Қазақстанның күншығысы мен күнбатысына, оңтүстігі мен солтүстігіне қарасаң, жерінің кеңдігі Еуропаның әлденеше мемлекеттерінің жерлерін қосқанда соған шамалас болады.
Еуропа мемлекеттерінің қай-қайсысын алып, жерін Қазақстанның аймағымен салыстырғанда жер аймағы кем шықса да, ол жердің үстіндегі адам баласының күш-қуатымен, адам баласының білім-қайратымен салынған мүліктері Қазақстанға қарағанда артықтығы неше көш ілгері.
Қазақстанның бір шеті мен бір шетіне тура жүрсе атпен яки түйемен жүруге керек. Атпен, түйемен жүргенде Қазақстанның бір шеті мен бір шетіне (Мәселен, Зайсан қаласынан Бөкей ордасына дейін) 2 ай, 3 ай жүреді.
Ал Еуропада ондай атпен, түйемен жүрмейді. Ондай ұзын жолға отарбамен не әуе кемесімен, аэропланмен жүреді.
Бұл ретте Кеңес үкіметінің істеген әм істемек болып отырған көп істерінің бірі — ел арасының қатынас жолын түзеу.
Ел арасының қатынас ісі дегеніміз телеграмм жолын салу, темір жол салу, автомобиль үшін жай қара жолдарды жөндеу, су кемесі, пароход жүргізу үшін белгілі өзендерді қарап, олардың түбін, арнасын әм басқаларын жөндеу, әуе кемесін жүргізу.
Ал бұл ретте Қазақстанда не істелді?
Ол істелген нәрселер мыналар — Семей, Баян, Ақмола, Атбасар, Орск бойындағы салына бастап қирап қалған телеграмм жолы қазір түзетіліп, іс жүре бастады.
Ақмола губерниясында Қызылжар қаласынан Көкшетау қаласына шейін (200 шақырымдай жерге) темір жол салынды.
Қазақстан 2 ай, 3 ай жүретін жеріне отарбамен, аэропланмен жүргенде 2 күн, 3 күн ғана жүреді.
Күллі Қазақстанда Орынбордан Ташкентке баратын темір жолдан басқа еш жерінде темір жол жоқ десе болады.
Патша заманында салынған темір жолдардың бәрі қазақ даласымен жүрмей, жағалап, айналып кетіп отырған. Мәселен, Семейден Алтай губерниясын басып жағалап, Омбы, Қызылжарлатып кеткен, одан келіп Қостанай қаласына кішкене бұтағымен жалғасып кеткен. Екінші жағынан Орск қаласына соғып кеткен. Үшінші жағынан Орал облысын, Бөкей ордасын жағалап кеткен.
Қазақстан жерінің картасына қарап отырсаң, патша үкіметі қазақтың тірі әм өлі малдарын тұс-тұсынан жинап тасып алып кетіп отыру үшін ғана отарбаларды Қазақстан аймағын жағалатып салған.
Патша үкіметі жойылып, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін патша үкіметінің бұрынғы арам қулықты, бөтен ұлттарға сұқтанған саясаты да жоғалды.
Кеңес үкіметі Россияда орнағалы ішкі әм сыртқы жауларымен жағаласып жүріп те, қан майданда соғысып жүріп те, халық шаруашылығы бүлініп, жұрт мұқтаждық, жалаңаштық, ашаршылыққа ұшырап жатқан уақытта жалпы жұрттың білім-өнер жолында, мәдениет жолында алға басуын дамыл алмай қарастыруда.
Орынбор мен Орал қаласы арқылы Гурьевке дейін Жайық (Орал) өзені арқылы су кемесін жүргізуге комиссия сайланып, Жайық өзенін тексеруге кірісті.
Семей губерниясында, Семей — Аягөз арасының әм Семей — Кереку арасының қара жолдарының жөнделуін, сақталуын жалпы мемлекетке пайдалы іс деп тауып, Қазақстанның аймақтық шаруа мекемесі оның расходын жалпы Россияның мемлекет қазынасына артты.
Басқа да Қазақстандағы қара жолдарды сақтау, оларды түзету істерін жалпы мемлекет қазынасына артты.
Қазақстан үкіметінің ел арасының қатынасы жұмысын жөнге салу ретінде ендігі істемек болып отырғаны — әуе кемесін жүргізу.
Жері қиырсыз кең, көлбеген шалғай, өзге өнерлі бай елдердей ерсілі-қарсылы салынған темір жолы жоқ Қазақстанға әуе кемесі өте қолайлы. Қазір Қазақстанның Халық комиссарларының кеңесі әуе кемесін Қазақстанда жүргізу ниетімен соған жәрдем, қаражат, пұл жинауға комиссия сайлады. Ол комиссия қазір іске кірісті.
Бір шеті мен бір шеті «атан түйемен алты айлық жол» деп, ұшы-қиыры жоқ деп жүрген Қазақстанды күнбе-күн аралап тұруға әуе кемесі өте қажет. Әуе кемесін жүргізуге жұмыла кірісу керек.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі