Өлең, жыр, ақындар

Келешек көрсетер

Эсер (социалист революционер) партиясы Россияда большевик һәм меньшевик партияларымен қатар іс жүргізіп келе жатқан партия.

Бұл партия патша заманында біз «социалистпіз» (яғни тегісшіл, бірдейшіл) және біз «революционерміз» (яғни ескілікті жоюшы, ескілікті өзгертуші төңкерісшілміз) деп халық арасына көптен сөз жүргізіп, соңына көп халықты еріткен.

Патшаның әділсіздік, алашыл тар законына, жауыз саясатына риза емес халық эсерлер сөзіне алғашқы уақытта еріп, патша тағынан түскен соң Россия үкіметінің басына эсер партиясы мінді, істі эсер партиясының бастығы Керенский жүргізе бастады.

Бұрынғы (социалист) тегісшілдігін, (революционер) өзгерісшіл, төңкерісшілдігін ұмытып, үкіметті қолына алған соң эсер партиясы алғы байлармен, патшашылдармен, жуандармен, төрелермен достасып, үкіметке олардың кісілерін кіргізе бастады.

Бұрынғы айтып жүрген теңдік, жуандарды жеміру, ескі тәртіпті өзгерту қалды.

Мұны көре тура шыдамай большевик (коммунист) партиясы әлденеше рет эсер партиясына айтты: «патшашылдарды, байларды, төрелерді үкімет басына жолатпайық. Олар үкіметке кірсе, қара бұқараға еш уақытта теңдік болмайды. Жұмыскерлердің, кедейлердің тұрмысы жеңілденбейді. Жалпы теңдікті, бостандықты көздеген партиялар бірігіп, нашарларды құлданып келген патшашыл байлар, төрелерді құртайық» дейді. Большевиктердің бұл сөзіне эсерлер бастығы Керенский, Чернов көнбеді. Жуандардан, төрелерден қол үзбеді. Болмаған соң большевиктер эсер партиясының бұқара халықты алдағанын жұртқа әшкерелеп айтып, сөз жүргізе бастады.

Нашарлар табы мұны көріп, біліп, большевиктердің соңынан ере бастады.

Большевик (коммунист) партиясы күшейді. 1917 жылы қазан айында эсер үкіметін іс басынан қуып, үкіметті большевик (коммунист) партиясы қолға алып, совет (кеңес) үкіметін орнатты.

Большевик партиясы эсер партиясындай қара бұқараға айтып жүрген сөзіне опа қылмай байлармен достасқан жоқ. Теңдікті, бостандықты айтқанындай іс жүзінде жүргізе бастады. Эсерлер айыбын мойнына алып, тыныш қалмады. Большевиктерді жамандап, балағаттап, арсыз өтірік-өсектерді айтып қаралап, халық арасына жанталасып сөз таратты. Бірақ нашар табының ұлдары — жұмыскерлер, солдаттар оған азбады, совет (кеңес) үкіметі күшейе берді, күшейе берді. Эсерлер де тыныш қоймады.

Россияның әр шеткі аймақтарындағы кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс жасап, майдан ашып жүрген жандаралдарға қосылып, эсерлер ардан безе бастады. Жасырын топ жасап, астыртын план құрып, кеңес үкіметін жоймақ оймен бастықтарын ата бастады.

Петроградта большевиктердің бастықтарының бірі Урицкийді атып өлтірді. Спиридоновты атып өлтірді. Ленинді әлденеше атты. Бірақ Ленин жолдас жер-дүниенің нашарлар табының бақытына, оқ тисе де өлімнен аман қалды. Мұндай жауыздықты істеген эсерлердің біразы әр уақытта қолға түскен.

Қолға түсіп тергеліп, қамауда жататын.

Бұл нашар табының үкіметіне һәм оның бастықтарына қару жұмсаған жауыздардың істері күллі Россияның орталық кеңестер комитетінің жанындағы жоғарғы зор трибуналда қаралды.

Бұлардың ісін қарардың алдында кеңес үкіметі барлық жер дүниеге жарлап мағлұм қылды.

Еуропадан айыпты эсерлерді трибунал соттан қорғауға эсерлерге жақын партиялардан адвокаттар келді.

Бұл нашар табының жауларын қорғауға келген мырзаларды Россияның әр қаласында жұмыскерлер лағнат айтып қарсы алды.

Эсерлердің ісі қаралды.

Жоғарғы трибунал бұл істі 50 күндей қарап, істің басынан ақырына шейін ақтара анықтап тексеріп, күллі халыққа көрсетіп, күллі жер дүниеге жариялап, айыпты мырзалардың айыптарын дәлелімен мойындарына қойып жақын арада билік қылды.

Билік қылғанда трибунал бұл айыптыларды екі қатарға бөліп, біріншілеріне жаза бұйырды, екіншілерін босатуға бұйырды.

Жазаландырғанының ішінде өлім жазасына бұйырылғандар да бар, бұлар 15 кісі һәм жай абақтыға бұйырылғандар да бар.

Босатуға бұйырылғандар эсерлердің өтіріктеріне нанып, азғырғандарына еріп, соңынан өздерінің адасқандарын білген, қайта тура жолға түскен адамдар.

Барлық Россияның кеңестерінің орталық комитеті жоғарғы трибуналдың бұл үкімін бекітіп, өлім жазасын уақытша тоқтатты, мынадай шартпен:

Егерде бұдан былай эсер партиясы нашар табының үкіметіне жаулығын, қарсы іс жүргізулерін қойса, эсерлердің бұл айыптыларының жазалары кешіріледі. Егерде бұрынғыдай эсер партиясы Россиядағы нашар табының үкіметіне (кеңес үкіметіне) жаулықтарын қоймаса, трибуналдың бұл үкімі орындалады һәм бұл күллі дүниенің нашарлар табына жарияланады.

Мінеки, Россиядағы эсерлердің әуелден ақырына шейін істеген әрекет амалдары һәм олардың қазіргі жайы. Мінеки, эсерлердің айыптыларына кеңес үкіметінің трибуналының қылған үкімі, бұйырған жазасы.

Эсер мырзалар бұған не айтады, қандай әрекет қылады, оны келешек көрсетер.

1922 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз