Қызметкерлер даярлау деген мәселенің негізі оқудың әр бұтағын, әр тарауын күшейту деген мәселе болып шығады.
Азық-түлік істеріне қызметкерлер керек болса, ақшалай салық істеріне, қазына істеріне қызметкерлер керек болса, милиция, сот, денсаулықты сақтау, ауыл шаруашылық, жер-су, мал өсіру, өнеркәсіп әм басқа түрлі істердің қай-қайсысына қызметкерлер керек болатын болса, хат білетін адамдарға келіп тіреледі. Ал хат білетін адамдардың көп, аз болуы жалпы хат білудің аз, көп болуына қарай болады.
Қазақстанның жалпысын алғанда 100 адамнан 3-ақ адамы хат біледі.
Бұлай болған соң Кеңес үкіметіне түрлі қызметкерлер даярлап шығаруға біздің Қазақстанда өте қиын.
Өйткені әр түрлі іске қызметкерлер даярлағанда әлгі айтқан 100 адамның ішіндегі хат білетін 3 адамды ұстап, соларды даярлап шығармақ боласың. Қазіргі мектептердегі 8 жасар балалар қашан оқып, өнердің әрбір тарауына бөлініп оқып шыққан соң осы күнгі түрлі қызметкерлерге сусап отырған мекемелерге кірер деп отыруға болмайды. Қазір сол жоғарғы айтқандай әлгі жалпы 100 адамның ішіндегі хат білетін 3 адамды әр түрлі курстарға жинап, соларды түрлі қызметке даярлауға тура келеді.
Міне, сол мақсатпен Кеңес үкіметі орнағалы талай бір айлық, екі айлық, үш айлық, алты айлық түрлі курстар ашылып келе жатыр.
Кеңес үкіметі орнағалы ең бұрын ашылған, ең көп ашылған курстар — мұғалімдер курстары. Өйткені халыққа ең керекті іс, бірінші дәрежедегі мұқтаж іс — хат білетін адамдардың санын көбейту. Хат білетін адамдардың санын көбейту үшін мектептерде бала оқытатын мұғалімдердің санын көбейту керек. Міне, сол себепті біздің Қазақстанда патша үкіметі жойылғалы ең бұрын, ең көбірек ашылған курстар мұғалімдер даярлау курстары болды. Басқа қызметтер үшін курстар ашуға мұрша келмей жатты. Енді қазір осы үстіміздегі жылдың басынан бері біздің Қазақстанда әртүрлі қызметтер үшін де курстар ашыла бастады.
1) Қалаларда милицияның бастықтарын даярлауға курстар ашты.
2) Орынборда азық-түлік комиссариаты салық инспекторларын даярлайтын курстар ашып бітірді.
3) Орынборда Қазақстанның ішкі істерін басқаратын комиссариаты, уездік милицияның бастықтарын даярлап шығаратын курс ашып жатыр.
4) Қазақстанның оқу комиссариаты Орынборда, әм Ақмолада, Семейде қазіргі мұғалімдерді пысықтап шығаратын курстар ашып жатыр. Және Оқу комиссариаты, баспаханаларда қазақша әріп тізушілерді даярлап шығаратын курс ашып жатыр.
5) Орынборда Қазақстанның Заң комиссариаты халық соттарын даярлап шығаратын курс ашып жатыр.
6) Биыл қазына комиссариаты да Орынборда курс ашпақ.
7) Денсаулықты сақтау комиссариаты да курс ашпақ.
Қазіргі біздің тұрмысымыздың ағыны тығыз заманымызда екі, үш айларда әртүрлі қызмет үшін барынша хат білетін адамдарды жинап алып, курстарда оқытып, керекті қызметкерлер даярлап шығару ісі өте тығыз, өте керекті іс. Бұған Қазақстанның орталығында отырған іс басындағы адамдары да, әм жер-жерлердегі іс бастарында отырған адамдар да шындап назарларын салып, аямай көмектерін көрсетуі керек. Кейбір губерниялар Заң комиссариатының ашып жатқан курсына адам жібермей қалып отыр.
Мәселен — Орал губерниясы мен Семей губерниясы. Қазақстанның қызметкерлер даярлау ісіне губерниялық исполкомдардың мұндай салқын жүзбен қарап отырулары бір түрлі аянышты әм надандық!
Әлі күнгеше надандық тұманында жатқан Қазақстанның тұрмысының әрбір түрлі тарауына керекті қызметкерлерді тез даярлап, тәрбиелеп шығара алмасақ, көпке шейін қазіргі надандық тұманында жатпақпыз.
Бұл есте болу керек.
Және Қазақстанның курс ашатын мекемелерінің естеріне салатын бір керекті мәселе бар. Ол мәселе сол курстардағы адамдарға курсты бітіріп, тиісті қызметтеріне кіргенде кеңсе қызмет істерін қазақ тілінде жүргізуді үйрете кету. Бұл әрбір курста үйретіліп өтілсін. Және губерниялық исполкомдар қазақша хатшылық курстар ашулары керек.
Барлық Қазақстан жалпы ынтамен кіріссе, қызметкерлер даярлау ісі тез алға баспақ.
28.06.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі