«Еңбекші қазақ» газеті шыға бастағанына едәуір уақыт болды.
Бұл газет қазақ халқының еңбекшілерінің үкіметінің (Крик) тілі еді.
Әр газеттің мақсаты — өз табының мұң-мұқтажын айтып, әр түрлі мәселесін ортаға салып, ақылдасып, толғап қағыстырып, мақсатына жету лажын көздеу.
«Еңбекші қазақ» газетінің жүзінде бұл күнге шейін қазақ халқының еңбекшілінің, кедей, жарлы, жалпы жұмыскерлерінің сөзі көп көрінбей келеді. Басқа да әр түрлі себеп бар шығар, бірақ біздің ойымызша, өз газетінің жүзіне сөзін жаза алмауына үлкен себеп: 1) Қазақтың төмен табынан шыққан көзі ашық жігіттердің аздығы; 2) бәрінің газет ісіне көп қатынаспауы; 3) газет ісіне қатынасуға көңілі барларының қорғаншақтығы; 4) қазақтың төмен табының оқымаған қараңғылығы. Оқыған, көсем жүйріктер көбінесе бұрын халықтың жоғарғы табынан, байлардан, төрелерден, мырзалардан шығатын. Әм бүгінге шейін сол жоғарғы таптан шығып келеді. Қазақтың нашар, төмен табы әлі өз сөзін өзі жөндеп айта алмай отыр.
Төмен тап өз сөзін өзі табан тіреп, жөндеп айта алмай тұрған соң, белсеніп іске кірісуге әлі қорғалап жүрген соң, қазақтың құр ұлтшылдары «қазақ халқының төмен табы, жоғарғы табы жоқ» деп, бай, жарлы демей қазақ халқының сөзін бір қосып сөйлейді.
Әрине, бұл нашар тапқа зор зиян.
Бір әкеден туса да бай мен жарлының, жалдаушы мен жалшының ешуақытта рухы, тілегі қосылған емес, ешуақытта қосылмайды да. Мұны қазақ халқының төмен табының азаматтары есіне әбден берік ұстаулары керек.
Кеңес үкіметінің арқасында қазақтың төмен табына неге болса да кең, сара жол ашылды. Мәселен, оқуға алдымен төмен таптың балаларын алады. Әр түрлі қызметке төмен таптардан кіргізеді. Үкіметтің түрлі көмегін алдымен төмен тапқа береді.
Бірақ бұл күнге шейін көп жерде қазақтың төмен табының надандығының арқасында тиісті пайдаларының бәрін жоғарғы тап пайдаланып жүр. Мұның ішінде әм газет бетін де жоғарғы тап пайдаланып келеді.
Кеңес үкіметінің орнап, Коммунист партиясының жер жүзінің кедей, жалшыларының туын көтеріп, ұранын шақырғанына 5-ші жыл болып барады.
Енді қазақтың төмен табының қорғанбай, шындап іске кірісетін уақыты жетті. Енді газет-журналды оқып, ойланып, газет-журналға өз мұң-мұқтажын ерінбей жазып, аянбай іске кірісетін уақыты жетті. Рас, алғашқы уақытта газетке сөз жазғандардың сөздері әдемі, шебер, сұлу болмаса да, бірақ одан ұялмау керек. «Туа мүйіз бітпейді, жүре мүйіз бітеді» деген.
Әр жердегі тас көмір, мыс, күміс, алтын, жер майы шығатын зауыттарда және тұз әм балық алатын жерлерде қазақтың жүздеп, мыңдап жұмыскерлері бар. Қазақтың төмен табына алдымен солар мұрындық, солар серке болуы керек.
Қазақтың төмен табының азаматтары! Сендер енді қорғаламаңдар! Именбеңдер, еңбекшіл халық табының мұң-мұқтажын мына «Еңбекші қазақ» газетіне дамылсыз жазып тұрыңдар. Әр кемшілік, мұң-мұқтаждарыңа «Еңбекші қазақ» газетінің жүзінен жауап, кеңес, нұсқа, баяндама аласыңдар. «Еңбекші қазақ» газеті сендердікі.
13.08.1922 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі