Осы күні Орынборда оқып жүрген екі мыңдай қазақ балалары бар. Бұлардың көбі ержеткен балалар әм бұлардың ішінде әйел балалар да бар.
Бұлардың оқып жүрген мектептері мыналар: 1) аймақтық қазақ институты, 2) жұмыскерлер факультеті, 3) аймақтық кеңес әм партия школасы, 4) аймақтық тәжірибе мектебі, 5) жеткіншектер мектебі, 6) 1-аймактық қазақ балаларының коммунасы, 7) 2-қазақ балаларының үйі, 8) бала тәрбиелеуші қазақ әйелдерінің курсы, 9) адам дәрігерлерінің техникумы, 10) аймақтық заң курсы, 11) аймақтық кооперация ұйымдарының курсы, 12) милиция курсы, 13) қазына, қаражат курсы. Міне, осы он үш мектепте оқып жүрген қазақ жастарының саны екі мың.
Және бұлардан басқа жақын арада баспа курсын жиырма бес қазақ бітіріп шығады.
Дұшпандар: «Кеңес үкіметі қазақ халқына не берді?..» дегенде, алдымен кісінің есіне Орынбордағы оқып жүрген осы еңбекшіл қазақтың екі мың ұлдары түседі.
Бұл Қазақстанның тарихында, өнер-білім ретінде бұрын болмаған іс.
Патшаның заманында күллі Қазақстанда екі мың түгіл екі жүз бала оқыған уақыт болмаған еді. Енді, міне, еңбекшіл халықтың өз үкіметінің заманында, бір қалада екі мың жас оқып жүр. Рас, Орынбор Қазақстанның үкіметі тұрған аймақтық зор қала болып отыр. Аймақтық үкімет тұрған қалаға екі мыңдай қазақ баласы көп емес, қайта аз.
Егерде Орынбор Қазақстанның орталық жерінде болса, немесе Қазақстанның үкіметі қазақ халқының бір көбірек жерінде болса, онда қазақтың оқудағы жастарының саны бұдан әлденеше есе көп болар еді.
Бірақ Орынбордың қазақ елінен қашықтығын еске алғанда әм Қазақстан үкіметінің жастығын, кедейлігін еске алғанда, бұл екі мың жігіт — үлкен қанағат қыларлық іс.
Қазақстан үкіметі алғаш құрылған жылы әм екінші жылы Орынборда оқу оқып жүрген қазақ балалары жоққа тән еді.
Қазақ балалары Орынборға оқуға көбірек келе бастағаны былтырдан бері, әсіресе биыл. Мен Орынбордан басқа жерлердегі оқып жүрген қазақ балаларын айтып отырғаным жоқ.
Мәскеу, Қазан, Ташкент, Саратов қалаларында да оқып жүрген қазақ балалары бар, олардың да саны едәуір.
Менің айтып отырғаным қазіргі Орынборда көзге көрініп жүрген екі мың жеткіншек — екі мың жігіт. Келешектегі Қазақстанның бүгін болмаса, ертең бітіріп шығатын қызметкерлері, еңбекшіл таптың екі мың оқыған азаматы.
Бұлардың бәрі де бұрынғы патша заманындағы оқып жүрген балалардай емес, бәрінің де қазір әлеуметшілік сезімі оянған, бәрінің де еңбекшіл тапқа қызмет қылмақ талабы зор.
Қазақстанның жалпы надандығын, жалпы кедейлігін ойлағанда, Қазақстанда жөндеп іс жүргізе білетін адамдардың аздығын ойлағанда, сымдай қатар тізілген, шойындай білекті, оқыған екі мың жас азамат еске түседі.
Қып-қызыл жалындай жайнаған, қызыл сиямен жазған «екі мың» көз алдына келіп елестейді.
Орынбордағы екі мың оқып жүрген жастар, қазақ еңбекшілерінің ілгергі тіршілік майданында, әлеумет, саясат тұрмысында алдыңғы азаматтары, алдыңғы қызметкерлері.
Екі мың жеткіншек!
Қазақ еңбекшілерінің зор үміті сендерде. Әлі күнге надандық меңіреуінде құр қыбырлап, күнелтіп жүрген қазақтың еңбекшіл халқы сендердің мойындарыңа жүк артпақ! Сол жүкті апаруға тезірек даярланыңдар!
09.01.1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі