Осы өткен қаңтардың 28-інде Ахмет Байтұрсынұлының жасы елуге толды. Халыққа өзінше қызмет қылған адам кәміл тоқтайтын кісілік жасына жеткенде сол кісінің халыққа істеген қызметтерінің қандай екенін бастан-аяқ баяндап отыру әр үлгілі халықтың әдеті. Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында патшаның арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Әрине, Ахмет қазақ халқының байы мен жарлы-жалшы табының жігін ашып, бұл екі тап қатар тұрғанда жарлы табын байлар табы жұмысқа жегіп қойып, борсықша сора беретіндігін айтқан жоқ. Байлардан бөліп жарлы табының ғана намыстарын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Жарлы табының шоқпарын соққан жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады.
Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арларын сатып ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды. Әуелі ол школда қазақ балаларын оқытты. Надандықпен күресіп, патша үкіметінің әділетсіз үкім-зорлығымен күресіп, Крылов деген орыстың жазушысының 40 мысалын қазақ тіліне аударды. Ол 40 мысалдың әрқайсысына сол патша заманының әділсіз тұрмысынан алып, қазаққа патша үкіметінің істейтін жәбірлігін айтып, өзінен мысалдар келтірді. Қазақ халқының арын, намысын жоқтап, «Маса» есімді өлең кітаптарын жазып шығарды. Одан соң Орынборда «Қазақ» деген газетті шығарды. Қазақтың бастауыш мектептеріне арнап «Оқу һәм тіл құралдарын» жазып шығарды. Коммунистерше жалпы байлардың құлдығында жүрген жарлылардың ғана арын, намысын жоқтамаса да, коммунистерше жалпы байларға оқ атып, жалпы жарлылардың таяғын соқпаса да, Ахметтің халыққа бұл істеген қызметтері зор қызмет. Бұл қызметінің әсіресе көрінетіндігі сол, өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгіге тіккен.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.
Ұлтын сүюдің зорлығынан, 1917 жылы патша түсіп, революция (өзгеріс) болғанда қазақтың бұрыннан арсыз, имансыз оқығандары «ұлтшыл» бола қалып «Алаш» партиясын ашқанда бір қазақ үшін сол сұмдармен бірге «Алаш» партиясында болды. (Әрине, «оқыған» дегендеріміздің арасында бірен-саран адал адамдар да бар).
Адал ниетті Ахмет бір тұтынған жолы үшін, шын сүйетін ұлты үшін қандай партияға болса да кірмей қойсың ба?! Өзі үшін ұлтшыл болған қулардан бөлініп, Ахмет сол ұлт қамы үшін коммунист партиясына да кірді.
Әрине, Ахмет коммунист партиясында да көп бола алмады. Көп бола алмайтындығы белгілі еді. Қазақтығына, орыстығына қарамай бай мен жарлының арасын ашып, борсықтай сорып келе жатқан байлардың қолдарынан үкіметті қара күшпен жарлыға тартып алғызған, малын, жерін тартып алғызған коммунистер, жер-дүниедегі барша халықтарды бірдей сүйетін коммунистер рухы майда һәм қазақты ғана сүйетін Ақаңа дұрыс болмады.
Ызыңдап ұшқан нәзік маса,
Сап-сары аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түрі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттарын бұзылғанша.
Ұйқысын азда болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Рас айтады, Ахаң нәзік маса, ол ұйықтаған қазақ халқының үстінде қоймастан «ұйқысын азда болса бөлуге ызыңдады»,
Коммунистердің ертелі-кеш «ызыңдап» жүрудің орнына мырзалардың, байлардың бетіне былш еткізіп салып қалғаны нәзік жанды Ахаңа қолайлы көрінбеді. Қанша ұлт үшін коммунист партиясына кірсе де, дүниедегі барлық адам баласының ұлттарына қарамай, бәрін бірдей сүйетін коммунистерді көріп өз ұлтын ғана сүйетін Ахаң, өзі айтқандай, «қызыл» бола алмады. Ахаң байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы емес, бірақ байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл. Қалай болса да жазушысы аз, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына «Оқу һәм тіл құралдарымен» қылған қызметі таудай. (Ахаң туралы толық қылып жазбақ едім, газет бетінің орны шамалы болғандықтан қысқа, үстіртін жазылды).
50 жасқа толған Ахаңды шын көңілден құттықтап, былай да өмірінің ұзақ болуын тілейміз.
1923 жыл, 30 қаңтар
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі