Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан баспасөздері

Қазақстан баспасөздері туралы жазғанда алдымен газет-журналдардан бастауға тура келеді. Кеңес үкіметі орнағаннан бері Қазақстанда баспасөз жұмысынан бірінші қолға алғаны газет, журнал жұмысы. Осы Қазақстанда 4 газет, 1 журнал шығып тұрады. Орынборда кіндік үкіметтің тілі «Еңбекші қазақ» газеті бар. Аймақтық партия комитетінің атағынан «Қызыл Қазақстан» журналы шығып тарайды. Семейдің губисполком, губком атағынан «Қазақ тілі» шығады. Ақмолада «Бостандық туы», Оралда «Қызыл ту» шығады. Бұл газеттердің қай-қайсысы болса да үкімет күшімен шығып, халыққа тегін тараумен келген. Алды 22-жылдың ортасынан, арты 23-жылдан бастап ақшалы болып отыр. Газеттердің қай-қайсысын алса да іс жағынан жамандарлық. Кіндіктегі үкімет тілі болып тұрған «Еңбекші қазақ» газеті де жетісіне екіден артық шыға алмай тұр. Оған себеп: газет жұмысына ысылған азаматтар кем. Бірен-саран қолынан іс келеді деген адамдар басқа жұмыстарға жегіліп жүр. Газет қызметкерлері айына өзгереді десе болады. Қалам қайраткерлерінің ешқайсысы уақытымен сөз жазып, газет жұмысына жәрдемдесіп тұруға міндетті етілмеген. Оның үстіне, газеттің ақшалы болуын сылтау қылып, газет қызметкерлерінің санын кемітіп тастаған. Қазірде «Еңбекші қазақ» басқармасында 4-ақ адам бар. Бір секретарь, бір іс жүргізуші, бір газет таратушы, бір корректор. Губерниялар әм жергілікті мекемелермен байланысы аз. Қазақстанның ешбір губерниясында «Еңбекші қазақтың» тілшісі жоқ. Соның бәрі басқармадағы қызметкерлердің аздығынан, олақтығынан болып отыр.

«Қызыл Қазақстан» журналы айына бір шығады. Мұнда да белгілі жазушы жоқ. Оның үстіне үкімет тарапынан берілетін ақша көмегі мезгілімен тиіп тұрмағандықтан, журнал осы күні тоқтаудың аз-ақ алдында. Қаңтар, ақпанда шыққан нөмірлері әлі күнге таратылмай, басқармада тау болып үйіліп жатыр.

«Қазақ тілі» Семей губисполкомының атағынан тарайды. Жетісіне екі-үш рет шығады. 22-жылдың аяғына шейін екі беттік болып келді. Басында отырған азаматтардың қолайсыздығынан ба, 22-жылдың аяғына шейін «Қазақ тілінің» маңызы шамалы болып келді. 23-жылдың басынан бері қарай жаңадан басқарушы сайланып бұрынғысынан гөрі түзеліп, етек-жеңін жиғандығы сезіледі. Қазір де төрт бет болып шығып тұр.

«Бостандық туы» газеті Ақмола губисполкомының атағынан тарайды. «Жетісіне екі рет шығады» деп жарияланса да, бірден артық шыға алмай келеді. Тарауы өте шабан. Газеттің маңызына қарағанда, оның да қалам қайраткерлеріне өте мұқтаждығы көрініп тұр.

«Қызыл ту» Орал губисполкомының газеті, жетісіне бір шығады. Екі бет. Баспасы, қағазы өте нашар. Бұрыннан газет оқып ысылған адам болмаса, елде жатқан шаруалар тыңнан көргенде айырып оқи да алатын емес. Басында тұрған міндетті атқарушылары да бұрын ондай жұмысқа жегіліп көрген болмасқа тиіс. Басқа газеттерге қарағанда, қалам қайраткерлеріне «Қызыл ту» өте мұқтаж.

Бұл айтылған газеттерден басқа Бөкейде «Қазақ жарлылары» деген бір жағы орысша, бір жағы қазақша бір газет шығады. Қазақшасы орысшадан аударылып отырылған. Сөзі түсініксіз. Баспасы өте көмескі.

Жоғарғы айтылған газеттердің ішінде «Қазақ тілі», «Бостандық туы», «Қызыл ту» — сол шығып тұрған өздерінің губернияларынан басқа жерге аттап баспайды. Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің атын Қостанай губерниясындағы қазақтар естіген жоқ десек, өтірікші болмаймыз.

Қазақстанның қай губерниясында болсын, аз да болса тегіс тарап тұрған «Еңбекші қазақ» пен «Қызыл Қазақстан» журналы. Жалпы еңбекшіл бұқараның осы екеуінен басқа, қазақ тілінде шығатын газеттерден хабары аз.

Қазақстан баспасөзінде газет, журналдардан басқа, көзге түсетін бір нәрсе — 22-жылдың ортасынан бері қарай там-тұмдап оқу кітаптарының, бірлі-жарымды өлең, ойын кітаптарының басылып шығуы...

Бұлар әлі қазақ тілінде оқылатын кітаптардың оннан бірін де түгендей алған жоқ. Үкімет баспасөз бөлімі бұдан былай қазақ кітаптарын бастыруға айрықша назар салса, едәуір кітап басылып тарауы күтіледі.

Жалпы бұқараның баспасөзге көзқарастары өте көңілді. Бірен-саран газеттер, жаңа шыққан кітаптар қолдарына тисе, оқып өліп кете жаздайды. Соңғы уақытта жұрттың назарын өзіне тартып отырған «Еңбекші қазақ» пен «Қызыл Қазақстан» журналы. Ақтық ақшасына болса да сатып алып оқуына бар. Бірақ жергілікті пошта мекемелігінің істерінің салақтығынан кіндіктен жіберілген газет, журнал уақытымен барып тимейді.

«Еңбекші қазақ» пен «Қызыл Қазақстанның» көбірек тарайтын жері Ақмола, Семей. Одан басқа губернияларға некен-саяқ баратын шығар. Елде жатқан жабайы қазақтың қолына түспейді десе де болады. Басылып шыққан оқу кітаптары болсын, ойын, өлең кітаптары болсын жер-жерге әлі тарап үлгерген жоқ. Үкімет баспасөз бөлімінің әр губерниядан ашқан кітап дүкендері жалпы жұртты қанағаттандыра алмайды. Бірлі-жарымды өз тұсынан алдыруға, тура қолдарына келіп тиюі күмәнді болған соң, жұрттың көбі самарқау тартады.

Сонымен, Қазақстан баспасөзінің бұл уақытқа шейін бастан кешірген дәуірі өте аянышты дәуір деуге болады. Бұл ізімен кете берсе, баспасөзге сусап, құмарланып отырған халықтың ынтығын басу оңай емес. Сондықтан бұдан былай қарай бұл күйді өзгертіп, баспасөз жұмысын тез аяқтандырып жіберу үшін бірнеше шаралар қолданбай болмайды. Ол шаралар мынау болуға тиіс:

1) Қалам қайраткерлерінің бәрін жұмыстарынан босатып, жазуға салу керек.

2) Газет-журналдардың басына тыңғылықты, іскер азаматтарды отырғызып, оларды басқа жұмыстарынан босату керек.

3) Кіндіктегі газеттің әрбір губернияларда, губерниядағы газеттердің әрбір уездерде тілшілері болу керек.

4) Қызмет бабында тұрған әрбір ортақшыл азаматтар уақытымен газетке сөз жазып тұруға міндетті болсын.

5) Жергілікті мекемелер баспасөзді қазақ ішіне көбірек таратуға тырыссын.

6) Баспасөз жетісіне жергілікті мекемелер қазақ ішіне айрықша үндеу таратып, газет, журналды алушылардың санын арттыру керек.

7) Баспасөзді бұлжытпай көрсеткен адресі бойынша тиісті орындарға жеткізіп тұруға пошта мекемелері міндетті болсын.

8) Үкімет баспасөз бөлімі бұдан былай қазақ кітаптарын көбірек бастыруға тырыссын.

9) Орынборда шығатын «Енбекші қазақ» газеті күніне бір шығарылсын.

10) «Қызыл Қазақстан» журналы мүмкіндік болған күнде айына екі рет шықсын.

11) Қазақ әдебиеті жаңа талпынып келе жатқандықтан, оны көбейту үшін кіндікте айында бір шығатын әдеби журнал болсын.

12) Губерниядағы шығатын газеттер, әріп әм жұмыскер жағынан мұңсыз болсын.

13) Қазақстанда әріп тізетіндер жоқ болғандықтан, ілгергі күнді еске алып, аймақта әріп тізетіндер курсы ашылсын. Оған әрбір губерниядан разверсткамен кісі алынсын.

14) Газет, журналдың мәнін түсіндіру, қазақ кедейлерін газет, журналға жақындастыру үшін осы жаз кіндіктен елге әдейі арналып кісі жіберілсін.

27.04.1923 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз