатқан үйге келдім. Пианино тұрған бөлмеде он шақты уақ қыз балалар көйлектерін етектеп жатыр екен.
Meн кіріп келіп:
— Е, балалар, амансыңдар ма?.. Не істеп жатырсыңдар? — дедім.
Балалар:
— Көйлек өтеклиміз! — деді.
Ноғайша айтқан себебі, бұл қыз балалардың тәрбиешісі һәм оқытушысы ноғай қыздары.
Орал қаласында орыс тілінде оқытатын бірінші басқыш мектептерден басқа мұғалімдердің техникумы бар; кәсіп һәм ұсталық мектебі бар; кеңес һәм партия мектебі бар; ауыл шаруашылық мектебі бар; 2-ші басқыш мектебі бар. Бұлардың ішінде 2-ші басқыш мектепте қазақ оқымайды, өзгелерінде 20-дан, 30-дан қазақ балалары бар. Бұлар биыл ғана кірген. Бұрын Орал қаласында оқушы еңбекшіл қазақ балалары болмаған. Оны ешкім көрмеген. Көруге оқыған азаматтардың, «басқа істері» көп болғандықтан, мойындары бұрылмаған, мойындары бұрылса, сөз қуған, өсек қуған азаматтардың теріп, айдап жүрген «істері», өсектері былай қараң қалар еді.
Жоғарғы айтылған мектептерде қазақ тілін жақын арада ноғай мұғалімдері оқыта бастаған. Бұл ноғай мұғалімдерінің ішінде қазақ тілін жақсы білетіні жалғыз жолдас Жағиев. Өзгелері қазақ тілін әйтеуір білген қадерінше оқытады. Бұларға қазақтың еңбекшіл халқы мың қайтара рахмет айтулары керек. Жолдас Жағиев бір өзі дамыл көрмей жүгіріп, үш мектепте қазақ тілін оқытады: ал Жағиев өйтіп жүргенде «қазақшыл» болғансып, сорлы қазақты алдаған «азаматтар», «саясат жасап», сөз тізіп, ақырын сыбыр жинап жүреді.
Барлық Қазақстанның кеңселерінде қазақ тілін жүргізбекпіз. Білмеймін, қазақ тілін Орал қаласында губерниялық мекемелерде қалай жүргізер екен: Оралда орта дәрежеден жоғары оқығандары қазақшадан орысшаны жатық сөйлейді. Қазақша сөйлегенде мұздан жүрген тайынша ұсап тұғжыңдап сөйлей алмайды. Ия, менің бұл айтып отырғаным Орал губерниясының кейбір жігіттеріне «сендер жақсы һәм қазақшыл емес екенсіңдер» деп кейігенім емес. Сөйтіп «жақсы ұлтшыл — жақсы қазақшыларды» қуаттаған емес. Мен өзім «жақсы ұлтшыл, жақсы қазақшыл мырзалардың» ең бірінші дұшпанымын, шын «ұлтшыл», шын қазақшыл» кісі болса, оның қисайған жеріне дәлдеп шоқпар соғасың ғой. Ал өзі ұлық болу үшін қазақшыл болып жар құлағы жастыққа тимей жүрген «азаматтарды» көргенде кісі не қыларын білмейді екен.
Және жаңағы айтылған мектептердегі қазақ балаларының арасында саяси ағарту ісін қазақ тілінде жүргізген ешкім жоқ. Бізді губерниялық жиылыс біткен соң, ауыл шаруашылық мектебі жылдық мейрамына шақырды, бардық. Мектепті аралап көрдік. Мен балалармен сөйлестім. Балалар мейрамдарына арнап бір жазба журнал шығарыпты. Журналдың қазақша бөлімі бар екен. Қарасам қазақ «Шәріқ яшләрі» деген мақаламен басталады. Бұл татарша мақала. Мектепте 40 шақты қазақ баласы, 2 татар баласы оқиды. Міне саған қазақ тілі!
Татар халқы өзге күншығыс халықтарынан өнерлі һәм татардан шыққан оқығандар көп. Татардың әлеумет қозғалысы қазақ әдебиетінің тууына себеп болған десек, һәм алғашқы қазақтың газет, журнал, кітаптарының шығуына себеп болған татарлар десек, қазақ оқығандарының алғашқы ұлт сезімдерінің тууына себеп болған татар оқығандары десек, қазақтың кейбіреулері олай емес деп болмайды. Болмаса болмасын. Бірақ әйтеуір, қазақтың әлеумет сезімін туғызған татарлар һәм сол татардың еңбекшіл халқынан шыққан адамдар қазірде үстіміздегі ұлы өзгерісте де талай жерде бізге үйретуші болып отыр.
Міне, оқуының жайы осы. Орал губерниясында қазіргі әр жерде ұлық болып жүргендерден басқа елде іс қылмай қарап жатқан көп оқығандары бар. Олардың ішінде 40 — 50 учитель, мұғалімдер бар.
Мектептеріне барып сөйлесе бастасаң, балалар үйіріле кетеді. Оқуға ынталары, оқуға-білімге ұмтылулары өте жақсы. Түрлі білімді үйретуші адам болса бәрі де лезде-ақ азамат болып шығып, жалпы еңбекшіл тапқа шын қызмет қылатын балалар. Енді бұдан былай жастар арасында істеуге жолдас Ипмағамбетов құлшынып қалды. Губерниялық исполкомның хатшысы болғандықтан «қолым тимеді» деп жүрмесе жарар еді.
Жаңағы ауыл шаруашылық мектебінің жылдық мейрамын жолдас Андеев екеуіміз құттықтап сөз сөйледік:
«Оқыдыңдар шырақтарым, үйрендіңдер, шырақтарым! Бұрын оқуда ең алдымен байлардың, төрелердің балалары болушы еді, енді кеңес үкіметі оқуға ең алдымен еңбекшіл халықтың балаларын, сендерді алып отыр. Тез оқып шығып, өз пайдасын ғана һәм өз елінің, өз ұлтының ғана пайдасын көздеген кейбір арамза сұмырайларға ұқсамай, жалпы еңбекшіл таптың бақыты үшін қызмет қылатын болыңдар» дедік.
Губерниялық кеңес жиылысы біткен соң Орал қаласында бір- екі күн болып, қалған біраз жұмыстарымызды бітіріп, Орынборға қайттық.
Орал қаласынан кештетіп шығып, қаладан 25 шақырымдай жердегі, Жайық бойындағы Арғыншаевтың ауылына келіп қондық. Арғыншаев алдында Орал қаласына келіп, бізді қайту жолда қонаққа шақыра кетіп еді. Бізді күтіп отыр екен. Күн аяздау. Қыраулатып, кештетіп, Жайық өзенінің жағасындағы бүрісіп, үймелеп отырған мыжырайған үйлі Қазақстанның бұрынғы жоғарғы қызметтерінде жүретін Арғыншаевтың ауылына келдік.
Автомобильдің даусымен жұрт тысқа шығып, бізге қарап, бір жігіт бізді Арғыншаевтың қорасына бастап әкеп кіргізді...1
Қаладан ауылға ауысқандар тез қазақша киініп ала қояды ғой. Ал Сахыпкерей өйтпепті. Әзір сыртын қазақшаға айналтқан жоқ. Бірақ қырда, қазақ арасында тұрған соң қандай қалада өсіп, қала тәрбиесін алған адам болса, қазақтың салтына түспеу әм көпшіліктің ықпалына көнбей кетпеуі қиын болады. Көпшіліктің ықпалымен кеткеннің бір белгісі сол көпшіліктің киімін кию болушы еді. Ал Сахыпкерей көпшіліктің киімін кимейді, мұнысы қалай?.. — деген ой тез басыма келіп, қоршаудың ортасына тоқтаған автомобильден Қазақстанның қазіргі еңбек комиссары жолдас Авдеев екеуміз түсіп Сахыпкереймен, басқа жиналған ауыл адамдарымен амандасып, Сахыпкерейдің үйіне кірдік.
Сахыпкерейдің үйі кішкене бір-ақ бөлме. Ол бөлменің есік жағын бөлген. Ол есік жақтағы бөлмешесі «алдыңғы бөлме мисалында» үйінің ішіндегі саймандары, жазу жазатын үстел, бір- екі орындық, баланың арба бесігі, әбдіре-сандық, жүкаяқ, кілем, текемет, шымылдық. Үйі аласа, кішкене балшық үй. Шешініп, жайласып, салған көрпенің үстіне, жастықта сүйеніп отырдық.
Елдің мән-жайын, Сахыпкерейдің өзінің не істеп жатқанын одан біз сұрап отырдық. Оралдың губерниялық кеңес жиылысының қалай өткенін, онсоң Орынбордың хал-жайын ол бізден сұрап отырды. Әм басқа да уақ түйек әңгімелерді сұрасып-айтысып жатырмыз. Хал мынадай:
Сахыпкерей ауылда жатыр. Қаладан газет-журнал алып тұрмайды. Қазіргі саясат, әлеумет істерінен хабардар емес. Басқа кітап оқып, жазу жазып та жатқан жоқ. Қанша айтқанмен қалаға үйренген кісі болған соң, ауылда жан азығы болмаған соң, іші пысып, Жайық бойынан аң, құс аулап тұрады екен. «Кітап жоқ, газет-журнал жоқ. Қайтіп ауылда шыдап жатырсың?..» — деп сұрағанымызда, біртүрлі қинала сөйлеп: «қайтесің, әйтеуір уақыт өткізуге мылтық алып, Жайық бойынан құс аулауға, аң аулауға барып тұрамын!» — деді. 1Біздің: «Неге елде кооперация ұйымын ашып, соны көбейтіп, көркейтуге кіріспейсің?.. Неге мектеп, оқу істеріне кіріспейсің?.. Неге халықтың түрлі шаруа-кәсіп істерінің жөнделіп ілгері басуына қатынаспайсың?..» — дегенімізге Сахыпкерей бұл істердің қазақ арасында бірден жүріп кетуінің қиын екенін айтты. Және бұл істердің бәріне «қаражат керек, ал қаражат қазір бұл елден шыға қоймайды...» — деді.
Рас, Орал губерниясына қараған елдің жалпы кедей екенін мұның алдында жазып өткеміз. Мен Орал губерниясын олай аралап өтіп, бұлай аралап өтіп жүргенімде 20 қойы бар, 10 шақты ірі қарасы бар қазақты шамалы көрдім.
Сахыпкерейдің өз үйі де ауқатты үй көрінбейді.
Орынбордан Оралға келе жатқан бетімізде жолдас Авдеев екеуміз Әйтиевтің үйіне қонып едік. Әйтиев Қазақстанның ішкі істерін басқаратын комиссар. Арғыншаевтың үйі Әйтиевтің үйімен салыстырғанда, Арғыншаев байқұстың үйі көп төмен көрінді. Өйткені мұның үйі шатырлы емес және әртүрлі арба әм машиналары көрінбеді.
Көп сөйлесіп отырып Арғыншаевтың тар үйінде араласып жатып ұйықтап, ертең ерте жүріп кеттік. Жолшыбай сол елдің ортасынан ашылып отырған мектепке соғып, көре кетуге ойлап едік, мектеп бұрыс болып соға алмадық.
Бірақ бұл мектептің жайын Сахыпкерейден әбден естіп едік. Мектеп сол Арғыншаев әм Әйтиевтардың ауылдарының маңайында. Олардың ауылдарынан қашық емес. Бұл өзі қазақша мектеп емес, орысша школа. Мектепті басқарушысы Романов деген орыс, кәрі учитель. Мектепте оқу өте нашар. Тіпті оқу жоқ деуге болады. Оқытушы бір қазақ жігіт бар. Ол жігіт маңайындағы базарға көп барғыштайды. Балалардың жұртты қызықтырғандай оқуы жоқ. Балалар Жайықтан су тасиды. Міне, маған қазақтардың бұл мектеп туралы айтқаны осы. Сахыпкерей маған: «Сол мектепке бара кетіңдер. Оқуы өте нашар, балалары ауруға шалдығып жатыр, біздің бір-екі баланы апарып мен сол мектепке бергізіп едім, суық тиіп жүдеп, ауруға айналған соң қайтып алып келіп отырмын», — деді.
Қанша барғымыз келгенмен жолдан бұрыс болған соң бұл мектепке соға алмай, жүріп отырып жол аузындағы «Бөрлі» деген поселкеге келдік.
«Бөрлі» поселкесінде Бөрлі елінің болыстық кеңес комитеті бар. Орынбордан Оралға келе жатқанда бұл поселкеге соққамыз. Болыстық комитеттің мекемесіне кіріп Авдеев екеуміз комитет істерінің ретін қарағамыз. Бөрлі болысына 11 қазақ ауылы қарайды, 2 орыс ауылы қарайды. Көпшілік қазақ, ал болыстық комитеттің төрағасы орыс жігіті, коммунист. Орынбасары қазақ, партияда жоқ жігіт, бірақ орысша әм қазақша хат білетін адам. Хатшылары татар. Бөрлінің поселкесінде 40 үйдей татар бар. Кеңседе қазақ тілі жүрмейді екен. Оны жүргіз деген жоғарғы мекемелерден бір бұйрық алмаған екен.
Бөрлі поселкесі Орал мен Орынбордың жолының нақ үстінде. Оралға жүргенде қашсаң құтыла алмайсың. Менің тамаша қылатыным: жыл сайын Оралға біздің Орынборда Қазақстанның жоғарғы мекемелерінде жүрген әм Қазақстанның ішкі істерін басқаратын Қазақстанның кеңес комитеттерінің үстінен қарап отырған жолдас Әйтиев барып келіп жүреді. Өзі Орал губернесінікі. Өз ауылы осы Бөрлі поселкесі мен Орал қаласының арасында. Сөйтіп жыл сайын ауылға Оралға Орынбордан барып келіп жүріп, Бөрлі поселкесіне тоқтап, комитетке кіріп, қазақ тілін жүргізу туралы еш сөз айтпапты. Не бір нұсқа қағаз да жазбайды. Рас, қазір «Бөрлінің» болыстық комитеті 2 орыс поселкесінен, 2 қазақ болысынан бірігіп жасалып отыр. Олай болғанмен де бұрынғы қосылмай тұрғандағы қазақ комитеттері де ондай мәслихатты көрмеген.
Жолдас Авдеев екеуміз Бөрлінің болыстық мекемесінде отырып «Бұларың қалай?.. Қазақша тілмен неге жүргізбейсіңдер? — дегенімізде мекемеде толып тұрған қазақтар да, мекеменің басқарушылары да:
— Біз бұл сөзді бұрын ешкімнен естігеміз жоқ еді. Кеңестерде қазақша хат білмейтіндер бар, оны қайтеміз? Және біздің қазақ арасындағы ауылдық кеңестердің өздеріне ылғи орысша білетін кісілер сайланып, қазақша білетіндігіне-білмейтіндігіне ешкім қарамады...
Орысша білетіндерді іздеп қойды... — десті. Жолдас Авдеев екеуміз бұл әңгімеге Оралға бара жатқан жолда ұшырағамыз.
— Қазақтың ауылдық кеңестерінде істі қазақ тілінде жүргізіңдер, біз Оралдан қайтқан соң соғып көреміз, — деп кеткеміз, міне, енді қайтқан сапарымызда Бөрліге келдік.
Болыстық комитеттің хатшысы жолдас Хабибуллиннің үйіне түстік. Комитеттің төрағасы келді. Әм оның орынбасары қазақ жігіті келді. Фамилиясы Айманов. Шаруаларын сұрап, істерінің қалай жүріп жатқанын сұрап, қазақ тілінің жүруін сұрап, әйел мәселесін әм молдалар мәселесін сұрадық. Әнеугі біз айтқаннан кейін қазақ тілін жүргізе бастайды. Молдалар күшті. Уфадағы ноғайдың муфтиіне халықтан ақша да жинап алыпты.
Неке қию әлі де көп жерлерде молдалардың ғана қолында болса керек. Өйткені «қазақтар алған қатынын комитетке көп жаздырмайды» дейді. Және екі қатын алу қалған жоқ. Бір масқара мынау мынау болды. Бөрлінің болыстық комитетінің төрағасының орынбасары орысша-қазақша білетін жас жігіт Аймановта екі қатын бар екен. Оны өзіміз көрдік. Онсоң Әйтиевтің үйіне қонғанда биыл болыстыққа таласқан, көп болса да орысша-қазақша білетін жас жігіт Әйтиевтің інісінде екі қатын көрдік. Мен Аймановқа біраз ұрсыңқырап айттым. Ол екі қатынның бостандық беретін болып қалды.
Міне, масқара осындай.
Онсоң, белгілі Оралдың жалпы нашарлығы. Бөрлі де қазір сол көп нашардың бірі, бірақ Бөрлі поселкесі шаруа ретінде өзгеге қарағанда жаман емес.
Асығыстау болса да ондай-мұндай жөн айтып жүріп кеттік. Кешке Елек қаласына келдік. Елек қаласы Орал губерниясының Орынборға жақын ең шеттегі уездік қаласы. Қала «Елек» деген өзеннің жағасында. Түскен пәтерімізге Елек уезінің партия комитетінің хатшысы және бір-екі қазақ жігіттері келді. Елдің, қаланың хал-жайын сұрап, әртүрлі кем жерлерін айтып, өз тарапымыздан нұсқаулар көрсетіп отырдық.
Шаруа жайы әм мекемелерде іс жүргізу жайы бірқалыпты. Орал губерниясының жалпы жайы: кедейлік әм қандай іс болса да нашарлығы.
Елек қаласында да қазақша бір мектеп жоқ екен. Енді ашпақ. Уезіндегі молдалар қазақтардан ноғай мүфтиіне жәрдем жинайды. Жастардың ұйымы, партия ісі, кооперация істері, оқу істері нашар.
Бірақ Елек уезінде қазақ әйелдерінің бас көтере бастағаны аздап сезіледі. Бірақ оларға қазақ тілінде үйретуші бастық жоқ. Бірақ бұл жерде де көп қатын алу бар екен. Бізбен келіп сөйлесіп отырған бір уездік мекемеде қызмет қылатын бір сұлуша жігіттің де екі қатыны бар екен. Оған да «уағыз» айттым. Ертең ерте сол Елек уезінің Любин болысының кеңес комитетінің төрағасы жолдас Нұрпейіс Жантілесұлымен жолдас Авдеев екеуміз сөйлесіп отырғанымызда ауылда екі қатын алудың қалмағанын, бір Жанкеш деген жігіттің екі қатын алғанын айтып, ол екі қатын алған жігітке Орынбордағы жоғарғы мекемелердің бірінде қызмет қылып отырған осы Орал губерниясының бір кісісі «Алсаң ал, бірақ екі қатын алғандығыңды комитеттің «ЗАГС»-іне жаздырмасаң болады ғой...» — дейді (!?)
Міне, қысқаша сыдыртып айтқанда жай осындай: оқу ісі өте нашар. Кооперация нашар, жай саудагерлер елді соруда. Елдің нәрсе сатып алуға мұршасы да келмейді. Ел кедей. Он қарасы бар үй шамалы. Елде ауру-сырқаулар бар. Қасқыр қалың, молда қалың, мешіт қалың; партия ісі, жастар ұйымының істері нашар. Партияда да әм жастар ұйымында да қазақ тіпті аз. Кепіл сұрап, партияға яки басқа ұйымға кірем дегендерге кепіл боларлық кісі жоқ. Кеңсе істері де нашар. Нашар дегенім әлі қазақ мекемелерінде қазақ тілі жүре қойған жоқ, жалғыз-ақ Жымпиты уезінде қазақ тілі жүреді. Оны да осы сайлаудан кейін жүргізді. Ел надан. Қазақ газеттерін алып оқушылар өте сирек. Біздің «Еңбекші қазақ» та өте сирек алынады екен. Енді «Еңбекші қазақты» жолдас Ақтанов таратпақшы болып қалды.
«Күллі істің бәріне де бұрынғыдай болмай, енді ширап, екпіндеп, қатты кірісіңдер. Күллі істеріңнің бәрін түзеп, ілгері бастырып көркейтуге жатпай-тұрмай, ерінбей-жалықпай кірісіңдер!» — деп, біраз нұсқалар айтып, ертеңінде Електен жүріп кеттік.
ОРЫНБОР УЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ БОЛЫСЫНДА
Орынбор уезінде екі болыс қазақ елі бар. Бұлар Жайық өзенінің бойындағы 1-ші Бөрте болысы әм 2-ші Бөрте болысы. Орынбор қаласынан бұл елдердің ең шеткі ауылы 25 шақырымдай. Бұлар Қазақстанның бір шеті болады.
Бұрынғы Жайықтың оңтүстік жағын жайлап жүрген шалқыған бай ел, қазір кедей.
Малдан айырылған, азайған ел қазір жер кәсібіне айнала бастаған. Көшуді қойған, жаз бойы жер үйлерінен ұзап кетпей отырады. Бірақ жер кәсібіне айналғанмен бұл ел кәсіптерін, саймандарын, кәсіп құралдарын әм жалпы тұрмыстарын орыстардай, немістердей түзеп кеткен жоқ.
Елден ауру, әртүрлі науқас арылмаған. Ел нашар, жүдеу,кір. Алдыңғы жылы аштан көп адамы өліпті.
Бұл ел Қазақстанның Орталық үкіметіне ең таяу тұрған ел. Қазақстанның жоғарғы аймақтық мекемелерінде қызмет қылып жүрген адамдар қазақты көргісі келгенде Орынбордан осы елге ғана келеді.
Міне, наурыздың 8-күні Орынбордан бұл елге біз келдік. Бұрын да келіп жүргенбіз.
Келген мақсатымыз — осы елде болатын конференцияны (жиылысты) басқарып өткізу.
1-ші Бөрте болысының мекемесі тұрған үйге түстік. Біз хал-жайын білісіп отырғаннан соң әм одан кейін басқа әрбір жұмыстарымен біраз танысқан соң бұл қазақ елінің қазіргі ең бірінші қиын болып отырған жайы — болыстық мекемеде толық қылып қазақ тілін жүргізе алмай отырғаны екен. Неге... десеңіз, Орынбор уезінде бір қазақ жалғыз осы екі болыс Бөрте елдері ғана болған соң Орынбордың уездік мекемелерінде қазақ тілін жүргізу мүмкін емес екен. Miнe, сол себепті Орынбордан барлық болыстарға, олардың ішінде бұл екі болыс қазақ еліне де әрбір қағаз орыс тілінде ғана жазылады. Ал уезден келетін қағаздардың бәрі де орыс тілінде келіп отыратын болған соң, бұл екі болыс Бөрте елдерінің болыстық мекемелерінде қазақ тілінің жүруі ешуақытта мүмкін емес.
Бірақ ел қазағы өз тілін мекемелерге кіргізуге өте сусап отыр.
Жиналып отырған адамдар менен: «Ақтөбе уезіне қарауымызға жол бар ма?» — деп сұрады. «Бұл туралы бұрын сөз қозғап па едіңдер?..» — деп сұрағанда «бұл туралы бұрын да сөз қозғап, бізді мынау өзіміздің бұрынғы уезімізге, Ақтөбеге қоссаңыз екен...» деп жоғары мекемелерге қағаз кіргізген едік, әлі хабар жоқ. Ақтөбе уезі — қазағы көп уез. Егерде Ақтөбеге қараған болсақ, қазақ тілі мекемелерде тезінен жүріп кетер еді. Әйтпесе біздің қандай істеріміз болса да кемдік қыла береді. Ақсай береді... — деді.
Тағы да бәрі отырып: «Енді сізден өтінеміз, біздің екі болыс елді өзіміздің бұрынғы қараған Ақтөбе губерниясына қосуға жәрдем қылсаңыз екен, біздің үлкен өтінішіміз осы...» — деді.
Шынында бұл Орынбор уезіне қарап отырған азғантай екі болыс қазақты Ақтөбеге қарату Орынборға да әм бұл елдерге де үлкен пайдалы.
Бұл жұмыстың тезінен осылай шешілуі керек. Мұны Қазақстанның аудандау мекемелері, ел билеу мекемелері орындау керек.
Бұл уақытта Қосқара Жартайұлы деген бір қарасақалды жігіт келіп:
— Сізде бір өтінішім бар, — деді.
— Ол не? — дегенімде, айтқан сөзі мынау:
— Біз бір ұйым — артель ашпақ едік, ақша жәрдем алуға сол артельді сіздің атыңызға ашпақ едік. Соған сізден ақыл сұрайық деп едік, — деді.
Мен: «Мұны қайдан үйрендіңдер, менің атыма аш деп сіздерге кім үйретті?..» — дедім.
— Сіздің атыңызға аш деп ешкім үйреткен жоқ. Бірақ біздің басқа ауылдарда осындай ұйым-артельдер ашылған еді. Сол ұйым-артельдерді ашайын деп жүргенде осы Бөртеге келген бір жолдастан ақыл сұраған екен, ол кісі айтыпты: «бұл ұйым-артельдеріңізді жоғары қызметте жүрген адамдардың біреуінің атына аш, сонда жақсы болады...» — деп еді, сонан соң бір-екі кісінің атына ашылып отыр, — деді.
Meн күлдім. Күлмей қайтерсің? Бишара қазекең!.. Қой сендер, мекемелерден мынау жәрдем алып берер, анау алып берер... деп ұйым-артельдеріңді қызметтегі адамдардың аттарына ашпай-ақ қойыңдар. Ол ұят. Қолынан келген жәрдемін әркім сендерге онсыз да істеуге міндетті. Ұйымдарыңның атын «Еңбекшіл» қойыңдар! «Еңбек» қойыңдар, «Серіктік» қойыңдар. Ұйымдарыңды ешкімнің аттарына арнап ашпасаңдар да қазақтың еңбекшіл нашарына қызмет қыламын деген кісі қолынан келген жәрдемін қылуға міндетті.
БУРАБАЙ ЖАЙЫ
(Бурабай Ақмола губерниясындағы мемлекет курорты)
Кеңес мемлекетінің жақсы қасиетті жерлерінің бірі — курорт. Қырым, Кавказ, Бурабай тәрізді төрт мүшесі түгел, жаратылысы көркем жерлерде түрлі ауруларды жазатын курорттар бар. Бұл курорттарға жыл сайын Кеңес мемлекетінің тұс-тұсынан жұмыстан қалжыраған, науқасқа шалдыққан қызметкерлері бір мезгіл келіп жатып, тынығып кетеді.
Жалпы Кеңес мемлекетінде қасиетті жердің бірі — Бурабай. Бурабай — Көкшетаудың алқымында, Қызылжар қаласынан 230 шақырымдай. Қызылжардан Көкшетауға темір жол Ақмола қаласына қарай ұзартылып жатыр.
Темір жол Бурабайды 18 шақырымдай жанап өтеді. Бұрын Қызылжар мен Көкшетаудың арасына жұмасына екі рет жүріп тұратын еді. Шортан — Бурабайдың оңтүстік жағындағы 18 шақырымдай жердегі поселке. Шортан поселкесімен Көкшетау — Қызылжар қалаларына жұмасына екі рет қатынап тұрмақ. Бұрын Бурабайға бару темір жол жоқтықтан қиынырақ болушы еді. Енді оңайланатын болды.
Бурабайдың жаратылысы көркем, күндіз-түні көкпеңбек торғындай мұнар басқан. Көкшетаудың көз жетпейтін көлбеген кең етектерін, алыс айнала қиыры мен далаларын, тау шыңдарының басына шейін қаптаған қалың орман. Көкке бойлаған қаракөк қарағай мен ырғалған сұлу аққайың. Қаптаған орман көкала көрінеді. Қаракөк қарағай, жасыл көк қайың. Таулардың ара-арасында, орманның ара-арасында, қарағай түбіндегі құмы маржандай. Суы сылдыр күмістей, шалқыған мөлдір. Көлдің саны жоқ. Бір көлдің суы бір көлге сарқырап ағып қосылып жатады.
Көкшетаудың басына шығып, айнала қарап сексен көлді санадым. Бәрі де мөлдіреп тұрған айнадай. Бәрін де сағым басқан шалқар. Қарағай мен қайың майы күнмен қайнап жұпар иіс аңқиды. Зәрредей тозаңды ауа болмайды. Күнге шыжып, желмен аңқыған жұпар ып-ыстық болып шарпып денеге тиеді. Қанды қыздырып, көкірек кереді. Ауырған көкіректің шипасы — қайың мен қарағайдың жұпар иісі. Күн шыққанда жалаңаш жүрген денеге күннің шұғыласымен араласып, қарағай мен қайыңның жұпар майы сіңеді. Аппақ дене қаракүрең май жаққандай болады.
Бурабайдың таулары да, шыңдары да, тастары да тамаша. Әдейі қолмен биік қылып қалағандай шыңдары бар. Бір тастың үстінде бір тас. Оның үстінде бір тас. Бірте-бірте шүпірлесіп, көкке бойлап шыңдар кетеді. Қырдай болып қаланған тастардың жердегісі үлкен, үстіңгілері бірте-бірте кішірейіп барып найзадай тік, адам бара алмайтын күз болып таусылады. Неше түрлі суретті шың-құз бар. «Ұйықтаған батыр» деген шың бар. «Оқжетпес» деген сүп-сүйір қылып жасағандай биік шың бар. «Басқап» деген биік құз бар. Көлдің ішінде арыстан бетті биік құз бар. «Жұмбақ тасты» орыстар сфинкс дейді. Шың бастарына шөккен нар тәрізді. Ұйықтаған әйел тәрізді тастар бар. Кей шыңдардың ішінде қырық-отыз кісі сиып отырарлық үңгірлер бар. Осылардың әрқайсысына байланған түрлі аңыз, ертегілер бар. Мәселен, қалмақпен соғысып жүргенде Абылай ханның қолына ханның сұлу қызы түсіпті. Абылай әскері олжаларын, тұтқындарын бөлісіп, осы Көкшетаудың алқымында, «Оқжетпестің» түбінде жатыпты. Манағы тұтқынға түскен ханның сұлу қызына батырлар таласыпты. Абылай таңдауды қыздың өзіне беріпті. Қыз «Оқжетпес» шыңының басына апарып тіккен орамалды садақпен атып алған жігітке тиемін депті. Барлық батыр, барлық жігіт шың басына тігілген орамалға кезек-кезек садақ тартып, біреуі оғын жеткізе алмапты. Мұнан соң шыңды «Оқжетпес» қойыпты.
Абылай ханның заманында Көкшетаудың жерінде бір ақ бура жүреді екен. Өзі тағы, ешкімге ұстатпай, осы Бурабайдың көліне ылғи келіп су ішеді екен. Абылай өлген соң әлгі ақ бура жоқ болып кетіпті. Көлдің атын сонан соң Бурабай қойған екен...
Және бір шыңның ішіндегі үңгірге Кенесары мезгіл-мезгіл келіп, ой ойлап кетеді екен дейді. Ертегі көп.
Көріппең Сарыарқаның Көкшетауын
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп
Жүреді біліп-кетіп есен-сауын.
Сексен көл сексен таудың саясында
Әрқайсы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісті
Көкірек қанша жұтса тоясың ба?!
Ырғалған көлге бойлап қарағайы
Қасында көк желекті аппақ қайың
Жібектей желмен шарпып көкіректі
Балқытып мас қылады иіс майы.
Қарағай биік шыңды қиялаған
Еш адам оны барып қия алмаған.
Шаңқылдап, тау жаңғыртып, шыңға қонып
Жалғыз-ақ көк қаршыға ұялаған.
Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес
Басына атсаң дағы оғын жетпес.
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан
Өлгенше көкірегіңмен құмар кетпес.
Бурабайға жыл сайын үкімет арқылы және түрлі ұйымдар арқылы 1200-дей қызметкерлер келіп, тынығып кетеді. Қасындағы поселкеге өз бетімен келіп жататын қызметкерлер де көп болады. Бұлай да Бурабайға бармас еді, бірақ әрбір курорттың сауығу үшін салынған жай, үйлер, ас үй, санатория, дәрігерлердің жайлары, үйлерін көбейтіп, ондап салуға үкімет артық ақша жұмсамайды. Бурабайдың жарығы — электрі мардымсыз. Курорттың өзі мәдени шаралардың арқасында күн көріп отыр (көп жерлері оқылмады).
Аурулардың тамырын байқап, күннің ыстығын өлшеп бір дәрігер отырады. Аурулардың ас ішетін, тұтынатын заттарын цифрмен білдіріп тұрады. Күн сайын кешкі сағат жетіден онға дейін музыка ойнап тұрады. Сурет көрсететін кинограф бар. Бірақ нашар. Үйі жаман әрі тар. Суреттері үзіліп, созылып, қисаңдап тұрады.
Аурулар әр түрлі ойын ойнайды. Қазақтардың ауруы дұрыстап байқалмайды. Орман араларында, көлдердің жағаларында сейіл қылып жүреді. Аурулар ішінде бір-біріне барып тұрады.
Бурабай өзі қымызды курорт болып саналады. Келген аурулар көбінесе қымыз ішеміз деп келеді. Бірақ курорттың ауруларға беретін қымызы жақсы емес. Бірен-саран қазақ болмаса, аурулардың бәрі туғалы қымыз ішіп көрмеген адам болғандықтан, берген қымызды талғамай іше береді. Бірақ қымыз шипалы болғандықтан көп ішкің келе береді. Бұрын қымызды ішіп көрмеген кісілер болғандықтан жақсы-жаманын ажырата алмайды. Бірақ қымызды ішпейміз деп айтпайды. Бәрі де мұны емделіп жатырмыз деп айтады. Білмейтіндігін содан аңғаруға болады.
Леоншов деген 2 — 3 жылдан бері Бурабайда қызмет қылып келе жатқан профессор. Бір күні күрт ауруы туралы баяндама жасады.
Профессор баяндамасында «Сабаны жумай, лас бойында қойса, соның ішіндегі қымыз жақсы болады. Бір үлкен тойларына қазақ әдейі көп уақыт жуылмаған, ылас сабаларын ыстайды. Сабаны ыстай берсе ішіндегі қымыз жақсы болады, сондықтан қазақ сабаның ішіне таяқ тығып қояды. Таяқпен қымызды майлайды. Және қымыз толтырған сабаны қазақ киіз үйінің босағасына байлап қояды. Үйге кірген-шыққан кісі еріксіз сабаны сапырып өтеді. Есік алдында салбырап тұрған сабаға маңдайын соғып өтеді», — дейді профессор.
Тыңдаған жұрттың бәрі — қымызды Бурабайдан ғана көргендер, әрине. Бұлар қазекеңнің іліміне бастарын шайқап қойды. Профессордың мәжілісіне сүйсініп тарқады.
Ал курорт маңындағы қазақ нашарларына нендей пайда береді?
Міне, оны кішкене жанап өтейік. Курорт қалың қазақтың ортасында. Бірақ бірен-саран байшікештер ардақталады. Қымыз сатқаны болмаса курорттан қазаққа еш пайда түсіп тұрған жоқ. Пайда болғанда қазақ нашарларына мал тауып бермейді демеймін, қазақ курорттың өзінікі екенін білмейді. Курорттың жанындағы поселкеде үш үй қара жұмысшы қазақ бар. Бұлардың жерден үңгіп қазып алған үйшіктері бар. Ішіне кіргенде еңкейіп жүру керек. Әйтпесе төбеңді соғып аласың. Төбеңді соғып алғанда, данышпан профессор айтқандай, қымыз толған сабаға соғып алмайсың, сорайып тұрған үшкір қадасына соғып аласың.
Және көлдерден балық аулап отырған поселкенің жұмысын қылып жүрген 10 шақты үй нашар қазақтар бар. Міне, бұлардың бәрі де поселкеге, отырған алақандай орындары үшін ақша төлеп отырады.
Курорттың жұмысшыларының, қызметкерлерінің ішінде бір қазақ жоқ. Өздері қымыздың иісін танымай отырып, тым болмаса сол қымызды басқаруға да бір қазақ алмайды. Оған ылайықты кісі табылмайды емес, курорттан 20 — 30 шақырымдай ауылдарда тәжірибелі бір-екі фельдшерлері де бар. Бірақ оларды іздеген курорт басқармасы жоқ.
Маңайда, курортқа таяу отырған нашар қазақтар курорттың толған дәрігерлерін көрген емес. Жалғыз-ақ курорттың профессорларына шамасы келетін қазақтың 5 — 6 жүз жылқылы Әлжан, Тасқара тәрізді байлары ғана көрінеді.
Курорттың поселкесінде жай, өз бетімен дәрігерлік қылып тұрған дәрігер бар. Бірі Коконов, бірі Бежик деген кісілер. Бұларға қазақ науқасын қаратуға келіңкірейді. Бірақ шамасы келетін малды қазақтар ғана болмаса, нашарлардың бұларға да қолы жетпейтін көрінеді.
Поселкенің жанында бір етікші қазақтың баласы ауырған. Баланың халы нашарлаған соң әкесі Бежик дәрігерге жүгіріп барған. Дәрігер жәрдем қылуға бармаған. Тігіншіге «башмағымды тіккізіп әкеп берсең барамын» деген. Дәрігердің башмағын тігіп әкеп бергенше бала өліп қалған. Бала жанталасып жатқанда әкесі аласұрып дәрігердің башмағын тігіп жатқан!
Дәрігерлерге қолы жетпеген соң курорттың қызметкерлері арасында жүрген өтірік дәрігерлерді табатын көрінеді.
Бір күні Алшымбай деген Бурабай поселкесінің бақташысының үйінде отыр едік. Үйге бір қалпе жүзді, көзіне сүрме тартқан, сыпайы киімді қазақ еніп келді. Келе намаз оқыды, таспиық тартты.
— Тақсыр, қай ауылдансыз? — дедім.
— Сатыбай сарының ауылынанмын. ЬІсқақ қажы деген кісімін, — деді.
— Дәрігерсіз бе?
— Ия, дәрігермін.
— Көзіңізге ештеңе көріне ме? Мәселен: бөрі, құс, күшеген, ала көкек тәрізді? — деді. — Иә, иә, құс, аққу тәрізді болып көрінеді. Тіпті жүзі жайнаңдады. Ертеңінде мен 2 кісімен қаршыға алып, құсқа салуға кетіп бара жаттым. Бурабайдың қасында утас қазатын төбенің бетінде екі үй жұмыскер қазақ бар. Сол екі үйдің жанынан өтіп бара жатсам, әлгі Ысқақ қажы бір жанған шүберекті аяғымен тепкілеп, сөндіріп жатыр.
Қажының қасынан екінші үйге қарай бір қазақ қатыны жүгіріп, қашып барады.
Мұны көрісімен жүрегі құрғыр сезе қалды. Бала таппаған қатынды «көшіріп» жатыр екен. Курорттан үш-төрт шақырымдай жерде көл жағасында қымыз сататын 6 — 7 үй отыратын. Ол бұл үйлерден бөлек. Ол бір жалғыз үй. Бұл Масаратұлы деген білгіш емші екен. Бурабайдың поселкесіндегі докторге мамыр айынан шілдеге шейін қаралып, шығынданып, жазылмаған соң Iлияс деген қазақтың ноғай қатынына қарата бастаған екен. Ілиястың туыс ететін қазақтары оған сенбейді. Бурабай поселкесінде қасап қылып, қымыз сатып отырған Оралды да жазған дейді. Мұның бәрін айтып отырғандығым әншейін өнер-білімнің шырағы болуға тиісті курортта қараңғы нашар қазақтарға жарық сәуленің азғантай пұшпағы қалмағандығы.
Ол маңайдағы нашар қазақтарға жәрдем беру курорттың міндеті емес деп айтар. Бірақ ондай пікір қате. Курорт қара халық үшін емес пе?! Бурабайда мынадай мінез бар. Әлгі поселкенің жағында орындарына ақша төлеп отыратын он шақты нашар үйдің ішінде балықшы шал бар. 2 — 3 жастау балалары бар. Бір бала қу отын теріп жүрсе, шұбар Сидор деген ағаш қорушысы балалардың қайласын тартып алыпты. Балықшы шал елу алабұға апарып беріп, қайласын қайтып алыпты. Енді сол шұбар Сидор тағы да шалдың балаларынан балтасы мен арасын тартып алыпты. Шал тағы да апарып беруге балық даярлап жатыр.
Бip күні Бурабайдан 18 шақырым жердегі Шортанда кедейді құтырған ит қапқан. Оны естіп курорттың бастықтары иесіз жүрген иттерді курорттан атуға бұйырған. Поселкенің иттерін жұмысы жоқ қазақтың бүрісіп отырған он шақты нашар үйлеріне Долманов деген милиция-ақ келе сала есігінің алдында жатқан итін атып салған екен. Оқ пен түтін үйге кірген. Ит жатқан іргенің ішкі тұсында, кішкене баланы түтінімен оқ шарпыған. Бала қорқып тұра қашып, жынданып, басын темірге ұрып алған. Басынан аққан қанын бала оқ тиді деп шошынып, азан-қазан болған.
Қажы мен Доланов кете барған. Балықшы шалдың қатыны жылап, ұлыққа арыз берген. Долановтың ісін кім тексереді дейсің. Елде осындай да жайлар бар. Мұндай іс жерде, әр елде бар шығар. Бірақ үкіметтің курортында мұндай болмаса керек.
1925 жыл.
ҰШПЫР ЖЫРЫ
Мен ұшпыр соғуға түстім. Ә дегенде қалай соғудың мәнісін білмей, «ақауыз» болып шығып жүрдім. Ұшпырлар күндіз бір кезек, түнде бір кезек болып, екі рет жер астына түседі. Мен күндізгі кезекпен түскемін. Жаман, жыртық киімдерін киіп жер астына түскен жұмысшылардың түрі тірідей көрге түскен адамдардай болады... Күнімен жер астындағы су сорғалаған қараңғы үңгірлерде шаммен жүресің. Шаммен тұрып көк тасқа көк құрыш жүзді темір қазықты ауыр балғамен бар күшіңді, бар жаныңды аямай аласұрып көк темірді көк тасқа шақ-шақ еткізіп дүрсілдетіп кеп соғасың. Терең жер астын кеулеген қараңғы үңгір забойларға жағалай күрсілдетіп соққан ұшпырлардың даусы бүкіл жер астын қозғалтады. Жер астын күңірентеді. Мыжғылап соғып, соғып, көкиық болып, екі иығын салбырап, жүрегің қарайып, үсті-басың ылай суға сүңгіп шыққандай болады. Міне бұл тәрізді бейнетті істеп-істеп, бір тиын таппай «ақауыз» болып шығудың қандай екенін өзі «ақауыз» болмаған кісі білмейді.
Әуелі мен екі күннің бірінде сондай болып жүрдім. Біраздан соң азырақ төселіңкіреп «ақауыз» болмай ақша таба бастадым. Тапқанмен ақша қанша? Күн ұзын жер астында тас қашап, жанталасып қимылдап тапқан ақшаң тәуір киім киіп, тәуір тамақ іше бастасаң, елге жіберуге жетпейді. Елге жібере бастасаң өзің жөнді киім кимей, тәуір тамақ ішпей жүру керек. Ал ауыр жұмыста жүргенде біздің қазақ баласына күштірек ас ішіп жүрмесе болмайды. Оны өздерің де білесіңдер. Сүйтіп жанталасып жүріп тапқан ақшаң мұқтажыңның біріне жетсе, біріне жетпейді... Қысқа жіп күрмеуге жете ме?..
Шиқан қалжыратып жұмысқа бара алмадым. Ертеңінде, жұмысқа шақырған таң алдындағы шаба қағысымен, жолдастарым жұмысқа жөнелуге киініп жатты. Мен де кептіруге жаюлы тұрған, көк тастың суымен араласқан, көк лайы сіңген жыртық, шоқпыт жамаулы біріне-бірі сай шекпен, пеш бет, шалбар, етігімді киіндім. Белбеуіме майшам орнатқан темір шамдалымды байлап, қалтама бір қорап сіріңке салып, жолдастарыммен бірге жөнелдім. Таң жаңа ғана сарғайып бозарып атып келе жатқан кезі еді. Қыстың қылшылдап тұрған кезі. Қызыл шұнақ аяз. Қар да қалың еді. Жота-жота қарлардың арасында үйлердің төбелері ғана қараңдап қылтыңдайды. Тек машинаның ұзын қара мойындары ғана биік аспанға созылып қою қара түтінін будақтатады. Үсті-бастары көкала балшық сіңген саусылдаған шоқпыт киімді жүз қаралы жігіт сұп-сұр болып, шұбырып сықырлап келіп, қалалы жердің құдықтарында қылып, шегендеп тақтай қиған, аузын қақпақтаған төртбұрышты тесікке біртіндеп жоқ болып жатырмыз. Жұрт белдеріндегі шамдарын жағысып, қақпағы ашылған қималы құдыққа арттарымен түсіп, шахтаның сатысымен тырбаңдап, көткеншектеп, кейін шегінген төрт аяқты мақұлықша төмен құлдырап кетіп жатыр. Сатылардың көлденең ағаштарына жылда-жылда, сырт-сырт етіп жабысқан жұмыскердің қол-аяқтарының дыбыстары және жер астынан уілдеген леппен бірге шыққан дыбыстары күңгір-күңгір естіледі.
Қап-қара болып үңірейген шахтаның аузы қу тамақ үшін дамыл көрмей аласұрған, жанды жанмен асыраған халықты тірідей жұтып жатқан жалмауыздың аузы тәрізді. Қараңғы жер астынан уілдеп шыққан леп — құтты жалмауыздың демі сияқты.
Жұмыскерлер тапырлап бірінің соңынан бірі шахтаның үңірейген аузына жұтылып жатыр... Мен де жұтылып кеттім. Сатымен тырбаңдап, төмен құлдырап кетіп бара жатырмын. Менен кейін біреу түсті, одан кейін біреу, одан кейін біреу. Белдеріндегі шамдары жылт-жылт етеді... Менен кейін түскен жігіт те жылда-жылда тырбаңдап, артқы аяқтарымен мені басыма теуіп қалуға таянып, мені қуып келе жатқан мақұлық тәрізді. Мен де менен бұрын түсіп кетіп бара жатқан адамның тырбаңдаған қолдары мен қараңдаған басын қуалап барамын, бір сатыдан бір сатыға, бір сатыдан соң бір сатыға тарсылдап түсіп барамыз...
Жер астының үңгірлеген қуыстарын «забой» дейді. Міне, сол забойлар тарау-тарау болады... Бәрі нөмірленген болады, бірінші, екінші деп бастап... Қасен біледі...
Сол забойларға жұмысшыларды таратып жіберіп тұратын жұмысшылардың үстінен қарайтын басқарушы болады. Жұмысшылар оны «паренжік» дейді. Жер астын билейтін үлкен ұлық шегір мен наренжіктер байдың итаршылары болады. Наренжік біреу емес, әлденешеу болады. Бас-басының үстінен қарайтын, билейтін істері бар. Әйтеуір бәрі де жер астындағы ұшпыршылар мен қара жұмысшыларға айғыр...
Мішен деген қазақ «наренжік» келіп жұмысшыларды забой-забойға жұмысқа тартты. Қара жұмыстағыларды қара жұмыстарына, ұшпырларды өз жұмыстарына... Қараңғы жер астындағы тарам-тарам үңгірлерге шамдары жылт-жылт етіп күңгірлесіп жұмысшылар тарады. Ұшпырлармен бірге мен де ұшпырларымды санап алып, балғамды алып, «наренжік» жұмсаған бір забойға келдім. Бір үңгірге келген он шақты кісі едік... Көкала жақпар тасқа жағалай тұра қалып, ұшпырды салып кеп қалдық. Тұп-тұтас, жермен-жер болып жатқан көкала тасқа шақылдатып ұшпырды қадап жатырмыз. Бір қолда ауыр балға, бір қолда ұшпыр. Ұшпыр темірді ауыр балғамен көкала тасқа жағалай шақ-шақ еткізіп ұрғанда, жер астының үңірейген, үңгілген түпкір-түпкірлерінің бәрі жаңғырығады...
Ұшпыр соққанда, қашап үңгілген тесікке су жіберіп соқсаң, көк тас азырақ босаңсығандай болады. Ұшпыр соғатын жерің төменде болса, қашай бастаған жеріңе су жіберіп отыру жай болады той. Ал ұшпыр биікке созылып тұрып соғуға тура келгенде, қашап тұрған тесігіңе су салып тұру қиын болады. Суды қолыңмен алып шашып тұру мандымайды, көп уақытты алады... Мен енді лаж жоқ, жер табанындағы ылай суды аузыма ұрттап алып, қашап тұрған тесіктеріме ылай суды аузыммен атқылатып жіберіп отырдым.
Жоғарғы төбеден тамшы тамғандықтан, жер табанында шылпылдаған ылай су болғандықтан, үстіне жаңа қашап жатқан тесігіңе салған суың ұшпыр соққанда бет-аузыңа шашырап тұрғандықтан, біраздан соң үсті-басың, бет-аузың көк ылай суға аунап тұрған адамның түріндей болады.
Жұмыс доғаратын уақыт болды. Манағы бізді жұмысқа таратқан нәренжік Мішен деген жігіт пен жазушы орыс келді. Жағалай әрқайсымыздың тескен тесіктерімізді санап, өлшеп жатыр. Бір уақытта кезек маған келді, мен ең шетінде едім. Тесіктерімді көрсеттім. Мішен наренжік тескен жерлерімді өлшеп көрді де, орысқа орысшалады... Сүйтті де маған қарап:
— Мыналарың жазуға ілікпейді, — деді.
— Е, неге жазуға ілікпейді? Мұндайлар ілікпесе, тіпті жұмыс қылмасын дегендерің де! — дедім.
— Жоқ, ілікпейді, — деп, міз бақпай жүре берді. Не қыларымды білмедім. Жүрегім тулап, ызам қайнап, көзіме жас келді.
1928 жыл.
АШАЙ
(1919 жылғы болған оқиға)
Бұл Бетпақта маған енді жолдас боларлық жігіттердің түрлері көpiнe бастады.
Таныс ауылымның үйінде отыр едім, үйде бірсыпыра кісілер бар еді. Бір атты кісі үйге келіп түсіп, атын белдеуге байлап, біз отырған үйге сәлем беріп кіріп келді. Үйдегілер сәлем алған соң, кіріп келген жігіт төрге шығып отырды. Денелі сары жігіт. Бетпақтың бұйра қызылшасы сияқты. Тырбиған сары жез мұртты, иегінің үшінде сондай тарбиған сары сақалшағы бар. Үстінде ескі тозған жыртық, келте торы құлын жарғағы бар. Белін жамандау шүберек белбеумен буған. Аяғында бастама ескі жамаулы шолақ қоныш етігі бар. Киіз байпағының қоныштары тозып, жырымдалып қайырылып төмен қарай қыжырайып салбыраған. Қолында тобылғы сапты қамшысы бар. Үйдегілермен амандасты, менімен де амандасты. «Бұл кісі кім?» — дедім.
— Бұл кісі әлгі Ашай деген жігіт!.. — десті.
Мен Ашайды еститін едім.
...Ашайдың қызыл тазысы кеше бір қызыл түлкі алыпты... Ашай бір шошқа атыпты... Ашай былтыр жау түсіргенде, жаудың мылтығын алып қалған екен... Ашай он шақты жауды жалғыз өзі түсірген ғой... Әуелі біреуін үйінің жанында аңдаусызда атынан құлатып алып, үндемей ұрып, қол-аяғын байлап, әйеліне күзеттіріп қойып, өзі мылтығын алып, жаудың атына мініп, өзге жауды қуып түсірген ғой... — деген сөздерді еститінмін.
Сол Ашай жалқындай болып, шоқпардай болып менің жанымда отыр. Қараймын.
— Сіз жақында тазыңызбен бір қызыл түлкі алдыңыз ба? — дедім.
— Алдым! — деді Ашай.
— Қызыл ма? — дедім.
Ашай басын қозғап:
— Мына басымдағы түлкі қызыл ма? — деді.
— Қызыл!
— Ол ендеше бұдан да қызыл, — деді.
Үйде отырғандардың кейбіреулері жымиысты. Біз отырған үйдің иесі Көшінбайды ұлын ертіп Ашай тысқа шықты. Біз үйдегілермен Ашай туралы сөйлесіп отырдық.
Кешікпей Көшінбайды інісі үйге кіріп, мені тысқа шақырды. Тысқа шықсам, үйдің сыртында Арқаның сары бүркіт індей болып күжірейіп Ашай отыр екен. Мені Ашайдың қасына ертіп келді.
Ашай анаған:
— Сен бара тұр! — деді.
Мен Ашайдың қасына отырдым. Ашай менімен танысуға келгендігін айтты. Өзінің кім екендігін айтты. Ақырында:
— Енді жақын болайық, дос болайық, — деді.
Мен Ашайдың мұнысына қатты риза болдым.
— Жаңа менің алған үкімнің қызылдығын сұрадың ғой... Оныңа түсіндім, саған тымақ керек екенін көріп отырмын. Саған ол түлкіні жібек пайымен тыстатып тымақ қылдырып берейін. Ертең біздің ауылға кел, біздің отанды өз үйіңдей көр! — деп, Ашай мені ауылына шақырып кетті.
Ертеңінде жалғыз Ашайдың ауылына келдім. Ашай кішкентай үйін тазалап, жаңа киізін төсеп қойған екен. Ашай екеуіміз үйде сөйлесіп отқа таяу отырмыз. Ашай домбыра шертіп отыр. Домбыраны жақсы шертетіндігі көрініп отыр.
— Домбыраны жақсы шертеді екенсің! — деймін.
— Қобызды бұдан да жақсы шертем!.. Бірақ қобызым әнеугүні сынып қалды! — деді Ашай.
— Әттеген-ай, Ықыластың күйін білуші ме едің? — деймін.
— Ықылас күйін жақсы тарттым!.. Мен Ықыластың өз тартқанын көрдім. Керемет еді ғой... — дейді.
Жуан саусақтары жарыса билеп, сыдыртып ойнап, сегіз пернеден Ашай әдемі күйді сыңқылдатып отыр... Ашайдың жас келіншегі қазан астына от жағып, шай мен ет дайындап жүр.
Ашайдың ауылы үш-төрт үй. Кедей ауыл тәрізді. Ашайдың өзі де, үйі де нағыз нашар кедей екендігі әр нәрсесінен байқалып тұр. Кішкентай қоңырша киіз үй. Үй ішіндегі азғантай нәрселерінің қызыл тазысынан басқа, Ашайдың жібек пайымен тыстаған түлкі тымағынан басқа іске татитындығы шамалы. Үйінде нәрсе дейтін нәрсе жоқ. Жаман ағаш кебеже, сынықтау абдыра. Ескі киіз аяққап ілулі тұр. Есіктен кіргенде оң жақта, қазан-аяқ, жататын жақта қоқыр-соқыр бірдемелер жатыр. Асуды тұрған қазаны кішкентай ошағының бір жақ бұты қираңдап тұр Мыжырайған қаракүйе басқан құман, шомыт текемет, кір жұқа төсек. Міне, үйіндегі бар нәрсе осындай. Тек біздің астымыздағы төселуі киізі биыл басылған жаңа киіз. Бірақ Ашай кедейлікті үлкен намыс көретін сияқты. Әрбір сөздерінде, үнінде, қияпат қимылдарында ылғи ірілігін көрсетуге тырысады.
«Meн кедей емеспін... Мен батырмын. Мен мал дымын!.. Мен ешкімнен кем емеспін!» дегендей түр көрсетуге тырысады. Ашайдың жас жігіт інісі үйге кіріп шыққанда, оттың есік жақ басынан жоғары шықпайды. Ашайдың алдында әдеппен отырады. Ашайды «Ашеке» дейді. Ағасына (Ашайға) бір төре сияқтандырып үлкен кішілікпен, үлкен құрметпен қарайды. Інісі үйге бір кіргенде Ашай інісіне сақ шаруа Байша қарап:
— Әлгі жылқы шыққан жаққа барған кісі бар ма, қайда шығарып едіңдер? — деді.
— Мына қара сайда жатыр... Мен әлгіде барып келдім! — деді інісі.
— Мына Сәкеннің атын жылқыға апарып қосып кел! — деді Ашай.
Мен ішімнен: «Е, мына байғұстың жылқысы тәуір екен ғой, сөздерінің түріне қарағанда! — дедім.
Бірақ біраздан соң «жылқы» деп қампайтып отырғаны үйінің ортасындағы 10 шақты ғана тай-байтал екенін білдім. Інісі менің атымды жылқыларына апарып қосып келді. Кешке тысқа шығып, ауыл жанында тұрдық. Қорасына келіп иіріліп, үй-үйінің ортасындағы жүз шамалы қойды көріп тұрып мен Ашайға.
— Қойларың аз екен, ә?.. — дедім.
— Жоқ, бұл әшейін қолға ұстап отырған азғана қой ғой. Көп қойымыз мына жердегі екінші ауылымызда!.. — деді Ашай. Бірақ тағы да біраздан соң бар қой сол-ақ екенін білдім!..
Ішімнен: «қу кедейлік ай, талай ердің қажырын мұқатып, талайдың көңілін назаландырып, талайдың қанатын қырықтың- ау!» — дедім.
Енді Ашаймен әбден дос болып алдық. Кешке от басында домбыра шерткізіп отырдық.
Ашайдан әңгімелер сұраймын... Ашай күйшілік, аңшылық туралы әңгімелер айтып отыр...
Сөзден сөзге көшіп отырып, Ашай соның батырлығын әңгіме қылды.
— Былтыр осы кезде ел Қарасайдан Шуға қарай бір көшіп қонғанда, біздің отау ертең көлік келгенде көшуге жападан-жалғыз жұртта қалып едік. Маңда біздің отаудан басқа түк жоқ. Біз мына әйелмен екеуіміз жалғыз отауда түнде ұйықтап жатыр едік, түн қараңғылау еді. Түн ортасы кезінде бір көп үлкен дүбір естілді. Біз тыңдай қалсақ, дүбір мына күншығыс Арқа жақтан келе жатқан дүбір екен. Мен ұшып тұра келіп етігім мен күпімді кие салып есіктен сығалап қарасам, бір топ жылқы біздің отаудың үстіне қарай дүбірлеп келеді екен. Жылқының қарамы 50 — 60-тай. Қараңдап жылқыны айдап келе жатқан кісінің санын санай алмадым, әйтеуір он шақты адам ғой деп ойладым. Мына әйел де киініп менің қасыма келді. Жылқы алып келе жатқан ұры екенін біле қойдым. Із өкшелері Арқа жақ, Арқа болғанда мына Шұбыртпалы қаракесек жақ. Жылқыны саудыратып біздің есіктің алдынан айдап келе бергенде, бір бұралған сенделген жаяу баран біздің отауға келіп тұмсығын тіреп тұра қалды. Бұралып болдырған ат сияқты. Ұрының өздерінің әбден болдырған төл аты екен. Атты біреу келіп айдап еді, ат біздің отауды айнала берді. Айдаған кісі де атты айдап үйді айнала берді. Мен қарап тұрмын сығалап, атты айдаған ұрының мойнында мылтығы бар. Ол үйді айнала атты айдап үйден атты шығара алмай жүргенде, ана жылқы айдағандар едәуір жерге кетіп қалды. Болдырған атты үйден шығара алмай енді бір айналып есікке сүйкене өте бергенінде ақырын есіктен шыға беріп, атты кісінің арт жағынан ұмтыла беріп мойнындағы мылтығымен қабат жауырыннан сарт еткізіп ала түсіп атынан жұлып алдым. Аттан жұлып алған бетіммен: «Үніңді шығарма, өлтірем!» — деп кеудеге бір-екі нұқып-нұқып нығарлап жіберіп, есін жиғызбай аузын басып, мына әйелге үйден орамал алғызып аузын тартып, мойнындағы бесатар мылтығын алып, қол-аяғын артына қайырып байлап тастадым. Жалма-жан ұрының оқтарын алып, мына әйелді қасына күзеттіріп: «тырп етпе — жат!» — деп, қолына пышақ алғызып, өзім ұрының атына мініп алып жүріп кеттім. Астымдағы мықты ат сияқты. Сыпылдатып жылқы айдап бара жатқандардың соңынан келдім. Тым таянбай, қарасын көріп жүріп отырдым. Маған той деймін, жылқы айдап бара жатқандар дыбыстады:
Ой... — деді.
Мен де: «Е-е-е», — деп қойдым.
Дәл бара жатқан беттерінде біздің мына тоқтауылдар бар. Мен сол алдындағы елге таяныңқырасын деп қараларын көріп келемін. Енді біраз жүргенде, алдындағы ел таянып та қалды-ау дегенде, маған тағы да дыбыстады. Сол кезде атымның айылдарын сипалап қарап алып, «тәуекел» деп, ақырып, «жаумұндалап» атты қойып қалдым.
«Жаумұндалаған» дауысым да шықты. Бесатарды да бастарынан асыра гүрсілдетіп атып-атып жібердім. Түн ортасында тым-тырыс жатып жон жаңғырығып кетті. Қаперсіз келе жатқан жау бытырай жөнелген жылқымен бытырап ұйқы-тұйқы болды. Бір-екеуің аттарын көздеп атып жіберіп едім, — біреуі аттан түсіп қалды.
Уа, «жау мұнда!», «жау мұнда!», «Аттан!» — деп келемін.
Сол арада алдымыздағы ел, үріп шулап қоя берген иттің даусы шықты. Айқайлаған ел адамдарының да дауыстары естілді. Енді ұры артына қарай алмай, қаша берді. Жаңа бір-екеуі не мылтық атып ақырып едім, олар да түсті.
Сөйтіп, елден кісі келгенше екеу-үшеу ін өзім түсірдім. Елден кісі келген соң өзгесін түсірдік. Үшеуі-ақ қашып құтылып кетті. Өзі он екі кісі екен. Тама қызылқұрттың ұрысы екен. Ішінде Жүсіпбек төре бар. Жылқы өзіміздің мына Арқадағы Шұбыртпалының жылқысы екен!..
— Ал манағы байлап беріп кеткен ұрыны мына кісі күзетіп отыр ма екен... — деп Ашайдың от жағып, сөз тыңдап отырған келіншегіне қарадым.
Ашай келіншегі үшін де мақтанғандай қарап:
— Біз келгенше бұл қолына пышағын ұстап ұрының қасында отыр екен... Ұры бірнеше қозғалып көрген екен, бұл пышақты ұрының тамағына тигізіп, бір-екі желкеге нұқып қойған екен. Ұры тырп етпей қалыпты, — деді.
Ашайдың әйелі ашаңдау, сүйектілеу, қаракер көз, ақылды тұйық қабақты, орта мұрынды, 22 — 23-тегі құбаша келіншек. Ашайдың әңгімесіне мақтанбады, әңгімеге бір де сөз қоспай отырды. Тек маздатып баялышты жағып отыр. Ашайдың қасында, киіз үстінде отқа бетін беріп қызыл тазы жатыр. Тобылғы торы көзін жаудыратып қызыл тазы домбыраның күйі араласқан әңгімені тыңдап жатыр. Қызыл тазы туралы да бірсыпыра сөздер айтылды.
1936 жыл.
БЕТПАҚТА
Содан жалғыз ауыл жылжып елсізге, шөлге шықтық. Үлкен таулар артта қалды.
Әуелі Арқаның шалғыны бірте-бірте селдіреп, үзілді. Бірте-бірте қалың бетегелер де таусылды. Бірте-бірте Бетпақдаланың белгілері көріне бастады. Селдіреген сұр бояу жусан. Тырбиған сұрғылт көкпек, тырбиған қураған бұйра баялыш. Бозқараған. Жерінің қыраңы тастақ, ойпаңы шақат, сортаң... Бетпақдала сұп- сұр. Елсіз, жансыз Бетпақдала...
Қуарған құба жондар ұшы-қиыры жоқ тәрізді, таусылмайды. Елсіз, жансыз Бетпақдала...
Сұп-сұр бұйра баялыш қаптаған ойлы-қырлы қиырсыз сұр бетпақ — бұйра толқынды сұр теңіздің тебіндей...
Сол сұп-сұр бұйра толқынды сұр теңіздей Бетпаққа шығып ырғалып жүріп отырып, енді Бетпақтың ортасына — құба шөліне шықтық. Бетпақдалада сыдыра аяңдап келеміз. Он шақты түйеге төрт үйдің жүксымақтарын артып, тізген. Ауыл бастығының әйелі салт атпен көшті алып келеді. Әйел үсті-басына қабаттап киінген. Кей түйелердің үстінде жаман шекпен күпіге оранып, шошайып отырған кемпір, бала-шағалар көрінеді.
Елсіз ен даланы қақ жарып, изеңдеп, ырғаңдап, аяңдап, шұбалып, түзіліп жалғыз көш келеді. Ұшы-қиыры жоқ сұр бұйра толқынды теңіз үстінде тізбектеліп, шұбап жүзіп келе жатқан бір топ құс тәрізді. Көштің жанында бір-екі салт атты әйел келеді. Көштің алды-артына шығып жортып төрт-бес ит келеді. Көшті қабырғалап, бір үйір жылқысын айдап, бір бала мен ауыл бастығы келеді. Жылқымен жедел, ауылдың үркердей қойын айдап, жирен байталды, жыртық шекпен күпілі сары бала келеді. Көштің алдында бес-алты атты кісі Мәдібектер мен біз келеміз. Бәріміз де ырғалып аяңдаймыз да отырамыз. Сұп-сұр болған айнала, қиырсыз, көлбеген, қуарған дала...
Ел жоқ... Жан жоқ... Ұшы-қиыры жоқ. Бетпақдалада шоқтай болып, сыдырып сау аяңдап жүреміз, жүреміз. Теңізде малтығандай қыбырлап, көктегі күннің астына қарай жылжимыз да отырамыз... Таусылмайды. Ылғи құба жон, ылғи сұр дала. Бүгін де сол, ертең де сол, бүрсігүні де сол. Біріне-бірі ұқсайды. Таусылмайды. Біздің де бірқалыпты ақырын ырғақты жүрісіміз таусылмайды. Бізде Бетпақты қақ жарып, таусылмайтын жондарды, қырқаларды сыдыртып, бөгелмей, жалықпай сау аяңдай береміз. Елсіз, шұбалған Бетпақдала да таусылмайды. Біз де ұшы-қиыры жоқ даланы қақ жарып, жан-жаққа бұрылмай, ілгері, ылғи бір қалыппен сыдыра аяңдап, ырғақтай береміз. Жүре береміз... Жүрісімізде бір күшті күй бар. Ол күй, ылғи бірқалыпты ырғалып шұбырған «балбырауын» күйі тәрізді немесе құдды «танго» тәрізді.
Кештетіп келіп, соқыр құдыққа жете қонамыз. Лезде баспаналар тігіледі. Біреулер үй іргесінен оп-оңай баялыш шауып әкеледі. Тамызық тигізіп қалса, қу баялыш ду етіп жанады. Қызуы қатты ақ. Біреулер соқыр құдықтан барып су әкеледі. Су талғау жоқ. Табылса болғаны. Тез шай да қайнайды. Етте асылады. Жылқы мен аттарымыз ауыл қасында жайылып, жусан, изен, ебелекті тырсылдатып жұлып жатады. Қой мен түйелер іңірге шейін ауылды айнала жайылып, көз байлана ғана қотанға иіріледі. Түнде төрт жаппа, бір қара қос шоқтай болып бір-біріне тығылғандай бүрісіп, қиырсыз Бетпақдалада бүкіл дүниеден адасқандай кіп-кішкентай болып отырады. Баялышты маздатып жағып, отты жарқылдатып, оттың айналасында сығылысып, әңгімелесіп отырамыз. Домбыра шертеміз. Ауылдың бір-екі жігіті гармонь ойнайды. Бір-екі кішкене қыз бала ен салады. Кейде оттың жарығымен карта ойнаймыз.
Сол көш іспен көп күн көштік... Енді кейде шоқы, жал сымақ, тырбиған бұйратта кездесетін болды...
Екі жерде бір жақтан жылқы алып бара жатқан екі топ жау құдық. Екі жылқы түсіріп алдық.
«Енді ел табамыз», — деп, Мәді бектердің қосы ілгері озды. Мен де олармен бірге кеттім. Бес кісіміз. Қос артқан және екі қап ұн артқан түйе бар. Сұп-сұр бұйра, сұп-сұр толқын Бетпақ шөлін қақ жарып, шоқтай болып жүріп келеміз. Белес-белес Бетпақтың сұрғылт жондарын басып, әр жерде қарауылдап келеміз, ел жоқ. Кешке шейін жүріп, ел таба алмадық.
Мәді бектер, күн еңкейген кезде ілгері қарата шабуылдап, әрбір обаға шығып ел қарайды, бірақ ел жоқ. Аттары әбден сабылды.
— Апырай, енді осы алдымыздағы «Сары тораңғыда» елдің арты нағып кездеспес екен? — деседі Мәді бектер.
Кеш батып, қас қарайғанда бір жазылған жалпақ жоннан астық. Жонның асты кемер екен. Кемерден әрі ойылған алқап сияқты ұшы-қиыры жоқтай тұнжыраған мылқау қараңғы дүние. Әлгі жонның астындағы кемерді «Сары тораңғы» дейді екен. Айнала қошқылданып қарайды. Олар не жердің топырағының қошқыл түстері, не жұртта қалған баялыш отындар, не әр түрлі нашар мәнді бұталар. Мұндай бұталар Арқада көп кездеспейді, бұл тек осы шөлейт Бетпақтың кейбір жерлерінде кездесетін бұталар. Бұлар: «мұжығын», «түйеқарын», «итсигек» және солар сияқты көп жұрт аттарын білмейтін шөп, бұталар.
«Шолақ тораңғыда» ел қонып жүретін мерзімде көң, қорда жұрт көп болады екен. Оны мына Мәді бектер тіпті даңғыл, жатқа біледі екен. Сол қараңғы түнде бұлар сол кемердің бір жеріне келіп:
— Міні, осы жер ылғи ауыл қонып жүретін жұрт еді. Бұл араға қонып соңғы көшкен ауылдар, кешелі-бүгінді ғана көшіп кетсе, оттары әлі сөніп бітпеген болады... Аттан түсіп-түсіп оттарын қарайық! — деп, әр жерде аттарынан түсіп, от жаққан жерлердің күлдерін ақтарып қарасып жатыр. Мәдібектің інісі Батырбектің ақтарған күлінен сөнуге айналған қызыл шоқтар жарқ ете түсті. Бәріміз сол араға үймеледік.
— Бүгін көшкен елдікі емес. Бір-екі күн болған от! — десті.
Енді сол араға қондық. Қараңғыда аттарымызды қаңтарып қойдық. Қосты тігіп алдық. Жұртта жатқан шабулы баялыш отындарды әкеп қосқа жағып жатырмыз. Мәдібектердің жасы кіші атқосшысы Сүйіндік деген шот маңдай, ала көз, қара жігіт қостың қара бақырымен барып су әкелді. Мосы асып, қоста ұн көже істеп жатыр.
Бұл Мәдібектер ылғи Шу өлкесін қыстап, жазғытұрым осы Бетпақты басып көшіп отырып Арқаға келіп, Сарысу өлкесін жайлап, күзге салым қайтадан тағы да көшіп, осы Бетпақты басып өтіп, Шу өлкесіне келіп қыстап, қайтып жүретін елдің балалары. Бұлар Бетпақтың әрбір обасын, әрбір соқыр құдығын, әрбір жонының, әрбір кемерінің, әрбір ойының, әрбір төбесінің қай жерде екенін тамаша жақсы біледі. Және ол жерлерде не бар, не жоқ екенін өздерінің бес саусағындай жақсы біледі. Бұлар қараңғы түнде де Бетпақта адаспайды. Қараңғы түнде бұлар Бетпақта су да табады, жұрт та табады.
Қоста ұйықтап, ертеңінде таң атып келе жатқанда аттарымызды әлгі түнде тапқан соқыр құдықтан суарып, біраз оттатып алып, ерледік... Менің атым шөл отына, шөл суына үйренбеген ат, қабақтары қатып жүдеп келе жатыр. Шөлде Арканың шөптерінің бірі де жоқ. Арқада менің атым — күрең аттың жегені — жаздыгүні жасыл жібектей, күздігүні сары жібектей жұмсақ, жұпар иісті, тәтті шөптер еді. Ол шөптер: бетеге, тарлау, көк жусан, қара жусан, жоңышқа, қияқ, бидайық, көде, шалғын, мия, майса және толып жатқан әдемі шөптер.
Бетпақта бұл шөптер жоқ. Бетпақтың шөптері селдір, қоңыр, сұр, қуарған, сояуланған қатты, қоңырсұр өсімдік. Ол шөптер: сояу жусан, қара қоңыр жусан, изен, ебелек. Рас, көкпек пен жусан Арқада да бар. Бетпақта да бар.
Арқаның суы көбінесе тұщы, тәтті, тұнық су және ондай сулар көп. Үлкен шалқар айдын көлдер, ұзын аққан өзендер, таудан, адырдан сылдырап аққан күміс сулы бұлақтар, көк шалғынды, мөлдір сулы томарлар, тәтті суық сулы құдықтар Арқаның жан-жануарларының сүйген, үйренген сусыны. Бетпақта су сирек кездеседі. Ол судың өзі тапшы және дәмі де басқалау болады. Ол сулар көбінесе сол, анда-санда бір жерде, соқырдың көзіндей сығырайған нашар құдықшалар болады...
Ылғи жүріс болған соң, жейтін шөбі, ішетін суы нашар болған, алты ай мінсе арымайтын отты көз күрең аттың қабағы қатып жүдеді. Кешке түсіп байлағанда, таңертең тұрып маңдайын, арқасын сипап ерттегенде күрең ат мені иіскеп, ауыр күрсінетін болды. Кейде күрең аттың қатқан қабағы, терең күрсініп қойғаны мені қамықтыратын болды...
Күндегідей, күрең аттың әдемі маңдайын, гәуһардай жайнаған көздерін, жұп-жұмыр жонын сипап, ерлеп жатқанымда күрең ат менің кеудемді иіскеп, ауыр, терең күрсініп қойды... Мен аттың жібек жалды, барқыт түкті мойнынан құшақтап, бетіне, ерніне бетімді қыстым... Жүрегім елжірегендей болды.
Елден еріп шыққан ең жақын жалғыз серігім, ең жақын жолдасым күрең ат қой! Бұл араға күрең ат екеуміздің арамыздағы сезім сырларының кейбірін аз ғана келтіретіндей бір-екі өлеңді келтірейін:
Күрең атқа
Күрең ат, күрсінесің, зорықтың ба?
Тыныштықтан күдер үзіп торықтың ба?
Мендей-ақ тыныштық таппай елден безіп,
Сен дағы сергелдеңге жолықтың ба?
Күрең ат, жабырқайсың, қамықтың ба?
Сағынып Сарыарқаны, тарықтың ба?
Тыныштықтан безіп жүрген бір адам мен
Жолдас боп арып-ашып талықтың ба?
Күрең ат, жабырқама, арқаң босар!
Үйірден бөлген тағдыр қайта қосар!
Жарқырап алдыңнан ай, маңдайыңнан,
Қуаныш бақытты күн бізді тосар!.
Күн салқындау еді... Көсілген, ойлы, қырлы, елсіз жым-жырт құба жондармен жүріп отырып, бір көлденең жатқан биік жонға шыға келдік. Жонға шыға келіп, бәріміз де қуанып шу ете қалдық! Жонның асты жазық ой екен. Ойда қалың көп жылқы жатыр екен. Көзін қаптаған томағасын жұлып алған зарыққан бүркітше, аяғымыздың астында жайылып жатқан қалың жылқыға қарап тұрдық.
Мәдібектер жылқыны тани кетті.
— Мынау Тыныстың жылқысы ғой!
— Иә, иә, Тыныстың жылқысы! — десті.
Жылқыны көрген соң бәріміз де көңілденіп, мен сәл аңырайыңқырап, жылқы жатқан ойға қарай келеміз.
Қызыл изенді, сұр көкпекті, тырбық қара жусанды ойда бытырап, қаперсіз жайылып жатқан жылқыға таянғанымызда, жылқыдан екі атты кісі бізге қарай жүрді.
Мәдібектер қарсы келе жатқан екі кісіні танып келе жатты.
— Мынау байдың өзі ғой! Байдың өзі ғой!
— Иә, мынау Тыныстың өзі! — деп келе жатты.
Жылқыдан қарсы келе жатқан екі кісі де Мәдібектерді танып келе жатқан сияқты.
Олардың бірі көнелеу қоңыр киімді, қарына құрық сүйреткен, астында жараулау жирен жылқысы бар, жылқышы тәрізді. Мәдібектердің «байдың өзі» деп келе жатқаны екіншісі сияқты. Оның астында қара жал, қара құйрық, семіз, тоқ, сары аты бар. Үстінде қара күпісі бар, басында қарамен тыстаған ескілеу түлкі тымақ, аяғында саптама қар етік, беліндегі былғары күміс кіселі белбеуі, күміс үзеңгісі мен ерінің күмістеген қасы ағараңдап келеді. Бай кісі асықпай, астындағы семіз сары атты ақырын аяңдатып қана келеді. Өзі дөңгелек бетті, қызылшырайлы, қара сақалды кісі көрінеді.
Біз пысық аяңдатып келеміз. Қарсыма-қарсы жиырма қадамдай келгенімізде Мәдібектер сәлем де берді және балаша ақырын жыласып та жіберді. Мен бұларына түсінбедім. Бәрі қол ұстасып амандасып, аманшылық айтысып жатыр.
Мәдібектердің жылағаны — таяуда Тыныстың жігіт болған үлкен ұлы өлген екен.
Тыныс ауылына қарай алып жүрді. Жылқының шетін аралай жүрдік. Мен жылқыға таңырқай қарап келемін. Байдың жылқысының қарамы бес-алты жүздей. Жылқысының дені қара жал, қара құйрық, сары. Мен жылқысының түсіне таңырқап келе жаттым.
Ел шеті осы Тыныс байдың ауылы екен. Бетпақты басып Шуға келіп қыстап қайтып жүретін бұл Тарақты деген екі болыс елдің өзге ауылдары енді осы Тыныс ауылымен жедел Шуға қарай созылып отыр екен.
Бетпақты басып Шуды қыстап кайтып, Сарысу өзенін жайлайтын елдерден Ақмолаға қарайтыны — жеті болыс ел. Олар — бес болыс Тама, Алшын, Жағалбайлы. Және екі болыс Арғын, Арғынның Тарақты деген елі. Міні, әлгі Тыныс сол екі болыс Тарақтының жылқылысы екен. Тегінде, бұл Тарақты деген елде жылқы аз болады. Және бұл елде жөнді ірі байлар болмайды. Бұл елдің дені «дөңгелек» ауқатты, орталар болады. Ірі байлары бар ел ана бес болыс Тама, Алшын, Жағалбайлыларда болады. Тыныс байдың үйіне түстендік. Үйінің іші орта ауқатты қара шаруаның үйінен сәл ғана «қоқырлы». Бірақ көз тоқтайтын бір нәрсе жоқ. Тегінде, бұл көшпелі елдердің үй мүліктері жөнді болмайды. Бұлардың көбінің үй мүліктері мал басындағы, отардағы бас малшылардікіндей болады.
Бұлардың байларының тұрмысын Арқадағы байлардың тұрмысымен салыстыруға болмайды. Мысалы, анау пан Нұрмағамбет, тіпті анау Олжабай, Барлыбай, Нұралы балаларымен бұл көшпелі елдің ауқаттыларының тұрмыстары екі басқа... Аналар — паң, ақсүйек, би, шаруадан жиренетін мырза байлар. Ал мыналар — шаруа баққан, кір мойын, майлы етек, малшы байлар.
Тыныс ауылы Шу қыстайтын екі болыс Тарақтының ең артқы ауылы екен. Тыныс ауылынан аттанған соң, біраздан соң екі бөлініп жүрдік. Мәдібектер тұра жөндеріне жүрді де, Мәдібектің немере інісі Батырбек екеуіміз бөлініп бір жөнмен жүрдік.
Сол елдегі бір орташалау шаруалы адам Батырбектің құдасы екен. Батырбек қасына мені ертіп алып, сол құдасын іздеп, екеуіміз кешке шейін жүгіртіп ат сабылтып, құданың ауылын кешке әрең таптық. Онда қонып, ертеңінде Мәдібек ауылына келдік.
Мәдібек ауылында үш-төрт күн жаттым. Ол екі арада, кейін көшіп келе жатқан менің серіктесіп шыққан ауылым да сол маңға жетті. Мен енді атыма мініп жүріп отырып сол серік ауылыма келіп қосылдым. Серік ауылымның иесінің апасы сол елдің бір орталау шаруалы Орынбай деген сақылау адамның қатыны екен. Менің серік ауылым сол Орынбай ауылының, апасының маңына келген екен. Орынбай ауылының қасына келгенмен біздің серік ауыл оңашалау отырады. Біздің серік ауылдың иесінің үлкен баласы, әлгі Көшкінбай батыр ауылында жоқ екен. Біз Мәдібектермен озып кетісімен Көшкінбай да бір жаққа жол жүріп кеткен екен.
— Көшкінбай қайда?.. — десем, ауыл адамдары күбілжіңкіреп шала жауап береді.
Бұл — біздің серік ауыл — төрт қараша жаман үй. Оның үш үйі кедей. Тек, ауыл иесінің шаруасы орташаға таяу! Үш кедей үйдің бірі Сұлу Сыздық дегендікі. Бұл төрт үйдің сол Сұлу Сыздықпен және бір үйі Бетпақты, Шуды мекен қылатын екі болысқа бөлінген сол Тарақты деген елдің қазақтары, ал ауыл иесі Есенбай деген мен оның бөлек үй болып отырған үлкен баласы Көшкінбай Бетпақ пен Шуды мекен қылмайтын, Арқаны: Ақтау, Ортау, Атасуларды мекен қылатын Алтай деген елдің қазақтары. Тарақтының да, Алтайының да түбі бір болғанмен, екеуінің де түп руы болғанмен, Арғын ішінде бұл елдер бөлек-бөлек ел болып отырады. Арғын деген елдің ең көп, көп болған соң ең мықты, ең күшті атасы Алтай болады: Алтай — он екі болыс ел (12 болыс).
Алтайдан соңғы көбі болған соң, одан соңғы мықтысы Қарпық деген атасы болады. Қарпық — тоғыз болыс ел (9 болыс ел). Менің түбім сол Арғынның Қарпығы болады.
Сол біздің төрт үйлі серік ауылдың екі үйінің бірі әлгі Сұлу Сыздық.деген еді. Екі болыс Тарақтыда Сыздық деген бірнеше кісі бар. Бұл Сыздықтардың екеуі бай адамдар еді. Елде сол байлардың аты шығулы еді. Ал мына Сыздық кедей болғанмен еті тірі, пысық адам болғандықтан, бұл да белгілілеу адам еді. Сондықтан Тарақтыдағы осы белгілі үш Сыздықты жұрт бірін-бірінен айырып айтуға үшеуіне де айырым ат қосқан екен. Екі бай Сыздықтың бірі үлкен қарабурыл сақалды, қара-алакөз, жалпақ бетқара кісі екен. Оны жұрт «Қарабурыл Сыздық»деп атап жіберіпті.
Екі бай Сыздық арықтау, еңкектеу, әлсіздеу адам екен, оны жұрт «Салпыетек Сыздық» деп атап жіберіпті. Ал үшінші мына кедей Сыздықты «Жаяу Сыздық» деп атап жіберген екен, бірақ ол атты кейбіреулер намыстау көріп, мұны тағы да «Сұлу Сыздық» деп атайтын болған екен. Әрине, мұның өзіне де «Сұлу Сыздық» деген ат ұнаңқырайды екен.
Бұл аттарға жұрттың әбден құлақтары үйреніп қалған соң, тіпті бұлардың әлгі «Сыздық» деген аттарын айтпай-ақ бұларды әлгі "Қарабуырлы», «Салпыетек», «Жаяу», «Сұлу» деп те атайтын көрінеді.
Miнi, мен енді Көшкінбайды сол Сұлудан сұрадым.
— Көшкінбай қайда кеткен осы? — дедім. Сұлу жымиып күліп, сыбырлаңқырап:
— Ол соғым әкелуге кеткен! — деді.
Meн сонсоң ғана түсіндім.
Сұлу мені Орынбаймен таныстыруға соның ауылына ертіп жүрді. Бұл Сыздық «Сұлу» деген атақты ақтауға тырысатын сияқты. Шынында өзі әдемі, сұлулау екені де рас. Орта бойлы, дөңгелек бетті, қызылшырайлы, әдемі қара көзді кісі. Әттең, қара мұрты аздау және селдірлеу. Иегінің ұшындағы шоқша қара сақалы да аздау және селдірлеу. Селдірлеу болса да сақалын тұжырып, тегістеп және бірен-саран оқшау шыққан керексіз қылшықтары болса, қасының айналасындағы жаман бытыранды қылдарын қыратын шарманке қатындарша іскегімен жұлып тастайды, іскегі ылғи қалтасында даяр жүреді. Өзі қанша кедей болғанмен киімді де әлінше сыпайы киеді. Басында түлкі тымақ. Аяқта кебіс байпақ. Үсте сұр драп шекпен, оның ішінде жұқалау болса да бешпент-шалбар. Шалбарының балағын сыртқа салған. Сұр драп шекпенінің ішінен, бешпентінің сыртынан жылылыққа киетін және бір киімі бар. Ол киімі шекпені мен бешпентінің арасында болған соң көрінбейді. Және Сұлудың өзі де ол киімін көрсетпеуге тырысады. Ол киімін әдейі байқап жүріп бірде ғана көзім шалып қалды. Ол киімі бір ескі, жамаулы, жыртық күпішенің сілемі екен. Сұлу ол шоқпытын ұясын жасырған бөденеше жасырады. Ол киініп, шешінгенде, сыртындағы сұр драп шекпені мен ішіндегі сұр бешпентін ғана көресің, екі арадағы жаман күпішенің сілемі көзіңізге түспейді.
Сұлу екеуіміз атқа мініп Орынбайдың ауылына келе жатырмыз. Күн дәл сол күні суықтау еді. Менің астымда өзімнің күрең атым. Үстімде түгел қазақша, арғынша киім. Басымда қоңыр елтіріден тымақ. Үстімде сұр нашарлау драппен тыстаған түйе жүні күпі. Аяғымда саптама етік. Бұтта жүн тартқан сырма шалбар. Күпінің ішінде тоқты терісінен істеген бешпентше тоным бар. Қысқасы менің киімдерім жылы, бірақ бастағы жұқа қоңыр елтірі тымақ, қыстың қатты суық аяздарында қоңылтақтау болатын. Бірақ дегенмен ол күндердегі Бетпақтың суығына мен тоңатын емеспін. Қасымдағы Сұлуға қараймын, ол тоңыңқырап келе жатқан сияқты. Буынған белі жіңішкерек көрінеді.
Мен:
«Әй, осы бүгін сұр шекпеннің ішінен әлгі «құпия» күпішесін кимеген-ау! — деймін ішімнен.
Бірақ Сұлу тоңғанын білдірмей келеді. Бірақ ол «білдірмедім» дегенмен суық болатын емес, мен оны көріп келемін. Сұлудың астында баласымен екеуінің арасындағы жалғыз көк аты. Көк ат — бәйгі ат, мүшелі сұлу жылқы. Өзі мейіздей қатып жараған, тек сәл еті жұқалау, «бір шабар» ғана еті бар. Көк ат бүкжеңдеп аш бөріше аяңдайды. Сұлу суыққа тоңыңқырап, екі бетінің ұштары қызарып, көздері кірбиіңкіреп, астындағы әдемі жарау көк атын сипай қамшылап, қимылдап қояды. Көк ат елеңдеп, селтеңдеп, қаранып аяңдайды.
Мен Сұлудың тоңып келе жатқанын көріп, ішімнен әр нәрсені ойлап келемін.
«Байғұс, күндегідей-ақ қылып ішінен көрсетпей-ақ әлгі күпішесін неге кимеді екен?..» — деймін.
«Сыпайы тоңбайды, қалтырайды» деген осы-ay! — деймін.
Және ішімнен:
«Әлде, мына баратын ауылымызда мұның сәнденетін біреуі бар ма екен?» — деймін.
Біраздан соң ойнап, дыбыстап, Сұлуға: . — Мына... Орынбай ауылында жақсы сұлу қыз, сұлу келіншектер бар ма? — дедім.
Сұлу астындағы көк атты азырақ тебінгендей болып қозғалып, кірбиіңкіреген көздері жарқ етіп күлімдеп, маған қарады. Сұлумен бірге көк ат та ортекеше ойқастап, бұрынғысынан да әсем сылаңдай басты.
Ойбай, қыз жоқ, бірақ сұлу келіншек көп... Көресің ғой өзің!.. Мөлдір көздер табылады! — деді.
Мен күлдім. Бірақ ішімнен:
«Әй байғұс-ай, сонда да, бүгіндей күні, жыртық жамау болса да, шекпеніңнің ішінен шомыт күпішеңді кимеген екенсің, бәрібір оны сен ешкімге көрсетпес те едің ғой!» — дедім...
Сүйтіп, әңгімелесіп жүріп отырып біз Орынбайдың ауылына келгенімізде, Орынбайдың өз үйінің жанындағы боз отауша жаппадан бір әйел шықты. Біз әйелмен амандастық. Әйелдің түріне қарағанда жасы отыз шамасында болар. Дөңгелек үлкен қара көзді, қараторы әйел. Басында ақ кимешек. Кимешектің бетін күміс шытырлаған. Үстінде судыраған қара сәтен шапан. Аяғында еркекшелеу, бірақ шолақ қоныштау саптама етік.
Әйел — өзі шығып тұрған боз отаушаның иесі — Орынбайдың келіні сияқты. Бұл кішкене үйдің кигізі әлі боз болған соң, мен оны отау ғой деп ойладым.
Бұл Бетпақты аралап Шуды мекендейтін елдердің бәрі де жыл он екі айды кигіз үйде өткізеді. Тек бірен-саран үйлер ғана қыстың екі-үш айында Шу бойындағы балшық үйлеріне кіреді. Ал кигіз үйлерінің көбі (100-ден 95) ұзақ көшуге ыңғайланып істелген ылғи кішкентай болады. Және ол кішкентай аласа үйлерге ылғи от жаға берген соң, ол үйлер түтінмен ысталып қап-қара болады. Біpен-саран, тәуір ауқатты адамдар ғана жаздыкүнгі шілдеде Сарысу бойына келгенде ғана үлкен үй, ақ үй тігеді. Өзге уақыттарда байлардың өздерінің көбінікі ылғи кішкентай, томашадай-томашадай қараша үйлер болады. Бұл елдер Арқадағы елдердей, үлкен үйлер тігіп отырмайды. Арқадағы елдер бұл елдердің үй түрлерінен-ақ «Шушы», «Шөлші» екендерін таниды...
Біз әйелмен амандасып аттан түсе қалғанымызда, әйел біздің аттарымыздың шылбырларын алып, отаушасының белдеуіне байлады.
— Орекең үйде ме? — деді Сұлу. Әйел:
— Үйде, — деген соң, Сұлу Орынбайдың өз үйіне қарай жүрді.
Әйел бізге есік ашып енгізді.
Орынбай денелі, толық, ат жақты, құба кісі екен. Баялышты асулы қазан астына қыздыра жағып отыр екен. Жарқын жүзбен бізбен амандасып, менімен танысып, Орынбай қою дауыспен кеудесін көтере сөйлеп отыр. Тез самауырға от салынып жатыр. Қазанға семіз қойдың шылқыған дәмді еті салынып жатыр...
Бүкіл Қазақстанда қой етінде, жалпы мал етінде, осы Бетпақтың қара жусан, қызыл изенін жеген қойдың етінен, Бетпақтың шөбін жеген малдың етінен дәмді етті мен ешбір жерде көргенім жоқ!
Сөйтіп, енді Бетпақты кезіп Шу қыстайтын қалың елдің ішіне кірдік... Енді тұрмыстың өз әлінше қызығы да бола бастады. Әсіресе Бетпақ шөлдің жерімен, өсімдігімен танысу, бұл жердегі баса-көктеп көшіп өтіп, отын оттап, суын ішіп, Шуға барып қыстайтын бір жосын қалың елдің тұрмыс күйлерімен танысу, олардың кейбір мінез-құлықтарымен танысу өз алдына бір қызықты нәрсе болды.
Арғын, Керей, Уақ елдерінің Арқадағы қалыңында кез болмаған кейбір мінездер — бұл Бетпақты басып, Шуды қыстап жүрген елдерде кез болып жүрді. Әрине, және бұл елдерде жоқ талай нәрселер, талай жәйттер, талай мінездер Арқадағы елдерде болады. Ол — белгілі жәйт.
Тағы да айтайын, менің бұл келіп араласқан елім Тарақты деген ел. Бұл өзі Ақмола оязына қараған ел. Тарақты деген ел арғын болады. Арғын руының бір бұтақшасы болады. Тарақты екі мыңнан аса үй, екі болыс ел. Бірі «Сораң болысы», екіншісі «Қойтас болысы», «Сораң» да, «Қойтас» та Арқадағы таулардың аттары. Бұл елдің түп мекендері, қыстаулары сол Арқадағы «Сораң», «Қойтас», «Аюлы», «Сары құлжа», «Қоңыр құлжа» таулары. Екі болысқа бөлінген Тарақтының бірсыпырасы сол Арқа тауларын қыстап қалады да, шаруа баққан көпшілігі осы Бетпақты басып Шуға келіп қыстап қайтады. Менің өз елімде Арғын, Арғынның Қарпық деген, одан бері Тоқа деген және одан бері Енең деген бұтақшасы болады. Сол біздің Енең деген ел де екі болыс ел. Ал біздің екі болыс елдің мекені және Алтайдың бірнеше болыс елдерінің мекендері мына екі болыс Тарақтының Арқадағы әлгі мекен тауларымен бірге, аралас жапсарлас болады. Сондықтан бұл елдердің бәрі де бір-бірімен жақын ағайын елдер. Бәрінің түбі де бір, жерлері де бір, жалпы тұрмыстары да бір болады. Бір-бірімен араласып, бірін-бірі өте жақсы біліп отырады. Міні, сондықтан бірінде бар мінез, бәрінде де болады... Бірақ мына Шу қыстайтын елдің кейбіреулерінің кейбір мінездері маған жаттау, қызықтау көрінеді.
Ел Шуға қарай жылжи көшіп қояды. Енді қонған жерлердің оты мен суына қарай бір жерде бір күн, бір жерде екі күн, бір жерде тіпті үш-төрт күн де отырады.
ТУЫСҚАН ЕЛ ҚЫЗЫҚТЫ ДӘУІРДЕ
Социализм саясында, Ұлы Сталин конституциясының қызықты дәуірінде, Кеңес Одағында жаңа тұрмыс жасаған елдердің туысқандығы бұрын адам баласының тарихында болмаған қызықты, қасиетті туысқандық. Бұл қызықты, бақытты дәуіріміздегі ыстық жүрекпен, шын махаббатпен сипатталған туысқандықты мен жақында Қырғызстанға барғанда айқын көрдім.
Қазақ халқының туысқан қырғыз халқымен бұрын тарихи тағдыры, тіршілігі, тұрмысы, мәдениет негізі бір болса да, тіл негізі бір болса да, кеңес дәуірі орнағанша, туысқандық қатыстары онша сүйсінерліктей емес еді.
Қазақ халқы мен қырғыз халқын ғасырлар бойы билеген қанды шеңгел төрелер мен манаптар екі елді бір-біріне шоқпар қылуға тырысып, туысқан екі елді бір-біріне жау қылып айдап салып пайдаланып, арам ниетті әрекеттерін жүргізіп келіп еді.
Екі елдің ұлтшыл байшылдары қазақ пен қырғыздың қалың еңбекші халқының араларын қашықтатып, сұм әрекеттерін жүргізіп еді.
Тек, Ленин, Сталин ұлт саясатының арқасында, кеңес дәуірінде, барлық ұлттар, барлық еңбекші халықтар бір-біріне шын туысқанша кең құшақтарын ашты. Ал Сталин конституциясының тұсында Кеңес Одағындағы халықтардың бірлігі, туысқандығы шын қызықты кезіне жетіп отыр. Қазір туысқан елдердің бір-бірін сүюі, бір-бірін құрметтеуі, ертедегі сұлу қиялда ғана айтылатын сүйіспеншіліктей болып отыр.
Адам баласының барлық қызықты, қасиетті сұлу мінездері шын туысқандық, шын достық, шын махаббат, шын сүю тек бақытты елде ғана толық көрінеді. Қазір біздің бақытты елімізде сол қасиетті сипаттар қызықты түрде көрінуде.
Бақытты қырғыз елінде сол қасиетті сипаттар, сол сұлу мінездер маған біртүрлі әдемі, келісті, толық сәулетімен көрінді.
Мен туысқан қырғыз халқының төтенше шақырылған 5-кеңес кезінде болдым. Съезге қырғыз халқына Қазақстан Орталық Атқару комитетінің туысқандық сәлемін айтып, сөз ішінде Қазақстанның соңғы үш жылдың ішінде тұрмысын жөндеп, алыпша алға басқанын айтқанымда, съезд ду түрегеліп қол шапалақтап, шын туысқандық қуанышын білдірді. Туысқан елдің әр түкпірінен сайланып келген делегаттарының тобында, мен қасиетті, қымбатты бауырларымның арасында отырғандай болдым...
Қырғыз халқының домбыраның, қобыздың үніндей сұлу дыбысты, сым күмістей орамды, шие жібектей нәзік әдемі, бай тілі маған өзімнің ана тілім сияқты естілді. Және өте-мөте қуанғаным сол, сұлу тілмен шеберлеп сөйлей білетін өнерлі, білімді, қасиетті жігіттердің өскендігі болды. Мысалы, Қырғызстан халық комиссарлары кеңесінің председателі Баялы Исакеевтің жасаған баяндамасы, жер халық комиссары Еркебек Есенамановтың сөйлеген сөздері, Көркемөнер комитетінің бастығы Айылшыновтың сөздері, жастар ұйымының хатшысы Қамбаровтың, сөздері, жас ақын Маликовтың съезде оқыған әдемі өлең-жыры туысқан қырғыз халқының сұлу тілінің шеберлерін көрсетті. Және бұлар өздерінің білімді, кестелі сөздерімен қырғыз елінің әдемі жастары гүлденіп өсіп келе жатқанын көрсетті.
Әрине, туысқан елдің қаулап, гүлденіп өсіп келе жатқанын көрсететін бұлардан басқа да адамдар аз емес, туысқан халқыңыздың кәзір оқу, білім істері, мәдениет істері қаулап өркендеуде Аалы Тоқамбаев сияқты белгілі ірі жазушысы бар. Маликов сияқты дарынды шебер жас ақыны бар. Мұқай Елібайұлы сияқты байсалды өнерлі жазушысы бар, Тұрысбеков, Доқтыров сияқты қатты өсіп келе жатқан жазушы, әдебиетшілері бар.
Театрда, көркемөнер басында да өнерлі, білімді жігіттер аз емес. Театрда шоқталған ойыншы, әнші, қобызшы, домбырашы жігіттер мен қыздардың талайы мәдениеттің жоғарғы сатысына аяқ баса бастағанын көрсетіп болған.
Мысалы әндері әдемі, ырғақты Мұса Бәйетов ел ақыны. Қазақ домбырамен, қобызбен сұлу сырлы күйлер шертетін Алтай Қоғамбаев, әртіс, ойыншы Шәркен және басқалар.
Мұсаның «Ойлану» деген күйі, Алтайдың «Есімде» деген сұлу сырлы күйлері менің көкірегіме, менің көз алдыма тізбектелген сұлу күйлі суреттерді елестетеді. Қырғыз елінің мәдениет майданында істейтін адамдарының өсуі мен жалпы әлеумет істерінде адамдары да қаулап өсіп келе жатқандығы айқын көрінеді. Еркек былай тұрсын, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Кәмила Жамансариева, Ғарып-қасерлер комиссиясының орынбасары да әйел. Бұл әйелдердің іс басқарулары кейбір еркектен кем емес. Міне, бұл халқымыздың мықтап өскендігін көрсетеді.
Қырғыз елінің колхоздары да бақытты, қызықты, молшылық тұрмысқа мықтап аяқ басқан. Біз екі колхозда болдық. Бірі Фрунзеден 25 — 30 километр жердегі Қант ауданының «Кеңеш» атты колхозы, екіншісі — Фрунзе атындағы дұңған колхозы. Бұл екі колхоздың екеуі де 1931-32 жылдарда ұйымдасқан, бұрын нашар тұрмыстағы колхоздар. Қазір екеуі де өркендеген, қызықты ауқатты тұрмысқа аяқ басқан. Біз колхоздың малдарын көрдік. Астық үйген сарайларын, мектебін көрдік.
Колхоздың семіз малдарын көргенде, бидай, күріш толтырған сарайларын көргенде, адамдарының шырайлы, бақытты беттерін көргенде менің көкірегім шаттыққа толғандай болды. Мен туысқан халқымыздың қуанышты жиылысына келгеніме бір масаттансам, бұл колхозға келіп, оның бауырмал сүйкімді адамдарын көргеніме он есе риза болдым. «Кеңеш» колхозының мектебін көргенде, Шәкен деген оқушы баламен сөйлестім. Әдебиет пен жер тану ғылымынан бес-алты сұрау сұрадым. Бала менің сұрауларымның бәріне де іркілмей дұрыс жауап берді.
Мен: Солтүстік күншығыста қай ел бар?
Бала: Қазақстан бар.
Мен: Қазақстанның орталық қаласын білесің бе?
Бала: Алматы.
Мен: Ол қай жақта?
Бала: Мына таудың астында.
«Кеңеш» колхозының басқарма бастығы Ысқақ Қошқарбаев оның үй тұрмысын, үй ішінің әдемілігі, тазалығы қаладағы оқыған жақсы қызметкерлердің тұрмыс тазалығынан кем емес. Екі бөлмелі үй. Ac үйі бөлек. Төргі үйінде ақ болыскей серіппе кереует. Тақтай еденде төсеген әдемі кілемдер. Тұсқа ұсталған оюланған кестелі тұс перде. Әдемі шкаф, төсекті жібек көрпемен жапқан. Үй іштері тап-таза.
Колхозда 140 үй (түтін), ортадағы малдары: 315 жылқы, 140 құлынды бие, 340 сиыр, 1445 қой, 5 түйе. Ал бұдан басқа жеке меншіктеріндегі малдары тағы бар. Сиырсыз, қойсыз үй жоқ, жеке меншігінде бес бұзаулы сиыр, он қозылы қойы бар үйлер аз емес.
Колхоз тағы да қызылша егеді. Қырғызстанда биыл гектарына 1300 центнер қызылша алған әйелдер бар. Гектарынан 800 — 900 центнер қызылша алған бірнеше келіншектер боз үйде (киіз үйде) еркек колхозшылармен бірге бізді күтіп, қонақ қылып, шәй ішкізіп, ет жегізіп сыйласты. Жүкішева, Манаппаева Әсем, Егімбаева, Қыдықова Анаргүл, Ырысбаева Зина гектарынан 800 — 900 центнер қызылша алған келіншектер. Бұлардың әдемі қызыл шырайлы жүздері, жібек барқыттан киген таза киімдері тойға келген қуанышты елдің әйелдерінікіндей.
Бұл колхозға келіп, адамдарымен сөйлескенімде мен өзімнің сағынған туған ауылыма келгендей болдым.
Ырысбаева Зина бізге:
— Жеңіз, ішіңіз!.. Сіздер ішіп жемесеңіздер, қапа болып қаламыз! — деді.
Оның сұлу, сыпайы жібектей нәзік үні, менің алыс елдегі, Сарыарқадағы туысқандық қарындасымды есіме түсірді.
Жылы жүзді, сұлу үнді, жібек мінезді сағынған қарындасым көз алдыма елестеді...
1936 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі