Қазақстанның еңбекшіл халық уәкілдерінің 1-жалпы жиылысының болып өткеніне һәм үкіметтің құрылғанына міне, үш жыл толды.
Осы үш жылдың ішінде Қазақстанның еңбекшіл халқы басынан қандай істерді кешірді һәм үкіметі қандай істер істеді, соны қысқаша сыдырып қарап өтіп, қорытындысын айтқанда һәм ілгері істердің жоспарын бағдарлағанда мына төм ендегіні айтуға тура келеді:
Қазақстанның 1-жалпы кеңестік жиылысы болып, үкіметі жасалғаннан бері тұрмыс жүзінде, тіршілік майданында талай оқиғаларды басынан кешірді.
Германия соғысынан бері сол соғыстың әсерінен және жұттың һәм түрлі індеттің әсерінен күйзеле бастаған қазақтың шаруашылығы, Семей һәм Ақмола губернияларынан басқа қазақ губернияларының бәрі де жылмағай қан жалаған ақсүйек жұтқа шалдықты, адам баласы көп көрмеген ашаршылыққа ұшырады. Жұттың, ашаршылықтың ауырлығы сондай болды: Орал, Ақтөбе, Торғай губернияларының талай жерлерінде өлген-жіткендер де болды.
Бұл әсіресе 1921 жыл мен 1922 жылдардың арасында болды. Дәл Қазақ республикасы жарияланғанына бір жыл болған шамада. Жалпы Қазақстан осы бір соңғы 6 — 5 жылдың ішінде бұрынғы малдың 80 процентінен (100-ден 80 жоғалтты) айрылды.
Міне бұл қарсаңда, яғни сол Қазақстан үкіметінің құрылған 1920-дан 1922 жылға шейін үкіметтің назарының һәм күшінің көбін бір жағынан сол жаңа құрылған жас үкіметтің мекемелерін жасауға һәм оларды жөндеуге нығайтуға жұмсалды, екінші жағынан ашаршылықпен, жұтпен күресуге жұмсалды. Қазақстанның үкіметі өзі жас үкімет, бұрын тәжірибе, тәртібі жоқ үкімет болғандықтан және өзі қазынасыз кедей үкімет болғандықтан, істі жөндеп, тура көңілдегідей алып жүрерлік еңбекшіл тапқа шын көңілімен қызмет қылатын адамдар аз болғандықтан, бұл ашаршылықпен күресу майданында һәм үкімет мекемелерін жөндеу майданында айта қалғандай көңілдегідей қайрат көрсетті деуге болмайды.
Қолынан келгенін үкімет аянған жоқ, бірақ артық қайрат көрсете алмаған себебі — сол жоғарғы айтылған кемшілік болды. Міне, былай болған соң, өзі надан, өзі тағы қазақ тәрізді халықта ең керекті: 1. Оқу. 2. Халық шаруашылығын оңдау. .1. Халықтың денсаулығын қорғау һәм үкімет мекемелерінің түрлі істерін басқаратын адам даярлау тәрізді істердің бәрі де артта қалды.
Бұл екі арада жалпы россиялық кеңес үкіметінің басынан кешірген тарихи оқиғалармен байланысты Қазақстанның шаруа баққан еңбекшіл халқы да жалпы шаруасының жұттан, ашаршылықтан бүлінген, күйзелген үстіне мойнынан «разверстканы» атқарды. Және көлік салығын, ылау міндетін атқарды.
Міне, бұл ретте де «разверстка» салығының ретінде, зат салығының ретінде һәм көлік, ылау, еңбек міндеттерінің ретінде де әлгі айтылған кеңес мекемелерінің түрлі қызметтерін көңілдегідей басқарып, көңілдегідей атқарып отырарлық еңбекшіл халыққа шын қызмет қылатын адамдар аз болғандықтан сол халыққа түскен жоғарғы салық жинау реттерінде талай кемшілік, талай жолсыз іс, талай зиянды істер болды. «Жұт жеті ағайынды, күйеуімен сегіз ағайынды» дегендей, ондай, халықтың шаруасының күйзеліп, жалпы еңбекшіл халық төтен шығындарға ұшырап тұрған кезде, ауру үстіне шыққан шиқандай, Қазақстанның шаруа баққан халқы үкімет тарапынан түскен салықтардың һәм ол шығындарды жинаған реттердегі төтен шығындардан басқа көлденең шығындарға да көп ұшырады.
Мәселен: қаптаған, өрген қалың қасқырлардың көбейгені, қаптаған қалың ұрылардың тигізген зияндары һәм һәр жердегі шыққан бандалардың тигізген зияндары қазақ шаруасына аз болмады.
Міне, осы айтылғандардың бәрінің зардабынан Қазақстанның өзі жас, өзінің тәжірибесі жоқ, өзінің көңілдегідей іс басқаратын, іс жүргізетін адамдары аз үкіметі айта қалғандай іс істей алмады.
Бірақ үйткенмен қанша қиындық көрсе де, жалпы россиялық кеңес үкіметінің ақырындап, аздап нығайып, істерін түзеуімен біздің Қазақстан үкіметі де аздап, ақырындап істерін жөндей бастады, ақырындап құлашын жая бастады һәм Қазақстанның еңбекшіл халқы да аз болса да 1920 һәм 1921 жылдардан көрі тұрмысын жөндей бастады.
Қазақстанда қазір тақыр ашаршылық жоқ. Бұрынғы сансыз салық қалып, биыл Қазақстан халқының ауыл шаруашылығына бірыңғай жалғыз салық түсті. Әрине, бұл салықты көңілдегідей жеңіл деуге болмайды, бірақ үйткенмен бұрынғы салықтардан жақсы.
Қазақстанның әр жеріндегі елдер өнер-білім дүкенін құруға қолайсыз көшпелі, қаңғырған тұрмысты тастап, отырықшы болуға, жер кәсібіне айналуға кірісіп жатыр.
Міне, бұл — бір.
Екінші, біздің Қазақстан үкіметінің бір зор істеген ісі — оқу ісін алға бастырды.
Патшалардың заманында мектеп, медресе көрмеген, шкалалардың маңайына келе алмаған қазақ еңбекшілерінің балалары қазір Қазақстанның әрбір қаласында-ақ мектептерде һәм школаларда толған және Қазақстаннан тыс шет қалалары да қазақ жастарынан құр емес.
Тағы да, әр түрлі мекемелердің істерін көңілдегідей жүргізіп кететін қазақ еңбекшілерінен шыққан адам аз болғандықтан, Қазақстан үкіметі керекті қызмет қылатын адамдар даярлауға түрлі курстар, түрлі мектептер ашып жатыр. Мәселен: 1. Баспа өнерінің курсы. 2. Салық, қазына, ақша істерін жүргізетін адамдар шығарған курс. 3. Кооперация ұйымдарының істерін жүргізетін адамдарды шығарған курстар. 4. Мұғалімдер даярлайтын институт һәм техникумдар, курстар. 5. Адам дәрігерлерін шығаратын техникум. 6. Мал дәрігерлерін шығаратын һәм жер білгіштерін шығаратын техникум. 7. Әскер бастықтарын шығаратын школа. 8. Милицияның бастықтарын шығаратын курс. 9. Сот істерін басқаратын адамдарды шығаратын курс.
Бұл оқу ісін, қызмет қыларлық адамдар даярлау ісін, Қазақстан үкіметі 1922 жылдың ақырынан 1923 жылдың басынан бері қарай бастап көтермелеп, жүргізіп келеді.
Жоғарғы айтылған курстардың кейбіреулері біраз кісілерді даярлап шығарып та қойды.
Мәселен, сот курсынан біраз кісі шықты, салық, қазына, ақша курсынан біраз кісі шықты.
Біраз уақыттардан кейін өзге курстегілер де бірте-бірте шыға бермек. Сөйтіп, қазір ақырындап бірте-бірте жөнделіп келе жатқан кеңес үкіметінің мекемелері де істерін түзеп, жүргізіп кетпек. Ілгері басқан сайын «ер қосы жүре түзелмек...»
Біздің енді ілгергі істеріміздің бағдары қандай?..
Ол мынадай. Біздің мақсат: 1. Тез арада Қазақстан халқын жалпы отырықшы қылу, сөйтіп өнер-білім істеріне жалпы қалың еңбекші халықты жұмыла кіргізу. 2. Оқу істерін нығайтып, көркейте беру, сөйтіп тез қызметкерлер даярлау. 3. Қазақстанның ауыл шаруашылығын, халықты саудагер- қуларға жем қылмай, халықты өзара ұйымдастырып, кооперация ісін жүргізіп, ортақ дүкендер ашқызып, халықтың сататын һәм алатын нәрселерін сол ортақ дүкендер арқылы өткізу. 4. Онан соң халықтың тоқталып, бөлініп қалған зауыттарын, яки кәсіп дүкендерін бірте-бірте жөндеп жүргізіп жіберу. Ал қазір жүріп тұрған зауыттар болса, яки кәсіп дүкендері болса, һәм бұлардың өздері пайда шығарып тұрған болмаса, соларды пайда шығаратын қылу. 5. Және қазақ жастарын аз-аздап әскер ісіне үйретіп, өз міндетін өзіне таныту, — міне осы 5 мәселе біздің Қазақстан үкіметінің қазіргі алдында тұрған зор мәселелері, мойнына артқан зор жүктері, тарихи жүктері.
Әрине, бұлардың бәрін үкімет жалпы халықтың көмегінсіз істей алмайды һәм жалпы халықтың көмегі болғанда да бір-ақ жылда істей алмайды.
Бұл көрсетілген істердің көңілдегідей болып шығуына жалпы халықтың үш көмегі керек, хат білетін, көзі, көкірегі ашық қазақтың жалпы ынтасы керек.
Осындай газет-журналға жазылған сөздерді құр оқып тастамай, әрбір еңбекшіл тапқа қызмет қыламын деген адал ниетті азамат ойланып, істің еңбекшіл халыққа зор мағыналы екенін біліп жұмыла кіріссе һәм жоғарғы істерге көмек беруге жалпы халықты шақырса, қандай іс болса да ілгері баспай қоймайды, қандай іс болса да істелмей қоймайды.
Қазір алдымызда тұрған зор іс — қазағы көп жерлерде мекемелерде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу. Бұл еңбекшіл халыққа үлкен керекті, зор мағыналы мәселенің бірі. Бұған да жалпы ынта, жалпы жұмылу керек.
Мінекей, қысқаша айтқанда өткен арттағы істердің һәм алдағы істердің бағдары осы.
04.10.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі